Қаржылық сауаттылық заман талабы
«Қаржылық сауаттылық заман талабы» тақырыбындағы мерекелік жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
Экономикалық білім тек экономика мен басқарудың түрлі саласында қызмет істейтіндерге, ғалым - экономистерге немесе экономика пәні оқытушыларына ғана, сонымен қатар күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешуде қоғамның әрбір мүшесіне қажеттілігін бүгінгі өмір талабы көрсетіп отыр.
Мектепте қаржылық сауаттылық және экономика негіздерін оқытудың басты мақсаты – оқушыларды экономикалық мәдениетпен, қоғамның экономикалық даму заңдылықтарымен таныстыру, іскерлікке, қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу, еңбек ете білуге,, өзін және өзгелерді рухани - материалдық құндылықтармен қамтамасыз ететін өз елінің патриот азаматы болуға қаруландыру.
Ақша – адамның күнделікті қажеттілігі. Мамандардың айтуынша, адам аптасына орта есеппен 5 сағат ақша туралы ойлайды екен.
Бірақ бұл көрсеткіш бірнеше есеге жоғары болуы мүмкін. Өйткені бүгінгі таңда екінің бірінде несие бар. Ондай адамның ақшаны сирек ойлауы екіталай.
Қаржылық сауаттылық – жеке және отбасылық қаржыны басқарудағы біліктілік. Біз біліктілікке ие болып, оны арттырып, дамыта аламыз.
Қаржы негізі 5 қызмет атқарады:
1. Өмір сүруді қамтамасыз ету
Адамның жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен: тамақ, киім, тұрғын үй, көлік, техника және тағы да басқа дүниелер керек. Бұл қажеттіліктерді өтеуде ақша маңызды рөл атқарады. Әрбір адам өзінің өмір сүру сапасын жақсартуға тырысады. Балалар дүниеге келген кезде үйіңізді кеңейтіп, көлік және техникалық жабдықтарды жаңартуды ойлайсыз. Балаларды оқытып, бүкіл отбасымен демалғыңыз келеді. Осының бәріне артық шығындарды болдырмай, отбасылық қаржыны дұрыс басқару арқылы қол жеткізуге болады.
2. Қауіптің алдын алу
Егер сіздің жеке қорыңыз бар болса, ол сізді кез келген қауіпті жағдайда сақтандыра алады. Бетін аулақ қылсын, дегенмен де өмірде небір жағдайлар кездеседі. Ауруханаға түсу, жұмысынан айрылу, мүгедек болып қалу, күтпеген жерден жақынынан, тіпті жалғыз асыраушысынан қол үзу секілді жайттар орын алып жатады. Кейде отбасылық мүліктерге қауіп төнеді. Мысалы, өрт шалу, су басу, жер сілкінісі, автокөлік немесе құнды мүлікті ұрлату, көлік апаты дегендей. Мұндай жағдайда сақтандыру компаниялары өз шарттарына сай шығындарыңызды өтеп береді. Ол арқылы өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.
3. Биік белестерді жоспарлау
Дұрыс басқарылған қаржы – балаға ең сапалы білім беруге, отбасыңызбен шетелдерге саяхаттауға, ең жақсы спорт залын, тиімді қызмет көрсететін медицина орталығын таңдауға мүмкіндік береді. Биік белестерді жоспарлау дегеніміз – үй алу, көңіл көтеру немесе әртүрлі заттарды сатып алу ғана емес. Егер сіз барлығын тиімді ойластыра білсеңіз, биік мақсаттарды бағындыруға мүмкіндігіңіз мол.
4. Қаржылық тәуелсіздікке ие болу
Қаржылық тәуелсіздіктің не екенін барлығы біледі. Бірақ шын мәніндегі бейнесін ұға бермейді. Бұл – ай сайын немесе жыл сайынғы пассивті кіріс көзі саналатын капитал. Капитал – өздігінен табыс әкелетін активтер жиынтығы. Ол ешқандай күш жұмсауды қажет етпейді. Көбісі мұны бекершілік деп санайды. Алайда әлемде қаншама адам инвестиция арқылы күн көріп отыр. Оларды рантье деп атайды. Жеке қаражатты дұрыс басқару және сауатты инвестициялау арқылы ғана капитал жинауға болады.
5. Артына мұра қалдыру
Адамдар белгілі бір жасқа дейін мұрагерлік туралы ойламайды. Тіпті, қартайған шағында да ойлауы екіталай. Негізінде мұраға мынадай дүниелерді қалдырылады: а) табыс әкелмейтін активтер (тұрғын үй, автокөлік және тағы басқа мүліктер); б) табыс әкелетін активтер (бағалы қағаздар, депозиттер, жалға беретін жылжымайтын мүлік және т. б.; в) қарыздар мен міндеттемелер. Егер адам болашақтың қамын алдын ала жасаса, ол ұрпақтан - ұрпаққа берілетін отбасылық капиталды мұра етіп, өз есімін де қалдырар еді.
«Келешек білімді ұрпақ қолында» екендігін елбасымыз халқына жолдауында атап көрсеткен болатын. Еліміздің ертеңі, Тәуелсіз Қазақстанның кемел болашағын келешекке жеткізер осынау озық ойлы ұрпағы бар елдің жалауы ешқашанда еңкеймек емес. Алдағы уақытта да тек қана биіктерден көріне беріңдер!
Достарыңызбен бөлісу: |