Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


І. Постиндустриалды дәуірдің білім жүйесі туралы ұстанымдары



бет10/310
Дата06.02.2022
өлшемі1,84 Mb.
#56171
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   310
Байланысты:
Интербелсендi гео әдістер

І. Постиндустриалды дәуірдің білім жүйесі туралы ұстанымдары


1. Білімге деген жаңа көзқарастар мен түсініктер


1.1 Білім «беру» ме, «алу» ма?

«Білім беру» мәселесі туралы әңгіме қозғамас бұрын, бұл атаудың аталмыш процестің мазмұны мен мәнін толық ашпайтындығы жайында айту керек секілді. Өйткені бұл термин тұжырымдамалық және практикалық тұрғыдан көптеген күмәнді сұрақтарды тудырады: Неліктен «білім беру» - «білім алу» емей? Және де кімге «беру»? Білімді «берген» дұрыс па, жоқ әлде «алған» дұрыс па? Білім саласында мақсат қандай болмақ: «алу» ма, жоқ әлде «беру» нәтижелері ме? «Білім беру» ұғымы бір жақты процесті, яғни «берушінінің» белсенділігін ғана меңзеп, «алушыны» бәлсенді (ықтиярсыз, ырықсыз, пассив) етіп көрсетпей ме? Мұнда басты рөлді «үйретуші», «білім беруші» атқара ма? Ал «білім алушының» мақсаттары мен атқаратын рөлі қандай болмақ?


«Білім беру» атауы бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді деп тұжырымдауға тұрарлық. Өйткені білім игерудің жаңашыл тұжырымдамалары бұл процестің тиімділігі мен нәтижелігін білім алушының белсенділігімен тікелей байланыстырады. Олардың қағидаларына сәйкес, білім басқа біреудің ықпалынан пайда болмайды, мәселен «беру» арқылы. Білім игеру процесі үйретушінің (ұстаздың) басынан білімді үйренушінің (шәкірттің) басына тасымалдау емес, ал шәкірт білімді басында жинақтаушы (банкте ақша қаражатын жинақтау сияқты) емес. Олай болған жағдайда үйрету/үйрену ісі оп-оңай шаруа болып шығар еді: мұнда тек білімді «беруден» шаршамау керек – тықпыштай бер, тықпыштай бер шәкірт басына! Олай болатын болса, адамдардың бәрі де білімді болып кетер ме еді?.. Өкінішке орай, олай емес.
Білімді болу үшін үйренуші еңбектенуі керек, әрекет жасауы қажет. Білім өз басында (миында) пайда болу үшін адам оны есінде сақтап, түсінуі, қолдануы, талдау жасауы және бағалауы қажет. Осылай ғана білімді игеру мүмкін болар. Үйренуші өзін білім игеру процесінің басты тұлғасы ретінде сезініп қана үйренеді.
Білімге тек үйренуге болады және де үйрену ісі белсенді әрекеттерден құралуы керек: ұмтылыс пен талаптану арқылы ғана біздің білуіміз ықтимал. Білім игеру процесінің басты қағидасы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал!» екендігін бұл жерде баса айту қажет. Білім алушының өзі үйренуге құлық, құлшыныс, ықылас пен ынта танытуы керек. Қандай керемет ұстаздар болмасын, оқуға еш ынтасы мен қызығушылығы жоқ шәкіртті үйрете алмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы мамыр айының 26 жұлдызында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты лекциясында осы мәселені келесі сөздермен дәлелдеп берген сияқты: «Қандайлық жақсы және кәсіби болса-дағы бір де бір оқытушы, егер студенттің өзі білімге ұмтылмаса, егер студенттің өзі кәсіби, жоғары білікті маман болғысы келмесе, оны ештеңеге үйрете алмайды» (Назарбаев Н. Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына. – Егемен Қазақстан, 2006, 27 мамыр).
Білімді игеру екі жақтың да (шәкірт пен ұстаздың) белсенділігін қажет етеді. Ұстаздың мұнда дәстүрлі де үйреншікті «білім көзі», «үйретуші» рөлдерінен бас тартып, оны «ұйымдастырушы», «сабақты жүргізуші», «үйренуге жағдай жасаушы», «жәрдемші», «көмекші», «бағыт-бағдар сілтеуші», «талаптандырушы», шәкірт пен білімнің арасындағы «делдал» рөлдерімен алмастыруы керек. Үйретуші (ұстаз) білім игеру ісінде басты рөлді үйренушіге (шәкіртке) ұсынады.
Сол себепті де қазақ тілінде «білім беру» термині таным процесінің ерекшеліктерін жан-жақты айқындамайды деуге тұрарлық. Мұндай ойдың айғағы ретінде басқа тілдерден мысалдар келтіріп, оларда қолданыс тапқан атауларды қазақ тіліндегілермен салыстырып көрелік.
Мәселен, осы мағынадағы ағылшынның «education» және орыстың «образование» деген сөздеріне тоқтайық.
Ағылшын сөзінің түп тамыры латынның «суырып алу» деген мағынадағы «educare» сөзіне барып тіреледі. «Суырып алу» мен білімнің арасында қандай байланыс бар десеңіз, көне гректерде (ал одан кейін римдіктерде) келесідей сенім-наным болған. Олар әрбір адам жаны өмірге келместен бұрын құдайлармен бірге тұрып, олардан бар білімді үйренген деп түсінген (бұл түсінік Платонның «Күйме» атты мифінде жан-жақты келтіріледі). Алайда бұл дүниеге келгенде, білімнің бәрі ұмыт қалады да, адам тек «о жақта» көріп, білгенін өмір бойы есіне түсіреді деп сенген көне гректер. Басқаша сөзбен айтқанда, білім шәкірттің басында сонау жаратылыс кезінде орналасқан, алайда бұл дүниеге пәк күйінде келген шәкірт оны білмейді, сондықтан да адам психикасының тұңғиығында беймәлім күйде жатқан білімді сананың бетіне «суырып алу» керек.
Ал оны кім және қалай суыруға болады? Өз басындағы білімді үйренушінің өзі «суырып алуы» керек, ал ұстаз осындай «суырып алуға» жағдай жасап, шәкіртіне жәрдем беруі керек, мәселен «еске түсіруді» жеңілдететін, ынталандыратын сұрақтар қою арқылы.
Сондықтан да болар ғұлама философ Сократ өз шәкірттерін ешқашан да үйретпеген, оның орнына оларға тек сұрақтар ғана қойып отырған (атақты маевтика тәсілі). Оның сұрақтарына жауап бере отырып, шәкірттері өз бойларында әу бастан қалыптасқан, бірақ ұмыт болып қалған білімді есіне түсіріп, бастарынан «суырып» алғандай болған. Бірде тіпті Сократ сұрақ қою арқылы қол өнер шеберінің сауатсыз, хат танымайтын 12-13 жасар көмекшісінің өздігімен Фалестің теоремасын («теңбүйірлі үшбұрыштың табанының бұрыштары бірдей болады») құрастыруына себепкер болған дейді аңыз...
Сөйтіп көне гректер үшін «білім беру» ұғымы «еске түсірумен» тең болған. Кейінірек жаңа дәуірде Декарт пен Лейбниц те танымның осы теориясын ұстанған болатын. Бүгінгі күні де көптеген философтар бұл ұғымның өміршеңді екендігін мойындайды (В.Губин).
Шындығында да біз бір нәрсені ұғынғанда, білгенде, оны есімізге түсіргендей боламыз. «Мен мұны бұрыннан білген сияқтымын ғой!» деген ойлардың, «де жа вю» сезімінің («мен мұны бұрын көрген сияқтымын») таным процесінде жиі орын алатындығы да сол себепті болар.
Ежелгі гректердің бұл мифіне басқа да негіз беруге тұрарлық. Қасиетті Құран-и-Кәрімде айтылғандай, Алла-Тағала топырақтан жаралған Адам-Атаны оттан жаралған періштелерден жоғары қою және бар періштелерді оған бас идіреді. Ол үшін Жаббар Иеміз Адам-Атаны барлық жаратылғанның аттарына (атауларына), яғни бар білімге үйретеді. Осы білім арқылы Адам-Атаның мәртебесі өзінен анағұрлым ертерек жаратылған періштелерден бірқыдыру биік болған.
Адам-Атаның жұмақта үйренген білімі адам баласының бәрінде де бар, алайда біз оларды ұмытып қалғанбыз. Бізге енді білімді ұмтылу мен талаптану, ерінбей іздену арқылы «еске түсіру» қажет.
Ал орыстың «образование» деген сөзінің «қалыптасу», «ұйымдастыру» деген мағыналары да бар. Бұл ұғым білім беру жүйесінің мазмұнын және оның аяққы нәтижесін «тұлғаның қалыптасуын ұйымдастыру» деп көрсетеді. Мүнда да білім игеру екі жақты процесс ретінде көрсетіліп, үйренушінің белсенділігі меңзелетін секілді. Орыстың «обучение» деген сөзі де осындай мағынада: оны «мен үйренемін/оқимын» деп те, «ол үйретеді/оқытады» деп те түсінуге болады. Қазақ тілінде «оқыту» сөзі басқа біреудің ықпалын көрсетеді: «ол оқытады» («мен оқимын» емес).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   310




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет