Аязбеков Ж. Ағайынның арасы



бет2/7
Дата15.12.2016
өлшемі1,16 Mb.
#3879
1   2   3   4   5   6   7

Аузы дуалы, сөзі уәлі...
Кей кезде таныс, бейтаныс кісілермен кездесіп қаласыз да, қазақы ізетпен әңгімесін тыңдауға мәжбүр боласыз. Мәжбүр боласыз дейтінім, ол кісі сіздің әңгімеге құлқыңыз бар ма, жоқ па, онымен санасып жатпайды. Көбіне дәмі жоқ, татуы жоқ әңгімемен есіл уақытыңыз босқа рәсуа кететіні бар. Ұят та болса ашығын айтайық ата сақалы аузына түскен білімдар, өмір көрген, қызметте болған қарттар, ел ағасы болған кісілер. Мұндайда кейде сонау құлдыраған балалық шақ еске түседі. Бала кезде үйге ақсақал-қарасақал, ақ жаулықты әжелер қонаққа келсе, бір ғанибет еді. Олар небір әңгімелер айтқанда, бала болсақ та босағадан, іргеден елітіп, ұйып тыңдайтынбыз. Әсіресе, кіріп-шығып жүрген балалар болсын, келін-қыздар болсын, соларға қаратып оймақтай етіп сөз ертіп жіберетін. Онысы жарасымды, қонымды, ұғымды. Кезі келгенде төрдегі қариялардың батасын алуға ұмтылып, қолына су құюға таласатынбыз. Ата-анамыз: "Аталардың аузы дуалы, сөзі уәлі. Батасы қабыл болады", – деп отырушы еді.

Ел аузында жүрген мынандай бір тәмсілді айтайық. Ілгерірек заманда бір жолаушы танымайтын бір ауылға келіп қонады. Таңертең тұрса, атының ер-тоқымын біреу ұрлап кетіпті. Пұшайман болған қонақ жағалай сұрастыра жүріп, ауылдың қадірменді қариясына жолығып, басынан өткенін айтып шағынады. Мән-жайды білген ақсақал ауылдың бір алаяқ жігітіне, – алған ер-тоқымын әкеліп берсін, әйтпесе ендігәрі сәлемін доғарсын, – деп кісі жібереді. Хабар жетісімен әлгі: "Әгәрәки ақсақал сәлемімді алмаса, елге қарайтын бетім қалмайды, өйтіп тірі жүре алмаймын", – деп ұрлаған затын дереу әкеліп беріпті. Аузы дуалы қарияның бір ауыз уәлі сөзі ұрыны да тәубесіне келтірген. Ұлттың уызы ұйыған ауылды, сондай қазына-қарияны, енді қайтып көрер ме екенбіз?!.

Таяуда Қостанайға жақын іргелі ауылда бір жас жігіт нақақтан нақақ жалалы болып, сотталып кетіпті. Азаматтың ақ, адал екенін ауыл үйдің еңбектеген баладан еңкейген қартына дейін айтып отырды. Тек үй ішінде ғана. Жұрт көзіне таудай көрінетін арлы, намысты, ел қамын ойлайтындай, ешкімге есесін жібермей, еңсесін түсірмей жүрген ер-азаматтар ауылда баршылық екен. Бір таң қаларлығы, солардың арасынан бірде-біреуі аудандық сот, ауылға келген комиссия алдында жігітке араша түсуге, әділдігін, құдайшылығын айтуға жарамаған екен. Сонда бір кісі тұрып: "Біздің елде сөз емес, сөзді сөз қылғаннан өзге пәтуәлі іс қалған жоқ", – деп таусыла сөйледі. Бәлкім, күйінгеннен шығар?.. Десек те, бір сұп-суық селқостық ауылдас тұрмақ, ағайын, туған-туысқандар арасын дендегені анық.

Бір хан түс көріпті. Аузында бір тісінен басқа тістерінің бәрі түсіп қалыпты. Қатты шошып оянған хан екі уәзірін шақыртып, түсін жорытыпты. Хан:

– Түсімді көңіліме қарамай әділ жорыңдар, ұнаса сый-сияпат аласыңдар, ұнамаса бастарыңды кесемін, – депті. Содан бірінші уәзір:

– Түсіңіздің мәні былай, хан ием, сіздің бар туғандарыңыз қырылып, жалғыз өзіңіз қаласыз, – депті. Сонда хан ашуланып:

– Бар туған-туысым қырылып қалса, қалған өмір бос емес пе, не деп отырсың? – деп басын шаптырып тастапты. Мұны көріп отырған екінші уәзір қорыққанынан дірілдеп, дұрыс жорыған уәзірдің басын шауып тастаған ханға, түсін қалай жорырын білмей:

– Хан ием, сіздің өмір-жасыңыз қалған туыс-туғандарыңыздың бәрінен де ұзақ болады екен, – деп жорыпты. Сонда жаңа ғана қылышынан қан сорғалатып отырған ханның жүзіне күлкі үйіріліп:

– Сен дұрыс жорыдың, сөз құдіреті деген – осы! – деп сый-сияпат жасапты дейді. Байқасақ, екі жору да бір, бірақ екіншісінің аузы дуалы, сөзі уәлі болып отыр.

Біздің халық ертеңінен жақсылық күткен, күдерін үзбеген. Аузымен құс тістеген ділмар да, шаршы топта таңдай қаққызған шешен де, тілін ақылына билетіп, әсерлі, уәлі сөз айтқан көсем де ел арасынан шыққан еді. Үлкендерге сәлем беру, құран оқыту, садақа тарату, бата жасау, қонақ күту дәстүрiнде небір жарқын сөздер айтылып жатады. Замандастарымыздың көбісінің жанары жарық, көкiрегi ояу, дүниеқоңыз, ақшаға құл емес, дос-жаранды, қайырымды да мейірімді. Қасында жүрсең, жаның семіреді. Неге екені белгісіз, осындай кісілердің біразының аузы дуалы, сөзi уәлi емес.

"Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ" деген осы ма?

Аңдамай сөйлеген...
"Адам жасаған он күнәсінің

тоғызын тілден табады»

(П.ғ.с.хадистерінен)


Автобусқа қасында бір ересек баласын ерткен алпысты алқымдаған егде кісі мінеді. Олардың қатарына келіп жігіт пен қыз отырады. Шалдың қасындағы бозбала терезеге таяу орналасқан екен. Көлік қозғалғаннан кейін, ол терезеге қарап отырған күйі:

– Әке, көремісің, барлық талдар біздің артымызда қалып барады, – деп таңырқап айқай салады. Әкесі жауап ретінде езу тартып күлімсірейді. Ал көршілестері мына ересек баланың сәбилерше таңырқаған қылығын ұнатпай, тітіркене қарайды. Біраз жүрген соң кенет әлгі бозбала:

– Әке, көрші әне, көл жағасында мал жайылып жүр. Аспандағы бұлттар да бізбен бірге келеді! – деп таң-тамаша болып тағы айқайлап жіберді.

Ерлі-зайыпты жастар тағы да мына бозбаланың қылығын ерсі көріп, есі дұрыс па, мұнысы несі дегендей, жігіттің әкесіне қарайды, ол сол жайбарақат сабырлы күйі отыра береді. Бір уақытта жаңбыр жауып, ашық терезеден тамшылар баланың қолына тигенде, ол қатты қуанып, көзін жұмып:

– Әке, жауын жауып тұр. Тамшылар менің қолыма тамып жатыр. Көрдің бе, әке? – деп тағы да айқайлады. Қатар отырған екеудің төзімі әбден таусылса керек, бозбаланың әкесіне:

– Сіз мына баланы дәрігерге апарып көрсетіп алмайсыз ба? – дейді. Сонда әлгі егде кісі:

– Біз сол дәрігерден келеміз. Он сегіз жылдан кейін суқараңғы баламның көзі жазылып, мына жарық дүниені өмірінде тұңғыш рет көріп келе жатқан беті, – дейді.

Бұл белгілі әфсана, тағлым-әңгіме делік. Әйтсе де "аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі" дейтін ежелден бері келе жатқан мақалдың әлі жаны бар, сірә.

Еліміздің батыс өңіріндегі ел аузынан. Елкей хан бір жиынға барса, көпшілік үндемей бір биді күтіп үнсіз қалады.

– Бізде алдымен Абан би сөйлейтін, сол бастайтын, – депті бірі. Ол Абан биі кешігіп келіпті. Аласа бойлы, ажарсыз қара кісі екен. Бидің тұрқына көңілі толмай, хан көрген бетте былай дейді:

– Әлгі күн ұзаққа елдің "Абан, Абан" деп дәріптегені осы ма еді? Азған жаушымшық торғайдай шылпиған, үйрек бас немені өлгенше мақтағаны несі? – дейді .

Елкей де басы қалқиған, аяғы талтиған адам. Сонда Абан би ханға қарап былай депті:

– Уа, тақсыр! «Мұртына қарай іскегі, сабасына қарай піскегі» деген емес пе? Қарны қабақтай, шекесі тоқпақтай өткендерді, өлген билерді қайдан іздейміз? Әркім азса, қатарымен азатын көрінеді ғой, оны өзімізден көрмесек, кімнен көреміз? Бұл қазық бастан – хан, үйрек бастан – би шыққан заман ғой! – дегенде, Елкей тосылып, жауап таба алмай жерге қарапты дейді.

Бірақ осы неге екені белгісіз ғасырлар өтсе де, әліптің артын бағып, әр нәрсенің аңысын аңдып, сабырдың ақырына салып барып сөйлеуді әдетке айналдыру неге қиын? Бұл қанға сіңген дүние ме өзі?..

Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеу реформаға түседі деген жаңсақ ақпараты туралы Үкімет отырысында Алматы қаласы әкімінің сөзін бөле отырып, Елбасы: "Халықты дүрліктірмей, дұрыстап түсіндіру керек. Біреу бірдеңе айта салды, біздікілер отырған жерінде қойып қалады, тіліне ие болмай, кейін бәріне жауап беруге тура келеді", – деген еді, үкімет мүшелеріне қарата сөйлеп.

Осы күні теледидардан, баспасөз бетінен де олай құлқыжытып, былай құлқыжытып сөйлеп, сала құлаш материал жазып, сау басыңды мың-дың ететін сөзшеңдер көбейді. Аңдамай айтып, ел ішін ала тайдай бүлдіретіндер көбейіп кетті. Олардың бір жаман жері – өмірі өз кінәсін, шалыс басқанын мойнына қойып берсең де, түзелмейді.

Осы біз қалай сөйлеп жүрміз?

Бес жапон немесе Бауыржан
Сонау он тоғызыншы ғасырдың алпыс үшінші жылы. Жапон елінде төрткүл дүниеден оқшауланып, сырттан кіргізбейтін, елден шығармайтын, егер кеткендерді біліп қойса өлім жазасына кесетін бір қатыгез заман орнапты. Бірақ күндердің күні арман қуған, тепсе темір үзетін жапонның бес жігіті мынандай нартәуекелге бел байлайды. Ағылшынның сауда фирмасы кемесінің олармен келісіп, жағалауға келгенін пайдаланып, ағылшын теңізшілерінің киімін киіп, жасырынып шетелге аттанады. Содан 135 күн бойы, алдымен Шанхайға, Шанхайдан Лондонға кемемен жүзіп, ақыры есен-сау жетеді. Ұлыбританияның Виктория ханзадасы билеген тұста ағылшындар күншығыс елінен келген бесеуді жылы қабылдап, бірден университет колледжіне оқуға қабылдайды. Арада бес жыл өтіп, оқуды бітіріп, маман болып шыққан бес жапон ештеңеге қарайламай туған еліне қайтады. Жапонияға келгенде заман өзгерген екен. Бес жігітке өздерінің қабілет-қарымын көрсетуге даңғыл жол ашылады. Олар білек сыбана талантымен тәнті етіп жапон Үкіметінің құрамын жасақтауға белсене кіріседі. Бесеудің бірі – Ито Хиробуми 4 рет Жапонияның премьер-министрі, 2 рет ішкі істер министрі, бір-бірден әділет және сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Ең бастысы – Жапон Конституциясының авторы және Гэно императорының ең жақын кеңесшілерінің бірі болады. Ал Иноуэ Каоруда Үкімет құрамында қоғамдық жұмыс, сыртқы істер және егіншілік министрі қызметтерінде болады. Ал Эно Кинсукэ ұлттық валюта енгізуге қатысып және Осакодағы монета жасайтын сарай соқтырған. Иноуэ Масару жапония "темір жолының әкесі" атанады. Бесеудің соңғысы Ямао Едзо кеме жасайтын кәсіпорынды басқарып, одан соң инженерлік колледждер, сондай-ақ, зағиптар мектебін ашады. Бұларды көріп Жапониядан тағы 15 адам Лондонға аттанады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жапондық көптеген жастар Кембридж және Оксфорд университеттерінің оқып, елге оралып жатты. Сол жастардың қажыр-қайратымен реформаторлық ізденіс-әрекеттерінің арқасында қараңғы артта қалған Жапония әлемдегі ең озық технологиялық державаға айналды.

...Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы аса сұңғылалық танытты. Бәсекелестікке қабілетті ұлт қалыптастыру үшін аса маңызды шаралардың бірі – халықаралық "Болашақ" стипендиясын тағайындауға Жарлық шығарды. (1993 ж.) Ел экономикасына реформаларды тиянақты жүргізу мақсатында достастық елдердің тарихында тұңғыш рет қазақ елі талантты жастарды шетелге білім алуға жіберді.

Әл-әзір нәтижесі: Алғашқы он жылда (1994-2004 ж.ж) 785 студент шетелде оқыса, бағдарлама іске асырылған жиырма жылда 10 025 шәкіртақы тағайындалды. Оның ішінде 6 015 экономиканың нақты секторларында жұмыс істеуде.

Ал билікке қолы жеткендердің ішіндегі көрнектісі – 1994-1998 жылдарда Федеративті Германия республикасында "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты болған Бауыржан Байбек – "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары.



Жылтыр, жылтыр...
Қараңызшы, мына дүние қандай? Бәрі жылтыр! Көк тіреген зәулім шыны үйлер – жып-жылтыр, лыпылдаған, зуылдаған көлік атаулы – жып-жылтыр. Табан асты асфальт та, киген киіміңіз де, ішкен асыңыз да жып-жылтыр. Сәніміз де, әніміз де жып-жылтыр! Өтірігіміз де, жағымпаздығымыз да, өзіміз де, сөзіміз де – жып-жылтыр. Кедір-бұдыр некен-саяқ. Жасасын, жылтыр дүние! Жасасын, жалтыр, жарқыл! Сұмдық-ай, дүниенің де жаны жылтыр... (Бірақ расында жаны бар ма өзі?)

Абайдың үлкен атасы Өскенбай елді күшпен, зорлықпен меңгерген морт мінезді болса керек. Мысалы, – деп жазады абайтанушылар, – бір күні ауылына жүгініске Мәмбетай деген кісі келіп, өзі де сөзі де жып-жылтыр, зу-зу етіп, дес бермей кетеді. Сонда "Тоқта, жылтыр, сені ме!" – деп қатты ашуланған Өскенбай Мәмбетайды бас салып, мұрнын кесіп алыпты. Бұдан кейін Өскенбай жүрген жерде жұрт аузын абайлап ашатын болыпты.

Абыз-қаламгер Әбіш Кекілбаев жаны маза бермегенде жыр жазады екен. Бір өлеңінде: "...Уа, табиғат! Өкпелімін өзіңе, жарамсаққа жалтыратып сөз бердің. Уа, табиғат! Өкпелімін өзіңе – қызғаншаққа жарқыратып көз бердің", – дейді.

Таяуда Шымкенттің 5 жасар айдың күні аманында аяғын сындырып алды. "2 наурыз күні кешкісін үйде ересектер жағы тамақтанып отырған болатынбыз, – дейді баланың анасы Балғын Жоланова, – ал балалар көрші бөлмеде компьютерде ойнап отырған. Кенет ұлымның шыңғырған дауысы шықты. Бөлмеге барсам, балам шырқырап жерде жатыр. Тез арада ауруханаға апардық. Дәрігерлер баламның қолын рентгенге түсіріп, бір шыбығының сынып, екіншісінің жарылғанын айтты. Кейін баламнан не болғанын сұрадық. Сөйтсек, компьютердегі ойыннан жалығып, орнынан тұра бергенде тайып құлапты. Кесір – Қытайдың сырты жып-жылтыр шұлығынан келген. ("Замана")

Epте заманда Жылтыр деген он жеті мың жылқы біткен бай болыпты. Басқадан бір ерекшелігі – жылтыраған дүниенің бәрін: киім-кешек, дүние-мүлік, мал-жан дегендей жақсы көріп, жинай берген. Сол Жылтыр байлығына масаттанып, бір дәруіштен: "Мен қашан өлемін?" – деп сұрапты. Сонда дәруіш: "Тақсыр, сіз аштан өлесіз", – дейді. Жылтыр бай оған сенбейді. Арада біраз уақыт өтіп, дәруіш Жылтыр байдың ауылына келсе, жалт-жұлт еткен дүниенің ортасында малынып, бай тамақ іше алмайтын ауруға шалдығыпты. Сонда дәруіш тұрып: "Сіз байлықты көтере алмадыңыз, мына ауруды Алладан сұрап алдыңыз", – деген екен.

Өткен көктем-жаз маусымдарында жылтыраған металл түсті бірегей жылтыр көйлектер, белдемшелер мен жейделер, көздің жауын алатын сөмкелер мен аксессуарлар салтанат құрды. Металл түстес аяқ киім небір мейманалы кештерді жайнатып жіберді. "Jenny Packham", "Lanvin", "Dior" фирмалары мен ательелер ұсынған көйлектер, сырт киімдер және аяқ киімдерге сұраныс артты.

Киімді, дүниені айтамыз-ау, бұл не тәйірі, қазір кәрі-жасымыз бет-әлпетті, Алла жаратқан денемізді пластикалық операциямен "үтіктеп", жылтыратуға ұмтылып жатырмыз. Көңілдің жастығы әдіра қалды. Сыртқы сын-сымбатың жылтырап, жалтырап тұрсын деңіз.

Ақын К.Ахметов: "Жылтыр, жылтыр, бүгінде жылтыр – бәрі. Жылтыр үміт – бәрінің ұмтылғаны, жылтыраққа жүгініп жатса жұртың, жүрегіңнің не керек бұлқынғаны?!." – депті.

Иә, жүрегіңнің бұлқынғаны не керек, ол да жылтыр...

Кие түс көшіп барады
Қазір сан алуан түс жайнап-жарқырап, кемерінен асып-төгіліп, сиқырлана көздің жауын, жүректің дегбірін алып жатыр. Кәдімгі көз алдыңыздағы түрлі түстің салтанаты дәуірлеп дес бермей барады. Байқайсыз ба, адамзат баласы Жаратқан ием берген алуан түсті үйлесімді күйі, болмыс-бітісін бұзып, шектен тыс бояулатып, жарқыл-жұрқылға көміп жіберді. Кімнің қандай түсте киесі барын шатастырып алдық. Соның салдарынан адамның жан дүниесі де татым-тұшымы жоқ жаңа бір түйсік-түзілімге айналып бара жатқандай. Ішкі үніміз де салдыр-күлдір, шаңқ-шұңқ. Ал Алла-тағаланың қазақ баласының еншісіне берген тек өзіне тән, төрт құбыласы тең, құдіретті киелі түсі қайда? Яғни – Қоңырымыз қайда?

Қоңыр десе... Ой-хой, қоңыр жүзді, қоңыр мінезді, қоңыр дауысты алаш баласы; Байқоңыр, Жетіқоңыр, Үшқоңыр, қоңыр жел, қоңыр күз, қоңыр дала, қоңыр бел алаш жері; қоңыр тай, қоңыр қой, сиыр, қоңыр түйе түлігі көзге елестейді. Ал "Назқоңыр", "Телқоңыр", "Әсемқоңыр", "Қоңырқаз", "Ақсаққоңыр", "Мырза қоңыр", "Алпыс екі қоңыр", "Қорқыттың қоңыры", ән-күйлер алпыс екі тамырыңызды балқытып, ғажайып бір рахатқа бөлейді! "Қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып" ("Алпамыс батыр") ; Бес қаз ұшып келеді. Сансызбай қазды көреді, жалғыз ағам Төлеген, көре алдың ба қоңыр қаз? ("Қыз Жібек"); "Көлде жүрген қоңыр қаз, қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, су қадірін не білсін?" (Асан қайғы); "Кешегі бес болыстың жиынында жайқалтып Ыбырай салған "Жаймақоңыр" (Үкілі Ыбырай); "Жағалап қара Ертісті Естай ақын, деп салған "Жай қоңыр" деп әннің аты" (Естай); "Көлбетіп қоңыр бұрымды, өреді қайта тарқатып, айнаға қайта бұрылды: көкірек – биік, арқа – тік" (Жұмекен), – деп, қуаныш-қайғы, шаттық-думан, мұң-нала – бәрі-бәрі қазақтың жан-жүйесі тек қоңырлайды, қоңыр бебеулейді, қоңырлай асқақтайды. Осының бәрі келіп кеудені кемерлеп кернегенде, жүрек асқақтағанда Аллаға қазақ болып жаратқаны үшін шексіз алғыс айтқан ата-бабаларымыз.

Қобызға бесті айғырдың ту құйрығын тағып, оны қыл байланған ысқымен ысу арқылы қоңыр дыбысын аңыратып, боздатады. Қобыздың шанағын нар түйенің қоп-қоңыр терісімен қаптағандықтан "Нарқобыз" атанған. Ұзатылған қыз төркініне сағыныш-сәлемін өзі тіккен орамалының түр-түсімен аңғартса, оның жиегін тек қоңыр жіппен өре кестелеген. Аңшы қазақ «қоңыр аңның киесі атады» деп мылтық кеземеген.

Ананың ақ сүті мен әлдиін, домбыра күйдің күмбірін, қоңыр жусан мен самал иістің лебін бойына дарытқан, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртында, шыққан тегін қастерлеп, жеті атасы жадында, жақынды бауыр, алысты жақын тұтқан, ағайынмен ұйысқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, бір шаңырақ, көк тудың астындағы бір қазақ – қоңыр қазақ! Шіркін, осының бәрі түсім болмағай!

Қазір қазақ жанталаста...

Беттегі әжімді жазып, қоңыр жүзін ақ түске жаңғыртуда, қоңыр мінезі тоңқылдақ, күлкісі – шәңкілдек, қоңыр дауысы күшеншек шаңқыл. Мына сұмдықты естідім де сенбедім. Бірінші рет жасанды түсік жасатқан қазақ қызының қоңыр даусы лезде бұзылып, үнінде қайрауықтың күйіндей ащы дыбыс пайда болады екен. Ал жылқыда "үстінен су төгілмес майда қоңырлардың" орнына дүңкілдек "дончоктар" көбейген.

Иллюминатордан қарап отырып қазақтың ұлан-ғайыр қоңыр белін ақбоз сортаң түс басқанын көрдім.

Қоңыр түстің киесі қайда көшіп барады?..



Номад немесе Кейкі...
Егер әлемдік көркемөнер аренасына барлай қарасаңыз, Еуропа мен Америка елдердің тарихи-аңызға айналған ғажайып батырлар ерлігін баяндайтын туындылары тарих қойнауында қалды. Ф.Купер, М.Рид романдары бойынша түсірілген кино картиналар да аға ұрпақтың жадында. Гойко Митич сомдаған өжет, айлакер үндістер, Сильвестр Сталлоне, Дольф Лундгреннің ковбойлары, мексикалық аңыз-батыры Зорро қайтпас та елжанды ерлердің бейнесін елестетеді. Өткен ғасырдың 1960 жылдары Италия Спагетти-вестерн көркем фильмдерін ойлап тауып, он жыл ішінде 600-ден астамын шығарған екен. Бірақ олардың да дәурені өтті десек те, зымыран уақыт экшн-туындылардың әлі де өміршеңдігін аңғартып отыр. Жыл сайын әлемде 500-ге тарта осындай кинотуындылар прокатқа жіберіледі екен. Батыстық өнер сайыпқырандары өнерге өзек боларлық материалдар өз елдерінде таусылғанын мойындаса да, қол қусырып қарап отырған жоқ. Енді тың дүниені Орталық Азиядан іздей бастаған сыңайлы. Әсіресе, көшпелілер, мына біздердің кешегіміз, тарихтағы номадтар ғұмыры қызықтырады. (Қазақтың "Көшпенділер" картинасына түскен шетелдік кино жұлдыздарының бір мақсаты осында жатыр). Бұл тегін емес. Бізде шынымен-ақ, төрткүл дүниені таңдай қақтыратын тың материалдар көзі бар. Ол кино басқыншылардың тырнағына іліне қоймаған – қазақтың фольклорлық, эпостық, тұрмыс-салттық жырлары, аңыз-әңгімелері. Әсіресе, ноқтаға басы сыймаған, тауқыметті, шытырман тағдырлы, тарихта болған баһадүр-батырларымыздың ғұмыр-қарекеті. Айталық, дала рыцарлары – біздің Кейкі, Нарындағы Құныскерей, Жетісудағы Жақыпберді сияқты оғыландар. Осы сияқты айрықша тұлғалар туралы көркем, драмалық шығармалар, ғұмырнамалық-құжатты әңгімелер жазылған, әлі де жазылуда. Мысалы, құралайды көзге атқан мерген "Аманкелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген" деген артында сөз қалған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының (1871-1923) көркем тұлғасы кезінде Ғ.Мүсіреповтің "Аманкелді" пьесасында, М.Жұмағұловтың "Қыран қазасы қияда" кітабында, А.Нұрмановтың "Құланның ажалы" романында, Серік Тұрғынбекұлының "Кейкі батыр" тарихи дастанында азды-көпті көрініс тапты. Ал Кейкі хақында Әубәкір Қылышбайұлы көп құнды дүниелер жазды. Жорналшы-қаламгерлер Сабыржан Шүкірұлы, Ахметжан Байжан, Хамитбек Мұсабаев, Мақсұтбек Сүлейменов және басқалары. Бірақ бәріне де тән ортақ кемшілік, тіпті тұтастай қазақ әдебиетінің бір осал жері – нақты әрекеттің шынайы көрінісі, суреті жоқ. Рухани, әлеуметтік астарын баяндау, сырттай сипаттау. Кестелеген көркем тіл табиғат, ел көріністерін бергенмен, бірақ мергендік өнер жоқ. Төтесінен айтсақ, Кейкінің мергендік технологиясының, яғни, мергендік әдіс-тәсілінің, айла-амалының бүге-шігесіне дейін жазылған материалды таба алмайсыз. Кейкі көтерілісшілердің мергендер жасағын қалай, қайтіп басқарған, жиі-жиі барлауға қалай шыққан? Күйік қопасындағы соғысты, Торғай қаласын қоршау кезінде және Доғал шайқасындағы ерекше ерен ерлігінің жасалуын, тактикалық көрінісін сөзбен бейнелегенін таба алмадық. Дәл осындай басты геройларға қатысты штрих, детальдардың, айшықты фигуралардың жетіспейтіндігінен қазақ әдебиетіндегі небір туындылар киноға, сериалдарға тартылмай, жарамай жатыр. Кейіпкерлердің даралық қасиеттері нақтыланбаған жерде бейнесі көмескі, күңгірт тартады. Бәлкім, Хамитбектер (Мұсабаев) осы орайда назар аударар. Елге етене ғой, әлі де талай кеудеде тұнып, талай мұрағаттарда көмулі жатқан шығар...

Кие
Анабір жылы марқұм, академик Манаш Қозыбаев мерейтойымен Қостанайға, туған жерге келген. Қасындағы үзеңгілес достарын қаладағы салтанаттан соң кіндік кескен ауылына алып шыққан-ды. Кенет елге қарай зауылдап келе жатқан көліктер тоқтай қалып, достары Манаш ағамызды көтере-мөтере көкорай майсаға әкеп, домалата аунатты да жіберді. Жерден аунап тұра бере, парасат тұнған жанары ұшқын атып, биязы қалпымен: "Құдіретіңнен айналайын, жер-кием!" дегенде, дидары лағылданып кетті. Сол жолы тарих тарланы өзінің өмірде жеткен, шыққан биігі, абырой-беделі – туған жерінің киесінен екенін айтты. Сірә, бұл тегін емес. Осыдан төрт ғасыр бұрын Бальтасар Гарсиан: "Аққан су астындағы топырағына қарай тазарып, лайланады. Адам бар жақсы қасиетті туған жерінің табиғатынан алады", – деп жазған екен. Сол жер-ананың киелік қасиетін қалай сақтап қалдық? Жердің жаны – топырақ, су, өсімдік, аң-құс, жәндік өзінің о бастағы табиғи күйінен не қалды? "Әуеде ұшқан алты қаз" дейтін көк күмбезімізде құстарымыз қайда кетті? Тың кезінде ауылдың іргесіне дейін жыртып, иен далаға химиялық тыңайтқыш септік. Адуынды өркениеттің арынына төтеп бере алмадық. Ындын үшін бәрін де жапырып барамыз. Жердің кие-қасиетіне қиянат жасадық-ау, дейміз де, бірақ жерге дауа боларлық татымды тірлік адыра қалғандай...

Арғы түп негізіміз далалық болғаннан соң, кие ұғымын айрықша қадір-қасиет деп түсінеміз. Ой түйсігімізде жаратылыстың бар тірлік-тынысынан пір тұтып сыйынатын, атадан – балаға, ананың сүтімен, әкенің құтымен берілетін кие-қасиеттер қылаң беретіні бар. Қазаққа жер-суы, көкбөрісі, жылқысы, салт-дәстүрі, ананың ақ сүті, отбасы, қазақтың қара өлеңі т.с.с киелі.

Бүгінде зиялыларымыз көкбөріні аңсай бастады. Ақын-жазушыларымыз өндіртіп жазып, ұлттың жадындағы көкбөрі рухының оятар, кодының кілтін табуға әрекеттер жасауда. Ал ақиқат өмірде көкбөрі – түз тағысы. Ұлан-ғайыр торғай даласында бұрнағы бір жылы қатты қыста үйді-үйді аңдып қорада қонып шыққан кездері бар. Адаммен, қазақпен өш. «Киеміз» деп сырттай қызықтағанмен, көрсек мылтық ала жүгіреміз, өйткені жыртқыш, тағы ғой! Қасқырлар кейде қазақ даласынан резервация сұрағандай елестейді.

Әлі есімде жеңгем келін болып жаңа түскенде, төрге шықпайтын. "Еншілес, ананы әперіп жіберші, мынаны қоя салшы", – деп төрге жетпей өтініп тұрушы еді. Кейін жыл өткен соң барып, төрге рұқсат алып шығатын. Енді төр қасиетінен не қалды? Ата-әкесінен, жасы үлкен аға-көкелерімізден бұрын төрге озып, ұялмай отырып алатын жасқа қалай жол беріп алдық?..

Ақ дастарқанның киесі ше? "Біз отбасымызбен дастарханға түгелімен отыруға тырысамыз. Ешқашан тамақ ішіп болған соң, үлкеніміз рұқсат етпей ешқайсымыз орнымыздан тұрып кетпейміз. Ас қайырып барып, тұрамыз. Мен үшін дастарқан басы киелі орын! " – деген академик Ғарифолла Есім бір сұхбатында.

Қиянат жасап жүрген киенің бірі – жылқы. Әлі күнге дейін тұлпар мініп, ту ұстаған алаш баласы бәйге, көкпар тартып қызықтағанмен, қазақтың қазанат тарихын, болмыс-бітімін зерттейтін мемлекетімізде бірде-бір институт жоқ. Қостанайдағы бір "Қазақ тұлпары", бір Нәбидолла Кикебаев бүкіл қазаққа қалай жетеді? Елдегі жылқы шаруашылығы стихиялы түрде дамып жатқан сияқты. Киелі жануармен емес, отпен ойнап жүрген жоқпыз ба өзі? Асанәлі Әшімовтің өзі бір естелігінде: "Ш.Уәлиханов туралы кино түсірілімі кезінде Шоқанның рөлін сомдаған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы түсіру алаңында шаршаған, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті. Ашу қысқан мен атты қатты жекіп, басынан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: "Аға, тоқтат!" – деп, қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң, атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. Сол сәттегі аттың жанары есімнен кетпейді", – деп өкінген.

Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. "Сөз сүйектен өтеді".

Тіріге өріс, өліге қоныс беріп келе жатқан ұлы даламызда қазақ сөзі жасай берсін, ағайын!



Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет