Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық, – деп бүкіл қазақ даласын білімге шақырады. Бұл қанатты сөздер жас ұрпақ санасына мәңгілік ұран болып сақталып қалғаны анық. Жас ұстаз мектепте бала оқыта жүріп, қазақ даласында басқа да жаңа мектептер ашумен шұғылданады. 1876 жылы Петербург, Қазан қалаларына барып орыстың ағартушылық жүйесін, сонымен бірге ондағы озық ойлы педагогтар еңбектерін зерттейді. Осыдан кейін қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. Алғашқы оқулықтан соң Ыбырай баба алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, екі төл оқу құралы – «Қазақ хрестоматиясы» мен «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралын» бастырып шығарады. 1879 жылы Ы.Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметіне кең жол ашады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде жаңа мектептердің ашылуына тікелей мұрындық болса, 1-2 сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашып, оларды оқулықтармен қамтамасыз етуді де назардан тыс қалдырмайды. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебін өмірге әкеліп, бұл қазақ жерінде техникалық білім беретін оқу орны ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ 1887 жылы Ырғыздағы ашылған қыздар мектебі де үлкен қуанышты жаңалықтың жаршысындай болды. Мектептер саны артып, ойлаған арман-тілегі орындала бастаған ағартушыға енді жаңа мектептерге жаңаша тәлім-тәрбие беріп оқытатын мұғалімдер қажет еді. Сол себептен де Орал қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебінің негізі қалануы да заңдылық-тын. Бұл 1881 жыл еді. Осындай игі істерді ұстаз аз ғұмырында көптеп істеуге барын салды. Торғайда Ыбекең ашқан мектептен қоғам қайраткерлері, ғалым-ұстаздар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов білім алды. Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын кеңінен табуда.