Шаңырақ. Қара шаңырақ. Қазақ халқы «шаңырақ» деген сөзге көптеген ұғымдарды сыйғызады. Мысалы «Пәленшекемнің ұрпағы пәлен шаңыраққа жетіпті» деп, бір ауылдың, не бір рудың өсімін жобалап отыратын болған.
Шаңырақ киіз үйдің күмбездік, жартышарлық ұлттық, көркемдік қасиетін сақтап тұрады. Үйге жарық түсіріп, үйге жағылған от түтінін ауаға шығуын қамтамасыз етеді.
Жалпы «Қара шаңырақ» атауы сол киіз үйге деген ежелгілік, ескілік көзқарас тудыруымен қатар, қасиеттілік күш-қуат та бере алатын сөз. Ол сөз сол үй иелерінің тамырларының терең, ру басы бабалар тарихымен астасып жатқандығының және олардың ата дәстүрін жалғастырып келе жатқан адамдар екенінің белгісі, дәлелі секілді болып тұрады. «Қара шаңырақ» атауы бар үй сол рудың және сол румен қарым-қатынастағы басқалардың да құрмет тұтары, тағзым етері болып саналады. Қара шаңырақ иесі көп жағдайда аты аталып, марапатталып жатады. Шетте жүрген, қонысы басқа сол қара шаңырақ ұрпақтары мен жекжаттары қара шаңыраққа сәлем бере келіп, арнайы сыбағалар әкеледі.
Орда. Орда сөзі байырғы қазақ тілінде астана, хан ордасы деген мағынада пайдаланылады. Ал жалпыхалықтық тілде әр адам өз үйін сүйіспеншілікпен менің ордам деп те атай береді.
Ө. Жәнібеков киіз үй түрлерінің ішінде 12 қанат ордаға ерекше мән беріп, олардың сәулеттік (архитектуралық) қисыны, конструкциясы алты қанат ақ орданы қайталайтынын және қазақтың қолтума өнерінің үйлесімін тапқан ұқыптылықтың арқасында ағашты, сүйекті, алтын-күмісті, қымбат тастарды, былғары мен киізді, иірілген жіп пен түтілген жүнді кәдеге жаратудың мүлтіксіз шегіне жеткендігінің көрінісі болғанын айрықша атап өтеді.
Қазақ этнографиясын ұзақ жылдар бойы зерттеген Ө. Жәнібековтың 12 қанат орданың сәулеттік қисыны (пішіні) 6 қанат қазақ киіз үйін қайталайды деген тұжырымы алты қанат киіз өлшемдері арқылы көп қанатты киіз үй өлшемдерінің қалыптасу заңдылықтарын табуға итермелейді.
Ақ Орда. ХV-XVI ғасырларда құрамындағы көптеген тайпалары қазақ хандығына қосылған мемлекет аты. Қазақтар таза ақ киізден басылған жұмыртқадай әппақ үйлерін «Ақ орда» деп асқақтатып жатады. «Орда», «Ақ Орда» сөздері дәрежелі, мәртебелі кісілердің үйі екенін білдіреді.
Адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынаста, ауыз әдебиетінде «алты қанат ақ орда» сөз тіркесі жиі пайдаланылады. Соған қарағанда көшпелі қазақтар алты қанатты үйді көбірек пайдаланды ма екен деген ой туады.
Алтын Орда. Бір кездерде «Түрік қағанаты» атанған алып империяның құрамында болған қазақтың Ұлы даласы, кейін Шыңғыс хан билеген қазақтың байтақ елі қоныстанған Ұлы дала Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы үлесіне тиеді де, одан кейінгі билеушілер жер иелерінің ыңғайынан шыға алмай, Шыңғыс хан империясынан бөлініп, жеке «Алтын Орда» атты мемлекет құрады. Алтын Орда атағы қазақтың өз ортасындағы ең билікті, ең қасиетті шаңырағын атайтын сөзінен алынған болса керек.
Отау. Отау сөзі қазақтың байырғы сөздерінің бірі. Отау деп көбінесе Үлкен үйден бөлініп шыққан, бірақ әлі сол ауылдың ықпалымен көшіп-қонатын сол ауылға қарайтын үйді айтады. Отау иесі – көбіне әкесінің үй тігіп берген баласы, не ағасының үй тігіп берген інісі.
Достарыңызбен бөлісу: |