Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ.
Жетісу облысы Кербұлақ және Панфилов аудандарында орналасқан Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады. Қапшағай мемлекеттік аңшылық шаруашылығы негізінде 1996 жылы құрылды.
Аумағы 469620 га. Бақтың құрамына Қапшағай бөгенінің солтүстігі бөлігі мен Іле өзенінің оң жағалауы, Жетісу (Жоңғар) сілемдері: Кіші және Үлкен Қалқан, Ақтау, Қатутау, Дегерес, Матай, Шолақ, Қояндытау таулары және өте сирек кездесетін табиғат ескерткішінің бірі – «Әнші құм» («Айғай құм») кіреді.
Жер көлемі – 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарих ескерткіштері орналасқан.
Бақ жануарлар әлеміне де бай. Омыртқасыздардың ішінде ең көп кездесетіні – өрмекшітәрізділер мен жәндіктер. Жәндіктердің 5000-нан аса түрі белгілі, оның 25 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қосмекенділерден жасыл құрбақа, қызылаяқ бақа және көлбақа бар. Бауырымен жорғалаушылардың 25 түрі кездеседі. Мысалы, қалқантұмсық жылан, дала тасбақасы, жалтырауық жармасқы, оқжылан, т.б. Құстардың 200 түрінің 174 түрі саябақта ұялайды.
Бақ флораға бай, онда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1500 түрі, «Қызыл кітапқа» енген 22 түрі (мысалы, Мүсілім сылдыршөбі, Қопал таспашөбі, Іле бөріқарақаты, т.б.) бар.