Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте



бет14/16
Дата23.08.2017
өлшемі3,86 Mb.
#24842
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

манған, Андижан, Ош, Тақты Сүлеймен, Шархия, Ангара, Құрама, Ходжент, Ұратөбе, Ташкент әскерлерін қосып көр. Біздің Сыр бойындағы жұртпенен бас қосқандағы күшіміз жетері бар болғаны Ташкент. Бұның өзіне де рұқсат беріп отыр ма, өзіңе белгілі. Орынбор бастықтары мені Аллақұл ханнан он бес мылтық, бір арғымақ алды деп кінәлап еді. Ол өліп еді оның баласы Рахманқұл ханнан ер-тоқымы алтындатқан үш арғымақ, үш қылыш, он екі мылтық, екі бас қорғасын сыйлық келді. Маған жіберілген тарту-таралғыға қарап Орынбор бастықтары мені Хиуа ханын жақтамақ болып жүр дейтін көрінеді. Хиуа мылтықтары жақсы, үш жүз қадам жердегі құсты құтқармайды. Ал «Көктолғай» секілді ақалтеке арғымақтары тек жауға мінуге жаратылған. Бірақ жұрт Кенесарының кім екенін білмейді. Мен Хиуа ханының жұмсауына жүруден көрі, Хиуа ханының өзімнің жұмсауымда жүргенін жақсы көретін адаммын. Хиуаға ұзын ырға сенім білдірген болсам, оның маған сеніп Бұқар ханымен өштесе түссін дегенім. Қазаққа Бұқардың да, Хиуаның да, Қоқанның да күшейгені керек емес. Үш қасқыр бірін бірі таласын, мүмкін үшеуі бірдей әлсіреген кезде бізге де пайда түсер? Енді өзің ойлашы, он бес мың салт атты сарбазбен Россия патшасын да, Қоқан ханын да жеңе алмайсың. Ал Орынбормен қан төгіспей бітімге келеміз деген ниеттің неге апарып соққанын өзің де көріп отырсың. Күнімжан мен екі баламнан айырылғаннан басқа не таптым? Енді не істеу керек? Қой секілді үн-түнсіз аяқ серіппей бауыздала бер дейсің бе? Ең болмаса ешкі тәрізді бақырып өлген құрметті. — Кенесары кенет сұстана қалды. — Бірақ мен ешкі де, қой да болмаймын. Ажал табар болсам батырларша ажал табам. Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл ел болсақ, енді хан билеген елміз. Жауымыз бізбен санасуға мәжбүр болады. Ал мұны істей алмасаң...

— Оны істей алмайтыныңызға көзіңіз әлі де жеткен жоқ па? — деді Жүсіп Кенесарыны кенет аяп кетіп.

— Көзім әлі әбден жеткен жоқ. — Ол кенет шаршап кеткендей болды. — Бірақ сен дұрыс айтасың... Жерін алып бере алмайтынына көзі жеткен қазақ әлі-ақ ертең тарай бастайды. Ал оларды таратпау керек.

— Қалай таратпайсың?

— Күшпен таратпаймын! — Кенесары кенет ызалана дауыстап жіберді. — Күшпен басын қосамын! Көнбеген ауылды шабамын, қарсы келгенінің басын аламын. Көнбей көрсін!

— Өйтіп жұртты қырып хандық құрудың қанша қажеті бар? Өз елің, өз жұртың емес пе...

— Кенесарының жасыл туының астына кіргісі келмеген жұрт жұрт емес! — Ол бұрынғысынан да сұрлана түсті. — Ондай елдің мейлі қаны судай ақсын, мейлі бәрі қойдай бауыздалсын, егер оған қабағымды шытсам, Абылай атамның аруағы атсын!

Жүсіп Кенесарының мұндай түрін бұрын көрген емес. Және оның нағыз шын сырын дәл қазіргідей шешіле айтуын алғашқы рет естуі. Кенесарының айтқанын орындайтынына Жүсіп күмәнданған жоқ. Өйткені төре тұқымдарының халықты қоймен тең көретінін, қаныпезерліктің арқасында қалың бұқара тағдырын ойыншық санайтынын бұрын да білетін. Ал Кенесарының ойлаған мақсатына жету үшін қара халық түгіл, өзінің туған әкесін де құрбан ете алатынына талай рет көзі жеткен. Мұндай жауыздық қаракетпен арманға жету әдісі Шыңғысханнан, Ақсақ Темірден қалған. Шыңғысхан қанішерлікте болат қанжар болса, Кенесары сол қанжардың кішкентай сынығы. Болат қанжардың қанға суарылған сынығы. Араларында алты ғасыр өтсе де қанқұмарлық түбі бір. Одан қайда кетеді? Жүсіп енді әбден ашынған Кенесарының ешкімді аямай, дегеніне көнбеген елді қанға бояйтынына шек келтірмеді.

Өзі де солай болды. Бұрын тек өшіккен аға сұлтандардың, би, датқалардың аулын шауып, малын айдап алатын болса, енді солардың қарамағындағы жазықсыз елдерді де шабуға кірісті. Патша үкіметінің санағы бойынша Кенесары он жыл көтерілісінің ішінде жүз жетпіс бес ауылды тонап, бес жүз жазығы жоқ кісі өлтіріпті. Соның бестен төрті ақырғы бес жылына жатады.

Кенесарының шешімінен жаны түршігіп кеткен Жүсіп, ханды орынсыз қан төгуден тоқтатқысы келді.

— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін. Олардың қолында қазір екі балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан төгілсе...

— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе? — деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты «Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап. — Жоқ оны істемейді. Онда мен қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-жалда...

— Иә, алда-жалда?...

— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де тайынбаймын деп?..

Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?.. Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара тасты қалай түсінерсің... Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып отыр ма?»

Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.

— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың, — деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп, — олай ойлама! Менің де жүрегім бар. Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді. Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер хандығымды берік ұстағым келсе, елге де өз басыма да аяушылық етпеуім керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.

Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» — деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен... Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмау-

ыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді?»

Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді.

— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?

Кенесары кенет елең ете қалды.

— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және... — Кенесары ойлана қалды.

— Тағы не айтпақ едіңіз?..

— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау... Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік...

— Хатты не деп жазамыз?

— «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік... Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл басқарған жасақ аулымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті... Бұндай жағдайда жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-бітімге келейік деген көңіл білдір...

— Мақұл.


— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса да бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз.

— Түсінікті.

— Және осы уақытқа дейін бұлаң құйрыққа салып бізге қосылмай алдап жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары Байтөре мен Қаракүшікке..

— Хатты не деп жазайық?

— «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны істемесе... Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда өздерін жазалаумен өтемін» де... Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.

— Жақсы.


Күн де батуға айналған екен. Сөніп бар жатқан алтын сәулесі Алашаханның көгілдір күмбезінің үстінде ойнап, ерекше сәулеттендіріп тұр. Кенесары әлдекімнің аяғының сыбдырын естіп артына бұрылды. Таймас екен.

— Кенеке, Орынбордағы балалардан жасырын шапқыншы келді.

— Жақсылық па, жамандық па?

— Жамандық.

Кенесары сол түсін өзгертпеген қалпында сәл кідірді.

— Қазір жақсылық күту қиын болар... Не дейді Алтыншаш келін?

— Жіберген хабарына қарағанда жанарал Кеніс пен әскери губернатор Обыріштің арасы нашар көрінеді...

— Жаман хабарың осы ма?

— Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Екі жанаралдың келіспеуінен біздің қазақ мәселесі күйрейді. Граф Перовский кеткеннен бері біздің бар сенеріміз Кеніс емес пе?

— Қазақ мәселесі күйреп болған жоқ па? Енді олардан не күтесің?

— Үмітсіз тек шайтан ғана, Кене хан. Әлі де болса Орынборменен тіл табу керек.

— Мен тіл таппаймын деп жүрмін бе? Тіл тапқысы келмейтін өздері

емес пе?

— Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болу керек.

— Сонда, Таймас, тымағыңды алып алдына барып жүгін дейсің бе? Жүгінер де едім, тымағыммен бірге басымды қағып тастамасына көзің жете ме?

— Жоқ, олай жүгінуге болмайды. Қазақ дене болса, сен бассың. Бастан айырылып дене күн көре алмас. Мен тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол іздеу керек деймін.

— Сонда қандай жол бар?

— Бұл ойдың түбіне өзім де жете алғам жоқ... Әбден піскенінде алдыңа салармын.

— Жақсы, тағы қандай хабарың бар?

— әскери губернатор бізді құртуға Петербордан тағы он төрт мың ақша сұрапты... Оның үстіне тағы үш мың сом... Ол ақша... Кешіріңіз, Кенеке сіздің басыңызды әкелген адамға сыйлыққа берілмек екен...

Кенесары езу тартып күлді.

— Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз ба? Аршабоқ Петерборға жазған қағазында Кенесары отыз жетінші, отыз сегізінші жылдары Россия патшалығының саудасына екі жүз сексен мың зиян келтірді депті ғой! Осындай жанаралдармен қалай тіл тап дейсің?

— Тіл табу керек. Өйткені олар күшті, сенің басыңа баға қойып отырған солар ғой...

— Күшті екен деп қорыққанымнан тізе бүгем бе? Таймас, әлде сен Кенесарының мінезін білмейтін бе едің?

— Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан етіп көтермес едік. «Ашу — жау, ақыл — дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба? Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық...

— Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?

— Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай... осында келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басыңды алуға Орынборға уәде берген көрінеді. Мұны қысты күні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе, оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты. Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.

Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:

— Гавриловтың өзінің басын алу керек, — деді кенет қатуланып кетіп, — және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс.

Кенесары ойлана жауап берді.

— Алдымен тексерген жөн... Арам ойы анықталса Қараүлекке тапсырармыз... Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі етудің керегі қанша?..

«Дегенмен бұл ақылды адам, деді Жүсіп ішінен, менікі ағаттық болды. Бір шіріген жұмыртқа үшін, өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине, қажеті жоқ...»

Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан оның ойын түсініп:

— Айта бер, — деді енжар, — тағы қандай сұмдығың бар...

— Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен... Заводтағыдай жасау қиын ғой... Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті... — Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл үміт те құр дәмелендірді де жоқ болды. Ол:

— Топырағы торқа болсын, — деді күрсініп, — жақсы шебер еді, ардақтап көмілсін...

Бұдан кейін үн-түнсіз үшеуі қостарына қайтты.

Үш күн бойы батырлар, сұлтандар, ақсақал, билер жаңа хандықтың қандай болуын талқылап, төрт мәселе қарап мынандай қортындыға келді:

Бірінші шешкендері әскер мәселесі. Бұрын Кенесарының қарамағында сегіз мың атты әскер болатын. Және бұлар жаз жиналып, қыс тарқайтын. Сұлтан маңында қорған боп қысты күні бес жүздей ғана сарбаз қалатын. Кеңес енді әскер санын жиырма мыңға жеткізуді жөн деп тапты. Және бұл әскердің бес мыңы қысы-жазы хан ордасының маңында болады. Әр жүзбасы, мыңбасы өздерінің қарамағындағы әскерін осы жаздан бастап орыс әскерлерінің тәртібімен соғысу әдістерін үйретеді. Мылтық атуды, найза, сойыл пайдалануды, жаяу соғысуды тегіс өтеді. Жүзбасылардан төменгі жауынгерлер кеудесіне үш қатар жасыл жуан жіп іліп, иығына тілдей жіңішке жасыл шүберек тағатын болады. Жүзбасылардан бастап одан жоғарғылары мұндай белгіні қызыл шұғадан етеді. Ал ең жоғарғы қолбасшы Кенесарының өзі үстіне көгілдір шапан киіп, иығына орыс полковнигінің эполетін тағады. Мыңбасына әйгілі батырлар мен атақты сұлтандар тағайындалады. Өзіне сенімді адамдардан мыңбасылар тағайындау ханның өзіне тапсырылады. Бұлардан бөтен жеке мың адамнан мергендер тобы құрылсын делінді. Оған мыңбасы етіп Байтабын белгіленді.

әскерде бұдан былай қарай мықты тәртіп орналсын деп шешті жиналғандар. Тәртіп бұзушыларға Кенесары «шық» деп аталатын жаңа жазаны қолдануға рұқсат етілді. «Шық» тәртіп бұзған адамның бетіне қылышпен, не найзамен белгі салу. Мұндай белгісі бар жауынгер өзінің айыбын ерлікпен, немесе адалдығымен ғана жууға тиісті. Екі рет «шық» белгісі салынған адам — билер сотына түседі, малмен, не басқа ауыр шарамен жазаланады (үй ішінен бір жыл бөлек ұстау, не болмаса қой бақтыру тәрізді). Үш рет «шық» белгісін алған адам, Кенесары тобынан қуылады, ал жазығы ауыр болса, өлім жазасына бұйырылады. Жаңа хандыққа осындай тәртібі күшті әскердің керектігін айта келіп Кенесары, «қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы көрмесе де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған. Ал біздің заман ондай заман емес, үш жағыңнан бірдей қаптаған жау. Оларға жем болмау үшін бізге айбарлы қол керек. Қазір қарамағымызда бала-шағаны қосқанда бір миллиондай адам бар. Бүгінгі бала ертең жауынгер. Миллионға таяу жаннан жиырма мың сарбаз шығар деп сенемін, — деп сөзін бітірген. Ру басшылары, батырлары Кенесарының бұл ойын мақұлдаған. Және уәделерінде де тұрды. Келесі жазда Кенесарының қарамағында жиырма мың әскер болды.

Екінші қаралған — қалың әскер жинаумен байланысты оны жабдықтау мәселесі еді. Кеңес бір ауыздан хандыққа жататын елден салық алынсын деп шешті. Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі мал салығы «зекет». Екіншісі «егін салығы «үшір». Зекеттің мөлшері: қырық қараға дейін салық салынбасын, қырықтан жүзге дейін малы бар адам бір қара, ал жүзден артық малы бар адам, жүзден артық әр қырық қарасынан бір бас беретін болды. Ал «үшір» салығы жайында, осыншама әскерді асырау үшін әр егіншінің жылда алатын бидайының оннан бірін хандықтың қоймасына құйылсын деп шешті жиналғандар. Егін салығына келгенде кеңесте бірталай сөз көтерілді. Кенесары, қарамағындағы Торғай, Ырғыз, Сырдаря, Іле өзендерінің бойы мен көптеген көлдердің жағасын жайлайтын елдерден бұдан былай қарай егін шаруашылығымен қатты шұғылдануын талап етті. Өйткені Орынбор әскери губернаторына қарайтын қазақ ауылдары көптен бері-ақ егін салуға құмарланған-ды. Бірақ бұған Перовский де, одан бұрынғы Орынбор әскери губернаторы граф Сухателен де қарсы болып келген. Екеуі де қазақтың тек мал шаруашылығынан аумағанын жақсы көрген. Сухателен: «Қазақтар еш уақытта да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмір-бақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім», — деген пікірді мақұлдаса, ал Перовский егінді тек казак-орыстарға салдыртып, қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді дұрыс көрген. Бұл туралы генерал Обручев өзінің соғыс министріне жазған баяндамасында: «Бұрын менің орнымда болған генерал-адъютант граф Перовский, қазақтардың егін егіп, отырықшылыққа айналуына өте-мөте қарсы болып келген. Оның бүйтуіне қазақтар өздері еккеннен гөрі, астықты бізден сатып алып, Россияға байлаулы бұзаудай тырп ете алмасын деген ой себеп болған», — деп Перовскийдің ойын дұрыс жазған.

Сондықтан Орынбор шекарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант Перовский жойып отырған.

Өшпес барымта, жұт, оның үстіне Россия солдаттары мен өзінің сарбаздарының шабуылынан қарамағындағы елдің тіпті жүдеп кеткенін Кенесары жақсы білетін. Сол себепті кей қазақ ауылдарының егін егумен шұғылдануы олардың өз шаруасын көтерумен қатар, болашақ қалың әскерді астықпен қамтамасыз ететін ең тиімді жол деп тапты.

Бұл мәселені қарағанда тағы бір ойланатын жағдай туды. Ол — салықтарды кім жинайды және қалай жинайды деген мәселе еді. Бұрын патша салығы болсын, Қоқан хандығы салығы болсын, әр рудың, әр ауылдың басты адамдары жинайтын. Кеңес Кенесарының өтініші бойынша бұл тәртіпті де өзгертті. Зекет, үшір бұдан былай қарай әр ауылдан, әр рудан Кенесары өзі белгілеген жасауыл арқылы жиналсын делінді. Кенесарының бұндағы ойы, қазақ жеріндегі жоғарғы үкімет — ханның дәрежесін көтеру еді. Жиналғандар бұған да көнді.

Үшінші әңгіме — ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды. Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері, ақсақалдары шешетін. Осы кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Бұндағы саясат тағы да хандықтың дәрежесін көтеру еді. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Россия империясына жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір асқынып кеткен іс болса, Орынбор шекара комиссиясына хат жазылып екі жақ бірдей шешімге келуді дұрыс тапты. Кенесары қарамағына жатпайтын рулардың таласы, егер екі жақ бірдей келісіп ханға жүгінісе келсе, хан жарлығымен тағайындалған билер кеңесіп үкім айтулары мүмкін деп табылды. Осы мәжілісте Кенесары қазақ елінің бірлігін бұзады деп ру арасындағы барымтаны тыйдыру ісін әдейілеп: «Бұрын есікте жүрген құл өлсе қожасы құн төлемейтін. Құл да ел қорғауға жарайтын жан» деп өлген құлға құн төлететін еткізді.

— Төртінші және ең ақырғы мәселе — сауда-саттық жайында еді. Бұрын Кенесары қазақ жерін Россия патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін керек деп қана ойласа, енді салынып жатқан бекіністерге, көшіп келіп орналасып жатқан казак-орыстарға қарап бұның бәрі отарландыру саясаты екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Россия мен Орта Азия хандықтарының сау-

да-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әр түрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе, жиырма төрт зат, татар саудагерлерінің қосынан бір ат, сегіз зат алса, бұқар саудагерлерінің қосынан тоғыз зат қана салық алынылып, ал арғын руларының керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.

Бұнымен қатар мәжіліс шекара орыс поселкелерімен орынсыз жанжалды тоқтатып, олардан астық сатып алу ісін жөнге қойсын деді. Сонымен қатар әскерге керек қару-жарақ, қорғасын, оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін Хиуа, Бұқарлармен де сауда-саттық қарым-қатынасының күшейтілуін талап етті.

Осындай шешімге келген ру бастары батыр, сұлтан, би ақсақалдардан Кенесары тағы да бір өзіне өте керекті билік алды. Ол Хандық Кеңесі жайында еді. Әбілқайыр баласы Нұралы кезінде Абылай тұсында жойылып кеткен хан жанындағы Хандық Кеңес қайтадан құрылған. Бұрақ ол Хандық Кеңестің қақы үлкен болатын. Хан күрделі мәселені Хандық Кеңессіз шешуге тиіс емес-ті. Егер Хандық Кеңес дұрыс көрмесе, хан қандай ойлаған іс болса да бас тартуы керек-ті. Кенесары жанынан да осындай Хандық Кеңес құрылды. Бірақ бұл Хандық Кеңес ақылшы ретінде ғана тағайындалып, барлық билік ханның өз қолында қалды. Оның шешімі кімге болса да заң, Хандық Кеңесте қолбасшы батырлар да, қарамағындағы ел де хан шешімін бұлжытпай орындауға тиісті делінді.

Көздеген арманына жеткен Кенесары, мәжіліс біткеннен кейін ең жақын серіктерімен тағы да біраз ақылдасып, кейбір әскер тобының ойын-өнерін көріп, бір жетіден кейін Қара Торғайдағы өз ордасына қайтты. Көп кешікпей хан төңірегіндегі жайылымға жасақтарын ертіп өзге батырлары да жинала бастады. Жаңа алған тұжырым бойынша әскери ойын қыза түсті.

Биліктің бәрін қолына алған Кенесары енді хандық әмірін жүргізіп, кектескен руларынан, тіпті кейбір жеке адамдардан өшін алуға кірісті. Ол Орынбор әскери губернаторына жататын орыс поселке, бекіністеріне тимей, бұл ісін Батыс Сібір генерал-губернаторының шекарасындағы бекіністер мен өзіне бағынғысы келмеген қазақ ауылдарын шабуылдаудан бастады... Енді екі жақтан бірдей қан төгіс күшейе түсті.

Кенесары жаздың ортасында Торғай бойына жаңа келіп жайлауына қонған Жаппас ауылдарын шапты. Алтыбай сұлтанды ат бауырынан өткізіп жаралап, қос қызын бірдей ат артына мінгізіп, аулына алып келді де осы айқаста көзге түскен екі сарбазына зорлап қосты. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Алтыбай көп кешікпей қайтыс болды. Өлер алдында немере інісі Жанғабылға «тірі жүрсе менің кегімді Қасым балаларынан алсын» деп аманат айтты. Бұрыннан да өш Жанғабыл, енді бар ызасын ішіне түйіп Кенесарыны мұқататын жол іздейді. Таба алмайды. Қол жинап аулын шабуға бата алмады. Бірнеше рет әскер сұрап Орынбор бастықтарына барды. Кенесарының айтқаны келді, өз бекіністерінің мазасын алмаған соң, Алтыбай үшін соғыс ашуды жөн көрмеген әскери губернатор «қоя тұр» деп Жанғабылды тоқтатты. Кенесары хандығын біржолата құртпақ болып дайындала берді. Тіпті Кенесары әзірге адаса тұрсын дегендей, Орынбордағы Күнімжанға бұрынғыдай қысым көрсетпей, қасындағы кішкентай балаларын орысша оқытуға рұқсат етті.

Бұл кезде Орынбор әскери губернаторының қарамағына жататын солдаттан бір-ақ адам өлді. Ол қашқын Гаврилов. О да өз ажалынан, немесе соғыста жүріп өлген жоқ, жақын жердегі шұбарға Қараүлек екеуі ағаш әкелуге барған жерде дәл желкесінен «діңгек түсіп» мойын омыртқасы үзіліп қаза болды. Гавриловтың өлімінен Орынбор бастықтары ойымызды сезіп қалған екен деп сезіктенбесін деп Кенесары жерлеуіне өзі қатынасып, қашқын сыпайды аққа орап, ардақтап көмгізді.

Сөйтіп жүргенде қанды қылышты қырық үшінші жыл келеді. Мұнымен бірге қыс өтер-өтпестен Генс алынып, орнына генерал Ладыжинский тағайындалыпты деген сөз қазақ жеріне тағы жетті. Бұл сөз шын болып шықты. Кене ханға мұны көптеген маңызды хабарлармен бірге Генспен қоштасып айырылған Алтыншаштың өзі әкелді.

Тек Күміс қазақ жеріне қайта оралмады. Мінезімен, қызметімен Генске ұнаған қыз, Қоңырқұлжа қылығынан қорланып, генералдың үй ішімен Петербургке жүріп кетті. Қазір өш алуға қолынан ештеңе келмегенмен, төрт жыл өткеннен кейін осы Күміс Қоңырқұлжаның Ақмола аға сұлтандығынан түсуіне себеп болды.

ІV

— Бір мың сегіз жүз қырық үшінші, Қоян жылы, маусымның жиырма жетісі күні, Бірінші Николай патша Орынбор әскери губернаторына Кенесарыға қарсы жасақ шығарып, оның басын әкелген адамға берілетін үш мың сом сыйлық ақшаны шаңырақ салығынан төлеуге рұқсат етті.



Осындай шешімге келетінін күні бұрын білетін Соғыс Министрімен тікелей байланысы бар Орынбор әскери губернаторы Обручев Кенесарыға қарсы соғыс-қа қыс басынан дайындалуда болатын. Ал Кенесарының қандай дайындығы барын білу үшін ол патша рұқсатын алысыменен шілденің оны күні Қара Тор-

ғайға қарай войсковой старшина Лебедев басқарған үш жүз солдатты жасақ шығарды. Кенесары бұл жасақпен Ырғыз өзенінің жоғарғы жағында кездесті. Күнде Батыс Сібір губернаторы солдаттарымен шалысып жүргендіктен, екі жақты соғыстың қиынға түсетінін ойлаған Кенесары бұ жолы да сабырлылық істеді. Лебедевке әбілғазы басқарған уәкіл жіберіп өзінің соғыссыз да Орынбор әскери губернаторына бағынатынын, керек десе шекараға жақын көшіп келіп қонатынын білдірді. Лебедев Обручевке ат шаптырады. Орынбор әскери губернаторы оған әзірге соғыс ашпай, сол Ырғыз бойында жасағымен қала тұруын бұйырады. Ал өзі бұрын патшаға Кенесарымен бітім жасаудың керек еместігін дәлелдеп, майдан ашуға рұқсат сұрағандықтан, енді сол сөзінен қайтпай Ырғыз бойында шағын қолмен тұрған Кенесарыны біржолата құртпақ болды. Сондықтан күні бұрын құрылған жоспар бойынша, Ырғыз бойындағы Кенесарыны қоршап алыңдар деп өзге әскер бастықтарына бұйрық берді.

Бұ жоспар бойынша Орынбор әскери губернаторына бағынатын сұлтан-правительдер Ахмет, Арыстан, Баймұхамед әрқайсысы бір мың адамнан жасақ құрып күні бұрын дайын тұруға тиісті еді. Әскери губернатордың бұйрығын алысыменен Ахмет Тобыл жағынан шығып, ал Арыстан мен Баймұхамед Сахарный бекінісіндегі үш мың солдатты полковник Бизановтың қарамағына еніп, Кенесарыны Оңтүстік пен Батыс жағынан қоршаулары керек еді. Ал Кенесары Батыс Сібір губернаторына жататын Ұлытау, Арғынатыға қарап өтіп кетпес үшін Омбы, Қызылжар, Қарқаралы бекіністерінен, ереуілшіл елдің күншығыс жағынан, көк темірге мұздай бөленген ұзын саны мың мылтықты күшті жасақтар шықпақ болатын.

Ереуілшілердің тыңшылық жұмысын Таймас басқаратын. Ол Алтыншаш арқылы дәл болмағанмен де осындай жоспар жасалып жатқанының ұзын ырға-



сын білетін. Оның үстіне Бизанов полкіне жіберген тыңшысы Төлебай деген жас жігіт арқылы және сұлтан-правительдердің аулындағы қара құлақтарының жеткізуі бойынша бұл жоспардың қалай орындалып жатқанын, сұлтан-правительдер қанша адам жинағанын, қай кезде аттанысқа шықпағы — бәрінен қанық отырған. Осындай мәліметі бар Кенесары бұл айқасқа дайын еді. Войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қарсы тек шағын қол — мың адаммен ғана шығуының себебі де осында болатын.

Кенесары бұ жолы соғыс әдісін тіпті өзгертті. Патша губернаторлары бұны енді біржолата құртуға кіріскеніне көзі жеткен сұлтан оңай берілгісі келмеді. Ең алдыменен ол әскерін бұрынғы әдеті бойынша бір жерде ұстамай, беске бөлді. Ондағы ойы, түбі жауына төтеп бере алмай қалатындай күн туса бар күшін біржолата құртып алмай, шамасы келгенше әскерін сақтау еді. Бизанов полкіне қарсы шығатын жасаққа мыңбасы етіп Наурызбайды, ақылшы етіп Ағыбай батырды тағайындады. Ал Батыс Сібірден келетін үш жасаққа қарсы мың адамнан құрылған үш жасақ шығармақшы болды. Біріне мыңбасы етіп Жеке батырды, оған ақылшыға (штаб бастығы ретінде) Құдайменді батырды, екіншісіне мыңбасы етіп Иман батырды, ақылшыға Жанайдарды, ал үшіншісіне Бұқарбай батыр мен Жәуке батырды тағайындады. Өзі Жоламан екеуі болашақ соғыстың дәл ортасы осы болар-ау деген Ырғыз өзенінің жағасында қалды. Бұл кезде он мың салт атты әскері бар Кенесары Байтабын басқарған мерген тобы мен қалған жауынгерлерін Мұғажар тауының арасына қарай көшкен ордасының төңірегінде ұстады. Бұл негізгі қолмен Кенесары әр жерге қойған бекет тәрізді шұғырымдар арқылы байланыс жасап тұрды. Қысылтаяң күн туса бірігіп кетерліктей жағдай сақтады. Кенесарының соғысқа былай дайындалуының екі себебі бар-ды. Бірі, патша әскері Ырғыз бойында бастарын қоса алмаса, оларды жекелеп ұруға жеңіл. Екіншісі, ұрысуға жері неғұрлым кең болса, Кенесары әскерінің тынысы солғұрлым кең, өзінің негізгі әдісі атты әскерінің шапшаңдығын пайдалана алады. Бүгін бір жерде тұрса, ертеңіне екінші жерге шығып, әр жерден із тастап, жауына ұстатпайды. Кенесарының бар ойлағаны бар әскерімен өзі қоршауға түсіп, бар күшін харап етіп алмау. Ал мына қолданған әдісі ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына ең лайықты әдіс. Бір жерде жеңілген күнде де өзге жердегі әскері аман қалады. Әскерін сақтауы — хандығын сақтауы. Кенесарының бір ойлаған айласы — күші басым, зеңбіректі мылтықты жаумен бетпе-бет келіп ұрыспай, тиіп-қашып, соңынан қудыра қалжыратып, шаршата ұрысу. Өз жерінде, өз елінде Кенесары сарбаздарына бәрі дос, азық табу да, ат ауыстыру да жеңіл... Бұлай алысу қуған жауының алдыңғы шебі Кенесары жасағына жетемін деп ентелей соңынан ергенде, бір топ сарбазы шұбалып келе жатқан жаудың артынан тиіп, азық-түлігін, оқ-дәрісін артқан көшін бөліп әкетуге де қолайлы! Патша әскері қуып, жете алмай қалжыраған сайын қазақ даласының жаңбырлы, суық күзі жақындай түседі. Кей жерде ат толарсағына дейін бататын батпақты сары дала патша әскерінің қолбасшыларына бораны қасқырша ұлыған ызбарлы қыстан кем емес. Күзі ақ жауын. Күндіз-түні бір ашылмай, сіркіреп құя берсе ешбір әскер шыдай алмайды. Айдалада қасқырша жортуларын амалсыз тоқтатып, бекіністеріне қайтуға мәжбүр болады. Ал Кенесарының күні со кезде туады. Бекіністерге тимегенмен жасақтары арып-ашып ауылдарына қайтқанда өштескен сұлтандарынан кегін қайтарады. Адамдарын шауып, қырып-жойып, малын айдап әкетеді. Осындай жағдайды ойлаған Кенесары, биыл ұрысудың жаңа әдісіне көшті. Және Лебедевпен шілде бойы берекесіз бітім сөз жүріп күннің өтіп бара жатқанына ол өте қуанышты да еді. Патша әскері тамыз шыға аттанса, бір ай-бір жарым ай айқасқа Кенесары жағы қайт-

се де шыдайды, ар жағында қазан айы келіп, жаңбыр басталады!..

Кенесарының есебі тура шықты. Сұлтан-правитель Ахмет войсковой старшина Лебедевке шілденің аяғында әзер келіп жетті. Ал Арыстан бар болғаны бес жүз ғана жасақ жинады. Баймұхамедтің де қаруланған жасағы осыдан сәл ғана асты. Мұндай жағдайды көрген полковник Бизанов, Орынбордан қосымша әскер алдырып бес мың солдатпен тамыздың басында ғана Сахарный бекінісінен шықты.

Кенесарыға ең қауіпті күш осы Бизановтың әскері. Бірақ оған қарсы көп қол шығармай, қулық істегісі келді. Ол Бизановқа қарсы шағын жасақпен Нау-

рызбай мен Ағыбайды жіберді.

Ең алғашқы айқасты да осы екеуі бастады. Тамыздың жетісінде күн өте ыстық болды. Бекіністен шыққандарына екі тәуліктен асқан бес мың әскер, ат соғып, күйіп тұрған күнге әзер шыдап келе жатты. Қол басындай жуантық келген, қара мұртты Бизанов, оң жағында подпұлқындық (подполковник) шеніндегі Ахмет сұлтан, сол жағында пұлқындық (полковник) Баймұхамед. Арыстан бұл маңай өзіне жататын өңір болғандықтан, бүгін таңертең жүз адаммен жолдарынан бұрыстау тұрған бір қазақ аулына бұрылған. Ондағы ойы осы ауылдан қосымша жігіт алу. Бизанов әскерін күн бата қуып жетпек.

Бизанов әскері жазық даладағы бір қарасудың жағасына тоқтады. Көл маңайында жақында қалың жаңбыр өтіп, қурап қалған шөбі қайта көгерген-ді. Көлдің суы да тұщы, мөп-мөлдір. Қалжырап келе жатқан әскерге ат шалдырып, тынығуға қолайлы... Су бетінде жүзіп жүрген қалың құс қаптаған адамнан үркіп, қанаттарын сымпылдай қағып көкке көтеріле жөнелді. Бір-екі есерсоқ солдат мылтықтарын да атты. Құстар одан әрі үркіп, аздан кейін тіпті көрінбей кетті.

Мидай жазық дала, тек сол жақтарында өркештене біткен бұйратты адыр ғана бар. Оң жағы сағымдала қара құмға қарай созыла жоқ болады...

Бизанов осы көлдің жағасына қонуды дұрыс көріп, қалың қолға «аттан түсіңдер» деп бұйрық берді. Жазық дала, жау келер болса алыстан көз түседі. Алдын ала жіберген барлаушылар бұл араның қауіпсіз екенін айтып келді. Өйткені жан-жақтың бәрі бүдірі жоқ мидай жазық... Тек сол жақтарында ғана ұйысқан талды, жыңғылды Мұғажар тауының етегі. Бірақ әскер тоқтаған жерден ат шаптырым. Сондықтан барлаушылар ол жақты ат қинап зерттеген жоқ. «Алда-жалда бұл жақтан жау келер болса, не тау етегі мен көл арасы қу дала, көзге түсер, не болмаса келе жатқан қолдың дүбірі естілер және егер жанынан құтыла алмай жүрмесе есі дұрыс қай қазақ осыншама қолға келіп тиіседі», — деп ойлады олар. Расында да бұлар қауіптенетін ешбір себеп жоқ еді. Өйткені Кенесары бес мың мылтықты әскер түгіл, бес жүз патша солдаттарымен де қаша жүріп соғысады. Орыс кәрлі қылышына бетпе-бет келер оның құдіреті шамалы...

Қалың қол көл жағалай аттан түсіп, қос-қос боп шатырларын тікті. Жауынгерлер көл жағасынан қоға қиып әкеп от жағып шай қайната бастады. Мылтықтарын күрке етіп сүйестіріп, кейбіреулері су жағасына беті-қолын жууға кетті.

Сөйткенше күн батып, ымырт үйіріліп, қараңғылық та түсті. Әскерлер кешкі астарын ішіп болды да, жағылған оттарды сөндіріп, ұйықтауға ыңғайланды... Тек қолды қоршай барлаушылар мен шатырлар жанында күркеленіп қойылған мылтықтарды күзеткен қарауылдар ғана қалды.

Бірақ жұрттың көзі енді ұйқыға кете берген кезде кенет «Аттан! Аттан», «Кенесары! Кенесары!» деген ащы айқайлар шықты. Тып-тыныш боп мүлгіген далада бұл үн, қараңғы түнде күн күркірегендей қатты естілді. Сөйткенше болған жоқ, тынығып жатқан әскер шатырларының үстін мыңдаған салт аттылар басып кетті. Нағыз бір жер астынан қалың қол шыққандай. Сатыр-сұтыр ұрыл-

ған сойыл, шоқпар, жалаңдаған қылыш, айқай-шу, өкірген адам, шыңғырған жылқы. Жаңа ғана ұйқыға кетіп бара жатқан әскер үсті әлем-тапырық болды да кетті. Ақыры «Абылай! Абылай!» деп салған ұранға «Ағыбай! Ағыбай!» деген күшті үндер қосылып, тынық түнді жер жарғандай тітірентті. Шатырларынан атып-атып шыққан солдаттар мылтықтарын алып салт аттылармен айқасқанша, қайың сойыл ысылдап кеп көк желкеден тиеді. Әйтеуір осынау жан шошырлық айқас өткіншек сұрапыл секілді аз уақытқа ғана созылды. Солдаттар енді аттарына мініп естерін жинаған кезде, салт атты сарбаздар, ауыл үстін жайпап өткен құйындай, топтарын бұзбастан, сойылдарын оңды-солды сілтеп заматта жоқ болды.

Тыныш жатқан әскерге құйындай тиген бұл топ Ағыбай мен Наурызбайдың сарбаздары еді. Олар Мұғажар тауының етегіне осыдан екі күн бұрын келіп бекінген. Төлебай тыңшы арқылы Бизановтың әскерінің осы жолмен шыққанын күні бұрын біліп отырған. Кенесарының үйреткен соңғы тәсілі бойынша, бұл жасақ Мұғажар етегінің жыра, жықпылын, жыңғыл, тобылғы, қараған, талдарын бетке ұстай тығыла жайғасқан. Кенесары әскері адамды жасыра алатын адыр, шатқал, тоғай, ши, қамыс тәрізді жаратылыстың өзі бейімдеген жер бетінің ерекшелігін пайдалануда әбден машық болып алған. Кенесары әскері ойда жоқтан, күтпеген жерден жауына шабуыл жасаса, көбінесе осындай бүдір, шилі сайдан, не жыңғылды, талды шатқал, шұбардан жасайтын. Ит жылы Ақтау бекінісінің қасындағы Тіленіш — Шет бекетін алғанда да, Кенесары сарбаздары әжептәуір қаруы бар патша жасағын қалың ши арасынан шыға келіп күл-талқан еткен. Мұны естіген генерал-губернатор Горчаков соңынан штаб бастығы генерал-майор Фондерсонға ашуланып «Егер қазақтар тығылып жатқан қамыс, қарағай, ши тәрізді кісі жасырынар жерлерді күні бұрын саралап шыққан болсаңдар, олар бүйтіп аңдаусызда біздің солдаттарды бас сала алмас еді», — деп жазған. Патша әскері Кенесарының осы әдісінен талай аузы күйсе де, ылғи естен шығара берді. Бұ жолы да соның кебін киді. Алыстан қарайып көрінген Мұғажар тауының етегіндегі жыңғыл, талды ерініп тексермегендіктерінің сазайын тартты.

Ағыбай мен Наурызбай жыңғылды шатқалдың ішінде тығылып жатты да, күн батып қара көлеңкелене бастаған кезде сап түзеді. Әр сарбаз аттарының аяқтарына әдейі арнап кигіз кебістерін кигізіп, жедел жүріп кетті. Аттардың анда-санда осқырынғаны, кісінегені болмаса, келе жатқан дүбірлері тіпті естілмейді. Түн тастай қараңғы. Ал көл жағалай жұлдыздай жыбырлаған қалың от «біз мұндалап» бұларды шақырды да отырды. Ең ақырғы шоқ сөнгенде сарбаздар әскер жатқан маңға таяп кеп тоқтады. Ай шықпаған түн сол қалпында көзге түртсе көрінбес соқыр... Бұлар аттарының аяғындағы кебістерін алып, қайтадан мінді... Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақауызына мінген Наурызбай мен Ақылақты ор қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты. Қараңғы түнде жаумен бірге өздері де бірін-бірі сойылға жықпас үшін бұлар әр жүз адамнан он сапқа бөлінді. Осылай он тол-

қын болып бірінің соңынан бірі кідірмей, сойылдарын оңды-солды сілтеп жау үстінен өте шығатын боп уәделесті. Бір сап пен екінші саптың арасы, жүз басы жүзге санап жеткенге шейін ғана кідіреді. Осындай тәртіптен мың санды қол он толқын боп жау үстінен ат ойнатып, сойыл соғып өте шығуы керек. Бірін бірі ұрып жықпас үшін ешкім кідіруге тиісті емес. Сол қалыптарымен шауып, көлдің арғы сағасындағы құмайт алаңға жете қайта сап дүзейді. Естерін жинаған солдаттар қуар болса тоқтамай, әрі Айыр құмға қарай бет түзейді. Шабуылды дәл осылай өткізуді бұлар күні бұрын келіскен. Қараңғы түн екі жаққа бірдей. Тиген жау алдарында қос бар ма, жер ошақ бар ма, әлде әдейі арнап қазылған ор бар ма, білмейді. Сондықтан Ағыбай мен Наурызбай ұйықтап жатқан жау үстіне аялдамай, жайпап өте шығуды жөн деп тапқан. Наурызбай бастаған алғашқы бес жүз бірінен соң бірі «Абылайлап!» ат қойғанда, жер сілкініп тау қозғалған секілді. Оған Ағыбай басқарған бес жүз «Ағыбайлап!» қосылғанда әскер жатқан жерде ақыр заман орнағандай болды. Соққан құйындай Наурызбай мен Ағыбай жігіттері ұрандасып, көл жағалап, арғы бетке ауған шақта, әр жерге қоға, қамыс жағып естерін жинай бастаған солдаттар да таң асырып қойған аттарына мініп үлгірді. Дәл осы мезгілде бес жүз сыпай ертіп Арыстан да келіп жетті. Полковник Бизанов Арыстанға жаңағы тиген жаудың соңынан қууды тапсырды. Өздерінің де ай туа қозғалатынын айтты. Енді ол жауынгерлерін түгендей бастады.

Көл жағалай қос-қос боп шашырай орныққандықтан шығыны жоқтың қасы екен. Әлгі шапқан жаудың айқай-шуы есті алғанмен бәлендей ештеңе істей алмапты. Дауылдай ойда жоқтан пайда болған жаудың айбарынан зәресі ұшып кеткен полковник енді есін жинап, шығын санауға кірісті. Жылқы баласы түнде де көреген келеді. Қоста жатқан солдаттарды тіпті баспапты. Қостан шыққан бірді-екілі адам ғана ат астында қалыпты. Оның үстіне сойыл да біреуге тиген, біреуге тимеген. Қысқасы, қаза болған солдат жүзге жетер-жетпес. Жаралан-

ғаны екі жүзге таяу...

Өлген жауынгерлерді ор қазып көмгенше, ай да туды. Жер беті сұрғылттана көріне бастады. Полковник өліктерді қойып болысымен, түн баласын үркіте аспанға мылтық атқызып суық жер құшағына кірген жазықсыз жандармен ең соңғы қоштасу ресімін істетті. Содан кейін атқа қонуға бұйырды. Қалың әскер лек-лек боп жаңағы өздерін жусатып кете жаздаған жауларының соңынан қуа жөнелді. Аттары тынығып қалған екен, ауыздықтарымен алысып, қарш-қарш шайнайды. Әлден уақытта барып таң да сыз берді. Сол мезгілде бұлар Арыстан жасақтарына келіп қосылды. Беттері дұрыс екен, пұлқындық Арыстан Кенесары әскерінің алда кетіп бара жатқанын айтты.

Бұлар енді алдарындағы жауы кейін қарай өтіп кетпесін деп балық сүзген аудай екі жаққа қанаттарын жая түсіп, бес жүз адам қатарласа сап дүзеп қуды. Ең ортасында полковник Бизанов, екі қанатында Жантөренің екі сұлтан-правитель балалары. Оң қанатында Ахмет, сол қанатында Арыстан. Әскер соңында Баймұхамед. Қазақ даласында шабуылды бір уақытта хуннулар да осылай ұйымдастырған. Сырттан қараған адамға қазір әскер жер-көкті алғалы келе жатқан ұшы-қиыры жоқ теңіз тәрізді. Сұсты әм қорқынышты. Керегедей қанаттарын жая бүкіл кең даланы алған бар болғаны бес мың адам, бұндай сап түзеуде әлденеше бес мың боп елестейді...

Таң құланиектеніп атып қалған кезде алдарындағы Кенесары тобы да көрінеді. Бизанов тез қуып жеткісі келіп алға қарай ұмтыла түсті. Бірақ алдағы жау жеткізер емес. Қарасына көз жаздырмай зытып келеді. Тақа қара үзіп те кетпейді, тым жақындаттырмайды да. Біркелкі сар желіс. Беттері Айырқұм.

Қуу қызығына түскен Бизанов «әне жетем, міне жетем» деп жан-жағына қарауды да қойды, екі көзі алда боп, сол жағында қалып бара жатқан сайды өрлей біткен қалың шиді де аңғармады. Үзеңгілер сартылдаған осындай жүріспен сәске түс те болып қалды. Кенесары жігіттері жеткізбейді де, жоғалып та кетпейді. Аралықты біркелкі ұстайды да отырады. Осындай жүріспен Бизанов әскері өздерінің азық-түлік, оқ-дәрі, артық қару-жарақтарын салған пар аттан жеккен жүз жеңіл ләкшәңке-арбаларынан тым ұзап бара жатқандарын байқамай қалды. Әлі де байқамас еді, тек бұларды арт жағынан талмаусырай шыққан мылтық дауыстары тоқтатты. Қолдың соңында келе жатқан Баймұхамед жасағы кейін шапты. Бұлар бие сауымындай мезгілде ғана азық-түлік тиеген арбаларға жетті. Алдарында жау шапқан көш жатыр. Сойылға жығылған бірнеше арбакеш қазақ жігіттері... Жиырма шақты солдат оққа ұшқан. Жер бетін алып кеткен шашылған ұн, тары. Қираған арбалар, бауыздалған көлік..

Шауып келген Баймұхамедтің керуен бастығы жаралы мосқал адамнан білгені, бұларға тиген Ағыбай тобы болды. Олар қалың ши арасында тығылып тұрып азық-түлікті керуенге шабуыл жасапты, «Өздері екі жүз қаралы адам деді керуен бастығы, дайындалуға да мұрша бермеді, мына қалың ши арасынан лап қойды. Қимылдары сонша жылдам болар ма, күзетші солдаттар арбадан секіріп-секіріп түсіп мылтықтарын кезенгенше қаптады да кетті, жауған сойылдан жан сақтаудың өзі қиынға түсті. Тек екі-үш-ақ солдат мылтық атуға жарады, леп-лезде жосытты да салды. Кейбіреулері аттарынан түсе сала лөкет пышақтарымен қаптарды тіліп жіберіп, ішіндегі ұн мен тарыны шаша бастады. Өздерін құтырған қасқыр дерсің, «әу» дегенше бәрімізді қан-жоса ғып сабап, солдаттардың қару-жарақтарын аттарының алдына өңгеріп алды да көзден ғайып болды».




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет