«Қатынас этикасы мен психологиясы» пәнінің мәні, мақсаттары мен міндеттері
Адам қоғамда өзiн қоршаған адамдар тобында өмiр сүредi және дамиды, оның талаптарына сәйкес өз ойлары мен мiнез-құлқын өзгертедi, топтың басқа мүшелерiмен өзара әрекеттесу арқылы әртүрлi байланысты сезiнедi. Қарым-қатынассыз жеке адамды түсіну, оның дамып жетілуін талдау мүмкін емес.
Қарым-қатынаста адамдар өзін көрсетеді, өзі үшін және басқалар үшін психологиялық қасиеттерін аша түседі. Сонымен бірге ол қасиеттері қарым – қатынаста қалыптасады да. Адамдармен қарым-қатынаста адамның адамзаттық тәжірибені игеруі, қалыптасқан мораль, құндылықтар, білім мен іс-әрекет түрлерін игеруі, жеке адам және дара адам түрінде қалыптасуы іске асырылады. Яғни қарым-қатынас адамның психологиялық дамуының маңызды факторы. Педагогикалық этика / әдеп/ - этика ғылымының өзіндік тарауы болып табылады және педагогикалық мораль ерекшелігін зерттейді, педагогикалық еңбек саласындағы жалпы адамгершілік ұстанымдарының жүзеге асыру өзгешелігін анықтайды, оның функциясын, этикалық санат мазмұны принціптерінің өзгешелігін ашып көрсетеді. Сонымен қатар, педагогикалық әдеп оқыту - тәрбиелеумен кәсіби түрде айналысатын адамдар арасындағы және кәсіби ортадағы адамгершілік қатынастар мен мұғалімнің адамгершілік қызметтерін және мұғалімдер ортасында қалыптасқан өзгеше тәртіп пен мінез –құлық т.б. зерттейді.
Мұғалімнің педагогикалық беделі - оның оқушылар мен мұғалімдер және әріптестер ұжымындағы моральдік статусы, бұл құрмет пен құрметке ие болып жүрген беделді де, құрметті ұстаздың тәрбиеленушілердің тәртібі мен нанымдарына әсер ететін өзіндік тәртіп түрі. Педагогикалық бедел мұғалімнің осыған дейінгі алған моральдік-этикалық және психологиялық-педагогикалық даярлығына байланысты. Оның деңгейі білімнің, зеректіктіктің, шеберліктің тереңдігімен және өз еңбегіне деген ерекше қатынасымен анықталады.
Кәсіби - педагогикалық қарым-қатынас әдебінде стиль де маңызды рөл атқарады. Педагогтың оқушыларымен ара-қатынас стилі – бұл әлеуметтік және адамгершілік санат. Ол көптеген маңызды факторларға сай қалыптасуымен қатар, соған тәуелді болады:
· адамның психикалық қалыптасуына;
· оның құндылық бағытына;
· білім деңгейі мен жалпы мәдениетіне;
· маңындағы әлеуметтік ортаның әсеріне;
· адамдардың беделіне (педагогтың қалыптасыуына барынша ықпал еткен тәжірибелі педагтардың өнегесі)
Педагог өзінің оқушыға жасайтын психологиялық ықпалын ескере бермейді, ал бұл болса назардан тыс қалмайтын жағдай. Педагог әр баланың жүрегіне жол тауып, оның жан дүнесінің «құлпын» аша білуі тиіс. Ол өзінің бір ауыз сөзі бала өмірінде үлкен рөл атқаратынын және оны өмір бойы есіне сақтап қалатынын білуі керек.
Педагог пен оқушы қарым-қатынасының талаптарын қалыптастыру қажет десек, олар:
· сенімділік;
· баланы тыңдай білу;
· өз ара түсінушілікті негізге алу;
· іскери қарым-қатынас;
ықпал етуден өз ара әрекет жасауға көшу қабілеті;
Бұл үрдерістің барысындағы ең маңыздысы мұғалімнің қарым-қатынас шығармашылығы болып табылады. Бірдей тапсырманы, бірдей әңгімені мұғалім әр түрлі ырғақпен, әр түрлі көңіл-күймен беріп, өткізе алады. Педагогикалық қарым – қатынас ережелері:
1. Өзіңіздің балалармен қарым-қатынасыңыз туралы ойлаңыз, оны құрыңыз;
2. Педагогикалық қарым-қатынас құру кезінде педагогикалық мақсатты ғана көздеп қоймай, баланың мүддесін де ескеріңіз.
3. Өз сөзіңізді бір балаға немесе балалар тобына нақты бағыттаңыз.
4. Қарым –қатынасты «билік» түрінде құрмаңыз. Ең кішкентай сәбидің де қарым -қатынаста өз еркіндігіне талпынатыны есіңізде болсын.
5. Балалар ұжымындағы психологиялық атмосфераны тани біліңіз, бұл баламен қарым-қатынасқа көмегін тигізеді.
6. Балаларды тыңдай біліңіз.
7. Өзіңізбен қарым-қатынас кезінде олардың көңіл-күйін сезе біліңіз.
8. Балалар арасында егестер болуы мүмкін екенін және өзіңіздің педагогикалық дәрменсіздігіңіз арқылы оны ушықтырып алуға болатынын ұмытпаңыз.
9. Баланың қателігін айту кезінде әдептірек болыңыз.
10. «Қиын» мәселелерден аулақ болу үшін «неге?», «не үшін?» деген сұрақтан бастаңыз.
11. Қарым-қатынас барысында бастамашыл болыңыз.
12. Қарым-қатынас кезінде әсіресе қыздарға көңіл бөліңіз. Олар мейлінше нәзік, әрі эмоцияға жақын.
13. Балармен қарым-қатынас кезінде бір қалыпта (тура жоспар бойынша) әрекет жасаудан аулақ болыңыз.
14. Кейбір балаларға деген жеккөрішін сезімінен аулақ болып, оны жеңе біліңіз.
15. Констурктивті бастамасыз жасалған жұмыс (тек қана сынау) еш нәтиже бермейді.
16. Балаларға жиі күлімсіреңіз.
17. Балаларды жиі қолдап, мадақтап, мақтап отыруға тырысыңыз.
18. Балалар сіздің өзіне қалай қарайтыныңызды білуі тиіс. Баланың тәртібіне берген сіздің бағаңыз оның өзіңізге деген қарым-қатынасын қалыптастырады.
19. Әр баламен қарым-қатынасыңызды есте сақтаңыз. Есіңізде болсын, Сіздің қарым-қатынасыңыздың өзгеруі баланың негативтік тәртібіне әкеп соқтырады.
20. Әр әңгімеге дайындалып, әңгімелесу стратегиясын құру керек.
21. Балалардың өсіп келе жатқаны және олардың алғашқы тәртібі өзгеріп отыратыны есіңізде болсын.
22. Мұғалім мен сыныптың, тәрбиеші мен топтың арасында кедергілер орын алуы мүмкін. Бұл арада топтағы, сыныптағы, балалар арасындағы әлеуметтік-психологиялық жағдайды ескеру керек.
Сонымен қатар ынталандыру, жазалау және мадақтау тәсілдерін пайдалана отырып, мұғалім әр балаға қатысты ерекше әдепті болуы тиіс. Оқытушыны ұжымы қолдамағанда немесе оқушылар бұл мақтау негізсіз деп есептеген жағдайда мадақтау әдепсіздік. Жаза қолдану кезінде тәрбиеленушіге құрмет пен талапты біркелкі қоя білу өте маңызды. Оқушы қылығына ренжуге, әсіресе бар ашуды баладан алуға, жеке басын қорлауға жол бермеңіз.
Кәсіби этика әріптестерімен және басқа адамдармен түрлі жағдайларда, ресми және бейресми қарым – қатынастар барысында көрінетін маманның жалпы мәдениеттілігі деңгейінің жоғары болуын көздейді. Демек, педагогтың өмірінде қарым-қатынас мәдениеті ерекше рөл атқарады.
Әдепті және қарым-қатынас мәдениетінің негізгі талаптарын білу педагогтың өзіне де, өзі оқытып, тәрбиелеп жатқан балаларға да қажетті.
Мұғалім сенімділік, сыйластық және сүйіспеншілік тәрізді сезімдерді тудыра білуі керек, оларсыз ұстаз шынайы бедел болмайды. Өзіңізге айналадағы адамдардың қалай қарайтыны жөнінде және ол неге байланысты екенін ойланып көріңіз.
Адамдармен жақсы қарым-қатынас құру мұғалімнің кәсіби қасиеті - оқушыны тыңдай, ести білуіне тәуелді. Педагогтың ең маңызды кәсіби қасиетінің бірі -көшбасшылық қабілетінде.
Достарыңызбен бөлісу: |