ТӨРТІНШІ ТАЛҚЫЛАУ: ТІКЕ ШАБУЫЛ
Бекмахановтың басына төнген қара бұлт сонда да сейілмеді. Оның соңына шырақ алып түскендер енді тіке шабуылға көшті. 1950 жылғы желтоқсанның 25-і «Правда» газетінде Т. Шойынбаев, Х.Айдарова және Я. Якуниннің «Қазақстан тарихы мәслелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деп аталатын мақаласы жарқ етті. Айта кетерлік жайт «Правданың» осы нөмірінің бірінші бетіндегі бас мақала «Социалистік ұлттардың мызғымас достығы» деп аталады. Аталған авторлардың айыптауы осы бас мақалаға «тұздық» болғанға ұқсайды.
Совет өкіметінің бас газетінде жарияланған мақала 1951 жылғы ақпанның 21-і СССР ҒА тарих институтының ғылыми кеңесінде талқыланып, бұл жолы Бекмахановтың еңбегіне «саяси-теориялық тұрғыдан, атап айтқанда буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан жазылған зиянды, теріс еңбек» деген баға берілді.
1951 жылғы сәуірдің 10-ы Қазақстан коммунистік (большевиктер) партиясы осы мақала жөнінде арнайы қаулы қабылдап, «ұлтшылдық вирусының тамырына балта шабу» жөнінде нұсқау берді.
Осы жылы сәуірдің 16-ы Бекмаханов партия қатарынан шығарылып, институттағы қызметінен босату мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ал сәуірдің 24-і институт ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізіліп, Бекмахановты тарихы ғылымдарының кандидаты және тарих ғылымдарының докторы ғылыми атағынан айыру жөнінде жоғары аттестациялық комиссияға ұсыныс жасалды. «1837-1847 жылдары Кенесары Қасымов бастаған қазақ көтірілісі» деген еңбегі үшін Е.Ділмұхамедов пен «Абай және оның орыс достары» деген еңбегі үшін А.Жиреншинге қатаң сөгіс беріліп, қызметтерінен босатылды, ғылыми атақтарынан айырды. Бұл екеуі де жоғарыда аталған Алматыдағы ғылыми талқылауда Бекмахановтың еңбегін ақтап қана қоймай, мақтап та сөйлеген еді.
Жұмабай Шаяхметов, ҚазССР коммунистік партиясының 1946-1954 ж.ж. бірінші хатшысы. Сурет Мадат Аққозиннің кітабынан алынды.
1951 жылы маусым айында Қазақ ССР ҒА төралқасы «Қазақстан К(б)П ОК бюросының сәуірдің 10-дағы қаулысын жүзеге асыру шаралары туралы» қаулы қабылдады. Ал қазанның 6-ы жоғары аттестациялық комиссия Бекмахановты ғылыми дәрежесі мен атақтарынан айырды.
1951 жылы қазанның 16-17 өткен Қазақстан К(б)П ОК VІІІ пленумында орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың «Республика партия ұйымдарындағы идеологиялық жұмыстардың жағдайы мен оны жақсарту туралы» деп аталатын баяндамасы талқыланды.
1952 жылғы мамырдың 24-і Қазақ ССР ҒА төралқасының отырысы Бекмахановты қызметінен босатты. Партиядан да, жұмысынан да шығарылып, ғылыми атақтарынан жұрдай болған Бекмаханов әуелі Нарынқол, екі айдан соң Жамбыл облысы Шу ауданындағы Новотроицк орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып кете барды. КГБ тарихшыны бұл жерде де тыныш қалдырмай, 1952 жылғы қыркүйектің 5-і тұтқындап, желтоқсанның 2-і совет соты оны 25 жылға соттап жіберді. «Правдада» шыққан жалғыз мақала екі жылдың ішінде осылайша бәрінің астаң-кестеңін шығарды.
Достарыңызбен бөлісу: |