Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет11/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29

Қолжазбадан алынған үзіндідегі Жиренше, Абай сөздері шешен, тапқыр болғанмен ұзақ, созалаң. Бұл пікірді әр қырынан көлбету бар. Орынды қысқартылған соң диалогтың драмалық күш серпіні артып, ширатылып тұр.

Қолжазбаның 4-7, 10-20, 23, 25-30, 33, 37, 39, 40-43, 46, 47, 49, 53-55, 57-60, 64-66 беттеріндегі тұтас диалогтар, жеке сөйлемдер, кейбір тіркестер, орамдар қысқартылған. Драматург қолжазбадағы әредік диалогтарды қаһармандар характерін сомдау мақсатымен өзгерткен.

Кітапта Сырттан сөзі «Абай ертең әлгі бір немелерінің тергеуі деседі», - деген сөйлеммен басталады. Алдындағы сөз қақтығысулар алынып қалған. Неге? Онда Сырттан байбайшыл, қақсауық шал мінезін білдіріп қалады. Ағайын арасына түскен сұмдық даудың биі ірі, кеуделі, көшелі болмақ керек. Сондықтан да кітапта Сырттан мен Абай арасында іргелі сөз қозғалады. Сырттан Абай алдын тосатындай үш түрлі шырға тастайды. Нарымбетке Ажарды қайтару, Айдардан бойды тарту, қалың жаудан сақтану – мұның қайсысы да осал жайлар емес. Бұл диалогтар автографта жоқ. Пьесада жаңадан жазылған.

Қолжазбадағы тағы бір өзгешілік – мұнда ақын-әнші Әсет бар. Ол Абай аулына Зейнеппен келеді.

Әсет кітапта мүлде шығып қалған, оның кейбір сөздері Зейнепке көшірілген. Бұл өте дұрыс жасалған редакция еді. Өйткені қолжазбада Әсет қосақ арасында жүрген қаһарман, оның тартысқа, шытырман оқиғаға тікелей қатысы жоқ. Қолжазба Абай өлімінен кейін Әсет айтатын жоқтау өлеңмен аяқталады.

Қазақтың ежелгі дәстүрі жоқтау сарынында жазылған ақ өлең. Әсет аузынан Абайға деген халық ілтипаты, халық бағасы, өлімді аза тұтып, қайғыға көмілуден Абай тындырған істі, аңсап өткен асыл болашақты мезгеген ой жатыр мұнда. Бірақ драмалық қуаттан да эпикалық ауқым мол. Пьесаның кітапта басылған нұсқасында Әсет сөзі ықшамдалып Зейнепке көшіріледі.

Қолжазбадағы көптеген беттер ағылып келген жалынды шабыттан іркілмей төгіліп отырғандай. Билік сценасындағы Жиренше, Керім, Абайлардың аузынан айтылатын ғажап шебер, орасан шешен, өрнекті, неше түрлі теңеумен, астар емеурінмен қабаттасып, шеңдесіп жататын қуатты монологтар қағазға біз білетін қалпында күні бүгін көркемдігіне таңданып, тамсанатын күйінде түсіп отырыпты. Бірлі-екілі сөздер ғана өзгертілген. Бұл Әуезовтің жазушылық талантына қатты әсер етіп, оның қалыптасуында үлкен роль атқарған қазақтың байырғы шешендік өнерінен келіп жатқан нәрлі қасиет. Түйдектетіп, төгіп-төгіп тастау дәстүрі. Әуезовтің басқа да шығармаларының қолжазбаларына көз жүгірткенде, тамаша айрықша суреттердің бірден жазылып қалғанын көреміз. «Абай жолы» эпопеясының қолжазбасы туралы да осыны айтуға болады.

«Абай» трагедиясының орыс тілінде жарияланған 1941 жылғы нұсқасы мен 1944, 1948 жылдары жарияланған нұсқаларының арасында айырмашылықтар бар. 1944, 1948 жылғы нұсқалары өзара бірдей келеді. Әуелі 1941 жылы басылған нұсқа мен қазақ тіліндегі нұсқаны салыстырып көрейік.

Қаһармандар бәз қалпы, тек орысшасында Ажар – Зура, Жиренше – Калча болып алынған. Оқиға 1896-1904 жылдары өтетіні дәлді көрсетіледі. Пьесаның орыс тілінде алғашқы басылған нұсқасын қазақшаның дәл аудармасы десе болғандай. Негізгі сюжетке бөлек желі, өзгеше бұрылыс жоқ, оқиғаның даму ізі тұп-тура сақталған. Қаһармандардың сөзі қазақша нұсқадағы қалпынан алшақтамай, дәлме-дәл түседі. Мысал.



Қазақ тілінде

Абай. Сен не дейсің! Сақал-шашың ағарғанша, жақсылыққа шақырған бір лебізді естімей өттім-ау! Ей, қу-қу заман, әзелде тағдыр бұйрығы сол болса, қу сыбағам арпалыспен өтер болса, тым құрыса жыртқыш емес, адам ұлымен алыстырса етті… Сендер ме? Жақсылықпен кімді сүйсіндірдің? Ендеше жаманшылықпен де кімді таң қалдырам дейсің? Бүксіп-бықсып өтерсің! Иә, күттім, тостым, тәңір бұйрығын!


Орыс тілінде

Абай (после паузы). О, проклятое время! Если ты назначило мне в удел вечную бессмысленную борьбу, почему ты даешь мне бороться с волками? (Эрдену). Кого изумишь, ты злом. Проходит жизнь, волосы твои седы, но хоть раз слышал ли я твой голос призывом к добру? Ты, как слепое пламя и степи, сжигаешь все, к чему прикоснешься. Но с дымом, гарью и чадом… исчезнет и память о вас… С дороги! Я иду навстречу судьбе!



Орысшасында қазақ тілінің ұлттық бояуы әлсіреп кетпей, өз күйінде, қанықты қалпымен жақсы жеткен. Абай тілінің синтаксистік құрылысы, тіпті, ырғақ екпіні де сақталған.

Қазақ тілінің образдық жүйесін, шешендік үлгілерін, айрықша мәнді өрнектерін танытатын сценаның бірі трагедиядағы Айдар – Ажар басына билік айтылатын тұс. Осы сценадағы Жиренше сөзін алайық.

Тамаша шеберлік. Қазақ Жиренше орысша сөйлегенде де бабында, барша болмысымен ағынан жарылып суырылып тұр. Ашуы – ашу, ызасы – ыза, шешендігі –шешендік. Шу деп бастағандағы екі сөйлемдегі ұғымдар орыс оқырманына түсініксіздеу болғандықтан әдейі қалдырылса керек. Осыдан кейін келетін сөйлемдер жолма-жол түскен. Жиренше тілінің мақамы, екпіні, салмағы, зілі бір мысқал да жасымай, буы бұрқыраған күйі ақырған ашумен жеткен.

«Абай» трагедиясының орыс тілінде алғаш рет басылған нұсқасы кейінгі 1944 жылғы жариялануында бірталай өзгерістерге ұшырады. Әуелі қаһармандар саны азайтылды: пьесадан Мағауия, Баймағамбет, Дәулет, Орман шығып қалды. Мағауия сөздерінің басым көпшілігі Әбдірахманға, Баймағамбет сөздері Көкбайға көшірілді. Осы редакцияның өзі-ақ пьесаның құрылысына, сюжет желісіне әжептәуір өзгерістер енгізді. Шығарма алғашқы қалпынан ықшамдалып, бір сурет қысқартылып, алты суретті болып шықты. Пьесаның жинақылығы күшейіп, композициясы ширағанмен, тарихи дәлдікке нұқсан да келді. Ертекші, әңгімеші Баймағамбеттің сөздері жайдан-жай Көкбайға көшіріле салуы дұрыс емес болатын. Әбіштің де Мағауия тонын жамыла салуы сыйымсыз.

Тұтастай алғанда, 1944 жылғы нұсқада кемшіліктен гөрі табыс, татымды редакция басымырақ екенін айтуымыз ғанибет. Бұл нұсқа орыс оқырмандары, орыс көрермендеріне лайықталғандықтан пьесаның алғашқы қалпындағы тұрмыстық, этнографиялық детальдар әдейі алынып қалды. Осындай өзгерістен кейін бұрынғы көріністердің реті ауысты, кейбірі қысқарды, кейбіріне жаңадан қосымшалар жазылды.

Әзімхан – Керім арасындағы сөздер күшейтіліп, бұл екеуінің Абайға қарсылық пиғылы ашыла түскен; Әбдірахман қайғысы, оның Мағыш басын байламауға ұмтылуы да анық көрінеді; Керімнің Мекеге барып келуі айтылмайды; Абайдың дүниеден көшу сценасы ықшам. Біраз көріністердің қысқартылуы, кейбірінің бірігуі, монологтардың, диалогтардың редакциялануы, стилистік өңдеулер – осындай әр түрлі өзгерістердің нәтижесінде 1944 жылғы орыс тіліндегі нұсқа көлемі жағынан бірталай ықшамдалды.

Тарихтағы ұлы адамдар, белгілі қайраткерлер жайында шығарма жазу дәстүрінің тамыры ғасырлар тереңінде жатыр. Жазба әдебиетіндегі жүздеген мысалдарды былай қойғанда, фольклорлық шығармалардың бірталайының тууы жөнінде осыны айтуға болады.

Мынаны ескеру керек: тарихи адам дүниеден көшіп, оның артында қалған күнделік дәптерлерін, әр түрлі документтерді, замандас, дос-жар, жақын-жуықтарының естеліктерін пайдалана отырып, із суытпай жазып тастау бар да, көп жылдар өткеннен кейін, материалдар қолдан шығып кеткен соң кірісу және бар.

М. Әуезов пен Л. Соболевтің алдында ауыр шығармашылық жүк тұрды. Өйткені Абайдың артында ешқандай эпистолярлық мұра қалған жоқ, оның қолжазбасының бірен-саран парақтарының өзі бізге әрең жетті. Бұл ретте, расында, драматургтер, Әуезовтің өзі айтқандай, көшкен жұртта қалған қоламтаны үрлегендей еді.

Дала перзентінің ғажап қасиетінің бірі – көргенін, естігенін өле-өлгенше ұмытпай, сол қалпында жадында сақтауы. Сахара тірлігінің ерекшелігі адамдардың көп нәрсені есіне ұстауын талап етеді. Мұның өзі ұрпақтан – ұрпаққа кеткен киелі дәстүр секілді. Көл көсір, ұшан-теңіз дастандарды шашау шығармай жатқа соғу, «Мың бір түн» ертегісін сол қалпында судыратып айтып беру ешкімді де таңырқатпайды, біреудің көкпар тартқаны, біреудің ән салғаны, біреудің күй шерткені тәрізді үйреншікті, дағдылы нәрседей болып көрінген.

Мұхтар Әуезовке ұлы Абай жайындағы нақты, дәл қалпындағы өмірлік материалдарды жеткізушілер – даланың ұмытуды білмейтін саққұлақ, жезтаңлайлары. Әрине, олар Абай туралы әңгімелерге өз жандарынан жамау қоспады, кей нәрселерді жасырмады дей алмаймыз. Абайға көңілдес адамдардың, олардың тұқымдарының өсіре, өрбіте, көбейте айтуы мүмкін десек, қас болған жандар, олардың үрім-бұтағын өшіре, жасыра, бүге жеткізулері ғажап емес.

«Абай» трагедиясындағы қаһармандар өмірде болған адамдар, олардың көбінің аты дәл қалпында алынады. Рас, тарихи шығармаға қойылар басты талап бұл емес, суреттеліп отырған дәуір тынысын дәл, шынайы көрсету.

Реализм фактілер сәйкестігін тиянақтайтын натурализммен әсте қоңсы қона алмайды. Құбылысқа тән емес, кездейсоқ, бір сәттік жайттарды сыпырып, негізгі басты арнаны диалектикалық күйінде бейнелеу – реализмнің түп қазығы.

“Абай” трагедиясы авторларының реализмнің негізгі, шешуші қағидаларын шығармашылық тәжірибелерін тамаша жүзеге асырғандары өмірлік материалды шығармаға арқау етудегі шеберліктерінен әдемі көрінеді. Біз пьесаны Абайдың, оны қоршаған ортаның фотографиялық дәлдікпен түсірілген суреті деп қабылдамаймыз. Бұл шығарма – тарихи Абай өмірінің материалдарын эстетикалық тұрғыдан екшей отырып, зор қуатпен жазылған көркем полотно.

Пьеса арқауы – Абай өмірінің кешқұрымы, тірліктің ұзақ жолындағы ақырғы жылдары. Бұл шын мәнісіндегі трагедиялық шығармаға негіз болатын материал. Өмір күресінің сан қилы арпалысында қажыр-қайратын, барлық қуатын түгел жұмсаған алып жүректі ақын азамат қашан көз жұмғанша тұғырдан түспей, надандықпен, зұлымдықпен табан тіресе алысып өткен. Абай – жеке басының күйін күйттеп, көлеңкеде бұйығы мұң шертуші емес, шығармашылығымен, қолма-қол араласуымен өз ортасына белсенді ықпал жасаған күрескер ақын. Бірақ топас қауымның, әділетсіз қоғамның сойқанды содырлары, түптеп келгенде, Абайды да құлатқан, жеңген.

Абай өмірінің трагизмін, әрине оның отбасындағы бақытсыздықтардан жырып алып қарауға болмайды, бірақ ең шешуші түйін, жұлын құрт ұлы адамның идеалдарының, алыс армандарының жүзеге аспауында, дәуірмен кереғар келуінде жатыр. Туысында, табиғатында керемет талантты Абай өсе, кемелдене келе ағартушылық-демократтық ойларды тереңдетіп, поэтикалық мәдениеттің заңғар биігіне көтеріле түскен сайын, өзін қоршаған ортадан сол құрлым қара үзіп кеткен. Абайға қарсы топ өкілдері де осыл емес, азу тістері балғадай.

Пьеса ықыласты бірден тартып алатын оқшау, қысталаң оқиғадан басталады. Драматургтер шырғалаңды сюжетті әдейі құнттамайды, алып отырған өмірлік материалшындығына орайлас, типтік жағдайға дөп келетін ситуация көлденең тартылады. Шымылдық ашылысымен, бірден драмалық тартыстың қызып тұрған шоғы қаһармандар характерін бетке шығарады. Қыл шылбыр мойынға түскен сәтте кімде де болсын сыр жасырып қалар дәрмен жоқ.

Бағзы салт, баяғы дәстүр атаулының жол-жоралғысын аттап өтіп, еркіндік жағасына қарай ұмтылған екі жас Айдар-Ажардың алдында кесе-көлденең тұрған тас қабағы, қызыл көзді пәле – жуандық. Осыған ұқсас ситуация, осы сарындас арна – “Еңлік-Кебекте” де, “Бәйбіше-тоқалда” да, “Қарагөзде”, де, “Түнгі сарында” да бар. Әрқайсысында әр түрлі дәрежеде, әр түрлі кемерде суреттелінген хал.

Бас бостандығы үшін алысқан Айдар – Ажар екеуінің қыл көпір үстіндегі сәті, өлімнің жар қабағына келіп қалған қиын-қыстау шағы трагедияның алғашқы көріністерінде ширақ, аса шымыр бейнеленеді. Бұрынғы пьесалардағы белгілі жайттарды қайталау, шиырлау емес, тереңдету, көркемдей, толықтыра кескіндеу бар.

Қаһармандар аузындағы сөздердің қысқалығы, өткірлігі, нақтылығы ситуацияның психологиялық атмосферасына лайық, дәл, нанымды күйде келіп, характерлердің шындық болмысын реалистікпен қалыптайды. Шу дегеннен Оразбайдың ожарлығы, кемдемсоқтығы, Жиреншенің Ажардың сүйіспеншілік жолында жанын пида етер шешімділігі көрінеді.

Келіспес, бітпес топ – Оразбай тобы жаулық, өштік отын шашып, Айдарларды өлтіріп бір-ақ тыным таппақ. Мағауия, Әйгерімдердің араша тілеп, басалқы айта сөйлеген сөздері олардың достық көңіл, бауыр ниетін аңғартады, бірақ бұлар Оразбай, Жиреншелерге пара-пар келе алмайды. Боймен басып, тіземен қағып-жырып бара жатқан дүлей күш Абайдың туған ағасы Тәкежанға да өз шоқпарларын соқтырады. Зорлап, күштеп жатқан бұлар жоқ. Тәкежанның өзінің сенімі, пір тұтар қасиетті дүниесі секілді ескілік моралі сонау Оразбайлар қорғаштайтын ата-ана дәстүрі – мұның да табынар асылы.

Ескілік өкілдері мен жаңа буын, жаңа заман төлінің күресі жарқ етіп көрініс береді. Әсіресе, Айдар, Мағауия сөздерінде дүлей надандықты басқа соғып, көзге түрткендей ащы сықақ, улы кекесін бар, “Туғанына қасқыр да қайрылады”, - дейді Мағауия. Анау кесапатты сотқарлар сол қасқырдан бетер қайырымсыз деген ызалы үкім.

Әділетке жүгінгенде, Айдар-Ажардың кінәсіз екендігі рас болғанымен, Оразбай, Жиренше, Нарымбет көңілдерінде бұлар – шідер үзген, дәстүр бұзған, ардан кешкендер. Оның жазасы - өлім! Пәле бұлты қап-қара болып найзағай енді шатыр ете түсуге айналғанда, сахнаға Абай шығады.

Қашан да жазушы шығармалары арқылы өз интеллектісін, өзінің дүниетаным көкжиегін, білім дәрежесін, парасат шамасын ықтиярынан тыс танытып қоюғы мәжбүр болады.

Салқын объективтілікті, суреттелген жайттарға көзқарасын білдірмеуді жазушылық кредосы етіп ұсынған Гюстав Флобердің өзі де бұдан қашып құтыла алған жоқ.

Ақын, лирик ақын, ұлы Ақын Абай да шығармаларымен өзінің бейнесін жасап кетті. Оқырман қауым көкейіндегі сол бейне пьесадағы бейнемен таласқандай, бәсекеге түскендей болады.

Осы ретте драматургтердің Абайды пьеса оқиғасына бірден араластырмай, оны тартыстың өршіген тұсында, жеме-жем сәтте көрсетулері өте орынды. Айдар-Ажар басына өлім балтасы төнгеншақта үміттің жалғыз сәулесі, соңғы тірек – Абай. Осы сәтте шығарманың түп қазық қаһарманы сахнада. Демді ішке тартқан ықыласпен пейіл қоясыз. Айдар-Ажар мойнындағы өлім арқаны лақтырылса да, жаулық, дұшпандықтан арылар Оразбайлар жоқ. Қайта бұрынғыдан бетер қатуланып, қанды кекпен түйліккен, таймай соғар топ бар. Бұл сценадағы диалогтар Айдар-Ажар басына қатысты ғана емес, терең астарлы, мән-мағынасы мол сөздер.

Көзқарас, дүниетаным қақтығысады. Айдар мен Ажар ісінен өрбіген арна – Абайдың да, Оразбайлардың да ішкі сарайларын ашатын кілт. Жиренше, Оразбайлардың түпкі ойы “құм жиылыптас болмас, құл жиылып бас болмас” деген мақалда айтылатын философияға тіреледі. Олар Абай қорғап отырған Айдарлдарды “Жалғыз-жәутік, құл-құтан”, “Атасыз-тексіз қиқым”, - деп кемітеді.

Бұлтартпас, ұрып жығар дәлел ретінде кешегі ата-заманындағы істі, Тобықты әулетінің табынар аруағыКеңгірбай жасаған билікті Абай алдына тартады. Абайға бұл дәлел емес – далбай. Кеңгірбай қылығын құптамайды, қайта айыптайды ол.

Тарихтың жаңа толқынының үлкен азаматы кешегі балалар қолыменжасалған әділетсіздікті бүгін құр мінеп, сынаумен тынса, аздық етер еді, қыздырманың құр тілі ғана болар еді. Өз көзінің алдында жасалғалы отырған зорлыққа, бұрынғының қисық дәстүрін арқа тұтып, істегелі отырған зұлымдыққа Абай жан-тәнімен қарсы тұрады, күреседі.

“Алмастың түймедейі түйедей тастан абзал”, - деген Абай сөздерінде надан, залым Оралбайлардың да, әділет үшін алысқанжас ұландардың да шын бағасы жатыр. Аралары кереғар Жиренше мен Оразбайдың сөзіне зіл, күш, ызғар, болса, Абай сөздерінде халықты сүйген, елдің зарын ұққан азаматтың тереңнен толқып шыққан даналық ойлары бар. Абай қазақ ғұрпына, елдің жол-жоралғысына жүйрік, жоталап келіп, Айдар мен Ажар басының билігін жүгініске беруге Оразбайларды көндіруі оның көп қырлылығын, бес аспап, қаражон күрескерлігін айғақтайды.

Алғашқы суреттің өзінде көп сырдың беті ашылды: Айдар-Ажар басы өлім мен өмір шекарасында тұр; Абай үшін бұларды қорғау – адамшылықты қорғау, заңсыздықпен, зұлымдықпен күресу, өзінің өмірлік идеяларының бірі үшін алысу; Оразбайлар үшін Айдар-Ажарды өлімге бұйыру – ата-баба дәстүрі бойынша іс қылу, жүгенсізді жүгендеу, шеңбер аттап, шідер үзеген тентекті жазалау. Екі жақтың да өз мақсатына жетуге аянып қалмас сыңайы күресті ушықтыра түсіп, конфликтіні жалын аттырады.

Екінші суретте оқиға дамуы аздап баяулайды. Қаһармандардың бір-бірімен қарым-қатынасы салмақты райда көрініс береді. Ажар, Әйгерім, Қаныкей, Қарлығаш, Зейнеп, Мағыш характерлері бөлек-бөлек, дара-дара образдар. Әсіресе, Қаныкей мен Әйгерім характерлерінің алшақтығы Ажарды оңаша алып сөйлескен кезде жақсы аңғарылады.

Қаныкей, Әйгерім диалогтары сырттай қарағанда ғана бейбіт жуас, ал шындығында, сөз астарына үңіле бастасаңыз сенім, көзқарас қақтығысын көресіз. Қаныкей - Әйгерім тартысы Оразбай – Абай тартысының жалғасы іспетті. Есті, ойлы Әйгерім аз айтса да, жанға тиердей ащы, өткір етіп айтқанмен, Қаныкей Ажар тағдырына шіміркенбейді. Баймағамбет, Долговтар кекесініне ұялып жатқан Қаныкей жоқ.

Трагедиядағы Баймағамбет әңгімелері – драмалық шығармаға эпостық элементті орынды ендірудің үлгісі. Олар пьесаның сюжетімен біте қайнасып кеткен, өз алдына бөлектеніп, оқшауланып тұрған жоқ.

Баймағамбеттің Ромео-Джульетта тарихын сөйлеуі Абай – Ажар басындағы халмен іштей астасып жатыр. Қазақтың ертегі, аңыз айту дәстүрінің стилінде берілген Баймағамбет сөздері айрықша ерекшеленіп, көркемдік қуатымен еліктіріп отырады.

Задында қаһармандардың бірінің келіп, екіншісінің кетуі, оқиғалардың өзгеруі, сюжеттің бірде шұғыл өрістеп, бірде баяулауы сахналық әрекетті молайтады. “Абай” трагедиясында осындай сахналық әрекет аса мол. Абайға Сырттан ақсақалдың келуі негізгі конфликтіні қайтадан бірінші қатарға шығарады.

Сырттан аз сөзбен көп жайтты аңғартар, талай жерге қарауыл қойып, қақпан тастап сөйлейтін ескі би, әккі шешен. Абайға кесе көлденең тартқан үш тосқауылын да орынды, дәлелді етіп көрсетеді. Бірақ соның бәрі де айналып келгенде: “Өз басыңды қорға, тыныш жат”, - дегенге келіп тіреледі. Абай ұзақ сөйлемейді. Қысқа сұрауларының өзі жауап секілді. Тайынбас, шегінбес қалпынан аумайды.

Күрестің қиын боларын Абай ғана емес, Долгов, Мағауиә, Көкбайлар тегіс сезгендей: Керімге деген күдік алғаш төбе көрсетеді. Бұл жайт Зейнептің келуіне орай қалтарыста қалады. Абайдың халық өнерпаздарымен байланысын осы сцена өте тартымды бейнелейді.

Зейнеп сөздері кестелі, нақышты. Ол Абайға деген қалың елдің махаббатын жеткізіп тұрғандай. Зейнеп – Абай диалогтарында беймезгіл, тұманды заманда өмір кешкен асыл өнер иелерінің келешек дәурен, болашақ күндерге арнап жолдаған өсиет, сәлемдері жатқандай. Жыр-өлең тағдыры жайлы терең, дана толғаныс қысқа, нақыл боп айтылған. Абайдың жанына ерген жастар ортасында емен-жарқын күліп отырып, қолма-қол, аяқ астынан суырып салған афоризмдері табиғи, орынды беріледі. Керім қызғанышы, оның Айдармен таласуы бір желі тартыс болып өсіп келе жатты.

“Абай” трагедиясындағы қаһармандар саны көп болмағанымен, әр түрлі әлеуметтік орта өкілдері көрсетіледі. Қазақ қырының көптеген типтерімен қоса, еуропалық білім алған екі қаһарман бар. Олар Долгов пен Әзімхан. Долгов – Абайдың досы, Әзімхан Оразбайлардың шашбауын көтеруші. Екеуі бетпе-бет келіп қалғандаәрқайсысы өз характерлерінің бірталай сырларын ашады.

Петербург университетін бітірген Әзімханның халық үшін, ел үшін қызмет ету дегенді ойға да алмай, тиын-тебенге, қара бастың қамына бола тілмаштықты талғажау етуі Долговқа салса масқаралық. Ал, Әзімхан Долгов зеттеулерінің өзіне қарсы, кайтсе де бұл ортадан оны кетірудің амалын іздейді. Драматургтер халықтық интеллигенция арасындағы күресті ос Долгов, Әзімхан образдары арқылы бейнелейді.

Әзімхан торын әр жерге тастаған алаяқ. Абай соңынан ерген шәкірттердің бірі Керімнің осал пернелерін басып, оның қызғаныш, менмен сезімдерін түртіп көреді. Іштей толқымалы екі ұдай Керімге Әзімхан шырғасы қатты әсер етеді. Айдар – Ажар тағдыры шешілербилік алдында Керімнің оңаша қалып айтатын сөздері күрделі натураның аузынан шыққан философиялық мол астары бар, психологиялық жағынан терең, драмалық қуаты күшті монолог.

Бірінші суретте шиыршық атып бірден көрінген конфликт екінші суретте жұмарланып, астарланып қалса, үшінші суретте қайтадан ашық күйгеойысады. Бұл әр түрлі қаһармандар характерін бейнелеуді, Абайды қоршаған әлеуметтік ортаны реалистікпен суреттеуді көздеп, таңдап алған сюжеттің объективті ағымы.

Негізгі арна Абай басына тікелей қатысты сюжетпен қоса тағы да бірнеше тармақты оқиға желісі, тартыс өрмегі бар. Мұның бірі Нарымбет – Мағыш арасындағы желі де бой көрсетеді. Нарымбет – бір бет, қалтарысы жоқ, нойыс дөрекі жан. Қарындағы Мағыштың Абайдың ұлы Әбдірахманды жылдар бойы сарылып тосуы сүйегіне мін, бетіне салық сияқты. Айдар – Ажар оқиғасына байланысты Абаймен мүлде жауласып алған Нарымбет қарындасын бұрынғы райынан қайтару үшін жанын салады. Залым Қаныкей де осы жолда жүр. Мағыш көңілі Әбішке адал, қыздырманың қызыл тілі ниетінен тайдыра алмайды. Конфликтіні Нарымбет – Абай тартысына, Әбіш сырқатына байланысты табиғи түрде асқынып, характерлердің тереңдей ашылуына ықпал жасайды.

Әуезов – дүниежүзілік драматургияның ең озық үлгілерінен сабақ алып, биік қаламгерлік мәдениетке жеткен суреткер. “Отелло”, “Асауға тұсау”, “Ревизор” секілді шедеврлерді аударудың өзі шеберліктің үлкен мектебінен өту ғой. Құдіретті таланттың қолтаңбасы оның барлық трагедияларында айқын көрініп тұрады. Олар драматургияның европалық әдебиеттердеқалыптасқан жанрлық талаптарына түгел жауап берумен қоса, қазақтың ұлттық әдебиетінің оның ішінде қазақ фольклорының бірталай үлгілерін бойына жинаған.

Айтыс, беташар, жар-жар, бата беру, туған жермен қоштасы сияқты ауыз әдебиетіндегі үлгілерді Әуезов трагедияларына орынды, қисынды ендіріп, жақсы пайдаланған. Шешендік дауы, билер айтысы – қазақтың халықтық әдебиетінде ерекше өріс алып, кемел дамыған, мазмұн, форма жағынан драматургия өте жақын нұсқалар. Әуезов қвзвқтың ежелгі шешендік өнері арнасында жетілген билік айту дәстүрін драмалық шығармаға зор суреткерлік батылдықпен енгізеді. Олар пьесалардың көркемдік пішінімен біте қайнасып кеткен, шығарманың жанрлық қалпына ұлттық колорит беріп, әрлендіріп, байытып тұрған компоненттердің бірі.

“Абай” трагедиясындағы билік сценасы жайлы осыны айту керек.

Шымылдық ашылғандаұмар-жұмар, шарт-шұрт қақтығысып қалған қарама-қарсы ниеттегі қаһармандар қайтадан бетпе-бет келді. Конфликт тез жоталанып, қаһармандар характеріне көп шарпуын тигізді, ситуацияларды өзгертті. Ең алдымен, гуманист, күрескер Абайдың ата жүрегі, әділетшіл жүрегі, орамды өткір, айтқыш шешендігі көрінеді. Абай жалғыз емес, маңайында дос-жаран, іні-шәкірттері, көңілдес жақын-жуығы бар. Олар: жақсы әкеден туған есті ұл Мағауия, тапқыр әзілқой Көкбай, ақ көңіл, адал Қарлығаш, ел анасы, халықтың өлең-жырын арқалаған аяулы Зейнеп, адал жар, жанашыр дос Әйгерім, маххабат сертіне берік Мағыш, айдауда жүрсе де жасып, жабықпаған Долгов, әңгіме-қызық дүкені Баймағамбет. Бұлардың бәрі де сәтімен табылып, дара-дара драмалық характерлерімен бейнеленген қаһармандар.

Оразбай, Жиренше, Нарымбет қастық-жаулықта қатар, олардың біреуі сөйлесе, қалған екеуі өре түрегелді. Алғашқы пердеде бұлардың тобынан характерлері айқынырақ көріністер Қаныкей мен Нарымбет. Қаныкей Ажарды азғырса, Нарымбет Мағышты азғырады, осы орайды екеуінің Ажар, Мағышқа қарағанда татаусыз, күйкі қалпы, болымсыздығы әбден ашылады. Бір-біріне қарсы екі топөкілдері билік сценасында қайта тоқайласады.

“Абай” трагедиясындағы билік сценасы “Еңлік-Кебектегі” билік сценасына ұқсас. Ара бидің сөз беруі, даугерлердің айтысы, жалпы салтанат тәртібі бір-бірін қайталайды. Екі пьесада да таласқа түсетін – жастар тағдыры. “Еңлік – Кебекте” Найман-Тобықты болып қырқысса, “Абайда” тобықты өзін-өзі жағаласады.

Ұқсастықтармен қоса көптеген айырмашылықтарды даралап айтуымыз керек. “Еңлік-Кебекте” әділетсіздікке қарсы күш билер үстіне жүгіріп келген Тобықты жігітінің әлсіз даусы Абыздың “аһ” ұрған монологы арқылы ғана көрініс берсе, “Абайда” билік сценасы жау топ пен халық ұлы – Абайдың алысуына құрылған. Бұл – кеңінен тоқталып, бажайлап сөз қылатын күрделі, соқталы мәселе.

Билік болатын жерге әйелдер жіберілмейтінін біле тұра, Қарлығаштың пысықтықпен еркек киімін киіп ап ұрланып келіп отыруы, Көкбайдан тықақтап әр нәрсені сұрауы комикалық планда берілген. Қысқа қайрылған Көкбай-Қарлығаш диалогтары езу тарттырады.

Күйлі-күйсіз бәйгеге көп шапқан, ойды, қырды талғамайтын арынды жүйрік Жирекше салғаннан заулай жөнеледі. Жиренше кібіртіктемейді, шоқырақтамайды, қарауылға тура тартады. Ол үшін табан тіреуге, дау тірілтуге титтей тиянақ жетіп жатыр. Соның маңын аршып, кеулей қазғанда алғашқы құлаш сермеудің неден басталғанын аңғармай қаласыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет