Алтын Орда қалалары тіршілік етуге өте қолайлы болды. Оның су құбырлары, жуынды, лас суды ағызу жүйесі, ылғалдың деңгейін сақтап отыратын күрделі су техникалық қондырғылары әлі күнге дейін зерттеушілерді таң қалдырады. Оның үстіне бұл қалаларды басып халықаралық керуен жолдары өтетіндігі себепті, олар әлемге әйгілі сауда орталықтары дәрежесіне жеткен еді. Мәселен, тек Азақтық (Донның Азау теңізіне құяр сағасындағы қала) бір өзінен Шығыс пен Батыстан ағылған тең-тең тауарларды күн сайын бүйірлі алты-жеті кеме тиеп әкетіп тұрған екен.