8. Жылу және ылғалмен қамтамасыздандырылған жағдайда ауылшаруашылық дақылдарының әр түрлi өнiмi мен даму кезеңдерiн бағалау және болжау.
9. Үсiктер мен құрғақшылықты болжау және осындай қауiптi метеорологиялық жағдайлармен күресу тәсiлдерiн ойластыру.
10. Ауылшаруашылық өндiрiсiн агрометеорологиялық хабарлармен қамтамасыз ету. Ауылшаруашылығына берiлетiн хабарлар (информациялар) әр бiр салаға бөлек жүргiзiледi: дән шаруашылығына, мақташаруашылығына, көкөнiс және картоп шаруашылығына, жемiс жидек шаруашылығына, мал шаруашылығына және т.б.
Агрометеорологияның негiзгi зерттеу әдiстерi
1. Өсiмдiк тiршiлiгiне керек факторлардың өзара тепе-теңдiгi және бiрiн-бiрiмен алмастыруға болмайтындығы заңы. Өсiмдiк тiршiлiгiне қажет факторларды ұзақ уақыт зерттеу нәтижесiнде оларды бiр-бiрiмен ауыстыру мүмкiн еместiгi айқындалды. Қорытындылай келгенде, егiншiлiктiң бiрiншi заңы-факторлардың тепе-теңдiгi туралы заң туды. Бұл заң былай айтылады: Өсiмдiк тiршiлiгiне қажеттi факторлар абсолюттi түрде өзара тепе-тең болып келедi және оларды бiр-бiрiмен алмастыруға болмайды. Бұл заңнан туындайтын қорытынды - өсiмдiктiң дұрыс өсiп-дамуы үшiн барлық факторлармен (космостық және топырақтан алынатын) қамтамасыз ету керектiгi. Факторлар өсiмдiкке көп немесе өте аз мөлшерде қажет болуына қарамастан, оның бiреуi жоқ болса өсiмдiк өнiмiнiң күрт төменлеуiне немесе болмауына әкелiп соғады. Заңның абсолюттiк сипаты осыған байланысты екенi байқалады.
Егiн шаруашылығында факторлардың тепе-теңдiгi салыстырмалы сипат алуы мүмкiн. Ол өсiмдiктi әртүрлi факторлармен қамтамасыз етудiң қиын-жеңiлдiгiне және мөлшерiне байланысты болып келедi. Мысалы, Қазақстанның жағдайында негiзiнен бiрiншi орында ылғал, одан кейiн қоректiк заттар болып келедi.
2. Минимум, оптимум, максимум заңы. Өнiм деңгейi минимумда (аз мөлшерде) болатын фактормен анықталады; ең жоғарғы өнiм фактор оптималды (оңтайлы мөлшерде) болғанда алынады; фактор минималды және максималды болғанда өнiм мөлшерi төмендейдi немесе ол болмауы мүмкiн.
Өнiм деңгейiнiң минимумда болатын факторға байланысты екенiн бiрiншi айтқан өсiмдiк қоректенуiнiң минералды теориясының авторы Юстус фон Либих (1803-1873 жж.) болды. Жетiспейтiн фактордың орнын толтыра бастағанда, өнiмнiң деңгейi көтерiлiп, екiншi бiр жетiспейтiн фактор минимумда қалған кезде, өнiмнiң өсуi тоқтайтыны байқалған.
Бұл заңды дәлелдеу үшiн Гельригельдiң вегетациялық тәжiрибесiн келтiруге болады. Бiркелкi құнарлы топырақпен толтырылған шыны ыдыстарда арпа өсiрiлген. Ылғалдығынан басқа өсiмдiкке керек жағдайларды бiрдей етiп ұстаған. Әр-бiр 8 ыдыстағы топырақтың ылғалдылығы толық ылғал сиымдылығынан 5, 10, 20, 30, 40, 60, 80 және 100 деңгейде болған. Тәжiрибе нәтижесiнде ең жоғарғы өнiм топырақ ылғалдылығы 60 (оптимум) болғанда алынса, құрғақ топырақта (минимум) және ол суға толық қаныққанда (максимум) өнiм болмаған. Осы қорытындыны басқа да (температура ж.б.) факторлармен жүргiзген тәжiрибе нәтижелерi дәлелдейдi. Сайып келгенде, ең жоғарғы өнiм фактордың оптималды жағдайында, ал оның минималды және максималды болуы өнiмнiң төмендеуiне әкелiп соғатыны айқындалған.
3. Өсiмдiк тiршiлiгi факторларының бiрлесiп әрекет ету заңы. Өсiмiдiк тiршiлiгiне қажеттi факторлар бiрлесiп әрекет етедi, яғни олар өсiмдiктiң өсiп-даму процесiнде өзара әрекеттестiкте болады.
Либшер ХIХ ғасырдың соңғы кезiнде жүргiзiлген көптеген зерттеулердiң негiзiнде минимум заңына түзету енгiздi. Оның айтуынша, өсiмдiк минимумде болатын факторды қалған факторлар оптималды мөлшерде болып келгенде, соғұрлым тиiмдi пайдаланады. Осымен факторлар әрекеттестiгiнiң бар екенi мойындалып отырғаны көрiнедi.
Бұл заң В.Р.Вильямстiң жұмыстарында өзiнiң әрi қарай дамуын тапты. Э.Вольнидiң көпфакторлы вегетациялық тәжiрибесiн негiзге ала отырып, ол фактор әрекеттестiгiн анық көрсете бiлдi. Тәжiрибеде үш қатар қойылған шыны ыдыстарда қара бидай өсiрiледi. Әр қатардағы төрт шынының үшеуiне тыңайтқыш берiлмей, толық сиымдылықтан 20, 40 және 60 ылғалдылықта, ал төртiншi шыныға 60 ылғалдық және толық тыңайтқыштар берiлдi.