Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар



бет3/9
Дата25.12.2016
өлшемі1,87 Mb.
#4644
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Менің портретім

Тұрпатым қатты қысқан жұдырықтай,

Қаңылтақ денем, мойыным қылдырықтай.

Жүректе жалын атқан жігерім бар,

Жүрісім жылдам ұшқан бұлдырықтай.

Кескінім - торсық шеке, қыртыс маңдай,

Қос қабақ бір-бірімен қырқысқандай.

Тұңғиық мөлдірейді екі көзім,

Жүзімді жылытуға тырысқандай.

Көк тастан қашалғандай өң-келбетім,

Салпы ерін, үйрек мұрын, шұңғыл бетім.

Қаралығым қазанның күйесіндей,

Мінеки, менің осы портретім. (Ә.Нұршайықов )
С. Мүратбековтің «Жусан исі» повесіндегі Аян бейнесіне, С. Досановтың «Құпия» повесіндегі Шынар, Құпия, Құмарбек, т.с.с басқа да бейнелерге сипаттама беріңдер. Олардың әдеби портретін әдеби тілмен сомдап көріңдер.
4-тапсырма: Өздерің таңдаған көркем әдебиеттерден кейіпкерлердің портреттерін, пейзаждарды тауып, көшіріп алыңдар. Өз жолдастарыңның портретін жазыңдар. Бүгінгі күнді суреттеңдер.

Сөз дәлдігі
... Жастарымыздың үлкен кемшілігі бар. Ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі-ақ мүдіріп, аузына сөз түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтыны, сөйлемдердің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбарала келетіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине, тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары. С.Қожамқұлов.
Қазақ тілі мәдениетінде сөйлеуші өз сөзін дәл тауып, тыңдаушыға әсерлі жеткізе білсе, оны «дәл айтты, тауып айтты» деп түсінеміз. Бұл – сөз дәлдігі жөнінде әдеттегі түсінігіміз. Мұнда нақтылықтан гөрі жалпылық басым. Ал сөз дәлдігі деген лингвистикалық терминнің бұл түсінікпен дәл келетін тұстары да, одан өзгешелеу ұғынылатын жерлері де бар. Солардың бірі - әрбір сөзді тілдегі мағынасына лайық қолдану. Әсіресе, ауызға жиі алынып, жаза басқан қаламның көп сыналатын да жері осы. Қарапайым тілмен сөйлесек те, жүрек сезімі арқылы шығатын ішкі ойымызды өзге біреулерге дәл жеткізе білудің өзі – мәдениеттіліктің белгісі.

Мысалы: «Қаздар жейтін шөп пен қарғатұяқ қабындап көтерілмей, жер борсымайды» деген сөйлемдегі атаулардың біразын қысқартып, «қазоты мен қарғатұяқ қабындап көтерілмей, жер борсымайды» десе, «қаздар жейтін шөп» деп жатпай, «қазоты» деп, бір ғана сөзбен (біріккен сөзбен) айтсақ, көңілге әлдеқайда қонымды, сөйлем де ықшамдалап, әдеби түрде ұғынықты боп тұрады.

Не болмаса мына бағыттағы сөйлемдерді де ұғынуға түсінікті болу үшін стильдік жағынан ықшамдап былайша жеткізуге болады:


Әдеби шығармадағы үлгі

Сөйлемнің ықшамдалған түрі

1. Сырдың бойындағы тамыры оңай ғана желге жұлынып кететін, шөлді далаға да өсе беретін ербиген, майда тікенді шөп болады, өзі шөлді далада жолға тармағай боп қалың шығады.

2. Ар жағында қалың дуал, сондықтан онда бара алмасаң, жендеттер ұзын сапты, өткір жүзді балтасын қайрап отыр. (Жұлдыз журналы)



1. Сырдың бойында түйеқарын дейтін шөп болады, өзі шөлді далаға жапатармағай боп қалың шығады.

2. Ар жағында қалың дуал, сондықтан онда бара алмайсың, жендеттер айбалтасын қайрап отыр.


Бұл сөйлемдердің алғашқы нұсқасы да стильдік ерекшелігі жағынан дұрыс құралған. Бірақ әрбір сөз оралымын бітпеген жеріне дәл жеткізу үшін мұндай көркемдік тәсілді өз орнымен пайдалана білудің де маңызы зор. Одан сөйлемнің мағынасы бұзылмайды, қайта сөйлеушінің ойы дәл әрі айқын беріледі.

Сөздерді өз мағынасына сай қолданбау, дәлдікпен көз жазып қалу, әсіресе, басқалардан гөрі дыбысталуы ұқсас, бірақ мағынасы әр басқа, немесе бір түбірден тарап, дербес мағынаға ие болған сөздерді жұмсауда жиі кездеседі. Мысалы:


  1. Енесі сүйектерін сырқыратып орнынан қозғалды.

  2. Жігіт жусан исіне елітіп, мас болғанын сезбеді.

  3. Мүйізден зерделенген сандықтың құрлау қаңылтырлары ғана жатыр.

Бұл жерде «сырқыратып» емес, «сыртылдатып», «еліктеп» емес «елітіп», «зерделенген» емес «зерленген» деп қолданып, дыбысталуы ұқсас сөздердің мағыналық парқын ажырату кімге де болса қиын емес тәрізді. Онда неге сөзімізден ақау жіберіп жатамыз? Оның себебі біреу-ақ: ол – сөз қолданысымыздағы ұқыпсыздық. Ұқыпсыздықтың салдарынан дәлдіктен айырылып, сөздерді бірінің орнына бірін сапырылыстырып қолдану соңғы кездерде өз ортамызда жиі бой көрсетіп қалатын болып жүр. Бұл әр сөздің түп-төркінін түсінбегендіктің салдары. Сөз болмысты бейнелейді. Сөз шындықтың санамызда сәулеленуі. Айналамыздағы заттар мен құбылыстар сөз арқылы таңбаланады. Осыған сәйкес бізді қоршаған құбылыстар мен «құбылыстар» мен «сөз» арасындағы белгілі бір қатынастың бар екендігін аңғарамыз. Ол қатынасты «зат» (құбылыс), «сөз» (сигнификат) түрінде бейнелеуге болады. Кейде сөз дәлдігін сақтай алмай, көз жазып қалуымыздың үлкен бір себебі «зат» пен «сөз» арасындағы байланысты жете тани алмауымыздан. «Сөзді» білмесек, сол сөздің қандай заттың таңбасы, бейнесі екендігінен бейхабар болып, сөзді заттың мағынасына сай қолдандық деп айта алмас едік. Енді сөзді дәл қолданбаудың мынадай кемшіліктеріне назар аударайық.

Мысалы: «Өліарада ауа өңі өзгеріп сала береді. Шалқалаған жаңа ой шығармақтанып, күн қабағы кәдімгідей салыңқы тартқан»... «Берекелі күздің аңқылдап алтын күрек желі есті». Осылайша сөзді дәл, орынды қолданбау үлкен қателіктерге ұшыратады, тіпті сөйлеушіге абырой әпермейтіндей жағдайға алып келеді. Қазақ ұғымында «өліара» деп ескі ай мен жаңа айдың қараңғы аралығын айтады. «Өліарада» ай көрінбейді. Ал қарды кетіріп, жер бетін кептіретін жел «алтын күрек» деп аталады. Оны жазда немесе күз бен қыста соқты деу сөз қолданысымыздағы үлкен ағат әсіресе, табиғатның қыр сырына қанық диқаншылар мен малшы қауымды иландыра қоймайды.

Дәл сөйлеуге қажетті алғы шарттардың бірі – мағыналы сөздерді, олардың деректі, дерексіз ұғымды білдіретін түрлерін талғап, таңдай білу. Оған көз жеткізу үшін мына бір шағын мәтінді оқып керейік: «Жерқылаң мінген, қалаңнан киген екі жігіт кешкі салқын мен есіп жүріп кеткенде, кебідегі, боз көденің арасынан зорға көрінгендей түстері де, жүрістері де көзге түспей, ұрлана жүруге бейімделіп апты» (М.Ә.)

Осы сөйлемдегі «кербітегі», «боз көде» деген деректі ұғым атауларының орнына осы сөздермен мағыналас дерексіз ұғымды (жалпы мағынадағы сөз) білдіретін «шөп» деген сөзді қойып, оқып көрсек те, сөйлемнің мазмұны өзгермейді. Ал әсері, әрине, алғашқы оқығанымыздай емес, тым әлсіз соғатыны бірден байқалады. Оның басты себебі – сөз дәлдігін жоғалтқанымыз. «Шөп арасынан зорға көрінгендей» десек дәлдік жоқ. Олай дейтініміз екі жігіт те жерқылаң ат мінген, жерқылаң киінген. Жердің түсі де боз екі жігітті сырт көзден жасырып тұр. Бұдан байқарымыз: деректі ұғымға тән сөздерді талдау арқылы да суреткер қаламы сөз дәлдігі деген сапаны дөп басқан.

Сөз белгілі бір зат пен құбылыстың атауы. Сөзді білгенмен оның қандай затты, құбылысты белгілейтінін білмеген немесе шала-шарпы ғана білген жан дәлдіктен көз жазып қалады. Кейде осы айтылғанға керісінші зат пен құбылыстың дәл қалай аталатынын білмеу не оған ден қоймау да сөз дәлдігінен жаңылуға себеп болады. Ондай адам «Құлын» деудің орнына «арқан орады» деп сөлекет сөйлеп тұрады. Сөз дәлдігінен былайша ауытқу – осы ұғымдардың қалыптасқан, орныққан атауларынан ауытқу, ол тілімізде осы ұғымдардың орныққан атауларын елеп-ескермеуден туған. Осы тәрізді мысалдарды кейде әдеби шығармалардан да ұшыратып жатамыз. Мысалы: «Шелегін жуып, сарайдан ішіне сабан тыққан теріні алды да енесінің алдына тастады». Автордың айтайын деп отырғаны – тұлан. Бұл сөз, рас, қазіргі кезде кейбіреулеріңізге бейтаныс болып та бара жатыр. Жас бұзаулаған сиырдың төлі өліп қалғанда сол өлген бұзаудың терісіне сабан тығып (тұлып жасап) енесінің көз алдына әкеліп қоятын болған, сонда сиырдың сүті қайтадан сауғанда исініп тұрады. Міне, шаруашылық өмірдегі осы әрекет «алдамшы, жалған нәрсеге шығады» деген мағынаны білдіретін «құр тұлыпқа мөңіреді» деген тұрақты сөз орамының жасалуына негіз болды.

Белгілі ағартушы, ғалым С.Торайғыров өлеңдерінде мынадай жолдар бар:

Елде егер жүрсең келмей ұмытпассың,

Сүйгенде сырттан кір сөз жуытпассың.

Тұлыпқа мөңіреген сиырдай боп,

Көрумен сүйген жарың мауық бассын.


Тілімізде толып жатқан өзара мәндес, мағыналас сөздер бар. Бұл қасиетті сөздерді иіні келген орайда белгілі бір мақсатқа сәйкес талғап, саралап, дәл жұмсауға үлкен мүмкіндік береді. Алайда мағыналас сөздер бір-біріне қаншама жақын, мәндес болғанымен, тәуелді сөздердің бірінің орнына бірін талғаусыз жұмсай беруді сөздің стильдік қасиеті көтермейді. Масалы: «Құтты болсын жас ұрпақ, қолға ұстаған туларың». «Керек жерінде Жошы нәсілі де екі қолын қанға бояп шығары хақ». «Он бес байталдың ықыласын судай сапырған Қордабайдың негізгі қонысы Біржанның үйі болды».

Сырт қарағанда осы сөйлемдерде пәлендей дерлік қате жоқ тәрізді. Бірақ сөз дәлдігіне қойылар талапқа сай емес мағынасы бір-біріне жақын мәндес сөздер болса да, ол өз орнын дәл таппаса сөздің стильдік ерекшелігіне, құрылысына үлкен нұқсан келтіреді. Бұл жерде «ұрпақ», «нәсіл», «қоныс» деген сөздердің орнына мына сөздерді қолдану әлдеқайда дәл болар еді. Мысалы: «Құтты болсын жас буын, қолға ұстаған туларың», «Керек жерінде Жошы тұқымы де екі қолын қанға бояп шығары хақ», «Он бес байталдың ақшасын судай сапырған Қордабайдың негізгі тұрағы Біржанның үйі болды».

Сөз дәлдігі - әдеби стильдерінің бәріне бірдей қасиетті сапа. Дегенмен сөз туралы әңгіме болғанда, бұлардың ішінде зерттеушілердің алдымен ауызға алатыны – ғылыми стиль, іс қағаз стилі. Сөз дәлдігі сөйлеу тіліне де қатысты. Мысалы:

Оқуды қызыл дипломмен бітірді – университетті үздік дипломмен бітірді.

Емтиханнан құлап қалды – емтиханды тапсыра алмады.

Зейнеткерлікке шықты – құрметті еңбек демалысына шықты.

Бірінші сыныпқа барды – мектеп табалдырығын аттады.
Сөйлеу тіліндегі осындай қолданыстың біріне дәл, біріне дәл емес деген тәрізді қатаң талап қойылмайды. Ал, ресми қолданыста (өтініш, өмірбаян, түсінік хат т.б.) бұл тәрізді еркіндік болмайды. «Оқуды қызыл дипломмен бітірді», «бес алды» т.с.с. тәрізділер ресми тіл стандартына немесе бетпе-бет сөйлесудегі белгілі бір оқу орындарының, мекеме, көсіпорын құжаттарындағыдай толық айтып жатудың орнына «институтқа бардым», «мектептен келдім» деп, ықшамды айту да орында деп есептеледі.

Тілде толып жатқан мағыналас сөздер бар. Әдеби тілдің функционалдық арналарының кейбірінде (сөйлеу тілі, көркем әдебиет) олар белгілі бір мақсатқа байланысты жарыса қолданылып та жатады. Ресми қолданыста олай емес, синонимдер мен мағыналас сөздердің бірде анауын, бірде мынауын жұмсау тым шектеулі болады. Бұл стильде тілдегі әр түрлі нұсқалардың бәрі бірден қабылданбай, біреуі ғана негізге алынады. Мысалы: «Екі мәрте олимпиада чемпионы - Екі рет олимпиада чемпионы, Халыққа тұрмыстық қызмет өтеу орындары - Халықтың тұрмыстық қажетін өтеу орындары», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі - Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген артист» т.б. (осының алдыңғысы алынады).


Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. «Сөздің дәлдігі, сөздің нақтылығы» деген ұғымдарды қалай түсінесіңдер? Бұл туралы өз ойларың қандай, оны қандай мысалдармен дәлелдеп айтуға болады?

2. Тіліміздегі сөздерді мағынасына сай қолданбау, дәлдіктен көз жазып қалу қандай тілдік ерекшелікке байланысты, ол үшін әрбір сөйлеуші немесе сөз қолданушы қандай заңдылықтарды қатаң негізге алу қажет?

  1. Кейбір авторлар «бір тілдің лексикасында мүлде бір мағынада айтылатын екі немесе бірнеше сөз жоқ, сондықтан бұл сөздердің ұқсастығын абсолюттік ұқсастық деуге болмайды» деген дәлелдер келтіреді. Осыны қандай мысалдармен тұжырымдап айтуға болады? Осындай ойдың сөз дәлдігіне қатысы бар ма?

  2. Тілде толып жатқан өзара мәндес, мағыналас сөздер бар. Алайда мұндай сөздер бір-біріне қаншама жақын, мәндес болғанымен, олардың бойындағы рең, жұмсалу өрісіндегі айырма стильдік қолданысқа да тәуелді. Осындай ерекшелікті қалай түсінесіңдер, нақты мысалдар келтіріп, бір-бірімен салыстырып көріңдер.

5. Кейде жеке бір сөздің не сөз тіркестерінің бірнеше нұсқасы болады. Нұсқалы сөздер екен деп мұндайларды сөйлеу тілінде бірінің орнына бірін қолдана беруге бола ма, әлде болмай ма? Сөзді өз орнымен қолдана білуге бұның қандай зияндылығы бар? Дәлелдеп көріңдер.
1-тапсырма: Төмендегі бір-біріне мәндес болып келетін нақыл сөздерді өз орнымен қолданып, шағын мәтін құрастырып көріңдер. Бұл сөз тізбектерінің дәл мағынасында жұмсалып тұрғанына өз ойларыңмен талдау жасап, әр сөйлемнің стильдік реңктерін түсіндіріңдер.

а)... Қазанға не түссе, қасыққа сол ілінеді - Не ексең, соны орасың;

б) Жалаң болмайын десе, теңіз де суалып қалады, сұмырай келсе, су құриды;

в) Желсіз жапырақ та желбіремейді - жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды;

г) Ертеңгі тауықтан, бүгінгі жұмыртқа артың - аспандағы тырнадан, қолдағы торғай артық;

д) Өлім қаупін туғызды - ажал отын шаша бастады;

е) Үріп ауызға салғандай - жүзіктің көзінен өткендей;

ж) Соқырға таяқ ұстатқандай - тайға таңба басқандай;

з) Ит терісін басына қаптады - жер-жебіріне жетті.
2-тапсырма: Ақын-жазушылардың, данышпандардың, ұлы адамдардың даналық сөздерінің жалғасын төмендегі тірек сөздерді негізге ала отырып, тиянақтап көріңдер.

а) Бәлеқор жаныңда болса, ... Ж.Баласағүни.

б) «Қорқақтық, ездік, аяңшақтық, көнбістік - ... Ғ.Мүсірепов.

в) «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - ... Б. Момышұлы.



г) Жарғанат жарықты сүймейді,... С.Сарай.

д) Ізденсе, талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнттамаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның... Ж.Аймауытов.

е) Өмір жолы қандай қызықты, қандай қиын, үңіле қараған адамға оның қызығы мен қиындығында емес пе? Өмір жолы үлкен қозғалыс: ол қозғалыс әрқаша да алға, алысқа құлаш сермейді,...» М.Ғабдуллин.

ж) Мен де қазақпын жаралған сүйек-еттен, Менде ар бар, менде ой бар жан тебіренткен,... Б.Момышұлы.



з) Балаға сіңірген ата еңбегін бала өмірі ақтап бола алмайды. Балаға деген махаббатыңа ешбір махаббат теңдесе алмайды, ...» Ғ.Мұстафин.

й) «Шын махаббат, шынайы махаббат өтірікпен әсте сыйыспайды. Ондай махаббат қорлыққа да, зорлыққа да риза болып шыдайды,...» С.Мұқанов.

к) Адам дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бермейді, ... Б.Бұлқышев.
Тірек сөздер: Ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады; сүйген жүрек, адал жүрек есептесуді білмейді; ол өле-өлгенше суынбайтын махаббат; Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткем; бәледен бас алмассың; құлдықтың ең жаман түрі; сатқындық; күншіл ғылымды сүймейді; жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес; талай өркешті толқындарды да кездестіреді.
З-тапсырма: «Ұяла білу де - әдептілік» тақырыбына арналған төмендегі мәтіндегі сөйлемдердің орны ауыстырылып берілген. Ой дәлдігіне байланысты сөйлемдерді өз орнына қойып, мәтінді тиянақта. Осы тақырыпқа байланысты ой толғап, сұхбаттасып көріңдер.

а) Ұят - адам қасиетін бағалайтын сезім. Ол сезім отбасында ересек адамдардың әңгімесін есту арқылы бала кезден адам бойына сіңеді. Бедел мен абыройға қарапайым еңбегің арқылы, байыпты сөзің арқылы, мейірімді мінезің арқылы, әдеп сақтауыңмен, жөнсіз әрекеттерден бойыңды аулақ ұстауыңмен, үлкенді тыңдау, сыйлау, құрметтеуіңмен жетесің. Ұят - ең нәзік сезім, ол адамның беделімен, абыройымен тығыз байланысты.

Тапқыр ойыңмен, қатар құрбыларыңның алды болуыңмен, достық-жолдастық қарым-қатынасыңмен, ибалылығыңмен, ынта-жігер, талабыңмен, тындырымдылығыңмен, жақсыны жаманнан айыра алуыңмен, оларға деген игі де ізгі ниетіңмен, жек көру, жақсы көру ләззатыңмен ие боласың» (М.Тілеужанов).

б) «Ұяты барлар, яғни, арлы, ожданды, парасатты жандар жаман әдеттерден бойын аулақ салады. Ал өтірік пен ұрлыққа үйір болу - нағыз ұяттың ұяты. Көрсе қызарлыққа салынбайды, ащы судан қашық жүреді, темекі-шемекі дегендер тентектердің ісі деп, олардан бойын аулақ ұстайды. Олардың зияндылығы адамды орға жығуы мүмкін» (М.Тілеужанов).


4-тапсырма: Төмендегі мақал-мәтелдерді тақырып ретінде алып, түрлі жанрда (әңгіме, мақала, мысал) шағын мәтіндер құрастырып көріңдер. Әрбір сөйлемдегі ойдың дәлдігіне, нақтылығына, ықшамдылығына көңіл бөліңдер.

Мысалы: Өлімнен ұят күшті. Ұлы сөзде ұят жоқ. Ұяң адам - ұялшақ, ұятсыз адам - сұраншақ. Білмегенді сұраудың ұяты жоқ. Өзі ұялмаған кісі бетін шиедей қылады. Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді. Ұялу -мәдениеттілік. Қыздарымыз - ел намысы, ел ары, ел гүлі. Туған жер үшін күрес - ұлға тиген үлес, ар үшін күрес - қызға тиген үлес т.б.

Сөз байлығы
Тіл байлығы - елдің елдігін, жұрттылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері.
Сөздік қоры мол, әдеби тілі жатық, өз ойын анық та көркем түрде жеткізе білетін адамды - сөз байлығы мол, тілі оралымды, жан-жақты жетіліп, дамыған деп айтуымызға болады. Сөзді орынсыз қайталау тілдің коммуникациялық қызметін күрт темендетеді, ойды дәлме-дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болады. Аз сөзбен көп мағына беру принципі бұзылады. Кейде белгілі бір мәтінде, не бір әдеби шығарманы оқып отырған кезде сол автордың сөздік қоры қаншалықты мол немесе қаншалықты кедей екенін түсініп отырамыз. Сөзді орынды қолдана білу жөнінде профессор Қ. Жұбанов былай дейді: «Қиюын тауып қаламасаң, байлауын тауып ұстатпасаң, сөз бөлшектері де сөгіліп кетеді. Ондай сөгіліп кеткен сөз - сөз болмай шығады немесе адамға арнап салған үйің құстың күркесі болып шыққандай керекті сөз болмай, басқа бір сөз болып шығады».

Ой айқындығының қамқоршысы болғысы келген кісі сөзді саралап талғап, әдемі сөз оралымдарын дәл қолдана, жеткізе білуі керек. Кейбір зерттеушілер белгілі бір жазушының тілі жайында сөз қозғай қалса, «қаламгер тілге бай, халық тіл байлығын мейлінше мол пайдаланған» тәрізді тұжырымдарды жиі қолданатынын байқаймыз. Мұның барлығы да жалпылама түрде жай айтыла салған ойлар сияқты. Әйтсе де, әрбір жазушының қанша сөз қолданғанын, қандай тұлғалармен қаншалықты түрлендіре түскенін нақтылап, санап шыққан ешкім жоқ. Мұндайда болжаммен қорытынды жасаудан гөрі нақтылы дерекке табан тіреу тиімдірек екендігі белгілі. Мәселен, «Абай жолы» эпопеясының сөз шұрайы, тіл кестесі келісті, өрнекті сөз адамдарына мейлінше бай туынды екендігі әлдеқашан мәлім болған. Жазушы «Абай жолында» 16983 сөз қолданған. Орыс халқының белгілі ақыны А.С. Пушкин сөз шығармашылығында 21197, В.Шекспир 15000 сөзді өз қажетіне жарата білген.

«Абай жолы» эпопеясында бір және екі рет қолданылған сөз саны 8698. Пушкин шығармаларындағы мұндай сөздердің саны 9301. Бұл - тіл байлығы деп аталатын коммуникациялық сапаның обьективті құбылысы екендігін көрсетеді. Бұл айтылған әңгімелерге қарағанда, тіл байлығы тек лексикамен ұштасып жатады деуге болмайды, тіл байлығы ана тілінің синтаксистік, морфологиялық жүйелерін де қамтиды. Тілдің морфологиялық, синтаксистік амал-тәсілдері, лексикалық қазынасы бір-бірімен астаса, ынтымақтаса, тіл табыса келіп, тіл байлығын құрайды.

Тілдегі сөздер аспан әлеміндегі жұлдыздар тәрізді. Жарығы бар, көмескісі бар, қас-қағым сәтте пайда болып, қас пен көздің арасында ғайып болатын келтелері де бар. Қазақ тіліндегі сөздердің саны қанша? Оның дәл санын ешкім айта алмайды. Ешбір тілде сөздің санын математикалық дәлдікпен айту мүмкін емес. Бірақ тіліміздегі сөздердің мыңдап, жүз мыңдап саналатыны белгілі. Оның үстіне кейбір сөздердің 20-30-дан астам мағынасы бар. Сөздің контекстегі мағынасын түп-түгел қамтыған сөздік лингвистика тарихында әлі жасала қойған жоқ. Кейде тілді теңіздей терең деу оның осындай сарқылмас байлығына байланысты айтылса керек. Тілімізде өлі де болса көпшілік қауымға бейтаныс мынадай сөздер кездеседі. Жеке айтыла қалар болса, оны әркім тура мағынасында түсінеді. Мысалы: Ақыр - малға шөп салатын орын, зәңгі - басқыш, баспалдақ; сыпыра - дастархан, еспекті - икемді, мазалырақ - аздап, жағабыз - дарынды, өнерлі; мәлік - балықтың мәлігі, жас өскіні.

Шындығында, көркем сөз зергерінің қаламына ілінгенше мұндай сөздердің талайымызға бейтаныс болғандығы рас. «Теңіз суының тұзы көбейген сайын балықтың ұрығы - уылдырығы мен жас ұрпағы мәлігіне бірден-бір қырғын апат» (Ғ.М.).

Әдеби тіл мүддесіне аса қажет, бірақ жеткілікті тіл аясынан шыға алмай немесе бір мағынада ғана жұмсалып жүрген сөздер қаншама?! Сондай сөздердің бірі - «қарындас». «Қарындас» сөзінің осы күнгі әдеби және актив мағынасы - ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны және ер адамға байланысты айтылғандағы жасы кіші әйелдің атауы. Бұл сөздің түпкі көне түркі жазба нұсқаларында көрсетілген мағынасы «туысқан адам, бір жұрттың адамы». Қазақ тілінде де бұл сөз бұрын жалпы «туысқандар, руластар, аға-інілер» деген ұғымда кеңірек қолданылған. Мысалы, Асанқайғының: Ол күнде қарындастан қайырым кетер, - дегенінде де, Шалкиіздің: Жайыңды білген қарындас. Ол қарындас әлі жолдас, - дегенінде де бұл сөз әйел жынысты адам туралы емес, жалпы туысқан жақын туралы айтылған.



Махамбеттің:

Тар қолтықтан оқ тисе,

Тарыққанда қайрылар

Қарындасым менде жоқ, - дегенінде ол әйел жынысты жақын туысын емес, өзінің соңына еретін, өзіне демеу болатын жақынды, руластарды айтып отыр, яғни өзі бастаған көтеріліс ісі үшін «жолы жіңішке» әйел туыстарының емес, өзінің қостайтын қалың ағайын-туыстарын іздеп отыр. Абай да бұл сөзді бірнеше рет жалпы ағайын, туыс рулас, тіпті ұлттас мәнінде қолданады: Қарындас қара жерге шыға алмай жүр (Абай 1, 34). Осы қуанышы бәрі де қазақ қарындастың ортасында» (Абай VІ, 180).

«Қарындас» сөзінің осы көне мағынасын қазіргі жазушыларымыз ертеректе өткен тарихи оқиғаларды суреттеген шығармаларында, эпостық негізде жазылған пьесаларында пайдаланады. Мысалы: М.Әуезовтың «Қарақыпшақ Қобыланды» драмасында «Еңлік-Кебек-тегі» билер айтысында, Т.Ахтановтың «Ант» драмасында «қарындас» сөзі «ағайын, туысқан, бір рудың адамы» деген ұғымда орынды қолданылған.

Тілдің лексикалық байлығы тек атауыш сөздермен шектелмейді. Ана тіліміздегі сөздердің енді бір қатары халықтың таным-білігі, зерттеуі, ой қорытуына байланысты пайда болған. Ондай сөздердің номинациялық ерекшелігінен гөрі ұғымдық қасиеті басым болады. «Мал » сөзінің ұғымы - жылқы, сиыр, қой, ешкі т.б. атауларды қамтитыны белгілі. Кейбір деректерге қарағанда, қазақтың мал шаруашылығы екі түрге бөлінген: біреуі - ақ мал (жылқы), екіншісі - қара мал, яғни, қыста қораға қамайтын мал деген ұғымдарды білдірген. Күйіс малы «қара мал» деп аталса, қыста қорада бағылмай, далада жайылатын жылқы баласы «ақ мал» делінген. Ал, «аяқты мал» деп - түліктің тебіндеп жайылатын түрін айтады. Оған: жылқы, қой, ешкі жатады.

«Жылқы» сөзі - төрт түліктің бір түрінің атауы. Шаруа адамы жалпы қыл құйрықты, «жылқы» деп атағанымен, олардың қадір-қасиетін ажыратып отырған. Жылқыны алдымен «қазанат» және «жабы» деп үлкен екі топқа бөлген. «Қазанатқа» - бәйге аттары, жаугершілікте мінетін аттар жатқызылып, олар өлең-жырларда «сөйгүлік, арғымақ, тұлпар, қазмойын» деп дәріптеліп отырған.

Мысалы:

Арғымақтан туған қазанат,

Шабуыл салса нанғысыз,

Қазанаттан туған қазмойын,

Күніне көз көрініп жер шалғысыз» (М.Ө).

Ал «жабы» сөзі нашар, жарамсыз жылқы деген сөздердің орнына жұмсалады. Бірақ бұлай деу - жабыны қазанатпен салыстырғанда қолданатын бағалау.

Әйтпесе, жабы - еті, сүті мол нағыз шаруа малы. Жылқы малына байланысты «керік», «керен» деген сөздер батырлар жырында жиі кездеседі. «Керик» сөзі қырғыз эпостарында да кездеседі. Бұл - носорогтың атауы. Қазақ тілінде де «керік» - носорог.

Керік сияқты айбарлы жануар аузын ашқанда соншама қорқынышты болатындығы мәлім. «Керік» сөзі эпостарда «ат, батырдың, палуанның мінген аты» деген мағынада қолданылады.



Мысалы:

Сол уақытта бір палуан,

Келе жатыр ұмтылып,

Аяғын жерге сүйретіп,

Мінген керкін үйретіп...

(«Алпамыс батыр» жырынан).

Бұл жердегі «керік» - «ат» сөзінің синонимі, бірақ жағымсыз кейіпкерге байланысты айтылады. Сонда керік мінген қалмақтың ханы, нышаны болып келеді. Соған қарағанда, «керік» деп жалпы атты емес, бойы аласа деген сияқты жылқының белгілі бір тұқымын атаса керек.

Сөз байлығының бір саласы - жер-су атаулары (топонимдер) мен кісі есімдері (ономастикалық атаулар).

Жер-су атауларында көптеген ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбақтар болады. Өзен-су, қыр-қырат атаулары жердің табиғи көрінісіне, жаратылыс ыңғайына, жан-жануарларына қарай да атала беретіндігі белгілі. Мысалы: Қарағанды, Мойылды, Шілікті, Аршалы топонимдері сол жердің қазба байлығы мен өсімдік атауларына байланысты болса (фауна), Текелі, Жыланды, Арқарлы атаулары осы жерді мекендеген жабайы аңдар мен мақұлықтардың көптігіне байланысты болса керек.

Батыс Қазақстан облысында «Жайық», «Қалдығайты» деп аталатын өзен атаулары бар. «Жайық» сөзінің төркіні жөнінде пікір жазғандар оны «жайылған», «жайылыңқы», «жайлану», «жайласу» дегендермен салыстырады. «Жайықпен» тұлғалас сөзді қазіргі кездегі Алтай төңірегін мекендеген халықтардың тілінен табуымызға болады. Алтай төңірегіндегі «йайық» қалпында айтылатын сөз, қазақтар түсінігіндегі «су тасу, сел, тасқын» дегендермен сәйкес. «Тасқын» мағынасын беретін сөз чуваш тілінде өте ықшам қалыпта - «Яю» болып айтылады. Дәл осы мағыналы сөз сәл ғана дыбыстық өзгерістермен тува тілінде - «дажыл» түрінде кездеседі.

«Қалдығайты» - Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының жерін басып өтетін өзен. «Қалдығайты» өзені атауының шыққан төркінін монғол тіліндегі «бұлан» мағынасын беретін «хандгай» сөзімен ұштастыра қарау лазым. Бұл жерде қазақ тіліне ежелден жат «х» дыбысын «қ» алмастырса, монғол тіліндегі «н» дыбысы орнына жергілікті тұрғындар «л» дыбысын қолданған. Ал «д» мен «г» дыбыстары ортасына қысаң «ы»-ның қыстырылуымен «г»-ның «ғ»-ға ауысуы да қазақ тіліндегі заңдылықтан шет кетпеген. Осыдан келіп, «қалды-ғайты пайда болып, дөл қазақша мағынасы - «бұланды» дегенді аңғартады. Бұған қарағанда, өте ерте заманда өзен бойын бұландар жайласа керек. Дәл осындай жолмен пайда болған Қазақстан жерінде «Қандағатай», «Қандағайты» деп аталатын таулар да бар. Бұлардың да пайда болуына «бұғы» мағынасындағы «хандгай» сөзі негіз болған.

Ана тіліміздегі сөздердің тағы бір ерекше тобы бар. Бұл топқа жататын сөздер халықтың байырғы өткен өміріне, салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, билік жүргізу, т.б. әрқилы қоғамдық қатынастарға байланысты. Зерттеушілер кейбір археологиялық деректер арқылы қоғамдық институттардың принциптері мен заңдарын ашады. Ал, тарихта археологиялық деректен үнсіз қалған тұста ше? Онда сөздер сөйлейді. Сондай сөз тізбектерінің бірі - «тәу ету, тауап қылу».

«Алпамыс батыр» жырында Байбөрі байдың қуанышын:

Тілекті алма берді деп,

Бабаларым келді деп,

Тәу етті барып айналып, -деп суреттейді.

Мағынасы «бас иді, тағзым етті». Бұл тіркес о баста ислам дінін қабылданғанға дейінгі көзқарасқа байланысты пайда болған. М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» пьесасында екі-үш жерінде «Ай көргендей тәу еткен» деген сияқты фразаларды қолданған.

«Тәу ету» нақтылы бір нәрсеге (малға, айға) бас июде айтылады. Қазақ тілінде «тәу ету» деген сөз тізбектерімен қатар «тауапету» фразасы да бар. «Тауап ету» тіркесі көбінесе «қағбаны тауап ету» түрінде кездеседі. «Қағба» -Меккедегі діни орталықтың, яғни құлшылық үйінің аты. Оның бір қабырғасына аспанға ілініп тұрған атақты қара тас қойылған Меккеге барушылардың барлығы осы тасқа қолдарын тигізбей кетпейтін болған.

«Тауап» - араб тілінде «бір нәрсені айналу» дегенді білдіреді. «Қағбану тауапету» - мешітті айналып жүру, яғни Меккеге барғандықтың белгісі. Кейбір ескі жырларда «тәу ету» мен «тауап ету» тіркестерінің арасында ұқсастығы мен мағынасы жағынан «бас ию» мәнінде жұмсауға себепкер болатын мынандай жолдарды кездестіруге болады. Мысалы: XIX ғасырдағы Нұрым жыраудың «Әтембетке айтқаны» деген толғауында:

Сондықтан сізге келгенім,

Қағбаға тауап еткендей,

Иіліп сәлем бергенім, - дейді.

Мұнда жырау «тауап ету» дегенді «бас ию - иіліп сәлем берумен» шендестіреді. Сонымен қатар, тілімізде «қыналы» деген сөз бар. Қырғыз тілдерінің оңтүстік говорында «қына» сөзінің мағынасы - аттың құйрығына тағатын әшекейлі бұйымның атын білдіреді. Мысалы: Жиенбет жыраудың бір өлеңінде кездесетін: «Қыналы бозға мінген ер, қыз қалмақты құшқан ер» деген жолдардағы «қыналы» сөзі осындай ұғымға байланысты айтылса керек. Сәндікті, барлықты, байлықты білдіру үшін астына мінген атының жал-құйрығын әшекейлеу дәстүрі бар.

Ал, Бұқар жырауда кездесетін: «Он саусағы қыналы, омырауы жұпарлы» дегендегі «қына» сөзі бұдан басқа. Мағынасы - «жіңішке салалы» дегенге саяды.

Қазақ тіліндегі «қынай бел» - «жіңішке талма бел, құмырсқа бел » деген мағынаны білдіретін фразеологизм. Сол сияқты «қыналы саусақта», «жіңішке, тартқан сымдай саусақ» болуы әбден ықтимал. Бұл - дәстүрлі, бейнелі тіркес, сондықтан тіркес ішіндегі жеке сөздердің мағынасы көмескіленіп, бұл күнде еркін тіркес құрамайтын сөзге айналған деуге болады.

Сұрақтар мен тапсырмалар:


  1. Сөз байлығы мол, тілі оралымды адам деп кімдерді айтуымызға болады?

  2. Бай әдеби тілді жетік меңгеру үшін кез келген мәдени ортада өз ойымызда еркін жеткізіп, әсерлі сөйлеу үшін бізге не қажет, ондай дәрежеге жету үшін әрбір сөйлеуші адамның әдеби білімі қандай болу керек деп ойлайсыңдар?

  3. «Тіл байлығы» деген ұгым ана тілінің лексика-фразеологиялық топтарының ғана емес, синтаксистік, морфологиялық амал-тәсілдерін де қамтиды. Яғни, бір-бірімен ынтымақтаса, тығыз байланыста қызмет атқарады. Осыны қандай тілдік материалмен байланыстырып дәлелдер едіңдер?

  4. Қазақстанның ұлттық телеарнасынан берілетін «Алтын қақпа» телеойынының алдына қойған мақсаты қандай? Көрермен қауымның тіл байлығын дамытуға бұл телеойынның тигізетін әсері қандай, осыны өмірмен байланыстырып, ой толғап көріңдер.

  5. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы қазақ халқының әдет-ғұрпына, мал шарушылығына, ойын-сауығына, төрт-түлік малына байланысты біздерге беймәлім сөздер мен сөз тіркестері бар (бие бауы, сабат) Мұндай сөздер мен сөз тізбектерін жиі қолдана білмеудің тіл байлығына қатынасы қандай?

6. Қазақстанның әрбір өлкесінде, облыстары мен аудандарында сол жергілікті жерге байланысты қойылған жер-су атаулары бар (топонимдер). Мұндай топонимдердің жергілікті хальқтың әдет-ғұрпымен, тұрмыс-тіршілігімен байланысты екендігін нақты мысалдармен түсіндіріп көріңдер.
1-тапсырма: Қазақ тілінің «Түсіндірме сөздігін» пайдалана отырып, төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасына талдау жасаңдар. Ақын-жыраулар поэзиясынан бұл сөздерге мысалдар келтіріп, қазіргі кездегі лексикалық мағынасына анықтама беріңдер. Әрбір сөздің құрамындағы дыбыстық өзгешеліктерді жіктеп көрсетіп беріңдер.

Қара орман, қара орын, қаттану, құрсану, қырқарлану, сақетер, сақсыр, сыбай, кетбоғы, жер болу, жер қылу, дем тарту, аса жұрт, байсал табу, айпарадай, несібе, таңуа, бажайына келтіру, медет тілеу, күстәнәлау т.б.


2-тапсырма: Төмендегі сөздердің мағынасын мақал-мәтелдермен жеткізіп, бір-бір шағын мәтін құрастырып көріңдер.

Үлгі: Сақтық, қырағылық - «Сақ жүрсең, сау жүресің», «Жаман көзден, жалған сөзден сақтан», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Сақтықты сұңқардан үйрен», «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар», «Жаздың қамын қыста ойла, бір ойлама, үш ойла» т.б.

...Жақсылық, кедейлік; қадір бедел; ниет, тілек; ынсап, қанағат; қайырымдылық, мейірімділік; шын-шылдық, адал достық; махаббат-сүйіспеншілік; іштарлық; көрсе қызарлық, жалған сөйлеу, өтірік айту; бел-сенділік, бір сөзділік; талапкерлік, намысшылдық; ар-ұят т.б.
3-тапсырма: Төмендегі сөздердің мағынасын тұрақты сөз тіркестерімен айтып көріңдер.

Үлгі: Топырақты өлім-жүріп кетті, о дүниеге аттанды, қайта оралмас сапарға кетті, жан тәсілім қылды, жаны шықты, бақилық болды, ақырғы демі бітті, жүрек соғысын тоқтатты, көз жұмды, қонақты болды...
Мылжың, бейпіл ауыз, жаулық, өштік, өткірлік, алыс, қайғыру, сырқаттанды, жас, бабына келу, маң дала, жасырын келу, тез қозғалды, қамқорына алу, менсінбеу, көңілсіз, күш бермеу, жазылды, үндемеу, жаратпау, жаңа қозғалмау, сұлу, жамандық, мән беру, анық, жақын, сергектік, шынын айту, көзге түсе беру, т.б.
4-тапсырма: Мәтіннің құрамындағы қарамен жазылған сөздердің мағынасына сөздіктерді пайдалана отырып, талдау жасаңдар. Әрбір сөздің немесе сөз тізбектерінің түп-төркінін анықтап, қай тілден келіп енгеніне мән беріңдер.
Қыстау

Үлкен кісілер қыста жауған қардың қалыңдығын: қырбақ, аттың қара тұяғынан, шамасынан, қызыласығынан, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан деп өлшейтін. Шынында да, біздің қыстаудың күнгейінде қабақ қар жатса, теріскейіндегі омбы қар аттың қары қапталынан келетін. Жан-жаққа жел үрлеп тастаған қасат қар жар қабақтанып, түксейіп-түксейіп тұрушы еді. Жұт жылдары осындай қалың қарды күрекпен ашып, астындағы сары шөпке мал жаятынбыз. Бұл бір ауыр бейнет қой. Кейде қия беттің қары жылжып кетіп, көшкін басып қала беретін. Сол үшін қыста үлкен сайдың күнгей бетіндегі қар жұқа түсетін, ықтасыны мол жыра-жықпылды қуалай қоныстанатын. Ал ол мал, бақсақ: ата-бабаларымыз малының қамына бола Арқадан Атырауға дейін көшіп-қонып жүре береді екен. Сөйтіп, өзіне қыс қысқан кезде пана болатын қонысты қыстау деп атапты.

Ендеше, шөбі шүйгін жайлы қонысты иемденіп алуға әркім-ақ тырыспай ма? Мұндайда кімнің іргесі бұрын тисе, қоныс сонікі болған. Әрине, малды адам, әлді адам. Қайда шұрайлы қоныс болса, сонда бұрын жеткен. Бірнеше жыл қыстаған соң, әлгі жер сол адамның атымен аталатын. Мәселен, ауыл адамдары: Көл бұлаққа қарай еңкейіп келе жатып Нұрғазының қыстауына соғып едім, биыл шөп ересен қалың шығыпты, - десіп әңгіме құратын (Н.Қазыбеков).
5-тапсырма: Этимологиялық сөздікті пайдаланып, мына сөздердің шығу тегіне, тарихына талдау жасаңдар. Тарихи жырлар мен эпостық шығармалардан мысалдар келтіріңдер.

...Алафа, алаш, алқалы, шар, сыбай, кешесі, жәреу-келі, берен, шара, толағай, сызу, сыншы, сары, оразды, қайдақ, шерлеп, тақуа, мақам, жаһат, шаһбаз, бастырма, хикмат...



Үлгі: алафа 1) олжа, пайда, табыс; 2) пара, алым, ауыз бастырық; 3) кәделі сыйлық, жөн-жоралғының атауы; 4) бедел, абырой.

Мысалы:

Қырық сан қара қалмақты

Жарлығына қаратқан...

Алафасын арттырып,

Арпалап атты қуантқан (Ш. Уәлиханов, I, 191).
6-тапсырма: Тіліміздегі жер-су атауларының өзі бір тарих. Оны білу, меңгеру үлкен мәдениеттілік. Сондықтан да мына жер-су, елді мекеннің атаулары қандай жағдайға байланысты пайда болған, байланысы бар ма, соны анықтап көріңдер. Ол үшін түсіндірме, этимологиялық, топонимдік сөздіктерді пайдаланыңдар.

Аманқарағай, Аңқаты, Арқалық, Балқаш, Боралдай, Жабасақ, Жоңғар Алатауы, Кеңгір, Қордай, Қызбел, Мойылды, Нарын, Саралжын, Сарыарқа, Тұран, Ұлытау, Ырғыз, Барбастау, Шілікті, Сайхын, Іле Алатауы, Қара төбе, Ойыл, Сағыз...


7-тапсырма: Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып көшіріңдер. Мәтіндегі «ар-ождан»,«ұят»,«әдептілік» деген сөздерге түсінік беріп, осы сөздерге байланысты мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден, ақын-жазушылардың ұлағатты сөздерінен мысал келтіріңдер.
Ар-ождан

Бұл істеген істеріңе жауапкершілікпен қарайтын бір ғана жан иесі бар. Ол - ... Өйткені, оның дана ақылы, ұшқыр сана сезімі және кісілігі оған... жүктейді. Міне, ол осы тұрғыдан алғанда ғана өзін жан-жануарлардан бөлектеп... үстемдігін көрсете алады.

Адам өзінің әрбір. осы жауапкершілік сезімі арқылы дұрыс орындауға тырысып бағады. Әлдебір жасаған. іштей күйініп, дұрыс істеріне сүйсінеді. Тіпті кейде орынсыз істері үшін өзін-өзі іштей жәбірлеп, екінші олай жасамауға сөз береді.

Иә, адамның ішінде оны. осындай бір құдіретті күш бар екені рас. Ол - ар-ождан.

Міне, кісі адамдармен. жасағанда өзінде осындай жауапкешілікті, яғни,. - .сезінуі керек. ( «Әдептілік кағидалары» кітабынан)

Көп нүктенің орнына қоятын сөздер мен сөз тіркестері:

...қарым-қатынас, жазалайтын, оқыс қылықтарына, ар-ожданды, әрекетін, жауапкершілік, табиғаттағы, адам, ғаламда.


Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет