Ақсұңқарұлы, С. Ғасыр ғұламасы / С. Ақсұңқарұлы // Орталық Қазақстан. 2013. 30 наурыз



Дата25.02.2018
өлшемі81,54 Kb.
#38187
Ақсұңқарұлы, С.

Ғасыр ғұламасы / С. Ақсұңқарұлы // Орталық Қазақстан. - 2013. - 30 наурыз (№48-49). - (Ұлт пен рух).
Қарағандының көшесі – жөңкілген жұрт. Кім келіп, кім кетпеген бұл жерден? Бір кезде осынау шаһардың көшесінде маңдайы жарқырап Әлімхан Ермеков жүрген. Алаш Орданың соңғы көзі! Қазақтың алғашқы математигі! Кеудесі толы – Алаш идеясы! Қазақстанды Жапонияның деңгейіне көтереміз деп ойлаған көксерек топтың бірі һәм бірегейі. Бірақ, оны өзге түгілі өз қазағы да түсінген жоқ... Жетпісінші жылдары фәниден бақиға аттанғанда соңынан аз ғана ағайын шығарып салды. Қазақ өзінің соңғы көсемінен көз жазып қалғанын сезбей  қалды!

Мұнда Евней Бөкетов те жүрген. Өзі – химик, өзі – лирик. Төбеден қамшы ойнатқан қатыгез кеңес өкіметі оның да мандайынан сипай қойған жоқ. Көп – қорқытты, терең – батырды. Ол да қазағына  Құдай берген құдіретті  дарын-арынын сарқып бере алмай, іш құса болып, фәниден бақиға озды.

Қазір осы шаһардың көшесінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр! «ХХ ғасырдың  ғұламасы!» Ол атақты жапондардың ұсынысымен оған 1999 жылы Кембридждегі Халықаралық Биографиялық орталық берген. Омырауында соның күміс медалі. ХХ-ХХІ ғасырдың аса көрнекті физигі! Резерфорд емес, Эйнштейн де емес  – Көкетаев! Қазақ! Америка, Англия немесе Жапония топырағында туғанда абырой-атағы бұдан да асқақ болар ма еді. Бірақ, бұл жолы Алланың таңдауы Алашқа түсті. ХХ ғасырдың ұлы бір физигі қазақтан туды!

1964 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Эстонияның Тарту мемлекеттік университетіне жол тартады. Эстондар сол кездегі Кеңес одағының құрамындағы Балтық жағалауы елдерінің бірі еді. Орыс отаршылдығының қамытын бізден гөрі кештеу киген. Үйде де, көшеде де өз ана тілінде сөйлеседі. Өзінен басқаны көзге ілмейді! Орысша сөйлесең, одырайып шыға келеді! Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған сол 60-шы жылдардың өзінде физика-математика факультетінің орыс бөлімін жауып тастаған көрінеді. Мұнда жетпіс мыңдай халық тұрады. Университетінде екі жарым мыңнан астам студент оқиды, 92 кафедрасы бар. Ғылыми қарым-қуатының қандай болғанын елестете беріңіз енді...

Темкең осы университетте 92 тіл білетін филологты көріп, аң-таң қалған. 18 тіл білетін студентпен жатақханада бірге тұрады... Осында жүріп 1970 жылы докторлық диссертациялар қорғайтын маманданған ғылыми кеңесте «Мыс және күміс иондарының сілтілі-галоидтық кристалдардағы люминесценция орталықтарының табиғаты» туралы кандидаттық диссертациясын қорғады. Физиканың заңы бойынша 180 градусқа дейін қыздырылған қандай болсын қатты дене сыртқа жарық бермей қоймайды екен. Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ, сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды  болмаған соны жаңалық еді. Физиктің кейін «ХХ ғасырдың ғұламасы» атағын алып берген ғылымдағы жаңалығы осыдан төркіндейді. Ғылыми жетекшісі поляк ғалымы, профессор Г.Б.Лучик. Ол Көкетаевтың диссертациясындағы оқшау ой-толғамдарға келіспеген көрінеді. Кеңес Одағында ғылыми жетекшісінің жетегінде жүрмей, өз идеясын өзі қорғап шыққан бірінші қазақ осы Темірғали Көкетаев!

Темкең өзіне-өзі мәз болып, өзіне-өзі тамсанып жүретіндерді жек көретін кісі. Бірақ, ғұмырында  бір-ақ рет тебіреніп, егілгенін айтады. 2006 жылы Англияның Оксфорд университетінде лекция оқыды. Бұл дүниежүзінің ұлы физиктері Ньютон, Резерфордтар маңдай терін төккен, әлемдегі саусақпен санарлықтай оқу орындарының бірі. Іргетасы 1242 жылы қаланған. Англияның премьер-министрлері Уйнстон Черчиль, Маргарет Тэтчер осында оқыған. Т.Көкетаевтың дәрісін Франция, Германия, Англия, Жапония сынды дүниенің іргелі елдерінің жетпістен астам аузына әлем қарап отырған ғұламалары сүйсініп тыңдаған.  Бір дәрістің уақыты – 50 минут, құны –  1500 доллар!

Біздің Темкең дәрісін қазақша оқымақ болған! Сөйтсе, физиканың қазақша – ағылшыншасының тәржімесі бір жүйеге түсіп болмаған екен. Еріксіз орысша оқиды. Иманақтай ат шаптырым ауылдан шыққан қазақтың қара баласына әлемнің ірі ғұламалары аузын ашып, аң-таң қалған!

– Өзіме-өзім сонда бір тәнті болған едім, – дейді Т.Көкетаев.

Дүниежүзінде мұның табаны тимеген жер жоқ. Ғаламды қара үздіріп бара жатқан бір жұрт жапондар ғой. Солармен кездескенде қандай ғылыми шаруамен айналысып жатырсыңдар десе, – Першкиннің «Физикасын» тәржімелеп жатырмыз дейді... Орыстың орта мектептерге арналған оқулығы бұл. Міне, кеңес оқу жүйесінің озықтығының бір белгісі! Ал біз не  істеп жүрміз?! Бірыңғай ұлттық тестілеу деген қайдан шыққан пәле?! – дейді Т. Көкетаев ыза болып.

Темірғали Көкетаевтың тұла бойы – ұлттық рух! Күндіз-түні соны іздейді. Ол физикада жоқ екен... Жаңаарқаның белінен, Сарыарқаның елінен соны іздейді! Соны іздеп, «Ақ жол»  партиясына барып еді – таппай қайтты!

Қазір қайда барарын білмей, дағдарып отыр. ...

Өркениет өріне шыққан Батыстың өзі ұлтым дегенде ішкен асын жерге қояды! 1968 жылдың қаңтарында Чехословакияға Кеңес танктері баса көктеп кіргенде чех студенті Ян Палах өзін-өзі өртеп жіберген! Ресей экспансиясы бел алған ХVIII ғасырдан бастап, 1986 жылғы Желтоқсан дүрбелеңіне дейінгі аралықта қазақ елі орыс отаршылығына қарсы 300-ге тарта ұлт-азаттық көтерілісін басынан өткерген екен. 1931-1932 жылдары 7 миллион қазақтың 4 миллионы аштан қырылды. 1,5 миллионы шет елдерге босып кетті! Қазан төңкерісі мен қызыл қасап репрессия болмағанда қазақ халқы өзінің табиғи өсімімен осы күні 30 миллион болып отырар ма еді, қайтер еді...

Физиктер мен лириктер хақындағы дау-дамайдың көтерілгеніне көп болды. Өткен ғасырда орыстың талантты ақыны Борис Слуцкийдің «Физиктер мен лириктер» деген өлеңі біраз айтыс-тартысқа арқау болған-ды: «Физикте – құрмет, марапат, Лириктер өксіп, налып жүр. Заманда мынау алапат, Ғаламның зілді заңы – бұл...» («Что-то физики в почете. Что-то лирики в загоне. Дело не в сухом расчете, Дело в мировом законе. Значит, что-то не раскрыли, Мы, что следовало нам бы! Значит, слабенькие крылья – Наши сладенькие ямбы, И в пегасовом полете, Не взлетают наши кони... То-то физики в почете, То-то лирики в загоне. Это самоочевидно.Спорить просто бесполезно.Так что даже не обидно, А скорее интересно, Наблюдать, как, словно пена, Опадают наши рифмы. И величие степенно Отступает в логарифмы»).

Екінші дүниежүзілік қырғынның кезінде АҚШ атом бомбасын ойлап тауып, оны Хиросима мен Нагасакиде сынақтан өткізді. Сол күннен бастап, адамзаттың тағдыр-таланы адамның бармағы баса салатын атомның бір түймесіне қарап қалған... Іле-шала Кеңес Одағы одан да алапат сутегі атом бомбасын сынақтан өткізді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кариб дағдарысы кезінде адамзат баласы атом алапатының алдында тұрған. Сутегі атом бомбасын ойлап табушылардың бірі Андрей Сахаров кейін өз ісіне өзі өкініп, диссиденттік қозғалыстың көсеміне айналды. Ол кезде атом бомбасын жасағандар ерекше мәртебеге ие болған. Көбісінің аты-жөні мемлекеттік құпияға айналған. Тоталитарлық қоғамда физиктер мемлекеттің ерекше ілтипат-құрметіне бөленеді.  Лириктер болса – қуғында болды. Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлердің антисоветтік өлеңдері Саяси Бюроның шамына тие бастаған. Баспасөзде бұл ақындардың аты-жөнін атауға Орталық Комитетінің арнайы рұқсаты керек болған...

Ғасыр адамы атанған Темірғали Көкетаев:

– Мен физик болғаныма өкі­немін! – дейді. – Неге?

– Қазағымның жоғын түгендей алмадым... Біз американың үндістері секілді өз байлығы өзіне сор болған елге айналып барамыз. Қазақтың қазаққа жаны ашымайды. Абайдың кезіндегі қазақтан қара үзіп кеткен қазақ саусақпен санарлықтай. Поляктарға қарашы! Парижде баяғыда дүниеден қайтқан Шопеннің жүрегін Варшаваның шіркеуіне әкеліп, әспеттеп қойды! Ал біз не істеп жүрміз?! Кенесарының басы қайда ?! Біреуге есесін жіберген ел – ел емес! – деді де – Физикадан лирика мықты!-деп қалды. – Менен сен мықтысың!

Мен аң-таң қалдым...

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын қазақтың қарымды ақындарының бірі Есенбай Дүйсенбаев: «Серік, сен осы қайда істейсің?» – деп сұраған. – «Облыстық газетте». – «Ойбу, олар поэзияны түсінбейді ғой!  Мен Ақтөбеден алты баламды жетектеп, Алматыға солардан қашып кеткем...» – деп еді.

Мен Қарағандыда қалып қойдым. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы болды. Бір кезде мұның көшесінде ақ маңдайы жарқырап Әлімхан Ермеков, Евней Бөкетов жүрсе, бүгінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр! Бір қалада тұрсақ та, анда-санда бір көрем. Той-томалақта. Төрде отырады, әрине. Аузынан ақ майы аққан байшыкештердің арасында. Көңілі құлазып отырады, меніңше. Аналар – мәз-мәйрам... Өздерінің кіммен қатар отырғанын сезбейді! Біреуі – ірі компанияның иесі. Біреуі – ең кем дегенде, – базардың бастығы! Шетінен – бай. Тәкәппар! Өр кеуде! Есептері – түгел!  Осындайда философ Диоген еске түседі. Олимпи сарайынан келген Диогеннен біреулер: «Онда халық көп жиналды ма?» деп сұрайды. Сонда ойшыл: «Халық – көп. Жөні түзу кісі – аз» депті! Мынау сондай бір тойдан кейін іле-шала жазылған өлең еді.

Темірғали Көкетаевқа

Физика-математика – несібіңіз,

Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.

Бірақ, аға, есебін мына қудың,

Сіз шығара алмайсыз – кешіріңіз!

Бұл шайтанның есебі жан улаған,

Шығара алмай, ел естен тануда, аға:

Амалында қосу мен көбейту жоқ,

Бөлу ғана – мұныкі,

Алу ғана.

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,

Көз атаулы барады лайланып:

Бөлуменен алудың күні туды,

Көбейту мен қосуың былай қалып.

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,

Біз – етекте,

Төбеден ойнайды құр:

Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжнүн,

Елді – есалаң тобыр деп ойлайды бұл.

ҚЫСҚАША ҒҰМЫРНАМА

Темірғали Әбділдаұлы Көкетайтегі 1932 жылы, наурыз айының 25 жұлдызында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Жеткіншек ауылында туған.

1946-1957 ж.ж. әуелде Жеткіншек ауылының орта мектебінде, кейін Қызылағаш бөлімшесінің бастауыш, Алматыдағы №18, кейін №12 қазақ орта мектеп-интернатында білім алды.

1957-1959 ж.ж. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының С.Сейфуллин атындағы кеңшарында шопан.

1959-1964 ж.ж. Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің) физика-математика факультетінде студент.

1964-1966 ж.ж.  Тарту мемлекеттік университетінде (Эстония) стажер-зерттеуші.

1966-1969 ж.ж. Тарту университетінің физика институтының аспиранты.

1969-1971 ж.ж. Абай атындағы  Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтының теориялық физика кафедрасының аға оқытушысы.

1970 ж. Тарту мемлекеттік университетінің докторлық диссертациялар қорғайтын Маманданған Ғылыми Кеңесінде «Мыс және күміс иондарының сілтілі-галоидтық кристалдарындағы люминесценция орталығының табиғаты»  туралы физика-математика ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғады.

1972 ж. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының теориялық физика кафедрасында доцент, физика факультеті деканының орынбасары.

1972-1978 ж.ж. Қазақ Кеңес Энциклопедиясының физика редакциясы алқасының мүшесі.

1972 ж. жаңадан ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің қатты дене физикасы кафедрасының меңгерушісі.

1988 ж. «Әртүрлі модификациядағы активацияланған иондық кристалдағы люминесценция және электрондық қозулар» тақырыбында Оралдың мемлекеттік политехникалық институтында (қазіргі Екатеринбург политехникалық университеті) физика- математика докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

1989-1994 ж.ж. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті физика факультетінің деканы.

1990 ж. Қырғыз КСР-і Ғылым академиясы физика институтының докторлық диссертациялар қорғайтын Маманданған Кеңесінің мүшесі.

1990 ж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумның Алматыда 1986 жылдың 17-18 желтоқсанда болған оқиғаларды тексеру және оған түпкілікті баға беру үшін құрған сараптау жұмысы тобының мүшесі.

1991 ж.   Д. С. Рождественский  атындағы бүкілодақтық оптика қоғамының Қарағанды бөлімшесінің төрағасы.

1994-1997 ж.ж. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры. 1998 ж.  Америка биографиялық институтының ғылыми зерттеу кеңесінің мүшесі.

1999 ж. Халықаралық биографиялық орталық (Англия, Кембридж)  «ХХ ғасырдың ғұламасы» деген атақ берді.

2002 ж. Кембридждегі (Англия) Халықаралық биографиялық орталықтың Қазақстан мен Орта Азиядағы вице-консулы болып сайланды.

2006 ж. Оксфорд университетінде (Ұлыбритания) «Кең ауқымды диэлектриктердің абсолюттық спектроскопиясы» тақырыбы бойынша дәріс  оқыды.



2007 ж. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің  Ыбырай Алтынсарин атындағы  медалімен марапатталды.

2012 ж. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы.
Каталог: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Амантаев, Ө. Жарты ғасырда жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. 2013. 21 мамыр (№79-80).
Files -> Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Көбеев Е. Қазақтың біртуар азаматы / Е. Көбеев // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Files -> Салықов К. Евней Бөкетов дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Оразалықызы, Г. Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. 2006.№11-12. 98-105 б


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет