Дәрістің мақсаты: сауат ашу кезіндегі көрнекі құралдарды пайдалану мен оның тиімді-тиімсіз жақтарын ажырату. Уақытты үнемдеу. Көрнекілік түрлері және олармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Дәріс бойынша қарастырылатын мәселелер Жоспары:
Сауат ашу кезеңіндегі көрнекі құралдар, «Кеспе әліппе»,
«Жазу үлгісі».
Дамытушы мақсатта дайындалатын көрнекілік түрлері.
Тоқсан бойынша жазба жұмыстарын алу кестесі.
Сауат ашу сабақтарына қойылатын негізгі педагогикалық талаптардың бірі – көрнекілік.. Ол – бастауыш мектеп тәжірибесінде бұрыннан қолданылып келе жатқан, оқытудың мұғалімдер жұртшылығының құрметіне бөленген дәстүрлі де тұрақты әдісі. Шынында да, бастауыш сыныптарда көрнекілік құралдарсыз бірде-бір сабақ өткізілмейді деуге болады. Өйткені, оқытудың мұндай құралдары оқушылардың қабылдау ерекшелігіне өте-мөте сай келеді. Сауат ашу сабақтарында қолданылатын қима әліппе мен кестелер, схемалар, ойыншықтар, түрлі заттық модельдер, жеке заттардың суреттері мен сюжеттік суреттер, плакаттар, оқу-техникалық құралдар, түрлі дидактикалық материалдар
– сабақ сапасын жандандырудың басты құралдарына жатады. Көрнекі құралдар, әрине, өзінен-өзі істің нәтижелі болуын қамтамасыз етпейді, мәселенің тетігі оларды орынды пайдалануда. Соған байланысты көрнекі құрал түрлерін орынсыз қолданып, сабақты ауырлатпау, оған берілген уақытты босқа жібермеу жағы мұқият ойластырылуы керек. Көрнекі құралдарды тиімді пайдалану мұғалімнің шеберлігі мен шығармашылық жұмыс
жүргізу дәрежесіне байланысты.
Сауат ашу кезеңіндегі ең негізгі басты құрал – «Әліппе» және «Әліппе серігі». Әліппенің бас жағында түрлі тақырыптарға салынатын суреттер де оқушылармен жүргізілетін дайындық жұмыстары үшін ең қажетті көрнекі құрал болып есептеледі. Бұл суреттер бір жағынан, лингвистикалық мақсат көздесе,
екінші жағынан, балалардың мектепке дейінгі үйренген сөздік қорын пайдалану арқылы тілдерінің даму деңгейін байқау үшін берілген. Әліппеден әрбір жаңа әріпті үйрету барысында жекелеген заттардың суреттері және тақырыптық суреттер де беріледі. Сонымен қатар онда балалардың ойы мен тілін дамыту үшін сюжетті картиналар, әңгімелер, жұмбақтар т.б. бар.
Әліппеге қосымша көрнекі құрал – кеспе әліппе. Кеспе әліппеден олар буын, сөз, сөйлем құрайды және оларды талдап, оқып үйренеді.
Әріптерді естерінде жақсы сақтау үшін суретті алфавит қолданылады; онда әрбір әріптің суреті мен атауы және сол әріптен басталатын заттың суреті саналады.
Әріптерді сақтауға арналған әріп кассасы жасалады. Әріп кассасының көлемі дәптердің ашып қойғандағы көлеміндей болады.
Қызыл, көк түсті төртбұрыштар жасалады. Қызыл дауысты, көгі дауыссыз дыбыстарды көрсетеді.
Бұл айтылғандардан басқа кестелер да қолданылуы мүмкін. Мысалы, дауысты, дауыссыз дыбыстарды өту барысында кесте қажет-ақ. Мұнда дауысты дыбыстың таңбасын қызыл түспен, дауыссыз дыбысты қара түспен ерекшелеуге болады.
Сөз құрастыру үшін буындар беріледі.
Жазу ұмыстарында пайдалану үшін арнаулы «Жазу үлгісі» ұсынылады. «Жазу үлгісінде» әріптердің элементтері, жазба үлгілері беріледі.
Әр мектепте оқушылардың партаға түзу, дұрыс отыруы бейнеленген және жазу кезінде қаламды дұрыс ұстау, отыру үлгілері бейнеленген плакаттар болуға тиіс.
Сауат ашу кезеңінде пайдаланатын дидактикалық материал да бар. Бұлар: сөздердің дыбыстық құрамын талдауға жаттығу үшін түрлі карточкалар; кейбір жағдайда – әріптің жартысы мен қалған жартысының орнына торкөз т.б.
Мұндай үлестіруге арналған дидактикалық материал – оқушыларға сөздің дыбыстық құрамын схемаға сүйеніп талдауы үшін көмекші құрал болып саналады. Оқушылар сөзді іштерінен айтады да, схеманы толтыруға кіріседі. (Дәптерге түсті бояу қарындашпен, тақтаға дөңгелекшемен, сызықшамен т.б.). Сөздегі дыбыстарды тәртібімен талдап, дауысты, дауыссыздарын анықтап, оқушылар әріптерден сөз құрауға кіріседі.
Алдыңғы дидактикалық материал екінші бір жолмен тағы
қолданылады: өтілген дыбыстардан қиындау буындар кездесетін сөздер құрастыру үшін; балаларға анағұрлым ауырлық келтіретін дыбыстарды қайталап, бекіте түсу үшін (жоғарыда көрсетілген дыбыстар, жіңішкелік, жуандық белгілер т.б.); картинкалармен жұмыс істеу үшін, логикалық жаттығулар орындау үшін; әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескеріп, жұмыс ұйымдастыру үшін.
Балалар оқып үйренетін «Әліппе» кітабында жекелеген суреттер, сюжетті суреттер, түрлі-түсті бояумен әдемі салынған схемалар, жұмбақтар және жаттығулар берілген. Бұл кезде балалар, жоғарыда көрсетілгендей, сөз, дыбыс, буын, сөйлем деген сияқты дерексіз ұғымдармен алғаш рет кездеседі. Бұл ұғымдардың мәнін нақтылап түсіндіру үшін көрнекі құралдардың (схема, сурет, кеспе әліппе, кестелер т.б.) пайдасы мол. Көрнекіліктерді ойын ретінде пайдалануға болады. Оның барлығы сабақтың нақты мақсатына байланыстырылып беріледі. Мұнда тағы да ескерілетін жай – бірден бірнеше көрнекілік ұсынуға немесе керегі болсын-болмасын, кез келген көрнекілікті (олар тіпті ашық түрлі түспен боялған, әдемі әшекейленген болса да) ұсына берудің қажеті жоқ. Себебі: тым көп көрнекілік те балалардың зейінін жинақтау, тұрақтандыру емес, керісінше алаңдатып, зиянын тигізуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |