Таразы және таразыда өлшеу
Химиялық зертханада ең керекті жабдықтардың бірі – таразы. Сондықтан зертханада жұмыс істеушілердің бәрі таразыны дұрыс пайдалана білу керек.
Әдетте химиялық лабораторияда өлшеу үшін техникалық (1-ші сурет) немесе аналитикалық таразылар қолданады.
Техникалық таразыда заттың салмағын 0,01 граммға дейінгі дәлдікпен анықтауға болады. Техникалық таразыны синтез жұмыстарында бастапқы алынған зат пен реакциядан шыққан заттарды өлшеу үшін жиі қолданады.
Аналитикалық таразының дәлдігі техникалық таразыдан дәлірек болады, көбінесе анализ жұмыстарында қолданады. Бұл таразыда заттарды 0,0001 – 0,0002 граммға дейінгі дәлдікпен өлшеуге болады.
Қазіргі кезде таразылардың электрондық түрлері жиі қолданады. Бұл таразыларды тегіс бетке қойып, заттарды өлшейді.
1-сурет. Техникалық-химиялық таразының құрылысы (1-дінгек, 2-тұтқа, 3-табақшалар, 4-стрелка, 5-шкала, 6-арретир, 7-реттеуіш винттер, 8-иін ағаштың ұшындағы жүктер)
Таразыда өлшегенде келесі ережелерді бұлжытпай орындау қажет:
Таразыда жұмыс істеуші өзі жөндей алмайтын ақаулық тапса, ол туралы дереу оқытушыға немесе лаборантқа айтуы керек.
Таразыда заттарды өлшеу алдында оның тепе-теңдікке келтірген жөн.
Таразы табақшасына ыстық, дымқыл, майлы және лас заттарды қоюға болмайды.
Сұйықты өлшегенде таразының табағына төкпеу керек. Әсіресе қышқылдарды өлшегенде өте сақ болу керек.
Таразыда құрғақ заттарды бюкске немесе сағат әйнегінде, ал сұйықтықтарды стақанда өлшейді.
Таразылар арнайы өлшеуіш бөлмеде тұру керек. Бұл бөлмелерде таза, құрғақ атмосфера, яғни арнайы режим болу керек.
Өлшеуіш бөлмеде қатты сөйлеуге, жүгіруге және секіруге болмайды, яғни өлшеу барысында бөлмеде тыныштық сақталған жөн.
Таразымен жұмыс істеп болған соң, онда еш нәрсе қалдырмау керек. Электрондық таразыны сөндіріп кету қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |