Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет13/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29

“Абай” трагедиясындағы қаһармандардың кейбір сөздері романға сол қалпында өзгеріссіз көшті. Мысалдармен көрсетейік.


Пьесада
А б а й. Ат мініп, аспан асынып, алыстан жау іздеп қайтесің, сен Оразбай? Сенің жауың өзіңде, өзің. Ол – осы тұрған надандығың, қараңғылығың.



Романда

Оразбай ат мініп, қару асынып алыстан жау іздеп қайтеді? Жауы, анық жауы Оразбайсымақтардың өзінде, өз ішінде! Ол қас надан қараңғылығы ғой! Алысар болса, әні сонысымен алыссын да! – деп үлкен адамгершілік оймен бір ой тастады.

(Абай – Р. Н.)


Пьесада Абай удай ащы шындықты, тіліп түсір өткір сөзді Оразбайдың тура бетіне айтса, романда сол сөзді Әзімбай арқылы жеткізеді, жаңадан өсіп келе жатқан жауыздың өзін де түйрей кетеді.


Пьесада
А б а й. Е, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма?.. Жүрегімді көрші, міне! Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша азап шеккендей не жазық, не айыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? Қасіретті түндер ме? Түннен бетер жұтатқан бейуағы ма өмірің? (Мақашты құшақтап күрсініп.) Қалай? Қашан? Айтсаңдаршы, не боп кетті, Мағашым! (Қанды көріп.) Қан, қан ба? Әлі де тоқтап болмаған жүрегінің қаны ма?


Романда
- Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма?.. Жүрегімді көрші, міне! Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша азап шеккендей не жазық, не айыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? – деп бірауық уланған оймен оянғандай болды.

(Абай – Р. Н.)



Пьесадағы Абайдың аяулы ұлы Мағауия өлімі үстіндегі запыран зары, жүректі езген қан қайғысы, көзден төгілген ата жасын бейнелейтін тебіреністі монолог сәл қысқартылып романға көшкен.

“Абай” трагедиясындағы негізгі сарындар, басты идеялар кейін классикалық эпопеяның үшінші, төртінші кітаптарында дамытылып, жеріне жеткенше ұлғайтылып көрсетіледі. Көптеген қаһармандар психологиясының ашылуы кең тынысты роман шарттарына лайық қалыпта өрбиді.Халық өмірінің ең терең қабаттарын қопара ашып, күрделі әлеуметтік, психологиялық, философиялық жағдайларды қозғайтын шығармада бұрынғы пьесадағы сюжет иірімдерін, ситуациялық жағдаяттарды жаңа мақсатқа орай жазушының өзгерте, құбылта, тамыта пайдалануы орынды, заңды еді.

Көлем жөнінен алғанда күні бүгінге дейінгі жасаған қазақ қаламгерлерінің ішінде ең мол мұра қалдырған Сәбит Мұканов қандай жанрға, қандай тақырыпқа бармасын, ең алдымен, зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізетін. Оның бұл саладағы ізденістері арнаулы ғылыми зарттеудің объектісі болуға алйық.

Ұлттық рухани тарихымыздағы ғажап құбылыстардың бірі, аз ғұмырда бітірген істері жөнінен келгенде күллі әлем ауызға алатын данышпандармен қатар тұра алатын жалғыз қазақ бар десек, ол дау жоқ – Шоқан Уәлиханов. Осы ұлы адамның өмірін, ғылыим еңбектерін зерттеуде екі академигіміз Сәбит Мұқанов пен Әлкей Марғұлан көп жылдар мол еңбек етті, зор қажыр-қайратпен мезгілсіз уақытта туған азаматеңбегінің халқына табыс етілуіне жағдай жасады.

Бірінші жазылған “Шоқан Уәлиханов”трагедиясынан кейін көп томдық романдар шоғырының алғашқы кітаптары дүниеге келді. Кітапханалар, архивтер, Шоқан болған қалалар, Шоқан басқан жолдарды Сәбит Мұқанов түгел көрді, шекарадан өтіп Шығыс Түркістан, Қашқарға дейін барды. Ұйғыр халқының қалың ортасында болып келгеннен соң, ойланып, толғанудан, тақырыпты терең білуден, материалдың маңыздылығынан барын драматург бір объектіден өзектес екі шығарма пьеса-дилогия тудырады. Сөйтіп Шоқанның жас жігіт кезін көрсететін “Қашқар қызы” атты екі бөлімді тарихи драма дүниеге келді. Трагедияны талдамас бұрын, алдымен, кейін жазылса да, осы драмаға тоқталайық.

Пьесаның негізгі арқауына өмірде болған, тарихи дәл фактілер – Омбы кадет корпусын бітірген орыс армаясының жас офицері,Абылай ханның немересі, сұлтан Шоқан Уәлихановтың патша үкіметінің арнаулы әскери тапсырмасымен Қашқарияға барған сапары алынған. Рас, сол тапсырмадан оралған соң Шоқан тарихи, этнографиялық еңбектер жазды. Жазушы ол материалдарды пьесаға еркін, кең, сәтімен пайдаланған. Ал, пьесадағы бір қыдыру линиялардың, тартыс жүлгелерінің, сарын-идеяның, образдар кескіндерінің автор позициясынан, суреткердің фантазиясынан туғандығы хақ.

Шығармашылық аса бай тәжірибе жинақтаған, әбден кемеліне келген шағында жазған пьесасында Сәбит Мұқанов, ең алдымен, реализм талаптарына ерекше ден қойып, өмір шындығын дәл бейнелеуді мақсат еткен. Орталық Азиядағы мыңдаған жылдар жасаған, өзіндік айрықша мәдениеті бар, тұрмыс-салт ерекшеліктері зор, сан алуан дәстүрлерді, ислам дінін берік сақтаған елдің өмірін сенімділікпен бейнелеу үшін драматург ситуацияларды таңдап, сұрыптап, қызықты персонаждарды таба білген.

Кейіпкерлер саны көп емес, 12 адам. Оның бәрі бірдей белсенді әрекетке араласпайды, негізге тартыста жүргендер осының жартысығана. Ремаркада бұлардың түр-түсі, мінез ерекшелігі көрсетілмеген, жас шамалары, кейбіреулерінің кәсібі айтылған. Оқиға өтетін жерлерге, декорацияға қатысты ремаркалар ықшам әрі дәлді: заттар, мекен-жайлар, қимыл-қозғалыс айталыда; музыкалық сүйемел пьесада бастан-аяқ жүріп отырады. Персонаждардың қимылына, жүріс-тұрысына, жүз құбылыстарына, көрермен – сахнамен арадағы қарым- қатынасқа байланысты ескертпелер нақты.

Сахна талаптарына орай орай, қазақ пьесаларының көлемі шағындалып, перделер саны ықшамдалған тұста дүниеге келген “Қашқар қызы” драмасының алғашқы суреті оқырман үшңн де, көрермен үшін де тартымды, экзотикалық көріністен басталады.

Әйгілі Шоқанның өзі де жазған, ұйғыр арасында тараған, әсіресе, Қашқар қаласында етек алған шәукен дәстүрімен танысамыз. Бір еркек, бір кемпір жас әйелдерді қораға айдаған қойдай үйіріп, қамшылап жүр. Базарға сататын мал іспетті.Ресейдан келетін саудагерлерге қашан олар елдеріне қайтқанша мыналардың әрқайсысының некесін қиып, әйел етіп береді. Ол үшін қонақ еркек қала әкімдеріне, дін басыларына тарту-таралғы, сый-сияпат көрсету керек, мол пұл беру керек.

Манжүр әкемнің (губернатор) орынбасары Уәлидің сөздері келте, қысқа, шолақ-шолақ бұйрық сөздер. Драматург “Мыстан” деп ат берген кемпір ертегіден, шығыстың үрейлі, қорқынышты ертегісінен келген сұмдық пәленің дәл өзі секілді. Алғашқы сөздерінің өзі-ақ адамның зәресін ұшырады. Алдыңда көз байлаушы, сиқыршы, жан алғыш тұрғандай. Жас әйелдерге айтатын бұйрық-биліктері адам аузынан шыққан лебіз емес, кісі денесін қарып түсіп жатқан шоқ іспеттес.

Драмаға шығыстық колорит, фантастика элементін беріп тұрған кейіпкер дуана шалмен де алғашқы суретте танысамыз. Әрине, оның аузынан айтылатын өлеңнің бояуын көне ұйғыр, көне түркі поэзиясының тіліне жақындата түскенде әбден дұрыс болмақ еді.Әуелі көзге ұрып, бадырайып байқалатын әдетпен таныстырып алған драматург енді Қашқардың ішкі өмірін көрсету үшін медресеге алып келеді. Бәйіт оқып отырған имам бір қарағанда ғана о дүние қамын ойлаушы, мүлгіген қалпынан түртіп оятып жібердің-ақ болды, жемтікке ұмтылған қара құсша сілкініп шыға келеді.

Қала әкімнің орынбасары жаңалық атаулыны, оның ішінде Ресейден келген саудагерлер жайын жіпке тізгендей етіп, кімдер барын бажайлап, тәптіштеп, мүләйім, монтаны берілген құлға тән жағымпаздықпен айтып жатыр. Қазы имам не ойлап отырғанын бірталайға дейін білдірмей, қысқа, келте сөздермен тіл қатып,тыңдап отырады. Әңгіме саудагерлердің дүние-мүлкіне ойысқанда, пара жеп дағдыланған көмей шіркін бүлкілдеп қоя береді: “Көңілдерің ұнататын шәукен табарсыздар!” Мұнан арғысы өзінен-өзі түсінікті: сорлы әйелдерді зорлап, алыстан келген жат адамдарға малша қосақтау. Сый-сыяпат, байлыққа ие болатын – мыналар. Адам саудасы!

Медереседе пьесаның басты персонажының бірі Дамолламен танысамыз. Ұсық-түйек жемтікке құмар болғанымен, ондайдың иісін танауы қиырдан сезгенімен, адам тануға келгенде Қазы имам кісі таңырқайтындай жүйрік емес.

Көп жерлерді көрген, мол білімді Дамолланы үлкен ғұламаға санап, бірден оның шылауына түскенін сезбей қалады. Дамолло сөз тізгінін өз қолына алып, әңгіме сарыны қажетті арнаға оп-оңай бұрып жібереді.

Заңды түрде жүретін елшілік, дипломатиялық қатынастар арқылы жасалатын амал-айда, алдап соғу, мұзға отырғызып кету, орға түсіріп жіберу өз алдына, елеусіз көрінетін тиын-тебен қуып жүрген сияқты саудагерлерді, бұл фәниден баз кешіп, барлық рақат, күллі ләззат о дүниеде санайтын, аузында алла, қолында құраны бар діндарларды, монтаны, сопысынып жүретін елеусіз тыңшы, көзге түспес, қолға ұстатпас жансыздарды пайданалу арқылы ел ұйтқысын шайқау, береке кетіру дейтін ежелден келе жатқан пәлелі жол және бар-тын.

Алыс Азияның кіндігінде қатпарлы таулар, жалпақ құмдар арасында жатқан Қашқар еліне қиырдағы Англияда да, іргедегі Россия да құр аузынан суы ағып бос қарап отырмай, бір тарпып табанға тастай алмастықты ұққан соң, жымысқы, ұры соқпаққа түскен.

Мына отырған арабша, ұйғыршаға судай, басында дағарадай сәлдесі бар, мүләйім Дамоллаңыз халықаралық терминмен айтқанда, жансыз, тіміскі, тыңшы, аты-жөні – Адольф Шнайдар.

Көк соқтада, тау-таста талай жорытқан жырынды көкжал орыс саудагерлерінің ішіндегі жас жігіттің тегін адам емес екендігін бір қарағанда-ақ байқаған. Әдейі өзі соқтығып, сөйлесіп көрген.Байқағышын, кісі танығыш сұңғылалығын қара. Шоқан туралы: “Өзіңнен сырды көп тартуға тырысып, өз сырын алдырмайтын қу сияқты, бұл тыңшығ алайық қылық”, - дейді.

Мұсылмандар үшін басты дұшпан кәпірлер – христиандар. Егер сондай қаскөй жаудың тыңшысы орталарында, Қашқарда жүрсе, бұдан асқан сұмдық болар ма?! Бірақ имам да, Уәли де саспайды. Талай қоқайды көрген жендеттер емес пе, не істеу керегін іштей біле тұра, қасақана жәдігөйлікпен Дамолланы сөйлетеді. Ізін аңду қажет.

Сөйтіп, Қашқардың ескі дәстүрі бойынша, әрі шаһар әкімдерінің қанжығасын майлау үшін, ең бастысы, жат діннің жасырын тыңшысын қолға-түсіріп, көзін жою үшін бір-ақ айла бар, ол – Ресейден келген саудагерлерді тезірек шәукенмен қосақтау.

Өзі сахнаға шыққанша драмалық тартыс, темір қақпан,ауыр талқы Шоқан алдында әлдеқашан құрылып қойған.

Алғашқы рет бірінші перденің үшінші суретінде бар болмасымен сахнаға шыққан Шоқанның қарсысында тұрған адам – Мыстан. Кемпірдің тілі майда, сөзі жұмсақ. Қашқардың ескі дәстүрін, бұл шаһарға келген еркектің некесіз тұра алмайтынын, екі ортада жеңгетайлықта жүретін өзі секілділердің атын “дәлел”, “таппақ” ал аз күн некесі қиылып әйел болғандарды “шәукен” дейтінін бейнебір құранның аятын ұқтырғандай тәптіштеп, тиянақтап түсіндіріп береді. Бұл тоға кедей-кепшік, жетім-жесірдің, панасыз-қорғансыздырдың қыздары түсетінін тіпті де жасырмайды.

Іштей бұл жат, жабайы дәстүрден түршігіп, тітіркеніп тұрғанмен, Шоқан сырын алдырмайды. Оның аузынан көбіне шығып жатқан сұрақ.Айыптау, жазалау, лағынет айту сипатындағы зілді сұрақ.Қазақстың махаббатты қастерлейтін адагершілік саты мен Европаның сүйіспеншілікті пір тұтатын гуманистік дәстүрінде тәрбиеленіп өскен, зор интеллект, билік мәдениет иесі Шоқан үшін мынадай зорлық рәсімге бағынудан қиын нәрсе жоқ. Бірақ қарсылық көрсетсе, айрықша тапсырманы орындау былай қалып, өз басы біреудің қанжығасында кетуі мүмкін.

Әрине, Шоқанға тез, оңай шешім қабылдатпай, оның ойланған, толғанған, қиналған-ширыққан сәттерін көрсетсе, драматург көп ұтқан болар еді.

Жап-жас жігітке көрсетілген шәукеннің бірден ұнауы, ақын көңілдің оны елікке балауы, қыз бодауына қала әкімдері не сұраса да оп-оңай көне салуы – мұның бәрі де өмірде болатын, сенуге тұрарлық жайттар. Бірақ Шоқанның ұлылығын танытатын, оның әйгілі юморы, отты қалжыңы, толқынды ойлары әрбір қадамынан көрініп жатса, көркем образ сомдалып жасалмақ еді.

Бесінші суретте көрсетілетін мәшіраб тойы сахналық спектакльде музыканы, биді, қимыл-қозғалысты пайдалануға, тұрмыс-салтты, шығыс колоритін танытуға көп мүмкіндік береді. Осындай көңілділік, ән-күй, ырғалған би фонында кездесіп, бір-екі ауыз тіл қатқан Шоқан – Дамолла сөздері сырт қарағанда бейбіт, елеусіз. Ал астарына үңілсеңіз, бірін-бірі алқымнан алып датыр, біріне-бірі “мына нәрселерді білгеніңе қарағанда, сен жай адам емессің, тыңшысың, шпионсың” дегенді мысқылмен, ишарамен жеткізіп тұр. Бұл арбасу ұзаққа созылмағанмен, сөзсіз өртеп жіберетін оттан, жұтпай тынбайтын селден хабар береді. Шоқан жол серігі Боқаш, Дамолла шабарманы – екеуі де көрген-білгендерін, естіген-сезгендерін жеткізіп тұрады. Қылыш үстіне табан басар мезгіл таяу.

Алғашқы сахнадаң бастап шым-шымдап бел алған тартыс жүлгелері айқындала бастайды. Қашқар елінің әлеуметтік теңсіздігі,әсіресе, әйел халінің ауырлығы, бұл жерде көз тіккен отаршыл мемлекеттердің әрекеті – осылардың әрқайсысы адамдар мінездері, характерлер қақтығысы арқылы көз алдыңа тартылады.

Рас, драматург образдардың психологиялық тұрғыдан терең, жан-жақты ашылуынан, сахналық қимыл-әрекетке, пьеса фабуласының тартымдылығына, сюжет қызықтылығына көбірек мән беріп, баса ден қойған.

Көлемі жөнінен алғанда пьесадағы ең ұзақ сцена – бірінші перденің алтыншы суреті. Басқа көріністерде, негізінен, бірер адамның диалогы қысқа, ықшам қайырылса, мұнда негізгі кейіпкерлер тұтас әрекет үстінде десе, қате емес. Ұзақ, күрделі монолог, шығыс әдебиетінің үлгісіндегі философиялық толғау, мақал-мәтел поэтикасына жақын тұрған қанатты оралымдар, афоризмге жақын тіркестер бар. Әсіресе, дуана тіліне автор мұндай элементтерді орынды түрде, сәтімен енгізген.

Оңаша үйде Шоқан, Шынаргүл. Алғашқы диалог. Олардың алғаш қалай қосылғаны, екеуінің бір-біріне деген көзқарасы, сезім – бұлар көрсетілмейді... Бір шаңырақтың астында қатар өмір сүріп жатқан қалыптарына кездесіп тұрмыз. Араларында сіз-біз деген сыйластық, қас-қабақтан түсіну бар, бірақ ерлі-зайыпты, некесі қиылған адамдардың жыныстық қатынасы жоқ. Бұл, әсіресе, Шынаргүлге батады, қай мінезімнен, нендей қылығымнан жақпадым деп қуыстанады, тіпті, шәукен үшін мынадай жағдай намыс секілді. Шынаргүл монологы арқылы Шоқанға әйел көзімен, сезімді, ақылды әйел аузымен мінездеме беріледі. Ұйғыр қызы бұрын көрмек түгіл, естімеген махаббатты, қайырымды, қайырымды, сыпайы жігітпен некелесіпті. Кітапқа шұқшыған, қағаз жазған, бұрынғы еркектерден байқалмаған бөлекше қылығын былай қойғанда, жар төсегінен бойын неге аулақ салады? Жақсы көретін секілді, ендеше неге бауырына баспайды? Бұлардың баршасы шәукен үшін шешілмейтін ауыр жұмбақ сияқты. Кішкентей көкірегі қысылып-қысылып кетеді.

Осындай өзімен-өзі әуре жанды әуелі шабарман, артынан мыстан қыспаққа алады. Шоқанның жасырын сыры бардай-ақ, бұлар не іздеп жүр? Мыстан айтқанына көніп, айдауына жүрмесе, бір талдап шашын жұлмақ.

Осы сценадан бастап драмалық әрекетке батыл араласатын кейіпкер Дуана. Оның аспаннан түскендей, есік-терезесі жабық үйге аяқ астынан кіріп келуінде сиқырлы, тылсым күш бар сияқты. Бұл жұмбақты келіс, білдірмей, көз байлағандай ғайыптан жоқ болып кету, әсіресе, дінге, сиқырлы күшке сенетін Шынаргүлге ғажап әсер етеді. Сондықтан да ол үшін Дуана сөзі құран сөзі секілді.

Келіс-кетісі жұмбақты болғанмен, Дуана аузынан атаның көсем сөзі шығады. Ол арғы-бергі тарихты, шығыс поэзиясы мен фолософиясын, ұйғыр шежіресін бес саусақтай білетін ғұлама, оқымысты адам. Әділетсіз әкімнен зәбір көріп, еріксіз дәруіштік, жиһанкездік жолға түскен. Шынаргүлге туған нағашы екенін айтып қуантады.

Көп нәрсенің төркінін бірден аңғаратын сұңғыла көз Ресейден келген саудагерлердің сырын әлдеқашан біліп қойған: мынау Әлімбаймын деп жүрген жігіт ешқандай да Әлімбай емес, басқа, бөтен. Дуана бір көрген адамын ешқашан ұмытқан да емес, шатастырған да емес. Жиеніне адамша қарап, аз күн рақат, ләззат сыйласа, мұның кім екендігінде қанша шаруасы бар? Қайта қолдан елген жақсылығын аямайды.

Ата-немере, нағашы-жиен болып, екі мұңлық, екі сорлы табысып, шұрқырасып жатқан үстіне Шоқан келеді. Олар қазір Дамолла жайын қатты ойланады. Қайтсе дұшпанының жолын кеспек? Қайтсе оны жайратады? Әйтпесе, анау мұны мерт қылмақ№

Жүйелі ой, жүйрік логика ақыры тығырықтан жол табады. Дамолла – католик, олай болса, бойынан тастамайтын кресті қолға түсіру – Дамолланы қолға түсіру. Осы мақсат, нысана үшін Шоқанға көмектесетін екі-ақ адам бар: бірі – Шынаргүл, екіншісі – Дуана.

Адамшылық сезімі жүректерін елжіреткен нағашы мен жиен орыс офицерінің көмекшісі болып кеткендерін өздері де сезбей қалады.

Тұтас қарағанда, “Қашқар қызы” драмасының сюжеті тарихи-документті негіздегі авантюралық-детективті, қызық оқиға сарынында. Шоқан – Шынаргүл, Шоқан – Дуана, Шоқан – қала әкімдері, Шынаргүл – Мыстан араларындаңы коллизиялар бірінші актіде азды-кемді көрінеді де, екінші актіде барлық қақтығыс Шоқан – Дамолла (Адольф Шнайдер) арасына көшіріледі. Бұл пьесаның қызықтылығын, сахналық әрекет тартымдылығын ұлғайтқанмен, шығарманың әлеуметтік тынысын тарылтып, эстетикалық әсерін солғындатқан.

Әуелгі көріністерде сыр алдырмай, бойын сақ ұстап, сұрақ беру орайында ғана отыратын Шоқан енді ойын кең толғап, кемел шертеді; шешен сөйлейді. Бұл орайдағы монологтарында болашақ үлкен ғалым, қажырлы қайраткерлердің жүйелі логикасы, жүйрік қиялы, оқыс тұжырымдары аңғарылып қалады. Бөтен орта, алыс өлке демей, Қашқар елінің қайғысын бөліскен қамқор жүрек, оның ертеңгі болашағын ойлап тебіренген азаматты танимыз. Қазақ халқының тағдыры, оның Россиямен қарым-қатынасы жөнінде, осы реттегі өзінің тарихи миссиясы туралы айталытын Шоқан сөздерінде реалистік шындық бар.

Алғашқыда ауыр, қиын дәстүр зорлап тілегендей, еріксіз қосақтағандай болған Шоқан – Шынаргүл бірін-бірі ұнатып, тату-тәтті, ерлі-зайыптының ләззаты, рақатты күндерін кеше бастаған. Шынаргүл Шоқанның жан серігі, сыр бөлісетін, қысылғанда көмек беретін досы. Шәукенімен достығын пайдаланып, Дамолла мойнынан тастамай тағып жүретін дорбашықты әкеліп отыр. Барлаушылық ғалымның сұңғыла ойымен ұластырған Шоқан дәл осылай болатынын – дорбашық ішінде міндетті түрдекрест жүретінін күні бұрын дәл болжаған екен. Дамолла әшкереленді деген осы.

Осындай Шоқан үшін қуанышты, жеңіс сәтінде Дуана оның өзінің кім екенін айғақтап, дәлелдеп айтып береді: Әлімбай емессің, орыс елінің тыңшысысың дегенді жұрт сөзі етіп жеткізеді. Бірақ бұл дана шал Шоқанды әсте ұстап бермек емес, қалай қолға түспеу, қалай құтылу керек, қайтсе құтқармақ – осыны көбірек ойлайды.

Аз күн бақыт тапқандай болған Шынаргүл көзіне тағы жас үйіріледі, оның именшек, үркек жүрегі айырылысар шақтан таянғанын сезініп, тітіркене шошиды. Көптеген ескі қолжазбалар, көне кітаптар арқылы, ең бастысы Дуана, Шынаргүл арқылы ұйғыр халқын терең тани түскен Шоқан осы мыңдаған жылдық жазба тарихы бар, ежелгі ел-жұр туралытебірене толғанады, оның ұлы азаматтарын еске алып, тамаша мұраларын мадақтайды.

Қашқар әкімдерінің өкілдері ретінде алынған имам Қазы мен Уәли алғашқы пердеде шәукен әңгімесі үстінде парақор, жырын жалаған жемқор, дүние қоңыз кейпінде бір көрініп кетеді. Бұдан кейінгі сценаларда олар жоқ. Сыртқы ызғар, доң айбаттары сезіледі Шығыс елдердегі ежелгі әдет бойынша, шаһардары барлық өсек-аяң, жұрттың жүріс-тұрысына дейінгі сыбыс-сыбдыр, ең алдымен, мешітке, оның бас имамына жетіп тұрады. Қалың құран беттерін аударып, ерні жыбырлап, мүттәйім күйде мүлгіп отырған дін басы бір қарағанда, сырт көзге ғана сүлесоқ, бұл дүниелік шаруамен айналыспайтын әулие, ал шындығында осы елдің, күллі Қашқардың билік тізгінінің бір ұшын мықтап ұстап отыр. Еңкейген қарт, желкілдеген жігіт, еңбектеген бала, төсінен сүт аққан ана – қай-қайсысының тағдырын бір ауыз билікпен шешіп тастаса, ешкім мұның қаһарына қарсы тұра алмайды.

Шоқан тапқан айла-ақыл бойынша Дуана бір алуан сөз тартқан. Көп нәрсеге әлі бала көзімен қарайтын аңқау ел түске, болжолға, аянға сенетін уақыт. Әсіресе, Дуананың көріпкелі, сәуегейлік дана қасиеті бар деп санайды. Түсінде Дуанаға күллі ұйғыр тәңірдей табынатын Аппақ қожа аян беріп, мешітте имам хатиб болып жүрген Дамолла насарани (христиан) дінінің өкілі, кәпір деп айтыпты-мыс.

Бұдан артық сұмдық, масқара хабар бола ма? Сырт көзге томырық, барлық сыры қатпарланып іште жататын сияқты көрінетін, көбінесе ашылып сөйлемейтін, бір-екі ауыз сұрақпен ғана тыйылып, үнемі тыңдап қана отыратын Қазы осы тұста қатты абдырап, әлекке түсіп, теңселіп кетеді.

Алдына жүгіріп түсіп, ойын айтпай танып отырған Уәли бұл жолы да дағдылы мінезінен жазбайды. Мешіт ішінде басқа діннің тыңшысы жүр дегенде қойнынан суық жылан шыққандай, үйіне ұры кіріп кеткендей жан түршігерлік күйге түскен Қазы не істеп, не қоярын білмейді. Аузына ілігетін құр сұрақ. Бір сөз, екі сөзден тұратын аңқау бала аузынан шығуға лайық сұрақ. Уәли бәрен біліп, іштей тас түйін болып дайындалып келген секілді. Сарт-сұрт еткізіп, не істеу керектігін күні бұрын кесіп-пішіп айтып тұр. Айтатыны: “Қиын емес”, “Қыстаймыз!”, “Тартып аламыз!” Бәрі – Дамолла мойнындағы оның католик дінінің өкілі екендігін көзге шұқып, басқа ұрғандай дәлелдейтін кресін алу туралы сөз.

Драмалық әрекет кернеуі күшейе түседі. Оқиға ширыққан. Діни фанатизм бір шармап алса, одан құтылу оңай нәрсе емес. Қазы, Уәли, азаншы арқылы драматург осы халді сенімді керсетеді.

Көп кешікпей, Қазы – Уәли диалогынан кейін ілешала мешітке маңғаз басып, ешкім сырынан хабардар еместей тоқмейіл күйде Дамолла кіреді.

Енді бұрынғы сіз-біз жоқ, қарапайым дипломатия қағыдаларын да сақтамастан, Уәли мен Қазы екі жақтан аш қасқыр секілді таптап береді. Сұрақ үстіне сұрақ. Басқа, көзге қамшымен ұрып жатқан секілді. Қылғындырып әкетіп барады. Әсіресе, Уәли:”Көрсетіңіз”, “Беріңіз”.

Өлді дегеніңіз осы. Мойнындағы кресі бәле-жаладан, зорлық-қорлықтан, ажал оғынан сақтаушы бой-тұмар болудың орнына өлім оғы болып тиеді. “Кафр! Лағынет! Малғұн” – Уәли сөзден мән шықпасын сезген соң, күштеп, зорлап мойнындағы дорбашықты жұлып алды. Масқара! Ішінде “Кәлем-Шәриф” емес – крест!

Соңғы сәтте Дамолла: “Әлімбайды, Әлімбай”, - деп қалған. Мешіт үшін бұл тағы бір өртке түскен шақпақ от секілді.

Шығыс деспотизмнің айғыға іспетті айыпталғанды жазалау сценасында полилог – көп дауысты диалог қолданылған. Бұлардың ішінде, әсіресе, кешегі Дамолла, енді аты-жөні анық Адольф Шнайдер даусы бөлекше дараланып, айқын естіледі. Өз кесімін өзі айтып тұр. Бұл осыл тоқпақ емес еді. Атан жіліктей жігіт болатын. Англия тыңшысы болып жүргенімен, түпкі түбірлі ойы – Ұлы Германия үшін, неміс нәсіліне қызмет ету еді. Арманына жетпей желкесі қиылды. Отар, колония жасай алмаған, Европаның кеудесінде қысылып, қымтырылып қалған, мешел бала секілді Германия өрісін кеңейтпек еді. Енді мұның бас сүйегі де анау мұнараны бір елі болса да биіктете түсуге жөнелетін шығар.

Ең соңғы көріністе шиыршық атқан, өлім қаупі тақағанын сезе бастаған Шоқан бар. Адольф Шнайдердің басын шапқан Қашқар әкімдері мұның да соңына түсе бастаған. Дуана хабарласпай кеткелі де көп күн. Көңілге медеу жалғыз нәрсе – Шынаргүлдің таза пейілі, қалтқасыз жүрегі. Бұл сорлы айырылысар күннің жақын қалғанын сезбейді-ау.

Қайдан түскені белгісіз, тағы ғайыптан Дуана пайда болады. Қалай келіп, қалай кететінінің сырын енді өзі ашады. Шығыс елдерінде жаугершілік замандарда қорғану мақсатында туған жер асты жолдарының хикаясын шертеді. Сол ескі соқпақтың бірі осы Шоқан – Шынаргүл үйінің астынан өтеді екен. Ешкімге байқатпай, жұмбақты түрде келіп-кетудің сыры осында екен. Дуананың айтпақ негізгі сөзі бұл емес еді. Жол қысқарған ,шеңбер тарылған. Шоқан үшін екі-ақ таңдау бар: осында қалса, кешегі ағылсын тыңшысының кебін киіп, басы шабылады; әйтпесе қазірден қалмай қашу керек.

Ауыр да аянышты сәт. Дуана көзінен жасы сорғалап тұрып талақ некесін оқиды. Шынаргүл қалып барады, Шоқан кетіп барады. Осы сценада психилогиялық тұрғыдан тереңдету қажеттігін драматург ескермей, келте, шолақ, тақ-тұқ еткізіп қайырып жіберген. Әсіресе, Шоқан аузынан шығатын лебіз сырдаң, суық. Тебіреніс, толқу жағы жетіспейді.

Кеңірек толғанған Шынаргүл монологында сорлы келіншектің бірталай шері, Шоқанмен арадағы ерлі-зайыпты күндер жөніндегі өксікке толы сыры бар. Көркемдік заңдылығына жүгінгенде, Шынаргүлдің өзін-өзі өлтіргеннен де, оның Қашқар әкімдерінің қолынан опат болуы қажет десеңіз, Шоқан үшін күйіп кетуі шығарманың әлеуметтік-эстетикалық салмағын да, трагедиялық күшін де ұлғайта түсетін еді.

Драматург бұл пьесадағы табысының бірі жалпы рухы жақын болғанмен, бауырлас халықтың өмірін бейнелеудің оңтайлы әдістерін таба білді: қолайлы, деректі, тарихи негізі бар материалдарды таңдап алу, тұрмыс, этнография детальдарын пайдалану, музыканы орынды кірістіру, түркілік, діни лексиканы шеберлікпен, орынды кәдеге жарату – осының бәрі қаламгердің маңызды, колорит – бояуы айқын, қызық тартысты сахналық шығарма тудыруына мүмкіндік берген.

Тарихи-ғұмырнамалық драматургия І. Жансүгіров, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, М. Ақынжанов, Ш. Хұсайынов тудырған отызыншы-қырықыншы жылдарда жазылған белгілі шығармаларда, негізінен, ұлттық топырақ, қазақ ортасы көрсетіледі; бұларда бірен-саран ғана өзге халық өкілдері кездеседі.

Драмалық туындыға қойылатын шарттармен қоса, басқа ұлт өкілдерінің бейнесін жасау талаптары Шоқан Уәлиханов туралы пьеса жазу үстінде Сәбит Мұқанов үшін қосымша, зор қиындықтар келтіргенін ескеру керек.

Хан тұқымы, орыс армиясы полковнигінің баласы, кадет корпусын бітірген, тәлім-тәрбиені орысша алған, негізгі араласқан адамдары басқа ұлт өкілдері болған Шоқан жөніндегі шығармада бұл орта, осындай қарым-қатынас көрсетілмесе, автор соқыр сүрлеуге түсіп кеткен болар еді. Реалист суреткер Мұқанов осы жағдайды айрықша ескеріп, “Шоқан Уәлиханов” пьесасында көрерменді Батыс Сібір генерал-губернеторы Гасфорттың жазғы қоғақ үйінен бірақ шығарады.

Ұлан-байтақ өлке ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған, патша өкіметіне зор әскери еңбектері сіңген генерал-лейтенант алғашқыда жұмсақ, бауырмал, адал секілді көрінеді, саяси мәселелерде либерал сияқты. Қыңыратқып, тыртысып, қыржиып, өзге жұртты жақтырмай тұрған әйелін сылап-сипап, еркіне жығылып, өтірік аңқаусып, басқа аңғарға түсіріп жібереді.

Губернатор оңашада, өзімен-өзі ақылдасқандай шақтарда маңындағыларға, жақын-жуыққа, алыс-жатқа баға берсе, салмақтай сөйлейді, кейбіреклерінің тағдырын күні бұрын шешіп, кесіп-билік айтады; бірек осыған бөгет болар-ау, обал-ау деген ойлар басына келмейді.

Гасфорт пен полковниқШыңғыс Уәлиханов арасындағы диалогта бір қыдыру сыр ашылады. Абылайдың ұрпағы басынан бағы ұшқанын, өткен дәуреннің қайтып келмейтінін жақсы біледі, сондықтан да алғашқылардың бірі болып патша өкіметінің етегінен мықтап ұстаған. Шен мен билік те, байлық та – тіршілікке қажет нәрсенің бәрі осы жолда екенін бұл әбден ұққан. Тіпті болашақ ұрпақ, келешен нәсіл ырыздығы осы беткейде. Сол үшін Шоқанды бармақтай күнінен азапқа салғандай етіп, кадет корпусына оқуға берді ғой. Дәл қазір еңкейіп, иіліп, құлдық ұрып тұруында іш есеп бар.

Дала әкімдерімен қандай жағдайда, қалай сөйлесудің әдіс-айла, тетік-амалын бүге-шігесіне дейін біліп, үркітіп-бұқтырудың, қорқытып-шошытудың құралдарын әбден жетілдіріп алған генерал-губернатордың мына сұлтанда өз үйінде қабылдап отырып (сыйлағаны) еркінсіткені емес пе? Айтқаны: “Батыс Сібірді князь Горчаков билеп тұрған кезде, сіз хорунжий шенінде ғана едіңіз. Мен келе сотник дәрежесіне көтерілдіңіз. Одан подполковник... Енді подполковник!” (5-том, 58-бет.)

Аз-кем түйсігі бар кісі мұның арасындағы: “Сен кеше түкке тұрмайтын, көп жаманның бірі едің, мен сені демеп, қолтықтап, адам етіп, аспанға шығардым. Батыр-ау, осыны қалай білмейсің, осы еңбегімнің төлеуі, ақысы қайда?” – деген ишараны оп-оңай ұғады. Жігерлі, қайратты, намысты адам ашуланса керек, тіпті бұдан кейін ат құйрығын кесіп кетуі де мүмкін. Ондай ерлік орат елдің ұлынан қайдан шықсын, тәйірі. Күш иесі ұра түскен сайын, мойнын ішіне тығып, бұға түседі сорлы.

Шен бергені өз алдына, екі рет Петербургке барғаны кімнің арқасы екен? Осы тұста губернатор дала бөрісін жанды жерінен тағы қансыратып қауып алады: “Сіз генералдың дәрежеге көтеріле алмайсыз, оған ақылыңыз жеткенмен, біліміңіз жетпейді”.

Таудың басынан төмен қарай бір құлатып жіберіп, қайтадан өзі биікке алып шыққан секілді болып, губернатор енді сұлтанның ұлын ортаға тартады: Сен аса алмаған биіктен ол асады, сен ала алмаған шенді ол алады, соның бәрі менің қолымда дегендей.

Қазір Омбыға келіп жатқан князьдің патшаға жақындығы, қаласа ойындағы сөзін өткізетіндігі, алысқа самғау үшін осындай адамдарды саты ету керектігін айтады. “Ауыр шығынына төзіп” бүгін оны қонаққа шақырған себебі – Шоқанның болашағына жол ашу керек.

Бәрі түсінікті. Бағанадан бергі көп бұлтақ, түлкі бұлаңның мақсаты белгілі болды. Сұлтанның құрып қойған қақпанының өзі осы. Жемтікке қалай ұрындырып, торға қалай түсірем деп отырғанкісі енді қылаң ұрып, қуанып шыға келгенде қайтеді? Білімге, орыс дәстүріне шорқақтығы рас, көрініп тұрған кемістігін қайтіп жасырсын,бірақ дала рәсіміне, әсіресе, пара жеуге, басқаға, өзінен күштіге асатуға келгенде, әй, алдына қазақ баласынан жан сала қояр ма екен? Ақ ормалға түйген ақшаны қалтасынан шығара бастайды.

Генерал бірден күп етіп, бас салатын тәжірибесіз, түк көрмеген, көзді жұмып жіберетінқомағай сабаз емес қой; жырынды, ақ қаптал; ақырын қарсылық еткендей, ойланғандай. “Алмасаңыз жәбірленем”, - деген сөзді естуі мұң, қайырым жасағандай болып, кәнігі парақордың ептілігіменсып еткізіп, ақшаны қойнына тығып алады.

Драматург екі көкжалдың психологиялық құбылыстарын, мінез ерекшеліктерін осы сценада бірқыдыру сенімді, реалистік тұрғыдан ашып берген. Жемсауын толтырып алған Гасфорт сөз желісін кілт, дереу басқа арнаға бұрып, әлгінде ғана жер-көкке сыйғызбай мақтап тұрған, ұшпаққа өзім шығарам деп отырған Шоғанның басынақара бұлтты торлата бастайды. Патшаға қарсы болып, жер ауып келгендермен Шоқанның байланысы бар деген сөзді үрей, пәлекет, кесепат ретінде ұғындырады. Гасфорттың құбылмалы, екіжүзді мінезі ашыла бастайды.

Драмалық әрекетті күшейту үшін сахнаға жаңа кейіпкерлер шығады. Бұл тұрғыдан алғанда С. Мұқанов пьесаларындағы қимыл-қозғалыс, динамика мол. Кей ретте қаламгердің іріктеу, типтендіру принциптерін ескремей, шамадан тыс келіс-кетіске көп көңіл бөлетін кездерін жасыруға болмайды.

Өзі сахнаға әлі шықпағанмен, Шоқан туралы әңгіме, сөз, оны сырттай бағалау, даттау мол жүріп жатыр. Шартты түрде айтқанда, Шоқан бір төбе десек, қалған кейіпкерлер екінші төбе. Оңаша қалып, ойлана сөйлеп тұрған генерал Гасфортты мазалайтын Батыс Сібірдің халқы, экономикасы, тұрмысы, әки әлгі қолдан офицер жасап, полковник шенін беріп қойған, төрінен көрі жақын кәрі сұлтанШыңғыс та емес, ер жүрек саяхатшы, батыл, өр офицер, талантты ғалым Шоқан, соның ісі, соның ойы, соның қай жолмен кететіндігі. Іштей бір есебі: жанындай жақсы көретін жиені Катеринамен қосып, мансап-карьера биігіне өзі көтеру. Қазіргі райына қарағанда, бөгде, суық жолға, жат соқпаққа тартып бара жатқандай. Онда... онда ең алдымен ұстасар дұшпаны болар.

Шоқан басына үйірілген бұлтты қоюлана түсуі пьесадағы тартыс арқауын ширата түседі. Былайғы жұрт, қала өсекшілері әлдеқашан некелерін қиып қойған Катерина мен Шоқан Ертісті бойлап, тоғай аралап, серуендеп келген беттері. Сөз әлпетіне қарағанда, ой, тілек, арман, әсіресе, сезім туыстығынан лап етіп жанған махабат байқалмайды. Оқыған білімді жастардың бір-біріне тез иліге қоймайтын шәлкем-шалыс, қалжың-кекесін аралас ирониясы мол лебізі де емес, жанды жерден тиетін, оқыстан адамның ішкі сырын, дүние танымын, моралін ашып беретін, астарлы, емеуренді мағынасы бардиалог. Құрылысы жөнінен қарапайым жасалған қайымдасу. Қыз негізінен сұрақ қоя сөйлейді. Онда жауабы да бар секілді. Жігіт тайқақтамай, жалтармай, көкейіндегісін айтып салып тұр. Қызға ұнайын, әдепті, мәдениетті көрінейін, жалпы жұрт қабылдаған жағымды пікір айтайын деген мінездің ұшқыны да жоқ. Қайта былқ-сылқ екі ұдай қатынасты үзейін, іргені мүлде бөлектеп алайын деген сыңай көрінеді. Сүйіспеншілікті адам жеке басының шаруасы деп қана қарамай, ел, халық тағдырына сабақтастырғаназаматтық көзқарас бар. Әңгіме мұндай қияға шығып тұрғанда, есті, білімді қыз Катерина енді тоғышар, тіпті нәсілдік айырма, ерекшелік, артықшылық дегендерді ұстанатын тарпаң, асқақ, ақылсыз бойжеткенболып шыға келеді. Шоқан ағынан жарылғаннан кейін, түсін суытып, бойын аулақ салып, генерал-губернатордың жиені екендігімен сескендіргендей, кекиіп, кеудесін керіп қоя береді.

Драматург Шоқан туралы басқалардың көзқарасын, мінездерін алғашқы көріністерден бастап бергенімен, оның өзін тартыс-әрекетке біртіндеп кірістіреді. Әр түрлі ортада, әр түрлі жағдайда, сан алуан ой-тебіреністе, қат-қабат сезім құшағында жүрген Шоқанмен ұшырасамыз. Кішкентайынан көз алдында өскен, қарындасындай жақсы көретін Катеринадан күтпеген мінез, жат пиғыл тапқан соң, басқаларға не жорық? Түсінеді, сыр бөліседі, оқыған, көзі ашық санаған қыздың түрі мынау.

Әдейі шақыртқан генерал-губернатор алдында тұр. Автор Гасфорт характерін жасауда бір алуан көркемдік тәсілін қолданған. Әккі губернатор кіммен сөйлессе де, негізінен, ойын, мақсатын сұрақ білдіреді. Оның аузынан шығатын көбіне сұраулы сөйлем. Қарсысындағы адамға өз пікірін тұжырымдады, тиянақты жеткізуді, тіпті анық білдіруді анық санамайды, керек етсе, сөйлесіп отырған адамды кез келген жерден бөліп кете береді, қалаған арнасына қарай әңгіме жеделдетіп бұрып салып отырады.

Алдында, Шыңғыспен отырғанда, осы айланы қолданса, енді Шоқанға сол даңғылы қырынан келген. Бір қарағанда, ұғымсыз шәкірттен емтихан алып, “анау қалай?”, “мынау қалай?” деп отырған қазымыр, ұсақ мұғалім секілді. Шындығында басқаша, сесті, кекесінді ұсқын бар. Астарлы, зәрлі, тіпті улы сұрақтар жаудырады. “Қазақ сұлтандары, олардың білім дәрежесі, мәдениеті, ислам және Россия, орыс халқының ардақты ұлдары кім?” – осыларға қатыстыойларын Шоқан тебіреніп, толқып тұрып, губернатор алдына жайып салды. Ол сөздерге жібіп, жұмсарып жатқан генерал жоқ, тек Шоқан чиновник болуды қойып, демократтық жолға түсіп бара жатыр, патшаға қарсылармен дос деген пікірді бекіте түседі.

Сахнаға екінші зор мансап иесі генерал-майор Фридерикс шығады. Өр көкірек, кеудесін соғып тұрған мақтаншақ. Шен-шекпенін, мансап-марапатын жіпке тізгендей етіп айтуды жақса көреді. Саяси, әлеуметтік көзқарастарында нәсілдік, шовинистік менмендік басым. Мұндай ақкөз, солақай үшін қазақ секілді халықтан Шоқан тақылеттес оқымысты, жау жүрек офицер шығуы таң қаларлық нәрсе, әсіресе оның демократиялық идеяларға берілуі – кешірілмескүнә, масқара қылмыс.

Гасфорт Шоқан туралы ойларын әзірге сыртқа шығармай өз ішінде сақтаса, Фридерикс бар даусымен, жалпақ жұртқа естірте, жариялар айтады. Оған салса, Шоқанды өсіру қайда, дәл бүгін желкесін қиып түсіруге әзір. Долбар, сырттай тон пішуін былай қойғанда, жала, ғайбат, өсек-аяңға дейін терген. Көзі тая бергенде, Гасфортты жек көретін, шамасы жетсе жұтып қоятынын Фридерикс жасырмайды.

Қашанда басқаға дұшпандық, жамандық ойлаған зұлым әдіс-айла талғамайды. Оған ашық майдан, жасырын, жымысқы жол – қайсысы кезіксе де бәрібір. Кісінің айтқан сөзін, жүрген-тұрғанын түгел бағып, бір суыртпағына дейін қалдырмай, жарғақ құлағы жастыққа тимей, иесіне берілген ит секілді құрығын бұлғаңдатып, жымып келіп, хабарлап тұратын тыңшы, тіміскі дегендері болмақ.Ондай сілімтіктерді алыстан емес, жақын-жуықтан, өз маңынан, тіпті ағайын-туысынан, бауырласынан тапса, тіпті олжа. Күндестік, күңшілдік, бақталастық дертіне шалдыққан қаныпезер әкесін, баласын, қандас туысын, үзеңгі жолдасын құрбандыққа шалып жібергенде, жүзі жанбай, қылаң ұрып жүре бермек. Мұндайдың тарихта қанша мысалы бар.

Генерал-майордың Шоқанға ататын қанды жебесі – оның аталас туысы, орысша білімді, патша әскерінің офицері, тілмаш Сұлтанғазы Абылайханов. Алғашқы орындаған тапсырмасы, бірінші жеткізген хабары – екі түрлі өсек: Шоқан есігінде жүрген күңіне үйленеді екен-мыс, Қашқарға бармай қайтып келген екен-мыс. Қос генерал мынадай жайға қуанып қалған сәтте, аспаннан түскен найзағайдай болып, Петербургтен хабар жетеді. Шоқан патшаның тікелей өз айтуымен астанаға шақыртылыпты, бұл аздай орден берілген, шені жоғарылатылған.

Бұл жағдай Шоқан дұшпандарын қамшымен маңдайдан тартып жібергендей әсер қалдырады. Қарсы күштердің әрекеттері, айла-амалы күшейеді.

Бір кезде байлығынан жердің белі қайысып, қаһарынан дүние тітіркенген хан тұқымы Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін басынан бағы тайып, қолынан билік кетіп, жалтаң көз бола бастаған. Сауда-саттық, базар көп нәрсенің құнын анықтайтын кез жеткен. Адамдар арасындағы қарым-қатынас ата-текке, руға, бұрынғы даңққа, аруаққа байланысты емес, қалтадағы ақшаңа, банкідегі векселіңе қарап қалған. Сондықтан Уәлихан тұқымы саудагер Малтабарға жалтаң көз, соған жалтақтайды. Шыңғыстың Гасфортқа берген парасының да, Жақыптың Ертіс жағасына үй тіктіріп, тайраңдап жүруінің де төркіні белгілі, ол – Малтабар қалтасынан шыққан ақша.

Тиыннан тиын тудырып, дүниені күбідей пісіп жүрген саудагер бекер шашылмайды, бірді берсе, есесіне екіні алмақ. Бұл жолға Малтабар көкейін тесіп тұрған дәулет-байлық емес, Шыңғыстың бәйбішесі Зейнептің қолында өз қызындай болып өскенсұлу Айжанды тоқал етпек. Ақшаны қапшықтап төксе де, әзір қыз беретін түрлері көрінбейді. Жақыптың бекер зуылдатып, өтірікпен семірткеніне қашанғы көнсін, қызды қолға түсірмей тұрып, далаға шашатын ақшасы жоқ енді.

Осы орайдағы қақтығыс-интрига ішінде Сұлтанғазы да бар. Оның мақсаты Шоқанға зиянын тигізсе, кім босын, қолдай бермек.Әсіресе, Малтабардай қалталы қасқыр тісін басып отырса, пәленің отына май құймағанда қайтеді.

Шоқан характерін толық ашу үшін драматург ол араласқан орталардф жан-жақты көрсету мақсатын ойластырған. Князь құрметіне берілген банкет сахналық тұрғыдан алғанда, режуссура мүмкіндіктерін ойлағанда, сәтті сцена Музыка, декорация, костюм байлығы – дәуір ерекшеліктерін байқатуға мүмкіндік береді.

Жоғары қауым өкілдері, ауылда өскен еркек-шора сұлтан қызы Рақия. Бұлардың арасындағы айырмашылық көзге ұрып тұр. Алғашқы көріністе Шоқан тұжырымды ойлар, күрделі пікірлер айтса, мынадай көңілді кезде кекесінмен, ирониямен, өткір ажуамен келемеждей сөйледі. Ал, Рақия көзімен қарағанда, би билеу жас-кәрінің, әйел-еркектің денелерін денелеріне жабыстырып, дөңгелеп, ырғалып, изеңдесуі болып көрінеді. Не деген ұят, не деген сөлекет, не деген бейбастық деп ойлады, бұл масқараны сөгеді, әрі ішек-сілесі қатып күледі.

Жек көріп, қолынан келсе көзін жойып жібергісі келетін Шоқан туралы патша жарлығын генерал Фридерикс қуанғандай жәдігөй дауыспен өзі оқиды. Ішінде ит өліп жатса, тырс етіп сыр бермейтін көкбет мінез.

Салатан кезінде оңаша шыққан Шоқан – Айжан жастық сырын шертеді. Алыстан келе жатқан аяулы, қымбат сезімдер ақтарылған шақ. Жігіт батыл, қыз қарсылығы бәсең. Шөлдеп, аңсап келіп табысқан ләззатты сәт. Дұшпан тоыр жүр. Оларға құшақтардың қауышқаны қажет. Бұл екеуінің дәл осылай сүйісіп тұруымойынға бұошақ салып құдайдан тілеп алған жағдай еді. Келді. Сол. Әне – Малтабар! Әне – Катерина! Малтабар Айжанды қалыңы беріліп қойған, бүгін-ертең үйге әкеліп түсірер тоқалым деп жүрген. Катерина қиын сапардан ерлікпен қайтқан батыр, романтикалық тұлға Шоқанды нақ сүйер жігітім санап жүрген. Есеп-қисабы мол залым Малтабарға осы көргені де жетеді. Адал, ақ жүрек Катерина қалай шыдасын, жарылып кетті:”Жұрт аузындағы өсектің расқа айналуымен!”, “Сүйіскен жарыңызбен!” Қиналған жігіт көрінбейді: “Достық көңілден қабылдаймын, құрметті Катерина Карловна!”.

Драматург әр түрлі ситуацияда әр қаранан көрінген Шоқанды сахнаға шығарады. Шоқан – Гасфорт, Шоқан – Фридерикс, Шоқан – Катерина, Шоқан – Жайнақ, Шоқан – Айжан, Шоқан – Сұлтанғазы араларындағы диалогтан кейін, Шоқан және оның орыс достарымен арасындағы сұқбатты көреміз. Аз ғұмырында мағыналы ғажап өмір сүрген Шоқан көптеген адамдармен, алдыңғы қатарлы оқымыстылармен, жазушылармен дос болып өткен. Бұлардың ішінде данышпан жазушы Достоевский, ғалымдар Потанин, Семенов-Тяншанский, Дуровтар бар. Аса қызық достықтың, Достоевский – Шоқан достығының көптеген іздері, суреттер, хаттар, документтер, естелік материалдар бар. Сәбит Мұқанов осы фактіні пьесада неге пайдаланбағаны белгісіз. Сірә, драма жазылған тұста әдебиеттану ғылымында Достоевский туралыәр түрлі кереғар, алшақ концепциялардың орын алғандығы бұл арнаға бармауға себепші болуы да мүмкін.

Драманың жанрлық заңдылығы табиғи түрде сақталған кезде, шығарма жанданып шыға келеді. Шоқан – Айжан тағы оңаша. Әңгіме беті енді үйленуге ойысқан. Қанша сүйе тұра ескі ауылдың дәстүрінде өскен есті қыз салтты бұзудан сескенеді. Халқына айтатын үгіт насихатын өз тұрмысынан бастамақ Шоқанды бұл тежеліс, бөгесін қатты қынжылтады, ширықтырады. Қыз ырыққа көнбеген соң, шошыту әдісіне көшпек. Осы орайдағы сөздерде драматизм, кернеу қарыж бар.Ауыр ант бере бастаған Шоқанның үстінен шешесі Зейнептің шығуы жағдайды тіпті қиындатады. Хан тұқымының келіні, түбірлі, жуан жердің қызы ақылға салып, ұлын тоқтатпақ. Сөздің жүйесін қуалай келгенде, Малтабарды не үшін иектетіп жүргендерін жасырмайды, шайқалған шаңырақ, кете бастаған береке соның ақшасымен қайта орнына келе ме деген есек дәме.

Шоқан қулыққа басады. Перетбургте басылып шығатын кітабына көп ақша алады екен, шеше байғұс қайтсін, Шоқан шартына көніп қалғандай: “Хан тұқымы әйелінен шығатын сенде қанша күш қалып еді”, - деп масаттанып қояды.

Келесі сценада Шоқанды әкесі Шыңғыс пен ңағашысы Мұсаның ортасынан көреміз. Бұрынғы қазақ дәстүрінде ер-азаматты, әсіресе жас жігітті сынап тексерудің, оның білік дәрежесін, ақыл деңгейін, тапқырлығын тану, тексерудің ерекше тәсіл-әдістері болған. Жезтаңдай шешендер, әділ қазы, арда билер небір нөпір, шұрай топта, қалың тартыс дода ішінде тұспалмен, астарлы, жұмбақ сұрақпен бір-бірінің алдын орап, қиырдан тосып отырар еді. Бір ауыз сауалға берген жауабына қарап, жігіттің келешек өрісін, барар жер, шығар биігін болжап қояр еді.

Халық дәстүріндегі бұл үлгі қазақ әдебиетінде кең қолданылды. Абайдың әйгілі бір қара сөзі бастан-аяқ сұрақ, философиялық сауал үлгісінде жазылған ғой. Жауабы да сұрақтың өз ішінде. Мұхтар Әуезов романында жігіт Абайға әккі Құнанбай үш сұрақ қояды.Екінің бірі жауап беретін осыал тұспалдар емес, адамның тұлғасын ашатын, ішкі дүниесін түгел төңкеретін, барлық наным-сенім, көзқарасын анықтап беретін, ішек-қарыныңды түгел ақтаратын сөздер.

Шоқанның мінезі, жүріс-тұрысы, жұртпен қарым-қатынасы, дүниеге көзқарасы, үйленбек ниеті – осылардың баршасы туралы там-тұмдап жиналып келген әкемдердің, туыстардың қарсылық-наразылығы әке мен нағашы аузынан кекесін боп шығады. Қазақ дәстүріндегі жиен мен анғашы арасындағы әзіл, қалжың, еркелік,емес, көп нәрседе, әсіресе әлеуметтік мәселелерде, кереғар пікірлерде туған адамдардың ащы айтысы, бет жартасынан қарсылығы. Мұса сөзінің саяр жері: 1) Гасфорт жиеніне үйлені керек; 2) патша әкімдерімен жақын болудың орнына, өкімет қаһарына іліккен айдалып келгендермен үйір жүруі қате; 3) жарлы-жақыбай, жоқ-жітікті, қорлық-зорлық көргендерді ескермей, уыста сығып ұстау керек; әлсізді күшті жеу – тәңірі бұйрығы.

Сонда әке мен нағашы сезім атаулыны жиып қойып, күнің үшін, дәулет-байлық, даңқ-атаққа болы Катеринаны ал деп отыр. Ар жағындағы есептері белгілі: генерал-губернатормен құда болып кетсе, бұларды жеңетін жау жоқ. Екінші сөз губернатор кеңесінен шыққан әңгіме. Соңғы байлам хан тұқымының, байлардың ежелден бергі тас жүрек қаталдығы, соны ұстан деп отыр ғой.

Үшеуін де қабылдамай, қарсы дау айтып, өз пікірінде қалған Шоқан әке мен нағашыдан дәл осы жерде ат кекілін кесіп кетеді.

Бұл сценадағы Шоқан, Мұса, Шыңғыс арасындағы диалогты нағыз диалог-айтыс, диалог-тартыс деп қарау керек. Ұлттық көркемдік ойлаудың драмлық форманы игеруді жақсы ізденісінен туған эстетикалық игілікті көреміз.

Осы екінші перденің келесі, төртінші суретінде драматург жанр мүмкіндігінің тағы бір түрін - диалог-мінездемені пайдаланады.

Әрекетке Шоқанның өзі тікелей, қолма-қол араласпайды, ол сахнада жоқ, бірақ осы көріністегі барлық персонаждың аузындағы сөз Шоқан туралы. Олар бірін-бірі қолдап, құптап сөйлесе де, қарсыласып тырысса да, сөз төркіні Шоқанға келіп тіреледі.

Кеше ғана Шоқанға қамқор болған, бірқыдыру жақсылық жасаған Гасфорт енді өзі өсірген жігітті қалай мерт қылудың амалын іздеп сарсылады. Қандай жолмен, нендей әдіспен құлатса да – бәрібір, әйтеуір, ауыздықтау керек.

Сырт көзге сынық, биязы, тіпті жас офицердің көп қасиетін басқалардан артық көріп, жіті сезіп отырған, мінездеуі де өзгелерден ерекше, патшаға сөзін өткізетін князь қастық қылу жөнінде келгенде де аспай-саспай, бейнебір жұмыртқаны оңай аршу тәсілін айтқандай-ақ, іске полицияны қосу керек дей салады. Мұның арты демократтық-ағартушылық көзқарастарын жасырмай, қажет десеңіз дабырлап, бар даусымен айтып жүрген қайраткердің соңына шам алып түсу, оның жүрген-тұрған ізін бағу, қудалау деген сөз. Саяси тұрғыдан сенімсіз деп тауып, мансап, қызмет баспалдағымен көтерілетін жолын кесу, енді самғайтың, шырқап ұшатын шағында топшысын үзу, қылтасын қию, қанатын кесу.

Қас дұшпан ер-азаматқа жауыздық жасарда қару талғамайды: немен жайратса да оған бәрібір. Шоқанға қарсы дайындап жатқан үлы оқтың бірі – ретең онымен жарысып, сайлауға түсетін Ерден. Сахнаға шығысымен-ақ оның сыры мәлім болып қалады: байлыққа мастанған надан, әкімдер алдында жалпылдаған жағымпаз, қара күш, дүлей зұлымдық иесіндей әсер қалдырады.

Қарама-қарсы тілектер туындаған тартыста мінездер өзгеріп, пиғылдар құбылып жатуы – драмалық шығармаларда жиі кездесетін көркемдік құбылыстардың бірі. Ал кей персонаждар мінездік тұтастығынан, бір бағыттылығынан айнымайды, генерал-майор Фридерикс сахна ашылғанда Шоқанды қалай жек көрсе, әлі сол қалпында, қайта Гасфортты табалап, оның өзгерісіне қуанып, зұлымдық әрекеттерін күшейте түскен.

Драматургтің эстетикалық пайымдау мұмкіндігінің кеңдігі Катерина образындағы өзгеріс – трансформациядан байқалады. Әуелде Шоқанды өзі сүйген, Шоқан да өзімді сүйеді деп есептеген, губернатор өзімдікі санаған жігіті басқа біреудің құшағында тұрғанын көргеннен кейін кілт бұрылады. Осы тұстағы оның қиналыстары пьесада көрсетілмейді. Логикағы салғанда, әйел көңілінің қызғанышы дұшпандық, бітіспес жаулық болып шыға келуіоп-оңай еді ғой. Мұқанов кейіпкері бұл жолмен жүрмейді. Нағашысы Гасфорт, анау генерал-майор Фридерикс, әнебіреу тілмаш Сұлтанғазы көзбе-көз Шоқанды мынадай дүлейге – Ерденге айырбастағанда, Катерина лап ете түседі. Шоқан жолында қызғаныш сезімін азаматтық рух жеңген.

Шоқан өмірін, оны қоршаған ортаны, араласқан-білген адамдардың жай-жапсарын жан-жақты, терең зерттеген Сәбит Мұқанов пьесада, мүмкіндігінше, кең әрі көп құбылыстарды, фактілерді, реалдарды көрсетіге күш салған. Бұл орайда Мұхтар Әуезовтың: “Қазақ тіршілігіне, тарихына жақын қабысатын қалалық, семьялық, қоғамдық, тарихтық және жеке ададық болмыс шықдық пен қарым-қатынастарды суреттеген шағында пьеса жақсы шыққан”, - деген пікірі еске түседі (“Әдебиет және искусство”, 1954, №11).

Төртінші актінің алтыншы суретіндегі ситуация, сөз жоқ, Сәбит Мұқановтың суреткерлік қиялынан туған. Оқиға орыс өнерінің тарихына байланысты, жазушылар, ақындар туралы қызықты естеліктер авторы әйгілі Панаеваның пәтерінде өтеді. Шоқанға қатысты Панаева қалдырған жазбалар белгісіз болса, драматург әжептеуір сенімді, әсіресе, саяси-публицисткалық сипаты айқын сцена жазған.

Тағы да драматургтың өзіне етене әдісі бір кейіпкерді басқа персонаждар көзімен көрсету, бірі арқылы екіншіні мінездеу тәсілі қолданылған. Катеринамен кездесеміз. Шоқанға деген сезімі әді де суымаған, ет жақын жан ашырына айналғандай. Қызғаныш жаулық емес, жүрек қамқорлығына жол берген.

Орыс қауымының ұлт мәселесіне, басқа ұлттар тағдырына көзқарасы, әсіресе, Ченышевский сөздерінен айқын көрінеді.

Әрине, Шоқанның революционер-демократ Чернышевский еңбектерін оқығандығы, терең білгендінгі ешқандай дау тудырмайды. Ал, Шоқан Чернышевскийді жете жақсы білді, араласты, сөйлесті, пікір алысты дейтін дәлді деректер қолда жоқ болса да, Сәбит Мұқанов суреткерлік қиялға сүйеніп, оғаштығы жоқ көріністі алға тартады.

Құлақ қойған адам Панаевамен, әсіресе Семеновпен, сөйлескен кезде Чернышевскийдің Шоқан, сол секілді орыстан басқа ұлт өкілдерінен шыққан озық ойлы, алдыңғы қатарлы, ойшыл, азаттық үшін жанын шүберекке түйіп, күрес жолына шыққан ерлер жөніндегі байлам-тұжырымын аңғарады.

Рас, бұл сценада Панаеваның, яки Чернышевскийдің характері бар десек, орынсыз, дәлелсіз айтылған жеңілтек түйін болар еді. Анығы, осы көріністегі диалогтарда публицистикалық сөздер тым көбейіп, адам жүрегін тебірентіп шыққан, оның мінезін ашатын шын мағынасындағы драматизм әлсіреген. Байыпты қарағанда Семенов – Чернышевский диалогы дәл сол дәуірдегі орыс интелегенциясының әлеуметтік-қоғамдық күресінің бетін ғанақарпитынын байқау қиынға түспейді.

Денсаулығына байланысты, әсіресе, толып жатқан рухани күйзелістен кейін Петербургтен Сырымбетке қайтуға мәжбүр болған Шоқан Уәлиханов туған аулына келіп, жұмақ ішіне күп етіп кіріп кетпегені белгілі. Бір кез оқыған, білімді адамның қандай жақсы ел билеуші болатындығын көрсетпек мақсатпен Шоқан сайлауға түспек. Ел ішінің ырың-жырыңы, паралы қапшық, патшаның отарлық саясаты – осының бәрі жиналып келіп, басына ауыр трагедия әкелетінін әзір сезбейді, әрине, таратып, тиянақтап, тәптіштеп берсе, осы фактінің өзі бір пьесаға жетіп жатқан дүние.

Қаншада диалогтардың әрекеттілігі, жанды толқынды табиғаты ұмытылса, хабарламалық-информациялық салмақ күшейіп кетпек. Осыдан барып шығарманың реалистік қуаты солғындайды.

Сахнаға тағы жаңа персонаждар шығады. Әрекет үстіне әрекет қосылады. Шоқанға қызмет жасап жүрген жайнақ мінез даралығымен ашыла алмаған; ол жүріс-тұрысқа пысық, қағілез, сырт дүниеде не болып жатқанын қалт еткізбей жеткізіп тұрады; адал, елгезек.

Кадет корпусында Шоқанмен бірге оқыған Григорий Потанин ұзақ өмір сүрді; ғылым тарихында маңызды орын алған елеулі еңбектер қалдырды; әлеуметтік көзқарасында, дүниетанымында көптеген қайшылықтары да бар еді. Пьесаның ілгері кейіпкерінің бірі болуға лайық Потанин характерлік даралығымен, мінез ерекшелігімен көрінді деуге келмейді. Рас, драматург күрделі творчестволық проблема – орыс адамдарын сөйлетуде көп ізденістерге барған, олжа тапқан. Патшаны, жоғарғы қауымды, генералдарды, офицерлерді, ғалымдарды тілдік ерекшеліктеріне қарай топтаған. Арнаулы фразеология, лексикалық бөлшектер, синтаксистік конструкциялар кәдеге асқан. Орыс тілі граматикасы жобасы бойынша берілген сөйлемдер кейіпкерлердің басқа ұлт өкілі екендігін айнытпай танытып тұрады.

Осы тәсілді драматург соңғы рет Потанин мен Шоқан кездесетін көріністе де қолданады. Тілді білмей аударма жасайтын, тексті ұқпай зерттеу жазатын шалағайлық, дилетанттық ауыруына ұшырамаған, орыс филологиясының талантты өкілі, қазақша жақсы білген, сөйлеген Потанин тілінің өзінен оның басқа жұрттың перзенті екендігі байқалады.

Осы тұста сахнада бірталай уақыттан бері көрінбей қалған Шоқанның екі туысы Жақып пен Сұлтанғазы шығады. Билік-мансап, дәулет-байлық үшін қандас бауырын, тіпті әкесін де баласын өлтіру – тариъхта талай рет кездескен қаралы мысал. Сонау апақ-сапақ, дәл аппаратура, техника дегендер оқымстылар қолына түсе қоймаған, бұлыңғыр заманда жұлдыздар қозғалысын бүгінгі дәлдікпен есептеп шығарған данышпан Ұлықбектің де түбіне жеткен өз ұлы емес пе еді? Ал, мына екеуі туысты сатқанда әр түрлі олжаға кенелмек: өзі де орысша оқыған, өзі де офицер Сұлтанғазы өссем, Шоқан орнын бассам дейді. Жақып болса, төре тұқымының басынан қисайып, түсіп бара жатқан жағаны қайта түзетпек. Ақшалы қалта – Малтабар әлі қыр соңдарынан қалмай жүр. Есіл-дерті, буынына түсіп кеткен жұлын құрт – Айжан.

Сайлау салтанаты көпшілік сценасы арқылы жанды әрекет, қимыл-қозғалыс үстінде беріледі. Бұл тұста сахнаға шығатын персонаж аз емес: генерал Гасфорт, Фридерикс, шарға түсушілер Шоқан, Ерден, офицерлер Алмазов, Сұлтанғазы, ата-анадан Шыңғыс, Зейнеп, көпшілік өкілдері. Қысқа реплика, көп дауысты полилог, шағын диалог, жүріс-тұрыс – осының баршасы екпін, ырғақ береді.

Шарды санап келіп жібергенде, Шоқан 25, Ерден 14 дауыс алып, әділет жеңгендей болып, көпшілік қуанып қоя береді. Зейнеп көзінде жас. Сайлау деген жай ғана көзді алдайтын салтанат, баланың ойыны секілді нәрсе, кім сайланады, кім қалады – оны шешетін мына шулаған тобыр, Көп сүмелек емес, өкімет, сол өкіметтің осындағы тұтқасын ұстап отырған генерал-губернатор емес пе? Гасфорт көзі тірі тұрғанда Шоқанды сұлтан-билеуші сайлатып, жын қағып кетіп пе? Өттім деп тұр ма? Ал, саған керек болса, көрсетейін салмақты, кім келіп арашалап алар екен қолымнан? Гасфорт қорытындыны заңсыз деп есептеп, сайлауды таратып, Ерденді өз қолынан сұлтан етіп тағайындады. Қажет десеңдер, сайлаудың түкке қажеті жоқ. Тағайындады – бітті. Осындай масқаралық үстінде екінші сұмдық хабар, қанды оқиға жетеді – Малтабар қалың қолын жинап келіп, Айжанды алып қашқан, шығарып берген: Сұлтанғазы мен Жақып.

Соңғы тоғызыншы картина үлкен романды түйіндеу стилінде жазылған. Драматургтің бұл суретті эпилог деп атауы да жарасып тұр. Ремаркада “Қара қасқа атты Қамбар” күйін орындауды көрсету көріністің қайғы, мұңға, әрі асқақ трагизмге негізделгенін аңғартады. Бірінші қатарда Зейнеп шыққан. Ауру меңдетіп, кірпігін әрең қағып жатқан жан баласының қасында отырған сорлы ана тебіреніп, еңіреп, Айжан бақытсыздың шерлі, аянышты, қаралы оқиғасын, трагедиялық өлімін әңгіме етеді.

Үлкен қаламгер шығармашылығын жан-жақты терең зерттеген профессор Темірғали Нұртазин: Ардагер Шоқанның образымен байланысты тың өмір көріністерін бейнелейтін пьеса жұрттың сүйіспеншілігіне орынды бөлінеп, әдебиетіміздің қадірлі туындысы болды”, - деп жазды. (“Жазушы және өмір”. А., 1960, 370-бет.)

Тарихи трагедия тудыруда драматургиядағы үздік үлгілерде қалыптасқан оптимистік идея, ұрпақтар жалғастығы сарынын Сәбит Мұқанов өз қаламгерлік тәжірибесінде айқындай түскен. Тағы да тас босаға, тар өткелде, өлім сәтінде Катеринаның келуі, жас төл, жаңа ұрпақтың аға қасынан табылуы – пьесаның жинақтаушылық, көркемдік қуатын ұлғайтып тұрған, бас-аяғы көлемді, күрделі, мол кейіпкерлі шығарманы сәтті тұйықтап аяқтаған поэтикалық, образдық мәні бар көркем детальдар. Мұның үстіне, өнердің әр саласында кейін туатын Шоқан туралы кино, скульптура, әңгіме, повесть, роман, зерттеулерде көрінген көп әуез, сарын, идея, ой “Шоқан Уәлиханов” трагедиясынан от алып жанып, бастау алып тарағанын мойындамау, сөз жоқ әділетсіздік болар еді.

Қазақ драматургиясындағы шоқтықты туындылар – М. Әуезовтің “Еңлік – Кебек”, Ж. Шаниннің “Арқалық батыр”, Ғ. Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” трагедиялары эпостық материалдарды шығармашылықпен игере отырып, ұлттық дәстүрді шебер ұштастырып жазылған аса көркем, сахнамыздың ұзақ жылдар сәні болған әйгілі шығармалар. Бұл пьесалардың көптеген ортақ сипаттары оларды бір топтастырып, эпикалық трагедия деп қарауға толық мүмкіндік береді.

Фольклор материалдарына сүйеніп жасалған М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов трагедиялары жанрға деген жаңа көзқарастың, дамудың сапалы кезеңінің айғағы. Эпостан алынған дүниелер көп зерттеліп, авторлық идеял, суреткерлік концепция тұрғысынан қайтадан құйылып шыққан. Бұларда ауыз әдебиеті үлгілерін сөзбе-сөз көшіру, вариация жасау, белгілі мотивтерді қайталау жоқ. Халық даналығына үлкен суреткерлер өз тарапынан көп ой қосып, реалистік, типтік деңгейге көтерілген образдар жасап, өнерді байытты.Олардың қаламынан туған трагедиялар эпостық дәстүрлер мен әлемдік драматургия сабақтарын шебер ұштастырған кесек шығармалар, әдеби дамуға ықпал еткен ұлттық классика.

Оптимистік рухтағы тарихи трагедиялар алыс дәуірлер, өткен күндер оқиғаларын көрсеткенде жақсылық, бостандық, теңдік үшін алысқан қайратты қаһарман өзінен әлдеқайда басым жатқан зұлмат күштердің табанына түскенімен, түптің түбінде, жаңа нашын, тың қуат салтанат құрып, әділет мерейі үстем болатынын өрісті екпінмен, ерекше пафоспен бейнелейді. Мұндай шығармалардың негізгі сүйегін нақты болған айғақты фактілер, дәлді деректер құраса да, ұшқыр қиялға, ойдан қосуға, суреткер фантазиясына ерекше көңіл бөлінеді. Орталық қаһарман қарақан бастың қамы үшін емес, ел, халық, жұрт тілегі жолына жалаң аяқ жар кешіп, асыл мұрат, қымбат ақиқат туын көтереді. Әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтардың тас диірменінде мерт болады. Мұндай ерлердің ісі мәңгі жасарына жүрек сенімі кәміл.

Үшінші топта қаралатын семьялық-адамгершілік трагедияларында оқиға шағын ортада, бір түтін бір шаңырақ астында, тіпті ет-жақын адамдар арасында өтеді. Актуалды гуманисті мәселелерді көтеретін мұндай трагедиялар қатарына “Қарагөз”, “Бәйбіше-тоқал” (М. Әуезов), “Алтын сақина” (Қ. Кемеңгеров) “Шернияз” (Ж. Аймауытов) пьесаларын жатқызуға болар еді.

Сөйтіп, қазақ драматургтерінің трагедиялық шығармаларын классификациялау және талдау бұл жанрлық форманың ұлттық әдебиетімізде кең өріс алып дамығанын көрсетеді. Үздік трагедиялық туындылар сахнадан түспей, үнемі қойылып жатқан классикалық спектакльдерге арқау болды. Бұл трагедияның драматургиямыздағы ең піскен, жетілген, толық қанды жанр екендігінің тағы бір айқын белгісі.

Ұлттық материалға сүйене отырып, екінші жағынан әлемдік әдеби дәстүрлер сабағын ескеріп, қазақ трагедиясының мынадай спецификалық ерекшеліктерін анықтап айтар едік:

- күні өтіп бара жатқан ескілік пененді туа бастаған жаңаның арасындағы бітіспейтін идеялар мен құштарлықтар арасынан туатын трагедиялық тартыс;

- асыл армандар, биік мұраттар жолында күресу үстінде қалыпты өмірдің тас қорғанына соғылып мерт болатын дара тұлғаның трагедиялық қателігі яки адасуы;

- өлім мен өмірдің шекарасында, адам мүмкіндіктерінің шегінде жететін тұстарында өтетін аса тартысты сюжетпен әбден ширатылған композицияның шығарманың барлық структуралық көркемдік эелменттерін шашау шықпас жүйеге түсіруі;

- ересен психологиялық, адамгершілік-эмоциялық әсер күшінің оқырманды (көрерменді) ерекше эстетикалық сезіммен баурап, өмірдің тұңғиық сырларын ұқтырып, жаңғыртып, өзгерткендей ықпал етуі;

- таудан аққан селдей ғажайып шешендік, найзағай жарқылындай отты айтыс, орасан бай, ерекше өрнекті халықтық орамды, бейнелі көркем тіл құнары.

ІІ бөлім

КОМЕДИЯ



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет