Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте



бет8/16
Дата23.08.2017
өлшемі3,86 Mb.
#24842
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16

Таяқтан аяғын әзер сүйреткен Арыстанның сол жағынан қолтықтаған Ожар. Бұл келгелі де айға таяп қалған, Сейтеннің үзеңгілес серігі, Тайжанның жалғыз қызына үйленіп, абақтыдан қашып шыққан Ожарды Кенесары құшағын жая қарсы алған. Отау тігіп, алдына мал салып берген. Бұл жақсылықтың есесіне ол келгеннен соң күн өтпей жатып... жылпық сары Сәмен арқылы Қоңырқұлжаға Кенесарының қарамағында қанша сарбаз барын хабарландырған. Бүгін таң-

ертеңнен бері де Кенесары ордасында болып жатқан мәжілістің жайын біле алмай әбден мазасы кеткен. Мың басы, жүз басы батырлардың тегіс келгенінен, бұл мәжілістің тегін мәжіліс емес екенін іштей сезген. Қанша білгісі келгенмен, алыстан торлағаны болмаса, жақын баруға біреу-міреу кім екенімді сезіп қалар деп көңілі дауаламаған. Осындай күйде жүргенінде сойылға жығылып қолға түскен Арыстанды ауыл адамдары бір қараша үйге қамап қойғанын естіді. Ол енді өшіктіре сөз тастап, жұртқа Арыстанды Кенесары ордасына апарудың керек екенін айтады. Ондағы ойы Кененің көзіне түсумен қатар, ыңғайы келсе, мәжіліс жайын аңдау. «Кім біледі, біреу болмаса біреу абайламай бір сөз айтып қалар. Зирек жанға о да жеткілікті». Арыстан Кенесарыны көрісімен, ең соңғы күшін жинап, еңірей аяғына жығылды.

— Жаздым, жаңылдым, Кенесары. Күнім үшін жер зерттеуші земтемір орыс-

тарға жөн көрсеткенім рас. Бір жолға кешір. Өмір бақи құлың болып өтейін.

Кенесары сазарған қалпынан өзгерген жоқ. Қанын ішіне тартып, тіпті сұрланып алды. Ол аяғына жығылып жатқан Арыстанға қарамастан:

— Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең. Өзге жылқыны сау алып қалу үшін оған аяу болмасқа тиісті. Үкім біреу-ақ — өлім!

«Халқыңның қамын ойлар болсаң, ең алдыменен оның бірлігін ойла» деп ішінен Жүсіп, «опасызға Кенесары дұрыс үкім айтты».

«Қатал, әйтсе де әділетті».

Бірақ бұл не? Өзге батырлар әдеттегідей Кенесарының шашбауын көтеріп неге «дұрыс» деп бастарын шұлғымайды? Бәрі бірдей неге төмен қарап қал-

ған? Ағасының айтқанын тұмар тұтатын Наурызбайдың өзі де неліктен тұнжырап кетті?

Жүсіп таңданғандай үйдегі адамдардың бетіне тағы бір көз тастады. Ешкім басын көтерер емес. Өздері өлім жазасына бұйырылғандай қабақтары түсіп кеткен.

«Ғажап халық, деді ішінен тағы да Жүсіп, майданда кездессе жаудан қорқу, немесе оны аяу дегенді білмейді. Ал айыбын мойнына алып аяғына жығылса, қанды кекті қасы болса да кешіргісі келіп тұрады. Қандай үлкен, абзал жүректі жұрт. Бұрын атуға оғы жоқ боп жүрген Арыстан қолдарына түсіп еді, оның сақалды басымен жасын сорғалатып кешірім сұраған түрін, кенет аяп, ажалға қиғылары келмей тұр. Үкімін өзге жұрттың қостамағанын Кенесары да сезген тәрізді. Енді не істер екен?»

Кенесары тұнжырай қалған батырларының бетіне көзін бір салып өтті де, қабағы бұрынғысынан да түксие түсіп, қолымен Арыстанды меңзеп:

— Қазір, осы арада ал мынаның басын, Қараүлек! — деді зілді үнмен.

Жұрт бұрынғысынан бетер тұнжырай қалды. Бірақ Кенесарыға үкімің дұрыс емес деуге ешкімнің де батылы бармады. Қостамағандықтарын сазарған түрлерінен ғана аңғартып отыр. Ал сұлтан серіктерінің ойына түсінсе де, бір айтып қалғаннан кейін, өзінің абыройын сақтап, кесімінен қайтар емес.

«Дұрыс, — дұрыс, — дейді ішінен Жүсіп, осылай қатал болсаң қарамағыңдағыларың да тәртіпке, әдепке үйренеді. Айтқанынан қайтпайтын қолбасшы қашанда жауынгерлері алдында абыройлы».

Кенесарыдан үміт үзген Арыстан ақын енді басын көтеріп, тізесінен отырды. «Өлсем де адамдығымды жоғалтпай өлейін» дегендей бойын жинап, үстіндегі киімін жөндеп Кенесарыға қарады. Үлкен бұйда пышағын жалақтатып, тамағынан орып жіберейін деп, жанына келіп, сақалынан ұстай берген Қараүлектің қолын қағып жіберіп:

— Менің қаныма жерік болсаң ішерсің әлі-ақ, сәл шыдай тұр, — деді. Сөйтті де Кенесарыға тағы да қарады. — Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер.

— Айт датыңды.

Қараүлек те түсініп кейін шегінді. Арыстан қанатын сілкіп қомданған ұшар құстай, сәл бой түзеп алды да, екі көзі жаудырап Кенесарыға қарап ән шырқап қоя берді.

Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,

Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын.

Атаңа алты қатын алып берген

Атығай Қарауылдың баласымын.

Кенесары «болды» дегендей қолын көтерді.

— Аталы сөзге арсыз тоқтамас. Абылай атама бабаларының істеген жақсылығын алдыма тартты ғой, қоя беріңдер, — деді.

Бағанадан бері үндемей тұрған батырлар кенет жадырап, бір дауыстан:

— Уа, пәле, міне аталы сөз! — десіп шулап қоя берді.

«Қандай ақылгөй жан еді, деді ішінен тағы Жүсіп, ел билейтін серіктерінің де көңілін таба білген жөн. Ағылшындар «патшаны патша істейтін патша емес, жанындағылар» деп тегін айтпаған ғой».

Бірақ Жүсіп Кенесарының мейлінше рақымсыз жан екенін білмейтін. Қазір босатылып тұрған Арыстан ақын, сұлтанның бұйрығы бойынша, үш күннен кейін «ат теуіп өлтіріпті» деген лақаппен Қараүлектің қолынан қаза табатыны дәл осы сәтте оның ойына мүлде алмаған іс еді. Сондай-ақ Кенесарының қолға түскен солдаттарға да бірден қатты келмейтіні өз жағына шығару саясаты екенін Жүсіп көп ай өткен соң барып бір-ақ түсінді. Ал алғашқы кезде мұны сұлтанның кеңпейіл, ақ көңілдігінен деп ұққан-ды.

Төре шешіміне риза болған батырлар сыртқа шықты. Әрқайсысы өзінің атқосшысы ұстап тұрған атына қарай беттеді.

Байтабын мен Ақбөкен сонау Елек пен Ырғыз өзенінің бойынан Қарақойын Қашырлыдағы Кенесары әскеріне келіп қосылғалы, Байтабын Наурызбай жасағына, батыр қыз Ақбөкен Бопай тобына берілген. Байтабын мен Ақбөкен қосылады екен деген сыбыс болатын, бірақ неге екені белгісіз, бұл сыбыс сол сыбыс қалпында қала беретін. «Біз қосыламыз», — деген сөз қыздың, немесе жігіттің аузынан шыққан емес, екеуі ағалы-қарындастай сыпайы сөйлесіп қана тілдеседі. Мұндай мінездеріне қарап кейбір жұрт «бұлары несі?» деп таңданса да, ақылға салған бағда біреулері «Бөтен елде жүрген соң қымсынатын шығар, өз елдеріне барған соң да уақыт жетер», — дейтін де қоятын.

Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді. Ақбөкен еді бұл. Ол батыр Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері. Наурызбайдың жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді. Ақбөкенді алғашқы кездестірген күннен бастап кіші сұлтан осындай бір ауруға шалдыққан-ды. Наурызбай ауруының өрши түсуіне Ақбөкеннің өзі себеп болған. Патша әскері шабуылынан ауылдың бір тыныш күні Көшек сұлтанның Айғанша атты тоқалы ұл тауып, жұрт ұлан-асыр тойға жиналған. Жастар жүрген жерде көкпар, балуан күресі ежелгі салт. Осы қан базар қырғын мерекеде Наурызбай мен Байтабынға күресуге тура келген. Өзінен екі жас үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды. Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.

— Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе? — деген Ақбөкен қара жор-

ғаның шылбырынан ұстап жатып.

— Айыбым.

— Бәсе, — деген Ақбөкен тостағандай көзі жарқ ете күліп, — ауылыңызға келген бауырыңызға күш көрсететіндей өкпеңіз жоқ секілді еді...

Ол кезде әзілге әзіл қайтару жастық салты.

— Өкпешіл үніңізге қарағанда, менің жығылғанымды тілегендейсіз ғой, қарындас, — деді Наурызбай күлімсірей, — ондай тілегіңіз болса күні бұрын құлағыма неге сыбырлап қоймадыңыз?..

Ақбөкеннің қарақаттай қара көзі күлімдей түскен.

— Сыбырлағанды орындайтын болсаңыз, әлі де кезі келер.

— Уәде,— деген Наурызбай қолын беріп.

Ақбөкен екі беті дуылдай қызара, ұзын ақ саусақтарын қымсына ұсынған. Неге екені белгісіз Наурызбай оның қолын алып жатып, қыздың саусақтарының дірілдеп кеткенін сезген.

Шынында Байтабын Наурызбайдан күші жетпей жығылған жоқ еді. Бие сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің оң жамбасы мен оң қолында екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе онымен пара-пар түсетініне көзі жеткен. Бірақ жоқ жерден аяғы көде шөптің үстінен тайып кетіп, ерлік намысын сақтай алмай жығылған-ды. Бірақ мұнысына ол пәлендей қорланған жоқ. «Наурызбайдан мендей көп батырдың бірі жығылғанына жұрт күлді де қойды. Менен қолбасы Наурызбай жығылса, абыройы айрандай төгілер еді», — деген ол ішінен.

Ал Ақбөкенге Байтабынның жығылуы үлкен әсер етті. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», жиырмадан аспай жатып атағы алты алашқа жайылған, әрі әнші, әрі сал, өзі төре Наурызбайды Ақбөкен жақын көруге құштар еді. Оны Байтабынды жыққан жеңіс үстінде көрді, және Наурызбайдың өзінің шеттен келген жас балуанды жығуын «айып» санаған кең пейіл мінезі, ерлікті, адамгершілікті дәстүр етіп өскен қазақ қызына үлкен ой салды. Махаббат деген күн сәулесінен құрылған алтын тор секілді емес пе, Ақбөкеннің жүрегін сол тор кенет шырмай бастады.

Бұл не сезім? — Ақбөкеннің өзі де бірден ұқпады. Ал Байтабынға деген жүрегі бұрынғыдай лүпілдемей, күннен-күнге баяу соға түскендей. Мұны қыз анық түсінеді. Бірақ бұл не? Бір кезде жақсы көрген Байтабынын ұмытуға айналғаны ма? Бір мінезді, уәдеден айнымас қазақ қызына лайықты қылық па бұл? әрине, лайықты емес, әсіресе жас кезінде көңілің шын кеткен болса... Бірақ соның өзі рас құлай берілу ме еді? әлдеқалай соққан жастық желі емес пе екен? Кәрі Серғазыдан құтылудың жолын іздеп арпалысқан жас көңілдің қолдан жасап алған махаббаты болып жүрмесе нетсін! Шын сүйген жүрек бөтенге бұрылмаса керек еді, мұнысына қарағанда Байтабынға деген сезім махаббаттың шын отынан тумаған жай әшейін балалық сезім тәрізді. Ақбөкен шын махаббатты енді ғана түсінгендей, сондықтан да оның қиялы көкке шарықтап, жүрегі лүпілдеп, жиі-жиі соғады...

Осыдан бір ай бұрын Байтабын жорықта жүргенінде Наурызбай мен Ақбөкен бір шілдеханада кездесіп қалған. Екеуі қарама-қарсы отырып шаршы топ алдында айтысқан... Сол айтыстың аяғында бәсекелесіп тобық алысқан. Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жас-

тың өздері ғана түсінетін бір терең сыр да бар...

Осының бәрін Байтабын біле ме? Білсе қорланбай қалай шыдап жүр? Бұндай іске шыдау үшін қандай жүрек, қандай ұстамдылық керек? әрине, Байтабын өзіне төнген жамандықты сезбей жүрген жоқ. Бірақ «ел басына бұлт түнеріп тұрғанда, бір қыз үшін әлек болуымның реті келмес» деп өртенген жүрегін ақылмен басуда, Наурызбай мен Ақбөкеннің арасында басталған ойынның аяғын күтіп, өзіне өзі сабырлық айтып шыдай беруде еді.

Ақбөкенге ордадан шыққан Байтабынның да көзі түскен. Бірақ кіші сұлтанның қызға қарай беттегенін көріп орнында тұрып қалған.

Ал қызба көңілді Наурызбай өзін өзі ұстай алмай Ақбөкеннің жанына жетіп келді.

— Арсың ба, қарындас?

— Барсың ба, батыр?

— Наурызбай қалжыңдай күлді.

— Ақбөкеннің бір қапы кезіне кездескен-ақ шығармын, тобығымды бер!

— Сіз секілді арыстандар Ақбөкеннің қапы кезін үнемі аңдиды. Бірақ Ақ-

бөкен оңай қолға түсе қойса жарар еді. — Қыз күлді де тілінің астынан тобықты алып берді, — мінекейіңіз...

— Япырмай, тым берік жерге сақтайды екенсіз...

— Қадірлі адам берген соң...

Осы кезде ақ ордадан Бопай шықты. Ол анандай жерде тұрған Байтабынға бірдеме деді. Екеуі бұлардың қасына келді. Байтабын сыпайы ғана амандасты.

— Арсың ба, Ақбөкен?..

— Барсың ба, Байтабын...

Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді. Бопай Ақбөкенге көз қиығын тез аударды да Наурызбайға қарап:

— Байтабын батырды менің жасағыма берсең қайтеді, Науанжан? — деді күлімсірей.

Наурызбай қабағын шыта қалды.

— Неге?


— Керегі бар.

— Жақсы, — деді Наурызбай апасының өтінішін жерге тастаудың ретін таба алмай, — Ақмола бекінісін алғаннан кейін Байтабынды сіздің жасағыңыз-

ға мүлдем берейін, оған дейін қинамаңыз. Байтабынның менің жасағымдағы орны бөлек...

— Болады.

— Қашан аттанбақ ойыңыз бар?

— Бопай ері түзелген кер бестісіне еркектерше жеңіл мінді.

— Бүгін түнде.

— Жолдарың болсын.

— Айтқаның келсін.

Бопай мен Ақбөкен жөнеле берді. Олардың соңынан анандай жерде тұрған төрт салт атты қарауылы желе аяңдай ерді.

Наурызбай мен Байтабын:

— Қош болыңдар, — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан дауыстап. Бірақ ана екеуі жауап қайырмады. Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан шыға өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.

— Батыр, Ақтастағы қолға барсақ қайтеді? — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан әлі қарап тұрған Наурызбайға Байтабын.

Наурызбай тез бұрылды.

— Неге?

— Алтайдың бір жас мергені келді. Екі жүз қадам жерден лақтырған тымақты садағымен қағып түсіреді. Соны көрсетейін деп едім.



— Жоқ, Байтабын, — деді Наурызбай, — мерген мен жүйрік ат, қыран бүркітті тамашалап серуен құратын уақыт енді бізде жоқ. Бір жетіден кейін Қараөткелді алуға аттанатынымызды өзің естідің. Қарамағымыздағы мыңды соған дайындауымыз қажет. Күні ертеңнен бастап қамал алу тәсілін үйренуге кірісеміз.

— Ұқтым.


— Ал бүгін Миколай екеуің бар әскерді сасырлы ойпатқа көшіріңдер. Таң-

ертең қару-жарақтарымен дайын тұрсын.

— Миколайдың өзі қайда?

— әне келе жатыр.

Наурызбай мен Байтабын Николайға қарсы жүрді. Бірақ жетер-жетпестен бір қараша үйдің есігінің алдында тұрған Алтыншашты көріп екеуі бірдей кілт тоқтай қалды. «Адам баласының да мұндай әдемісі болады екен!» деді ішінен таңданған Байтабын. Ойламаған жерден жүрегіне оқ тигендей аяғын баса алсайшы енді ол. Жуан қос бұрымы жерге шұбатылған, аппақ бетінің ұшы сәл қызара үлбіреген, танадай көзі қарасудай қап-қара боп тұна мөлдіреген Алтыншаш есік алдында сәл тұрды да бұлт астына қайта кірген күміс айдай жоқ болып кетті. Ар жақтарынан Николай келіп жетті де үшеуі аттарына қарай аяңдады.

Байтабынның кенет өзгере қалған қалпын сезген Наурызбай езу тартып күл-

ді де:

— Алтыншаш десе Алтыншаш екен әлгі келіншек! — деді Байтабынға қарап.



Байтабынның қабағы кенет салбырап кетті. Ол Алтыншашты басы бос қыз ғой деп ойлап қалған еді.

Үш жігіт енді өзара сөйлесе ауылдың шетіне шыға берді.

... Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты деген хабар келесі күні-ақ бүкіл Сарыарқаға жамырай тарады. Бұл хабармен бірге войсковой старшина Симонов басқарған Ақтау бекінісінен шыққан екі жүз солдат Бопай алып келе жатқан малды алып қалмақ боп алдынан кетіпті және Омбыдан Ақмола гарнизонына көмекке аттанған жүз солдат та Көкшетауға қарай бұрылыпты деген хабар ұзын құлақтан дереу бар елге тарады. Кенесарының күткенінің өзі де осы еді. Ақырғы екі-үш күннің ішінде ол суыт жүріп, әскерінің тең жартысын Қорғалжын көлінің төменгі саласына әкеп қостатқан. Ал қалған жартысын Атбасар жақтан орағытып, Есілді жағалата Қараөткелге иектете орналастырған. Күніне жүз жиырма-жүз отыз шақырым жерді жай алатын қазақы жылқыға енді Ақмола бәлендей алыс емес-ті. Кенесары осы ат тынықтырып жатқан жерінен тамыз айының алтысы күні сәскеде көтерілді де, ымырт үйіріле Ақмоланың маңына шоғырланды. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық ертеңіне таңертең төсектерінен тұрғандарында кеше ғана тып-тыныш жатқан кең даланың, бүгін құжынаған қол екенін көрді.

Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып, оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі. Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған мынау қара нөпір қол — бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген), бес жүз мың адамдай боп көрінді.

— Япырмай, — деді таңданған Қоңырқұлжа, — мына Қасымның көкжалы үш жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?

Қарапұшық аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған.

Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірде асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр. Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! әйтсе де Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның көрмеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің аузына байлап атып үйренген. Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен қаншасын қирата алады? әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-үш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі қаншама уақыт алар бір қияпат іс!

Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет Қоңырқұлжаның:

— Ойбай, үйлер жанып жатыр! — деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті. Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен! Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.

Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Халдерінің қиынға айнала бастағанын енді түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді көрсетермін!».

Қарапұшық бағанадан бері Кенесары сарбаздарына оқ жаудырып жатқан солдаттарының қырыққа таяуын амалсыздан өрт сөндіруге жіберді. Қалғандарына жолдастарын жоқтатпауды бұйырып, зеңбірекшілерге:

— Зеңбіректеріңді ордың ернеуінен алып, анау қалың қолдың дәл ортасына меңзеңдер, — деп ақырды.

Бес минут өтпей зеңбірекшілердің:

— Дайынбыз! — деген дауыстары естілді.

— От! — деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп.

Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс-гүрс етті.

— Солай ма екен! — деді қуанып кеткен Қарапұшық.

Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан құлап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды. Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті. Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды. Бұ жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.

Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. Екі жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жан-

ған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғаш-

қы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. Бұ жолы да жиырма шақты жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты. Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді.

Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды.

Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын көрді. Бәрі бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін, қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:

— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? — деп айқай салды.

Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.

— Жолың болсын! — деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.

Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.

Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді.

Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды.

Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кер төбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:

— Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғай-

ланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.

Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды. Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толас-

тады.


Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді.

Осы жолы Ақмола бекінісін алуда еткен қаһармандық қайраты үшін Кенесары Төлебайды Жеке батыр атады. Көп кешікпей Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жеке батыр бастаған Кенесары сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды.

Зеңбірек пен карабинді, аға сұлтан мен старшинды жеңуге болатынын көрген, әзірге үндемей келген кейбір рулар енді Кенесары ордасына қарай ағыла түсті. Кенесарының абыройы да, қадірі де артты. Бірақ жан аямас қаталдығы көп елді өзінен үркітті. Алайда соңынан ерген батырлары оны ұлт қаһарманына айналдыруға тырысты. Ал Кенесары өзі болса «Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, әлі де ақ патшамен шын белдесіп күресуге күшінің жеткіліксіз екенін жақсы түсінді. Енді ол бұлаң құйрық түлкі қулыққа салып патша солдаттарымен жата-жастана ұрысып, қазақтың ереуілге қосылмай жат-

қан басқа руларын өзіне тартуға кірісті.

ІІІ

Ақмола бекінісінен айырылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес Есілдің Ертіске қарай бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген. Кенесарының көтерілісі дами бастағаннан-ақ оған дәт беріп отырған жер-суынан айырылған қалың елдің қаһарынан сескеніп шын көңілмен қосылған Азнабай балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның мыңды айдаған бірнеше шынжыр балақ, шұбар төс байлары Кенесарыға «Біз сендер жағындамыз» деп жалған ниет білдірген. Тіпті сол патша отаршылығына мойын ұсынып, шен алып, шекпен киген сұлтан тұқымдарының кейбіреулері Кенесарыға қосылып кеткендей болды. Уәлиханның екінші баласы әбілмамбет (Мәмке) Кенесарыға еріп, жорықта қаза тапты. Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан қойдың» деп ақ патшаға қарсы көтеріліп, Қасым балаларына келіп қосылған. Абылайдың туған ағасы Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай секілді Абылай тұқымынан шыққан бірнеше сұлтандар Кенесары жағына бірден ауған... Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар, Ар-



ғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді табанды бай, би, сұлтандар болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп қорыққандары, уақытша болса да ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін, қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы, Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней.

Бұлардың ішінен әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Бұлардың түбі — Арқаға сіңіп кеткен Орақ ханның баласы Бөкей сұлтанның немере-шөберелері. Құсбек пен Жамантай жайылымға, билейтін елге, аға сұлтандыққа таласып өзара күнде қырылысып жатқанмен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап екеуі бірдей жақын тұтады. Жас тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне Қоңырқұлжаның қандай беделі жүрсе, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан да Қоңырқұлжа Зейнеп пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына қанша батса да төрелердің ескі дәстүріне салып, жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Өз басына қауіп төнген осынау аласапыран кезде Тәуке балаларымен шатысуды қажет деп таппаған. Қасым төре көкжалдарын жеңіп алсам, со да менің тақияма тар келмес деп өзіне-өзі жұбату айтқан. Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал», «ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. Сондықтан да қалың қазақ арасына Бұқар жырау айтқан:

Қатын алма төреден,

Қатын алсаң төреден:

Еркегі болар жау жанды,

Ұрғашысы — ер жанды, —

деп басталатын өлең кең тараған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер жанды», «еркек құмар» салтына еті үйреніп кеткен сұлтандар, егер ел билеу, мансап сақтау тілектеріне шипасы тиер болса, қатын, қыздарының үй арасындағы бозбалашылығына мән бермейтін, көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба тоқып жүре беретін.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының ауызданған салтынан аса алмаған. «Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз бір тентек баланың ыш еткенінен бүліне қоймас», — деп, еркек жанды тоқалдың қылығын баласы Шыңғыс қаза тапқаннан кейін, тіпті ұмытуға айналған. «Кенесарының ойы Ақмола бекінісін шабу секілді», — деген Ожардың алғашқы хабары жеткен күні-ақ Қоңырқұлжа тоқалының аулын төркін жұртының жерімен шектес Есіл өзенінің төменгі жағына көшірген. Өйткені Кенесары жалғыз Қоңырқұлжаға ғана емес, Жамантайға да өшігулі, тек Қарқаралы шалғай болып, әзірге сондықтан ойран сала алмай жүр, ал реті келсе жақын жердегі Тәукенің кіші қызының аулын ең алдымен шабары анық. Осы жағдайды ойлаған аға сұлтан Зейнепті өзінің еншісіне тиетін үш мың жылқымен төменгі түбекке көшіріп тастаған. Бұл жер Құдайменді балаларының анда-санда көшетін тың жайылымы болатын.

әлі ыстығы толарси қоймаған Желтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ, сарғалдақ, бақбақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт тартып, ит мұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ербиіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түскен. Есіл өзенінің жағасында ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сары-

ағаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сидия қалған. Соңғы екі жылдың ішінде Құдайменді балалары Ақмола бекінісінен ұзап көшуден қорқып, бұл араға қонбағандықтан күзгі шөп әлі тың. Оның үстіне Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кіші-гірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы. Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән салатын.

Қазақ даласында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қара түлкісі, қырдың қызыл түлкісі, көл, өзендерінің жағасында сусар, құндыз, бұлғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі...

Осы араға Зейнептің аулы келіп қонған. Қоңырқұлжа ұры-қарыдан тоқалының мал-мүлкін қорғау үшін, сойыл сүйреткен елу жігіт күзетші берген. Қарындасының көші Қарқаралы шетіне келіп тоқтағанын естіген Жамантай «Кенесарының сарбаздары аш қасқырдай жортқан мезгіл ғой, ел шетіне келіп қонған қарындасымды шауып кетсе, Құдайменді тұқымының бетіне қарай алмаспын», — деп Зейнептің аулын күзетуге тағы да жүз жігіт жіберген. Жамантайдың сескенетін де қисыны бар. Осының алдында ғана Кенесарының көк бөрілері Есеней аулын шауып кетті деп естіген.

Осындай бір жағы қорған, бір жағы аңдушы жүз елу жігіті бар жас тоқал ойын-сауығын құрып, көк Есілдің жағасында қаннен-қаперсіз жата берген. Оған жан-жағындағы екі елдің қыз-бозбалалары да жиі қатынасуда еді. Зейнепке «Пәленшенің болыс баласы сені бір көруге құмар екен», «Түгеншенің Бұқарға керуен айдатып жүрген мырзасы, бір түндік ұйқыңды қиюың үшін төрт тай шәйі, бес бас қант жіберіпті», — деп бой жете бастағаннан-ақ сөздерін жеңіл өткізіп үйренген жеңгелері де келіп-кетіп жатқан-ды. Бәрі де жас құлынның етін жеп, сары қымыз бен қою шайын ішіп «Еркежан-ау, бөксең әбден толып, өзің Төлегеннің қырық күн шапса болдырмайтын көк жорғасындай жалпақ жаурын болыпсың ғой», — деп қалжыңдап, не болмаса «төрт түлігің түгел, тек енді аға сұлтан байыңа бір ұл тауып беріп, оның дізгінін мүлде қолыңа ал», — деп ақыл айтып көңілін көтеретін. Бұрынғыдай «Еркем-ау, бәленшенің аузының суы құрып жүр, бір түнге көңіл бөлсең нетеді?» не болмаса: «Жас кезде қызық көргенге не жетеді, ағаңның көзіне шөп салмай, етегіне намаз оқып жүр дейсің бе бізді. Сен де құр қалма», — деген секілді Зейнептің жанына майдай жағар сөзді бірде-бірі айтпаған. Ал ауыл ішіндегі көз тоқтайтын төлеңгіт, не болмаса өзін қорғауға берген сарбаздардың бірде-бірі не күндіз, не түнде Зейнептің ақ отауының есігін ашпайды. Ал есігін ашар болса, іштерінде нелер боздақ, нелер саңдақ бар. Оны Зейнеп сырттай аңғарып қалған. Кім біледі, ол жайсаңдардың ішінде де «шіркін-ай, оңашада қолыма бір түсер ме еді!» — деп Зейнепке сыртынан құмартып өліп жүргендер де аз емес шығар, бірақ Қоңырқұлжаның кәрінен қорқады. Жамантай да, Қоңырқұлжа да жігіттеріне «ауыл ішіне кіруші болмаңдар, қостарыңды далаға тігіп, тыныштықтарын сырттан барлаңдар» деген.

Бұл шартты бұзғысы келген, Зейнепке қызыққан кейбір өжет жігіттер, Қоңырқұлжаның сақ құлақ тыңшыларынан сескенетін. Түн жасырғанды тыңшы көреді, жас тоқалдың ебін табамын деп жүріп, кеудесіне қанжар қадауға кім құмар...

Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын Зейнеп, күйеуге шыққалы еркексіз үш күн жатып көрмеген жас денесінің күйіп-жандырған қызуын баса алмай, құшырлай қысқан жүнді кеуде, бура сан жігіттерді аңсап, өліп-өшіп барады... Оған мауқын басар еркек құшағы болмаса, мынау үлде мен бүлдеге бөленген ақ қозы жүнінен бастырған алты қанат ақ отау, көл жағалай жусаған үйір-үйір көк ала көп жылқы, құрметтеп бас иген қыз-келіншек, төлеңгіттердің бірде-бірі қызық емес. Барлық ойы, тілегі, мейлі соқыр болсын, ақсақ болсын тек құмарлық айызын қандырар еркекте ғана... Мауыққан мысықтай көзі тұманданып, ал қызыл бүрте ерні кеуірсініп кеткен.

Ақмолада болып жатқан уақиғадан Зейнеп бейхабар. Шабарман ертең келмек. Әрине, ол байы Қоңырқұлжаға тез жетсін деп әмір жібереді. Кәрі тарланның кей қимылы, жас тұлпарға бергісіз. Сондықтан да Зейнеп оны аңсай түскендей. Бірақ Қоңырқұлжа келгенше де шуда жіптей созылған ұзақ екі-үш күн бар алдында... Зейнеп ызадан құшақтап жатқан ақ мамық жастығын түйгіштеп-түйгіштеп жіберді. Сәске болып қалған кез еді. Енді ол орнынан тұрмақ боп аяқ жағындағы кебісін киіп көтеріле бергенде, кенет үй сыртынан ат дүбірі естілді. Жүрістері өктем емес, баяу. Жай ауыл адамдары секілді. «Бұл кім болды екен?» деп Зейнеп сәл ойланды да, әдеті бойынша есігінің сыртында отыратын күңді шақырды. Есікті ақырын ашып үйге кексе қара бұжыр әйел кірді.

— Төре қызы, — деді күң, — жиеніңіз келіп түсіп жатыр.

— Қай жиенім?

— Масан би ауылындағы.

— Қойшы?!

Зейнеп орнынан атып тұрды. Масан Қарқаралыға аты шыққан би, Қаракесек қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы, Жамантайдың ақылшысы. Масанның аталас ағайыны, арғы бабалары «жалғыз көз» Орақ, Қияқ, Тұяқ батырлардың жауынгері болған, Атығай Құсбектің немере қарындасы Гүлбаршынды алған-ды. Осы келіп тұрған сол Атығайдың баласы Есіркеген еді. Баянауылда орыс мектебінде оқып жүрген он алты-он жеті жасар бала жігіт. Зейнептен төрт жас кіші.

Зейнептің Есіркеген атын естігенде төсектен атып тұрмасқа амалы жоқ. Зейнеп он беске шығып, Қоңырқұлжа биыл ұрын келеді екен деп жүргенде Құсбек ауылына барған-ды. Сол жылы Есіркеген де нағашысының ауылына келген. Үріп ауызға салғандай аппақ жүзді, үлкен қой көзді он бір жасар баланы нағашы апалары қызық көріп, бірінен соң бірі үйлеріне шақырып қондыратын. Ол кезде әлі әжетке жарамаған еркек баланы бой жеткен, немесе бой жете бастаған қыз балалардың бір төсекте жанына алып жатуы ерсі емес. Тіпті әке-шешелері бой жеткен қыздарына қорған болсын деп ондай баланы әдейі жатқызады. Есіркегенге Құсбек нағашысының үйіне қонған күні оң жақтағы кең болыскей керуетте екі апасының ортасына ұйықтауға тура келді. Бір апасы осы бой жетіп қалған Зейнеп. Екіншісі Атбасар дуанының бір сұлтанына ұзатылған, енді төркіндеп келіп жатқан Құсбектің үлкен қызы Қадиша деген сұлу келіншек. Қысты күні еді. Үйде сол күні қасқыр қуып, аттары болдырып қонып қалған бір-екі бекзадалар да бар болатын. Құсбек төренің өзі үйде жоқ. Бозбалашылықты басынан талай өткізген сарықарын бәйбішесі, үйінде жатқан қонақтарынан қауіптенді ме, әйтеуір екі қызының ортасына жиен баласын жатқыз-

ған. Қыз ояту ол күнде дағдылы әдет. Шам сөнген соң біраздан кейін қара сақалды қонақтың ертегісін тыңдап жатып Есіркеген ұйықтап кеткен. Қанша ұйықтағаны белгісіз Ўлден уақытта оң жағындағы Зейнептің Есіркегенді «сен былай жат» деп құшақтай іргесіне салғанында ғана оянып кетті. Болыскей керует ақырын қозғалып, түйіршік-шиыршықтарының күміс қоңыраудай әлсін-әлсін шылдырлағандарына қарағанда төсектеріне үшеуінен бөтен тағы біреу келген секілді. Мұның нендей мәні барын білетін бала кенет ызасы келіп, қызғаншақтығы ұстап «бұл кім-ей?» деп айқай салып жібермекші де болды. Өйткені бағана төсекке жатқызар алдында үлкен нағашы апасы ойыны-шыны аралас «байқап ұйықта, апаларыңды біреу-міреу ұрлап әкетіп бара жатса, айқай сал», — деп күлген. Бұнысы «байқа, күзетшің бар», — деп қыздарын қорқытқаны еді. Осы сөз есіне түскен Есіркеген бірден айқайлауды ерсі көріп «бұл кім-ай?» деп қолын созғанда, алақаны ертекші қонақтың қара сақалына барып тиген. Баланың бір сойқан шығарарын сезіп қалған Зейнеп дереу Есіркегенге бұрылып, тентек жиенін бауырына қысып, бетінен сүйе бастаған. Дәл қасында жатқан келіншек апасының қуанышы қызықтырды ма, әлде ұзақ созылған кереует дірілі, қауызын ашуға жаңа жеткен гүл жайнаған жас денесінің сезімін оятты ма, Зейнеп «біз де сөйтейік» деп Есіркегенді бұрынғысынан да құшырлана бауырына қыса түскен. Нағашы апасының сөзін жыққысы келмеді ме, әлде оның ыстық лебі өн бойын қытықтап, бұрын білмеген бір ғажайып дүниеге бөледі ме, Есіркеген әйтеуір Зейнептің қолын қақпаған, дегеніне көне берген.

Ертеңіне Есіркеген апаларынан ұялып үйден таң атпай зытып отырған. Тіпті аулына кеткенше бұл үйге енді қайтып басын да сұқпаған. Содан бері нағашы апасы Зейнепті көргелі келгені осы. Арада алты жыл уақыт өтіпті. Алты жыл жас баланың ер жетіп, ал ер жеткен қыздың дүниенің нелер ыстық-суығын басынан өткізіп үлгіретін уақыты. Зейнеп тез киініп, шымылдықты түрді. Сөйткенше болған жоқ, қамшысын бүктей ұстап Есіркеген «Ассалаумағалейкүм» деп үйге кіріп келді. Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет жеңділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттерінше киінген. Басында — сырты көгілдір пайы, қара көк елтірі бөрік, үстінде — жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектеп тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары да осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік. Есіркегеннің он жетіге жаңа шықса да кәдімгідей қыз қызығар жігіт болып қалғанын Зейнептің ойнақы көзі бір көргеннен-ақ таныды. Ол құшағын жайып қарсы жүрді. Жиенін бауырына қысып екі бетінен кезек-кезек сүйді. Нағашы апасының ыстық ерні, апалық ылтипаттан гөрі ыстығырақ тигенінен қысылып Есіркегеннің екі беті дуылдай жанып қызарып кетті. Әлде бұдан алты жыл бұрын өткен оқиға есіне түсті ме, ол әйтеуір Зейнептің құшағынан қымсына қимылдап тез босанды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет