Ақын туралы лебіздер



бет2/7
Дата05.11.2016
өлшемі0,92 Mb.
#953
1   2   3   4   5   6   7

Ер-ұлан Бағай

Қарағайлар


Ақылбек Шаяхметке
Тіршілігін адам ойлар

Таң шуағын шашқанда.

Қарағайлар, қарағайлар,

Тіреу болған аспанға.


Беретіндей маған айбар,

Кербездігің – кескінде.

Қарағайлар, қарағайлар,

Бас имеген ешкімге.


Көкірегімде самал ойнар,

Түр-сипатын жан қозғар.

Қарағайлар, қарағайлар,

Қайырлы күн, сарбаздар!


Бізде талай шалағай бар,

Ұқпас ұлттың қадірін.

Қарағайлар, қарағайлар,

Қырқылмаған тамырың.


Бізде талай Толағай бар,

Тапталмайтын намыс бар.

Қарағайлар, қарағайлар,

Азаймаңдар, арыстар !


1998 ж. “Жұлдыз” журналы.


Нұрғожа Ораз
Қостанайдың қыраны
Туын жықпай туған ел өнерінің,

Мәпеледің өркеннің өрен үнін.

Қостанайға ат басын тірегендер

Дәмін татты Ақылбек өлеңінің.


Шұрайлы өңір шұғыласын жиып алып,

Алыптармен биік ел иығы анық.

Сусындаған жасыңнан саңлақ едің,

Сардар сөзді жадыңа құйып алып.


Дарындылық дарыған ұрпағыңа,

Қонған олар аталы ұл тағына.

Өсе берсін сол ұрпақ самғап биік,

Жалғасатын болашақ жыр бағына.


2001 ж. “Сарыарқа” журналы.

Астана.


Серік Тұрғынбекұлы

Жырдың кені


Қара нардай артық жүгін тең салған,

Ақынсың сен артық орап, кең салған.

Ақылбектің ақ отауы деймін мен,

Жұмекен мен Кеңшіліктен енші алған.


Өлең-сөзден жалықпай да ерінбей,

Әлдекімге елпілдемей, берілмей,

Жүрегіңнен жырдың кенін ағыздың,

Алтын шыққан Жітіқара жеріндей.


Аға – іні өлең жолы егіздей,

Сол бір жолды сақтайықшы тек үзбей.

Қобыландыдай күркіресең кейде сен,

Келем мен де “Нең бар еді?” – дегізбей.


Шамырқансаң шынымен-ақ шымырсың,

Ұғысар жан жүрегіңе үнілсін.

Кейде тіпті “қырық кісі бір жақ” боп,

Жалғыз өзің қалып қойған қыңырсың.


Шенділерге кете алмадың ұнап тым,

Көп сабылдың көзін ашып бұлақтың.

Бірде маған қол көтерген кісіні

Көк желкеден бір-ақ қойып құлаттың.


Қорғаймын деп жалғыз бенен жалқыны,

Талай көрдің теперіш пен талқыны.

“Бақыт” деген ұлы сөздің қадірін

Дәлелдедің алған жарың арқылы.


Біз жақтан да соға бермес майда леп,

Әлдекімдер “жүрмейсің-ау жайға”, – деп,

Алқалы топ алқымға алып жатқанда,

Алаңдаймын “Ақылбегім қайда?” – деп.


Саған ыстық әр ағашы, әр тасы,

Өзен-көлі, тауы-шыңы, жартасы,

Қазынаңды туған елге сыйлай бер,

Сенің кеудең – Қостанайдың картасы.


18.08.2001ж.


Серікбай Оспанов
Шырқай бер!
Жігіт ең қашаннан-ақ досқа жақын,

Сөздерің көп ортада қосталатын.

Тауларға жетелесің таупық көрмей,

Қазақшаң, әрі орысшаң – қос қанатың.


Ақын-сыр, ақын-ұстаз, ақын-мектеп,

Бүр жарар шын ақындар әр күн көктеп.

Сенеміз алдымыздан шығарына,

Келеміз Қостанайға Ақылбек деп.


Жалауы, Қостанайдың болды арыңдай,

Ойларың ақ қайыңды орманындай.

Міңезің бүкіл әлем сүйсінерлік,

Бір өзің Жазушылар одағындай.


Ісің көп кейінгілер үлгі алатын,

Қақтырдың биіктерге жыр қанатын.

Өмірде мен білетін сен ғанасың,

Бақытпен қолтықтасып жүрген ақын.


Күн келді елімізге ғажап бүгін,

Тіліміз алып жатыр азаттығын.

Шырқа да биіктерге көтеріліп,

Қырқаға көтере бер қазақ тілін!


1991 ж.

Жітіқара каласы.


Самғай бер!

Көңілің кең даладай шалқып жатқан,

Дәм татып жүрсің бүгін әр күн бақтан.

Өмірің – толқып аққан Тобылыңдай,

Өлеңін – ақ алмасың жарқылдатқан.
Келесің ақындардың болып алды,

Өшпесін өлеңіңнің жолы мәңгі.

Кіші жүз арасында өскеңіңмен,

Міңезің – қара қыпшақ Қобыланды.


Жырларың ұялады көңілдерге,

Ұсындың, қашан барса, төріңді ерге.

Ақылбек, ақиқатты, адалдықты

Қорғадың сөзіңмен де, қолыңмен де.


Сөйлесең, әр сөзіңе құмар қанған,

Жігітсің шындықты айтпай тұра алмаған.

Самғай бер өлеңнің кең өлкесінде,

Сұраймын жығылмауыңды бір Алладан!


2001 ж.

Қостанай.



Әсия Беркенова

Қазақстанның халық ақыны

Ұлт үшін ұрандаған


Азаматсың маңдайыңда ар табы,

Ақынсың сен айбарлы да арқалы.

Ұлтың үшін ұрандаған жырларың

Аралайды Алатау мен Арқаны.


Сан сұрақтар тұрса ойды мазалап,

Қайрат-жігер бойыңдағы ғажап-ақ.

Селсоқ тартқан қандастардың санасын

Семсер сөзбен жүрсің дәйім тазалап.

Маржан-жырың сөресіндей көрменің,

Сұңғыла сөз таспадайын өргенің.

“Мөлдір бұлақ”, “Әдемі” боп шығады

Күн нұрымен “Көзіңді ашып көргенің”.


17.03.2006 ж. Қостанай.


Қоңысбай Әбілев,

Қазақстанның халық ақыны




Арқаның жүйрігісің

Арқаның жүйрігісің алқынбаған,

Тұрғанда елің бүтін, халқың да аман,

Жырларыңның ғұмыры ұзақ болсын,

Өзіннің міңезіңдей аңқылдаған.
02.11.1988 ж.

Нұрқанат Құлабаев


Ардың туы

Қолтығында қотыры бар қоғамың

Қытығына тисе, артпа оған мін.

Жеті қаттың мұңы тұнып жатады

Жүрегінде ақын деген адамның.


Тегеуірінді толқынындай Тобылдың

Өрге ғашық өлең болып өрілдің.

Отқа оранып суырылып шыққандай

Әрбір сөзін өзегінен өмірдің.


Қайсарлық пен адами ар хақында

Алты алашқа арзу еткен хатың да.

Алатаудай жүрек жатыр жыр болып,

Тән болатын тек ақиық ақынға.


Алқа топта кеңес құрған көшелі,

Отты көмей орақ тілдің шешені.

Ақыл аға, міскін күннің мысын бас,

Тәтіқара жырау сынды кешегі.


Арна бұзар ағысы асау арындай,

Жай сөзіңнің өзі жайдың оғындай.

Содан болар, мінберге ылғи шығасыз

Мойныңызға галстук та тағынбай.


Ұйқастырып сіздің жырдан айнытпай,

Өлең жазып, жұртқа оқыр ем шайлықпай.

Бірақ, сіздей қарағай боп қасқайып,

Ақиқатты айту қиын қаймықпай.


Алмас тұяқ тас тураған тағасыз,

Арғымаққа ауыздықтар шарасыз.

Арқа жырын алға сүйреп барасыз,

Ардың туы секілденіп, аға, сіз!



Тұрсынмәмет Нүсіпханұлы
Ақын берген тағылым
Жастық шақта көңіл-дөнен көсіліп,

Өлең жазғам он шумақтан өсіріп.

Бірде соны бердім ақын ағама,

Ақ қағазға әдемі етіп көшіріп.


Баламын ғой тер сіңбеген тоқымы,

Жаңа маздап келе жатқан от үні.

«Көп жазыпсың!» – деді де ақын, сәл тынып,

Жұмекеннің бір шумағын оқыды.


«Шұбатылып жаза беру өнер ме?

Таусылмайды саған біткен күш нағып.

Жарасады жалыны бар өлеңге

Жақсылардың ғұмырындай қысқалық.»


Міне, нағыз жақсы жырдың бағасы,

Сенікі не, ұзын арқан, қарашы...

...Кейін білдім, сонда ақын қатты айтып,

Талабымды қайраған-ау, шамасы.


Сан өртеніп маздақ жырдың отынан,

Шумақ жазсам өзге сүйіп оқыған,

Бір кездері ақын берген тағылым

Ақталды ма деп ойланып отырам.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет