ҚАЛМҰРЗАЕВ Қ.С, ОРЫНБАСАР Қ.О., РАХЫМБАЕВ Б.О.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
5В010800 –«Дене шынықтыру және спорт» мамандығы студенттеріне арналған
Оқу құралы
Шымкент 2017
ӘОЖ 796 (075.8)
КБЖ 75.715 я7
Қ28
Халықаралық гуманитарлық – техникалық университетінің ғылыми кеңесінде қарастырылған (хаттама №7, «28» ақпан 2017ж.)
Қалмұрзаев Қ.С, Орынбасар Қ.О., Рахымбаев Б.О.
Қ28 «Қазақ күресінің оқыту әдістемесі» 5В010800 –«Дене шынықтыру және спорт» мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы. Шымкент. 2017 ж. – 68 бет.
Пікір жазғандар: Ерепбаев Н. Қ. – М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Спорттық пәндер және жекпе-жектер» кафедрасы меңгерушісі
Испандияров М. ХГТУ, п.ғ.к.,аға оқытушысы
ISBN 978-9965-03-486-2
Оқу құралы «Қазақ күресінің оқыту әдістемесі» пәнінің оқу жоспары талаптары негізінде құрастырылған. Әдістемелік нұсқау жоғары және арнаулы білім беретін оқу құралдарының дене тәрбиесі және спорт мамандықтарында оқитын студенттерге арналған.
ӘОЖ 796 (075.8)
КБЖ 75.715 я7
ISBN 978-9965-03-486-2
Қалмұрзаев Қ.С, Орынбасар Қ.О., Рахымбаев Б.О.
ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРІНІҢ НЕГІЗІ
Ғылымның қай саласы болмасын өз тарихын терең зерттеп алмайынша алға баспайды. Демек, «зерттеуді өз тарихынан бастау – ғылым жетістіктерін игерумен қатар, оның одан ары алға басуына үлкен мүмкіншіліктер туғызады». Дәл осы жағдай қазақ ұлт ойындарының даму тарихына да қатынасы болса керек. Халықтың ұлттық хәне спорттық ойындарының да өзіндік тарихи даму жолдары, қалыптасу кезеңдері, тәрбиелік маңызы халықтың саяси әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болды. Қазіргі кемеліне келген тарихи ғылымдардың дәлелдеуі бойынша, күні бүгінгі бізге жеткен ұлт ойындарының қалыптасу кезеңі сонау адамзат баласының жаратылған күнінен, демек, Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы қауымдық құрылыстан басталады. Сонан бері біздерге жетіп, ойналып жүрген ұлт ойындарының ішіндегі әртүрлі құмалақ ойындары, бестас, асық, садақ ату, қарагие, тағы басқалары шамамен алғанда 5000 жылдар бұрын ойналғандығы жайында ағылшын ғалымы Э. Маккей « ...бұл ойындардың барлығы дерлік Азия елдерінде тайпалық одақтардың арасында тарағанға ұқсайды» - дейді. Сондай-ақ мұндай пікірлерді Венецияның саяхатшысы Марко Поло да қостайды. Ол өзінің Жетісу бойында болған сапарында көрген «Қызбөрі» ойыны да Қазақстан территориясындағы тайпалардың пайда болған кезінен, яғни таптық қатынаспен бірге туғандығы жайлы ескертеді».
Қазіргі Қазақстан жерін мекендеген ең алғашқы рулардың әдет-ғұрыптарының негізінде дамыған алуан түрде ойналатын қазақтың ұлттық ойындары, көшпелі халықтың дала табиғатына сай дами берді. Әр трлі өнердің белгілі бір ортада жүйеленіп, «театры жоқ елдің театр орнына көретін сауығы-еңбек мерекелері мен қыз ұзату, бала сүндеттеу мен өлгенге ас беру сияқты ойын-тойларының өзекті драмалық элементіне жататын арқауы ән мен күй, халық ойындары болғаны да даусыз. Осылайша, нртеден бергі ұзақ сонар көшті» соңында мал бағып келген қазақ халқының да әдеті мен өзіндік жорамалы блды. Әр алуан дәуірмен, әр қилы кезеңдерді басынан өткізсе де, қазақ халқы өздерінің көшпелі тұрмысында қалыптасқан әдеттерін рухани азық ете білді. Халақ өмірдің қандай қиыншылығына да, қуанышына да төзе отырып, осы әдет-ғұрыптарды, толғау жырлар мен әндерді, сарынды күйлерді көңіл ашар қуанышы, қайғы-шерін тарқатар алданышы, ауыр күндерде ой тербететін жұбанышы етіп отырған. Сондықтан да қазақтың ойын-сауықтарының, әдет-ғұрыптарының түпкі негізі мал өсіру мен экономикалық қарым- қатынастың дамуымен байланысты.
Халық ауыз әдебиетінің қағидасына сүйенетін болсақ, онда қазақ балаларының жас ерекшеліктеріне қарай: «бір жасқа дейін нәресте, бір жастан жетіге дейін сәби, сегізден он төртке дейін жасөспірім, он бестен жиырма беске дейін жігіт»- деп төрт топқа бөледі. Осы дәстүрлі қағиданың негізіне сүйене отырып, біздер де ұлт ойындарын бірнеше топқа бөлдік.
Бірінші топқа бір жасқа дейінгі нәрестені тәрбиелеудегі «Бесік жырын», «Саусақ санау», және «Тұсау кесу» жырлары жатады. «Баланы жастан» дегендей, нәресте дүниеге келгеннен бастап тәрбиеге алынады, «Бесік жырында» ата-ананың баласына деген ізгі тілегін, жақсы ниетін, еңбек сүйгіш те өнерлі болып, жеке бастың пайдасы немесе даңқ үшін емес, халқына еңбек етуге тәрбиелеуді аңсаған ойын көреміз.
Енді алты сегіз айға дейін «Бесік жырын» естіп келген нәресте саусағының жыбырлағанын қызықтап айналасындағы дүниені бірінен-бірін ажырата бастайды. Осы сәтте ата-анасының «Саусақ санау» жырын естиді.
Қазақ халқының арасына кең тараған бес саусақтың аттары бар: бас бармақ, сұқ саусақ, ортан саусақ, аты жоқ саусақ, шынашақ. Осы саусақ аттарын бала тілінде ұғынықты да жеңіл айтылуы үшін басқаша айтады:
Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек.
«Саусақ санау» жырларының тәрбиелік маңызы-тіл жаңа шығып келе жатқан нәрестені сәйлеуге қызықтырып қана қоймай, он бірге дейін санауды үйретіп, сол сандармен қатар заттардың атымен танысып тілі дамиды.
Нәресте өмірінің келесі кезеңі-еңбектеуден өтіп, қаз тұрып аяғын басар кезде, оның тез жүріп кетуі үшін «Тұсау кесу» жыры қолданылады.
Екінші топқа сәбидің дүниеге көзқарасын қалыптастыратын әр түрлі ойыншықтар мен құмалақ ойындары жатады. Қазақ балаларында ойыншықтар болған жоқдесек те болады, тек қана балалардың өздері жасаған зырылдауық, қуыршақ пен балшықтан істеген ат, түйе, ит, қой, т.б.жануарлар бейнесі ғана болды. Бұл ойыншықтар сыртқы әсемдігі жағынан балаларды онша қызықтыра қоймайды, сонда да антропологиялық көзбен қарайтын болсақ, осы ұсқынсыз ойыншықтар балаларды еңбекке баулып, өздері жасағандықтан аса құнды болды.
Мәселен, «Қой бағу» ойынында балалар құмалақты пайдаланады. Түйенің кепкен құмалағынан «қойың, қойдың құмалағынан «қозы» жасап, қораға қамап, «көшіп-қонып, күнделікті халық өміріндегі болып жатқан оқиғалармен байланыстырады. Тіпті ойын үстінде құмалақтары бірінне-бірі қосылып кетсе, қайтарып бермеуге тырысқан. Демек, балалардың ойындары сол кездегі қоғам өміріне негізделіп, күнделікті тіршіліктің қалай қалыптасқандығын аңғартады.
Үшінші топқа жасөспірімдердің қозғалмалы ойындары жатады.
Төртінші топқа жігіттердің ойындары мен ұлттық спорт түрлері топталады
Бақылау сұрақтары:
1.Ұлттық спорт түрлері мамандық бойынша оқытылатын сабақтың курстың ерекшелігі, мақсаты, мазмұны.
2.Ұлттық спорт түрлерінің Қазақстан Республикасының дене тәрбиесіндегі алатын орны
ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ
Қазақ халқының тарихы ержүректікке, күштілікке, табандылыққа, шапшаңдыққа, шыдамдылық пен төзімділікке, адамгершілікке баулитын ұлттық спорт түрлері бай. Тарихымыздың бастауына үңілетін болсақ, жас шыбық иілуге қандай тиімді болса, жас бала да тәрбиені қабылдауға сондай бейім екенін аңғарған дана бабаларымыз ұрпақ тәрбиесін ұлттық спорт ойындары арқылы баланың жастайынан ой-өрісін, таным-түсінігін жетілдіріп отырған. Өскелең ұрпақ ат құлағында ойнап, садақты толғай тартып, алмас қылышты сермеп, найзамен жауын түйреген ерлігі осы ұлттық дене шынықтыру жаттығуларын жіті меңгеріп, шыңына жеткендігінің арқасы. Халық мұрасы саналатын бұл ұлттық спорт ойындарын белгілі бір жүйеге сайып келген тәрбие құралы ретінде де қарауға болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: елімізге, бойында ата-бабаларымыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті бар, егеменді елімізге аямай қызмет ететін ой өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет, сондықтан болашақ еліміздің намысын жықпайтын азаматтардың бойына патриотизмді қалыптастыруда, бабалардың ерлік-істерін үлгі ретінде тәрбие саласында қолдану керектігін айрықша атап өткен болатын.
Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Солардың ішінде ойындары әлі күнге дейін өзінің ұлттық құнын жоймай келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарына тоқталдық. Олар: «Қазақ күресі», «Бәйге», «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Жамбы ату», «Жорға жарыс», «Аударыспақ», «Тоғызқұмалақ».
Қазақтың ұлттық ойындары туралы қалам тартқан ғалымдар Е.Сағындықов, Ә.Диваев, М.Жұмабаев, М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Балғымбаев, Ә.Бүркітбаев, т.б. ұлттық ойындардың жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтеді.
Қазақтың «Ақсерек-Көксерек», «Ақсүйек», «Орамал тастамақ», «Шілік», «Арқан тарту», «Аударыспақ» сияқты ұлттық ойындары қайрат-жігерді, байқампаздық пен сезімталдықты арттырса, ал «Тоғызқұмалақ» сияқты ойындар ойлау қабілетін арттырады.
А.А.Диваев "Қазақ балаларының ойындары" мақаласында ер балалар мен қыздардың саз балшықтан жануарлардың түрлі мүсіндерін жасау, қуыршақтарына киім тігу қабілеттері көрсетіліп, "Соқыр теке", "Көк сиыр", "Бөрік жасырмақ" т.б. ойындардың мазмұнын ашады. Сондай-ақ, "Қырғыз жастарының көне ойындары" мақаласында, тойда, айттарда ауыл жастарының ат жарыстары "Қыз қуу", "Көкпар", "Аударыспақ" т.б. ойындары жайында мағлұматтар береді. Әрине, бұл ойындардың дене тәрбиесінде алатын орны өзгеше, әсіресе, спорт саласында.
Басқа бір зерттеуші Сәкен Сейфуллин туралы: "Біздің ауылда барлық жерде әнді де, ертегіні де естуге болатын. Кештер, ойын-сауықтар, айтыс жиі ұйымдастырылатын. Бала жастан осы әндер, айтыстар, ошақ қасында естіген осы ертегілер мен аңыздар менің санамда қалып қойды," - деп балалар ойындарын әндермен, айтыстармен байланыстыра қарастырады. Қазақ халқының өмірінде ойынсыз тірлік бітпеген тіпті көшіп қонуда да жастар аяғын ойынға айналдырып отырған. "Бұл елдің ескі бір салты бойынша, көші-қон кезінде жастар әуелі үлкендердің үйін тігісіп береді. Одан соң жетім қалған үйлерді де тігіседі. Ең соңыңда отау үйлерді қалдырып, аяғын ойын-сауыққа айналдырып әкетеді" – деп жазған екен Ғабит Мүсрепов "Ұлпан" повесінде.
XIX ғасырдың бірінші жартысында казақ даласында Сібірге жер аударылған поляк А.Янушкевич өзінің жазып жүрген күнделіктерінде қазақтың ойын сауығының халықтық тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен қоршаған ортамен астасып жатқанын таң-тамаша еткенін сөз етеді. "Кешкісін біздің үйде бір қызық болды. Ол әр түрлі аңдар мен құстардың, әсіресе, түйенің, құланның, бүркіттің дауысын айнытпай салады. Бұны одан артық айнытпай салу ешкімнің қолынан келмейді" - деп таң-тамаша болған.
Қай халық болмасын, оның ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан, алық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар сауатты зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Сонау көне заманның қойнауынан бастау алатын ғалымдар Геродот, Д.Перигет, Марко Поло, Р.Г.Клавихо, Каттриер, Юле, Юернал және Моди түркі халықтарының ұлттық ойындары туралы жазған деректері тарих бетінде өшпес із қалдырды.
Бізге дейін де қазақтың ұлттық ойындарының ел арасындағы беделі, қоғамдағы алатын орны және болашақ ұрпақты өсірудегі қажеттілігі, оның шығу тарихы туралы ғылыми тұрғыдан ғалымдар да көп ізденді. Оған көптеген жарық көрген ғылыми еңбектер куә. Оған орыстың отарлау саясаты тұсындағы алғашқы орыс шенеуніктері мен миссионерлерінің көшпенділердің өмірі туралы зерттеу жұмыстарды; кешегі Кеңес дәуіріндегі Орта Азия және Қазақстан халықтарының ұлттық ойындары туралы жазылған ғылыми еңбектерді; одан келе мектеп жасына дейінгі балаларды дене шынықтыруға баулудағы педагогикалық сипаттағы бағыт-бағдарлама тұрғысынан зерттелген жинақтарды; тәуелсіздігіміз орнағаннан кейін 1991 жылдан қазірге дейінгі аталмыш тақырыпқа сәйкес ізденістерді айта аламыз.
Ә.Диваев, А.Алекторов, А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Гуннер, М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Болғымбаев, Ә.Бүркітбаев, И.Давыдов, Л.Былеева, В.Яковлев, Н.Поддьякова, Н.Михайленко, Д.Куклова, Д.Хухлаева, М.Контарович, М.Жұмабаев, Л.Михайлова, А.Быкова, Е.Мұхиддинов, А.Құралбекұлы, С.Әкімбайұлы, А.Айтпаева және т.б. ғалымдар еңбектерінде түркі тілдес халықтарының ұлттық ойындарын жан-жақты зерттеп, жік-жікке, топ-топқа бөліп қарастырған.
Орыс ғалымы А.Алекторов қазақ балаларының ұлттық ойынын зерттегендердің бірі. Мәселен, оның «О рождении и воспитании детей киргизов, правилах и власти родителей» (Орынбор, 1891) атты еңбегінде көшпенді қазақ халқының өмір сүру салтындағы баланың дүниеге келген сәтінен бастап өсу динамикасына дейін ұлттық ойын мен қимыл-қозғалыс әрекетінің алатын орны және балғындардың денсаулығы мен дене мүшесінің қалыптасып дамуындағы жеке халық ойындарының қажетті жақтарын ашып көрсетеді.
Белгілі ғалым-ағартушыларымыз А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин ұлттық ойындардың балаларға білім берудегі тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, өткен ұрпақтың дәстүрі мен атын құрметтеп, адамдардың ойы мен іс-әрекетін танып түсінуде жастардың эстетикалық, адамгершілік ой талабының өсуіне оның атқаратын қызметін жоғары бағаласа, М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Ұлттық ойындар халық тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының жалғасы.
Ежелден дәстүрлі ойындарда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық, т.б. құндылықтарға мән берілуі – халық данышпандығының белгісі.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген этнограф М.Гуннер қазақтың ұлттық ойындарын былайша жіктейді:
– жалпы ойындар;
– қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар;
– ашық алаңқайдағы ойындар;
– қыс мезгіліндегі ойындар;
– демалыс ойындары;
– ат үстіндегі ойындар;
– аттракциондық-көрініс ойындар.
Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын спорттық ойындардан ажыратып, алғаш рет бөліп қараған ғалым М.Гуннер қазақ ойындарына топтамалық жіктеу жасай отырып, ұлттық ойындарды оқу үрдісінде пайдалануға ұсыныс жасайды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы шешіміне сәйкес 1949 жылы жарық көрген «Краткий сборник казахских народно-национальных видов спорта» атты еңбегі М.Гуннердің толықтырып, өңделген кітабы дәлел. ХХ ғасырдың басында көшпенді халықтар: қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қалмақ, т.б. отар елдері туралы этнографиялық деректер жинақтап, олардың ұлттық мәдениетінің тармағы – халық ойындары, оның ішіндегі құрамдас бөлшегі болар ойынын жинап зерттеуді Түркістан генерал-губернаторы арнайы шенеуніктер мен миссионер ғалымдарға жүктеген. Орыс ғалымы А.Васильев «Игры сартовских детей» атты мақаласында Ферғана және Сырдария аймақтарын мекендеген өзбек халқының ұлттық ойындарының бірнеше түрлерін ажыратып, топқа бөліп, нақты зерттеген.
Кеңес дәуірі жылдарында қазақтың ұлттық дәстүрлі халық ойындары күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғанына қарамастан, сол тоталитаризм кезінде дәстүрлі ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарында М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Болғымбаев, Ә.Бүркітбаев, т.б. есімдерін атауға болады. Әсіресе М.Тәнекеевтің қазақтың ұлттық және дәстүрлі ойындарын зерттеген деректерінің өзі жеке мәселе. Оның негізгі еңбектері Қазақстандағы спорт пен дене тәрбиесі саласына арналған. Ең бастысы, ол дене тәрбиесінің халықтық педагогикасы сияқты көкейтесті мәселесінің негізін қалаған М.Тәнекеевтің авторлығымен шыққан алғашқы туынды «Казахские национальные виды спорта и игры» (Алматы, 1957).
Бұл зерттеуінде ізденуші қазақтың «Тоғызқұмалақ» ойынының ереже тәтіптерін таразылап, халық ойынының қажетті жақтарын ашып, сонымен қатар басқа да ұлттық қозғалмалы, спорттық ойын түрлеріне тоқталып, анықтама беріп жіктеп, құнды мұрағат деректеріне сүйене отырып, ғылыми сараланған пікірлер айтады. Ғалым негізінен Қазақстандағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде дене тәрбиесі мәдениетінің дамуын талдай отырып, тарихта тұңғыш рет, дене мәдениеті мен спорттың екі даму бағытын қара халықтық және ақсүйектік деп көрсетіп, оны формациялық әдістемеге сүйеніп, яғни таптық тұрғыдан қарастырады. Сонымен бірге ғалым зерттеуіне әскери қолданбалы маңызы бар кейбір спорт және ойын түрлерінің өрлеуіне отаршыл Ресей патшалық өкіметінің саяси көзқарасын көрсетеді. М.Тәнекеевтің аталған еңбегінде таптық-формациялық идеологиялық көзқарас тұрғысынан сол заманға сай зерттелгеніне қарамастан, бүгінгі күні өз құндылығын жоймаған, ғылыми тұрғыдан аса жоғары еңбек болып табылады. М.Тәнекеевтің басшылығымен бұдан басқа да бірнеше ғылыми монографиялық еңбектер жазылды. Кеңестік кезеңдегі ұлттық ойындардың маңызы мен қажеттілдігін көрегендікпен қарастырған ғалым Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» (Алматы, 1994) атты еңбегінде дәстүрлі қазақ ойындарын бірнеше топқа бөліп, ойын шарттарын жазып, жастар үшін тәрбиелік мәнін дәлелдеп, ойын зерделеген.
Аталған автор қаламынан халықтың этнопедагогика мен ұлттық ойындар арасындағы байланыс және ойындардың ертеңгі болашаққа керекті қасиеттілігін зерттеген басқа да қомақты ізденістер дүниеге келеді. Е.Сағындықовтың авторлығымен жазылған ғылыми монография «Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану» (Алматы, 1993) деп аталады. Ғылыми еңбекте қазақ мектептерінде І-VІ сыныптарда қазақ халық ойындарын жекелеген классификацияларға топтап, оны сабақта және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында қолдану әдістері анықталып, қазақ халық ойындарына педагогикалық талдау жасалып, оқу үрдісінде пайдалану қажеттілігі негізделеді. Ә.Бүркітбаевтың авторлығымен 1985 жылы жазылған «Спорттық ұлттық ойын түрлері және оның тәрбиелік мәні» жинағында ұлттық спорты түрлері мен ұлттық спорт ойындарының балалардың күнделікті өміріндегі алатын орны, тәрбиелік маңызы және ат спорты мен ұлттық ойындардың ережесі қарастырылса, М.Балғымбаевтың «Қазақтың ұлттық спорт ойыны түрлері» (Алматы, 1985) атты еңбегіндегі ат спортына қатысты бәйгені бастап жорға жарыс, аударыспақ, жамбы ату, аламан бәйге, т.б. жарыс түрлеріне салыстырмалы талдау жасалады. Бала өміріндегі ұлттық және спорттық қимыл-қозғалыстық ойынның алатын орны, формасы және мазмұны үлкен адамның тұрмыстық күйімен, еңбек түрімен яғни, мазмұнымен салыстырылса, қаладағы қажеттіліктің бір тұсы адамды дағдыға үйрету екендігін байқаймыз. Ғалым А.Усова өз еңбегінде ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді. Автордың айтуынша шынайы өмірде баланың аты – бала. Өз бетінше әлі ештеңе тындырып жарытпайтын жан.
Қам-қарекетсіз өмір ағысына ілесіп кете барады. Ол ойын үстінде бейнебір ересек адам тәрізді өз күшін сынап көреді». Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту барысындағы спорттық жаттығулар И.Давыдов, Л.Былеева, В.Яковлев, Н.Поддьякова, Н.Михайленко, Д.Куклова және тағы басқалар ерекше назар аударған. И.Давыдов ойын мен ойыншық және дидактикалық құралдарға ғана сүйеніп, мектепке дейінгі балалық кезді заттар жөнінде жекелеген нақты түсініктер, жинақтау кезеңі деп түсіну қателік деп дәлелдейді. Бұл кезде дене шынықтыру мен ақыл-ойын ақыл-ой дамуына, жалпы түсінік пен ұғымның қалыптасуында, маңызды ойлау операциялары: талдау, салыстыру, қорыту, қабілетіне қажетті организм деп аударған. И.Давыдов ойын-ойыншық және дидактикалық құралдарға ғана сүйеніп мектептке дейінгі барлық кездерге заттар жөнінде жекелеген нақты түсініктер жинақтау кезеңі деп түсіну қателік деп дәлелдейді. Бұл кезде дене шынықтыру мен ақыл-ой дамуына, жалпы түсінік пен ұғымның қалыптасуына, маңызды ойлау операциялары: талдау, салыстыру, қорыту қабілеттеріне қажетті организм деп тұжырымдайды.
Д.Хухлаеваның пікірінше, дене шынықтыру жаттығуларын ойынмен ұштастырған сәтте баланың тұрақты іс-әрекетке бейімділігінің қалыптасуы айқын сезіледі, сондықтан дене шынықтыру күнделікті қажеттілік болуымен қатар денсаулықтың, шыдамдылық пен тез қимыл-әрекеттің символы болып табылады.
М.Контарович, Л.Михайлованың авторлығымен жазылған еңбекте жыл мезгіліне сәйкес қыс айларында ойналатын ойындар, топ болып ойнайтын, жеке бір балаға арналған далада өткізілетін қимыл-қозғалыс ойындарының әдістемелік нұсқауы берілген.
Ойын түрлері мен шарттарын бала жасына қарай бөліп классификация жасап, бірнеше халық ойындарын ұсынған. Олардың ішінде «Қояндар» (2-3 жасарларға), «Аңшы мен ит және қояндар» (4 жастағылар үшін), «Торғай мен мысық» (5-6 жастағыларға арналған) қозғалмалы ойындарын зерттеп, қолданысқа түсірген.
А.Быкованың басшылығымен баспадан шыққан «Физическое воспитание в детском саду» кітабында балабақшаның әр тобында жас ерекшелігіне қарай өткізетін қарым-қатынас ойындарын ұйымдастыру және оны өткізу әдістері, т.б. мәселелер қарастырылған. Мысалы, қозғалып ойнау барысында алғашқы күннен бастап балаларды өзін-өзі тежеуге үйрету, сонымен қатар барлық баланың қабылдау қабілеті бірдей емес екендігі, яғни белсенділер мен жайбасар әлсіз балалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қасиеті, оларды әр түрлі ойынға тарту арқылы шыңдау, ұмтылдыру, бірнеше рет бір ойынды ойнату барысындағы баланың физиологиялық өзгерісімен қатар психологиялық тұрғыдан сенімділігінің артады.
Еліміздің егемендік алуы Қазақстандағы дене шынықтыру, ұлттық ойындар мәселесіне басқаша сын көзбен қарауды талап етеді. Осы орайда соңғы жылдары біздің қарастырып отырған ізденіс тақырыбымызға орай бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. Е.Мұхиддинов қазақтың ұлттық ойындарын дамыған қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық құрылыммен байланысты қарастырады. Дене шынықтыру пәнінің теориялық дәлелдемесін қазақтың ұлттық ойындарының тәжірибелік жағымен біртұтас алып қарайды.
Еңбек жалпы – психологиялық емес, әлеуметтік категория. Сондықтан да оның заңдылықтарын қоғамдық ғылымдар зерттейді. Ал психологиялық тұрғыдан зерттелер нәрсе жалпы еңбек емес, еңбектік іс-әрекеттің психологиялық бірліктері. Еңбек – белгілі нәтижеге жету үшін бағытталған, белгілі мақсатқа орай, ерік күшін қосу мен реттелуші мақсат бағдары, саналы іс-әрекет. Еңбектенуден адам қабілеті дамиды, оның мінезі тұрақтанады.
Адамның еңбекке бағытталған субъективтік қатынасы адамдардың санасындағы бейнеленетін объектив қоғамдық қатынастарға тәуелді. Әдетте, еңбек адамның қалыпты қажеттігі. Еңбек ету – өзіңді іс-әрекетте көрсете білу. Әрқандай нақты іс-әрекеттегідей, еңбек те адамның барша қасиеттері мен сапалары қатысып, көрініс береді.
Баланың әрқандай даму кезеңдеріне сай, еңбек түрлі болады. Бүгінгі нақты іс-әрекет ендігі іс-әрекеттің дайындығы, тиісті қажеттіктер дамиды, танымдық мүмкіндіктері мен әрекет-қылық ерекшеліктері ашылады. Осыған орай психологияда іс-әрекеттің жетекші түрі ұғымы қалыптасқан. Қай жаста болмасын, іс-әрекеттің үш түрі де (ойын, оқу, еңбек) өз маңызына ие, бірақ, белгілі бір этапқа қарай олардың әрқайсысына деген қажетсіну әртүрлі мазмұнға ие. Ал осылардың ішінде жас кезіңіне байланысты бала психикасына маңызды өзгерістер енгізіп, ондағы танымдық процестер мен жеке адамдық қасиеттердің қалыптасуына ықпал жасай алатыны ғана іс-әрекеттің жетекші түрі деп есептелінеді.
Мектепке дейінгі жастағы бала үшін мұндай әрекет түрі – ойын. Ал мектепте оқу еңбегі басым болады. Кемелденген сайын еңбектің ролі арта түседі. Жетекші қызметпен шұғылдану барысында субъект дамуымен қатар, келесі жас кезеңіне сай, жаңа жетекші іс-әрекет қалыптасады. Осы жетекші іс-әрекет түрімен айналыса бала өзінде әлеуметтік ортамен болатын жаңа қатынастарды, жаңа білімдер қоры мен психологиялық құрылымын өзгеріске келтіреді. Бұл тұрғыдан іс-әрекеттің барлық түрлері де теңдей мәнді де маңызды.
А.Құралбекұлы мен С.Әкімбайұлы жалпы білім беретін қазақ мектептерінің дене шынықтыру жүйесінде қазақ этнопедагогикасы материалдарына, оның ішінде халық шығармашылығы мен ұлттық ойындарды тиімді пайдаланудың ғылыми теориялық-әдістемелік негіздеріне сүйене отырып талдау жасаса, А.Айтпаеваның ғылыми еңбегінде орыс тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеу құралы ретінде қазақ халқының ойындарын пайдаланудың теориялық-әдістемелік негіздері жасалып, олардың тәрбиелік мүмкіндіктері айқындалған.
Сонымен, ғалымдардың еңбектерін саралай келе еңбектену мен қимыл-қозғалысты, дене шынықтыруды жетілдірудің арқасында ақыл мен ойдың дамытып, тән мен жан сұлулығының артатынын дәлелдейді.
"Балалықтың жанына ойын - азық" деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, балалар үшін ойын үлкен талқы. Түрлі ойындар кезінде олардың дүниетанымы кеңейіп, мінездері қалыптасады. Туған халқының әдет-ғұрпымен, жақсы дәстүрлерімен танысады. Рухани тәрбие дегеніміздің өзі де кейбір ұлттық ерекшеліктерді, ана тілін, туған халқының ауыз әдебиетін білуден басталады емес пе?
Қандай ойын болмасын жастарды тұрмыста қажетті қасиеттерге машықтандыруды мақсат етеді. Сондықтан да мұны тәрбиенің, жалпы мәдени мұралардың бірі ретінде қараймыз. Қазір балалар отбасымен қатар қоғамдық мекемелерде, балалар бақшаларында, мектеп-интернаттарда да тәрбиеленеді ғой. Сондықтан осы мекемелердегі тәрбиешілер, оқытушылар ұлттық ойындарды өздерінің күнделікті қызметінде пайдаланып отырса, бұдан зиян келмес еді.
Соңғы жылдары ауылдарда жаңа дәстүрлер кең өріс алып, мереке-сауықтар жаңа мазмұн, формалар тапты. Үйлену тойы, шілдехана сияқты адам өмірінің қуанышты күндері ұжымның, дос-жарандардың, туған-туысқандардың кең қатынасуымен өтеді. Оның үстіне туған күн, азаматтық борышын өтеуге армия қатарына жастарды аттандыру, паспорт алу сияқты сәттердің қайсысы болмасын қазір салтанатқа ұласады. Мұндай қуанышты күндердің көркі ұлттық ойын-сауықтарымыз болса, халық мәдениетінің де мерейі өсіп, абыройы асқақтай бермек
Достарыңызбен бөлісу: |