Зерттеу нысаны. Қазіргі қазақ және әлем әдебиетіндегі қала тақырыбында жазылған прозалық шығармалар.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
– көркем өнердегі «модель» терминінің ежелгі антикалық эстетикалық ойлаудағы «technē» ұғымына, ал «модельдеудің» антикалық «мимесис» ұғымына қатысы ғылыми тұрғыдан негізделді;
– әлемдік әдебиеттегі «қалалық мәтін» термині ХХ ғасырдың басында О. Бальзак, Ч. Диккенс, Т. Манн, А. Камю, Ф. Достоевский, А. Чехов, М. Горький, М. Булгаков, т.б. жазушылардың шығармаларына қатысты пайда болғандығы, ал қазақ әдебиетінде қала тақырыбы ХХ ғасырдың аяғында қалыптасқандығы айқындалды;
– орта ғасырда өмір сүрген философ, ақын Ж. Баласағұнның «Құтты білік», А. Ясауидің «Диуани хикмет» ескерткіштеріндегі қалалар, қала адамдарының мінез-құлқы алғаш рет талдау нысанына алынды;
– белгілі бір елдің тарихын, өнері мен мәдениетін, мәдениетаралық байланыстарын тереңірек тануда сол елдің астанасы бейнеленген шығармалардың негіз болатыны Питер Акройдтың «Лондон: Өмірбаян» («Лондон. Биография») (2000), француз жазушысы Анна Гавальданың «Жай ғана бірге» («Просто вместе») (2004), орыс жазушысы Сергей Шаргуновтың «Фотосуретсіз кітап» («Книга без фотографий») (2011), қазақ жазушылары Баубек Бұлқышевтың «Алматы – қалам менің» (1941-1942), Серік Асылбекұлының «Мейман» (2005), Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» (2011) және Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» (2005) романдары арқылы дәйектелді;
– ХХ және ХХІ ғасырлардағы қазақ прозасындағы қала өмірі суреттелген М. Әуезовтің, О. Бөкейдің, Д. Әшімханұлының, Т. Ахметжанның, Р. Мұқанованың, т.б. жазушылардың шығармашылығынан ұлт менталитетіндегі өзгерістер мен қаладағы экзистенциализм, адам жанының жалғыздығы, жетістікке жету мен өмірден орнын табу, қала мен ауыл мәселесін бейнелеу ерекшеліктеріне герменевтикалық, тарихи-типологиялық әдіс негізінде зерттеу жасалды.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар.
– қаланың көркем моделінің әдеби шығармаларда автордың танымы арқылы көрініс табатындығы Р.Ю. Порозовтың «Модельдеу мәдени мәселе ретінде» («Моделирование как культурологическая проблема»), Ю.А. Гастевтің «Гомоморфизмдер мен модельдер. Модельдеудің логикалық және алгебралық аспектілері» («Гомоморфизмы и модели. Логико-алгебрические аспекты моделирования»), Ю.М. Лотманның «Көркем мәтін құрылымы» («Структура художественного текста») еңбектерінің негізінде анықталды;
– қаланың өмір сүру жағдайларының шартты келбеті белгілі бір тарихи-ұлттық колорит ретінде әдебиетте ежелгі дәуірден бері пайда болғандығы анықталды;
– орыс әдебиетінде 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың басында соғыстан кейінгі кеңес әдебиетінің бағыттарының бірі болып табылатын «қалалық проза» бағытының пайда болғандығы айқындалды;
– әлем әдебиетіндегі қалалық прозаның зерттелуі М. Бахтиннің «Франсуа Рабленің шығармашылығы және орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуірінің халықтық мәдениеті» («Творчество Франсуа Рабле и народная культура средневековья и Ренессанса»), А. Шаравиннің «ХХ ғасырдың 70-80 жж. қалалық проза» («Городская проза 70-80-х годов ХХ века»), Л. Набилкинаның «Қала орыс, американдық және Батыс Еуропа әдебиеттеріндегі мәдени құбылыс ретінде» («Город как культурологический феномен в русской, американской и западноевропейской литературах»), М. Селеменеваның «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қалалық проза контекстіндегі Ю.В. Трифоновтың көркемдік әлемі» («Художественный мир Ю.В. Трифонова в контексте городской прозы второй половины ХХ века»), т.б. зерттеу еңбектерінің негізінде жүйеленді;
– XV-XVI ғасырда өмір сүрген Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармасында бүгінде Өзбекстан мемлекетінің шекарасында орналасқан Әндіжан, Маргилан, Ахси, Қырғызстан мемлекетіне тиесілі Ош, Тәжікстанның Исфара, Ходжент қалалары, сол қалалардың өзіне тән ерекшеліктері, тұрғындары суреттелгендігі мысалдар арқылы дәйектелді;
– ХХ ғасырдың басынан бастап жазылған М. Әуезов, Б. Майлин, Ж. Аймауытов, С. Ерубаев, Б. Бұлқышев, З. Қабдолов, Т. Ахтанов, Ә. Нұршайықов, Д. Исабеков сынды қазақ жазушыларының шығармаларын қарастыра келе, «қала» модельдерінің төмендегідей көрініс тапқандығы анықталды: «қала – ғылым-білім орталығы»; «қала – ойын-сауық орталығы»; «қала – жоқшылық»; «қала – өндіріс орталығы»; «қала – сұлулық»; «қала – махаббат мекені»; «қала – мола».
– ХХ ғасырдың басында жазылған прозалық шығармаларда қала – ғылымның, білімнің орталығы ретінде суреттелсе, ХХ ғасырдың 50 жылдарына қарай қала – өндіріс орталығы ретінде суреттеле бастағандығы, ал 1970-1980 жылдардан бері қарай жазылған шығармаларда қала тақырыбының аясының тіптен кеңейгендігі анықталды;
– қазақ еліндегі 1990 жылдардан бастап енген саяси өзгерістер, айрықша қарқынмен дамыған сауда-саттық, жекеменшік қатынастардың пайда болуы, білім мен ғылым, мүлік, денсаулық сақтау, ақпарат, т.б. ұйымдардың түрліше сыйпатқа ие бола бастауы адам характері мен санасына соны өзгерістер үйіріп, сондай-ақ ел мінезінде қайшы қылықтар мен әрекеттердің тууына себеп болғандығы жазушы Талаптан Ахметжанның, Роза Мұқанованың, Дидахмет Әшімханұлының шығармаларының негізінде талданды;
– ХХ ғасырдың соңындағы тұрмыстық жағдайдың басты назарға алынып, рухани жағдайға мән берілмеуі, осының салдарынан өнер адамдарының қоғамды жатсынуы, қоғамның өнер адамдарын бағаламауы жазушы Роза Мұқанованың шығармаларынан («Өзің», «Композитор») көрініс тапқандығы анықталды;
– қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселе саналатын баспанасыздық мәселесінің қазіргі қазақ прозасынан көрініс тауып отырғандығы Қанағат Әбілқайырдың «Қағаз қала», Қойшыбек Мүбарактың «Пәтер» атты әңгімелерінің негізінде талданды;
– жазушылардың қаладағы тіршілікті суреттеудегі тәсілдерінің жаңаша сипатқа ие бола бастауы жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар», Талаптан Ахметжанның «Төрт кәнден» әңгімесінен талданды;
– жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесінде ХХ ғасырдың аяғында қазақ қоғамында орын алған нақты тарихи фактілерге сілтеме түрінде ұсынылған тарихи-әлеуметтік реминисценциялар шығарманың көркемдігін күшейтіп, баяндаудың тарихи-әлеуметтік алғышарттарын жасайтындығы, бұған қоса автордың бұл оқиғаларға қатысты өзінің жеке пікірін білдірмейтіндігі айқындалды;
– әлемдік әдебиеттануда көркем шығармадағы астананың образын зерттеу өте маңызды деген байлам жасалды. Өйткені, белгілі бір елдің басты қаласы туралы жазылған шығарманы зерттеу, бір жағынан, қала өмірі, қала адамдарының менталитеті мен психологиясы, олардың өмір сүру жағдайлары туралы түсінік берсе, екінші жағынан, сол шығарманы тудырған жазушының танымы арқылы қаланың белгілі бір кезеңдегі тарихын білуге мүмкіндік беретіндігі анықталды;
– әлем астаналары туралы жазған авторлардың шығармаларында астананың түрлі типтегі образы анықталды: ағылшын авторының романында астана – тарихи материалдар мен мәдени зерттеулерден тұратындығы; француз жазушысының романында Батыс әдебиетіне тән болып келетін мегаполистегі кейіпкерлердің жалғыздығы мәселесі суреттелетіндігі; орыс жазушысының романында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдебиетінің көптеген шығармаларында көрініс табатын кейіпкердің қаладан ауылға оралуы баяндалатындығы; қазақ жазушысының шығармашылығында – ел басшысының бейнесіне сүйсіну және ен даладан жаңа Астананың пайда болуы баяндалатындығы талданды;
– тұлғаның көркем концепциясы – әдеби шығарманың этикалық және эстетикалық категориясы, оның ішінде жазушының әдеби кейіпкерге қатысты философиялық, онтологиялық, діни және адамгершілік көзқарастарының жүйесі екендігі жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романының, Мір Шайырдың «О, Данышпан дүние» трилогиясының, Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» (төртінші кітап) роман-эпопеясының негізінде дәйектелді. Жазушылардың өз шығармаларында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяндық және психологиялық портретін нақты тұжырымдағандығы айқындалды.
Достарыңызбен бөлісу: |