КӨЗДІҢ КӨРУ ЖҮЙКЕСІНІҢ АУРУЛАРЫ Ретробульбарлық неврит – (Neuritis retrobulbaris) – көздің көру жүйкесінің хиазмадан көз алмасына енетін тұсына дейінгі бөлігінің қабынуы. Ретробульбарлық неврит барлық жануарларда, оның ішінде жылқыда жиі кездеседі. Себебі әр түрлі. Көздің механикалық жарақаттардан болатын ашық – жабық жарақаттары, көз шарасы сүйектерінің сынуы, көздің көз шарасынан шығуы және тағы басқалар. Осы себептерден көздің көру жүйкесі жарақат алып қабынады. Сондай – ақ ол кейбір инфекциялық ауруларда, сепсисте және улануда (салицил қышқылы, алколойдтар, метил спирті т.б) қабынады. В тобындағы витаминдердің жетімсіздігінен де қабынатыны белгілі. Жиі көру жүйкесі қынабы арқылы мидың, ми қабының, көз шарасы ұлпаларының қабынулары да оған ауысады. Көздің көру жүйкесі көз алмасына таяу тұсында қабынса, қабыну керісінше көз жүйкесінің көру бүртігіне, көздің ішкі құрылымдарына, оның ішінде торлы қабыққа тарайды. Ал ми жағы қабынса, қабыну ми қабы мен миға шабуы мүмкін. Көздің көру жүйкесі бір немесе екі көзде бірдей қабынады.
Белгілері. Жануарларда алғашында сыртқы клиникалық белгілері байқалмайды. Тек офтальмоскоппен қарағанда торлы қабық пен көздің көру жүйкесінің бүртігінің қызарғаны анықталады. Сонымен бірге көздің көру жүйкесінің бүртігі ісінген. Бара – бара ол қанталап, тіпті қан құйылу болады. Осының салдарынан шыны тәрізді дене бұлдырланады. Бастапқыда қарашық кішірейген, соңына қарай кеңейеді және жарыққа реакциясы жоғалады. Көздің көруі күрт нашарлап, тіпті толық көрмей қалуы мүмкін. Көздің көру жүйкесі бүртігінің айналасына эксудат, лимфа жиналады. Оны «друз» («шоғыр») деп атайды. Ол офтальмоскоппен қарағанда ол жүзім шоғыры немесе түсті капуста сияқты көрінеді. Түсі ақшыл – боз немесе сарғыш. Көздің көру жүйкесінің қабынуының ағымы созылмалы болса, көру жүйкесі қынабы ішіне біртіндеп дәнекер ұлпа өсіп, жүйке талшықтарын қысып, оларды семуге ұшыратады. Ол «көздің көру жүйкесінің семуі» (атрофиясы) деген атпен белгілі.
Емі. Емді невриттің жіті сатысынан бастап жасалса тиімділігі жоғары. Ал созылмалы невритке айналған соң емнің тиімділігі төмендейді. Бірінші кезекте ем аурудың себептерін жоюға бағытталуы тиіс. Яғни көздің жарақаттарын, улануды, авитаминозды, инфекциялық ауруларды емдеу керек. Мал тыныш, ала көлеңке қораға қойылады. Қабынуды басу үшін малға су беруді шектеп, терлететін, зәр айдайтын дәрілер беріледі. Антибиотиктер қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасалады. В-1, В-12, РР витаминдері егіледі.