Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы,
Дүкен негізгі мектебі
Cәрсенов Серік Сағынбайұлы
Жігітке жеті өнер де аз.
Мақсаты: Оқушыларды ұлттық салт – дәстүр негізінде білімін кеңейту. Адамгершілікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Татулыққа, ынтымақтыққа, бірлікке шақыру.
Көрнекілігі: қатысушылардың қолынан шыққан туындылары қойылады.
Барысы:
Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата – аналар, оқушылар!Сіздер бүгін « Жігітке жеті өнер де аз » атты жігіт сұлтаны сайысына қош келдіңіздер. Жігіттеріміз өз өнерлерін ғана көрсетіп қана қоймай, біздің салт – дәстүрімізді, ұлттық ойындарымызды, шеберліктерін, онымен қоса білімділіктерін, шеберліктерін көрсетеді. Олайда жігіттерімізге сәт – сапар тілей отырып, «Жігітке жеті өнер де аз » атты жігіт сұлтаны сайысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Ата жолын жалғамақ,
Ел намысын қорғамақ.
Жігіттер шықсын ортаға,
Бүгін сұлтан атанбақ.
Қайсысы күйші, кім биші,
Талабына қарайық.
Кімдер зерек, кім жылдам,
Таланттарын табайық.
Құрметті көрермен қауым! Енді сайысқа түсетін жігіттерді қол соғып, қошеметтеп шақырайық.
Құрметті көрермендер, енді бүгінгі сайыс шарттарымен, оған қатысушылардан талап етілер тәртіптермен таныстыралық. Жалпы сынақ түрі алтау.
Негізгі бөлім.
1) Таныстыру.
2) Өнер сайысы ( ән, жыр, сықақ, би, көркем сөз оқу )
3) Сұрақ – жауап ( 30 секунд )
4) Поэзия минуты.
5) Күш атасын танымас ( кезек бойынша )
а) батпан көтеру
ә) еденге қол тіреп көтерілу
б) қол күрестіру
6) Қолөнер (үй тапсырмасы–зергерлік, сурет салу, ағаш немесе темірден жасалған бұйымдар т.б.
7) Қорытынды.
Өнер қуып серілер өтер деймін,
Бір басына өнер жетер деймін.
Бәсекеге түскен бес сері кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтер деймін.
Таныстырсын өздерін,
Тамылжытып сөздерін.
І бөлім « Өзін - өзі таныстыру »
Таныс болдық серілер тегіменен,
Туып - өскен, мекені, еліменен.
Серілердің бәрі ақын көрінеді,
Таныстырып кетті ғой төгіп өлең.
Ал кімнің өнері бар қаншалықты,
Би билеп, ал біреу ән салыпты.
Бүгінгі сынды озып бәйге алуға,
Серілер аянбай – ақ жан салыпты.
Өнердің нәр береді шапағаты,
Әркімнің өнерге бар махаббаты.
Талпынып біреулерің шығыңдаршы,
Халайық қошаметтеп қол соғады.
« Өнерліге өріс кең » деп халқымыз айтқандай серілер өнерлерін тамашалайық.
ІІ бөлім « Өнерлі өрге жүзер »
Қазақтың түрлі – түрлі дәстүрі бар,
Оның сырын ашқанға жұрт қызығар.
Жауаптарын таба ма екен жастарымыз,
Сол себептен қоятын сұрақтар бар.
ІІІ бөлім Сұрақ – жауап.
Бес қаруды атаңыз. ( Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта )
Аттың ер – тұрмандарына нелер жатады? ( Жүген, желдік, тоқым, ер құйысқан, өмілдірік, үзеңкі, аткөрпе, тартпа, қамшы )
Үш тәтті не? ( Жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті )
Төс кімге тартылады? ( Күйеу балаға )
Шешеңнің әкесі саған кім? ( Нағашы ата )
Ұрып соғатын қару. ( Шоқпар )
Сөздің ең түпкі бөлшегі. ( түбір )
Түйе пірі ( Ойсылқара )
Қазақ хрестоматиясын жазған кім? ( Ыбырай Алтынсарин )
Герб сөзінің қазақша баламасы. ( Елтаңба )
Тәуке ханның қазақ тарихындағы ең үлкен еңбегі қалай аталады? ( Жеті жарғы
« Менің атым Қожа » повестінің авторы кім? ( Бердібек Соқпақбаев )
Тік бұрыштың қабырғалары туралы туралы теорема авторы? ( Пифагор )
Үйленген ұлға берілетін үлес. ( енші )
Тұңғыш қазақ ғарышкері. ( Тоқтар Әубәкіров )
Асықтың ең үлкені. ( Сақа )
Ер қанаты ( Ат )
Аққудың баласы. ( Көгілдір )
« Аттандыру » өлеңінің авторы? ( Жамбыл )
Тісі түскен адам. ( Кетік )
Жабайы аңдарды өсіретін жер. ( Қорық )
Абайдың әжесінің есімі. ( Зере )
Мұсылман діні. ( ислам )
Абайдың қанша қара сөзі бар? ( 45 қара сөз )
Ең алғашқы қазақ әдебиетіндегі роман?( М.Дулатовтың « Бақытсыз Жамал »)
Абылай ханның шын аты? ( Әбілмансұр )
Үш жүз? ( Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз )
Үш арсыз не? ( Ұйқы, күлкі, тамақ )
Тік төртбұрыштың ауданын қалай табамыз? ( Ұзындығы мен енін көбейтеміз )
Жер бетінің қағазға кішірейтіліп салынған бейнесі? ( Карта )
Қазақта тұңғыш дүние жүзінің чемпионы атағын алған палуан? ( Қажымұқан Мұңайтпасұлы )
Күй атасы кім? ( Қорқыт )
Қазақ даласында алғаш қазіргі үлгіде мектеп ашқан ұлы ағартушы кім?
( Ыбырай Алтынсарин )
Сыбаға деген не? ( Сыйлы адамға берілетін етті сыбаға деп атайды. )
Көкжиектің неше тұсы бар? ( Төртеу: оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс )
Қой пірі. ( Шопан ата )
Жерді қоршап тұрған ауа қабаты? ( Атмосфера )
« Абай жолы » роман эпопеясының авторы кім? ( М.Әуезов )
Екі кісінің сөйлесуі. ( Диалог )
Адам алғашқы құралды неден жасады? ( Тастан )
Ұлттық ойындардың түрлерін ата. ( Аұсүйек, асау үйрету, арқан тарту, көкпар, сақина салу. )
Төрт құбыла ( шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік )
«Айт, келін-ау, айт келін!
Атыңның басын тарт, келін!» қай жырдан алынған? (Беташар )
Тіл білімінің дыбыстық жағын зерттейтін сала ( фонетика )
Алпамыс жасаған музыкалық аспап.? (Сырнай )
ҚР-ның мемлекеттік тілі қандай? (Қазақ тілі)
« Кел, балалар, оқылық! » өлеңінің авторы? ( Ы.Алтынсарин )
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың шын аты? ( Әбілмансұр )
Жеті қазына ( ер жігіт, сұлу әйел, ақыл, білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы ( ит ).
Бір топ аттылар тартыспағын қазақта қалай атайты? ( Көкпар )
Үш байлық ( Денсаулық, ақ жаулық, он саулық )
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы кім ? ( Нұрсұлтан Назарбаев )
Жүз жасаған қазақ ақыны кім? ( Жамбыл )
Отанды сүю неден басталады ? ( Отбасынан )
Екі ақынның өлең жарысы? ( Айтыс)
Ұзындық өлшем бірлігі ( км,м, дм, см, мм )
Әкеден балаға берілетін зат ( мұра )
Бес дұшпанды атаңыз. ( өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.)
Біздің туда не бейнеленген – ( Ұлттық ою қошқар мүйіз, қыран бүркіт , күн )
Үш арысты атаңыз. ( С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров. )
Үш даусыз. ( Мінез, кәрілік, ажал. )
«Ер Төстік» ертегісіндегі басты қаһарманның әкесінің аты кім? ( Ерназар )
Жылқы пірі ( Қамбар ата )
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Мен сені сезесің бе,
Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан
Шырақтардан, аттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Махаббаттан іздедім алып ұшқан!
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан.
Сені іздедім жадырау, жабығыстан, - деп келесі сайысымыз « Поэзия минутына » арналады.
ІV бөлім « Поэзия минуты »
V бөлім « Күш атасын танымас ».
Көтерген елу пұт кірдің тасын,
Күйреткен Корен балуан қабырғасын.
Мәртебесін халқымның аспандатқан,
Балуан Шолақты қалай танымассың?!
Аспандатып лақтырып кірдің тасын,
Күшің тасып бойыңда тасқындасын.
Керек қой жігіттерге білек күші,
Көтеріңдер кәнеки кірдің тасы.
Батпан көтеру.
Еденге қол тіреп көтерілу жаттығуын жасайды.
Намысты бермегенді ер демес пе?
Бізді жасық деуге әлі ерте емес пе?
Ағайын қолын соғып демеп отыр,
Жігіттер шықты міне, қол күреске.
( Жігіттер жеребе бойынша шығады ).
Қол күрестіру.
VІ Қолөнер
Жігіттердің өнерін тамашалайық!
Көкіректе айтылар арман аз ба?
Өлмегенге келеді жылда жаз да,
Игерер түрлі өнерді жігітке аз ба?
( Жігіттер өз өнерлерін көрсетеді, қолөнерден үйден дайындаған бұйымдарын көрсетеді ).
ІҮ бөлім Қорытынды.
Біздің « Жігітке жеті өнер де аз » сайысымыздың барлық сындары аяқталды. Қазылар алқасы осы барлық турдың бағасын есептегенше кезекті музыкалық үзіліске береміз.
Ән орындалады.
Жеңістер мен жеңілістен тұратын,
Өмір – күрес, жеткізе ме мұратын
Жеңбедім, жеңілдім деп ренжімеген,
Қатысу да бір жеңіс, жан болсаң ұғатын.
Ортаға әділқазылар алқасын шақырайық!
« Қош » дейміз, әлі талай сайыстар бар,
Өнерлерің шыңдала берсін, қалыспаңдар.
Көрерменім көбейсін күннен – күнге,
Келе берсін қонақтар ғарыштан да.
Тіршілік – арман, бәрімізге де орын бар,
Қуаныш та бар, өкініште бар жолдарда.
Ұстазым менің, достарым менің
Бәрің де аман болыңдар!
Осымен сайыс кешіміз аяқталды! Көріскенше қош – сау болыңдар!
Достарыңызбен бөлісу: |