Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
129
шеті Тарбағатай тауының биік басына дейін құлаш созды. Қазақ елі осы жылы-ақ
қанатын екі жаққа кере жайған алып қыранға ұқсай түсті.
Жылқысы тебінге,
түйесі қарағанға, сарығанға үйренген қазақ ауылдарына қыста қамысы қалың,
қары жұқа Шу, Сарысу, Талас, Қаратал өзендері мен Балқаш Саумалкөл,
Телікөлден артық қоныс керек емес-ті. Тек қамысында қаптаған қабаны, тым көп
болмаса да ара-тұра кездесетін ала шұбар жолбарысы, тарғыл барысы ғана малға
қауіпті еді. Бірақ көп кешікпей, аң тәсіліне еті үйренген қазақ жігіттері, бұл
қауіптерді де жеңіп алды. Ақыра шапқан жолбарыс, сегіз қырлы сауыт бұзар
жебенің көкірегінен барып қадалған қанжар
ұшына шыдай алмай жер қаба
құлады. Енді қамыстан адам емес аңның өзі қашты.
Бұл қамысты өлкенің тағы да бір ғажайып ерекшелігі болатын. Қазақ
руларының ежелгі кәсібі мал шаруашылығы. Көшсе — көлігі, сойса — соғымы.
Еті мен сүтін — ас, терісі мен жүнін киім етеді. Малы неғұрлым көп болса,
соғұрлым тіршілігі жақсы. Сондықтан да қазақ «мал ашуы — жан ашуы» деп
келеді. Ал малға керегі жер, жайылым. Қамысты Шу, Сарысу, Талас бойлары мен
қар суынан жаратылған жүздеген тұнық, борықты тұщы көлдердің кең өңірлері
қыстың күні жайлы болғанмен, малға жаз тым мазасыз, азабы тамұқтан кем
тимейтін. Мал түгіл, адамға да қолайсыз. Көкек шыға бұл өлкені тұмандай
қаптаған быжынаған сона, маса, бөгелек басады. Жан-жануарға жанын қоярға жер
тапқызбайды. Осындай жағдай Қыркүйектің басына дейін созылады. Көне
заманнан бастап бұл арада сонау Кіші Кебін
өзенінің сағасынан төменгі
Мойынқұмға дейін жаз бойы ешбір ел тұрмайды. «Қазақ қай бір сүтті қызын
береді» дегендей, Исан-Бұғының да көшіп келген ағайынға бұл жерді бере
салуының бір себебі осында еді. Бос жатқан жерді «жауың емес, досыңмын» деген
қазақ руларынан аясын ба, мырзалық ете салған.
Жәнібек пен Керей үш-төрт жыл өтпей-ақ жазғы жайлауын ойлай бастады.
Қыруар елді өсіп келе жатқан бықыған малымен қайда апармақ? Рас, біраз жұрт
осы уақытқа дейін Шу мен Таластың жоғарғы бойын өрлей Қошқар, Жуанарық
өңіріне көшіп келді. Кей ауылдар Көкше теңіздің маңына да барды. Енді бүйте
беруге болмайды. Сонда жайлауды қайдан табады?
Наурыз бітпей биыл Көкше
теңіз үстімен солтүстікке шығып алған Жәнібек ауылдары, көп ұзамай
Мойындықұм маңайында қалған қалың елге келіп қосылған. Бұл кезде Жәнібек
пен Керейдің қарамағындағы ел үш жүз мың үйге жеткен. Әбілқайырдың құрығы
бұрын да мойнына түсе қоймаған Көкше теңіз маңындағы ел Жәнібекке тегіс
бағынған. Әулиеата, Мерке маңайындағы Дулат пен Қоңыраттар да қос сұлтанның
жарлығына мойын ұсынған.
Міне, осы кезде жазғы қамын ойлаған елдің ақсақал, би, батырлары жиналып
екі мәселені шешті. Бірі — жасының үлкендігін сыйлап Рабиуыл айының басында
ақ кигізге көтеріп, Керейді қазақтың ханы сайлады. Екіншісі — жазғы жайлауы
етіп Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендерінен бастап Ұлытау, Арғынаты тауларының
бойын қуалай, ортадағы Шойындыкөл, Ақкөл,
Барақ көлді ала отырып, сонау,
Есіл, Нұра өзендеріне дейін көшпек болды. Малына жайылым, өзіне пана керек
жұрт «Әбілқайыр берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз» деп атқа қонды. Қазақ
руларының бұнысы көк шалғынды, саумал көлді ежелгі қонысын ел болып
қайтадан өзі билеп, өзі төстеудегі алғашқы адымы еді. Бұған Әбілқайыр қарсы
тұра алмады. «Қазақ елін құмға қашырып, қырып тастаңдар» деп жіберген он мың
лашкарларының қолынан ханның бұйрығын орындау келмеді. Лашкарларды