Шыны тәрізді дененің сұйылуы. Шыны тәрізді дененің айналасындағы ұлпалардың, қан тамырлардың зақымдалуы, торлы және тамырлы қабықтардың қабынуы шыны тәрізді дененің қоректенуінің бұзылып, құрамының өзгеруіне әкеледі. Осыған байланысты шыны тәрізді дененің құрамындағы фибрин жойылып, судың мөлшері артады (қалыптың өзінде оның құрамында 98,5% су болатыны белгілі). Бұл ауру төлдерде туа бітетін болса, кәрі малдарда көздің кірпікті денесінің бүлінуге ұшырауынан (дегенерация) жүре пайда болатыны белгілі. Бұл ауру малдың бір немесе екі көзінде бірдей байқалуы мүмкін.
Белгілері. Негізгі клиникалық белгісі көз алмасының болбырап босауы, жұмсаруы. Біртіндеп оның көлемі кішірейіп, семіп, көз шарасының ішіне түседі. Көздің ішкі қысымы азаяды. Қарашықтың көлемі ұлғайып, түсті қабықтың жеңіл дірілі байқалды. Бұршақ дене көздің артқы жағына қарай ойысады. Шыны тәрізді дененің көлемінің кішіреюіне байланысты торлы қабық алғашында жарым – жартылай, соңынан қатпарланып тұтас ажырайды. Сұйылған шыны тәрізді дене ішінде әртүрлі жарқырауық түйірлер (май, белок, холестерин кристалдары) жүзіп жүреді. Мұндай өзгеріске ұшыраған шыны тәрізді дене түссіз, су сияқты сұйық (қалыпта ол мөлдір, тығыз, былқылдақ). Егер қан араласса түсі қызғылт. Сұйылған шыны тәрізді дене ішіндегі май, белок, холестерин түйірлері әсіресе мал басын қозғаса тез қозғалып, жүзіп жүреді. Бұл ауруда көз алмасы біртіндеп семіп, ақыры көз көрмей қалады. Кәріліктен болғанда көздің шыны тәрізді денесінің сұйылуы ұзаққа созылады және көздің көруі сақталады.
Емі. Әзірге емі ұсынылмаған. Шыны тәрізді дененің жойылған фибрилдері қайта қалпына келмейді. Дегенмен шыны тәрізді денеге ас тұзының изотониялық ерітіндісін (физиологиялық ерітінді) енгізу уақытша ауруды жеңілдетеді, көздің көруін жақсартады.
Достарыңызбен бөлісу: |