І тарау. Қазақ халқының ежелгі үйі
Киіз үй атаулары
Кең далада орналасқан ақ отау
Айналасы сылдыр су мен жота, бау
Ата-бабам сыйға тартқан ағаш үй
Сансыз ойға жетелейді, сансыз күй.
Ашық аспан астындағы шаңырақ
Келер ұрпақ сақтап қалсын қалпында-ақ
Терең сыр, терең тарих, терең ой
Іші оның сырға толы біліп қой.
Киіз үй – Орталық және Орта Азияны қоныстанған мал өсірушілердің негізгі баспанасы. Қазіргі көріп жүрген киіз үй бірден дәл осы қалпында пайда бола қойған жоқ. Ол, негізінен адамзат дамуының әр кезең, сатыларындағы тұрғын үйдің қарапайым түрлерін жетілдірудің нәтижесі болып табылады. Орманды далада өмір сүрген көшпелі халық әуелі бірнеше сырықтың басын қосып буып күрке жасады. Келесі сатыда сырықтардың басын қосып бумай, оны шығыршыққа өткізіп қойды. Одан беріректе сырықтың ұшын әр жерден арнаулы тесік жасалған дөңгелекке кигізетін болды. Мұндай күрке бұрынғығы қарағанда әрі кең, әрі биіктеу болатын. Ал, төртінші сатыда күркенің сырықтары жоғарғы және төменгі бөліктерден тұрды. Уық пен керегенің негізі осылай қаланды.
Соңғы 7-8 ғасыр бойына киіз үйге жөнді өзгеріс енгізілмей, малшылар үшін ең қолайлы баспана болып қалды. Ол ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға өте ыңғайлы – ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел-дауылға көп шайқалмайды, берік, төбесі жадағай емес, күмбез болып келгендіктен жаңбыр өтпейді, жинап-тігуі оңай. Осындай ерекше ыңғайлы қасиеттері үшін киіз үйді ертедегі жаугершілік жорықтарда сарбаздар да үнемі қолданып жүрген.
Ол мәдени-тұрмыстық және шаруашылық мақсатқа арналуына қарай төрт түрге бөлінеді: жаздық тұрғын киіз үй, мереке-жиынға немесе қадірлі қонақты күтуге арналған салтанатты киіз үй; жорық кезінде тігуге арналған киіз үй. Осыған байланысты киіз үй атаулары: ағаш үй, қара шаңырақ, орда, ақ орда, алтын орда, отау, үлкен отау, кіші отау, үлкен үй, кішкене үй, төр үй, ауыз үй, қонақ үй, ақ үй, қара үй, жабасалма, жолым үй, шайла, шатпа, күрке.
Ағаш үй. Киіз үйді Қазақстанның кейбір өңірінде ағаш үй деп те атай береді. Киіз үйдің ішін төр жақ, есік жақ деп екіге бөледі. Есік жақты да екіге бөліп – оң жақ, сол жақ деп атайды. Төрде есікке қарап отырған кісінің оң қол жағы оң жақ болып есептеледі. Оң жақтың да, сол жақтың да өз міндеттері бар. Сол жақ үлкендердің (үй иелерінің) орны болса, оң жақ жастардың орны.
Достарыңызбен бөлісу: |