«Абайтану қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген саласының бірі. Ақын шығармаларының алғаш баспасөз бетінде жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табуынан бастасақ, оның бүгін жүз жылдан астам тарихы бар» С


Абай және Құнанбай бүгінгі көзқарас



бет10/12
Дата17.10.2022
өлшемі176,14 Kb.
#153361
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
абайтану

22.Абай және Құнанбай бүгінгі көзқарас.
Ұрпақтар сабақтастығы, әсіресе, әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе, әсте. Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай жолында» қос дара тұлға - Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын шырқау биікке, шын мәнінде әлемдік деңгейге көтерді. Төменде аталмыш мәселеге ден қойып, кейбір аспектілерге оқырман назар аударып көрмекпін.
Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1885) күллі саналы ғұмырын ел жұмысына сарп етті. Заманы патшалық Ресей қазақ даласын отарлау үшін қабылдаған Ескі (1822 ж.) және Жаңа Ережелер (1868 ж.) аралығына тап келді. Қазақ мінезі, болмысы қалай өзгерді десек те, қазақ елі қандай бағытқа бұрылды десек те, һәмишә өзгерістер мен бұрылыстардың осынау екі Ереже аралығы - Құнанбай заманы сағасына құяры сөзсіз. Демек, кейіпкеріміздің бейнесін толық ашуға сол заманның қыры-сырын, қат-қабат қалтарысын түгендеу керек. Бірақ бұл мақала міндеті басқа. Құнанбайдың «тобықтыны ел қылған» қайраткерлігі, Абай, Шәкәрім тәрбиесіне тигізген ықпалы және мұсылмандық бейнесі деген қырларын демдеп көрсек те жеткілікті.
Құнанбайды Тобықты елі ә баста «мырза» деген, Мекке сапарынан соң «қажы» атаған. Қажының халық қамқоршысы болған қайраткерлік қыры аз айтылып-жазылып жүрген жоқ. Зерттеуші ғалымдардың еңбегі көбіне ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жинақтаған естеліктерге, поляк саяхатшысы Янушкевичтің күнделігіне және өз ұрпағы Абай, Шәкәрім, Ахат айтқан сөздерге негізделеді.
Мұхтар Әуезов 1933 жылғы Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп мәлімдеген еді. Десе дегендей, Құнанбай туралы қанша айтсақ та артықтық етпейді. Ол Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өзінің айналасына жақсы жерден қыз алу, араағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті. Қысқасы, Ырғызбайлардың жалы күдірейген көшелі елге айналуы - Құнекеңнің арқасы.
Енді Құнекеңнің тәлім-тәрбиелік ықпалы дегенге ойысар болсақ, оның көпқырлы мәселе екені шүбәсіз. Сөз басында айтылғандай 1868 жылға шекті уақытты Құнанбай заманы десек, осыдан берідегі дәуірді Абай заманы деп анықтау заңды. Өйткені, Абайдың тұстастары «Жаңа низам» аталған жаңа Ереже жағдайында өмір кешті. Сөйтіп, «Абай жолы» роман-эпопеясының әкелі-балалы екі басты кейіпкері екі түрлі дәуірдің өкілдері болып табылады. Былайша айтқанда, бірі – ескінің арты, бірі – жаңа жолдың басшысы еді
Ел жадында сақталғаны - Құнанбайдың жас жігіт Абайға үлкен сенім арта отырып, «ата салтынан адаспа, балам» дегені. Сол сияқты Абайға таққан мына үш түрлі міні мынау: «Ең әуелі - сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», - депті. Оған Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін... Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын» депті (М.Әуезов. Абайдың туысы мен өмірі).
«Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, - деп жазады әдебиетші ғалым Серік Қирабаев, - тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі болған».
Құнанбай 1868 жылғы реформадан соң билікті балаларына тапсырып, өз елінің ақылгөй қариясы болғанды жөн көреді. Қажының жолыққан сайын «мен халық аманатымен өмір кештім, сен де солай ет, қарағым» деген ақыл-кеңесі өз өмірінің бет бағытына елеулі түрде ықпал еткенін немересі Шәкерім Құдайбердіұлы ырза сезіммен жазады.
Құнекеңнің дін жолындағы істері мен діндарлығы көпке аян. «Тегінде Құнанбай аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған» (Әуезов). 1876 жылы қажылыққа, Мекке сапарына аттанған. Онда басқа да қажылармен бірігіп, қазаққа деп қонақ үй – тәкиә салдыртады. Меккеден келген соң «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылған. Бұл жайлы сырт ел «тілі байланған» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекерге шығарады.
Сонымен, жазба мағлұматтардан Құнанбай бейнесі бірде - патша өкіметінің қырдағы өкіл-ұлығы аға сұлтан, енді бірде - жолынан жүк қалдырмас қоңыраулы қара нардай күллі Тобықтының көшін бастаған көсем мырза, сонымен қатар, Абай, Шәкерім сынды ұлы тұлғалардың тәрбиеші абызы ретінде алдымыздан шығып отырады.
Абай әкесін қоғам қайраткері ретінде аса жоғары бағалаған. Бұл өлең сөздерінен аян жәйт. Мысалға «Арғы атасы қажы еді» өлеңінде:
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті, -
дегенін айтсақ та жеткілікті.
Тарихи тұлғаның мінезінің суықтығы, қаттылығы жайлы сөздер де баршылық. Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген белгілі естелігінде Абай жасы ұлғайған шағында: «Әкесі қажының қатты-суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды. Адам сүйген адамының ақылын ұғып, сонан бәһрә алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп» деп жазады. Әрине, қаталдық пен озбырлық адамға туа бітпейді. Құнанбай да өмірдің күшті талқысын көре, тата келе ғана қаталдыққа сүйенген. Оған дейінгі Құнанбай «Обал-сауаптың да, қайырымдылықтың да, бейбіт тіршіліктің де қадірін білген. Қуанған, күлген, әзілдескен» (Т.Жұртбай).
«Әкеге тартып ұл туар», «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Абайда болған ақыл-парасат, елім-жұртым деп Едігедей ел қамын жеген халықшылдығы мен қайраткерлігі, сөз жоқ, әке көргендігі.
Оллаһи шыны, әке мен баланың қайшылығы әлемдік мәселе. «Абай жолы» да оның шешімін бермейді, гәп - мәселенің көтерілу деңгейінде. Жай ғана көтермей «Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежеде образдық тұтастықта бейнелейді» (Т.Жұртбай). Менімше, бұл пайым да аздық етеді, әке мен баланың қатынасы аясына Мұхаң ескіні жаңа қоғамның алмастыруы сияқты зор тақырыпты сыйғызған. Бұл кемеңгерліктің белгісі, әрине.
Асан Омаров,ҚҰнанбай және Абай мақаласы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет