Алматы экономика және статистика академиясы


Аристотель және оның философиялық жүйесі



бет8/32
Дата18.03.2017
өлшемі7,39 Mb.
#11795
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   32

Аристотель және оның философиялық жүйесі.

Аристотель (384-322 б.з.д.) - көне заманның ең ұлы философы, заманының ең дарынды, жан жақты білімі бар тұлға болған. Аристотель сонымен бірге өз заманының ұлы қолбасшысы, үлкен Империя жасаушы Александр Македонскийдің оқытушысы ретінде де тарихта аты қалған.

Аристотельдің тағы да жасаған бір үлкен жұмысы – ол Афина қаласында даңқы бүкіл Дүниеге әйгілі мектеп – Ликейді ашады (қазіргі лицейлердің аты содан шыққан). Мектептің жанында үлкен бақ болған, онда адамдар серуендейтін үсті жабық жолдар болған, оларды грекше “перипатос² дейді. Тарихта Аристотельдің философиясын қолдай әрі қарай жалғастырған мектепті перипатетиктер дейді.

Аристотель жан-жақты терең білімді тұлға болғаннан кейін оның мұрасын ғалымдар бірнеше топқа бөледі.

Логикалық еңбектері (негізгі кітап “Органон², “Категориялар² т.с.с.

Табиғат философиясына арналған еңбектері “Физика² 8 кітап, “Аспан жайлы² 4 кітап, “Аспандағы құбылыстар жайлы² т.с.с.

Жан-дүние философиясына арналған: “Жан-дүние жөнінде², “Өмір мен өлім туралы², “Тыныс алу туралы² т.с.с.

Тіршілік философиясына арналған: “Жануарлардың дене мүшелері жайлы², “Жануарлардың дүниеге келуі жайлы²

Бірінші физика 14 кітаптан тұратын. Соңынан “Метафизика² деген атаққа ие болды.

Моральдық философияға арналған “Никомахтың этикасы², “үлкен этика².

Саясат пен экономикаға арналған “Саясат², “Экономика², “Афинаның саяси өмірі².

Көркем сөйлеу мен көркем сөзге арналған: “Риторика өнері², “Өлең сөз жөнінде².

Логика мәселелері.

Логика ғылымының іргетасын қалаушы – Аристотель. XVқққғ. немістің ұлы философы Канттің: “ Аристотельден кейін осы уақытқа дейін логикаға еш жаңалық енгізілген жоқ² деген сөзінің өзі көп нәрсені көрсеткендей.

“Категориялар² деген еңбегінде Аристотель алғаш рет егжей-тегжей талдау арқылы он негізгі ұғымдарды ұсынады. (kategorіa - грек сөзі, -анықтаймын, белгілеймін). Олар: мән, сапа, сан, қатынас, орын, уақыт, орналасу, иелену, әрекеттену, зардаптану. Олар мынандай сұрақтарға жауап береді: “Не бар² , “қандай² , “қанша² .

Аристотельдің категориялары бір жағынан алып қарағанда болмыстың мінездемелері, екінші жағынан ойдың бітімдері ретінде қаралады.

Бұл категориялардың ішіндегі негізгісі – мән. Аристотель бірінші мән ретінде нақтылы өмір сүріп жатқан жеке заттарды жатқызады. Ал оларға тән жалпылықты ол – “тек², “түр² ретінде екінші мән дейді. Сонымен, бұл арада Аристотель Платонның көзқарасымен қайшы келеді – жеке заттардан бөлек жалпылық өмір сүре алмайды. Жүре келе ойшыл “тек², “түрді² – морфе (morphe), яғни бітім деген ұғымға ауыстырып, заттың терең мәні сонда деген пікір айтады.

Аристотельдің “Органон² деген еңбегінде жеке категориялар емес, әртүрлі тұжырымдар талданады, олардың құрылысының негізінде жатқан ойлау заңдылықтары көрсетілді. Олар:

Тепе-теңдік заңы (А =А), яғни белгілі бір ұғым әрқашанда бір мағынада ғана қолданылуы керек.

Қайшылықты жоққа шығару заңы (А@ А).

Үшіншіні жоққа шығару заңы ( А=А, ия болмаса А@ А , яғни екеуінің біреуі дұрыс (үшіншіге жол жоқ).

Бұл логиканың үш заңы ұғымдарды тек бір мағнада пайдаланып, олардан шығатын тұжырымдардың бір-біріне қайшы келмеуін талап етеді. Осы талаптың негізінде силлогизмдер құрылады.

Мысалы: Барлық адамдар өлмек

Сократ – адам;

Олай болса, Сократ - өлмек.

Аристотельдің логикасында адамдардың ой-тұжырымдырында кездесетін қателіктер талданады. Олар көбінесе сөздердің көп мағыналығынан шығуы мүмкін (омономия). Мысалы, шаш – бір жағынан шашу, лақтыру, екінші жағынан адамның басындағы шашы ретінде қолданылады.

Қателіктер белгілі ойларды бір-бірімен дұрыс қоспай, ия болмаса дұрыс бөлмеуден шығуы мүмкін, ия болмаса мәннің орнына кездейсоқтық қасиет қолданылуы мүмкін, т.с.с.

Аристотельдің бірінші физикасы.

Аристотель “бірінші физика² деп табиғат заңдылықтарын, нақтылы жаратылыстану заңдылықтарын зерттейтін физика ғылымының ар-жағында жатқан Дүние жөніндегі ең шегіне жеткен жалпы сұрақтарды түсінеді. Антика заманының ойшысы Андроник Родосский сондықтан оған “метафизика² деген атақ қойған болатын. Бұл ұғымның “бақытты тағдыры² болып, осы уақытқа шейін жетіп, философияда кеңінен қолданылады.

Аристотель Дүниенің алғашқы негізін екі себептен шығарады, олар – материя және бітім, форма. Материя бітімсіз, бітім материясыз өмір сүре алмайды. Егер Платон материя оны қалыптастыратын идеясыз өмір сүре алмайды десе, онда Аристотель форманың өзі де материясыз болмыста жоқ деген пікірге келеді. Тек бір-біріне қосылып қана олар заттың шынайы болмысына, субстанцияға әкеледі. Олай болса, Дүниенің алғашқы негізін құрайтын материя және форма арқылы өмір сүретін жеке заттар ғана.

Сонымен, Дүниенің алғашқы негіздері материя мен форма болатын болса, олар қалайша бір-бірімен қосылып нақтылы заттарды тудырады? Бұл сұрақты шешу жолында Аристотель ғылымға екі жаңа ұғым әкеледі. Олар “мүмкіндік² (грекше – dynamіs, латынша - potentіa( және шындық (грекше – energeіa, латынша – actus). Бұл ұғымдарды ол материя және формамен тығыз ұштастырады. Материя тек белгілі бір заттарға айналатын мүмкіндік қана. Ал формаға келетін болсақ - ол шынайылық. Сондықтан форма материяны мүмкіндіктен нақтылы шындыққа әкеледі. Мысалы, кірпіш – саздың формасы, сонымен қатар болашақ үйдің мүмкіндігі, ал саз – кірпіштің мүмкіндігі. Сәби – болашақ ересек адамның мүмкіндігі. Сонымен, қайсыбір Дүниеге келу – мүмкіндіктің шындыққа айналуында. Жоқтан ешнәрсе пайда болмайды. қайсыбір қозғалыстың қайнар көзі – Дүниенің сыртында емес, заттардың ішкі мүмкіндіктерінде.

Материалдық және формалдық себептерден басқа Аристотель әрекеттік және мақсатқа лайықтылық себептерді көрсетеді. Расында, белгілі бір нәрсенің Дүниеге келуі басқа нәрсенің әрекеті арқылы іске асады. Ал Дүниеге келген зат не үшін келді деген сұрақ заттың мақсатқа лайықтылық себебін көрсетеді. Оны Аристотель энтелехия (entelechіa – бітімге келген, кемеліне келген, - грек сөзі) деген ұғым арқылы көрсетеді.

Енді соңғы үлкен мәселе, оны қазақ дүниетанымы тұрғысынан қойсақ, бұл жалған Дүниенің неге барлық жағы тең емес, оймен сәйкес келмейді? Аристотель бұл мәселені материя категориясы арқылы шешеді. Материя – енжар, кертартпа зат, сондықтан формамен қосылған кезде табиғаттың қажеттілігі, кездейсоқтық пайда болады. Сондықтан, бұл Дүниеде ешнәрсе мақсатқа лайықты дамығанымен өзінің ішкі энтелехиясына толығынан сәйкес келмейді.



Дүние, өмір және адам мәселелері.

Енді Аристотельдің метафизикалық көзқарастарын нақтылай “ай астындағы Дүниеге², яғни оның натурфилософиялық көзқарастарына келер болсақ, онда бұл Дүниенің бұрынғы философтар айтқан төрт стихиясына қайтадан ораламыз.

Аристотель алғашқы материя қанша енжар, сапасыз, сансыз т.с.с. болғанымен дегенмен оның жылылық, суықтық, құрғақтық пен дымқылдығы бар. Ал олардың бір-бірімен жұп-жұп болып қосылуы Дүниенің негізінде жатқан төрт стихияны тудырады: жылы мен құрғақ - отты, жылы мен дымқыл – ауаны, суық пен дымқыл – суды, суық пен құрғақ - жерді.

Ал аспанды алар болсақ - ол құдіретті Эфирден – квинтэссенциядан (бесінші мән) тұрады.

От пен ауа жеңілірек болғаннан кейін Дүниенің шекарасына, ал жер мен су ортасына қарай жылжиды. Сондықтан оттың жалыны, жылы ауа жоғарыға көтеріліп кетеді, ал су төменге қарай ағады, ауаға лақтырылған жер қайтадан төменге түседі.

“Ай астындағы Дүние² осы төрт стихиядан құралады. Егер Демокрит, я болмаса Анаксагор заттарды ұсақ бөлшектердің бір-бірімен араласуының негізінде пайда болады десе, Аристотель олар бір-бірімен сіңісіп кетеді,- деген пікір айтады, яғни затты біртұтас нәрсе ретінде оның құрамдас бөлшектеріне теңеуге болмайтынын көрсетеді.

Сонымен дүниеге келген заттардың формасы болғаннан кейін олар өзінің ішкі мақсатына лайықты өзгеріске, қозғалысқа түседі. Аристотель қозғалыстың төрт түрін көрсетеді.

Пайда болу мен құру.

Сапалық өзгерістер, яғни заттардың қасиеттерінің өзгеруі.

Сандық өзгерістер, яғни заттың үлкеюі мен кішірейуі.

Орын ауыстыру.

Бірінші қозғалыс түріне келер болсақ, бірдеңе дүниеге белгілі бір мүмкіндіктің іске асуы арқылы келеді. Олай болса, пайда болу дегеніміз бір нәрсенің құруына, құру – басқа бір нәрсенің Дүниеге келуіне әкеледі.

Қозғалыс белгілі бір кеңістікті талап етеді және уақыттың шеңберінде болады. Аристотель кеңістікті заттың алатын орны ретінде түсінеді, ол Демокриттің көзқарасына бұл мәселе бойынша қарсы келеді.

Уақыт - қозғалыстың саны. Санды есептейтін адамның жан-дүниесі ғана. Олай болса, ол жан-дүниенің қасиеті ғана. Шын дүниеде тек қозғалыс қана бар.

Енді тіршілік әлеміне келер болсақ, Аристотель оған материя және форма тұрғысынан қарайды. Тірінің денесі материядан тұрса, жаны – формадан тұрады. Тіршіліктің жаны оның ішкі энтелехиясынан құрайды да, белгілі бір мақсатқа лайықты етіп қозғалтып дамытады.

Дүниедегі тіршілік негізінен үшке бөлінгеннен кейін, Аристотель жанды да үшке бөледі.

Өсіп-өнетін жан (өсімдіктер әлеміне тән).

Сезінетін жан (жануарлар әлеміне тән)

Ойлайтын жан (адамдарға тән).

Адамның орны тіршілік әлемінде – ерекше. Ол – ақыл-ойдың иесі. Сондықтан, оның жан-дүниесі, дене құрылымы да өзгеше. Ол тік жүреді, еңбек етіп, сөйлей алады т.с.с. Адам түйсіктері арқылы заттардың формасын қабылдай алады, барлық түйсіктер бір-бірімен байланысқа түсіп затты біртұтас құбылыс ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Адам ақыл-ой арқылы сезімдік кейіптерді қабылдап, шығармашылық жолмен игереді. Олай болса, ол қабылдайтын ақыл-ойға және шығармашылық ақыл-ойға бөлінеді. Соңғыны Аристотель “әрекетті ақыл-ой² дейді. Оның қайнар көзі “форманың формасы² - Құдайда.

Көп адамдар өмірдің мәнін ләззат алумен теңестіреді. Ол – шынына келгенде, - құлдың арманы;

Екіншілер сый-сиапатқа бөленіп, даңқты армандайды, олардың бәрі де басқа біреулердің ықпалымен байланысты, бүгін бар, ертең жоқ;

үшіншілер байлық қуып шаршайды, бұл соңғы ең мәнсіз, өйткені ол табиғатқа қайшы келетін нәрсе, өйткені байлық басқа мақсаттарға жетудің құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін, мақсат ретінде оның ешқандай мағнасы жоқ, - дейді Аристотель.

Адамның барлық іс-әрекетінің мақсаты – рахатқа жету. Адам ақыл-ойдың иесі болғаннан кейін, әрине, рахаттың ең биік түрі – Дүниені ақыл-оймен шолу (theorіa). Бірақ адам тірі пенде болғаннан кейін ең алдымен өмір сүру керек – ол үшін басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсуі қажет.

Әрине, кедейлік, үне бойы керекті нәрселердің жетіспеушілігі, ауру, бақытсыздық т.с.с. адамды рахаттан алыстатады. Егер бай болсаң, қалағаныңның бәрі қол астында болса, денсаулығың, күш-қуатың мол болса, онда өзіңді бақытты сезінесің. Бірақ ол рахатқа жақындатқанымен оның өзі емес.

Рахатқа жетудің негізгі жолы ол – арете (arete – грек сөзі, -ізгілік, ішкі салмақтылық). Сонымен рахат дегеніміз ізгілікті іс-әрекеттің нәтижесі, яғни ақыл-оймен шектелген ләззат. Олай болса, ол туа бітпеген, оған үйрену керек.

Әңгіме, біржақтылықтан аулақ болып, әр нәрсе, іс-әрекет, жүріс-тұрыстың ортаңғы жолын табуда. Оған ақыл-оймен тоқу арқылы жетуге болады. Мысалы, кеңпейілдік – даңқойлық пен жансақтаулықтың екі ортасында; ерлік – ессіз батылдық пен қорқақтықтың ортасында; мырзалық - шашып-төгу мен сараңдықтың ортасында т.с.с. Сонымен, еш нәрсе “өте² болмауы керек.

Аристотель ізгіліктің екі түрін көрсетеді – біріншісі – дианоэтикалық, екіншісі – этикалық. Біріншіге жету үшін адам жақсы білім алып, оны өмірдегі тәжірибемен ұштастыруы керек. Этикалық құндылықтар әдет-ғұрып арқылы беріледі (ethos - әдет). Дианоэтикалық құндылықтарға ақыл-оймен жетсек, этикалық құндылықтарға – іс-әрекет, жүріс-тұрыс арқылы жетеміз. Батыл болу үшін батыл іс-әрекеттер жасау керек, әділетті болу үшін - әділеттілік жолымен жүру керек т.с.с.

Соңғы құндылық Аристотельді, әсіресе, қызықтырады. Оған бізде тоқтаңқырайық, өйткені, бүгінгі өтпелі заманда әділеттік деген сөзді біз тіпті ұмытып кеткен сияқтымыз, ал өткен кеңес заманында әділеттілікті саясатта адамдарды кедейліктің негізінде теңеуге әкеліп тіреген болатын.

Аристотельдің айтуынша, әділеттілік бір жағынан адамдарды теңеу арқылы, ал екінші жағынан игіліктерді әр адамның, қоғамдағы алатын орны арқылы бөлу керектігінен шығарады.

Әділеттік мәселесі бізді мемлекетке тікелей жеткізеді. Аристотель адамды “zoon polіtіcon² – саяси жануар ретінде анықтайды, өйткені, адам жануарлар сияқты жалғыздан жалғыз өмір сүре алмайды. Мемлекет, сондықтан, адамдардың бірігіп өмір сүруінің жолында пайда болған қажетті құбылыс.

Аристотель мемлекет мәселесін жеке меншікпен және еріктілікпен ұштастырады, құлдар – мемлекеттің азаматы бола алмайды.

Егер Платон жеке меншік жойылу керек,- деген болса, Аристотель, керісінше, оның қажеттігін көрсетеді. Жеке меншіктің көп пайдалығын айтпағанның өзінде-ақ, дейді ойшыл, бір нәрсенің иесі болу адамға түсінбейтін ләззат сезімін әкеледі. Сонымен қатар, байлықтың иесі мырза болып қарапайым халыққа, кем-тарларға көмектесіп, оларды қолдап отыруы қажет, басқа жағдайда қоғам тұрақтылығынан айырылып қалып, мемлекетке қауып төнуі мүмкін. Соңғы мәселеге көп көңіл бөліп, ойшыл ел тұрақты болуы үшін оның негізгі халқы орта дәрежеде өмір сүруі керектігін айтады. ХХ ғасырда әлеуметтік философияда бұл “орта таптың теориясына² айналды. Аристотельше ойласақ, бүгінгі таңдағы біздің қоғамның құрылымындағы орта топтың әлсіздігі, кедейлер мен байлардың айырмашылығының шеттен шығуы қоғамның тұрақтылығына теріс әсерін тигізіп жатыр.

Аристотель өз заманының саяси тарихын зерттеп, мемлекеттің басқару формаларының заңды түрде алмасып отыратынын байқайды. Мемлекетте де, сонымен, ол форманың белсенділігін, өзінің философиясына сәйкес, көрсеткісі келеді.

Мемлекеттің басқару формалары билікті ұстап отырған адамдардың санына қарай бөлінеді, ал оның өзі байлықтың көлемімен тығыз байланысты. Екінші жағынан – билік басындағы отырған адамдардың мақсаты қандай – халықтың мүддесін, я болмаса өздерінікін қорғаумен байланыстырады.

Осы екі тұрғыдан Аристотель басқарудың үш дұрыс түрін, үш бұрыс формаларын ашады.

Дұрыс тұрлері – монархия (monos – бір, arche – билік), бір адамның билігі, аристократия (arіston – ең жақсы, асыл), аз ақсүйектердің бірігіп басқарған билігі, полития (polіs – қала), ерікті адамдардың байлығына қарай байланысты құрылатын үкімет билігі.

Бұрыс биліктерге келер болсақ, монархия, қандай жақсы билеу түрі болса да бірте-бірте тиранияға – бір адамның зорлығына, заңсыз басқаруына әкелуі мүмкін.

Аристократия да жүре келе бір-бірімен сыбайлас болып қыз-алысып – берісіп, халыққа қызмет етпей олигархияға ауысуы ғажап емес.

Полития да бірте-бірте демократияға ауысып (Аристотель демократия ұғымын қазіргі мағнасынан көрі басқаша қарайды) кез келген надан адамның кеудесін қағып “мен басқарамын² деген пиғылын туғызып мемлекеттің билігіне олардың келуін тудырады (қазіргі өтпелі қоғамдағы кейбір сайлаулар кезіндегі үрдістерге ұқсас).

Сонымен, Аристотельдің біршама әлеуметтік-саяси көзқарастары бүгінгі таңға дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Оның көтерген көп мәселелері болашақ дәуірлердегі ғалымдарға рухани азық болып, олардың шығармашылық шабытын оятты.



3. Рим философиясы

Эллинистік-Римдік философия. Платон мен Аристотельдің шығармаларын антикалық дәуірдегі философиялық ой-пікірдің ең биік шыңына жатқызсақ, б.з.д.қV ғ. - V ғ. екі ортасындағы 8 ғасырды көне заманның философиясының бірте-бірте әлсіреп сөнуімен байланыстырамыз. Бұл 8 ғасырда неше түрлі соғыстар, құлдардың көтерілістері, ұлт-азаттық қозғалыстар – бәрі де болды. Бұл уақыт - құлдық қоғамның пісіп-жеткен сатысынан өтіп, сонымен қатар басқа даму жолын таба алмаған заман. Өндіргіш күштер сол бұрынғы мал мен адамның күшіне негізделген, жаңа күш-қуат көздері әлі ашылған жоқ. Сондықтан, биіктігі 135 м. Александрия Фаросы теңіздің жағалауында салынғанымен оған сол бұрынғы құлдардың күші пайдаланған болатын.

Птоломей Филопатер өз Заманының ең үлкен соғыс кемесін жасады, ал оны 4 мың құл ескекпен қозғайтын. Ондай кемені қандай жерде пайдалануға болады?

Бірақ бұл Заманның ғылым саласында Римде құқ теориясының іргетасы қаланып, соңында бүкіл Еуропа мемлекеттерінің қалыптасуына өзінің зор әсерін тигізеді. Осы уақытқа шейін заңгерлердің негізгі пәндерінің бірі - ол Рим құқы.

Бұл дәуір жөнінде орыстың ұлы философы А.Ф. Лосев айтқанындай: “Философияда - қажу мен түңілу байқалады… Мересіне жете алмай өшкен, бірақ болуға тиіс болса да, дегенмен болмысқа айналмаған ілімдер.. ² - бұл ойды эллиністік-римдік философиялық ой-пікірдің жалпы мінездемесі ретінде келтіруге болады.



Киниктер.

Әрбір дағдарысқа ұшыраған әділеттілік жойылған қоғамда сондағы тәртіпке ашықтан-ашық қарсы шығатын белгілі бір философиялық саяси ойлар, я болмаса бүкіл өмір салтымен сол қоғамды айыптайтын әлеуметтік топтар пайда болады. ХХ ғасырдың екінші жартысында біз оларды “хиппи² қозғалысынан, “битниктерден², “кришнаиттерден² т.с.с. байқадық.

Міне, осындай дағдарысқа ұшыраған антикалық дәуірде философия мен этика саласында киниктер мектебі пайда болады. Оларды Грециядағы Сократтық мектептердің өкілдеріне жатқызады.

Олардың атын біреулер Киносарг аталатын гимназиямен теңесе, келесілері “куоп² (ит) деген сөзбен теңейді, өйткені, осы мектептің негізін қалаған Антисфен адам “ит сияқты өмір сүру керек²,- деген екен. Киниктердің екінші тарихта аты қалған тұлғасы - Диоген Синоптық.

Олардың мақсаты - белгілі бір болмыс жөнінде ілім жасау емес, керісінше, жаңа өмір салтын жасап, оны сынау болды. Мысалы, Диоген теңіздің жағасында үлкен бөшкеде өмір сүреді, шалшықтан қолымен алып су ішеді, жұрттың көзінше дәрет алады; күндіз шам жағып жүреді. ²Неге шам жағып жүрсіз?,- деген сұраққа: - Адам іздеп жүрмін,- деп жауап береді. Атақты Александр Македонский мұндай қызық адамды көрейінші деп оған келгенде, Диоген : - Былайырақ тұршы, күннің сәулесін жауып тұрсың ғой,- деген екен.

Киниктердің ілімі бойынша, адамның ең соңғы талғамы - ізгілік. Ал оның өзі - бақыт. қзгілік дегеніміз аз нәрсеге қанағат болу, залымдықтан аулақ жүру; ізгілікке үйренуге болады, бірақ оған білімнен гөрі ерік керек; ізгілік адамның сөзінен емес, жүріс-тұрысынан байқалады. Азға қанағат ету адамды біреулерден тәуелді болудан арылтады. Бірақ Киниктердің дербестігі бүкіл мәдениет, әлеуметтік нормалар, өнер, жанұя, мемлекетті теріске шығаруға әкелді. Мұның бәрі де, әрине, сол кездегі қоғамдағы қалың бұқараның өте аянышты жағдайымен байланысты болса керек.

Киниктер жеке меншікті, әлеуметтік айырмашылықты жою керек, адам-әлемнің азаматы (космополит) болуы керек деген пікір айтты.

Эпикур философиясы.

Эпикур (342-270 б.ғ.д.) - Демокриттің қолдаушысы. 306 ж. Афина қаласында өзінің мектебін ашты. Ол соңынан “Эпикур бағы² деген атақ алды. Мектептің қақпасында мынандай жазу бар екен: “Жолаушы, мұнда саған жақсы болады: мұнда ләззат алу - ең биік ізгілік².

Эпикур ілімі үш құрамдас бөліктен турады. Ол - каноника (таным теориясы), физика (табиғат жөніндегі ілім) және этика (мораль,әдет ғүрып).

Эпикурдың каноникасында сезімдік танымға көп көңіл бөлінген. Дүниені қабылдаудың негізінде заттардың үстіндегі жеңіл атомдардың біздің денемізге кіруі жатыр. Біздің түйсіктерімізге кіріп, олар шынайы қабылдауды түғызады, ал біздің басқа мүшелерімізге кірсе - онда неше-түрлі қиялдар пайда болады. Олай болса, сезімдік таным бізді ешқашан алдамайды. Жалғандықтың қайнар көзі - ақыл-ойда, тұжырымда. Өйткені, ақыл-ой сезімдік танымға неше-түрлі қосындылар жасайды. Ал ой дегеніміз - ол сөздердің мән-мағнасы. Сондықтан, ойлауда қате жібермес үшін сөздердің алғашқы мағнасынан таймау керек. Эпикур адамдар, жалпы алғанда, Дүние және адамдардың жүріс-тұрысы, іс-әрекеттері жөнінде түсініктер жасайтынына күмән келтірмейді. Ал жеке ғылымдағы мәселелерге келер болсақ, онда әр-түрлі пікірлер болуы мүмкін, тек әр адам өзінің ойын жақсы дәлелдей білуі керек.

Эпикур физикасына келер болсақ, оның негізгі қағидалары мынандай:

Еш нәрсе жоқтан пайда болып және жоққа кетпейді.

Ғарыш әрқашанда осындай болған және болашақта да осындай болады, өйткені басқаға айналатын ешнәрсе жоқ.

Ғарыш денелер мен кеңістіктен турады, денелер жөнінде біздің сезімдеріміз айтады, ал кеңістік болмаса денелердің қозғалысы болмас еді.

Денелер бөлінбейді және тұрақты (атомдар), және солардан әр-түрлі заттар құрылған.

Ғарыштың көлемі шексіз - атомдар мен денелер жағынан да; кеңістік жағынан алғанда да - Ғарыштағы дүниелердің саны шексіз.

Оқырманның байқағанындай, мұндай көзқарас Демокриттің іліміне өте жақын. Тек Эпикурдың көзқарасының айырмашылығы - атомдарға көлемі мен бітімінен тыс салмақ қосылады. Екінші негізгі Эпикурдың жасаған жаңалығы-өзінің салмағы арқылы кеңістікте құлдырап бара жатқан атом алғашқы бағытынан ауытқып кетеді. Олай болатын болса, бұл Демокриттің Дүниеде тек қана қажеттілік пен себеп бар деген көзқарасына үлкен соққы болды. Атомдардың ауытқуын Эпикур оның ішкі қасиеттерінен шығады деген пікірге келді.

Эпикурдың этикасы мен теологиясы (theos-құдай,logos-ілім).

Эпикур Дүниені зерттеу - ол адамның негізгі мақсаты емес дейді. Адамның негізгі мақсаты - бақытты өмірге жету. Ал оған жету үшін адамдар Ғарыштың қандай екенін, Құдайлар бар ма, әлде жоқ па, өмір мен өлім жөнінде, табиғаттағы адамның үрейін тұғызатын құбылыстар жөнінде өздерінің түсініктерін қалыптастыруы керек. Сонда ғана адам бақытты өмірге жете алады, ал ол үшін философияны оқу керек. Ол ешқашанда ерте де емес, кеш те емес.

Эпикурдың ойынша, бақыт дегеніміз - еш нәрсеге кеселі тимеген ләззат. Ол адамның жаратылысы, табиғатынан шығады. Адам дүниеден ләззат алуға, зардаптан қашуға тырысады. “Сондықтан біз ләззатқа жетуді бақытты өмірдің басы мен аяғы деп есептейміз²- дейді Эпикур.

Осы айтылған және де басқа ойлардың негізінде жүре келе философияда эпикуреизм деген ұғым пайда болды. Бұл ұғым өмірдің мән-мағнасы ләзатты қууда, құмартуда, Дүниенің барлық қызығын қамтуға тырысуда,- деген мағна береді. Тарихта, өкінішке орай, ірі тұлғалардың кейбір ойлары бұрмаланып, сол тұлғалар жөнінде болашақ ұрпақтардың санасында қисық пікір пайда болады.

Мәселенің шынына келсек, Эпикур ләззат алу ұғымын тіпті басқаша түсінді. Егер адамның табиғи қажеттіктері өтелсе - (ішетін тамағы, киетін жылы киімі, ауасы жететін жылы баспанасы болса),- онда адам өзінің табиғи дарындарын сыртқа шығарып, шығармашылық дәрежесіне көтеріліп, өзін нағыз бақытты адаммын деп сезінеді. Эпикурдың мектебіне оқуға келген адамды алғаш рет қарсы алғанда, оның аяқ-қолын таза сумен шайып, содан кейін бір шелпек нан мен бұлақтың суын беріп “Ал енді өзіңізді бақытты сезініңіз²,- дейді екен.

Эпикур ләззаттың өзін дұрыс түсінуге шақырады, өйткені адамның қажеттіктерін табиғи және жасандыға бөлуге болады. Ал соңғылардың біршамасы - тіпті, керек те емес. Олардың анықтаушысы - адамның ақыл-ойы, әділеттік және адамгершілік сезімдері.

Ләззат алудың соңғы мақсаты - ол дененің зардабы мен жан-дүниенің қобалжуынан аулақ болу. Оны ол кісі атараксия деген ұғыммен береді (ataraxіa,-грек сөзі,-қобалжымау). Егер адам тыныш өмірге ұмтылса, жан-дүниесі тұрақты болса, дене ауруы болмаса, болашақ зардаптан, өлімнен қорықпаса, онда оның ішкі рухани өмірінің бақыты арта түседі. қарапайым тынық жерде, жолдастарыңның арасында, мемлекеттің жұмысына араласпай өзің мен өзің болып өмір сүрсең - сен бақытқа жетесің. Эпикурдың жақсы көретін нақыл сөзі “Lathe bіosas²- байқалмай өмір сүр.

Эпикур материалистік көзқарста болғанмен, Құдайлардың бар екенін мойындады. Бірақ Құдайлар ғарыштағы дүниелердің ортасында өздерімен өздері өмірден ләззат алып өмір сүріп жатыр, олардың адамдарға деген еш қатысы жоқ. Егер олар адамдардың ісіне қатысса, онда олардың рахатқа толы өмірі тоқталар еді,- дейді Эпикур.

Ал адамға келер болсақ, онда оның денесі мен жан-дүниесі атомдардан құрылғаннан кейін, ол өлгенде, оның жанын қурайтын жеңіл атомдар да тарап кетеді - яғни жан да келмеске кетеді. Ол табиғи нәрсе, сондықтан одан қорықпау керек.

Өлім мәселесіне келер болсақ, оның бізге ешқандай қатысы жоқ, біз бұл Дүниеде болсақ, онда өлім әлі жоқ, ал өлім келген кезде - біз жоқпыз²,- дейді ойшыл.

Қорыта келе, Эпикурдың филилософиясы, әсіресе, моральдық ой-пікірлері өз заманындағы рухани өмірге және содан кейінгі ұрпақтарға өзінің зор әсерін тигізді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет