Алматы экономика және статистика академиясы


Әлеуметтік философияның негізгі принциптері, түсінігі



бет28/32
Дата08.06.2018
өлшемі2,87 Mb.
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32

5.Әлеуметтік философияның негізгі принциптері, түсінігі.

6.Қоғам жүйесі, әлеуметтік кеңістік және уақыт.

Бүгінгі қоғамтану әдебиетінде қоғам өмірінің негізгі салалары ретінде экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқтық және рухани өмір көрсетіледі. Әрине, қоғам өмірі өте күрделі жүйе, сондықтан осы көрсетілген салалар бір-бірімен шым-шытырық байланыста. Мысалы, экономика мен әлеуметтік сала арасындағы байланыстар өте тығыз. Экономика дамымай бірде-бір әлеуметтік мәселелерді толыққанды шешу мүмкін емес. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау т.с.с. әлеуметтік мәселелер биік деңгейде шешілмесе, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды өмірге еңгізу екіталай. Ал оларды бір-бірімен үйлесімді байланыстыру саясатпен тығыз байланысты екені тағы да сөзсіз. Ал саяси шешімдер заң жүзінде іске аспаса, ол бос сөзге айналып кететіні тағы да бар. Жоғарыда көрсетілген осы салалар қоғамның негізінде жатқан рухани құндылықтарға сай келмей тағы да болмайды. Егер халық мыңдаған жылдардағы қалыптасқан рухани құндылықтарынан айырылып қалса, ол өз-өзін танымайтын белгілі бір құбыжыққа айналып, тарихтан жоғалып кетер еді. Тілінен, салты мен әдет-ғұрпынан айырылып, "мен орыспын",- деп жүрген қаншама Сібір халықтарының өкілдерін бүгінгі Ресейден көруге болады! Дегенмен де, қоғамды әрі қарай талдау жолында осы салаларды теоретикалық тұрғыдан бір-бірінен бөліп алып қарау қажет.



а) экономикалық сала

Қоғамның өмір сүру тәсілі басқа бүкіл жер бетіндегі тіршіліктерден бөлек. Егер де, дамыған жануарлар ең керемет дегенде өзіне керек қоректерді жинаса, адам – оларды өндіреді. Мәселеге тереңірек үңілсек, еңбек ету, материалдық өндірісті тудыру арқылы адамның өзі адам ретінде қалыптасқан жоқ па? Тағы табиғатта қалалар, бау-бақша, неше-түрлі машиналар, электрондық байланыс жүйелері т.с.с. жоқ емес пе? Оларды жасаған – адам.

Қазіргі адам (ғылыми тілде - кроманьон адамы) өзінің дене-құрылысы ерекшеліктерімен осыдан 35-40 мың жылдар бұрын қалыптасып дүниеге келді. Бірінші даму сатысында олар еңбек құралдарын тас пен сүйектен, ағаш пен мүйізден т.с.с. жасады. Олар негізінен аң аулау, өсімдіктерді жинау, соңынан балық аулау сияқты істермен айналысты. Өндіргіш күштердің деңгейінің төмендігі соншалықты - өндірілген тамақ тек олардың бұл өмірде тірі қалуын ғана қамтамасыз етті. Жүре келе шаруашылық саласында нағыз төңкеріс мал бағу мен жер өңдеу пайда болған кезде келеді. Оны ғылымда аграрлық революция дейді. Мысалы, біздің арғы бабаларымыз Сары-Арқа даласында тағы жануарларды үйретіп, оларды малға айналдырып солардың сүті мен етін, жүні мен терісін пайдалана бастады, ал Сыр, Іле, Шу бойында – жерді өңдеп дақылдарды өсіру шаруашылық түрі пайда болды. Егер бұрын адам тағы табиғаттағы дайын қоректерді жинаумен айналысса, енді оларды өндіре бастады. Соның арқасында молшылық пайда болып, халық тез өсіп, бүкіл жер бетіне кеңінен тарайды. Қол өнер жер өңдеуден бөлініп өндіргіш күштерді әрі қарай дамытты. Қоғам өмірінде жеке меншік пайда болып, әлеуметтік қатынастар күрделеніп, мемлекет дүниеге келеді, ой еңбегі дене еңбегінен бөлініп, ғылым мен өнер тез қарқынмен дами бастайды. Қоғамдық қатынастар мыңдаған жылдар шеңберінде қалыптасқан салт-дәстүрлерге негізделеді. Сондықтан, ғылыми әдебиетте мұны "дәстүрлі қоғам", я болмаса, "аграрлық цивилизация" дейді. Мыңдаған жылдарға созылған бұл қоғамның тарихындағы жетістіктерге тоқталсақ, ол қағаз, фарфор, жібек, күкіртті жасау (Шығыста), жел диірмені, соңынан су диірмені, механикалық сағат, көзілдірік, мата жасау станоктары, кітап басу т.с.с.(Батыста) атауға болады. Көне заманда пайда болған ұлы жетістіктерге Мысырдағы Пирамидаларды, Қытайдағы – мыңдаған шақырымға созылған Ұлы Қорғанды, Александрия қаласында салынған Александрия фаросын, Рим қаласындағы Колизейді, Афинадағы Парфенонды т.с.с. ғажап туындыларды атап өтуге болады.

Х1У – ХУ1 ғ.ғ. Еуропа топырағында, нақтылай келе – Италияда - үлкен өзгерістер орын алды. Шығыс елдерімен теңіз жолдарымен сауда-саттық жасау, балық аулау, мата тоқу т.с.с. салалар тез қарқынмен дами бастайды, көп іскер шаруалар тез уақытта байып, өз бас бостандығын феодалдардан сатып алып, шеберханалар салып, онда жалдамалы еңбек түрлерін еңгізеді. Жаңа қалалар, әсем ғимараттар салынып, өмір тез өзгере бастайды. Адамның табиғатты, жағалпай қоршаған ортаны қайта өзгерте алатынына көзі жетіп, дәстүрлі қоғамның ішінде жаңа – буржуазиялық - қарым-қатынастар пайда болып тез қарқынмен дами бастайды. Соңынан бұл дәуірді еуропалықтар "Ренессанс", яғни "Қайта өрлеу" деп атады. Әрине, бұл Еуропа тарихындағы дәстүрлі қоғамнан индустриалдық қоғамға өту дәуірі еді. Осының нәтижесінде Еуропа елдері біршама буржуазиялық-демократиялық революциялардан өтіп индустриалдық қоғамның шеңберіне толыққанды кіреді – енді адамзат тарихында Жаңа дәуір басталады.

Осы уақыттан бастап Батыс цивилизациясы Шығысты экономикалық жағынан басып-озып кейіннен оларды отарлай бастайды. Неге осы уақытта Шығыста мұндай алға өрлеу басталмады?- деген сұрақ қойсақ, оған жауап беру оңай шаруа емес. Шамасы, оның негізгі себебі – сонау көне заманда басталған Шығыс пен Батыстың Дүние мен өмірге деген көзқарастарының бөлінуі, Шығыс елдеріндегі қауымдық өмір салтына, ал Батыста жеке адамның белсенділігіне жол ашылғанынан көруге болатын сияқты. Ал оның өзі, әрине, жағалай қоршаған ортаға бейімделуден шығады. Еуропа мен Азияның табиғаты мен ауа-райын салыстырсақ, әрине, Еуропада жеке адамның белсенді тұлға болып қалыптасуына молырақ мүмкіндіктердің болғанын байқаймыз. Еуропада Қытай, я болмаса, Үнді еліндегі сияқты жүздеген мың адамдарды жинап, олардың басын қосып, үлкен каналдар, суды тоқтататын бекеттер салынған жоқ-ты.

Жаңа дәуірдің экономика саласындағы негізгі ерекшеліктерінің бірі – адамдар заң жүзінде тең құқты азаматтарға айналып, зорлап еңбек еткізу принципі келмеске кетеді. Сол себепті жеке адамның өмірге деген белсенділігі артып, жаңа қоғам өндіргіш күштерді бұрынғы-соңғы болмаған биік дәрежеге көтереді. 300 жылдың шамасында өндіргіш күштер бұрынғы 5000 жылдағы жеткен дәрежеден асып түседі !!! Жүздеген жаңа қалалар, мыңдаған кәсіп орындар пайда болып, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты, мәдениеті мен білімі өсті. Әрине, индустриалдық қоғамның дамуы да қайшылықтар, оларды шешу арқылы жүріп отырды.

ХХ ғ. ғылыми-техникалық революция, оның жетістіктерін өндіріс саласында тиімді пайдалану өндіргіш күштерді әрі қарай күрт өсіріп материалдық байлықтың жаңа көздерін ашты. Дегенмен де, осы ғасырдың ортасына қарай бұл қоғам өзінің мересіне жетіп, екі үлкен дағдарысқа келіп тірелді. Ол энергетикалық және сонымен байланысты экологиялых дағдарыс еді. Индустриалдық қоғам оларды аз уақыттың шеңберінде ғылыми-техникалық жетістіктерге сүйене отырып жаңа электрондық, ақпараттық технологиялар жасау арқылы шешіп, тіпті жаңа экономиканы тудырды. Бұл жаңа қоғам постиндустриалдық қоғам деп атала басталды (ол жөнінде осы тараудың 12-15 беттерін қараңыз).

Кейбір батыс ғалымдарының пайымдауынша, алдағы болашақта экономика саласы толығынан автоматтар мен роботтардың үлесіне тимек. Мұндай жағдайда адамдардың өмір мазмұны бос уақытты мейлінше сезімдік ләззат алып өткізумен және де тұлғаны құмартатын, сүйетін нәрсесімен (хобби) айналысу болмақ. Ал К.Маркстің ойынша, өндіргіш күштер өте биік дәрежеге көтеріліп, қоғамдық байлық ағыл-тегіл болған кезде, адамдардың тектік қабілеттері мен күш-жігерінің әлеуметтік кеңістігі өсіп, олар рухани шығармашылық жолына түсіп шексіз даму мүмкіндігіне ие болады.

Біздің ойымызша, қазіргі Батыс елдеріндегі "тұтыну қоғамы", сондағы кең етек алып кеткен "материалдық-сезімдік" өмір бағыты жоғарыда көрсетілген жағдайда мидың ләззатты сезінетін бөліктеріне электродтар арқылы импульстар бергізіп, "жаңа нашақорларды" тудырмасына кім кепіл береді. Мұндай тұжырымдар дүниежүзілік діндердегі негізгі аяндардың бірі – Иса пайғамбардың ауыр жүгінің барлық адамдарға қатысы бар екенін ұмыт қылады. Ізгілік бар жерде зұлымдық та бар, шың қаншалықты биік болса, құз да соншалықты терең екенін қазіргі адамзаты ұмыт қылғандай.

Экономика саласы адамдардың негізгі материалдық мұқтаждықтарын өтеуі керек. Оның сыртында – нағыз адами даму жатыр. Ол рухани-шығармашылық, адам өмірінің, жер бетіндегі тіршіліктің, тіпті керек десеңіз - ғарыштың мән-мағнасы жөнінде тебіреністе болу, тұлғаның шығармашылық іс-әрекетінің арқасында өмірде өз өшпес ізін қалдыру, жер бетіндегі ғажап оқиғаны – тіршілікті - гүлдетіп сақтап қалу болмақ.



в) әлеуметтік сала

Сонымен, экономика саласы адамның күнбе-күнгі өміріндегі қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. Алайда, бұл қоғамның өмір сұруінің негізгі факторы болса да, - бір жағы ғана. Екінші жағы - сол адамның өзін нақтылы тарихи қалыптасқан өмірге сай етіп өсіп-өндіру, ұрпақтар өмірін жалғастыру, оны әрі қарай дамыту болмақ. Міне, қоғамның осы екінші жағын әлеуметтік сала дейміз.

Әлеуметтік сала біркелкі есмес - қоғам өмірінде әр-түрлі әлеуметтік топтар өмір сүреді. Өйткені, бұл дүниеде – адамдарды айтпағанның өзінде – ешбір бір-біріне толығынан ұқсас ешнәрсе жоқ, әрбір зат өмірге өз қайталанбас болмысымен келіп, уақыты озған кезде – келмеске кетеді. Уақытында ХУ111 ғ. кейбір ағартушылар, содан кейін К.Маркс пен Ф.Энгельс алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдардың теңдігіне тамсана қарап, жеке меншік дүниеге келгеннен кейін байлық пен кедейлік, әр-түрлі таптар мен әлеуметтік топтарға бөліну басталды, - деп айтып кеткен болатын. Соңғылардың ойынша, болашақ коммунистік қоғам жер бетінде орнаған кезде, сол біркелкілік тағы да қайтып оралады, бірақ, - ағыл-тегіл байлықтың негізінде, өйткені, барлық адамдардың қажеттіктері толығынан өтеледі. Алайда, мұндай пікір Дүниенің іргетасты қасиетіне қайшы келеді – Ұлы Мәртебелі Табиғат біркелкілікті сүймейді, ол әртүрлікті жаратады. Осы тұрғыдан сонау алғашқы қауымдық қоғамға көз жіберсек, онда да әр-түрлі топтардың болғанын байқаймыз. Онда, әрине, қоғам демографиялық-жыныстық принципінің негізінде топтанды – аңшылар, ошақ басындағы әйелдер, жастар, сол қауымды басқаратын ақсақалдар т.с.с. Әрине, олардың әлеуметтік жадайлары да соған сәйкес әр-түрлі болды. Мысалы, әр-түрлі тайпалар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, бір-біріне оқтын-оқтын силар тартты. Ал олар ақсақалдардың қолында қорланды т.с.с.

Тарихи өндіргіш күштер дамып, жеке меншік пайда болып, мемлекет дүниеге келген кезде, қоғам өмірінде таптар мен әр-түрлі әлеуметтік топтар дүниеге келеді. Байлық пен билікке ие болған үстем топтар мен езілген таптардың арасында қайшылықтар пайда болады. Жаңа дәуір дүниеге келген кезде бұл қайшылықтар әрі қарай өршіп неше-түрлі революцияларға әкеледі. Үстем таптар мемлекеттік билік арқылы өзін-өзі сақтап қалу жолында төмендегі әлеуметтік топтардың әлеуметтік жағдайларын көтеруге тырысады. Машиналық өндірісті дамыту үшін жұмысшылардың білім деңгейін өсіру керек болды, сондықтан, білім беру жүйесіне көбірек көңіл бөлінеді. Жергілікті мемлекет мекемелері жұмысшыларға, кем-тарларға арнап арзан баспана салуға кіріседі, денсаулық сақтау мәселелеріне көбірек көңіл бөліне бастайды т.с.с.

Әлеуметтік мәселелердің нағыз түбегейлі шешу жолдарын Ресейде большевиктер үкімет басына келген кезде бастайды. Олар жеке меншікті жойып, бүкіл ұлттық байлықты мемлекеттік қолға өткізіп, жоспарлы экономиканың негіздерін құрып, елді индустриялап, жаңа қалалар мен село кешендерін салып, бүкіл халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ғылым мен техниканы, білім беру жүйесін дамытып, ден саулық сақтау, жастарды тәрбиелеу т.с.с. әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөледі. Әрине, бұл ауқымды төңкерісте зорлық-зомбылық, репрессиялар қолданылып, миллиондаған адамдар осы әлеуметтік жаңарудың құрбанына айналды. Мұндай әлеуметтік саладағы түбегейлі өзгерістер бүкіл дүниежүзілік қауымға зор әсерін тигізді. Сондықтан, капиталистік елдер Кеңес Одағының жасаған әлеуметтік саладағы Үлгілеріне сәйкес Жауап беру үшін неше-түрлі әлеуметтік бағдарламалар жасап, өмірге еңгізе бастады. Екінші жағынан, жүздеген жылдардағы даму барысында қорланған байлық оларды тиімді түрде шешуге жол ашты.

Дегенмен де, Кеңес Одағындағы қалыптасқан тоталитарлық экономика 60-шы жылдардан бастап тоқырауға түсті. Оның негізгі себебі – экономиканың бір қолда ғана болуы - монополизациялануы еді. Бәсекелік болмаған жерде экономика бір орнында тұрақтанып қалды. Тұрпайы теңеудің негізінде адамдардың белсенді еңбегі жойылды. Шынайы өмір идеологияға бағынбай, іштей шірушілік басталды. Партия және үкімет басындағылар мемлекеттік меншіктің шын қожайындарына айналып, көп жағдайда өз мүдделерін іске асыруға кірісті. Оларға арнаулы үйлер, санаториялар, дүкендер, емдеу орындары т.с.с. салынды – олар бірте-бірте үстем тапқа айнала бастады, халыққа арналған әлеуметтік бағдарламалар орындалмай қорлана бастап, біршама шиеленістерді тудырды. Бұл қайшылықтар ақырында Кеңес Одағының құрып, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына әкелді.



Енді тәуелсіз мемлекеттердің алдында жаңа мақсат пайда болды – ол тоталитарлық экономикадан бас тартып, нарыққа көшу, жеке меншікке жол ашу, елді демократизациялап, ондаған жылдар қорланған әлеуметтік мәселелерді шешу еді. Өз еліміздің жағдайына келер болсақ, ол аянышты болды. Өйткені, Кеңес Одағы заманында ол аграрлық-шикізат өнімдерін шығаратын, басқа одақтас республикалардың, әсіресе, Ресейдің экономикасымен тығыз байланып қалған ел болатын. Сондықтан, Ресейдің Думасындағы кейбір ұлтшыл депутаттар “олар бізге қайтып оралады, өздері дербес мемлекет болып өмір сүре алмайды”,- деген пікір айтқан болатын. Мұндай ауыр жағдайда Ел басы Н.Назарбаев тапқырлық көрсетіп, шет елдерден елге инвестицияларды тартып, халқымыздың алған бостандығын сақтап қалды. Бұл, әрине, қиын жылдар болды, кейбір кезде шет ел компанияларымен теңсіз шарттарға да тұруға мәжбүр болдық. Бүгінгі таңда, экономиканың өрлеу барысында, әлеуметтік мәселелерді шешуге үкімет пен парламент аса көп көңіл бөліп отыр.

Бүгінгі таңда осы да және басқа әлеуметтік мәселелер қоғамдық сананың өзекті сұрақтарына айналып, ақпарат құралдарында талдануда. Олай болса, бұл мәселелер болашақта шешіледі деген үміттеміз. Жас дос, оларды болашақта шешуге сіз де ат саларсыз деп ойлаймыз.



с) саяси-құқтық сала

Қоғам өмірінің келесі саласы – саяси - құқтық сала. Ол сонау көне цивилизация дүниеге келген кезде пайда болды. Ұлы Аристотель адамды “Zoon Polіtіcon” – саяси жануар,- деп сол кезде-ақ атап кеткен болатын. Сол заманнан бері осы уақытқа дейін адам саяси пәнде, өйткені ол әрқашан белгілі бір таптың, я болмаса, ұлттың т.с.с. үлкен топтың өкілі. Әрбір әлеуметтік топ қоғам өміріндегі өз орнын анықтауға тырысып, өз мүдделерін қорғап, осы жолда басқа топтармен қарым қатынасқа түседі. Олай болса, саясат миллиондаған ортақ мүддесі бар адамдардың мақсат мұраттарын шыңдап қоғам өміріне әкеледі. Саясаттың екінші жағы - әр-түрлі мүддесі бар топтардың басын біріктіріп, қарым-қатынастарын ретке келтіріп, қоғамның біртұтастығын сақтап қалу болмақ. Олай болса, заңды сұрақ туады: саясаттың қандай қасиеттері қоғамның біртұтастығын сақтап, әр-түрлі топтардың мүдделерін бір-бірімен ретке келтіреді? Оны біз биліктен табамыз. Бірақ, саяси билік жалпы әлеуметтану категориясы ретіндегі биліктің бір түрі ғана. Расында да, біз тұлғаның өз-өзін билейтіні, адамның табиғатты, әкенің баланы, қылмыскердің банданы т.с.с. билейтіні жөнінде айтамыз. Тіпті, керек десеңіз, жануарлар үйірінің шеңберінде де билікке ұқсас, зоологиялық күшке негізделген ретке келтірушілік бар. Сондықтан да болар, уақытында Ф.Ницше “билікке деген ырықты” субстанциялап, жалпы дүниенің негізінде жатқан құбылыс деп есептеді.

Әрине, қоғам кұрделі дәрежеде ұйымдасқан жүйе ретінде әрқашан да белгілі бір тәртіпсіз өмір сүре алмайды. Олай болса, билік адамзаттың мәңгі серігі. Шындап келсек, алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінің өзінде демократияның алғашқы қайнар көздері пайда болады, өйткені, рудың ішіндегі қарым-қатынастарды, басқа рулармен қатынастарды, қайшылықтарды үне бойы ретке келтіріп отыру қажет болды. Оноре де Бальзак “гүлдер ботаникадан ерте өмір сүрген” деген сияқты, саналы түрде алғашқы демократия өмірде болғанымен категориялық (ұғымдық ) дәрежеде әлі пайымдалған жоқ-ты. Тек жеке меншік пайда болып, тарихқа таптық қоғам келген кезде дәулеті асқандар өз мүддесін қорғау жолында саяси жолмен бүкіл қоғамға өз ырқын таңа бастайды. Осы тұрғыдан алғанда, саяси билік дегеніміз қоғамды басқарған субъекттің адамдар, әлеуметтік топтарды өз ырқына,- тіпті олар қарсы шыққанның өзінде,- көндіру болып табылады. Расында да, қоғам өмірі сан-алуан қайшылықтардан тұрады, мыңдаған адамдардың мүдделері бір-біріне соқтығысып қарсы келеді. Мұндай жағдайда әрқашанда қоғамның ауытқуына, құлдырауына, тіпті құрып кетуіне мүмкіндіктер ашылады. Сондықтан биліктегілер қоғамның біртұтастығын сақтап, үстем таптың мүдделерін қорғау үшін шынайы күш-қуатқа ие болулары керек. Көп халықтардың тілдеріндегі “билік” және “күш-қуат” деген ұғымдардың бір түбірден шыққанын байқаймыз. Мысалы ағылшын сөзі “power”- билік, күш-қуат,- деген мағна береді, қазақтың “билік”, “білік”, “білек (күш)”, орыстың “власть”, “владеть”, “волеть”,- деген сөздері де бір түбірден шыққан.

Ұсынылатын негізгі оқулық әдебиеттер:

1.Ғабитов Қ. Философия. Оқулық. – Алматы, 2005.

2.Рысқалиев Т.Х. Философия тарихына шолу. Орал, 2005.

3.Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия.- Алматы, 2004.

4.Алтай Ж., Касабек А.., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы.- Алматы,2006.

5.Ақназарова Х. З. Философия тарихының дәріске курсы.- Алматы, 1992.

6.Әбішев Қ. Философия ( жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған). – Алматы, 1998.

7.Бейсенова Қ. Философия тарихы.- Алматы, 2005.

8.Тұрғынбаев Ә. Х. Философия. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы.- Алматы, 2005.

9.Философиялық сөздік.- Алматы, 1996.



Ұсынылатын қосымша оқулық әдебиеттер:

1.Кішібеков, Сыдықов Философия. Алматы 1994 ж.

2.С.К.Мырзалы Философия әлеміне саяхат. Қостанай. 2001 ж.

3.Ақназаров Философия тарихы бойынша дәрістер курсы. А.

4.Әбiшев К. Философия., Алматы, 2002.

5.Кессиди К.Х. От мифа к логосу. Москва.,1972

6.Лосев А.Ф. Философия. Мифология. Культура., М, 1991

8.Мифы народов мира., М.. 1991

10.Степанянц М.Т. Восточная философия: вводный курс. М.,

13.Антология мировой философии в 4-х томах, т.1., М.,1968

14.Древнекитайская философия : собрание текстов в 2-х томах, М..1972
15.Дәріс тақырыбы: Таным теориясы

Негізгі мақсаты: Ғылыми танымның мәні мен құрылымын, теориялық сипатын түсіндіру, практиканың маңыздылығын дәлелдеу.

Негізгі түсініктер: метод, методология, эмперика, эксперимент, фальсификация, синтез, анализ, индукция, дедукция, идеализация.

Дәріс сабағының жоспары:

1.Таным, қоғамдық процесс.

2.Таным процесінің негізі.

3.Сезімдік және логикалық таным

4.Ақиқат теориясы.

5.Ғылыми таным логикасы мен методологиясы.



6.Ғылым этикасы.
1.Таным, қоғамдық процесс.

2.Таным процесінің негізі.

Жоғарғы тарауда болмыс мәселелерін талдап , "Дүние қалай құрылған?",- деген сұраққа жауап беруге тырыстық. Енді уақыт екінші үлкен сұраққа жауап беруді талап етеді. Осы өзімен-өзі өмір сүріп жатқан Дүниені адам танып-біле ала ма? - Әрине, біз бұл сұраққа оң жауап қайтарамыз. Тек болмыс шеңберіндегі заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу арқылы ғана адам оны ерікті түрде шығармашылық жолмен қайта өзгерте алады. Бізді жағалай қоршаған "екінші табиғат" – неше-түрлі машиналар мен механизмдер, электр стансалары, байланыс жүйелері т.с.с. – адамның дүниетаным мүмкіндігі, рух құдіретінің шынайы көріністері. Таным деп біз адамның жағалай ортаны зерттеудегі ерекше рухани іс-әрекетін айтамыз. Ол әрқашанда даму үрдісінде. Егерде көне замандағы адам найзағай жарқылдап, күн күркіреген кезде зәресі кетіп, оны аспан Құдайының іс-әрекетіне теңестірген болса, қазіргі уақытта оның физикалық сырын 8-9 сыныптарда оқитын әрбір оқушы айта алады. Адамзаттың мыңдаған жылдарға созылған тарихы танымның өте күрделі көпдеңгейлі құбылыс екенін мойындайды. Миллиондаған адамдардың дүниетану әрекетінің негізінде, әр-түрлі жырақтар мен бұлақтардан қосылған өзен арнасы сияқты, қоғамдық мағнасы зор таным үрдісі қалыптасады. Алайда жеке адамның санасында қалыптасқан кейбір түсініктер жалған болуы, я болмаса, кейбіреулері өз заманының арнасынан шығып, бүгінгі өмірдің сұранысын тудырмауы да мүмкін. Сондықтан, нақтылы-тарихи қоғамның сұранысына байланысты "табиғи таңдауға" ұқсас үрдістердің негізінде жеке адамның санасындағы ойлар қоғамның рухани байлығына айналады. Ол үшін адамдар өз білімдерімен бір-бірімен бөлісуі қажет. Ол негізінен алғанда университтердің мінбелері, басылып жарық көрген мақалалар мен кітаптар арқылы, олардың мазмұнын сынау, тиімді және тиімсіз жақтарын қоғамдық санаға көрсету т.с.с. жолдармен жүріп отырады. Қайсыбір тіршілік сияқты, адам да жағалай қоршаған ортаның шеңберінде өмір сүреді. Алайда, оның өмір сүру тәсілі басқа тіршіліктерден мүлде өзгеше. Егерде қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы мүміндігіне сай жағалай ортаға бейімделген, дүниедегі сан-алуан құбылыстардың ішінде тек өз тіршілігіне тікелей, я болмаса жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп, тек соған сәйкес өмір сүретін болса, адам дүниеге өз санасы арқылы универсалды, яғни, жан-жақты қарай алады. Сонымен қатар, жағалай орта нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан адамдардың таным мүмкіндіктері мен оны игеру деңгейінен әрқашанда асып түседі. Олай болса, ол адамдардың Дүниені зерттеп игеру жолындағы шексіз мүмкіндіктерін тудырады. Дүниетанудағы негізгі мақсат – зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни, оларды білу. Білім әрқашанда шындықтың идеалдық бейнесі, өйткені, бірдемені білу дегеніміз – сол жөнінде идеалдық түсініктің болуы. Олай болса, танымды - күрделі үрдіс, ал білімді – белгілі бір нәтиже ретінде қарауымыз керек. Тарихи ғылыми білім дүниеге келместен бұрын күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен пайда болған қарапайым күнбе-күнгі білім дүниеге келеді. Ол адамның кәсіби танымдық іс-әрекетінен емес, күнбе-күнгі өмірдің қажеттіктерінен (аң аулау, балық ұстау, еңбек құралдарын жасау, үй салу, бала тәрбиелеу, жеміс-жидек жинау т.с.с.) пайда болады. Оған күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен қорытылған халық даналығын көрсететін мақал-мәтелдерді, адамгершілік нормаларды, әдет-ғұрыптарды т.с.с. жатқызуға болар еді. Осындай өмірлік білімнің негізінде адамдар жағалай ортаны бағдарлай алатын дәрежеге жетеді. Ал, ғылыми білімге келер болсақ, ол арнаулы білімді игеру мен оны шығармашылық жолмен дамытудың негізінде пайда болады. Оның қайнар көзі бертінде, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуінен басталады.

Жүре келе, ғылыми зерттеудің пәніне байланысты білімнің әр-түрлі салалары пайда болады. Табиғатты зерттеудің барысында астрономия, механика, физика, химия, геология, биология т.с.с. ғылымдардың негіздері қаланады. Олардың басын біріктіріп жаратылыстану ғылымдары дейміз. Адам мен қоғамды зерттейтін білім салалары гуманитарлық, қоғамдық пәндерді тудырды. Оларға философия, психология, саясаттану, мәдениеттану т.с.с. пәндер жатады. Гуманитарлық білімдердің ерекшеліктері – олардың мазмұнында нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мұдделері мен мақсат-мұраттарының бейнеленуі. Сондықтан, белгілі бір қоғам өміріндегі құбылысқа әрбір әлеуметтік топ өзіндік баға беруі мүмкін. Сонымен қатар, бұл пәндердің бәрінің басын біріктіретін құндылықтарға келер болсақ, олар – адамды сүю, ізгілік, жақсылық, жетілгендік, әсемдік, әділеттілік, еріктік, теңдік т.с.с.

Дүниетану - өте күрделі құбылыс, ол үшін адам барлық жан-тәнінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан қоғамдағы құндылықтар, солардың негізінде қалытасатын қоғамдық қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі т.с.с. таным үрдісінде өз орнын алады.

Олай болса, дүниетану негізінде жатқан іргетасты құбылысты анықтамай болмайды, сонда ғана оның терең мәнін ашуға болады. Сана, рух болмысының өзегі білімде болғаннан кейін, мыңдаған жылдардың шеңберінде ойшылдар танымның негізін адамның санасынан көрді : "таным үрдісін дамытатын ақыл-ой жаттығуы, жетілуі", "шығармашылық ізденіс", "білімге деген құмарлық", "туа біткен табиғи дарын" т.с.с. Әрине, аталған факторлардың танымдағы орнын терістеуге болмайды. Бірақ, олардың негізінде толыққанды таным теориясын жасау мүмкін емес. Ол үшін біз адамның басқа тіршіліктерден бөлек, тек өзіне ғана тән өмір сүру тәсілін анықтауымыз керек. Ал, оның өзі бізді адамның "таза табиғатқа" қанағаттанбай, оны қайта құру, өзгерту іс-әрекетіне әкеліп тірейді. Оны философия тілінде "практика" дейді.




Философияның негізгі мәселесі.
Элея мектебі. парменид пен зенон.
Аристотель және оның философиялық жүйесі.
Адам мәселесі.
Уильям оккам ілімі.
Абу-али ибн-сина
Негізгі түсініктер:
Готфрид вильгельм лейбниц (1646-1716)
Георг вильгельм фридрих гегель (1770-1831 ж.ж.) -
Феноменология
Карл густав юнг (1875-1966 ж.ж.)
Ху - хуiii ғғ қазақ жырауларының шығармашылығы
Ерiншек, бекер мал шашпақ -
Егемен қазақстан және философиялық ой-пiкiрдiң дамуы
С.н.булгаковтың
Танымның практикалық табиғаты
Сөж тақырыбының атауы



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет