«алаш» баспасы



бет9/26
Дата19.12.2016
өлшемі5,84 Mb.
#4110
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26

АБАЙ

Сын - айтыс

Әдебиет (туралы) айтыстарымыздағы негізгі мәселенің бірі — ескіні тексеру. Дап-дайын тұрған, даладан тегін тауып алатын ештеме жоқ. Жаңа ескіден құралады. Ескіні құрастырып, қорытып «кәрі» тарих жаңа шығарады.

Тарих, ғылым, өнер, салт-сана, әдебиет мәселелерін тексергенде бізге даңғыл жол — марксизм. Сондықтан ескі мұраны да тап тілегінің көзқарасымен, материализм жолымен бақайшағына шейін шағып, тексеруіміз керек. Бұған келгенде бәріміз де бір пікірдеміз.

Бірақ, бірімізді біріміз жөнді түсінбейміз бе, не болмаса салт-сана мәселелерінде өзіміз олақпыз ба, әйтеуір біздің айтысымыздан «түймеден түйе» шығады, орысшалағанда «босқа найза қиратысу» болып шығады.

«Жаңа әдебиет» журналының үшінші, төртінші сандарындағы соңғы мақаласының «Ескілік» деген бөлімінде Сәбит жолдас ескі мұраларды қалай тексеру керектігін айтқан. Қаншама мені түйремекші болып орынсыз әуре болса да, Сәбиттің дұрыс пікіріне еш ќарсылығымыз жоқ. Ескінің пайдасыздарынан безу керек. Әзірет Сұлтанның моласын мұра есебінде сақтап отырсақ та, «Бақырғанды» жою керек, ескі мұраның құр әдемілігіне қызықпай, мағнасын да тексеру керек; ескінің ішінен пайдалысын ғана теріп алып, жаманын, зияндыларын тастау керек деген Сәбиттің сөздерінің бәрі дұрыс. Мағжанның «қоңыздары» болсын, Әлиханның жастарды «сасытқаны» болсын байқап отыру керек. Сәбиттің бұл сөздерінің бәрі тап тілегінен шыққан сөздер, пікірі қатқан большевик — азаматтың сөздері. Бұған қарсы еш дауым жоқ.

Бірақ, сол ескі мұраның ішінде не бар, не жоғын білу үшін жақсылап оны тексеру керек. Таласымыз, ұғыспай жүргеніміз осы арада.

Гогольге тиіспейік — орыстың ескі ақындарының ішінде салт-сана жолында бізге жақындау тұрғаны осы нағызшыл Гоголь, Пушкиннің ертегілерін - «Борис Годунов», «Онегин», тағы басқаларын және былай қоя тұрайын, ал Лермонтовқа келсек талай қызық нәрселерді табасың. Лермонтовтың «Герой нашего времени» деген романын алсаң, осы күнге керектісі аз шығар. Печориннің пішінін қазіргі біздің айтыс тәртібімен тексере бастасақ «Әптиек» бен қатар мұны да өртеп жіберуге болады. Бірақ, Лермонтовтың сол романы осы күні біздің рабфактарда, басқа орта дәрежелі барлық оқу орындарында әдебиет сабақтарының ішінде тексеріліп жүр. Жастарға мұны да оқытып, үйретіп жүр.

Горькийдің “Фома Гордеев” деген кітабын тексерсең Горькийдің өзі сүйіп қалап алған геройларына баға береріңді, жоқ, соның ішіндегі жалмауыз, тажалы - екі байға артық баға береріңді білмейсің, бұл кітабының ішінде айтылған екі байдың пішіні Горькийдің өзі сүйген геройларынан пішінсіз, сүйкімсіз болып шықпайды. Бұған Горькийдің идеологиясын кірлеуге бола ма? Біздің школдерімізде Горькийдің бұл әңгімесін әдебиет жүзінде үлкен мағыналы, Горькийдің жазғандарының ішінде маңыздыларының бірі - «На дне». Керек болса толық марксизм сынын бұл да көтере алмайды. Горькийдің ертерек жазғандарының ішінде нағыз еңбекшілер идеологиясында жазылған кітабы — «Мать», бірақ, бұл кітабы өзгелерінен анағұрлым нашар шыққан. Ал, не себепті Горький бізге аса қадірлі. Не себепті кеше құшақ жайып, қадірлеп, құрметтеп, қарсы алдық.

Толстойдың басын ауыртпайық. Ал, Руссияда капитал дәуірі абден орнап, өрлеп келе жатқан бетінде жазған Островскийдің кітаптарынан біздің көзқарасымызша талай сорақылықтар шығады. Кей жерлерінде пролетарский идеологияға тіпті жанаспайтын, не қарсы бағыт табасың. Бірақ «оқу тасын кеміріп» жатқан жастарға сол Островскийлерді неге мұжғылатып әуре етіп жүрміз.

Успенский мен Чеховты тағы былай қоя тұрайық. Атақты Салтыковты алып, марксизм жолымен сынағанда талай кемшіліктер ол көсемнен де шығады, ал Достоевскийді мүлдем көміп тастауға тура келеді.

Бұлардың қай-қайсысында да өзіне біткен артықшылығы, иә кемшілігі бар. Бірақ заманына қарай бұлардың бәрі де кемеңгер, бәрі де көсем болған, заманында бұлардың сіңірген еңбегі келешекке салған жолы аз емес. Қазірде де бұлар тағы пайдасыз емес. Бұларсыз жаңадан ешнәрсе ќұрастыра алмайсың. Сондықтан бұлар құрғақ тарих болып, ескіріп далада қалып отырған жоқ.

Бұл айтылған ескілердің бұл күнгі салт-санаға, еңбекшілер жұртшылығына бір керекті жері болған соң, алдымыздағы тілек-мақсаттарға сәйкес, не оның бір пайдасына жаратарлық мәнісі болған соң болар, тиісті орындарында қалып отыр.

Міне, ескілерді білу деген қалай болады.

Бізде қалған ескі мұраның бірі — Абай.

Бірақ, сол Абайдың құлағын қаншама шулатсақ та оның кім екенін, артық-кем жері қайсы, пайдалысы қандай, керектісі не екенін білмейміз. Бұл, мәселелерде әлі күнге шейін негізсіз таластардан әрі аса алмай жүрміз.

Бұрынғы мақаламдағы Абай туралы жазылған бір-екі ауыз пікірімді алып, Сәбит жолдас қайдан тапқанын білмеймін, мені: әдебиетке қиялшылдық көзбен қарайды, Абайды тап тартысының күйінен тысқары тұрған ақын деп таниды - деген секілді жоқ жерден жала жапсыра қойды. Тек Абайды ауызға алған кісінің бәрі осындай ойда болады деген Сәбит жолдастың бойына біткен, тұрақсыз, дәлелсіз құр сенім болмаса, басқа менің сөзімде ондай еш пікір жоқ еді. Айтысымыздың түрі осындай дұрыс пікіріңді теріске айналдыру, орынсыз қағысу, соғысу болып, көбінесе дәлелсіз, негізсіз болады. Абайды болсын, басқаны болсын, құдайды болсын, құранды болсын, Мекелайды болсын, Петр патшаны болсын, ауызға ала отырып-ақ марксизм жолында қалуға болады. Тек пәленді пәлендей дегенмен-ақ кісі кінәлі бола қоймайды. Бір ауыз сөз айтқан кісінің ар жағынан сұмдың іздеудің ешбір орны жоқ.

Сәбит жолдас айқын, ашық жазған сөздеріңді қас пен көздің арасында бұлтартып теріске жорып, білгенді білмедім, көргенді көрмедім, деп отырса оған амалым бар ма? Жалғыз Сәбит емес, басқалар да тексерер.

Бірқатар «жел сөзге» Абай аты кінәлі болғандықтан, бұл мәселеде орынсыз «байбалам» көптіктен еңбекшілер жұртшылығының алдында бұл мәселенің көмескі бола бермей, жарыққа шығуын қажет тауып, білгенімізше Абай туралы өз пікірімізді толығырақ жазуды міндет көрдік.

Абай туралы «өр көкірек», «ұрдым-жық» мінез көбінесе Сәбит жолдаста болады. Бұған қарсы жауапқа алдымен сөзді өлген ақынның өзіне берейік:

...Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын жаны жара.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға да, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етек басты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме!

Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме...

(“Өлсем орным қара жер сыз болмаймадан»)

Сәбит бар, басқа жолдастар бар, Абай жуан және де өзі байшыл, сондықтан бізге керегі жоқ. Абай консерватор, яғни ескішіл, не Абайдың өлеңдерінің сұлулығы шамалы, не болмаса онда аса үлкен ақындық та, иә терең ой да жоқ. Және Абайдың пікірі, жолы бұл күнгі еңбекшіл елдің жұртшылығының тілегіне үйлеспейді дейтіндер алдымен Абайдың өмірін, ортасын тексерсін.

Абайдың жалпы идеологиясын кейін тексерерміз. Әзірге айтатынымыз «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» деген ақынның сөзі осындай орынсыз сөздердің көбіне берілетін жауап. Тағы да:«ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» деген сөз Абайдың сыншыларының есінде болатын сөз.

Әрине, бұл күнде Марксті, Плехановты, Ленинді түн ұйқысында, Абай заманындағы құранның орнына, басына жастап жатып жүрген жастар Абайдың сөзіне тоймайды, онан іздегенін таба алмайды.

Бірақ Абай кім еді, заманы қандай еді?

Ол уақытта әлі келген қазақтың балалары сәлдесі қазандай молданың алдында шарта жүгініп әптиекті ежелеп, жамыраған қозыдай шуылдап отыратын заман емес пе еді? Бұл ортадан Абай өзіне азық болар не тапты?

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім.

Мақсат алыс, өмір шақ.

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес...

(«Сегіз аяқтан»).

Бұл өлең 1889-шы жылы жазылған. Ал, онан бері не заман өтті? Сол өлең жазылатын замандағы орыс елінің жұртшылығының басшы адамдары Чернышевскийлер, Салтыковтар, Михайловскийлер еді. Пушкинді қояйық, осылардың идеологиясын тексерші, бұл күнгі Сабит жырлап жүрген еңбек-шілдер жұртшылығының жырын солардан да таба алмайсың. Бұлардың заманы, көз алдында тап болып, құралып келе жатқан жұмыскерлер табының заманымен қоныстас еді. Тек Чернышевскийдің сөздерінде ғана жаңа басын көтеріп келе жатқан таптың шала-мұла ізі бар.

Бірақ сол Чернышевскийлер бар, Салтыков, Михайловскийлер бар, артынан іздерін басып Плеханов, Лениндер шығатынын байқамай қалса, Абай сорлыға не кінә.

Абай партия жасады, болыстыққа таласты. Өз елінде өзіндей жуандардан жеңіліп қалған соң, сарындап өлең жазды. Өлеңдері ескілікті жоқтау, жуандықты кексеу — дейтіндер бар.

Бұған алдымен айтатын жауап: ақынды болсын, кімді болсын тексергенде тек тумысын еске алып, оның сіңірген еңбегін, істеген қызметін соған қарап бағалауға болмайды. Екінші айтатынымыз: атақты ақындардың, не ғылымға таудай еңбегін сіңірген данышпандардың ішінде талайының талай қызықтары, талай кемшіліктері, не мүлде жиренішті істері, не өмір жүзінде істеген қателері болған. Қайта көргенсіз өскен Абайда олардың көбінде болған сорақылық жоқ. Партияшылдығы - ортаның жемісі.

Абайды (консерватор) дейтіндердің біреуі сол Абай заманында туса, кім білсін, Абайдың сойылын соғушылардың бірі болып қатынды-қалашты, кәріні, жасты бірдей қамшылап жүретін тентектердің біреуі болар ма еді. Абайды партияшыл дейтіндердің біреуі сол заманда туса, Абайға қарсы партия ашып, таласып Абайдан не жеңіліп қалып, не жеңсе, барымта ашып, отыратын жуандардың біреуі болар ма еді, кім білсін. Мұны - заман дегенді, орта дегенді ұмытып кетіп, жеңіл сөйлейтін жолдастарға амалсыз мисал үшін айтып отырмыз, әйтпесе, «құдай сақтасын», жуандықты, не Абайдың жуандығын ақтағанымыз емес.

Жә, өңшең партияшыл бұзақылардың ішінен, талай жалмауыз жуандардың ортасынан бір нәрсені іздеп, аңсап жалғыз Абай қалайша шықты? Сол ортаға тоймағанын, өз өміріне риза болмағанын Абай ғана білдіре алды ғой. Мәніс осы арада.

...Жартасқа бардым

Күнде айғай салдым.

Онан да шықты жаңғырық,

Естесем үнін,

Білсем деп жөнін.

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас, бір жартас,

Ќаңқ етер түкті байќамас...
...Білгенге жол бос,

Болсайшы қол бос,

Талаптың дәмін татуға.

Білмеген соқыр,

Қайғысыз отыр,

Тамағы тойса жатуға.

Не ол емес,

Бұл емес.

Менің де күнім,

Күн емес...


Бұлар не сөз, ненің жыры?

Тек қана болыстық іздеген кісінің сөзі деп айта алмаймыз.

Бұл сарындамалық деп оп-оңай айта салатын жолдастар болар. Біздіңше олай да емес.

Бұл сөзде де тірідей көме салған адамның жер астынан шыққан, күңіренген дыбысы бар. Не қарауыл салған, не тау-тасты жаңғыртып түн ішінде жым-жырт ұйықтап жатқан елді шошытып, аттан салған ащы дауыс бар.

Мұндай үн, мұндай дабыл тек қана болыстық іздеген кісіден шықпайды, тағы сарындамалық болмайды.

Біздің байқауымызша бұл сөздер өзінің өскен ортасынан жиреніп, басын тауға да, тасқа да ұрып, бір нәрсені іздеген адамның, не жәрдем сұрап, көмек шақырған адамның сөздері. Бос сандырақ емес. Бірақ, ол бейшараның «ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей, мен келмеске кетермін түк өндірмей» - деп түк таба алмай татыр жерге шашқан тұқым секілді тұншығып өліп кеткен түрі бар.

Абай ғылымды іздей ме, жоқ болмаса қазақ ішінен жаңа орнап келе жатқан капитал дәуірінің айғайшысы ма, әйтеуір, айғайы зор.

Сәуле іздеп, жарық іздеп жүрген адам тағы (консерватор) болмайды. Енді Абайдың ақындығын тексерейік.

Құлақтан кіріп бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар.

Әнді сүйсең менше сүй.

Дүние ойдан шығады,

Өзімді-өзім ұмытып,

Көңілім әнді ұғады,

Жүрегім бойды жылытып.

Аңсаған шөлде су тапса,

Бас қоймай ма бастауға,

Біреу түртсе я қақса,

Бой тоқтамас жасқауға...

Міне, Абай ән мен күйді қалай таниды. Өлеңнің басы «пісіміллә» болып жүргенде, қазақ ішінде әліпті таяқ деп танитын бірен-саран адамдардың білетіні «Бақырған» «Сал-сал», «Зарқұм» секілділер болатын заманда ақындық болмаса мұндай сөз кімнен шығады?

Өзгеге көңілім тоярсың,

Өлеңді қайтып қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың.

Сайра да зарла қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын, көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.
Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса сол алсын.

Орыстың тұңғыш Державин, Майков, Козловтар секілді ақындарын былай қойып, Пушкиндерді алсаңыз да өлең, ақындық туралы айтқан сөздерінің көркемдігі, мағнасы осындай-ақ. Қайта өлеңге, ақынға бұлардан да гөрі Абайдың көзқарасы дұрыс.

Өзіміз Абайға таң қаламыз, ұстазы Пушкин, Лермонтовтар болса да, әдебиет жүзінде түк тәлім-тәрбие көрмесе де Абайдан ақындық, өлең қақында сандалбай қиялшыл теріс пікір таба алмайсың. Абай неге Мағжанша - «Мен пайғамбармын». “Мен перімін» демейді. Орыс әдебиетінің атасы жоғарғы екі атақты ақынның да “Пророк”, “Поэт” деген өлеңдеріндег ақындық туралы пікірлері тым сұрапыл қиялшылдық. Мен құдайдың елшісімін, менің сөзім жер сөзі емес, менің туысым дүниемен байланысты емес, дүниені менсінбей кететін мінездерім бар дейтін лепіру жоғарғы екі ақында да бар.

Өлеңді өнер деп білген Абай бұларды да оқыған. Өлең, ән, күй туралы жазған өлеңдерінің бірінде Абай тағы былай дейді:

Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар,

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар.

Бұлар(ды) және де оқып алып, «қой бұлардың да бір қатесі болар» деп өзінше долбарлаған болар. Әйтпесе, Абай да бір лепіріп ұшуға Мағжаннан кем болмас еді деп ойлаймыз.

Жә, Абай мұны қайдан білді? Абайдың марксизмді естімегеніне ешкім таласпас, біздіңше, Абайдың сандырақтамауы - Абайдың негізіне біткен нағызшылдыққа дәлел.

Абайдың жалпы өлеңдерінің көркемдігін алғанда, әрине, бәрі бірдей емес. Кейбіреулері нашарлау, бостау келеді. Айтайын деген пікірі кейде бұлдырлау болып шығады, осы күнгі жат болып қалған алла, шариғат деген сөздер жолығады.

Мұндай кемшіліктер тек жалғыз Абайда емес. Қандай ақын болса да барлық сөздерінің ажары, мағынасы бірдей бола бермейді. Ақынның өсіп барып тоқтаған жері болады. Оған шейін ақынның сөздерінің ішінде бұлтақ-сұлтақ, кем-кетіктер бола береді. Ал, ескіріп қалған пікірлеріне, не алла деген секілді сөздеріне Абайдың заманы кінәлі. Осындай нашар шыққан Абайдың өлеңдерінің бірі «Интернатта оқып жүр» деген өлеңі, бұл өлеңнің басы:

Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы.

Жаңа өспірім, көкөрім,

Бейне колдың саласы,-

деп тым әдемі басталады да әр жағы сұйылып кетеді.

Тағы осындай нашар келген, айтайын деген пікірі бұлдырлау шыққан Абайдың өлеңдерінің бірі «Замандастар туралы» деген екі өлеңі.

Тағы да осындай әлеңдерінің әр жерінде кемшілік табылады. Әрине Абайды түгелімен бүгінгі салт-сана ыңғайымен тексерсең Абай артта қалып қойды. Бірақ, «Шу дегенде құлағың тосаңсиды, өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей» - деп ақынның өзі айтқандай, заманына, ортасына Абайдың өлеңдерінің бәрі бұрын көрмеген, естілмеген таңсық сөз, жылтыраған маржандай көрнекті зат.

Қазақтың көбі-ақ өлең жазады. Абай секілді өлеңшілер қазақ ішінде бұрын да көп болған деушілер де бар. Бұған біз нана алмадық. Рас, өлеңшілер қазақ ішінде бұрын да болған, бірақ дәл Абайдай ақын таба алмайсың. Абайды және де жабайы қара өлеңшілерге тағы қоса алмайсың.

Абайдың ақындық беті тым күшті болған. Бірақ Абайдың ақындығы орнығып, бір негізге тоқталмаған, ойы, пікірі дөңгелектеніп жетпеген. Жазудың ретін үйрене алмаған. Сондықтан Абайдың өлеңдерінен әртүрлі күй табасың. Керемет терең ой мен әдемі, көркем келген суреттермен қатар тұмандау, күңгірттеу келген жерлер де жолығады. Желдей есіп, қозғап отыратын сөздермен қатар қаражаяу өлеңдер де табылады.

Орыстың ақындарынан Абайға әсіресе үлкен әсер берген Салтыков пен Лермонтов, азыра Пушкин мен Крыловтың да белгісі бар. Ой жағынан Абайға үлкен әсер берген Толстой.

Абайдың өлеңіндегі көп кездесетін елдің кемшіліктерін, жаман әдет мінездерін сықақ, мысқыл ету, мазақтау надандықтарын сөгіп күлу - барлығы Абайдың Салтыков пен Крыловтан алған сабағы. Сырласу, сезім күйін тартуы (лиризм) Лермонтовтың әсері. Өлеңдерінің жалпы ырғағы Пушкин мен Лермонтовтан алған үлгісі. Абайдың өзінше соғатын пәлсапасы Толстойдың сабағы.

Әрине, бұл айтылғандар айып емес. Абай секілді наданға үш ай ғана орысша оқып алып қартайғанда Салтыков, Толстойларды оқып, бұлардың бәрін өзінше долбарлап, жоғарғы сынды жыр жырлап кету аз еңбек емес. Еліктеу деген атақты ақындардың қайсысында да алғашқы бетінде болады. Бара-бара ақын өседі, кемеліне келеді.

Таза көркемдік жағынан қарағанда Абайдың «Сұлу ұрғашы», «Жылдың төрт мезгілі», «Аттың сыны», «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңдері көңілге әбден толымды. Абайдың әйелдер туралы айтылған өлеңдерінің барлығы да Абайдың өте шеберлігін көрсетеді. Абайдың әйелге көзқарасын кейін айтармыз, бұл арада айтатынымыз Абай көңілді, сырды, тілекті, нәпсіні жеткізе білген. Тек надандығына жататын «Тар төсекте төсіңді иіскер ме едім жалаңаш» яки болмаса «Тал жібектей оралып, гүл шыбықтай бұралып, салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып» деп төтесінен салып кететін мінездері бар. Бірақ Пильняктардың еркек пен әйелдердің қатынастары туралы осы күнгі жазып жүргендеріне қарасаң Абайға бұ да айып емес.

Елдің ішіндегі түрлі кемшіліктерді, жаман-жақсыны өзінше тексеріп жазған Абайдың өлеңдері қазақтың сол кездегі тұрмысына сайма-сай, кейбіреулері осы күнгі тұрмысқа да жарап кетер еді. Тек осы күнгі еңбекшіл елдің тұрмысына сайма-сай осындай өлеңдерді біздің жас ақындар жаза білсін.

Абай өзінің заманында жалмауыз жуанды мазақтады. Партияшыл, кесір, сотқар болыстарды жерледі. Арамтамақ, еріншек «іздегені айт пен той» жалқауларды не тыртақ, жыртақ «босбелбеу босаңсыған бозбаланы» сықақ етті, талапсыз, намыссыз кедейді сөкті. Заманына қарай бұл үлкен батылдық, үлкен өткірлік, үлкен данышпандық еді. Абайдың бұл сөздері елге үлкен әсер берді. Не себепті Абайдың бұл өлеңдері бір уақытта қазақ ішіне соншама жайылып, кәрі де, жас та, бала да, шаға да, әйел де, еркек те аузынан тастамай жүрді? Өйткені бұлардың бәрі елдің ойына, пікіріне үлкен әсер берді. Өзгеріс жасады. Әркім Абайдың сөздерінің ішінен өзін-өзі тани қалды.

Біздің жас ақындарымыздың жырлауына лайық тақырыптар аз ба? Кеңсешілдік, төрешілдік бар. Жуандардың, атқамінерлердің қалмай жүрген қылықтары, сұмдықтары бар. Кедейлердің әлі де арылмай жүрген қызық-қызық маубастық, даңғойлық, не өнерсіздік мінездері бар. Жаза берсек кемшілігіміз толып жатыр. Тек біздің еңбекшіл елдің ақындары осыларды түгел жеткізе біліп, жырлары күллі қара бұқараға тарап, қойшы-қолаңшы, қатын-қалаш бәрінің аузында жүруіне тілектеспіз. Біздің еңбекшіл ел өзінің кемшілігін сезіп, алдындағы тілектерін көріп, ақынның айтып берген екі ауыз сөзімен жырлап жүрсе, міне, бізде де Крылов, Салтыков, Демьян не Абай туды дейміз.

Абайдың осы айтылған мысқылшылдық, мазақтаушылық күлгіштік (орысша айтқанда сатира) мінездерінде Гоголь, Салтыковтердің жолы айқын көрініп тұр. Абайдың бұл өлеңдерінен теріп, кесімдер алып отыруға ешбір мүмкіндік жоқ.

Бірақ, бұлардың көбі өткір, ашты болса да, көркемдік жағынан өзге өлеңдеріндей емес, төмен.

Егер де Абай үлгі көрген болса, жазу техникасын үйренсе Гогольдің Собакеевич, Ноздарев, Хлестаков секілді кейіпкерлерін де, Салтыковтың Разуваев деген Я.Гончаровтың Обломов деген секілді кейіпкерлерін шығарар ма еді, кім білсін. Тым болмаса Абай жоғарғы айтқан өлеңдеріне ат қойып кетуді білмеді ғой (заглавие). Тым болмаса Абай өлеңдеріне ат қойып, єр өлеңін ел ішінде болып жатқан оқиғалардан алып, белгілі бір тақырыппен жазып кеткенде өлеңдері мағана жағынан да, көркемдік жағынан да қандай сымбатты болар еді. Тіл жағы Абайдан табылар еді.

Абайдың осы айтқан өлеңдерін түгел тексеріп шыққанда Абайдың Гогольмен, Салтыковпен ағайын екенін танисың. Абайдың негізгі төсегі Гоголь, Салтыков шыққан нағызшылдық, Абайдың ақындығының беті Гейнеге, Салтыковке біткен ұлы, зәрлі өткір тіл, ащы сөз, біздің байқауымызша, Абайдың ақындық пішіні, міне, қандай.

Бірақ, Абай кемеліне келе алмай кеткен. «Соқтықпалы соқпақсыз жерде жүріп» арып, ашып, шаршаған, «Екі кеме құйрығын, ұста - жетсе бұйрығың» деп болдырып отырған.

Абай бір жағынан мысқылдап, мазақтап отырса, екінші жағынан Гогольше қамығады, шаршайды. «Ғылым да жоқ, ми да жоқ, даладағы аңдарсың» деп сөгумен қатар: «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» - деп тағы шаршайды. Абай әлінше елге үгіт айтады, білгенін үйретпекші болады. Абай мінеп-шағып отырып: «талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын» - дейді. Бұған қарағанда Абайдыкі тек қиянкескі зар емес. Абайдың белсенді беті болғанын көресіз.

Басында Абайда үлкен талап, көп ой болған.

Жас жүрегім

Жанды менің

Жай таба алмай, я пірім!

Өзің оңда

Жақсы жолға

Ақырын.


Жамырайды

Жапырағы


Жас жүректің, соқса жел.

Түсті мойын,

Толды қойын, Ақты сел.

Мен пәк едім,

Бейғам едім,

Еш нәрседен қайғысыз.

Тез дерттендім,

Кейде өртендім,

Кейде мұз.

Бұл сөз талабы зор болған, бірақ неге кірісерін, не істерін білмей дел-сал болып жүрген адамның сөздері.

Абай міндеті зор екенін, бірақ оған қарсы өзінің шамасы аз екенін ойлап, шыққан жолы ұзақ екенін және бірақ бұл жолға керек жабдық, жол азығы шамалы екенін тез сезеді. Міне, осыларды еске алсаңыз: «Мен келмеске кетермін түк «өндірмей» деген сөздерді айтқан кісінің кім екенін түсінуге болады.

Ақынның өзімен-өзі сырласатын, не елге шағынып, мұңдасатын уақыты болады (лиризм). Бұл, бірінші, ақынның не өзінің шаршағандығынан болады, не төңірегіне тоймағандығынан, яки, тұрмыста кездескен кемшіліктерден шыққан ызадан болады. Онда ақын өз қиялын жырлайды, мұңын шағады. Ақынның ыстық жүрегін қозғаған тұрмыстағы бұзақылық, кемшіліктер ақынның өткір тілінен, улы, зарлы жыр шығарады; мұнымен қатар ақын жұртқа тілегін айтады, мақсатын, көксегенін жария етеді. Мұндай өлеңдердің бәрі далаға бос төккен көздің жасы болмайды. Мұндай жырлар атақты ескі ақындардың бәрінде де бар. Осы күнгі еңбекшіл елдің ақындарында да болмақ. Тек, оның орны бар, реті бар. Нағыз коммунизмге жеткенше тұрмыстан талай кемшіліктер, жүректі қысып қапаландыратын талай оқиғалар, өмірде талай талас-тартыстар, талай аянышты суреттер табылады. Ақын бұларды жырламай отыра ала ма? Ақын оққа ұшып, жолдасынан айырылған аққудың кейпін айтса, оны зарлатып қойған адамның қылығын, ісін айтса, мұнан босқа төккен көз жасы табыла ма? Аққуды пісіріп жеуге болатын шығар, еті тәтті шығар. Бірақ, өмір деген кімнің өмірі болса оныкі болсын - зор мағналы сыр, дүниенің ең үлкен мағналы жері, ең әдемі көркем жері осы өмір. Сол көркем өмірдің иесінің бірі - көркем аққу. Сол бәрімізге ортақ көркем өмірдің бір иесі - көркем аққу адамның нәпсісі, қызығы үшін оққа ұшып өліп жүрсе де, о да өмірдің үлкен бір сыры. Көркемдік деген, міне, қандай болады. Жалғыз өзінің ғана сыншы екеніне әбден сеніп, үлкен батылдықпен сөйлейтін жолдастарымыз бұл суреттің көркемдігін танымай, орынсыз жылау десе, біздің надан қара бұқара қойшы-қолаңшы мұның көркемдігін әбдан таниды.

Ал, мұндай сырласу, қапаланудың екінші жағы бар. Мұндай лиризмнің аяғы сарындамалыққа түсіп, бір күйзелген нәрсенің, не бір семіп, азып, жоғалып бара жатқан нәрсенің күйігінен шыққан зар болады. Абайдікі ол емес.

Заманын алсаң, ортасын алсаң - Абай, суреттеп айтқанда, ерте шыққан бүлдірген, сондықтан Абайдың қапалануы, шағынуы, жылауы бәрі дұрыс, бәрі орынды.

Абай қапаланып, шағынып былай дейді:

Көңілде қайғы, қалың зар,

Айтатұғын сөзім бар.

Салсын құлақ ұққандар,

Өрбі сөзім, өрбі енді!

Іште қайғы, дерт қысып.

Көкіректі өрт қысып,

Айтуға көңілім тебіренді.

Өскен ортасының кемшіліктерін әбден сезіп, өзі көрген жуандардан, молдалардан жиреніп, өнерсіз жалқау елден көңілі қалып, сенімі кеткен Абай былай дейді:

Ал сенейін, сенейін;

Айтқаныңа көнейін.

Сәлде ораған сопының

Ішін арам демейін.

Жаралы көңіл жазылар,

Дүниеде рақат бар шығар.
Ақ көңілді, әділ жан,

Табылар деп көрейін.


Иә, сүйсе, я күлсе


Елжірейін, төнейін.

Өзінің туып-өскен ортасынан ешбір көңілге толымды нәрсе таба алмай, басқаны көрмеген, білмеген Абай, сонда да отырып алып: қойшы осы, маған не болды. Қой, күллі дүние бұзық жаратылып, жалғыз мен ғана дұрыс болып тумаған болармын, осы мен білмеген бір сыр бар шығар - деген кісідейін таңданып, тағы тұрады. Бірақ сорлы Абай жарық сәуле көрмей кетті, көрсем екен, білсем екен деп көп зарланды. Міне, сондықтан ойын тұман басып, өзімен-өзі сырласқанда жазған ең әдемі өлеңінің бірі:

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса,

Күңгірт көңілім сырласар,

Сұрғылт тартқан бейуаққа.

Міне, осы зардың ба:

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным-

деп қамығып отырады.

Бұл жырлардың бәрін Абайдың заманымен, ортасымен, өмірімен салыстырып отырып сынасаңыз әбден түсінікті. Бос зар, орынсыз асанқайғылық емес. Және де мұнда бір тиындық сарындамалық жоқ.

Бұл өлеңдерін оқығанда алдымен еске алатын нәрсе - бұлардың бәрінде Лермонтовтың әсері бар. Абай ортасынан тойған, басы даң-дұң болған жан. Әрі жүгіріп, бері жүгіріп қайтерін білмей, өкпесін соғып, далақтап отырған аш қасқыр. Бұған Лермонтов секілді жан кездессе, ар жағын тексерер шама бар ма, салмай ма көкжал қасқыр азуды. Әйтпесе, Абайдың сөзінде түк сарындамалық жоқ. Қайта, Абай осы халде отырып, Лермонтовтың салған бүлігін жасаған жоқ.

Жә, кейбіреулер бар: Абайдың осы айтқан өлеңдерінен бастап қазақ әдебиетінің төсегі сарындамалық - дейтін. Бұлар өздеріне тәтті көрінген қиялды басқаға да жапсырады, күллі дүниеге солай қарайды.

Шын сарындамалықтың бір тұқымы болу керек қой. Нағыз сарындамалық, өскен кемеліне жеткен, асып-төгілген күйзелген бір нәрсенің күйінен шығады. Көктен түскен орынсыз не сарындамалық? Тек күнбатыста Байрон, Ришардсон, Лермонтовтар болды екен деп айтылмаса, бұл сөздердің еш орны жоқ.

Ал, тіл жағына келсек, Абай өте шебер. Өлеңдерінің көбі жабайы тілмен келіп жеңіл оқылады. Тағы сол жабайы тілмен отырып орайтын мағанасы тым үлкен, қозғайтын сезімдері аса нәзік болады. Өлеңдерінің ішінде хат танымайтын қара қазақтар түсінбейтін сөздер, орамдар жоқ. Тек, анда-санда бірер жерлерде орысша, не бір бөтен басқа тілдер кездеседі. Міне, ақынның бір қадірі осы.

Қаншама «әдебиет», «әдебиет» деп шуылдасып жатсақ та, осы күнге шейін тілге бәріміз де шорқақпыз. Дәл бұл заманда азды-көпті әдебиетіміз болса да, бірқатар өсіп, ержетіп қалсақ та тіліміз бай деп айта аламыз ба?

Ғылым тілдерін құрастыратын білімпаздарымыз талай қызық тілдер шығарып жатқан жоқ па?

Ел мейлі не десе о десін, біз өзіміз тіл жағына келгенде Абай - Пушкиндей демесек те, істеген еңбегінің қадірі онан бір де кем емес деп ойлаймыз. Пушкин Абайдан артық болса, оның алдында азды-көпті соқпағы болды ғой. Пушкиннің заманы орыс елінің білім-өнер жүзінде өршіп келе жатқан заманы еді ғой; өзімен қатарлас Пушкиннің Гоголь, Грибоедов, Крылов секілді замандастары болды ғой; Пушкин өзіне жетерлік азық алды ғой, Европа әдебиетін түгел тексерерлік Пушкинде білім де, тіл де болды ғой. (Пушкин басында өзінің ана тілінен француз тілін жақсы білген, жасында французша өлеңдер де жазып жүрген).

Ал Абай сорлы не көрді? Дәл бұл күнде тіл жағынан Абайдан озып кеткен шығармыз, онымен Абайдың қадірі азая ма? Олай десеңіз бұл күнде Пушкиндердің де тілі қартайып қалды.

Абай өлеңдерінің әдемі жерлерінің бірі - Абайдың жасаған переводтары (аудармалары). Пушкин, Лермонтов секілді үлгілермен отырып жазған өлеңдерінің әдемілігі Абайдың ақындығын тағы дәлелдейді.

Абай, көбінесе, Лермонтов пен Крыловтан аударған. Мұнысы тағы да еске алатын нәрсе. Пушкиннен перевод етілгені «Онегин мен Татьяна» ғана. Абайдың басылған кітабындағы Лермонтовтан жасалған переводтарының бір-екеуінен басқа барлығының аттары жоқ. Сондықтан қай өлеңдер қай жерден алынғанын іздеп тауып алып, салыстырып оқу - үлкен еңбек. Себебі, Лермонтовтың ұсақ өлеңдері тым көп. Көбінесе, осы себепті Абайдың жасаған переводтары қақында жалпыға ортақ бір пікір жоқ.

Тек перевод көзімен ғана қарағанда құбылжытпай өте дұрыс жасалған переводтар мыналар:



  1. Көңілім менің қараңғы бол-бол ақын, (“Еврейская мелодия”) - из Байрона1

2. Тұтқындағы батыр — «Пленный рыцарь».

3. Қанжар — «Кинжал».

4. Рахат мені тастап қоймадың тыныш.— «Хоть давно мне изменила радость».

5. Жолға шықтым бір жымжырт — «Выхожу один я на дорогу».

6. Парус — «Парус».

7. Асау той, тентек жиын — «Казот».

8. Дұға — «Молитва».

Орысша білетін жігіттер осы переводтарды Лермонтовтың өз өлеңдерімен салыстырып қараса, Абайдың шеберлігіне өздерінің де көздері жетеді. Бұл переводтар Лермонтовтың өз өлеңдерінен не мағына жағынан, не сурет жағынан, не тіл жағынан бір де кем емес. Ал, жат тілге үйренген жігіттер переводтың қандай қиын нәрсе екенін біледі. Әсіресе, ақынның тілін, мағынасын, суретін дұрыс перевод ету тым қиын нәрсе. Ол үшін кісінің өзі де ақын болу керек. Перевод деген нәрсенің қиын болатыны: бір тілде бір сөзбен айтатын мағананы кей уақытта екінші тілге аудара алмайсың, аударсаң да дәл болмайды; не болмаса бір халықтың тілінің сөз орамы екінші халықтың тілінің сөз орамына үйлеспейді. Әсіресе бұлар ақын сездеріне жатады.

Ал, мұны Абай қалай келістірді? Орыстың Лермонтов секілді тілге шебер ақынының сөздерін қазақтың ол кездегі көсеу тілімен орап әкелу оңай емес.

Заманында Лермонтовтың өлеңдері «темір өлең», «от тілді» деп аталған. Және де заманында жоғарғы өлеңдері әдемі, суретті мағаналы өлеңдер есептеліп, барлық орыс школдерінде жатталып жүрген. Бұларды Абай қалайша жеткізе білді? Ойлаймын, Абай көбінесе бұларды ақындық сезімімен жеткізе білді деп. Әйтпесе, Лермонтовтың кейбір жеке сөздеріне Абай жете түсіне алды ма екен?

Кейбір переводтарды Абай сөзбе-сөз тізіп отырып аудармай, жалпы мағанасын аударып кеткен. Перевод жолында мұндай болады. Орыстардың да талай ақындары, не басқа жұрттың да ақындары жасаған переводтарында басқа ақынның сөздерінің жалпы мағынасын алып, аударып кетеді.

Тек, ақын аударған нәрсенің мағанасын, көркемдігін жеткізсе болады.

Кейбір жерлерінде Абай өзінше пікір қыстырып қояды. Мәселен, Лермонтовтың белгілі «Дума» деген өлеңінің аяғын: «Әкесі аштан өлген кісідей-ақ, неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын» яки Лермонтовтың «Жартас» деген өлеңінің аяғын бұзып: «Бәрі осы-ау деп қыз деген, томсарып тұрып жылайды» - дегендері сияқты. Мұндай өзгерістен ана аударылған екі өлеңнің Лермонтов көздеген мағанасы азырақ бұзылып кетсе де, бұл екі қосымша арқылы аударылған екі өлең қазақтың миына жатымды бола қалады. Бұған қалай қарауға болады? Абайдың біреудің пікірін бұрып отыру білместігі ме? Біздіңше жоқ. Мәселен, Лермонтовтың заманында елді шулатқан, сол замандағы орыс елінің барлық жұртшылығын қаралап айтқан өлеңін, дәл перевод етіп қойсаң қазаққа ұғымсыз да болар еді, керегі де болмас еді. Ал, Абайдың переводы елдің құлағына біртүрлі жатымды болып, қазақтың өз тұрмысына қатынасы бар бір әңгіме секілді болып, қазақ сүйсініп оқитын болды. Әсіресе, біздің ойлап-ойлап таба алмағанымыз мынау. Лермонтовтың «Дұға» деген өлеңі, асылында, орыстың құдайға сыйынатын бір дұғасына арналған өлең. Лермонтовтың өзі де сол дұғаны өлеңдетіп, әрдайым оқи беретін болған. «Дұға» деп жазған өлеңнің ішінде, жүрегім қысылып, қапаланғанда, сол дұғаны оқимын деген Лермонтовтың пікірі де, сөзі де ап-айқын тұр. Ал, Абай переводында: «Сонда сенің ойыңды басатұғын, осы өлең оқитын дұғам менің» - дейді. Мұны қалай жоруға болады? Абай «Молитва» деген сөзді қазақшаға айналдырғанда «дұға» деген сөзден басқа мағана шықпайтынын білген шығар. Үйткені өлеңнің атын аударғанда Абайдың өзі де дұға деп отыр. Ал, Абай Лермонтовтың айтып отырған «Дұға» деген анық пікірін теріс түсініп қалып отыр деуге, бұл өлең шебер сезім тілімен жазылған өлең, сонда да басқасын Абай, Лермонтовтай, Лермонтовтың сөзінен бір кемітпей аударып отыр.

Бұған қарағанда, Абай Лермонтовтың анық пікірін түсінбей отыр деуге ешбір орын қалмайды.

Ал, бұл айтқандарды біз: көрдің бе, Абайдың құдайға құлшылығы аз, нағыз большевик емес пе - дегендіктен жазып отырғанымыз жоқ. Абай «дұға» деген сөздің орнына «өлең» деген сөзді қосып жібергендіктен, қалған переводтың ішінде Лермонтовтың ешбір сөздерін құбылжытпай аударып отырса да, Абайдың переводын Лермонтовтың өз сөздерімен салыстырғанда, мағана жағынан болса да, көркемдік жағынан болса да асып түсіп отыр. Осы айтылған үш өлеңнің аяғына өзінен үш ауыз сөз қосып жіберіп перевод еткен өлеңдердің сырын да, сымбатын да өзгертіп жіберетін мінез, Абайдың тағы да басқа переводтарында кездеседі. Бірақ Абайдың мұндай өзгертуінен жасаған переводтарының не көркемдігі, не мағанасы Лермонтовтың өз сөздерінен кем болып шықпайды. Кейбір өлеңдерді Абай өзінше аударып жібереді. Мәселен, «Өзіңе сенбе жас ойшыл» («Не верь себе») деген секілді өлең. Белгілі Онегинді алсақ, Абай мұның керекті жерін ғана алып, өзінше лайықты көркем түрмен аударған. Бірінші Онегиннің переводы тіл жағынан Пушкиннен қалыспаған, екінші кей жерлерде Абай Пушкиннің сөздерін өзгерткенімен, мағанасы дәл шыққан.

Абайдың Онегиннен перевод еткен жерлері:

1. Татьянаның хаты.

2. Онегиннің бақшада жүргенде Татьянаға кездесіп, берген жауабы.

3. Онегин мен Татьянаның соңғы кездесіп, сөйлескен сөздері.

Оқушылар, алдымен ескертетініміз, Абай осының бәрін Онегин мен Татьянаның бір-бірімен хаттасуы түрінде етіп шығарады. Абайды түсінбей, шатастырып алып отыр деуге переводтағы Абайдың сөздерін Пушкиннің өзімен салыстырсақ ондай сенімсіздікке тағы орын қалмайды. Сондықтан қыз бен жігіттің хаттасып жүруін бұрын қазақ тұрмысында жастардың жақындасуының ең сыпайы түрі болған соң Абай әдейі барлық переводын хаттасу түрінде алып отыр.

Ескі қазақ тұрмысындағы еркек пен әйелдің қатынастарын, елдің бұл мәселеге көзқарасын, «тек қана хаюандық нәпсі» деп қарап, жастардың бір-біріне өнегесіз қалжыңдармен, дарақы ойындармен бастап, жақындасатынын негізсіз тауып, Абай басқа елдің әйелі мен еркек арасының қатынасына көз салған. Әрине, алдымен Абайдың көзіне түсетін нәрсе «Онегин». Абайдың Пушкиннен жалғыз Онегинді алып, перевод етуінің өзінде бір мәнісі бар. Абай Онегиннен алдымен жоғарғы мәселеге жауап іздейді.

Егер де Абай елге бір қызық әңгіме жазып беруге ғана ниетті болса, онда әңгімені Абай Татьянаның хатынан бастамай, Ленский мен Онегиннің атысынан (дуэль) бастар еді. Шіркін баяғы қиссалардағы ғашықтар секілді қыз үшін қып-қызыл ала қан болып жату қазекеңе қандай қызық әңгіме! Абай оның дуэль суретін тағы келістіріп жаза алар еді.

Жоқ, Абай жастарға Онегин мен Татьянаны үлгі қылғысы келді, сондықтан, Абай Онегиннен аударған жерінің бәрін қыз бен жігіттің хаттасуы түрінде жазып қойған. Заманына қарай бұл Абайдың үлкен шеберлігі.

Себебі, сол замандағы жалпы қазақтың тұрмысына жат Онегиннің әңгімесі Абайдың көздеген мақсатына асып, жастардың құлағына жұғымды, жанына жайлы, ел ішінде жастардың аузынан қалмай жүрген бір өлең болды. «Онегин мен Татьянаның айтысуы» деген өлең сол замандағы жастарға жаңа сыр ашты, жаңа көңіл, жаңа сезім берді.

Онегиннің жалпы әңгімесі небәрі ғашықтықтан ғана құралған әңгіме емес, Онегиннің басына душар болған Татьянаның зары.

Қазақша айтқанда «үрген қуық» секілді, не «қу қаңбақ» секілді бос өткен қуыс өмірдің бір салдары еді. Онегиннің өзі өнерсіз, білімсіз, еңбексіз, талапсыз еш нәрсеге пайдасыз, бос жүріп қартайған адам. Оның сөзі заманның (сөзі), Онегиннің өзі сол замандағы өнерсіз, білімсіз өскен жастардың ортасының жемісі еді. Абай мұны аңғарды ма?

Біздіңше Абай Онегиннің жалпы мағанасын аңғарған. Бұған дәлеліміз Абайдың «Онегиннің сипаты» деп төтелеп аударып жазған өлеңінде Абай Пушкиннің Онегинінің сипатын дұрыс суреттейді.

Абай Онегиннің жалпы мағанасын түсінсе де, Онегиннің барлық әңгімесін аударып жырлауды өз ортасына жаратымды көрмеген секілді, сондықтан, Абай Онегиннің әңгімесінің ішінде ғашықтық әңгімесінің түрінде өлең жазғысы келген. Тағы да переводын өзінің көздеген мақсатына дәл шығару үшін, өз тарапынан ең ақырына «Онегиннің өлердегі сөзі» деп өлең жазып қойған.

Біз Абайдың бұл переводын Пушкиннің Онегиніне жинастырып шығарған, қысқаша жастарға үлгі ретінде жазылған өлең деп есептейміз. Абайдың Онегинді перевод етуінің мұнан басқа мәнісі жоқ. Абай Онегиннің барлық әңгімесін жат тұрмыстың төрінен шыққанын сезген. Сондықтан, Абай переводында Пушкиннің романының ішінен алдымен Онегиннің пішінін алады. Оның соңында Татьянаның хатын жазады. Артынан Онегин мен Татьянаның жолыққандағы сөздерін тағы хаттасу түрінде аударып жазады. Әңгіменің ең ақырын Онегиннің өлердегі айтқан сөзі деп тоқтады. Бұл переводтың басталуы да әдемі, ақыры да көркем және сол замандағы салт-санаға қарай мағанасы да зор. Азырақ сөздерін бұзғанына Пушкин Абайды кешірер.

Абайдың екінші бір көркем аударылған переводы “Теректің сыйы”. Бірақ, бұл перевод та Лермонтовтың дәл өз өлеңінің аудармасы емес. Сонда да, көркемдік жағынан, тіл жағынан бұл перевод тағы Лермонтовтың өлеңінен бір кем емес. Лермонтовтың өлеңдерінің ішінде «Теректің сыйы» - ең көркем өлеңдерінің бірі. Осы «Теректің сыйы» деген және тағы бір-екі өлеңдері үшін атақты Белинский Лермонтовты ең алғашқы шыққан бетінде-ақ Пушкинмен, Гетелермен қатар қойған. Ал, Абай кей жерлерін өзгертіңкіреп, өлеңнің жалпы тұрқын қысқартып отырса да, Лермонтовтың бұл өлеңінің еш сыны кеткен жоқ.

Орыстың атақты екі ақыны, Пушкин мен Лермонтов екеуі де Кавказдың сипатын жеткізген. Бұлар екеуі екі жақта айдалып жүріп Кавказға барған. Жә, Абай «Желсіз түнде жарық ай» деп тамылжытып, қырдың түнінің суретін салып беріп отырса, бәрімізге түсінікті. «Асау терек долданып, буырқанып, тауды бұзып, жол салған, тасты жарып» - деп Кавказ суретін, Кавказды естімеген, көрмеген Абай қалайша жеткізіп отыр? Мұны сөзге ұста, көркемшіл, суретшіл бір ақын, екінші ақынның сөзінен танып отыр деп білу керек.

Абайдың переводтарының көбі аударылған атақты орыс ақындарының өз өлеңдерімен салыстырғанда көркемдік жағынан да, мағана жағынан да бірдей отырады. Бұл Абайдың үлкен ақындығына жатады. Кей жерлерде Абай аударған өлеңдерінің жалпы мағанасын алып, бөлек жерлеріне сөздерін өзгертіп жібереді. Бірақ онан аударылған өлеңдер не мағана, не көркемдік жағынан ақсамайды.

«Қараңғы түнде тау қалғып», «Қорқытпа мені дауылдан», “Теректің сыйы”, «Парус» деген переводтар Абайдың үлкен суретшілігін көрсетеді. Бұл переводтардан біздің жас ақындарға сөз жағынан, сурет жағынан әлі де үлгі алуға болады.

Абайдың тағы Крыловтан перевод еткен мысалдары бар. Бұлардың бәрі тіл жағынан, орам жағынан сұлу. Елдің ұғымына жатымды. Крыловтың мысалдарының қазақтың құлқына, мінезіне жатымды екені басқа, ал Абайдың тілі оларды жандандырып жібереді десе де болады.

Мәселен:

Шырылдауық шегіртке,

Ыршып жүріп ән салған,

Көгалды қуып гөлайттап,

Қызық пен жүріп жазды алған.

Жазды күні жапырақтың,

Бірінде тамақ, бірінде үй.

Жапырақ кетті, жаз кетті,

Күз болған соң кетті күй.

Міне бұл секілді тіл Крыловтан артық болмаса, несі кем? Орыс тілін білетін жігіттер біздің пікіріміздің дұрысын, бұрысын Крыловтың өз өлеңдерімен салыстырып сынасын.

Басы айналды қарғаның

Сұмның айтқан сөзіне.

Куанғаннан бөртініп

Бір мастық кірді өзіне.

Өзіне біткен өңешін,

Аямастан «қарық» етті,

Ірімшік жерге салып етті.

Іс бітті, қу кетті.

Әсіресе, тіл дегеннің ақынға үлкен сын екенін бұрын да әлденеше рет айтқанбыз. Бұл арада нағыз мысал үшін айтатынымыз, еңбекшіл елдің осы замандағы атақты Демьян деген ақыны тіл жағынан үлгіні көбінесе Крылов пен Кольцов деген ескі ақындардан алады. Демьянның өлеңдерінің, әсіресе, мысқыл (фельетон) өлеңдерінің түрі, ырғағы көбінесе Крыловтың мысалдарына ұқсап келеді. Тілді жеңіл ғана көретін, үйрену деген нәрсені оңай ғана санайтын жолдастарға мұны есіне тағы салдық. Ал, Абайдың идеологиясына, пікіріне кірісейік:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім.

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Абай ғылымды көксейді. Өлеңдерінің көбінде жарық сәуле іздегендіктің белгісі бар. Бірақ сол жарық сәулені таба алмаған соң қайғырып:

Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын,

Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын -

дейді.Ғылым, өнерден өзі құр қалған соң баласын оқытады.

Адамның бір қызығы бала деген

Баланы оқытуды жек кµрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,-

деп Абай қазақтың нағыз тағы кезінде басқа қазақтың байлары, жуандары баланың қызығын - аталы жерден қалыңдық айттырып, отау түсіріп, балаларын жасынан албырт, есер өсіретін заманда, алдымен балаларын орысша оқытушының бірі болған. Мұны біз Абайдың ғылымды, жарық дүниені көксеп, сөзінде ертелі-кеш қақсап айтып отыруын бос еліктеу емес - шын пейілі, нағыз арманы екеніне дәлел дейміз. Ал, ғылымды, жарық дүниені іздеген кісіні тұрмысы қандай болса, ондай болсын, мейлі болыс болған адам болсын, мейлі партияшыл болсын, заманына қарай жай кісі емес деп танимыз. Мұнан басқа да Абайдың «Қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып, ой таппай, бос үйінде жатады», не болмаса «Терең ғылым, терең ой іздемей, өтірік пен өсекті жүндей сабап» — деген секілді сөздері өлеңдерінің әр жерінде толып жатыр. Абай елге надансың, өнерсізсің, басқа жерде ғылым бар, өнер бар деген сөздерді көп айтады. Өз тұсындағы жастарға Абай, талапты ерге нұр жауар дегендей ғылым ізде, ой ойла, бос жүрме: «айт пен той», я болмаса «құр қу борбай» абұйыр емес деп көп айтады. Сондағы сөзінің бірі:

Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш, я адвокат

болсам деген бәрінде ой.

Не болмаса былай дейді:

Пайда ойлама, ар ойла,

талап қыл артық білуге —

артық ғылым кітапта,

ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме

Оқалы киім киюге.

Осыдан бастап келеді де Абай жастарға мына секілденген аса үлкен талап, аса зор міндет атқарады:

Ғалым болмай немене

балалықты қисаңыз.

Болмасаң да ұқсап баңқ,

бір ғалымды көрсеңіз;

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Абайдың айтқан сөздерінде де, өлеңдерінде де талай кемшіліктер бар. Жоғарыда айттық қой: үлгі ала алмағандыққа жататын, Абайдың керемет үлкен ақындығына дәлел болатын сөздері мен қатар «Қара жазу» өлеңдері де бар. Абайдың надандығына, білім көрмегендігіне жататын, кей жерлерде айтайын деген пікірін бұлдырлау айтып кеткен жері тағы бар. Сол айтқанымыз секілді «Ел бұзылса табады сайтан өрнек, періште төменшектеп қайғы жемек» не болмаса «Ел азды деп надандар мұңаймай жүр, ала жылан, аш бақа күпілдектер кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр» деген секілді Абайдың шикі қазақшылығына жататын сөздері бар. Бұл Абайдың қазақылығы, екінші жағынан бұлар — заман мен ортаның тілі. Бұл аталған сөздері үшін Абай ескішіл болмайды, я ескіні көксеген (консерватор) болмайды.

Ғылым мен өнерді іздеп, қараңғы жұртқа ұмтыл, өнерлі бол деушілер мәдениетке жаңа араласып келе жатқан тарихтың бір белінде де, әр елде де болады.

Бұлар ескішілдер емес. Бұлар жаңа заманның айғайшысы. Және де кез келген адам тарихта бір белінің айғайшысы бола бермейді. Мұндай адамдардың қайтсе де орны бөлек.

Абай заманы қазақтың шаруасы, шикі надан тұрмысы, қала шаруасы мен мәдениет түрімен байланысып, қазақтың ішіне темір жол салыну секілді зор мәдениет ісі араласып келе жатқан заман еді. Мәдениеттің шет жағасын көріп, араласып келе жатқан уақытта, шикі надан елдің салт-санасына үлкен ой туады. Мұны кез келген аталы, жуан жыр қыла алмайды. Бұл айтылғандар қайта ескерілетін үлкен мағаналы тарихи уақиғалар. Ал, Абайдың жалпы идеологиясында сол айтылған заманның үлкен салқыны бар, мұны тексеру үшін Абайдың әрбір мәселеге көзқарасын бір шолып өту керек.

Абай ғылымды іздеумен бірге елге өнерлі бол, еңбек істе деді.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

Тағы бір жерде Абай былай дейді:

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Бұл секілді сөздер Абайда әр жерде кездеседі.

Талап, өнер, еңбек деген мәселелерге Абайды түсінуі былай:

Жан аямай кәсіп қыл,

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң,

Бола ма дәулет несіп бұл.


Еңбек қылсаң ерінбей

тояды қарның тіленбей,

егіннің ебін,

сауданың тегін

үйреніп, ойлап мал ізде.

адал бол, бай тап,

адам бол, мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде.

Тағы бір жерде Абай былай дейді:

Иә, байларға қызмет қыл,

ерінбей шауып желуге;

адал жүріп, адал тұр,

шотың тура келуге;

Жаныңа жақса соңынан

жалқауланба еруге.

Бұл сөздердің ішіндегі «Адал бол, бай тап» яки «Жаныңа жақса жалқауланба, соңынан еруге» деген сөздерді алшы, кейбір жолдастар: «Қарашы, Абай сұмның, «байға жүр, соңынан еруге жалқауланба, есек көтін жусаң да мал тауып кел» деп, «кедейді арбап отырғанын» - деп шошып, қайдағы сөздерді сөйлейді. Бай кедейге есектің көтін жуғызса да, жылқы бақтырса да, жапа таптатса да, қайтсе де кедейдің ақысын жейді, еңбегін сорады. Талас онда емес. Абайдың аты - Абай. Ол бұл күнгі еңбекшіл елдің жырын жырлай алмайды. Мұнда тағы талас жоқ.

Ал, Абайды тарих көзімен, мәдениет көзімен дұрыс тексеруге ниетті болған марксшыл сыншының бұл сөздерден шығаратын дұрыс мағынасы біздіңше мынау ғана:

Бірінші, Абай заманындағы құр қалжың, бозбалалық я әуегейлік пен ауыл қыдырып «айт пен той» іздеп жүрген, талаптанса жандырып еңбек жасайтын жастарға жүрсең-тұрсаң мейлі, байға жалданып адал қызмет істеп, пркашик бол десін, мейлі егін сал, еңбек қыл десін — жан-жағыңда сен көрмеген өмір бар, сен білмеген өнер бар десе, заманына қарай бұл сөздерді теріс демейміз.

«Терін сатпай, телміріп көзін сатып», я болмаса «бір аяқ қымыз, бір жілік» үшін тентіреп өнерсіз бос жүрген жалқау кедейді сөгіп еңбек қылып, жалаңдамай қарның тойғыз, сен еңбек сіңірерлік жан-жағыңда толып жатқан кәсіп бар, мейлі егін сал, мейлі пароходқа, я тері илейтін заводқа жұмысшы боп түсіп, тамағыңды еңбегіңмен асыра десін, заманына қарай бұл да дұрыс пікір. Абайдың бұл сөзіне қарап «сұмның айтып отырған сөзін қарашы, кедейдің еңбегін сору үшін не деп жылмаңдатып отыр» деп сөгуге ешбір келмейді. Қай заманда болсын еңбек сорушы тап өзінің байлығын, еңбекшіл елді есіркеп бөліп берген емес. Екінші Абайдан еңбекшіл елдің тап сезімінің, тап тілегінің жырын күту қате. Абайды сен еңбекшіл елдің жырын жырлай алмадың деп сөгу қате. Болмаса, Абайдың жоғарғы сөзінде біздің тап тілегімізге қарсы сөз бар деп, Абайды керексіз қылу орасан қате. Кедей, еңбекшіл ел өзі тап болып құралмай, өзіне тап сезімі кіріп, өз қатарын өзі құрамай, өз мұңын өзі жырламай оны біреу есіркеп, оның жоғын жоқтамайды: Абай да оны жоқтай алмаған. Абайдың кедейге еңбек сіңір деген сөздерінде керек болса, жастарды саудаға аралас деген сөздерінде, бір жағында өзінің табының тілегі бар шығар. Бірақ еңбекшілер табының бұл күнгі тілекте кесірі тиетін ешбір пікірі жоқ. Заманына қарай дұрыс сөз. Қазірде сауда еңбекшілер табының мемлекетінің қолында. Сауда істеген кісілерді жек көреміз. Бірақ, кәсіп істемей жүретін жалқау кедейлерді тағы жақсы көрмейміз: ескі тұрмыстың арқасында өнерсіз, білімсіз қалған тағы да қолымыэдан келген мемлекет жәрдемін көрсетеміз. Абай өз заманында мұндай сөз айтқанына ешбір кінәлі емес, ар жағында бұл сөздерді тап сезімі қозғап отырсын.

Үшінші, біздің байқауымызша Абай - тарихтың жүрісінің шала-пұла салынып кеткен бір соқпағы. Абай заманын - ескі «аталық, ру» жұртшылығының ыдырап тозып, күйзеліп, сауда капиталының қазақ ішінде орын теуіп келе жатқан заманы деп тану керек. Абайдың сөздерінен ескінің күйзелгенін, бір жаңалықтың келе жатқанын көресің. Әсіресе, бұл белгі Абайдың «Бөтен елде бар болса, әжеттесін, сыйласын» деп бастайтын өлеңінде ап-айқын көрініп тұр. Міне, Абай тарихтың қандай белінде кездескен ақын. Абайды шала соқпақ дейтініміз, Абайда ескілік те кездеседі.

Бірақ, Абайдың жалпы сөздерін, өлеңдерін түгел алғанда, Абайдың ынтасы, беті — жаңалықта. Тарихтың әрбір белдерінде кездесетін мұндай адамдарды жаңашыл (новатор) дейді: бұлардың сөздері — тарихтың бір белінің жаңа салып кеткен соқпағы. Абай елінің күйзелгенін анық сезеді, дағдарып тұрады, бір жаңалықтың келе жатқанын сезеді, анық не екенін білмейді. Сонда да тап тілегін шамалайды. Ақындық күш сезеді. Осы келе жатқан жаңалықтан басқа жол жоқ екенін байқайды. Сондықтан, сарындап жылап отырып алмайды. Сол келе жатқан жаңалықты көрсем, білсем екен деп іздейді. Осының бәрін қорытып айтқанда, Абай қазақ ішіне жаңа орнап келе жатқан сауда капиталы дәуірінің шала соқпағы деп танимыз.

Абай тап тартысының күйінен тысқары шыққан ақын деп еш уақытта айтқанымыз жоқ. Тағы да Абайды еңбекшіл елдің ақыны деп таласқанымыз жоқ. Бірақ Абай жоғарғы айтылған дәуірдің-ақ айғайшысы болып отырса да, оның тарихи маңызы аз болмайды. Тағы еңбекшіл елге қадірсіз болып қалмайды. Ал, енді бұған тағы таласатын ел болса, не деуге болады?

Енді Абайдың ғылым, өнер мәселелерінен басқа идеологиясын тексерейік. Нағыз сауда капиталы орнап, «аталық ру» салты әбден жоғалып бітпей, ұлт сезімі еш елде тумайды.

Абайдың өлеңдерін түгел тексеріп қарап келгенде ішінде «Елім» деген сөздер кездеспесе «ұлтым» деген сөздер, не «ұлт» деген сөздің орнына жүретін, я бұл сөздің мағанасын беретін басқа сөздер еш жерде кездеспейді.

Сабырсыз, арсыз еріншек,

көрсе қызар жалмауыз.

Не болмаса:

Келелі кеңес жоғалды,

Ел сыбырды қолға алды.

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды.

Астырып барып жолғасқан,

Ақша беріп, жалғасқан,

Ақысын әрең сол алды.

Яки болмаса:

Момыннан жаман қорқақ жоқ,

«Қу пысық» деген ат қайда?

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда?

Міне, Абайдың ел тұрмысына арнаған сөздері қай түсті болып келеді. Ұлтым кемсің, жан-жағыңды қара, сен пәленнен қалып қойдың, пәлен сені жәбірлеп, жеп жатыр, сілкін, көтеріл, ойлан, намыстан деген секілді сөздер ешбір жерде кездеспейді. Абай жебір болыстарды жерлейді, жуан билерді боқтайды, өнерсіз кедейлерге ұрсады. Қайтсе де, Абай ауыл айналасынан шықпайды. Ал, ауыл айналасынан шыққан жерде Абай «мен пайғамбармын» деп өрекпімейді. Ұлтым деп қиян-кескілік салмайды. Поез бен аэропланның қуаты мен сымбатын шамалай алмайды. Абай ауылдан асқан жерде оқу оқы дейді, егін сал дейді, болмаса сауда істе дейді.

Міне, жоғарғыда айтылған тарих дәуірінің анық пішінін Абайдан табасың. Тарихтың бір белінің пішіні, заманның тілі болған ақын әдебиет жүзінде үлкен ақын саналады. Пушкиннің де, Некрасовтың да, Салтыковтың да, Толстойдың да, Горькийдің де өлмес қадыры осы арада. Ал осы айтылған сөздерге қарап, Абайда жалпы қазақ елінің тұрмысына бірдей арналған сөздер жоқ, жалпы қазақтың пікіріне, салт-санасына ортақ ой жоқ деп түсінуге бола ма? Яки болмаса, Абай жалпы қазақ еліне ортақ ақын болмаған деп айтуға келе ме?

Егер де біздің жоғарғы сөздерімізден біреу ондай пікір құраса, сөзімізге түсінбегені. «Аталық ру» дәуірінде түгел жалпы қара бұқараға ұлт сезімі кірмесе де, жалпы ел түрлі «руға», түрлі атаға бөлініп жүрсе де, шаруа жүзінде, салт-сана жүзінде, әдет-ғұрып жолында, жалпы елге ортақ ой, ортақ мінез, ортақ салт, жалпы ел бірдей жеткен мәдениеттің түрі болады. Міне, осы айтылғандар, жалпы елге бірдей ортақ ақынды туғызады, әсіресе, жалпы елдің тұрмысы жаңа дәуірге бет алып, салт-санасына үлкен ой, өзгеріс кіріп келе жатқан бетінде мұндай елдерде ақындар шығады. Басқа басшылар да шығады.

Абайдың екі жерде, екі қызық өлеңі бар:

Ел бүлігі тобықты,

Көп пысыққа молықты.

Екіншісі мынау:

Арғын, найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды-ау,

Тобықтының езіне.

Міне, осы айтылған, тағы да Абайдың «Сорлы Көкбай қор болды-ау, осыншадан құр қалып» — деген секілді сөздеріне қарап, Абай тобықтының ішіндегі ғана әңгімелерді өлең қылды: жалпықазақтың тұрмысынан алып айтқан сөздері жоқ, сондықтан Абай ақын болса, тобықтының ғана ақыны, жалпы қазаққа ортақ ақын бола алмайды, Абайды ақын деп көтеріп жүруші адамдар тобықтылар - дейтұғын жолдастарды да көрдік.

Бұл жолдастар не Абайды білмейді, не әдебиеттің не екенін білмейді. Абайды мақтасақ та өзіміз тобықты емеспіз. Және де тобықты деген тентек елмен аталарымыз жауласып, қан төгісіп өткен. Алдымен осыны айтып қоймасақ, біреу мені де тобықты болған соң Абайды жақтайтын шығар деп жүрер.

Ақынның сөздері, өлеңдері, көбінесе, өзінің ортасынан алған тәжірибеден, өзінің көрген, білген оқиғаларынан құрылады. Ақыр аяғы ақын жеке бір адамның басындағы болған әңгімені алып жазуға ықтиярлы. Бірақ, ақынның сол айтқан сөздері, өлеңдері жалпы тұрмыстың, бәрімізге ортақ өмірдің суретін дұрыс салсын, сырын ашсын — ақынға қоятын шарт осы. Ал, Абайдың өлеңдерін алсақ, сол замандағы қазақтың жалпы тұрмысының пішінін анық суреттейді. Абайдың өлеңдері тобықтыдағы әңгімелер болсын, мейлі басқа бір елден алынған әңгімелер болсын, ол кездегі ата, руға бөлінген қазақтың салт-санасы, қай жерде болса да бірдей еді. Тобықтының партиясы басқа елдерде де болды. Тобықтыдағы болыстар, жуандар, тобықтының «желбуаз» күпілдектері не «арам тамақ» әуекейлері, қазақтың қай елдерінде болса да бар болған. Сондықтан, бұларға арналған сөздер жалпы қазақ еліне бірдей айтылған ортақ сөз болып қалады.

Абайдың жалпы идеологиясын бір шолып өттік. Абайдың әртүрлі мәселеге көзқарасы қалай екенін толығырақ білу үшін өлеңдерінен тағы бір екі кесімдер алайық.

Қаруыңның барында қайран қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел.

Не болмаса:

Жалыны қайтар дененің

Үнемі тұрмас осы шақ.

Талайғы кәрі дүниенің

Бір тетігін ұстап бақ.

Я тағы да:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан -

деген секілді өлеңдері Абайдың адам баласының борыш міндеті (не) екенін білгенін көрсетеді. Бұл пікірді осы күнде теріс деп айтатұғын кісі болмас. Абайдың бұл сөздері зор мағналы сөздер. Заманымен салыстырсақ Абайдың ірілігін кµрсетеді.

Қас алдына жымырып келтірем деп,

ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Және тағы да:

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ.

Я болмаса:

Қызмет қылып мал таппай,

Ғылым оқып ой таппай,

Құр үйінде жатады,

Ел қыдырып, ас ішіп,

Еркек арын сатады,

Бала-шаға, ұрғашы,

Үйде жарап жатады.

Тағы да:

Ант ішіп күнде берген жаны құрысын,

Арын сатып тіленген малы құрысын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Құр тілмен қулық сауған заңы құрысын.

Міне, соңғы келтірген өлеңдермен жоғарғы өлеңдерді салыстырсаң, Абайдың өзінің ойы жеткен жермен сол кездегі елдің салт-санасының арасында жер мен көктей айырма барлығы ап-айқын көрініп тұр. Ал соңғы сөздерді Абайдың елге жаба салған жаласы, я тек өзінің ғана қиялы деп адам айтпас.

Жоғарыда айттық, Абайдың өлеңдерінен сол кездегі қазақтың байларын да, жуандарын да, болыстарын да, арызшыл пысық «жел буаз» күпілдектерін де табасың. Бұларды қайтадан түгел тексеріп жатпадық. Және Абайдың бұл өлеңдерінен толық келісімдер әкеліп отыру еш мүмкін емес. Абайдың өлеңдерінің 50 проценті осындай өлеңдер, не сол күнгі тұрмыстың жайындағы өлеңдер. Бұлардың артық-кем жерлерін жоғарыда тағы айтып өттік. Ендігісін оқушылар өздері тексерер. Енді тексеретініміз ескі тілдегі «ғашықтық» деген мәселе және де Абайдың әйелге көзқарасы.

Алдымен біздің оқушыларымыздың есіне салатын сөзіміз, бұрынғы заманда мына айтылған екі мәселенің біріншісі «ғашықтық» деген мәселе - барлық ақындардың өлеңдеріндегі ең үлкен мәселе болған, бұл мәселе талай заманнан бері жырланып, талай талқыға түсіп, бұл мәселеге келгенде талай ақындар, талай философтар ауыздарынан суын ағызып, бастарын қатырып қойған.

Сонда да, әйел мен еркек арасының қатынасы туралы бұл күнге шейін жалпы адам баласының пікірінде бірлік болмаған. Адасқандық көп болған. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде Абайдан бір кемшілік табылса, таңқаларлық еш орын жоқ.

«Ғашықтық» деген мәселеге, жастардың қылығына, еркек пен әйел арасының қатынасынан шығатын мәселеге Абай былай қарайды:

Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рахаты сен болған соң,

Жасырынба нұрыңа жан қуансын.

Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,

Сүйкімді тірі жанға неткен жансың.


Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып,

Тұла бой тоңар суыр, үміт үзсе,

Дәмеленсе өртенер күйіп жанып.

Екінші бір жерде Абай былай дейді:

Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,

Көз бен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл.

Ол тілге едік оңтайлы,

Қапысыз біліп сондайды:

Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,

Енді ішіме қонбайды.

Абайдың бұл өлеңдерінің артық-кем жері баршылық. Бірақ, осы тексеріп отырған «ғашықтық» деген мәселеге Абайдың көзқарасы, Абайдың өз түсінуі бұрынғы ескі ақындардың көбінен дұрыс.

Әйел мен еркек арасының қатынасы туралы жазылған өлеңдерінің ішінде Абайдың осы күнгі салт-санамызға өрескел, екі ауыз сөзі бар:

Тағдыр етсе Алла

Не көрмейді пәндє.

Және де:

Сұлуды сүймектік

Пайғамбар сүндеті.

Мұндай сарын бұрынғы ескі ақындардың бәрінде де болған. Бұл екі қисынсыз тұрған сөздерді қоя тұрып, Абайдың бұл мәселе жайында жазған өлеңдерін түгел алып қарасаңыз, барлығы дұрыс жолда. Осы күнгі салт-са-наның көзқарасына жақындау.

Екінші, Абай бұл мәселеге келгенде керемет шебер. Абайдың бұл өлеңдерінде «аян берген періште болмайды», «көңілге тұйық, миға жағымсыз, қиял мен жасаған «ғашықтық» табылмайды». Абайдың бұл өлеңдеріндегі айтылатын «ғашықтық» яки, жастардың жұмысы, не еркек пен әйел арасының қатынасы барлығы - табиғат заңынан, тұрмыс салтынан шыққан нәзік сезім, көңіл сыры - өмір ісі. Сондықтан, Абайдың бұл өлеңдеріндегі көп сөздері әлі талай заманға жетеді.

Міне, Абайдың бұл мәселедегі өлеңдерінің кейбір жерлері:

Бірінші:


Тау жаңғырып ән қосып,

Үрген ит пен айтаққа.

Келмеп пе едің жол тосып,

Жолығуға аулаққа.

Таймаңдамай тамылжып,

Бір суынып, бір ысып,

Дем ала алмай дамыл ғып.

Елең қағып бос шошып,

Сөз айта алмай бөгеліп,

Дүрсіл қағып жүрегі,

Тұрмап па еді сүйеніп,

Тамаққа кіріп иегі.

Екіншісі:

Қызарып, сұрланып,

Лүпілдеп жүрегі.

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі керегі...

Иығы тиісіп,

Төмендеп көздері.

Үндемей сүйісіп,

Мас болып өздері.

Талай ақындар, талай философтар сүрініп-жығылып шыққан жерде, шатасып талай сандалбайға ұшырайтын жерде, Абай жүректің тілегін жырлай білген, көңілінің сырын аша білген. Табиғаттың заңы туғызған еркек пен әйел арасының қатынастарының түрін, өмірдің бір қызығы - жастықтың-мастықтың ісін Абай жеткізе білген.

Абайдың ең ірі, ең мықты жері кей уақытта өзіне қаяу түсіретін кемшілік болып тағы шығады. Оның бірін жоғарыда айттық. Екіншісі, осы айтып отырған Абайдың күшті бетінен шығады. Жаратылыстың бір түрін, өмірдің бір көрігін жеткізе білген Абай, сол мәселенің екінші жағына келгенде ақсайды. Ол мынау: жалпы қазақ әйелдерінің тұрмыс жүзіндегі халы, әйел мәселесі мен қоғам мәселесінің байланыстары (общественная точка зрения) туралы Абайдан жартымды жауап таба алмайсың. Абай секілді ойы, пікірі өз заманындағы салт-санадан анағұрлым озып шыққан адамның сөздерінде бұл мәселенің қалуына таң қаламыз. Себеп таба алмаймыз. Сондықтан, Абайдың күшті беті құр сезімнен шыға алмай, зор нәпсіге айналып кеткен секілді көрінеді.

Бір жағынан бүған себеп, жалпы қазақ елінің тұрмыс-салты шығар. Бұл мәселеге келгенде Абайдың кітабындағы барлық сөздер мынау ғана:

Бірінші:

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,

Ақыл тапсақ, мал тапсақ қуаналық,

Көрсе қызар, күнде асық — дуаналық.

Екінші:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,



Лапылдақ, көрсе қызар нәпсіге ерме.

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей көңіл берме.

Үшінші:


Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Төртінші:

Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен,

Ортасында бұлардың махаббат жоқ,

Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен.

Міне, осы келтірген өлеңдерден басқа алдымызда айтылған мәселе қақында Абайдан жартымды ештеңе таба алмайсың.

Бірақ, заманын еске алып, Абайдың надандығын еске алып, бұрынғы ескі ақындардың да бұл мәселеге келгенде шорқақтығын еске алып, Абайдың бұл кемшіліктерін де орынды деп санаймыз.

Абайды пәлсапашыл деп жүрген жолдастар бар. Біз Абайдың бастырылмаған сөздерінің жинағын оқып көргеніміз жоқ: сондықтан, мүмкін Абайдың пәлсапашыл болғандығы. Ал, біз білетін Абайда ақындық мол. Бірақ философтықтан дәнеме жоқ десе де болады. Пәлсапа ретінде Абай ешбір мәселе жайында бір белгілі тұтас пікір жазып кете алмаған.

Тек Абай ойшыл, өлеңдерінің көбінде үлкен ой, әртүрлі пікірлер кездеседі. Ал, Абайдың кей жерлердегі пәлсапашыл деп кететін сөздері — ойы терең адамның әр нәрсенің басын бір шалғанын көрсетеді. Алдымен дін, құдай жағына келсек, Абай аса діншіл болмаған, қожа мен молдаларды да, көбінесе, теріс көрген. Абай намаздарын жинап жүріп, бір-ақ оқитын болған. Мұның барлығын нағызшыл негізден шыққан таза ақылдың барлығына дәлел шығар. Бірақ, құр бұл мінезден ғана үлкен даналық, пәлсапашылдық шықпайды.

Абай құдай туралы, құлшылық туралы мынадай сөздер айтады:

Баққан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Тағы бір жерде:

Кейбірі қажыға барып жүр,

Болмаса да қажы парыз,

Мұсылмандық ол ойлап

Өтеген қашан ол қарыз.

Тағы бір жерде былай:

Алла деген сөз жеңіл

Аллаға — ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа қол емес.

Абайдың, әсіресе, пәлсапалайтын бір жері мынау:

Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағанасы екі,

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» - өлсе өлсін, оған бекі.

Шырақтар ынталарың «менікінде»,

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббатпен

Үй жолдасың қабірден ары өткенде.

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес,

Мені мен менікінің айрылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Бұл жоғарыдағы келтірген өлеңдегі сөздер, әрине, ел ішіндегі бұрынғы шала молдалардан, сұм-арамза, сопы-қожалардан шықпас. Бірақ, анығында Абайдың бұл сөзінде ешбір жаңа пікір жоқ. Бұрынғы мұсылманшылық заманында шыққан талай сопылардың сөздерінде осылай болатын. Ескі тәртіп пен «наһу» оқыған адамдар мұндай дін пәлсапасының талайын біледі.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті,

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ, жолы осы деп әділетті.

Я болмаса:

Адамды сүй, алланың хикметін сүй,

Не қызық бар өмірде онан басқа-

деген секілді сөздерден Толстойдың Абайға берген әсерін анық көресің. Абайдың пәлсапалық сөздерінің ішінде ең мағаналысы мынау өлең деп таптық:

Өзгені ақыл ойға қондырады,

Біле алмай бір тәңіріні болдырады.

Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен

Талпынып тағы да ойлап зор қылады,

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Бұл Абайдың таза ақылы, ойлап-ойлап «құдай»— дегеннің не екенін біле алмай айтқан сөздері. Абайдың кітабындағы барлық пәлсапасының керекті жері осы, заманына қарай бұл сөздерде терең ой бар.

Мұнан басқа Абайдың пәлсапалап жазған «Сағаттың шықылдағы...» деген секілді өлеңдерінің бәрі нашар және де пәлсапаны өлеңдеп жазғаннан ештеме шықпайды. Баяғыда орыстың Державин деген ақыны «О дай бог» деп пәлсапалатқан. Ақындық - өзіне бөлек, пәлсапа - тағы бір басқа іс.

Абайдың өмір туралы, дүние туралы жазған өлеңдері мынадай:

Бірінші:


Жүрегім менің — қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Екінші:

Өмір - дүние дегенің



Ағып жатқан су екен,

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең, у екен.

Үшінші:


Адамзатқа не керек,

Сүймек, сезбек, кейімек.

Харакет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек,

Әр кімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Заман оны илемек.

Төртінші:

Өмірдің алды — ыстық, арты — суық,

Алды — ойын, арт жағы мұңға жуық.

Бұл өлеңдерде белгілі бір пәлсапалық ізбен туып отырған пікір жоқ, тек ойшыл ақынның мағаналы-мағаналы сөздері бар. Осы айтылған сөздермен Абай туралы әңгімені тоқтатайық.

Біздің бұл мақаламызда көтерген Абай мәселесі әдебиет жүзінен де үлкен мағаналы мәселе.

Біз Абайды өзінің саяси жолына жалау қылатындарға да қарсымыз. Бір «Абай» деп бос «байбалам» салып, Абайдың атын орынды-орынсыз желеушілерге де қарсымыз.

Біз екі ортада ептік, бұқпантайлық жасап, Абайды реті келсе мақтап, болмаса боқтап жүргендерге де қарсымыз. Біз бұл мәселе: ашыққа шығармашылық (мәселе), Абай мәселесі мәдениет көзінен де, әдебиет көзінен де тексеріліп, еңбекшілер жұртшылығының алдында бұл мәселенің айқындалуын қажет (деп) табамыз. Абайдың сөздері, өлеңдері зор мағаналы тарихи оқиға. Ескіліктен біздің еншімізге қалған артық-кем болса да, жаман-жақсы болса да, бір ескерілетін мұра.

Тарихи мағанасы бар істерді, сөздерді тексермей ешкім алды болжай алмайды. Ескісіз еш жерден жаңа табылмайды. Абай заманына қарай сөзсіз ірі ақын. Абайдың кемшілігі де көп, біраң оның заманын да, ортасын да еске алу керек. Заманына қарай, келешекке сіңірген еңбегіне қарай, бұл күнгі еңбекшіл елдің жұртшылығы Абайды өзіне лайықты орнымен қадірлеу керек. Қайтсе де, Абайды жөнімен, ретімен тексеретін уақыт болды деп ойлаймыз.

Ілияс ҚАБЫЛОВ
ҚАЗАҚ АҚЫНЫ АБАЙДЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ СЫНЫ
Абай қазақтың классикалық көркем әдебиетінің негізін салушы болып есептеледі. Бәлкім, бұл рас та шығар: мен оған таласпаймын. Тек Абай философиясын аздап талдап көргім келеді. Мені бұл ойға жетелеген нәрсе — абайшылдықтың кең тарағаны және Абайдың қазақтың ескі және жаңа зиялылары, тіпті халықтың қалың бұқарасы арасына мейлінше мол жайылғаны, мұның үстіне біз Абайды тіпті материалист деп шырқай көтеріп, оның философиясының әлеуметтік-экономикалық мәнін түсіндіріп беруді Қазақстанның жас коммуннстік ойының міндеті деп санаймыз. Мен, біздің әдеби өміріміздің көкейкесті бір мәселесі жөніңде қазақ қауымын құлақдар етіп қойсақ, еңбегіміз еш кетпес деп ойлаймын.

Осынау тақырыптың төл мәселесіне кіріспей тұрғанда Абайға шабыт берген жай-күйлерге аялдап өтсек артық болмайды. Кейбіреулер Абайды, артта қалған мешеу қазақи ортадан ғайыптан кездейсоқ түсе салған ғажайып қазақ деп біледі. Бұл - Абайды идеалдандырудың бір түрі. Біздіңше, Абай өз дәуірінің, өзі шыққан қоғамдық ортаның түлегі, ендеше оның шығармашылығын уақыт пен кеңістікте қарау керек. Біздің зерттеуімізге қарағанда, Абайдың әдеби-көркем шығармашылығы мен философиясы оның қоғамдық және әдеби қызметінің бірінші кезеңі құлдырап бара жатқан қоғамдық болмыс - патриархалды-рулық құрылыстың, ал екінші кезеңі — өрлеп келе жатқан капиталистік қоғамдық құрылыстың шағылысып көрінуі болды.

Бұл арада бізге абайшылдар қарсы тұрып, дау көтереді. Пәлі, бұларыңа жол болсын, өнер-өнер үшін емес пе, ендеше Абай шығармашылығының тарихи дамуға тәуелді болуы мүмкін емес - дейді. Біз оған былай деп жауап береміз: кешіріңіз, азаматтар, ең әуелі өнер аспаннан түспейді, саңырауқұлақ секілді жерден де өсіп шықпайды, ол рухтың жемісі емес, қайта рух тірліктің жемісі, адамның іс-әрекетінің жемісі. Көркем өнер қоғамдық адам сезімін қоғамдандыру, ал сезімге келсек, ол жеке адамның объективті шынайы дүние ұғымына - бүкіл ерекшелігімен қоса адамзат қоғамын да, оның қоғамдық болмыс пен қоғамдық ойын да қосамыз.

Енді Абай мен Абай дәуірін сипаттауға көшелік.




Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет