Осының нәтижесінде инфрақызыл сәуле шығаруды еркін өткізетін ғаламшарда болуға тиісті жоғары температурада тепе-теңдік қалыптасады.
Біз судың майда тамшылары немесе мұз кристалдарынан тұратын Жер бұлтына үйренгенбіз. Шолпан бұлтының құрамы басқаша: онда күкірт тамшыларымен қоса тұз қышқылы болуы мүмкін. Бұлт қабаты Күн сәулесін қатты әлсіретеді, бірақ „Венера-11" және "Венера-12" автоматты ғаламшараралық бекеттері арқылы жасалған өлшеулердің көрсетуіне қарасақ, Шолпан бетіндегі жарық Жердегі бұлтты күндердің жарығындай екен. 1982 жылы „Венера-13" және "Венера-14" автоматты ғаламшараралық бекеттері жүргізген зерттеулер Шолпан аспаны мен оның ландшафы қызғылт-сары түсті екенін көрсетті. Бұл ғаламшар атмосферасындағы жарықтың таралу ерекшелігінен деп түсіндіріледі.
Жер тобындағы ғаламшарлардың атмосфераларындағы газ үнемі қозғалыста болады. Бірнеше айға созылатын шаңды дауыл кезінде тұмандай қаптаған шаң Марс атмосферасына көтеріледі. Шолпан атмосферасының бұлт қабаты орналасқан биіктігінде (ғаламшар бетінен 50-ден 70 км-ге дейін) дауылды жел болып тұратыны байқалған, бірақ осы ғаламшар бетіне таяу биіктіктегі желдің соғу жылдамдығы секундына бірнеше метрден аспайды.
Осылайша, кейбір ұқсастықтарына қарамастан, тұтасымен алғанда Жерге жақын ғаламшарлар атмосфералары Жер атмосферасынан күрт өзгеше. Бұл алдын ала болжап айтуға болмайтын жаңалықтың мысалы. Физикалық сипаттары жағынан ұқсас (мысалы, Жер мен Шолпанды кейде „егіз ғаламшарлар" деп те атайды) және Күннен бірдей қашықтықта орналасқан ғаламшарлардың атмосфералары өте ұқсас болуы керек деген саналы болжам алдын ала бекер айтылмаған. Шынында да байқалған айырмашылық себептері де Жер тобындағы әрбір ғаламшардың атмосфералық эволюциясы ерекшеліктерімен байланысты.
Жер тобына жататын ғаламшарларды зерттеу Жер атмосферасының пайда болу тарихы мен қасиеттерін жақсы түсінуге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен бірге ондағы экологиялық мәселелерді шешуде де мәні болады. Мысалы, ауаны былғаудан түзілетін Жер атмосферасындағы тұман-түтін өзінің құрамы жағынан Шолпан бұлтына өте ұқсас келеді. Марстағы шаңды дауыл сияқты, бұл бұлттар, егер біз Жер бетінде өмір сүруге және оны дамытуға қажетті жағдайды ұзақ уақытқа сақтап қалғымыз келсе, біздің ғаламшарымыздың атмосферасына шаң мен өндірістік қалдықтарды шығаруды шектеу қажеттігін еске салады. Марс атмосферасында бірнеше ай бойына созылатын және ғаламат аумақты бұлт болып жабатын шаң дауылдары ядролық соғыстың салдары қандай экологиялық апатқа апарып соғатынын көзге елестетіп ойландырады.
3. Ғаламшарлар беттері. Жер тобындағы ғаламшарлардың беттері де Жер мен Ай сияқты қатты. Жерден жасалған оптикалық бақылаулар олар жөнінде толық мәлімет алуға мүмкіндік бере алмайды, өйткені Меркурийді тіпті оның элонгациясы кезінің өзінде де жақсылап бақылау қиын, ал Шолпанның беті қалың бұлттан көрінбейді. Марста әрбір 15—17 жылда бір рет қайталанатын ұлы қарсы тұру кезінің өзінде (Жер мен Марстың ара қашықтығы мұндай сәтте 55 млн. км-ге дейін азаяды) ірі телескоппен өлшемі шамамен 300 км бөліктерін бақылауға болады. Дегенмен де, соңғы онжылдықтарда Меркурий мен Марс беттері жөнінде көп білуге, сондай-ақ жақын уақытқа дейін құпия болып келген Шолпан беті туралы да мәліметтер алудың мүмкіндігі туды. Бұл "Венера", „Марс", „Викинг", „Маринер", „Магеллан" автоматты ғаламшараралық бекеттері ғаламшарлардың маңынан ұшып өтуі немесе Шолпан мен Марс бетіне қонуы және Жерден жүргізілген радиолокациялық бақылаулар арқасында жүзеге асты.
Қазаншұңқырларға толы Меркурай беті Ай бетін еске түсіреді (40-сурет). Онда Айға қарағанда „теңіздер" аз, оның үстіне олар шағын. Меркурийдегі Аптап Теңізінің диаметрі Айдағы Жаңбырлар Теңізі сияқты 1300 км. Меркурий бетінде тіктеме жарлар ондаған және жүздеген километрге дейін созылып жатыр, шамасы, бұл Меркурийдің бір замандағы тектоникалық белсенділік әсерінен беткі қабатының араласып және жылжуынан пайда болған. Қазаншұңқырлардың көпшілігі де Айдағы сияқты оған метеориттердің құлауы нәтижесінде түзілген. Қазаншұңқырлар аз аймақтарынан оның бетінің жас аудандарын көреміз. Жиектері құлап жарылған ескі
40-сурет. Меркурий бетінің аймақтары.
41-сурет. „Венера-14" автоматты ғаламшараралық бекеті Жерге жіберген Шолпан бетінің панорамасы.
Достарыңызбен бөлісу: |