Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет20/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29
САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ДРАМА
І
Сәкен Сейфуллиннің "Бақыт жолында" драмасы қанша уақыт өтсе де ұлттық әдебиетіміздің тарихыңда әлеуметтік-эстетикалық маңызын жоймайтын, қымбат туындылардың бірі болып қала бермек. Мезгіл жағынан Мұхтар Әуезовтің "Еңлік - Кебек" трагедиясымен дүниеге қатар келген бұл шығарма - драматургия жанрындағы алғашқы үлгілердің бірі.

Әйгілі трагедияның әр жылдардағы әр түрлі нұсқаларын салыстыра зерттеу арқылы Әуезовтің творчестволық эволюциясына, әдебиетіміздің өсу сатыларьна қатысты ой қорытсақ, Сейфуллин драмасыньщ варианттары, яки жоспары, не қолжазбасы жоқ, сондықтан сөз 1922 жылы тұңғыш жарияланған, кейін қайта басылған туынды, оның идеялық-көркемдік ерекшелігі, образ әлемі, композициялық-структуралық сипаты, өнер дүниесіндегі орны туралы болмақ.

Үстірт қарағанда, "Бақыт жолында" драмасының тақырыбында жаңалық жоқ секілді. Әсіресе, XX ғасыр басындағы қазақтың демократ-ағартушы жазушыларының бәрі де қалам тартқан мөселе - әйел теңдігі проблемасы тағы сөз етіледі. Зер салып, ой жіберген кісіге Сейфуллин нысанасында әдебиеттегі дәстүрлі тақырып жаңа қырынан көтеріліп, өзгеше, соны сипатта бейнеленгендігін ұғу қиынға соқпайды: біріншіден, эпос, аңыз материалы емес, жұртшылыққа жақсы таныс кезеңнің көкейкесті, әркімге аян құбылыстары қамтылып отыр; екіншіден, авторлық концепция мүлде жаңа, пафос айқын, идея тың; үшіншіден, әлі әдебиетте жоба-жөні, нүсқа-өрнегі белгісіз жанрға бара отырып, драматург мазмұнды форма талаптарына жауап беретін шығарма жасаған.

Үш бөлімді драмаға қатысатын кейіпкерлер саны көп емес, шағын, негізінен бір шаңырақ астындағы адамдар: отағасы - Терлікбай, оның әйелі Жәмила, қызы Мүслима, ұлы Ермек. Бұдан езге бейнелер персонаж қалпында алынған десе де, қате болмас.

Салған жерден автордың сахналық талаптарды айрықша ескергендігі байқалады.

Қаһармандардың жасы, кейбірінің мінез ерекшелігі, өзара туысқандық қатысы, білімі, қызметі көрсетіледі. Декорациялық сипаттағы ремаркаларда үй ішівдегі заттар айтылған. Бірқыдыру ремаркалар жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысты, психологиялық күйлерді білдіреді.

Адамдар арасындағы түрлі қайшылықтардан туатын конфликт - драма өзегі екендігін автордың терең ұғынып, шығармада жақсы ескергендігі бірінші перденің алғашқы көрінісінен-ақ байқалады. Расында да, "Драмадағы әлеуметтік конфликт таптық антагонизмді көрсетумен шектеле алмайды; драма арқауы - болмыстағы бүкіл қайшылық атаулы". (В. Сахновский-Панкеев "Драма" Л., 1969, 66-бет.)

Оң жақта отырған Мүслима басына қара бұлт үйіріле бастағаны – Жәмила, Терлікбай арасындағы әуелгі диалогтерден көрінеді. Бұл ғана емес, ерлі-зайыпты екеудің мінез айырымы ашыла бастайды. Ұрт, доғал, ноқай сөздерімен іштей-сырттай сырын жария ете бастаған Терлікбайдың сенімі, ойы, әйел жөніндегі көзқарасы сол замандағы типтік ортаға лайық, типтік жағдайдан туғандығы хақ.

Мұның өзі М. Дулатов, С. Көбеев, С. Торайғыров секілді жазушылардың әйгілі шығармаларындағы жуандықтың бейнесі іспетті белгілі кейіпкерлердің рухани туысы - мал-мүлік барда үйі ішінің барлық тағдыры өз қолымда деп санайтын ескіліктің нышаны.

Сөз қарсылығы болғанмен, кимастықтан ет-жүрегі өртенсе де, қызының бағы күйетініне күні бұрын кезі жетіп отырған пұшайман Жәмила, бетпе-бет келгенде күйеуі Терлікбайдан тайқып, батыл әрекетке бара алмай, іштей қиналып, күйзеліп жүр.

Драмалық әрекет тартысқа Ермек араласқаннан кейін тез ширыға бастайды. Терлікбай бойына ылғи жаманшылық, кем-кетікті жинамау арқылы драматург реалистік әдісті мақсат тұтқандығын көрсетеді. Мал соңында салпақтаған, өз байлығы өзіне бұйырмаған бұрынғы надан, соқыр бай емес, Терлікбайдың үй-тұрмысынан, ұлы Ермекті оқытып шығаруынан заман ықпалынан туған жаңа сипаттарды аңғаруға болады. Оның үстіне Терлікбай қызын болысқа беріп қалыңмалын бір алса, мықтыны күйеу ету арқылы баласын тағы әскерден құтқарып қалмақ.

Ел көзімен қарағанда да, өз топшылауында да ешқандай оғаш кетіп, бұра тартып тұрған өрескелдігі жоқ құтты қадам жасамақ ниетіне, әуелі әйелі - Жәмила қыңқыл-сыңқыл көрсетсе, одан кейін енді адам болды, өзі көш бастап, тірек болар деген ұлы - Ермек аттан салып, қарсы тұрса, Терлікбай аспанға шапшымай, кім аспанға шапшысын?!

Патриархалдық-феодалдық институттың моралі енді ыдырай бастаған. Соның айқын дәлелі - осы шаңырақ астындағы өзгеріс. Драматург Қазақстанның Россияға қосылуы нөтижесінен, жаңа әлеуметтік-қоғамдық жағдайлардың әсерінен, ең бастысы революция алдындағы ситуация ықпалынан қазақ қауымында бел алған маңызды сарынды көре біліп, көркем бейнелер арқылы, реалистікпен суреттеп берген.

Әке - қыз - ұл. Жұртшылыққа мәлім бірқыдыру, шығармаларда қатал әке кесімімен жат адамға кете барған қыздың жақтаушысы -сүйген жары болатын. Оның өзі жылап-сықтауға бар болғанмен, күреске, бел шешіп, білек сыбанып майданға түсуге жоқ еді. Ал Сейфуллин пьесасында мұндай дәстүр өзгертілген, еріксіз, бөтен, беймәлім біреуге берілмек қыздың жанашыры, жақтаушысы - өзінің туған ағасы. Бұл орайда, ол жай шығарып салма сөздің, құр мәмөңкенің кісісі емес, жігердің, әрекеттің, күрестің иесі. Сөйтіп, драмадағы конфликтінің себепшісі - қыз тағдыры, ал тартыстың өрбіп даму, шарықтауына мұрындық - әке мен ұл арасындағы көзқарас қайшылығы.

Екеуінің арасындағы диалогте бүкпе, астар, емеурін емес, ашық, айқын, ащы шындық сөйлеп тұр. Әке болып, оқыған ұлды сүйіп еркелетер Терлікбай жоқ. Жолына кесе көлденең тұрса, ата рәсімін бұзса, бұлардың әулетін байлыққа, дәулетке бастағалы тұрған құдалыққа қарсы болса, ондай ұлды Терлікбай қалай атауы керек? Әрине, Терлікбай "ақымақ, сайтан, әдепсіз, бұзылған" демек оны.



Әке тарапына мұндай сөз айтпағанмен, Ермектің де ісі дәл сол кездегі қазақ үшін шылбыр сүйретіп, тізгін үзіп отыр ғой, "жемқор, парашыл, еңбекші елді қан қақсатып байыған тас бауыр" деді емес пе? Әке билігі дегенді мүлде жиып қойып, Мүслиманы болысқа беруге мүлде қарсы, үйден кетсе де, тек кетпесін сестеніп айтады.

Драмалық коллизия осындай халге жеткенде екі оттың ортасына түсіп шырылдайтын сорлы ана – Жәмила.

Екінші перде ашылысымен Мүслиманың жасырын сырымен танысамыз. Драматург хат формасын пайдалану арқылы ықшам детальмен Мүслима - Біржан арасындағы махаббат хикаясынан хабардар етеді. Басына шері, мұң-қайғыдан көкірегі жарылардай болып отырған сорлы қыздың ішкі әлемін дәл бейнелейтін күрделі монолог бар.

Әуелде Терлікбайдың үй ішіне деген ызғары, бетінен қайтпайтын тоң мойындығы, ескілік дәстүрді берік ұстанатыны байқалса, бірте-бірте сараңдығы, дүние қоңыздығы, мақтаншақтығы, қомағайлығы сезіледі.

"Қырық жеті қара аз мал емес! Әлгі қу бала ақымақ: Нөкербайдай кісіге қыз бермеймін дейді. Байлық анау!.. Тәңір берген бақ анау! Терлікбайдың күйеуі кім? - Нөкербай болыс!.. Нөкербайдың қайны кім? Терлікбай! Әй, Терлікбай келеді! Терлікбай келеді! Күйеуінікіне, болыстікіне? Әй, бар, хабар бер, болыстың қатынына! Әкесі келеді, Терлікбай келеді! (Шаттанып күледі). Ха-ха-ха-ха!.. Жәке, әнеугі Құдабайдан алған сұр жорға атын алсам!.. ә?.. Келетін уақыттары болды-ау! Тысқа шығайыншы!" (С. Сейфуллин. Шығармалар. 1 т., А., 1960, 385-бет.)

Өте дәл, шебер жасалған монолог. Психологиялық күйді, мінез құбылыстарын қанық бояулармен ықшам бейнелеген бір адамның тұтас характері жатыр. Кейін қазақ сахнасының классикалық тұлғаларына айналатын Қарабай, Қоңқай типтерінің алғашқы үлгісі - әйтеуір, генетикалық түбірі дәл осы Терлікбай екендігінде дау жоқ. Бұл ұқсастыққа кезінде зерттеушілер орнымен назар аударған болатын.

Қара күш, жағымсыздық, жауыздық сипаттарын драматург Нөкербай, Иса, би бейнелері арқылы көрсетеді, әрекет үстінде алғашқы екеуінің есімі толық аталмай болыс, қалпе делінеді. Бұлардың әрқайсысының даралық ерекшеліктері анық ашылмаса да, үшеу бір қылмысқа жұмыла кіріскен жырынды дұшпан, жемтіктес қорқау екендігі жақсы байқалады.

Әскерге шақырылған жігітті пара алу арқылы құтқару сценасында бұл үшеуінің мінез-құлқы, сиқы көпшіліктің көз алдында анық ашылады.

Контраст, қарама-қарсы күштердің қатты түйісетін кезі - осы тұс. Терлікбай, болыс, қалпе, би бір төбе, Ермек жалғыз өзі бір төбе. Драматург, әсіресе Ермек бойындағы сахналық әрекеттерге, атап айтқанда, оның отырыс-тұрысына, қимыл-қозғалысына, үстіндегі киіміне, қойған шашына, қолына ұстаған домбырасына дейін айрықша мән берген. Характерлік кесектігі жөнінен айрықша зор алшақтықтары бола тұра, әдейі қисық сөйлеуді қарсылықтың бір түрі ретінде қолданатын мінездері жөнінен Ермек қылықтары атақты Шекспирдің тентек Гамлетін еске түсіретін орайлары бар. Қалпе - Ермек диалогтерінің үстінде оқыған жігіт надан молданы жерге қаратады.

Соңғы, үшінші перде оқиғасының да Терлікбай үйінде өтуі драманың ықшамдылығын, сахналық көп заттарды керек етпейтіндігін көрсетсді. Әуелде Ермек аузынан айтылатын екпінді сөз, өрелі ой, еркін пікірлер енді көпшіліктің көкейіне қона бастайды.

Өз ғүмырларының біткендігін өздері хабарлағандай, қалаға барып қайтқан би мен қалпе патшаның тақтан түскендігін әкелері өлгендей естіртеді. Бұл Терлікбай үшін - сұмдық, ал Ермек үшін - қуаныш.

Драматург авторлық идеалын, бостандық жөніндегі негізгі ойларын Ермек образы арқылы берген. Оның сөздерінің қысқа реплика, жауан лебіз, қостау, қарсылық, қолдау ғана емес, ұлғайған, кеңейген, толғау үлгісінен дамыған драмалық монологтарға айналған тұстары мол. Сәкен Сейфуллиннің жазушы ретіндегі енді бір зор табысы "Бақыт жолына" драмасының тіліне эпостың риторикалық, жалт-жұлт стилінің салқыны тимеген.

Пьесада қажетсіз, артық, ауыс жүрген кейіпкер жоқ. Эпизодта көрінетін Жұмаш малай, шабарман Ермектің тілеуіңде екені тез аңғарылады. Ал, Мүслима жаңа ояна бастаған, елең-алаң заманда махаббат бостандығы үшін ұяң да болса, әлсіз де болса - алғашқы қадам басқан қыздардың типі. Драматург өмір құбылыстарын бұрып көрсетіп, артық әсірелеуден аулақ. Мүслима қылықтары оның бойына лайық, алғашқыда ол әке билігіне көніп қалып, артынан Ермек әсерімен тәуекелге бел буады. Туған қарындасын куйеуге жасырын түрде өз қолынан шығарып беру жолы бұрынғы ескілікті қазақ рәсіміңде болмаса да, сахарадағы соны жаңалықты дәл көрген қырағы жазушы бұл жолдың атын дәл тауып, "Бақыт жолына" деп атаған.

Автордың өз көрсетуінде 1917 жылдың қазан-желтоқсан айларында жазылып, 1918 жылдың 1 май мерекесі күні алғаш рет Ақмола қаласында сахнада қойылған "Бақыт жолына" драмасының 1922 жылы Орынборда жарияланған тұңғыш басылымын эстетикалық-көркемдік талаптарды мүлде ұмытып, шығарма идеясын дәлелсіз бұрмалаушылар да болды ("Темір қазық". 1923, № 2-3.).

Мұхтар Әуезовтің "Төңкерісшіл" драманың басы – Сәкеннің "Қызыл сұңқарлары" мен "Бақыт жолына" пьесасы ("Қазақ әдебиеті". 1934, 7 шілде) деген Қазақстан жазушыларының тұңғыш құрылтайында айтқан пікірі терең толғап, дәл тұжырымдаған, объективті баға болатын.

Идеялық, әлеуметтік мәні жөнінен келгенде де "Бақыт жолына" С. Сейфуллин шығармашылығында басқа шығармалармен сарындас екендігін көру қиын емес. "Жұбату" әңгімесінің лирикалық кейіпкерінің қарындасы Мүслимаға айтатын сөздері, текстік жағынан алғанда да, пьесадағы Ермектің қарындасы Мүслимаға айтатын сөздерімен ете ұқсас. "Айша" повесіндегі ағалардың қарындасын азаттық жолына шығарып салуын еске түсіріңіз.

Тұтастай алғанда, осы шығармалардың бәрінде де негізгі оқиғалардың түңде бастылып, таң ата аяқталуында көркемдік мән бар. Бүларды, дәлірек айтқанда, Сәкен поэтикасында түн мен күнді қарама-қарсы контраста алу тәсілі тудырған жаңа символдар, образды детальдар деп қарау дұрыс.

Қазақ әдебиетінде баспа жүзін көрген алғашқы пьесалардың қатарында 1922 жылы Орынборда басылып шыққан Міржақып Дулатовтың "Балқия" драмасы да айтылуға тиіс. Бұл шығарманың нақты қай жылы жазылғаны туралы дерек белгісіз.

Пьесада көтерілетін әлеуметтік-қоғамдық мәселе жазушының бұрынғы поэзиялық, прозалық, публицистикалық шығармаларындағы арналарды одан әрі жалғастырып, драмалық жанр шарттарына орай лайықталып алынған материалдарды алдымызға тартады.

Авторлық ремарка ең алдымен кейіпкерлерді қысқаша мінездеп, олардың жас мөлшерін, бір-бірімен туыстық, кәсіби қатысын дәл көрсетеді. Мысалы: "Жарасбай — дәулетті адам. Жасы 68-де. Балқия - Жарасбайдың қызы. Ақылды, ашық ойлы. Жасы 19-да. Қасым - осы ауылдағы жәдит мұғалімі. Пікірлі, халықшыл жігіт. Жасы 25-те. Болыс - бай, жебір, зорлықшыл адам. Жасы 53-те. Тілмаш — болыспен жемтіктес, сұм жігіт. Жасы 31-де, - деп 18 персонаждың бәріне түсінік берілген.

Шығарманың сахнаға лайықталғаны, әсіресе оқиға ететін ортаны, ондағы декорациялық заттарды дәлді көрсетуден жақсы байқалады.

Пьесадағы оқиғалардың негізгі ететін орындары Жарасбайдың үйі, болыстың кеңсесі, Қасымның қаладағы үйінің бөлмесі - осылардың бәрі авторлық ремаркада, негізгі заттары дәлді беріледі. Назар аударыңыз: "Жарасбайдың үйі бір бөлме. Есігі біреу, терезесі екеу, төрде жүк жиылған, текемет, кілем, көрпе жайылған, есіктен кіргенде оң жақта қазақы кіреует, тұсында ұсталған кілем. Алдында құрылған шымылдық, жиюлы кіреует алдында жерде сырмақ, оның үстінде қаптап төсеген көрпе. Жүктің бір шеті мен кіреуеттің арасында жерде тағы бір төсек. Оның үстінде қызылды-жасылды әйел киімдері ілулі. Бұл төсектің аяқ жағында кішкене сандықша. Сол жағында самауырын, ақ құман, поднос, шыны аяқтар, бұлардың тұсында жіпке асулы орамал, дастархан, жайнамаз. Перде көтерілген кезде үйде жалғыз Балқия көрінеді."

Бұл жерде драматург сахналық қойылымның дайын декорациясын қолдан қойғандай етіп беріп отыр.

Алғашқы көріністердегі әрекеттер осы ортада, Жарасбай үйінде өтеді. Бірден пьесаның түпқазық бейнесі Балқиямен танысамыз. Бұл бұрынғы ескі ауылдың хат танымайтын, оң мен солын білмейтін, әке-шешенің айтқанынан шықпайтын, ескі салт-сана шырмауындағы көрбала қыз емес, жаңа дәуірдің толқынында қалыптасқан, дүниеге өз тұжырымы бар, көзі ашық, әр нәрсеге пікір айта алатын, тіпті ежелгі тұрмыс-салт ережелеріне, шариғат билігіне, құдалық рәсімдеріне қарсылық жасай алатындай қайраты бар.

"Бақытсыз Жамал" романындағы негізгі кейіпкердің бірі Жамалдың сүйген жары - Ғали әрекет үстінде көріне алмайды, оның сөйлеген сөздері, жасаған істері көмескі, нағыз күресетін тұста, аяқ астынан ауырып, өліп калуы да көңілге қонбайды. Осы олқылықтың орнын жазушы "Балқия" пьесасындағы мұғалім Қасымның бейнесі арқылы толтырды десек, дұрыс болмақ.

Пьесадағы тартыс жүйесінің бел ортасында Қасым тұр. Ол салған жерден еркін ойлы, жаңаша көзқарастағы жігіт екенін танытады. Басқа ауыл адамдары секілді дәулет иесі Жарасбайдың алдында бүгежектемей, ойындағы нәрселерді бетің бар, жүзің бар демей, ашық айтып тастайды. Әсіресе, кедей Нұрмақтың кешегі сайлау лаңынан бүгін заңсыз салық азабын жегіп отырған ауыр күйіне жаны ашып, бұл зорлықтың түпкі есебі неде екеніне сорлы шаруаның көзін жеткізеді.

Драматург қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікті, бай мен кедей, жуан мен жіңішке болып бөлінуді анық, дәл керсетеді. Ескі салтты мүлде қолдамайды, қалың үшін қыз сатуды айыптайды. Бұл ретте Жарасбай жырынды, кеудемсоқ, әпербақан күйінде танылса, Нұрмақ мал - дүние үшін қыз жылатуға бармайтын иманды, арлы, намысты, ер кедей қалпында есте қалады.

Қасым мінезінің ашылуы, әсіресе, екінші перденің үшінші көрінісінде айрықша байқалады. Алдында Қасым-Жарасбай-Нұрмақ диалогтарында айқындала бастаған ерекшеліктер енді көзқарас, дүние-таным сипаттары болып танылады. Обал, сауап, пітір, зекет қақында дүмше молда түсініктеріне батыл қарсы шыққан Қасым шариғат, әділет жолын сілтейді. Ел дәулетінен жиналған қаржының құмға сіңген судай кім - көрінгеннің қалтасында, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуін айыптайды. Халық мұқтажына орай іс жасамай, патша отаршылары қасақана қазақ тілін жою, ұлт мектептерін тұншықтыру үшін жасап отырған қастаңдықтарды ашынып айтады. Бүл төңіректегі Қасым толғаулары Міржақып өлеңдері мен мақалаларындағы ой-сарындармен сабақтасып жатыр.

Төртінші пердеде Қасымның "Қазақ" газетін оқуы, Балқияға білім беруге талпынуы, сахнада пьеса қоюға әрекеттенуі, саяси қашқынға қаржы жинауы, озық пікірлі Құлтас, Ахметжан қатарлас достарымен қарым-қатынасы, ақыры Жарасбай, тілмаш, молдалардың жапқан жаласымен ұсталып кетуі - жаңа сипатты күрескер бейнесін айқындайтын белгілер.

Жүсіпбек Аймауытов әдеби мұраларының негізгі, салмақты саласының бірі — драматургия. Көптеген пьесалар жазумен қоса, оның кезінде өз шығармаларын, үзеңгілес қаламдастар туындыларын сахнаға қойған алғашқы режиссер қатарында болғаны тарихи шындық. Автордың негізгі туындылары алдымен Семей өңіріндегі сауық кештерінде тұңғыш труппалардың күшімен ойналып, кейін Қызылордада ұлт театрының сахнасына шыққан. Төңкеріс алдындағы тұрмыс-салт, 1916 жыл оқиғасының шырғаландары, әйел тендігі үшін күрес, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы тартыс, болыстар, тілмаштар, оқығандар, шаруалар - осы алуандас түрлі әлеуметтік топтар арасындағы толып жатқан өзгеріс, құбылыс, эволюцияны жан-жақты көрсетіп берген Жүсіпбек Аймауытов драматургиясы өзінің құнарлы тіл өрнегімен, айқын, дара мінездері бар кейіпкерлерімен, биік халықтық нысана идеясымен ерекшеленеді.

Поэзия, проза, публицистика, сын, зерттеу салаларында тең-қатар қалам тартқан, олардың әрқайсысында тамаша туындылар берген автордың драматургиядағы жолы да ерте басталған. 1926 жылы Москвада басылып шыққан "Қанапия-Шәрбану" пьесасына берілген ескертпеде: "Бұл драма 1917 жылы жазылған еді, Семейде және басқа қалаларда бірлі-жарымды ойналғаннан кейін жазған дәптерім жоғалып кетіп еді. Биыл кітапты қолыма түсіріп түзетіп жаздым. Ескі жазбасы қолында бар кісілерден ол күйінде ойналмауын тілеймін, - деп көрсетуінен бірталай сыр аңғарсақ керек. Ең алдымен, Жүсіпбек Келбай Тоғысов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов қатарлас алғашқы қазақ драматургтерінің бірі, екіншіден, оның туыңдылары әуелде қолжазба күйінде тарап, сахнада қойылған.

Халық өмірінің терең шындығы, ауылдағы бай мен кедей арасының жыртылып айрылуы, әйгілі 1916 жылдың зарлы оқиғасы "Қанапия-Шәрбану" драмасында тап басып, дәл көрсетіледі. Қазақ даласында жиі кездескен, әр жерде қайталанған оқиға алынады. Момын қара шаруа иесі Шатай мен оның әйелі Ұмсынай жалғыз ұлдары Ынтықбайды солдатқа кетсе, өлімге баратындай керіп, қолдағы малын түгел шығандап, қарызданып-қауғаланып әлекке түскенмен, баласын құтқара алмайды. Қайта қыздары Шәрбану Сазамбай бай мен оның кекайыл бәйбішесі Қалипаның қорлығына түседі. Тұрмыс-салттың, ескілікті тіршіліктің сенімді суреттері көз алдына келеді. Қай кейіпкерді алсаң да, өз бойына шақ лайықты киім киген. Жүріс-тұрыс, қылық-әрекет бәрі сенімді мөлшерде. Артық-кемі жоқ, қалыпты өмір ағысы. Шәрбанудың сүйген жары Қанапияның солдаттан келуі, оның дуана кейпіне еніп, Шәрбануды алып қашуы, ақыры милиция алдында әділетке жету көріністерінде, пьесаның: "Жасасын бостандық! Жасасын әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!" деген сөздермен аяқталуында сол заман талабына лайық үгіт-насихат әуендері, жаңа идеяларға ден қою, публицистикалық бояулар да бар.



Қорлықтан құтылу, тапталғандардың бас көтеру, үйқыдан ояну, мәңгүрттіктен сілкініп тұру сарындарын жазушы көптеген шығармаларына арқау етіп алып, кейіпкерлерін сатылап өсіріп отырады. "Рабиға" пьесасында да (1926, Москвада басылған) осы күйікті мәселе көтеріледі. Жас алшақтығы өз алдына, ең бастысы рухани кереғарлық адамдар басын бір шаңырақ астына біріктіре алмайды деген ой айтылады. Байділда қойшыны мазасыз жұмыс есейту орнына, есеңгіретіп, жабайыландырып жіберген, оның ұғымында алдындағы жыбырлаған малы да, жаны да, әйелі де бір секілді, ұра ма, соға ма, не істейді - өз еркінде. Автор қойшы деп жалған патетикаға бармайды, сүйіспеншілік жоқ жерде теңдік жоқ, теңдік болмаса ерлі-зайыпты тату-тәтті өмір жоқ деп біледі. Сондықтан жас Рабиғаның шідер үзіп кетуіне сенесің.

Комедиялық, трагедиялық элементтер бар болғанмен, негізінен Жүсіпбек пьесалары таза драма шарттарына орайлас келеді; тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартыс-күрестердің өрістеу сипаттары тұрғысынан қарағанда да бір шығарма екінші шығарманы толықтырып жатқандай әсер қалдырады; кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің айқындығы, сахналық талаптардың берік сақталуы, оқиғалардың шашау шықпай шымыр қозғалуы, тіл бояудың қанықтығы - осы тәріздес сапалы қасиеттер бар.

Ескі қазақ ауылының қат-қабат, қос қыртыс тұрмысынан алынған "Мансапқорлар" драмасының негізгі тартысына қатысатын адамдар көп емес: Қасқырбай болыс, оның әйелі Күләнда, болыстың туысқан інісі, тілмаш Мүсілім өзгелер - молда, қажы, ауылнай шабармандар қосақ арасында жүр. Бас-аяғы сегіз-ақ кейіпкер. Сахналық әрекет ширақ, салған жерден кеселді түйіннің үстінен түсеміз. Негізгі тартыс бірден ашық көрінеді. Қасқырбай қордалы байлықпен мансапқа жеткен, көп кебеже қарынның бірі емес, тепсе темір үзетін, көзді бақырайтып отырып зорлық жасайтын, тапа тал түсте, түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жалмауыз, қадалған жерден қан алады; дұшпанын түрегелтіп тұрып бауыздайтын жендеттің өзі. Сорына қарай бір шикі өкпеге зар, ол аздай жас әйелі Күләнда көзіне шөп салып жүр. Інісі Мүсілім, бармақ басты, кез қыстымен топ жинап, болыстықтан дәмелі. Автор классикалық драматургиядағы тартыс өршіту тәсілдерін жақсы білетіндігін аңғартады; бүл ретте әсіресе Шекспирдің "Гамлет" трагедиясындағы кейбір ситуациялардың сарыны еске түседі. Қасқырбайдың жақын інісі, әрі тілмашы боп істеп жүрген, жас оқыған Мүсілім ғашық отына күйген сипатқа еніп, жеңгесі Күләнданың басын айналдырып, түбі саған үйленем деп сендіріп, оны алдап-сулап жүріп, ақыры күйеуі болыс Қасқырбайға у бергізеді. Болыс болу үшін топ жинау, сайлаушылар аузын алуға берілетін пара, жуанның кедейге жасайтын зорлыгы - осы алуандас ұстасулар қатар жүріп отырады. Ағасын өлтіріп, жеңгесін күнәһар етіп, елді алдап, оязға пара беріп ақыры мансапқа - болыстыққа қолы жеткен жас оқыған, тілмаш Мүсілім жаңа жауыздықтың енді бел алмақ зұлымдықтың кескінін танытады.

Уақыттың көкейкесті әлеуметтік қайшылықтарын Жүсіпбек айқын көріп, әр жанрдағы шығармаларында жан-жақты бейнелеп беріп отырады. Ол көп мәселелерді қалың қауым алдына тайсалмай ашық жайып салады. 1925 жылы Ташкентте басылып шыққан "Ел қорғаны" драмасында жазушы позициясы, оның саяси көзқарасы "Оқыған" деген атпен берілген кейіпкердің аузымен айтылатын толғау сөздерде анық көрінеді. "Қызылдар - төңкерісшіл партия. Бұлар жұмысшыларды қолдайды. Біз сияқты кемдікте, қорлықта жүрген ұлттарға теңдік береді. Бұлар өздеріндей қара бұқараның, қара шаруаның, әсіресе кедейдің қамқоры. Бұлар алдымен жарлыны, жалшыны жарылқамақ, елді соларға билетпек" деген ойлар айтқан Оқығанның тағы бір диалогына назар аударайық.

"Оқыған: - Біз де қазаққа автономия алу жолындамыз. Бірақ біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес, елді кедейге билететін автономия алмақпыз. Алаш-орданың басындағы бұрын патшаға кызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясатты білмеді, төңкерістің бағытын жете болжай алмады, олар адасты. Адасқандығын кейбіреулер жеңе білді, енді бізге қосылып жатқандары да бар. Ахмет Байтұрсыновты естулеріңіз бар шығар?

Ақсақалдар: - (Басын көтеріп) Бар. О кісі қайда?

Оқыған: - О кісі қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды.



Ақсақалдар: - Ой, жарықтық-ай.

Оқыған: - О кісі қазаққа пайдалы өкімет осы, большевик өкіметі деп, кеңес жұмысына араласты". Пьеса осындай тарихи шындықты айтады.

Азамат соғысы кезіндегі елдің сергелдеңге түсуі, бандылардың, ақтардың жасаған қылмысты зорлығы, намыс оянып, саяси көзқарас туып, жігерленген көпшілік психологиясындағы өзгерістерді драматург "Ел қорғаны" пьесасында Оқыған, Ораз, Әбіш, Комиссар бейнелері арқылы көрсетіп берді. Қазақстан Ғылым академиясы кітапханасының сирек қолжазбалар бөліміндегі Мәшһүр Жүсіп Көпеев қорынан жазушы Зейтін Ақышев тапқан материалдар ішінде Жүсіпбек Аймауытов 1927-1929 жылдар арасында жазған хаттар бар екен. Соның бірінде: "Былтыр ойын кітабын жазуға бәйге жарияланғанда мен "Шернияз" деген кітап жазып қосып едім. Соған бірінші бәйге беріліпті. Мен оны алғам жоқ, екінші бәйге алған Мұхтар Әуезовтің "Қарагөзіне" беріңдер дедім, өйткені ол шетте оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керек қой" деп жазыпты. Бұл фактіні бұрын әр түрлі адамдар ауызша айтса, енді нақты дерек табылып отыр.



Әділіне келгенде, Жүсіпбектің ең үздік пьесасы - өлеңмен, ішінара ақ өлеңмен жазылғаны, Сұлтанмахмүт Торайғыровқа арналған, 1926 жылы Семейде басылып шыққан, кейін театр сахнасында қойылған әйгілі "Шернияз" драмасы. Бұл шығармада негізінен алғашқы ұлттық интеллигенция өкілдерінің екі ұдай жолға түсуі, екі қиырға тартуы, екі түрлі сенім-наным қақтығысы бейнеленеді. Шернияз үшін туған жер қасиетті де қадырлы, аманат-борыш, қарыз-парызды өтеу жолында күреспек керек, осы орайда үй болмақ, қызмет қылмақ, бойдағы бар күш-қайрат, білім-талант түгелдей ел қамына жегілсін деген арманда.

Базарбай да оқыған, елге барғандағы мақсат ағайын-туыс, ауылдас-руластар шоқпарын соғу, пара алу, баю; үйлену - үй болу, кереге жайып, шаңырақ көтеру емес, серілік-салдық құру, әр шырынды бір сорып тастау - дағдылы әдеті, ар-ұят, достық-жолдастық есеп емес, реті келіп жатса жақын-жуықты қарақтаудан тайынбайды. ІПернияздың сүйіп қосылған алғашқы әйелі, оқымаған, қыр қызы Раушан - тазалық, адамдық болғанмен, таным-талғам жетіспейді, осыдан барып аралары суып, ақыры ажырасьш тынады. Гимназия бітірген Жәмила - қала қызығына түскен, ойын-сауық, ләззат рахаты өмір деп білген жеңіл жүрісті әйел; Шерниязға жанып-күйіп қосылса да, арада уақыт өткен соң, жар төсегін місе тұтып қанағаттанбай, күйеуінің көзіне шөп салады.

"Ой, кер заман, кер заман,

Талан-тараж, қан жылау.

Қабақ қату, қансырау,

Азаматы жабылу,

Малы күнде сабылу.

Ұлып жатыр Ұлы жүз,

Қырғын тауып аштықтан.

Ел еңіреп егілу.

Кіші жүзі тұншығып,

Елін әскер жеміру.

Орта жүзі ойсырап,

Сұм Колчактан езілу.

Сорлатам деп казақты,

Қазақтың бар көзқарақты

Азаматын қырам деп

Атаман Дутов желпінді", -



деп тебірентіп, толғанып, ой азабын шеккен Шернияз әлеуметтік істе де, үй-ішінде де опасыздық көріп, басын тауға-тасқа соғып, аласұрып, шығар жол таба алмай тұрған шақта төңкеріс дабылы қағылады. Өмір күресі, тірлік тартысы, рухани ұстасуда шыңдалған Шернияз сынды азамат, сөз жоқ, енді революция толқынына қосылмақ.

Жанрлық талаптарға жауап беретін алғашқы пьесалардың бірі - Ө. Оспанов пен Е. Өтеулиннің "Зарлық" драмасы. Шығарма халық ағарту комиссариатының 1926 жылғы конкурсында үшінші бәйге алған. Сахнада көп қойылған пьесада стихиялық жағдайлардың әсерінен болған ауыр жұт, оны байлардың өз мүддесіне пайдалануы соның кеселінен кедейлердің көрген қиыншылығы бейнеленді. Қарсы күштердің бір жағында - бай Тұрсын, екінші жағында інімді, қарындасымды өлімнен қалай алып қалам деп жүрген жалшы - Зарлық. Ауыр қыстың салдарынан кедейлердің малы қырылғанын Тұрсын бай пайдаланып, оларды өзіне кіріптар етпекші, Жәмила қызды алу ойы бар. Қыз ағасы Зарлық - жаңа дәуірдің ырғағын сезе бастаған, күреске қадам тартқан жігерлі жігіт. Осыны ұққан Тұрсын Зарлықтың еңбек ақысын бермей, жұмыстан қуып жібереді. Ағайынды адамдар түгел қырылып қалса, былқ етер түрі жоқ. Бидай түқымының ұрлануы тартысты күшейте түседі. Қасен, Бекендерден айрылып қалған соң, Зарлық күресте жалғыз қалады.

Авторлар драмалық ситуацияға әжептәуір мән берген. Әсіресе, Зарлықтың орман ішінде жалғыз өткізетін сценалары көркемдік талаптарға жауап береді. Қарындасы Жәмиланың амандығын тілеген көңіл, өзінен әлдеқайда күшті қарсыластармен ойша арпалыс, қорқынышты түстер көру - осының бәрі психологиялық тартыс түрінде көрінеді. Зарлықтың бандылар қолынан қаза табуында кездейсоқтық элементі барлығын пьесаның алғашқы рецензенттері көрсеткен ("Еңбекші қазақ", 1927, 18 тамыз). Жалпы пьеса финалында күтпегендік, кездейсоқтық жағдайлары бар.

Ерікті отряд жауынгерлері Тұрсынның қылмыстарын мойнына қойып береді. Ал Жәмила болса, қалаға кетеді. Жалпы пьесада өлім көп болғанмен, негізінен, оптимистік идея бар.



Пьесаның орталық кейіпкері Зарлық жалшының характерінде тұтастық, психологиялық ірілік бар. Ол бір жағынан өзге кейіпкерлердің сипаттауы арқылы, екінші жағынан тікелей өз әрекет-қимылы арқылы ашылады. Қасен секілді сауатты адамдар оның саяси көзін ашады, күреске баулиды. Негізінен, Зарлықтың мерт болуы, оның трагедиясы әлеуметтік күреске стихиялы түрде келген, саяси тартыстың ішкі мәнін жете ұғып біле алмаған қатардағы жалшының трагедиясы.

Бұған қарсы тұрған тұлға - совет тәртібі толық орнап бітпеген қиыр шет, алыс ауылда әлі де болса өз билігін айламен, зұлымдықпен жүргізіп қалуды күйттегеп Тұрсын бай. Күрестің аяғында өз туысым деп жүрген екі жігіттің ұстап беруі – әсіресе, бармағын шайнатып, өкініш жегізеді. Туыстық, руластық емес, таптық, әлеуметтік қарым-қатынастардың қазақ даласында шешуші күш бола бастағанын көреміз.

Зарлықтың қарындасы Жәмила образында жылау, егілу, көз жасын төгу көп. Бұл бейнеде ауыз әдебиеті дәстүрі ерекше сезімді Жәмиланың монологтары фольклордағы батырды күткен шеше мен жардың, қарындастың зарына жақын тұр. Зарлықтың інісі Бекен бауырмал, сезімтал, сәби мінездермен көрінеді.

Ал үш жетім баланы бағып қалған Демесін ауыр, тұйық мінезді адам.

"Зарлықта" күрес орталық қаһарман мерт болған соң да жалғасады. Ендігі күш қалаға кеткен Жәмилада екені түсінікті. Монолог үлгілері жиі ұшырасады, ремарка ықшам, шағын. Қылмыскер Тұрсынның жазасын алуы - шығарманың оптимистік мағынасын айқындап тұр.

Саяси-әлеуметтік драма жанры талаптарына жауап беруге жақын алғашқы шығармалардың бірі - Жиенғали Тілепбергеновтің "Перизат - Рамазан" пьесасы (1927). Туынды негізінде нақты, өмірде болған материал алынғандығын автор ашық айтады ("Бостандық туы", 1927, 10 ақпан).

Драматург оқиға 1926 жылы болған деп анық көрсетеді. Шығарманың тақырыбы қазақ аулындағы таптық тартыс, енді ашық майданға шыққан жалшылардың сана-сезіміндегі өзгеріс, эволюция.

Жаңа әлеуметтік өзгерістер моральдық, семьялық қарым-қатынастарға ерекше ықпал жасай бастаған. Екі бай құда түсіп, бір-біріне алыс-беріс жасап, бұрынғы ата-баба жолымен, Перизат сұлуды ұзатпақшы. Заман аума-төкпе болып, дүние өзгеріп бара жатқанда, бұл қадам неғұрлым тездетуді қажет етеді.

Осындай ситуациядан басталған пьеса сан алуан жанды әрекеттерден, оқиғаның түрлі шырғалаңынан құралған. Перизат басына құдай не салса, соны көтерем дейтін ескі ауылдың момын, қорқақ қызы емес. Өздерінің есігінде жалшы болып жүрген кедей жігіт Рамазанды сүйеді. Қазақ кеңес әдебиетіндегі бас бостандығы үшін күреске шыққан алғашқы белсенді кейіпкерлердің бірі. Феодалдық сананың қалың торынан, қаһарлы әке сұсынан қаймықпай, өз жүрегінің қалауымен тартысқа тайсалмай түседі. Тіпті ескі әдет-ғұрпы жөнінен, қазақ салтынан қорқып, күмілжіген, шегіншектеген Рамазанды батыл қадамға - кашып кетуге бастаушы Перизаттың өзі. Ал, бай ата-ана үшін қыздарының есіктерінде жүрген жалшыға шығуы - өліммен тең масқаралық.

Екі жастың жауыздықтан, зорлықтан қашқанда барып тығылған жері - орыс поселкесі. Жиырмасыншы жылдар әдебиетінде қазақ қызы Перизат пен қазақ жігіті Рамазанды қамқорлыққа алған, олар үшін өз бастарын қатерге тіккен орыс адамдары Степан мен Мария бейнелері, сөз жоқ, жаңалықтың нышаны болатын. Перизаттың: "Орыс поселкесінде тұрған жоқсың ба? Жұрттың бәрі бостандығын алып жатыр ғой", - деген репликасында мән бар. Перизатқа енді өз әкесі, ағасы, жеңгесі - жау, орыс семьясы - дос.

Перизат пен Рамазанның орыс поселкесіне қашып кетуі - пьесадағы тартыстың басталуына себеп болады. Оп-оңай жеңіле салайын деп тұрған ескі дәстүр, бұрынғы салт жоқ. Ең алдымен қыз әкесі, қыз ағасы күреске шығады. Перизатты қайтадан тартып әкеледі. Зорлықпен Рамазан екі рет қамауға алынады.

Конфликтінің күшеюіне Жарылғап бастатқан жалшылардың күреске түсуі зор ықпал жасайды. Рамазан, Жарылғап бейнелері жалпы санасындағы психологиялық өзгерістерді көрсетеді. Есе тендік, бас бостандық, сүйген жарды құтқару жолындағы күрес, осы тартыста өзі көрген қиыншылық, зорлық, зомбылық Рамазанды шынықтырып шығарады. Пьесаны сахнаға қойғанда осы жайттарға көңіл бөлінді ("Еңбекші қазақ", 1930, 9 желтоқсан).

Феодалдық салт-сананың қатыгездігі Толқын кемпір бейнесі арқылы көрінеді. Ата-ана рұқсатынсыз, бата алмай, өз бетімен жол бұзып, есікте жүрген жалшымен қашып кеткен Перизатты ешқандай аяуға болмайды. Некесіз туған бала - арам бала. Сондықтан ескілік құлы Толқын кемпір жазықсыз сәбиді өз қолымен өлтіргенде, тәңірі бұйрығын орындадым деп ойлайды, қылмыс жасағанын мүлде сезінбейді, осы үшін жазаланатынын ұқпайды. Түгелдей алғанда, Ж. Тілепбергеновтің "Перизат - Рамазан" драмасы - қазақ аулында жаңа қарым-қатынастардың орнай бастағанын, психологиялық өзгерістердің пайда болғанын көрсеткен, сахнада табыспен қойылған алғашқы спектакльдердің бірі.

Жазушы өмірінің биографиялық материалдары шығармашылық сапарда үнемі ықпал етіп отыратын факторлардың бірі екені дау туғызбайды. Уақыт шаңына көміліп, көмескіленген суреттер, қиял қуатымен тіріліп, қанаттанып, көркем шығармаға айналады. Қазақ драматургтерінің арасында бірінші болып өңдіріс тақырыбына Жұмат Шаниннің пьеса жазуы - әлдеқандай сырт әсерден, тапсырма-талаптан емес, қаламгердің ыстық ықылас, ынтасынан туған еді. Бала көзімен көріп, жадында қалған тіршілік — әкесінің ит қорлықта кен қазған күндері, тиын-тебен үшін Омбы көшесін сыпырған шағы, майдан шебінде белуардан саз кешкен түндері — осындай өз жүрегіндегі жаралар мазалап, қалам тербеткен.

Әуелде "Өлімнен үмітке" деп аталған төрт перделі драма қазақ театры сахнасында тұңғыш рет 1928 жылы 14 наурыз күні қойылды. Спектакль туралы рецензиясында Мұстапа (Көшеков - Р. Н.) пьесаның қызыл әскердің он жылдық мерекесіне жарияланған бәйгеге түскенін, сахнага ыңғайлы екенін, Асылбек ролінде Елубай Өмірзақов, Зейнеп ролінде Зура Атабаева, полицей ролінде Әміре Қашаубаев ойнағанын айтады ("Еңбекші қазақ", 1928, 27 наурыз, №69).

1929 жылы қойылғанда жаңадан пьесаға тағы екі перде қосылғаны Қапсынқа (Қадыр Тайшықовтың бүркеншек аты) мақаласында көрсетіледі ("Еңбекші қазақ", 22 қазан, 1929, № 243) Спектаклъдің декорациясына, костюмге, актерлер ойынына назар аударған. Бұрынғы аты өзгертіліп, "Шахта" больш, пьеса 1930 жылы басыльш шықты. Қолда шығарманың алғаш қойылған варианттары, қолжазбалары жоқ.

Драматург бірден кеншілер өмірін жақсы білетіндігін аңғартады. Қысқа дәл штрих. Шахта тынысын танытатын декорациялық ремаркалар берілген. Кейіпкерлер тілінде кәсіби сөздер жиі кездеседі.

Пьесадағы әрекет бірер адамның арасындағы жеке бастың тартысы емес, тап пен тап айқасы. Сондықтан болса керек, шығармада көпшілік сценасы басым, жеке мінездер, жеке характерлер даралығы құнтталмайды, кеншілердің жалпы көңіл күйі, жалпы қарсылық атмосферасы бар.

Шымылдық ашылғанда шахта астындағы қазақ жұмысшылары Жұмаділ мен Жұманиязды көреміз, сәтті табылған деталь — насыбай шыны. Кеншілер күні бүгінге дейін насыбай атады ғой. Ұнжырғасы түспеген, мойындарына су кетпеген, ер кеуделі жандар. Болат қайланы кезі келсе қожайындар жүрегіне сұғар қаһарлы кейіп. Пьеса тартысының ұшқыны — кеншілер мен подрядчик арасындағы қақтығыс. Талап, ашулы тала.

Шағын көріністер тез-тез ауысады. Шахта өмірінің әр қырын асығыс шалып қалғандай боласың. Омбы жұмысшыларынан астыртын келген өкіл Ежов пьесаның идеялық жүгін арқалаған негізгі кейіпкердің бірі. Драматург осы қаһарманның аузына кесек-кесек саяси пікір салады. Өжет, ойлы жігіт Асылбек оны іле қолдап, өзі де ағытылады. Бұл бейнелердің психологиялық сенімділігі аз болғанмен, олардың қимылынан, ісінен революциялық күрес аренасындағы пролетариат жолы елес бергендей.

Тұңғыш драматургтеріміз реалистік пьеса жасау қиындығына қоса, көрермен мәдениетін тәрбиелеуде де мол тер төкті. Ән десе, күй десе ішкен асын жерге қоятын халқымыздың ұлттық ерекшеліктері ескерілді. Осы мақсатпен қазақ театрының алғашқы спектакльдерінен соң концерттер берілетін болған. Көрерменді ән-мен, күймен тарту талабы тұңғыш драмалық шығармалардың барлығының бітіміне әсер еткен. "Шахта" музыкалы драмасында сюжеттің даму логикасына бағындырылмай енгізілген ұзақ өлеңді монологгар бар, қара сөзден кілт секіріп, әндете қоя беру — нанымсыз, жасанды. Пьесаның барлық пердесінде кездесіп отыратын ән текстерінің сөздері қара дүрсін, шала ұйқасқан ортанқол өлеңдер. Бұл кемшілікті кезінде сыншылар әділ көрсеткен еді.



Кеншілерге қарсы жау таптың өкілі ретінде Борсықбай мен Зотов алынған. Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиеті үшін Борсықбай қызықты әлеуметтік тип. Бұл — жиырмасыншы ғасыр басында өндіріс орындарында төбе көрсеткен қазақ буржуазиясының өкілі. Шынтуайтқа келсек, пьесадағы ең толық қанды кейіпкер Борсықбай. Сөздері, іс әрекеті, тұрмысы басқа қара қазақтарға қарағанда ірі, бөлек. Екі асап биге шығып жүрген алаяқ. Ол тіпті шахта қожайындарының алдында бас ие қоймайды. Ауыздарын алып тастаған, көмейі толған соң, кім секірсін.

Жұмысшылардың еңбек ақыны дәл жазбадың, жеп қойдың деп Борсықбаймен ілінісуі бірте-бірте күшейіп, асқынып, саяси қарсылыққа ұласады. Рас, санадағы бұл өте күрделі эволюция пьесада реалистік сенімділікпен, психологиялық арнада бейнеленбейді, схемалы түрде тез, оңай шешіледі. Ежов пен Асылбектің ұранды сөздерінен соң кеншілер ұйымдасып шыға келеді. Ұлтгық шырмау, революцияны түсіну қиындығы секілді проблемалардың пұшпағы көтерілмейді.

Әуелі Зейнеп үшін Борсықбаймен шайнасып қалған Асылбек жер астынан бір қолынан айрылып шыққан Кәрібай үшін екінші рет шайқасады. Қыз үшін таласушы жігіттер арасындағы сілікпе емес, әлеуметтік астары бар күрес, таптық айқас. Билік тұрғанда неге аянсын, күштілер тізеге басып жіберді. Асылбек ұсталып, абақтыға жабылады. Аяпберген деген жұмысшы осындай қысталаң шақта Ленин есімін ауызға алады.

Үшінші пердеде төселген драматургтің қолтаңбасы бар. Сахналық әрекеттің молдығы, конфликтілі диалогтар, әр түрлі характерлер тұрпаты назар аударады. Штейгр, кен бастығы, бухгалтер — Борсықбай үйінің қонағы.

Жиһаз да бөлекше: дөңгелек стол, сөреде кітап. Күтуші — еркек. Оның өз есімін атамай, "Жыланбай" деп кемсітіп шақырады. Зорлап тұтқын етіп отырған Зейнепті келгендер подрядчик үшінші әйелдікке алған деп ойлайды, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, құттықтап жатыр. Адам тағдырын, әйелдің көз жасын ойлау қаперлерінде де жоқ, дарақы топас күлкі. Иісі қазақ қызы не айтсаң соған көніп, қайда бұрсаң, сонда жүретін тобанаяқ дейді шаңырақ иесі.

Жырым жалап, жұрт үстінен ұрлықпен күн көріп жүрген мерез тобырдың тұрпайы қалжағына Зейнеп ащы тілмен тойтарыс береді. Маңцайына тас тиген, торға түскен пенденің жан ашуы, бетің бар, жүзің бар демейтін шындық. Алдында ғана желігіп құтырып отырған жуандарды ыстық от шарпып өткендей. Зейнеп анасы Балқияның сай-сүйекті сырқыратардай зары Борсықбай құлағына шыбынның ызыңындай ғана болып естіледі. Екеуін тезірек тайдырып, түк көрмеген, еш нәрсе естімеген кейіппен картаға отырады. Сырттай жылтырағанмен, іштей атысып-арбасқан бақастық. Бес-он тиынның өзі ата-бабаларының көз құнындай. Саусақ дірілдейді, өң бозарады, қабақ салбырайды.

Драмалық сюжетте кілт бұрылыс, қылт етпе өзгерістердің жиі кездесуі занды құбылыс. Арақ ішіп, карта ойнап, мәре-сәре боп дүние тірлікті ұмытқандай боп отырған шахта қожайындарының үстіне рұқсатсыз киіп-жарып Ежов, Жұманияз, Аяпбергенцер кіріп келеді. Тымырсық, қапырық бөлмеге ақырған аяз ызғары соққандай.

Сегіз сағаттық жұмыс күні, еңбек ақыны заттай беру, полиция сойқандарына тыйым салу, түрмеде жатқан Асылбекті кепілдікке шығару, жалмауыз подрядчикті босату — бұларды көптің атынан Ежов өтініш етіп айтып тұрған жоқ, ызғарлы кейіптері "берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан" дегендей.

Үкімет басына большевиктер келіп, дүние төңкеріліп, аспан аударылып жатқан мынау тар кезеңде жұмысшыларды желіктірмей неге тыныш жүрмейді екен Ежов? Осының қара басына не керек? Шахта меңгерушісі мәмлеге шақырады, бір адамның тілін табу қиын емес шығар деп ойлайды. Саяси күрес бұлардың несін алған?

Жоқ, бұл пәтуа табар майдан ба, кімді-кім құртадының заманы, шегінетін кеншілер жоқ. Өз босағасында мойындары ырғайдай қара табандарды Борсықбай тайрандатып, басқа шығарып қоя алмайды. Оньщ мінезіне сыйымды қылық: Аяпбергенді мылтықпен басып салады. Қан төгілді!

Пьесадағы бұдан кейінгі тартыс бітіспес күштер қақтығысы. Жұмысшылар қолында қару. Абақтыны бұзып Асылбекті босатып алған. Дүрбелең, көпшілік сценаларынан шытырман уақыт лебі еседі. Штейф, Зотов, Борсықбайлар енді қашқын. Қызыл әскерлер тобы да жетті. Командир - Серкешқали. Бұл — қазақтың белгілі қаһарман революционері Мұхаметқали Тәтімовтың лақап аты. Бостандық үшін күрес жолында ғажап ерліктер жасаған осы бір арыстан жүректі азаматтың өмірі "Тар жол, тайғақ кешу", "Жолдастар!" сияқты көпке белгілі шығармаларда бейнеленген болатын. Айтылмыш пьесада оның характерін, болмысын танытарлықтай әрекеті, қимылы жоқ. Бір-екі монологі саяси ұран тұрғысында берілген.

Ақтар шауып өткен жолда төбе-төбе үйілген өлік қалды, бейбіт елдің қаны жосадай ақты. Сонау аласапыран шақтағы зұлымдық істердің кейбір көріністері "Шахта" пьесасында да бар. Қосақ арасындағы эпизодтық кейіпкерлер диалогтері арқылы драматург есте қалар сурет жасай алған. Келіншек, кемпір үшін ақтардың зорлығы қиямет-қайымдай болып көрінсе, өмір бойы азаптың уын ішкен егде адам әліптің соңын бағады, басу айтады, ел қарғысынан құтылар ешкім жоқ дегенді медет тұтады. "Ақтабан шұбырынды, алакөл сұламадан да қалып, қазақ ел болған. Тек тәңірім ел кіндігін бүтін қылып, азаматгарға жәрдем берсін", — деп азалы тарих сырын шертеді. Еңбектеген бала, еңкейген кәріні түгел жусатып салған қан ішерлерді халық қаһарына тапсырады.

Осы орайда, шебер жазылған реалистік бір сцена бар. Орта ғасыр түнегінен басын енді көтерген сахара перзенті төңкеріс мәнін бірден ұғып кете алмағаны белгілі. Қатерлі асулардан өткен, ұзақ сапар соқпақ жатыр. Қай толқынға түсерін білмей аңтарылған көп ойының бір ұшқыны келіншек сөздерінде беріледі. "Большевиктер әйелдің шашын кесіп алады, елдің қатын-қызын тартып алады деген рас па?" — деп зәресін алып жүрген үрейлі сұрақ жауабын іздейді. Бұл деталь кейін жазылған Бейімбет Майлиннің әйгілі "Майдан" драмасында қайталанады. "Ал тап деген сөздің мағынасын не деп айтсам екен. Ә... жаңылып тұрғанымды қарашы... Бұл екі жақ болып төбелескенді айтады ғой деймін. Иә, сонан соң тап болады", - деген қызыл әскер түсіндірмесінде қоспа бояу жоқ, оның шама-шарқын, дүниетанымын, дәл аңғартар штрих. Асылбек, Ежовтардың күресі, тайталасы, қызыл әскерлердің екпінді шабуылы, сергелдеңге түскен қалың елдің әр түрлі өкілінің қам-қаракетінің фонында айқын жүлге болып жатыр.

Пьесадағы Асылбек, Ежов, Борсықбай, Зотов араларындағы қақтығыс арқылы көрінген конфликт осымен тынады. Созалаң болғанымен, оқиға байсал таптты. Екібастұз жұмысшыларының төңкеріс қатысын бейнелейтін сюжет тұйықталды. Автор алтыншы пердеде он жыл өткеннен кейінгі өмірді көрсетеді. Енді Екібастұз емес, Алтай өңірі. Октябрьдің тойына дайындалып жатқан қызылды-жасылды көңілді той. Драмалық тартыстар, характерлер жоқ. Шаттық салтанаты, концертке дайындық. Бұрынғы оқиғаларға алтыншы перде қабыспайды. Сахнаға Зейнептің шығуы да тосын. Соңғы жетінші пердеде баяғы Борсықбай мен Зотовты көреміз. Екеуі де тондарын айналдырып киген, бұрын қожайын болса, Кеңес заманында кен басшылары. Партия қатарында жүріп, ел сенімін алдап, көп қастандық жасаған кейбір ескі техникалық интеллигенция өкілдерінің істері тарихтан белгілі. Әр түрлі саяси сенімдер жолындағы адамдардың қат-қабат кезеңдегі рухани тірлігі шытырман психологиялық астарлар, сан алуан күрес тәсілдерін характерлердің қақтығысы арқылы бейнелеу көркем шығармада өте қызық болар еді.

Бұл күрделі материалды игеру, әрине, қиын. Пьесаның жетінші пердесінде драматург ішкі құбылыстарға айрықша мән бермей, үгіттік сарынға көбірек ден қояды. Алтай кеніне Асылбек бастық боп келеді. Алтынды жерлерді әдейі жасырып, қилы сұмдықтар жасап, кеншілердің көзін алдап жүрген қас дұшандар Борсықбай, Зотовтар әшкереленеді. Ел кезіп, қаңғып кеткен, соққы жеп, жүдеп-жадаған Зейнеп Асылбекті табады. Қысқасы, соңғы екі перде пьесаға қажетсіз қосылған. "Шахтада" кейіпкер саны отыздан асады. Характерлердің даралануы жетімсіз. Психологиялық анализ, жан тереңіне сүңгу орнына драматург ашық пікірлерді кейіпкерлер аузына көбірек салады. Тақырып сонылығымен объектінің маңыздылығымен, үгіттік-насихаттық идеяның басымдылығымен бұл пьеса отызыншы жылдардағы қазақ драматургиясының белгілі шығармасы болды.

Театрдың басы-қасында болып, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған Жұмат Шаниннің өнерпаздық ізденістері репертуар талабымен, заман тілегімен тығыз ұштасып жатыр. Суреткерлік кағылездікпен, ұшқыр қиялмен ол қазақ драматургиясында тарихи тақырыпты, жұмысшылар өмірін бірінші болып бейнеледі. Драматургтің көзі тірісінде жарияланған ең соңғы шығармасы 1932 жылы жеке кітап боп басылып шыққан "Үш бажа" атты сатиралық драмасында да сонылық бар.

Пьесада қаладағы қазақтар өмірі бейнеленеді. Автор атап айтпаса да, оқиғаның қай жылдары өткенін айқын аңғарасың. Бұл әр түрлі әлеуметтік топтар тіріліп шыға бастаған НЭП-тің — жаңа экономикалық саясаттың заманы. Драматург осы кезеңдегі күрделі тартыстың бір-ақ қырын алған. Драма арқауы — қоғамдық идеалы жоқ адамдардың моральдық азғындауы.

Шығарманың көркемдік бітімінде автордың бұрынғы туындыларынан бөлек қасиеттер бар. Қосақ арасындағы персонаждарды есептемегенде, негізгі сюжетке араласушы 4-ақ адам. Пьесаның бас-аягы ықшам.

"Арқалық батыр" трагедиясында түс көру қысқа ғана қайрылса, мұндағы бірінші перде түгелге жуық кейіпкердің түсі арқылы беріледі.

Уа, жалған! Өзен — сыра, көз болса - арақ!



Жағада Сәуле тұрса шашын тарап!

Өмірдің өткелі көп, ермегі көп,

Бәрінен біз аулақпыз, сезбей жанап.

Күнім үшін қызыл да, ақ та болам,

Кейде ұрыншақ, кей кезде сақ та болам.

Кейде қатты, сондай меңіреу түпсіз,

Кейде жайсаң, жұп-жұмсақ мақта болам, -

дейді Адам ақын. Шынын айтып отыр, ақтарылып отыр. Үлкен мақсаттан қол үзген соң ел алдындағы борышты сатқан соң, нені енді медеу етер? Ол — шарап, ол — нәпсі. Иірім толқынға түскендей тартып әкетіп бара жатыр. Өлеңнен де күй кетті ғой. Сырты жылтыр, ішінде дән, нәр жоқ, өлі сөз ғана. Сіркесі су көтермейді, бірге жатқан жолдасы Қабылмен қанжығада кездесердей болып, бет жыртысты-ау Адам. Ендігі ынтызары анау Шәкім. Бұл шашы тілерсегіне түскен, қырдың ұялшақ қызы емес. Вальс, мазурка, фокстрот билейді. Арағыңнан да тартынбайды. "Мен тимеймін қатын болып еркекке, ерлер тисін қатын болып шетінен", — дейді. Еркектен еркек таңдайды. Рухани туыстық іздеп жүрген Шәкім жоқ, Бұқарбайды Бұзаубайға, Бұзаубайды Салымжанға айырбастаған. Соқыр тұмандай жылбысқы лас өмір суреттерін драматургтің түс арқылы керсетуінде гәп бар.

Екінші пердедегі оқиға бақша ішінде, ішкілік орнында өтеді. Шәкімді иектеп жүрген тағы бір жігітпен танысамыз. Сөз орайына қарағанда, жібі бос, иіні жуас. Қазына мүлкін жеуге келгенде ешкімге есесін жібере қоймайды. Бұл — Сабырбай. Жылмаң қағып, тиыннан тиын туғызып, буфетші Кәрім жүйткіп жүр. "Е, ортақ, қапа болмаңыз! Дүние екі келмейді. Өз игілігіңіз. Осындайда бөдененің қоразындай бір көтеріліп қойып керек те", — деп майлы ішекке айналдырады. Саудагер психологиясы. Алда, арба не істесең, ол істе — әйтеуір ақша түсірсең болды. Қалалық мекемеде істейтін Ахметтің де көзінің құртын жеп жүрген — Шәкім. Алапатты сұлу жалт етіп бір қарағанда, жанынды қоярға жер таппайсың. Екеуі кездесіп отыр. Суық сыра. Өліп-өшкен құштарлық сөздер. Сүйіс. Шәкім тықыршиды. Сабырбай кеп қалса қайтпек? Мынаны қалай алдайды? Ахметтің кеңседегі жиналысқа кетуі мұң, Шәкім Адам құшағынан табылады. Жезөкше әйел мінезі қызықты бейнеленеді.

Мещандық орта. Ішімдікке салыну, адалдық атаулыдан жұрдай болу, бір қызылға үймелеген бірнеше қарға рухани қаусаған топтың сиқы осындай. "Адамның жаны - музыка, адамның қаны - поэзия, екеуінің ортасынан өмірдің оты жанады", - деп пәлсапа соққан Адамның Сабырбай, Ахметтен айырмасы шамалы. Бір көрініп кететін қалпақты персонаждың "Маған дүниенің бұты жарты тиын. Маған мидың керегі жоқ. Мен, мен самородокпын", - деген жалғыз ауыз сөзінен болмысы танылады.

Желіккен жігіттердің түрмеден бір-ақ шығуы таңырқатпайды. Мойындарына құрық түскен соң әрқайсысы кешегі өмірін еске алады. "Аз күнәні айнала қашып, көп күнәні көмірдей бастық", - дейді Адам. "Байды жарлы, жарлыны бай деп жиындарда көп таластық, жақынды демеп, алысты жебеп, шындықты жасырып, ақты - қара, қараны - ақ, қызылды – көк, көкті - жасыл еттік", - дейді Сабырбай. Бәрі түсінікті. Бұлар жаңа заманның ұлдары емес, ескінің сарқыншағы, күні өткен таптың өкілдері. Әлеуметтік күрес арнасына түспей-ақ қоңыртөбел тірлік ағысына жарамай, құлап жатқандар. Үшеуін бажа қылып шығарған - Шәкім. Драматург бояуды тым қалыңдатып жағып, оны мерезді ауру егіп көрсетеді. Соңғы көріністегі екі қабат әйелдердің сөздері натуралистік ыңғайда жазылған.

Пьесада жағымды кейіпкердің жоқтығын идеялық қате деген сыншылардың пікірі жетпей айтылған сөз. Сатиралық шығармада суреткердің ұлғайта көрсетуі үшін шарттылық қажет. Көркем туындыда үнемі біреу жеңіліп, ақыл айтып, өнеге беру міндетті емес екені кепке аян.

"Үш бажа" - қазақтың ең алғашқы сатиралық драмасының бірі. Автор қоғамдық өмірге мүлде қоңсы қона алмайтын маскүнемдік, зинақорлық, жезөкшелік тақылеттес масқара құбылыстарды сынап-мінеуді мақсұт еткен. Конфликтінің осалдығы, психологизмнің жетіспеуі, тіл селкеулігі сияқты кемшіліктерден драматург бұл пьесасында да құтыла алмағанын жасыруға болмайды.

Қазақстан өміріндегі елеулі кезеңді бейнелейтін Ілияс Жансүгіровтің "Түрксіб" драмасының бірінші суреті ықшам, жинақы, көркем; драматургиялық техника шеберлігін көруге болады. Кішкентай бір көріністе өнер заңдылықтарын жіті білетін қаламгердің қолтаңбасы сезіледі: көтеріліп шығып келе жатқан күн, Совет Одағының гербі, қойшы әні, орақ пен балға қасына шопан таяғын қою - осының баршасында сахналық символ бар.

Алғаш кездесетін кейіпкерлеріміз Қамыспай ұста, оның әйелі Қазила, ұлдары Ержан, Қозықан. Өзен жағасы, айдала. Бұлар жаңадан салына бастаған темір жолға кәсіп іздеп келеді. Кедейлік, жоқшылық ыңыршақтарын айналдырып, табандары тасқа тисе де, бір-біріне суықтығы, қатыгездігі жоқ, жылы ұядағы бауырмал, ыстық ықылас, тәтті мейір байқалады. Ата қонысты, ауылды тастап, белгісіз, тұманды болашаққа тартқан адамдар дейтін емес, ерлі-зайыпты екеуі құс төсектен тұрғандай кеше қосылған жастарша әзілдеседі; үлкен үл тезірек аттанғысы келеді; кішісі алаша-сырмақтың үстінде отырғандай. "Түйе-түйе, түз қайда?" тақпағын айтып бер деп қыңқылдайды.

Осындай жайма-шуақ қалып Сыдықтың келуімен бұзылады. Сахнаға бұл кейіпкер әрекет, тартыс ала келеді. Мыналардың арттарынан қуа жеткен руласы, мол дәулет иесі. Негізгі сөз Сыдық - Қамыспай арасында. Сыр, мінез, көзқарас ашыла бастайды: өткен-кеткен, қазіргі жағдай айқындалады. Қамыспай сөздері қысқа, келте қайрылады. Жаңа мекенге бет алғанымен, кеңілде күдік, ойда қауіп көп. Артық байлық, алтын-күміс іздеп бара жатқан жоқ қой, бәрі - тамақ асырау амалы, бала-шағаны бағу қамы, тірлік тартысы.

Драматург кешегі көшпелі ауыл кедейінің психологиясын терең біледі, мөлшерден артық бояу қоспайды, өмірдің өзіне лайық, сенімді жайларды алға тартады. Ұзақ жылдар ұста болған, табиғатынан біртоға Қамыспай ойды, сезімді, негізінен, ішіне жинайтын, шашып-төгіп сыртқа шығармайтын, сараң сөйлейтін, тұжырым, қорытындысын айтатын кісі қалпында көрінеді.



Ал Сыдықты тыңдап бағыңыз. Сөзі кесек, ірі, түйдек-түйдегімен, шумақ-шумағымен тастайды. Әуелі Қамыспайды мүсіркеп, жаны ашыған, жүрегі сыздаған кісі кейіпінде сөйлейді. Ақыл қосып, жаны ауырып отырғандай. Сорға тартып, оқапқа түсетін, тура ажалдың аузына жұтылып бара жатқан бейшара, сорлылардың құтқарушысы іспетті. Алғашқы айлаға шөке түспеген соң, жырынды палуан қарсыласына екінші әдіс қолдана бастайды: мұның аты - қорқыту, шошыту, үркіту, ақыр заман орнату. Бұл тұста іштей томырылып, бойында үрей, күдік пайда болған Қамыспайдың орнына әйелі Қазила: "Қайда барса да, бір басқа бір өлім, екі қолға бір жұмыс!" - деп қалады.

Ауыл арасындағы дау-шар, ілік-тартыс, топ жинау күрестерінде сыналған тағы бір әдіс бар: мұның аты өтірік бауырға тарту, сенің жолыңда жанымды берем деп ант ішу. Сыдық: "Өз үйіңді қасыма көшіріп алайын. Айран, шалап бар. Біздегі сенікі", - дегенде осы тәсілді қолданып тұр. Бұған да илікпегеңдерін көрген соң, кішкентай, Қозықанды алдап, күміс ақша береді.



Бұл сценада арқанның бір ұшын Қамыспай үй ішімен түгел жабылып тартса, бір ұшын Сыдық жалғыз өзі тартады. Әрекетке Қамыспайдың ер жеткен ұлы Ержан араласқаннан кейін, Сыдықтың шын сыры ашыла бастайды. Драматург ескі өмірдің шырмау-шылауында көп күндері еткен әкенің қысқа, шолақ тіл қатуын, үндемей қалуын ескілік психологиясының бір ұшқыны ретінде бағаласа, ұл мінезінің туралығын, ашық, жарып айтуды жаңа құбылыс, халық характерінде тез өсе бастаған, еркіндік тендік жағдайы тудырған жаңа сапалар екендігін сездіреді.

Әке, шеше айта алмаған, Сыдықты бетке ұрғандай: "Көрмей, білмей жүрген ағайын бар ма? Сезден басқа не бересіз бізге? Ағайын бізге ағыл-тегіл болып, жарылқап тұрса, біз көшер ме едік?" - деген сөзді Ержанның айтуы тегін емес.

Ең соңғы көндіру, иліктіру әдісі ретінде Сыдық пәленшекең, түгеншекең айтты деген болып, өсек амалдарын қолданып көреді. Бұдан да нәтиже жоқ. Жазылған хатты оқи алмай, сауатсыздығынан тағы ұятқа қалады. Сөйтіп барлық айла-шарғысы, амал-тәсілі таусылған кезде Сыдық сахнада оңаша тұрып, бейнебір керерменмен сырласқан секілденіп, ішіндегі құпиясын жария етіп толғау үлгісіндегі монологпен тіл қатады. Бақсақ, өкпе-бауыры езіліп бара жатқан ешбір себеп жоқ екен: байлар үшін жер тарылып, өріс кесілгенде, руластарды қарақтауды есеп қылыпты, әкесі ұсталық етсе, шешесі қазан-ошаққа ие, ұлын қой соңына салады.

Ақырғы соз тынды. Іштей екі ұдай, екі әліде көңілін бекітіп, белін буа алмай тұрған Қамыспай, әйелі мен ұлынан асып қайда кетсін, қайтпайтын болғандығын айтқанда, Сыдық шарт сынады. Бұл - сәтті табылған финал. Алдында қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып, төрт құбыланы бірдей етем деп отырған бай Ержан аягындағы өзі кигізген етікті шеш дейді. Ержанның етікті Сыдыққа лақтыруы - ашу үстіндегі оқыс әрекет қана емес, бұл кедей мен байдың іргесінің бөлінуі, бұл кедейдің байға жасайтын тас боранының алғашқы кесегін лақтыруы, бұл драма эстетикасы тұрғысынан келгенде, сахнада заттың идеялық, көркемдік мақсатта қызмет етуі.

Бұдан кейінгі әрекеттер Түркістан - Сібір темір жолын салушылар ортасында өтеді. Ілияс Жансүгіров Жұмат Шанинның "Өлімнен үмітке" ("Шахта") драмасынан кейін екінші рет қазақ драматургиясында өте күрделі әрі қиын, бұрын ұлт әдебиетінде түрен түспеген тың тақырып - жұмысшы тақырыбына батыл барып, маңызды, салмақты сахналық туынды жасады. Бүкіл Совет елі үшін экономикалық, стратегиялық, саяси мәні зор болған құрылыста істеуші адамдар өмірінен пьеса жазу - Ілияс Жансүгіровтің заманының актуалды, көкейкесті проблемаларына сергек қараған, уақыт құбылыстарын шығармаларында сенімді суреттеп бере алған кесек талант иесі екендігін дөлелдейді.

Тағы бір айрықша ескеретін нәрсе, науқандык, идеяның, жалаң ұранның тамыры саяз, ойдан шығарылған, бұлдыр ситуациялардың жетегінде кетіп қалмай, автор кей кезде натурализмге бой алдырса да, негізінен, нысана етіп реалистік мақсаттарды, айқын позицияны ұстайды.

Екінші суретте пьесаның қалың шоғыр кейіпкерлерінің жуан ортасынан бір-ақ шығамыз. Отызыншы жылдардың басындағы қазақ әдебиеті үшін тіпгі тосын, бейнелеу тұргысынан келгенде әлі тәжірибе түгіл, барлау жасалмаған объект. Әуелі жалпы жұмысшы мінезін, олардың сөздік ерекшеліктерін, мамандық қалпын беру қиындыған еске түсіріңіз. Одан әрі сала-сала, қабат-қабат асу бермес өткелдер басталады. Кешегі көшпенді ауыл қазағы мың сан адамның басы қосылған, зор коллективтік ортада қалай көрінеді? Техникамен істелетін, ырғақтық сипаты бар, арнаулы мамандық тілейтін, күнделікті тұрақты жұмысқа қалай көрінеді? Түрксіб Қазақстанның көп өңірін басып өткенімен, бұл ұлы жолды жалғыз қазақтар салған етіп көрсетсе, шындықты қасақана бұрмалау болатындығы және айдан анық. Ең алдымен орыс ұлты ауызға алынады. Ендеше, орыс адамының характерін жасау қиындығы тағы шығады.

Драмалық шығармаға қойылатын жалпы эстетикалық-көркемдік шарттардың үстіне автор нақты өмірлік материалды игеру кезінде осындай-осындай проблемаларды да шешу қажеттігі туған.

Пьесадағы негізгі, орталық қаһарманның бірі - Түрксіб десе де артық емес. Авторлық идеал тұрғысынан келгенде, кейіпкерлердің жағымды-жағымсыз сипаттары осы алып құрылысты салуға әркімнің қатысу дәрежесін айқындаумен анықталады. Бірі - инженер, бірі - мастер, бірі - десятник, бірі - орыс, бірі - қазақ, бірі - маман, бірі - қара жұмысшы - қайсысының да ақ-қарасын, жақсы-жаманын осы Түрксібке деген көзқарасы саралап береді.

Драматургтың идеялық олжасы образдар ұлттық төркініне қарай жіктелмей, таптық, дүниетанымдық негіздері бойына қалыптанған. Мұнда да әркім әр белде жүр. Инженер Гатс мінезіндегі басты сипат - кешегі отаршылдық тудырған, патшалы Россияның ұлы дертінің бірі - шовинистік ауру.

Отарлаушылық идеология бойына әбден сіңген ол қазақ секілді елдің тамаша дәстүрі, бай тарихи, эстетикалық - рухани, мәдени, сәулет ескерткіштері бар деп әсте ойламайды. Әлемдік цивилизацияның қазынасьша олжа салған ғаламат ойшылдар тудырған, зор ғимараттар тұргызған, мәңгі өлмес, ән-күй, эпос байлығын жасаған жұрт мына қазақтардың ата-бабасы дегенге нәсілшілдік дертіне шалдыққан, танауын көкке көтерген, кеудесіне нан піскен кердең инженерді сендіру әсте мүмкін емес. Гатс пікірінше, кешегі көшпенділерден тұрақты жұмыс істейтін, темір жол салатын маман жұмысшы шығуы мүмкін емес, көп ұйықтаған, ерте жатып, кеш тұрған жалқау елді өрге сүйреймін деу большевиктердің іске аспайтын қиялы ғана. Ал, осы елдің өз перзенті, оқыған инженер Ахметшаны алып көріңіз. Айналып келіп, ауыл шапқан көк бөрі.



Қарсы алдында оң мен солын жыға танымайтын сауаты жоқ, орысша білмейтін, қалың нөпір жұртты, алып құрылысты бұрын көрмеген қыр қазағы тұр. Қасында әйелі, балалары. Жөн-жосық сұрайды. Оқыған, көзі ашық, бұрын елінің еш перзентінің қолына түспеген жаңа мамандық - инженерлікгі меңгерген Ахметша ақыл айтып, жол сілтеудің орнына, көзге түртіп, басқа соғады. Өздері де жоқшылықтан, қорғансыздықтан, әлеуметтік теңсіздіктен жапа шеккен бейшара жандардың намысына тиіп, қорлайды. Қыр содырлары сілейтіп бірақ ұрып жықса, мынау шымшып, тұншықтырып, қылқындырып, біртіндеп азаптап өлтіретін жауыз секілді.

Кешегі ескіліктің сарқыншағы Гатс пен Ахметшаның социализмге қарсылығы ең алдымен ойдағы, дүниетанымдағы, көзқарастағы қарсылық. Бұлар қастандық, жаманшылықты жасырып, жымысқып жүріп істейді. Жұмысшылар арасында ала ауыздық тудырады, көп қаржы шығындап, касақана, қажетсіздігін біле тұра аткөпір дүние шашқызып, көпір салдырады.

Әуелі кемсіту, қорлау, мазақтау сипатында көрінетін Гатс, Ахметша әрекеттері бірте-бірте зиянкестікке ұласады, бұларға қарсы жұмысшылар қимылы сөз қайтару, тәжікелесу, дауласудан өрбіп, саналы қарсылық, күреске айналады. Сөйтіп, пьесаның негізгі тартысы Түрксіб құрылысы үстінде әр түрлі әлеуметтік топтар, адамдар тағдыры, ұлттар өкілдері тоғысқан шақта қайта бір айқын көрінген қақтығыстарды бейнелеу болып табылады.

Күні өткен тап өкілдерінің арасындағы айырманы көру қиын емес. Десятник Емельянов ұлт араздығын тудыру үшін әрекет етеді. Инженер Ахметша ұлттық идеяға, биік санаға көтерілмеген кеше ғана шалғай түкпірлерден келген, бар білген тарихы берісі жеті атасы, арысы өз жүзі болған көшпенділер перзенттерін ғасырлар бойы айықпаған жұқпалы әлеуметтік дерт - рушылдық инфекциясымен тағы уламақ.

Жұмысшы қазақтар әрқайсысы өз руын айтып мақтанып, бірін-бірі қорлап, кемітпек болып, арғы-бергіден кем-кетікті тауып, талай жерге барысатын көріністі драматург сатиралық сарында суреттеген. Мұнда сыншыл мотив, әзіл-қалжың, юмор элементтері пьесаның әр жерінде бар. Қамыспаймен сөйлесуге уақыт таппағансып, танауына су жетпей, шала сауатпен қағаздың басын қайырып жатқан белсенді ызаңды келтіреді.



Жаңа адам, заман қаһарманы Сәрсен, Гусаров, Зонин - әрқайсысы іріленген, мінездік даралықтарымен сомдалып бейнеленген образдар емес. Бұлар бір-біріне қай жағынан алғанда да ұқсас, тектес кейіпкерлер. Олар нақты іс-әрекет, тартыс-талқыда ашылмай, әр түрлі өндіріс сөздерін айтып, мезгіл пікір-ойларының рупоры ғана болып жүр.

Драматург әдебиетімізде орыс адамдарының, техникалық интеллигенция өкілдерінің сөздік сипаттамаларын, сахналық тілін беруде алғашқы барлау, тұңғыш тәжірибе, эксперимент ретінде сөйлемді орыс грамматикасына лайық құру интернационалдық сөздерді жиі қолдану амалдарына барды - бұлар кейін қазақ қаламгерлері кеңейтіп, молынан пайдаланған өнімді тәсілдер. Ал, мөлшерден тыс тілді шұбарлау, тым орынсыз ала-құлалық көркемдік нәтиже берген жоқ.

Диалог, монолог үлгілерімен қоса Ілияс Жансүгіров "Түрксіб" драмасында әдебиетімізде алғаш рет топ, жұртшылық ыңғайын, әсерін, ойын, көңіл күйін білдіру үшін кейіпкерлердің аты-жөнін көрсетпей, көп дауысты - полилог нұсқаларын қолданды. Бұлар, бір жағынан, жеке мінездер, характерлерді байқатса, екінші жағынан, кейіпкерлерді бағалау, тартыс-оқиғаларды байымдау сипатында, үшінші жағынан, авторлық концепциядан хабардар етеді.

Түптеп, түгендеп келгенде, пьесадағы барлық бейнелердің ішіңде сомдалып, оқшау тұрғаны - Қамыспай. Көп ұлтты, зор тынысты үлкен ортаға келген кішкентай адам. Драматург сәтті тапқан қаһарманынан көз жазып қалмай, онымен басқаларды жүзбе-жүз кездестіреді. Осы тұста ақ-қара, жақсы-жаман, өнімді-өнімсіз дүниелер ашылып жатады. Көзі байлаулы болғанымен, көңілі ашық, өмірдің ащы-тұщысы зерек етіп тәрбиелеген, табиғатында аңқау, ақ көңіл, зілі, ашуы жоқ, қалбалақтаған Қамыспай жаңа ортада өзгеріп, түлеп, жаңғыра бастайды. Бұрын күштілер сөз айтса, бағынып, бүгежектей берсе, енді өзі ойланып, өзі тұжырып, қарсылық ететін, тіпті жамандыққа шабуыл жасайтын мінез табады.

Қамыспай характеріндегі жаңа сапа, кілт бұрылыс оның Сыдықпен қайта кездескен тұсында жақсы ашылады.

Ұлт мәселесі туралы тарихи материализм принциптерін қолданатын совет жазушысы Ілияс Жансүгіров адамдарды топтастыратын негізгі ұйтқы таптық сенім екендігін кешегі кулак Емельянов пен кешегі бай Сыдықтардың ауыз жаласуы арқылы айқын көрсетеді. Кеше ғана темір жолды жамандап, қазақтарға онда бармаңдар деп үгіттеген Сыдық бүгін осында жүр, қолына қайла, күрек ұстаған жұмысшы емес, сылдыратып кілт ұстаған дүкенші. Қазақтар арасында орыстарды жамандап, кәпірден аулақ жүр деп, мұсылмандық уағызын айтса, орыстар арасында арақ ішіп, қызара бөртіп отыр.

Тарихқа көз жібергенде, халқымыздың бауырмал, ақ пейіл, кең қолтық мінезін көреміз. Әсіресе, орыс-қазақ, өзбек, татар, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ - қазақ халықтарының арасында ғасырлар тереңінен бері қарай жалғасып келе жатқан мәдени-тарихи, этнографиялық-генетикалық, экономикалық-өндірістік тұтасқан байланыс, қарым-қатынас болғандығын көптеген деректер, фактілер жақсы дәлелдейді. Бірақ, Қазан революциясына дейін бұрынғы Россия империясьшың территориясын мекен еткен халықтар тұтас бауырласып кетті, ұлт араздығы болған жоқ десек, объективті шындық бұрмаланып кетер еді. Колонизаторлық саясат дегеніңіз әлсізді, азды күштінің, көптің бағындыруы, езуі, жаншуы емес пе? Бұл үшін бір сорлыны екінші сорлыға айдап салып, өзара қырқыстырып, таластырып қойып, өзі төбе би қызметін атқару деген айла бар. Бұл үшін аздың ата-мекенін тартып алып, өткенін ұмыттыру, тарихын өшіру, дәстүрін жойып жіберу, сөйтіп, ақыл-есінен адастырып мәңгіртіп жіберу деген айла бар.

Социалистік құрылыстың алғашқы жылдарында контрреволюция көкжалдары ұлт арасындағы түйткілдерді өз пайдаларына жаратпақ болғаны анық. Өмірде кездескен осындай қайшылықты Жансүгіров пьесада орынды бейнелейді.

Кулак Емельяновтың қол шоқпары маскүнем Колька қазақ жұмысшылары ішкелі отырған сусынға шошқаның майын тастап жібереді. Алдында ғана тағы осы десятник Емельянов жазықсыз Қауменді шырылдатып, оны жұрт көзінше кемсітіп, қорлап, күрегін тартып алып Колькаға әперген. Бүкіл қазақ атаулыны мазақ еткен сөздер және бар. Осы себептер жиналып келіп, аяқ астынан лап етіп, өрт шыққандай, бірін-бірі жеп жіберердей, түтіп тастардай суық кейіппен бетпе-бет келген екі топ. Атылайын деп тұрған қос мылтық, шауып түсейін деп тұрған қос қылыш. Сахналық әрекет тұрғысынан алғанда да өте сәтті сцена.

Дәл осы кезде әрекетке араласатын орыс жұмысшылары пәленің түп теркінін, қылмыстың бас айыпкерін тапса, Қамыспай екінші арандатушының ініне су құяды. Бүл Қамыспай образын салмақтай түсетін, маңызды көрініс. Заман ағысы көтерген адам ескілік өкіліне үкім, билік айтып тұр.

"Сыдық-ау, сен бе, найман атынан ұран шақырып тұрғаннан, амансың ба? Сен бұл жерге араласып қалып па едің? Жарайды, жарайды, жазған бәрі Сыдық! Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, сегіз қырлы Сыдық! (Сыдық салбырайды.) Бірақ байқа, бұрынғы сенің асқабақтай қағыстырып жейтін қазағың енді жоқ. Бұл жерде орыс, қазақ жұмысшылары оныңа көне қоймайды. Ел көзіне балшық жағам деп арам тер болудың ендігі керегі жоқ еді. Сен белгілі Сыдықсың. Біз тұрғанда, сайға сыймайсың. Көкке ұшсаң аяғыңнан алам, жерге кірсең, құлағыңнан тартам. Бізге істегеніңді өзің ғана білесің! Сені іздеуге ынтық едім. Қақтығып кеп қақпанымды басқан екенсің. "Көп жортқан түлкі терісін алдырады" деген. Саған құдай уақтысы осы болған шығар. Жолдастар, мынау белгілі Сыдық. Аттының атын, жаяудың таяғын алған қу құрық. Осылардың біздің ішімізде былғақтап жүруіне, тіпті-ақ ырза емеспіз. Бұдан арғысын сот алдында сөйлетіңіздер мені" (5-том, 122-бет).

Мал соңындағы салп етек шаруаның, дүкенде тықылдатып балға соққан қажыған ұстаның сөзі емес бұл, уақыт екпінін сезіп отырған қажырлы, жігерлі жұмысшы үні.

Пьесаның соңы көріністерінде драматург қайым айтыс формасымен жұмысшы әйелдер мен еркектерді айтыстырады. Салтанат, әзіл-қалжың, күлкі бар. Дәл осы кезде үйге қайтып бара жатқан Қозықанды тығылып тұрып Сыдық бас салады. Бала таниды. Баяғы күміс ақша есінде. Баланы өлтіреді-ау деп, жүрегіңіз зырқ ете түседі. Бесінші суреттегі жиналыс митинг сарыны шығарманың драмалық арқауын босаңсытып жібергенін байқаймыз. Дұшпан түгел жеңілмей-ақ Қозықан тірі қалмай, жау қолынан мерт болса, пьеса әсері күшейе түсетін еді.

Драматург тақырып табиғатына байланысты экскаватор, тепловоз, перфоратор, компрессор, модель, гигант, интеллигент, индустриялизация, инструкция, администрация, депо, практикант, динамит, дистанция, анархия, элемент, фигура, принцип, шахмат, интернационал секілді сөздерді авторлық ремаркада, диалогтарда мол қолданған. Музыкалық сүйемел, сахналық заттар тиянақты, дәлді көрсетіліп отырады.

Пьесаның эстетикалық-көркемдік ерекшеліктері, өнер тарихындағы орны жөнінде айтылған салмақты пікір аз. Шығармаға дөрекі социологиялық тұргыдан келіп, отызыншы, тіпті алпысыншы жылдардың басында тұжырымдалған қате пікірлерді қайта жаңғыртып жатудың қажеті шамалы. Тіпті, пьеса мазмұнымен нақты таныспай, кейіпкерлердің аты-жөнін, оқиғаларды шатастырьш жіберген шалағайлық, салақтық та кездеседі. Ал Ғабит Мүсіреповтің 1932 жылы жазган: "Пьесаның күшті бас тақырыбы: ұлы орысшылдық пен ұлтшылдыққа қарсы күрес... Пьесаның бас персонажы - Түрксібтің өзі. Жазушы алған тақырыбын жақсы иемденіп, жеңіп алған. Темір жол пьесада шетте қалмай, барлық оқиғаға қатысып, бірге ойнап отырады.

"Түрксіб" - Қазақстан секілді көп ұлтты жерде, әр ұлттың өсу-өнуінде өзінше өзгешелігі бар жерде, жергілікті пролетариат жаңа жасалып жатқан жерде, тап тартысының түрлері өте шиеленесіп, ұлттық өзгешеліктердің шымылдығын бүркеніп алдайтын жерде, осының бәрін бойына сыйғыза білген және соның бәрін пролетариат билігіне жендіре білген, шындықты жазған көркем әдебиетіміздің бір көрнектісі. Мұндай еңбекті бағалай білуіміз керек", - деген пікірі бүгінде өз маңызын жойған жоқ ("Суреткер парызы", А., 1970- 76-77-бет).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет