Алматы қаласы білім басқармасы Департамент образования города Алматы



Дата04.12.2016
өлшемі244,96 Kb.
#3124
Алматы қаласы білім басқармасы

Департамент образования города Алматы

Алматы білім беру жүйесі мамандарының

біліктілігін көтеру және қайта даярлау институты

Институт повышения квалификации и переподготовки

кадров системы оброзавания города Алматы

«№79 гимназия» мемлекеттік мекемесі

Государственное учреждение «Гимназия №79»



Хан Хафса 9 «Б»сынып

Домалақ ана – абыз ана

Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ туристік маршруттар

Секциясы: Тіл білімі, әдебиет

Ғылыми жетекшісі:

№79 гимназияның қазақ тілі мен

әдебиетінің мұғалімі, филология

ғылымының магистрі

Шынәділова Камшат Әтірбекқызы

Алматы, 2014ж.

АБСТРАКТ

Бағыты: Тіл білімі, әдебиет

Аты –жөні: Хан Хафса

Мектебі: №79 гимназия

Сыныбы: 9 «Б»

Тақырыбы: Домалақ ана – абыз ана

Мақсаты:


  1. Қазақ халқының абыз анасы – Домалақ ана туралы тарихи деректерге сүйене отырып, ол кісінің аналық парасаттылығын, адамгершілігін, көрегенділігін, даналығын жан-жақты ашу, тарату, үлгі ету;

  2. Елеулі ғылыми зерттеу жұмысына айналдыру;

  3. Қос алтындай із қалдырған Бәйдібек бабамыз бен Домалақ анамыздың тарихтағы орны; айтар сөзі ақиқатқа айналған, болжампаз, көреген ел анасы; Домалақ анна жайындағы ақиқат пен тарихи деректерді жинақтау;

Гипотеза: Домалақ ананың ерекше қасиеттерін ашып көрсету, сонымен қатар халық ауыз әдебиетіндегі құндылықтарды насихаттау

Зерттеу кезеңдері:

  1. Жоба тақырыбы бойынша шығармалармен танысу;

  2. Домалақ ана туралы ақпараттар жинау;

  3. Көрсетілген тақырыпқа байланысты халықтық шығармалардың поэтикасына талдау жасау;

  4. Зерттелу тақырыбы етіп алынған мәселенің бұрын-соңды зерттелу тарихына шолу жасау;

Жаңалығы: Әулиелігі мен ақылдылығы асқан Домалақ ана туралы, Бәйдібек би мен Нұрила анамыздан тараған ұрпақтары туралы ғылыми зерттеу, елеулі ғылыми жұмысқа айналдыру.

Іске асыру жолдары: Ғылыми зерттеу жұмысын жетілдіріп, гендерлік және мәдениеттану сабақтарында қолдануды ұсынамыз.

Мазмұны


Кіріспе

І ТАРАУ. Домалақ ана – абыз ана

    1. Дихнат мама – Нүрила

    2. Нүрила анамыздың ерекше қасиеттері

ІІ ТАРАУ. Елін сүйген қасиетті Домалақ ана

2.1. Бәйдібек би мен Домалақ анадан тараған ұрпақтар.

2.2. «Домалақ ана» туралы ән, пьеса, опера

2.3. Домалақ ана кесенесі

2.4. Домалақ ананың өмірден өтуі

ІІІ. Қорытынды.

Әдебиеттер тізімі.

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына тіл арқылы сіңіре білген әйел-аналар да аз емес ( Құртқа, Қарашаш, Домалақ ана,т.б.). Сондықтан ана тілінің тағдырында, бүгіні мен ертеңінде бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше. Демек, тіліміздің алтын арқауын асыл қолдарынан шығармай ұстап, құнарын жоғалтпай сақтап, ұлттық тіліміздің қадірі мен құдіретін ұғындыруды аналардың қасиетті парызы ретінде қазіргі қазақ қоғамында қалыптастыру, оның әлеуметтік-материалдық негізін жасау – өзекті мәселелердің бірі.

Өз тілін «ана тілі» деп атаған қазақтардың танымында, мәдениетінде «әйел-анаға» ерекше мән берілгені белгілі. Сонымен бірге тарихымызда өткен аяулы аналарымыздың бейнесі де үлгі тұтарлық, өнеге аларлық болып табылады. Сондай бірегей анамыз Домалақ ананың (Нұрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Шын есімі Нұрила – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Анамыздың асыл қасиеттерін қыз бала тәрбиесіне үлгі болсын деген ниетпен осы тақырыпты алып отырмыз.



Зерттеу мақсаты мен міндеттері. Қазақ халқының абыз анасы – Домалақ ана туралы тарихи деректерге сүйене отырып, ол кісінің аналық парасаттылығын, адамгершілігін, көрегенділігін, даналығын жан-жақты ашу, тарату, үлгі ету;

Зерттеудің нысаны. Домалақ ананың өмірін, ерекше әулиелік қасиеттерін, Бәйдібек би мен Домалақ анамыздан тарған ұрпақтарының таралуын, анамызға тұрғызылған кесененің тұрғызылуын, өмірден өтуі туралы деректерді негізгі нысан етіп алдық.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі. Домалақ ана (Нұрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Нұрила барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.

І ТАРАУ. Домалақ ана – абыз ана.

Әулие ананың азан шақырып қойған аты Нұрила екен. Әкесі Иассалық (Яссы—жазық жер, арабша) Мазанбек шайхы. Бірақ Нұрила атасы Мақтым Ағзамның тәрбиесінде өсіпті. Д.Дүйсенбаевтың жазуынша, Нұриланың болашағы атасының түсіне аян болып: «Нұрила — әулие атанады. Білегін алғаш кім ұстаса, болашақтағы тағдырын біріктіретін күйеуі сол болады»,-депті. Нұрила он жасында су аламын деп жүріп шегендеулі шыңырау құдыққа түсіп кетеді. Содан құдықтан Нұриланы білегінен ұстап шығарған Бәйдібек болыпты. Нұрила бойжеткенде оны айттырып келушілерге: «Менің алғашқы білегімді ұстаған кісі Бәйдібек, менің болашақ ерім сол болмақ»,-депті. Кейін бұл хабар Бәйдібекке жетіп, содан екеуі жарасып, некесі қиылады. Нұрила екіқабат кезінде түсінде аян беріп «сен ұл табасың, нәрестенің есімін Тілеуберді қоясың» депті. Содан нәрестенің есімін Тілеуберді қойыпты. Сол Тілеуберді бесіктегі кезінде сол жақ маңдайынан жарақат алады. Өсе келе жарық шеке Тілеубердіні ел Жарықшақ атап кеткен екен деп, осы кісіден шежірешілер Албан, Суан, Дулатты таратады. Бұл жерде Дүйсенбаев Домалақ ананы он бесінші ғасырда ғұмыр кешкен екен дейді. Ал «Бәйдібек» кітабының авторы Е.Тұрысов: «Бәйдібек дәуірдің он екінші, он бірінші ғасырлар шамасында өмір сүрген көрінеді»-депті. «Денесі бәкене, қимылы жіті, өзі барынша кішіпейіл, тапқыр сөзді, майда тілді жан екен»,-дейді. («Бәйдібек» 13-бет). Домалақ ана ғұмыр кешкен тұста үйсін, қаңлы ауылдарымен сарттар жікке бөлінбей тату-тәтті тұрыпты.

Домалақ ана қазақ даласына VII ғасырда жеткен Араб халифатының әскери өкілдерінен бұрын бейбіт мақсатпен келген, ислам дінін уағыздаушыларының бірі болған араб дегдарының қызы. Өзі де елді имандылыққа шақырып, жас кезінен сәуегейлігімен танылған. Осындай игі ісімен, тартымдылығымен Бәйдібек бабамыздың назарына іліккен. Шайқы Мизамбекқызы, Нүрила – қазақ халқының абыз аналарының бірі, 6-7 ғасырда өмір сүрген. Бәйдібек батырдың үшінші әйелі Албан, Суан, Дулаттың анасы. Шын аты – Нүрила, өзгені де баласындай көрген төңірегіне аналық мейірімін шашқан барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақихатқа айналған болжампас, көрген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы болғандығына қарағанда «Домалақ ана», «Домалақ ене» атап кеткен. Нүрила – Мақтым Ағзам қожаның немересі. Мақтым Ағзымның жалғыз ұлы Әли-Сылан ержүрек батыр болды. Әкесі әскерден келмеген, анасынан тағы айырылған Нүрила нағашы атасында тәрбиеленеді. Домалақ ананың өмірі, адамгершілігі жайында кезінде Әбілқазы Баһадүрхан жазған. Оның «Инсаният-и диһнат маме» деген сол кітабы араб, парсы, түркі тілінде басылады. Иранның «Даролфонуи» кітапханасында 1653 жылғы басылымы әлі сақтаулы. Домалақ ананың қадір-қасиеті ертеден-ақ танылған.

Қос алтындай із қалдырған Бәйдібек бабамыз бен Домалақ анамыздың тарихтағы орны; айтар сөзі ақиқатқа айналған, болжампаз, көреген ел анасы; Домалақ ана жайындағы ақиқат пен тарихи деректер. Мейірімнен жүрегі жаратылған Нұрила анамызды айтқанда, қазақтың елі мен жерінің тұтастығын қалыптастыру жолындағы аты аңызға айналған Бәйдібек Қарашаұлының аты бірге аталады. Көне тарихи тұлғалардан тараған ұрпақтардың бірі – Қараша бидің баласы Бәйдібек баба өзінің түп атасы Үйсіннің тарихи тізбегін үзбестен осындай кең аймақта тайпалық одақ құрып, сол мекендерде үрім-бұтағының туын тігіп кеткен тарихи тұлға. ық одақ құрып, сол мекендерде үрім-бұтағының туын тігіп кеткен тарихи тұлға. Ол әулеті шалқыған байлығымен, ұлысты басқарған парасаттылығымен белгілі. Жетісуды, Арыс өзенінің алыбын, Ташкент пен Қаратау өлкелерін жайлаған елді басқарған. Қан майданда қол бастаған. Бірақ қаншама аңыз, әңгіме болғанымен, оның өзегінде сом алтындай жарқырап, тарихи ақиқат жатады. Әрбір мысалдан тарихи дерек көрініп тұрады. Бәйдібек бабамыздың да, оның өзіне дейінгі аталарының да тарихы болғандығы, өзінің өмір тарихының нақтылығы, орда ұстап, отау көтергендігі және ұлдары мен қыздарының, кейінгі үрім-бұтағының әр ғасырларда халық тарихының алтын діңгектері болып, Алаштың Ұлы көшінде келе жатқандығы ақиқат. Бәйдібек бабамыздың қай жылдары туылғаны мен қайтыс болғаны туралы нақты дерек жоқ. Кейінгі кездері жазып жүрген шежірелер тарапынан шындыққа келмейтін қисынсыз дәлелдемелер жиі көрініс тауып жүр. Халық үшін қызмет еткен дұрыс шығар. Қазақ шежіресін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би сияқты кемеңгер даналардан артық білмейтін шығармыз. Міне, сол кісілердің шәкірті болған, ақыл-кеңесін естіген әрі қызметтес болған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының жазып қалдырған пікірлерімен санаспауға болмайды. Ол кісінің атасы Матай да сол замандағы оқыған-тоқығаны бар, білікті кісі болған. Сол сияқты жазба деректері де болғандығын айтады. Бізден үш ғасырдан астам ерте өмір сүрген бұл аталарымыз шежірені дұрыс білетініне ешкім таласа қоймас. Әрі ол кісілер Бәйдібек бабаға бізден гөрі жақын өмір сүрді ғой. Қазыбек бектің айтуы бойынша, Бәйдібек бабамыз 609 жылдары дүниеге келген. Бектің ойынша Жоңғар шапқыншылығы кезінде Албан, Суан, Шапырашты, Дулат тайпалары іргелі ел болып, санының бірнеше он мыңдаған болғанын білеміз.



    1. Дихнат мама – Нүрила

Домалақ ананың елге ақылдылығымен, даналығымен, тазалығымен аты шыға бастағаны осы кез еді. Оның даналығы, әулиелігі, тапқырлығы жайындағы әңгімелер ел арасында кең тараған. Соның бірі- «Домалақ ана» атауы жөніндегі ел аузында айтылатын аңыз. Ел ішіндегі деректерге қарағанда Домалақ анаға «Диһнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара хайдар деген кісі оның даналығына тәнтті болып қойған екен. «Диһнат мама»-парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағана береді. «Диһнат мама» сөзі уақыт өте келе тілдің даму заңдылығына орай дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Домалақ ана ел арасындағы даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешімін табуға өз үлесін қосқан. Домалақ анадан ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылдылығымен ерекшеленіп, ел билеген. Сонымен Нүрила келіншек бұлақ басында жалғыз үй отыра береді. Бәйдібектің екінші зайыбы Зеріп болса, соның алдында Шаян өзені бойына жайлауға конғанды. Бәйдібектің билік жұмысымен Түркістан, Сауран жаққа кеткенін естіп, Сайрамда жатқан Қара Қайдар деген қарақшы Боралдайдағы Бәйдібек байдың жылқысына аттанады. Сабаудай-сабаудай оншақты жігіт бұлақ басында отырған жалғыз үйге бұрылады. Бөтен адамдардың үйіне бұрылғанын көре салып Нүрила әжесінің кимешегін киіп. Кемпірге ұқсап отыра қояды. Мұртты қара шойыртпақ:

- Бұл кімнің үйі?

- Біздің отағасының үйі.

- Отағасың кім?

- Бәйдібек би.

- Өзі қайда?

- Түркістан жаққа жолаушылап кеткен

- Шөлдеп келеміз, сусын бар ма?

Нүрила оларға ешкінің айранын ұсынады... Мұртты жігіт айранды менсінбей, қасындағы серіктеріне береді. Олар айранды сіміріп салып тағы сұрайды. Нүрила екі зерең айран берген соң:

- Мырзалар, айран таусылды, - дейді.

Мұртты жігіт:

- Оқасы жоқ, жігіттер сусындаса болғаны, мен нан ауыз тиейін.

Нүрила оған бір күлше нан береді. Қара мұртты күлшені шетінен опырып жейді де:

- Күлшең тәтті екен, не қосып ең?

- Өз емшегімнін сүтіне илеп пісіріп едім.

- Пеле. Алланың рақымына қараңыз. Сіз бізге ана, біз сізге перзент боп қалдық қой! Сізді ұмытпаймыз... Қайтарда соға кетерміз.

Екінші шегір көз жігіт:

- Бәйдібек байдың жылқысы қайда?

Нүрила сезіктене қояды:

- Оны қайтерсіздер? Жылқыға да, жылқышыларға да тимеңіздер. Жолдарыңыз бола қоймас. Әуре боласыздар. Менің тілімді алсаңыздар, кейін қайтыңыздар!

Алаңғасарлау бір жігіті:

- "Қатынның тілін алған қараң қалады" демекші, алған бағытымыздан қайта қоймаспыз, - деп бәрі жүріп кетеді.

Соның алдында үш күн, үш түн нөсер жаңбыр жауып, Боралдай өзені тасып жатқан кез екен. Қарақшылар өзенге барса, Боралдай суы кенересінен асып, бұрқырап жатады. Олар өзен жағалап өткел іздеп біраз әуре-сарсаң болады. Саяздау шығар деп бір жерінен өте берем дегенде, алдымен әлгі алаңғасар жігіттің аты тасқа сүрініп кетіп, ат-патымен суға ағып бара жатады. Тағы бір-екеуі шүңейтке түсіп кетіп аттарынан айырылып, өздері өлдім-талдым дегенде, малтып жағаға әрең шығады. Қара мұртты:

- Жігіттер, болмас, кейін қайтайық. Әлгі кемпір тегін адам емес екен. Қайта барып кешірім сұрап, ауылды табайық, - дейді. Атынан айрылған үшеуі өзгелеріне мінгесіп, бәрі Нүрилаға қайтып барады. Алғашқы келгендегідей емес, бұл жолы бәрі аттарынан түсіп:

- О, қасиетті Ана, кешіріңіз! Айтқан тіліңізді алмаймыз деп, осынша пәлеге ұшырадық! Оң батаңызды беріңіз, елімізге қайтайық! - дейді. Кішкентай Жарықшағын емізіп отырған Нүрила:

- Ендеше қолдарыңды жайыңдар!

Құдай оңдасын, әруақ қолдасын, Адал жүріп, адал тұрыңдар. Алдарыңнан жарылқасын! - деп, оң батасын береді. Осы кезде әлгі қарақшылардың бастығы: - Диһнат мама! - деп оған тағзым етіпті. - Сіз маған шын ана болдыңыз? Құдай-ақы, нағыз әулие, киелі ана екенсіз, біз енді түсіндік! Бұл Қара Қайдар аталып кеткен қарақшылардың бастығы түркмен жігіті екен. Оның шын аты Айдар Нүркелеұлы еді. Кезінде Қызыл Қожаханның әскербасы болыпты. Ол өле-өлгенше Нүриланы "Диһнат мама" деп, Боралдайда болса Боралдайға, Ташкентке барса Ташкентке, Түркістанда жүрсе Түркістанға әдейі барып, сәлем беріп, Нүриланың батасын алып жүретін бопты. Жұмысы оңғарылып, ақ жолға түсіпті. Міне, содан былай карай Бәйдібек бидің кіші әйелі Нүрила "Домалақ ана" аталып кетіпті. Аққұс Сатыбалдыұлы (1806-1897) жазған шежіреде бұл оқиға осылай хикая етілген. Бұл шежіре кітап 1841 жылы Ташкент баспасынан жарық көрген. Бәйдібек баба, оның үш әйелі, олардан өсіп таралған ұрпақтар, әсіресе Домалақ ананың әулиелік керемет қасиеттері жөнінде жазылған бұл шежіре Аққұс ақсақалдан бұрын Әбілғазы Баһадүрдің "Инсанияти Диһнат мама" аталған кітабында жазылған. Бұл кітапты кезінде атақты Төле би оқып, баласы Қожабекке көшірткен. Ол қолжазба 1713 жылы Ташкентте Төле бидің жарлығымен басылып шыққан. Оны Төле бидің жиені Шина Қарабатырұлы көшіріп алып, Бабасейіт әулетіне таратқан. Одан бүткіл Дулат ұрпағына жайылып кеткен.
2.2. Домалақ анамыздың ерекше қасиеттері.

Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек.

Бауыржан Момышұлы Қонаевтың әкесін ауруханада жатқанда арнайы іздеп барады. «Ұшқан ұя» атты кітап жазған. Тым ертерек, 1945 жылы Домалақ ана туралы деректеме еңбек жазған. Ол шежіре «Қазақ батырлары» газетінде жарық көрген (1991 жыл.№3.29-қараша). Бұл өздері де ұлы адамдардың жазбасынан біз Домалақ анамыздың-қожаның қызы екенін анық аңғарамыз.

Екіншіден, мемлекет қайраткері, Ғылым Академиясының Президенті де болған Дінмұхамед Аметұлы Қонаев әр жыл сайын Балабөген бойындағы өзіне арнап салдырған демалыс үйіне кеп, Домалақ анасының басына зиярат етіп жатқан.

«ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқада Бәйдібектің жылқысын шабатын барымташы жау қырғыздан шыққан Аққошқар делінген. Ол Домалақ анаға келіп бата сұраған:

-Бәйдібектің мен бүгін,

Көп жылқысын аламын.

Батаңды бер, Домалақ,

Сенің батаңды аламын!

Сонда Домалақ анамыз өзінің «күйеуі» Бәйдібектің бар малын шауып алу үшін мынадай бата беріпті-міс:

– Қалағаным берсеңіз,

Қуанышы менде болсын деп.

Түп қазығы менде болсын деп,

Қол жайып бата береді…

(12.Жабаев Ж.Екі томдық шығармалар жинағы.Бірінші том.Алматы. «Жазушы» баспасы.1982 жыл,101-бет)

Жыр жампозы Жамбыл Сарыбас ақынмен (шын аты Тілеулі) айтысқанда Домалақ ана туралы былай толғапты.

Мақтам ағзам қызы екен,

Домалақтай енеміз,-деп анықтама айтады.

Басқа ақындарға қарағанда Домалақ Ана туралы Жамбыл Жабаев көбірек білген. Жиырма бес жасында, 1871 жылы арнайы Оңтүстікке, Түркістанға, Шаянға сапарлатып, ұлы анасының басында болып, зиярат еткені тарихтан белгілі жайт.

Енді, Бәйдібек баба мен Домалақ ана жатқан жерден бар болғаны 20-30 шақырымдай жер Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген, ұлттық батыр, «Ұшқан ұя» сияқты шежірелік кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық алған Бауыржан Момышұлы соғыс кезінің өзінде-ақ (1945 жылы) бұл тақырыпқа арнайы қалам тербепті.Оқып көрелік: «Бәйдібек балаларына енші бергенде, даланың қалыптасқан заңын бұзып, өзінің жақсы көрген сұлуының балаларына үлесті ерекше мол беріп, Домалақ ененің балаларына қалған ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаңын ғана береді. Бұған риза болмай тұртаңдаған балаларына Домалақ ене: «Тәңірінің жазуы солай шығар. Құдай деген құр қалмас, жасағаннан тілейік» деп олардан тағдырдың салғанына көнуді талап етеді.

Бәйдібек мұнымен де қоймайды.Домалақ енені балаларымен жұртқа қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Арада бес жыл өтеді. Баяғы ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаң малдың төлінен өнген төрт түлік далаға сыймай кетеді. Домалақ ене кім келсе де есігін айқара ашып, дастарқанын жайып, құрметпен қарсы алады.

Ал, шалғай жайылымға кеткен Бәйдібек болса үлкен жұтқа ұрынып, жоқшылықта қайтыс болады. Мұны естіген Домалақ ене балаларын жұмсап, әкесін арулап жерлеткізеді. Жылы болғанда асын бергіздіреді. Өзі қара жамылып, қалған ғұмырында қосағының қайғысын аза тұтуға шешім қабылдайды» (Момышұлы Б. «Шежіре» «Қазақ батырлары үнпарағы» №3,29-қараша,1991 жыл, 6-бет).

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Салғараұлы Қойшығара өзінің «Қазақтың қилы тарихы» атты кітабында (Алматы, «Жалын» 1992 жыл) мынадай ойталас өткізеді:

«Бәйдібектің үшінші ұлы Жарықшақтан халық арасында Домалақ-ене деген атпен танылған екінші әйелінен туған Албан, Суан, Дулат есімді үш баладан өсіп-өнген ұрпақ кейін үш рулы елге айналады.

Бәйдібек баба туралы Қазыбек бек Тауасарұлы былай деп толғайды: «Бәйдібек бай өте ауқатты, шаруасын өргізуге бейімді де, пейілді де адам болған. Оның жайлауы, қыстауы үнемі Қаратауда болыпты.

«Атамыз Бәйдібек бай ер көңілді, көбіне байлықпен аң аулап, сейіл құруға бейілді кісі екен».

«Домалақ енем кішкентай домаланған кісі екен. Оның өз аты Нұрила болған. Бірақ, жұрт оны елге жайлы адам болғандықтан Нұрбүбі, Бибімәрия, Бибіажар деп бірнеше түрлі етіп атай берген».

Домалақ енеміздің есімін елге жайған ұлы-ұлы үш оқиға бар. Біріншісі – жаудан ақылмен жылқыны қайыруы, екіншісі –Жарықшақ– Тілеубердіні аман алып қалуы, үшіншісі көріпкелдігі, мейірбандылығы, кешірімділігі, ақ сүйек қожаның қызы бола тұра «қараға» шығуы, Бәйдібек баба қайтыс болған соң да шаңырағын құлатпай, көзі жұмылғанша қасиеттеп ұстауы, болса да, қанасын жарып шыққан Жарықшақтан бір қауым жұрттың өсіп-өрбуі, т.б.



ІІ ТАРАУ. Елін сүйген қасиетті Домалақ ана

2.1. Бәйдібек би мен Домалақ анадан тараған ұрпақтар

Бәйдібек және оның ұрпақтары жөнінде мұндай дерегі мол басылымдар көп емес. Соңғы кезде Бәйдібек би жөнінде осы жолдардың иесі ел аузындағы әңгіме аңыз, нақыл, мақал-мәтелдерді жинастырып жүрген-ді. Біздің осы жиған-тергенімізді тарихшы Даниярбек Дүйсенбаев, жазушы Еркінбек Тұрысов, зерттеуші Сәрсенбі Дәуітов, Мамытбек Қалдыбаев толықтыруда. Алдағы уақытта осылайша бірлесе іздестіре беру ата-баба әруағы үшін кімге де болса парыз деп ойлаймыз. Бәйдібек би баласы Жарықшаққа (1398-1475) ерекше мейірім, қамқорлық көрсетеді. Оның болашағын ойлап, Нүриланы баласымен Ташкентке көшіріп апарады. Әкесі Қараша биден қалған әулі-жайға иелік еткізеді. Нүрила жалғыз баласын қала дәстүрімен тәрбиелейді. Медресеге оқуға береді. Жарықшақ оқуға аса ықыласты, зерек болады. 7-8 жасында арабша кітаптарды, аңыз, хиссаларды мүдірмей оқитын болады. Нүрила Жарықшақтан кейін 1402 жылы Қызайым деген қыз, онан соң Тәңірберді, Ақберді деген екі ұл, Күләйім және бір қыз туады. (Бір дерек Күнбибі (Қызай), Ақбибі (Мұрын) және Сыбан деген үш қыз туыпты деп көрсетілген. Бұл перзенттерінін Қызайымнан басқасы жастай өліп кетеді. Ал Қызайым Нүриланың өзіне айнымай тартқан ақылды, шымыр боп ер жетеді. Қызайым бойжеткен соң Найман Аталық дегеннің үлкен баласы Шағыр батырға ұзатылады. Қызайымнан Дербіс, Бегімбет, Ителмен, Меңі туады. Олар кейін 19 болыс ел боп кетеді, бәрін "Қызай найман" деп атайды. Қызай, Меңіс, Тәңірберді, Құдайназар бәрі де шетінен бабасы Бәйдібекке ұқсап елін, жерін қорғап өткен батырлар екен. Солардың ішінде әсіресе, Қызай қыз бен Құдайназардың асқан батырлығы ел аузында аңызға айналып, осы кезге дейін айтылып келеді. Қызай аспанға лақтырған тақияны, көз ұшында ұшып бара жатқан торғайды атып түсіре беретін мерген бопты. Бір соғыста Қызай шапқыншылардың құз басына бекінген он шақты мергенін атып түсіріп, өздеріне жол ашады. Аякөз, Матай аралығындағы тауларды жайлаған ауылдарды мал-жанымен жаудан құтқарып алады. Сол таулардағы қырғын шайқаста өзі де ерлікпен мерт болған. Кейін елі-жұрты сол тауды "Қызай тауы" деп атап кетеді. Жарықшак кейін Бұхардағы жоғары медресені тамамдап, Ташкент мешітінде имам-софы болады. Нүрила баласын Уәйіс нағашысына ертіп барып таныстырады. Ол кезде Уәйіс Моғолстанның ханы боп тұрады. Нағашысы Жарықшақты Жетісу атырабына бек етіп белгілейді. Сонымен Жарықшақ Жетісу өлкесін ұзақ жылдар билейді. Жарықшақтың бірінші әйелі Тәукел бибіден: Албан, Суан, екінші әйелі Бибіфатимадан Дулат (1426-1506) туады. Албан мен Суан батыр шалыс, ал Дулат ақылды, сабырлы боп ер жетеді. Нүрила кіші келіні Бибіфатиманы еркелетіп "Бипаш" дейді екен. Бәйдібек баба мен Домалақ ана сол ежелгі Дулу тайпасының атымен Дулат деп койған. Демек, Дулу - б.з.д. ЫЫ ғасырда ғұмыр кешкен тайпа болса, Дулат 1426-1506 жылдары өмір сүрген батыр әрі би болып шығады. 1452 жылдары Жарықшақ анасы Нүриламен ақылдаса отырып, үш баласына Жетісуды өрлей мекендеп, ен жайлауға қоныс тебуді тапсырады. Содан Албан одан тараған Сары, Шыбыл ұрпақтары, Суаннан өрбіген Байтегей балалары Қытаймен шектес Нарынқол, Кеген жерін мекендеп кетеді. Ал Дулаттан өсіп-өнген Ботбай, Шымыр, Сыйқым, Жаныс рулары қазіргі Талдыкқорған, Алматы, Шымкент облыстарын мекен етіп, тіршілік етеді. Дулаттың сол төрт баласынын өскелеңдігі жөнінде халық арасында:

Жаныс көп пе, қамыс көп пе,

Сыйқым көп пе, қыйқым көп пе,

Шымыр көп пе, шыбын көп пе,

Ботбай көп пе, бота көп пе?

2.2. «Домалақ ана» туралы ән, пьеса, опера

«Шығармашылығыңды бабалардың тарихын жазуға, есімін ұлықтауға арнапсың. Тәуелсіздіктің басында ұлы бабаларымыз бен аналарымыз тұр. Бізге ауызбірлік, елдің ынтымақ, татулығы жетіспей жатыр. Өнеріңе рахмет, айналайын! Елге сәлем айт, жолың болсын!» деді. Президент қазақы дәстүрін сақтап отырған Оңтүстікке ризалығын білдірді. Осылайша, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ыстық ықыласына ие болған «Домалақ ана» әнінің авторы нышан Төлегенов.



Домалақ ана туралы ән:

Кенде емес қой бұл қазағым ақыл берген данаға,

Кенде емес қой бұл қазағым ақ сүт берген анаға.

Теңізімнің тамшысындай арналады бұл әнім –

Елін сүйген қасиетті Домалақтай анаға

Елін сүйген қасиетті Домалақ ана


Қиратқан соң тас-талқан ғып қасиетті мазарын,

Ата-баба әруағы салмай қойды назарын.

Бәлкім әлде содан болып жүр ме екен өмірде

Ұрпағыңның бұл күндері тартып жүрген азабы.

Толғанайын, айналайын, Домалақ ана
Көп адасқан ұрпағыңды кешіре гөр ардағым,

Әруағыңмен желеп-жебеп жүре берші әрдайым!

Қадіріңді, қасиетіңді кеш білсем де әз Ана,

Есіміңді әнге қосып мәңгілікке жалғайын!


Толғанайын, айналайын, Домалақ ана

Риза болшы қолда барға, Домалақ ана

2007жылы Түркістан қалалық сазды драма театры Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» атты драмасын сахнаға шығарды

Пьеса қазақ халқының белгілі тұлғаларының бірі Бәйдібек және оның үшінші әйелі, ел Домалақ ана атап кеткен Нұрила мен өзге де жарлары туралы аңыздың негізінде жазылған. Бәйдібек — ел билеген биік мансап иесі, жұрт жүгінген би, қол бастаған батыр, малы мыңғырған бай.

Бірақ қазақта даңқы одан асқан би де, батыр да, бай да баршылық десек, Бәйдібектің даңқын олардан асырып тұрған отбасы өнегесі, артындағы қара ормандай қаулап өскен ұрпағы. Әдетте, қазақ ауыз әдебиетінің бас тақырыбы батырлық пен ғашықтық болып келсе, бұл аңызда бәрінен отбасының жарастығы мен ұрпақ өсіру биік тұр. Жай биік тұрған жоқ, меніңше, отбасы татулығы мен ұрпақ өсірудің үлгісі ретінде ұсынылып тұр. Драмалық тартысқа келер болсақ, ол Нұриланың рухына байланысты өрбиді. Бүгінде біреу Нұриланың бейітінің түбіне түнеп, Алладан перзент беруін, басқа да тілегін тілейді.
«Домалақ ана» операсы.

1999-2005 жылдар аралығында композитор Д.Ботбаев өз шығармашылық жолының шыңында 2 акт, 8 көріністен тұратын «Домалақ Ана» операсын жазды (опера алғашқыда «Домалақ-Ене туралы аңыз» деп аталды). Опера либреттосын жазған М.Исақбай, Н.Оразалин. Бұл күрделі туындының кейіпкері қазақ тарихында болған көптеген көрегенді аналардың бірі Домалақ ана. Жетісу жерінде кең тараған, бірнеше нұсқасымен жеткен аңыздың өне бойында ұрпаққа үлгі боларлықтай адамгершілік істерімен жауларын мойындатқан Нұриланың өмірі өрнектелген.



2.3. Домалақ ана кесенесі

ХІ ғасырдың ескерткіші. Домалақ ана кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі Қаратау бөктерінде Балабөген өзенінің бойында орналасқан. Кесене Али Сыланқызы Нуриланың мазарының үстінде салынған.

Домалақ ананың немересі дулат Бұқарадан Абдулла Шері шеберін шақырып, апасының мазарының үстіне қазіргі таңға дейін сақталған, көп адамдардың бас иетін жеріне айналған төрт бағаналы кесене тұрғызады. Алғашында кесене 1456 жылы төрт куполды болып салынды. ХЫ-ХВ ғасырлары Домалак ана кесенесі бірнеше рет қайта жөндеуден өткен болатын. Аңыз бойынша Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек таза адам өте алады. Мұражайда қолдан жасалынған көптеген заттар сақталған.

ХХ ғасырдың басында қойылған ескерткіш дөңгелек пішінді, сыртынан алты нишалы, ал күмбез негізгі ғимараттың үстінде болған. 1957 жылы қайта жаңартылғанымен кесене көп сақталмаған. 1996 жылы Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан өрілген. Жерден биіктігі 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігіне күмбез орнатылған. Домалақ ана кесенесіне 2000 жылы айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары толық аяқталған. Кесененің құрылысын жүргізуші және жобасын жасаушы сәулетшісі - Саин Назарбеков.


Ғимаратта түрлі көне қолжазбалар сақталған. Бүгінде және бұған дейін аталған кесене көпшіліктің тәу етер қасиетті орынға айналған. Бұл жерде негізге бұрыннан белгілі формалар мен мотивтерді қиыстыру арқылы жаңа ғимарат салу идеясы емес, ассоциативтік қатарлар түзу жолымен байырғы қазақтың халықтық мұрасын басқа, күрделірек деңгейде тереңінен меңгеру әдісі қолданылған. Табыну ғимараттарының белгілі бөліктері - портал, күмбез, мұнаралар - өзге иілімділік тілінің көмегімен, сезімдік-көркемдік дәрежеде ортаазиялық классикалық емес, қазақтың далалық көне өнерімен үндес жасалған.

1999 жылы Домалақ ана кесенесінің салтанатты ашылуы болды. Сол жиында қазақтың біртуар азаматы Әбіш Кекілбаев елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды.

Той тойға ұлассын, ағайын!

... Бәйдібек ата мен Домалақ ананың жарыса дәріптелуінде де осындай сыр бар. Өз өміріміз бен келешегіміз үшін бізді жаратқан, өздері де жарастықта өмір сүрген асыл қосаққа мәңгі-бақи қарыздармыз деп ұғатын ұрпақ пен ел жұрт бабасы мен анасына табыну арқылы жанұядан басталып, жалпақ жұрттың бәрінің көсегесін көгертетін татулық пен ынтымақты құрметтейді. Бүгін де, ертең де, болашақта да береке-бірлігімізге ешқандай қауып төнбеуін көксейді. Ел жадында Домалақ ене атанған Нүрила анамыз бұл өлкеде, ұлтың рухани болмысында исламдық мәдениеттің терең сіңіскендігінің бір даусыз дәлеліндей бейнеленеді. Оның мейірбандығы бірлікшіл ақылы мен қайырымды өнегесі нағыз Тәңір анаға лайық сипаттарға ие. Біздің халқымыз батыс пен шығыстың көп жұрттарына кеңінен танылған мифтік ұғымға айналған бұл жораны да өзінше дамытқан. Атаны анадан, ананы атадан бөле-жара қарамай, екеуінің сыйластығын ел бүтіндігінің бірден-бір кепіліндей айрықша қастер тұтқан. Сол арқылы ұлынан парасат, қызынан әжет талап ететін талғампаз жұртымыз кейінгі ұрпақтардың биік адамгершілігін қалыптастыруда өз ата-бабасын, өз ата-анасын өнеге тұтқан. Солардың аруағын апшытудан тайсалып, қисық пен қиянатқа бармаған. Бір тоқтының етін түгел үлестіріп жамағаттың өзегін жалғап, он екі жілікті орынымен үлестіріп бір қауым жұрттың көңілін жарастыра білген көреген жұртымыз әділет арқылы бірлікті, сыйластық арқылы тірлікті көріктендірген.

Біз бүгін жарықтық Бәйдібек атамыз бен Домалақ енемізге құрмет көрсету арқылы халқымыз дәріптеген асыл мұраттар мен биік мақсаттарға адалдығымызды айғақтаймыз

2.4. Домалақ ананың өмірден өтуі

…Ташкент шаһары. Қараша бидің қызыл қыштан соққан кең жөніндегң үйіне Боралдайдан келген Домалақ ана балаларымен қауышты немерелерінің бетінен сүйіп, арқа-жарқа боп калады. Қасиетті ананың жақындағы үйіне келгенін естіген қазақ, өзбек көршілері бірінен соң бірі келіп сәлемдесіп жатады. Айлар, жылдар өтеді. Бір күні Домалақ ана түс көріп ерте оянады. — Түсімде отағасы қасыма кел деп шақырады… Мені елге кешіріңдер. Жарықшақ Дулатты шақырады. Бәрі ақылдасып, анасың Боралдайға көшірмек болады. Дулат екі күймесін әзірлейді. Біріне анасы мен өзінің әйелі Күлзейнепті отырғызады. Екінші күймеге жолазық, сусын салып, өзі 20 жігітпен қасына ереді. Үш күн дегенде олар Бала бөгенге жетеді. Аттарын отқа қойып, өздері өзен жағасында сусындап отырады. Домалақ ана балаларына: — Мен елге жеткен соң олай-пұлай боп кетсем, аталарың Бәйдібекеңнің қасына қойыңдар. Егер жолда өлсем, ары-бері сүйремеңдер, сол жерге қойып, басыма белгі қоярсыңдар, — дейді. Балалары: — Ойбай, апа, ондай сөз айтпаңыз, сіз әлі шөберелеріңізді көресіз, — деп, қөңілін жұбаткан болады. Домалақ ана өзеннен беті-қолын жуып, дәрет алады. Жан-жағына қарайды. Түркістан жаққа, құбылаға қарап күбірлейді. Сөйтіп көкмайса балауса шөпті кешіп, ары-бері жүреді. Тыныс алып, кең аспанға тамсана қарайды. Күлзейнеп келіні жайнамазын жаяды. Ана кіші бесін намазын оқып, дұға қылады. Бетін сыйпап енді ұмтыла бергенде, орнынан тұра алмай қалады. Келіні тамырын ұстайды да, анадай жерде жігіттермен бірге отырған [[Қожа  Әзіз Хұсейін]] имамды шақырады. Ол ананың иманын үйіреді. Қасына ерген бала-шағасы, жігіттері үрпиісіп, шоғырлана қалады. Сөйтіп, 1456 жылдың 28 мамыр айында 78-ге қараған жасында қасиетті әулие ана Нүрила (Домалақ ана) дүниеден өтеді. Дулат бастаған үрім-бұтағы басына сағана тұрғызады.


Қорытынды

Домалақ ананың бойындағы мынандай қасиеттерге тоқталсам: адамгершілік, шыдамдылық, парасаттылық, адалдық, ұстамдылық, ақылдылық, даналық, көрегендік. «Қазіргі заман қыздарының бойынан осындай қасиеттерді көре аламыз ба?» - деген сұрақ туады. Ұлы аналарымыз туралы оқып, осы қасиеттерін үлгі тұтып өскен, меніңше, «қазақ қызы» деген атқа лайықты. Өткенді оқып, өнеге тұтқан жастардың болашағы әрқашан жарқын болмақ. ақтан-ұрпаққа жалғасып, өскен халқымен бірге жасай бермек. Дархан адамгершілігі мен ақыл-парасаты ел ауызында аңыз боп айтылған даңқты ана өмірден үзілді. Ол бүкіл Жетісу өлкесі, Шымкент, Әулиеата, Ташкент өңірлерін мекендеген елдер ұрпағының түпкі анасы еді. Тарихта белгілі болған тұлғаларды тану ұрпақ үшін өте маңызды. Өмірден өткен бабаларымыз бен асыл аналарымыздың ақыл-парасатын, тәрбиесін үлгі тұту, жалғастыру кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру баршамызға аманат деп түсінемін. Домалақ ананың кесенесіне барғанда көп ойлар мазалады. Біз қолда бар алтынның қадіріне жете бермейміз-ау, кесенені бір көріп, бата алып кетуге сонау шет елдерден келетіндер қаншама!? Қасиетті орындарды қашан да қазақ қастерлеген, қасиетіне жете білген. Бүгінде өсіп келе жатқан жастар осы үрдісті жалғастырып, тарихты оқыса. Теңіз түбінде жатқан маржандай барлық асыл қазынамыз тарихта екенін түсінер еді. Домалақ ана жайында әлі де болса ел ішінен көптеген деректер жинақтауға болады. Іздену, талмай еңбектену, соны жарыққа шығару ұзақ еңбек екенін сеземін, сезе тұра осы істі әрі қарай жалғастырамын деген ойдамынМенің бұл ғылыми жұмысты қолға алуымның себебі де осы болатын. Әлі де бұл еңбегім жалғасын табады деп ойлаймын. Ұлы аналардың ұлы істерін оқу, сол сара жолмен жүру үшін үлкен демеу. Мені өз елімнің тарихы, тарихи оқиғалары қызықтырады. Тарих мен үшін қызықты білім көзі. Өйткені ол бүкіл адам баласының басынан өткен заманалар туралы шежіре шертеді. Оны білу кімге де болса қажет. Тарихты білу алдымен өзің туып-өскен өлкеңді, еліңді оқып-үйренуден басталады. Елі үшін еңбек еткен, үлгі болған тұлғаларды тану ұрпақ үшін өте маңызды. Өмірден өткен бабаларымыз бен асыл аналарымыздың ақыл-парасатын, тәрбиесін үлгі тұту, жалғастыру кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру баршамызға аманат деп түсінемін. Домалақ ананың кесенесіне барғанда көп ойлар мазалады. Біз қолда бар алтынның қадіріне жете бермейміз-ау, кесенені бір көріп, бата алып кетуге сонау шет елдерден келетіндер қаншама!? Қасиетті орындарды қашан да қазақ қастерлеген, қасиетіне жете білген. Бүгінде өсіп келе жатқан жастар осы үрдісті жалғастырып, тарихты оқыса. Теңіз түбінде жатқан маржандай барлық асыл қазынамыз тарихта екенін түсінер еді. Домалақ ана жайында әлі де болса ел ішінен көптеген деректер жинақтауға болады. Іздену, талмай еңбектену, соны жарыққа шығару ұзақ еңбек екенін сеземін, сезе тұра осы істі әрі қарай жалғастырамын деген ойдамын.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Д.Дүйсенбаев «Домалақ ана» кітабы. 1991ж.

  2. «Ел тұтқа» (авторы М.Жолдасбеков, Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбек)

  3. Еркінбек Тұрысов. 2008 жыл.11-қыркүйек. «Оңтүстік Қазақстан» газеті, №136).

  4. Е. Тұрысов «Бәйдібек» 1992жыл.

  5. Салғараұлы Қойшығара «Қазақтың қилы тарихы». Алматы, «Жалын» 1992 жыл.

  6. Момышұлы Б. «Шежіре» «Қазақ батырлары үнпарағы» №3,29-қараша,1991 жыл.

  7. Жабаев Ж. Екі томдық шығармалар жинағы.Бірінші том.Алматы. «Жазушы» баспасы.1982 жыл.

  8. Құралбек Ергөбеков. «Бәйдібек баба мен Домалақ ана». «Жібек жолы» баспасы. 1999 жыл.

  9. Жарылқасын Боранбай. Бәйдібек баба: ақиқат пен аңыздың алтын арқауында. «Жас алаш»19 тамыз, 2009жыл.

  10. «Қазақ тарихынан»., 442-443 б. Алматы., 1997 ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет