Материалдық- техникалық қамтамасыз ету
Білім беру ұйымы құрылыстық ережелер мен нормаларға, санитарлық және гигиеналық нормаларға, өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес болып, көрмейтін және нашар көретіндер үшін жабдықталуы керек:
баспалдақтың төменгі және жоғарғы сатысын қанық түспен бояу: баспалдақты, табалдырықты, жиектерді, маңайдағы аумақтың шығыңқы жерлері талаптарға сәйкес белгіленуі керек;
баспалдақтардың екі жағынан тегіс сүйеніштер болу керек;
маңайдағы аумақты және дәліздерді бағдар беретін рельефті-қанық бояулы төсем салу; дәліздегі баспалдақтарды, дәліздерді, қабырғалар мен есіктерді бағдарлармен жабдықтау ұсынылады.
баспалдақтың бірінші және соңғы сатысы басқалардан фактурасы мен түсі қанықтығы бойынша ерекшеленуі керек.
баспадақтың екі жағында тұтқалар барлық қабат аумағында құрылып, есік жақтауына 30-40 см жетпей аяқталады.
Түсті көрсеткіштер. Егер ғимаратқа кіретін есіктер шыныдан жасалса, оларды белгілі бір биіктікте ені 400 мм болатын екі көлденең жолақпен белгілейді: жоғарғы жолақ – қызыл түсті, төменгісі – сары түсті. Сары жолақ еденнен 500 мм биіктікте болу керек.
Жарық көрсеткіштері. Ғимаратқа кіруді белгілеу үшін бағдар ретінде жанып-өшетін шам қолданылуы мүмкін, бірақ жарықтың сәулесі көзге қоздыратын әсердің алдын алу үшін тікелей емес, міндетті түрде шағылуы керек.
Қажетті арнайы құрал-жабдықтар. Нашар көретін балалардың оқу-танымдық әрекетін жеңілдететін арнайы тифлотехникалық және оптикалық (оптикалық түзетудің жеке құралдары, электронды үлкейткіш әйнек, қашықтықты үлкейткіш әйнек, қалталы әртүрлі еселік үлкейткіштер және басқа) құралдар қолданылуы керек
Қосымша дидактикалық материалдар
Сабақта табиғи заттарды қолдану үшін оларды таңдауда белгілі бір ережелерді сақтау керек: көру және сипап сезу арқылы зерттеу үшін заттар ыңғайлы болу керек; заттардың пішіні дәстүрлі тез танылатын және негізгі бөліктері айқын білінетін болуы керек; заттар ашық түсті, негізгі бөліктері түспен белгіленуі керек.
Үлестірмелі иллюстративті материалды әзірлеуде әрбір баланың көру қабілетінің бұзылыстарын және оған ұсынылған көру жүктемесін ескерген жөн.
Балаларға слайд, кино мен бейнематериалдарды таңдауда да оқушылардың көріп қабылдауына ыңғайлы, зат пен құбылыс туралы дұрыс түсінік алуға мүмкіндік беру тұрғысынан қарау керек.
Графикалық көрнекіліктерде қолданылатын шартты суреттер бейнеленген заттардың негізгі мазмұнын, сипаты мен қасиеттерін көрсететіндей өте қарапайым, әрі нақты болып, яғни тез танылуы керек.
Нашар көретін балаларға білім беру процесін ұйымдастыру бойынша
әдістемелік ұсынымдар
баланың көру жағдайы туралы офтальмолог дәрігердің қорытындысымен танысу керек. Егер көзілдірікті үнемі тағу жазылса, баланың сол талапты орындауын қадағалау керек.
баламен терезенің маңында жарыққа қарама-қарсы тұрып сөйлесу ұсынылмайды.
педагогқа көру қабілеті бұзылған бала жақсы қабылдайтын ашық түсті киім кию ұсынылады.
көру қабілеті бұзылған балалардың жұмыс қарқыны баяу болғандықтан, оларға тапсырма орындауға көбірек уақыт берген жөн.
трафаретпен сурет салу, штрихтеу, микрокеңістікте (қағаз бетінде) бағдарлау дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізу ұсынылады.
әрекет түрлерін алмастыруда көздің шаршауын басу үшін жаттығуларды қолдану, көзге тынығу болып табылатын динамикалық үзілістерді оқу-тәрбие жұмысына қосу ұсынылады.
көрнекі және үлестірмелі материал үлкейтілген, түсі мен бейнесі бойынша жақсы танылатындай болу керек.
көру қабілеті бұзылған балаларға көру арқылы қабылдау, есте сақтау, тапсырманы түсіну, қайта қарау үшін көбірек уақыт қажет болғандықтан объектпен таныстыру барысында сабақтың қарқынын төмендету ұсынылады.
көру қабілеті бұзылған балалардың біртіндеп көріп қабылдауы басым болғандықтан материалды түсіну уақыты кемінде екі есе ұзартылады (нормамен салыстырғанда). Сондықтан сабақты жоспарлауда осы ерекшелікті ескерген жөн.
көру қабілеті бұзылған балаларда көбіне қозғалыс үйлестіруінің қиындықтары, тапсырманы орындауда көз бен қолдың қозғалыстарының келісімділігі бұзылады. Сондықтан графикалық тапсырмаларды орындауда дәлдік пен сапасы емес, оның дұрыстығы бағалануы керек.
көру қабілеті бұзылған балаға сабақ барысында көрсетілген материалды келіп қарауға мүмкіндік берілу керек. Суреттер үлкейтіліп беріледі.
көру қабілеті бұзылған бала сабақта кім сөйлеп жатқанын түсіну үшін әрбір оқушының атын атау ұсынылады.
Көру қабілеті бұзылған (көрмейтін, нашар көретін) білім алушылар үшін жиынтық жұмыстарын жүргізу тәртібін ұйымдастыру бойынша ұсынымдар
көру қабілеті бұзылған білім алушылар үшін жиынтық жұмыстары арнайы сараланып әзірленген тапсырмаларды қолдану арқылы жүргізіледі. Жиынтық жұмыстарының тапсырмалары, бағалау критерийлері және дескрипторларды мұғалім психологиялық-педагогикалық қолдау маманымен бірге әзірлейді;
көру қабілеті бұзылған білім алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып жиынтық жұмыстарының тапсыру уақытын ұзартуға болады;
жиынтық жұмысты жүргізу барысында білім алушыға тынығу үшін немесе басқа қажетті шаралар үшін қысқа уақытты үзіліс беруге болады;
көру қабілеті бұзылған оқушыларға арнайы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, оқу тапсырмасын қабылдау мен орындау кезеңінде эмоционалды жайлы жағдайды жасау және сақтау мақсатында қажеттілігіне байланысты психологиялық-педагогикалық қолдау маманының қатысуына рұқсат етіледі;
қажет болған жағдайда арнайы құрылғыларды (арнайы тифлотехникалық және оптикалық құралдар, цифрлік аудиожазба және басқа) қолдану ұсынылады;
көрмейтін білім алушыларға арналған жиынтық жұмыстары олардың жеке психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі (ауызша, жазбаша: болған жағдайда брайль құралдарында, брайль баспа машинасында, көрмейтіндерге арналған арнайы программалық жабдықталған компьютерде және басқа).
нашар көретін білім алушыларға арналған жиынтық жұмыстары олардың жеке психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып, оқу әрекетін жеңілдететін құралдарды (жеке оптикалық түзету құралдары, электронды үлкейткіш әйнектер, қалталы әртүрлі есеге үлкейткіштержәне т.б.) қолдана отырып жүргізіледі.
көру қабілеті бұзылған білім алушылардың жиынтық жұмыстарын бағалау жалпы қабылданған критерийлерді, сонымен қатар олардың психофизиологиялық жағдайы мен сөйлеу тілі әрекетінің даму ерекшеліктерін ескеретін критерийлерді есепке ала отырып жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |