ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, АКАДЕМИЯЛЫҚ ПРОФЕССОР АБДРАХМАНОВ НҰРТАЗА МӘНСҰРҰЛЫНЫҢ ӨМІРБАЯНЫ
Абдрахманов Нұртаза Мәнсұрұлы 1948 жылы мамыр айының 21 күні Қызылорда облысы Сырдария ауданының Бірқазан стансиясында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.
1954 жылы №145 А.С.Пушкин атындағы жетіжылдық мектептің бірінші сыныбына барады. Орта білімді Арал қаласындағы №15 мектепте алды.
1965 жылы орта мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1969 жылы «Физика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтады.
Институтты бітіргесін екі жыл бойы Сырдария ауданындағы №145 сегізжылдық мектепте физика, математика пәні мұғалімі қызметтерін атқарады.
1971 жылдан бастап Қызылорда педагогикалық институтында «Теориялық физика кафедрасында» аға лаборант қызметінде, ал 1974 жылы «стажер-зерттеуші» қызметіне ауыстырады.
1976-1979 жылдары Киев қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінде «радиофизика» мамандығы бойынша аспирантурасында білім алды. Сонымен бірге 1977жылдан 1979 жылға дейін Киев мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу бөлімінде 0,5 жүктемемен кіші ғылыми қызметкер қызметін атқарады.
1979 жылы Қызылорда қаласына оралып, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында оқытушы болып орналасады.
1976-1979 жылдардағы Т.Г.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің «радиофизика» кафедрасында,аспирантурадағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 01.04.03 –«Радиофизика, Кванттық радиофизика» мамандығы бойынша «Метеор ізіндегі плазмада болатын физикалық процесстерді зерттеу» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын алды.
1980-1987 жылдарда Қызылорда педагогикалық институтының «Теориялық физика» кафедрасының аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарды.
1987-1992 жылдары аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып жұмыс жасады.
1992 жылы әлеуметтік-коммерциялық жұмыс жөніндегі проректор қызметіне, 1998 жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің әлеуметтік-экономикалық жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.
1999 жылы «Кәсіби оқыту» кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауыстырылады.
6
2000-2011 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «физика-математика» факультетінің деканы қызметін атқарған.
2011 жылдан бастап, «физика және математика» кафедрасында академиялық профессоры болып қызметін атқарып келеді.
Абдрахманов Нұртаза Мәнсұрұлы 120-дан астам ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми-көпшілік еңбектердің авторы, оның ішінде 3 оқу-әдістемелік құралдары жоғары оқу орындары мен орта мектептің оқу-тәрбие үдерісінде қолданылуда және 3 магистрлік диссертацияға жетекшілік жасады.
Көп жылғы ұстаздық қызметі мен жұмысындағы табыстары үшін Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі (1998ж.), Ы.Алтынсарин төсбелгісі (2008ж.), Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты», Қызылорда облысы әкімі мен мәслихатының «Құрмет грамотасы»(1997ж.), Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері (2007ж.), Қызылорда қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» (2011, 2017жж.), «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, Қызылорда облыстық филиалының бірінші орынбасары қол қойған «Алғыс хат» (2011ж.), Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хат» (2011ж.), Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының «Алғыс хаты»(2011ж.), Қазақстан Республикасының білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет грамотасы»(2008ж.), Қазақ ССР оқу министрі мен оқу-ағарту , жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағы «Құрмет грамотасы»(1987ж.), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 75 жылдық мерекелік медалі (2012ж.), Қорқыт ата атындағы «Алтын медалі» (2016ж.) марапаттарға ие болды.
Ғылыми жұмыстарының бағыттары бойынша жазылған еңбектері, алыс және шет елдерде Қазақстан Республикасындағы ғылыми журналдар мен жинақтарда жарияланған.
Нұртаза Абдрахманов жарасымды жанұяның отағасы, зайыбы Рустемова Қалдыгүл екеуі төрт баланы дүниеге әкеліп, қазіргі күні ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін тәрбиелеп отырған өнегелі отбасылардың бірі. Балаларының барлығы отбасылы, жоғары білімді, үлкен ұлы Тимур Атырау қаласында «Теңіз Шевройл» ұлттық компаниясында бастығы, кіші ұлы Алмас жеке кәсіпкер, үлкен қызы Салтанат Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының аға ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының кандидаты, кіші қызы Сымбат Алматыдағы Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетін «Парсы» филологиясы парсы тілі мамандығы бойынша үздік бітіріп, сол университеттің магистратурасын бітірген. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық білім департаментінің жанындағы әдістемелік орталықта бөлім басшысы. Қазақстан Республикасының «Жаңа жүз есім» иегері.
Бүгінде Нұртаза Мәнсұрұлы Абдрахманов ХХІ ғасыр ұрпағына жаңаша білім мен тәрбие беруде өз үлесін қосып келе жатқан үлгілі ұстаз, көрнекті ғалым.
7