Аязбеков Ж. Ағайынның арасы



бет6/7
Дата15.12.2016
өлшемі1,16 Mb.
#3879
1   2   3   4   5   6   7

Ардың ісі...

Ұлылар неге жылады?


Француздың әйгілі әкелі-балалы Дюмалары. Әке – Дюма хақында бала Дюма: "Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен. Жүгіріп қасына бардым:

– Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың?

Ол:

– Мен мүсәпір де қайырымды Портосты аяймын! ( Портос – "Үш ноян" романының кейіпкері. – Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады, соған ол шыдас беруі тиіс. Құдай-ай, бұл қандай ауыр?!"- депті. (А.И.Куприн)



Ал Гёте өзінен-өзі көзіне жас толып, бір күні хатшысынан: "Мен о дүниеге аттанғанда, немістер не дер еді?" – деп сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. "Тіпті олай емес, – депті Гёте. Олар: "Уф!" – деп, ұлы адамның өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады. "(Р.Роллан) ...Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады. Сізге не болған? – дейді достары үрейленіп.

– Немене, сіздер ештеңе білмейсіздер ме? – дейді Бальзак.



  • Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы

– Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой, – депті Бальзак.

(Б.Горбачевский. "Ариаднаның арқауы", 96 бет, "Жалын" 1977 ж.) "Горио әкей" романының соңғы нүктесін қойғаннан соң 35 жастағы Оноре де Бальзак осылайша еңіреп-есеңгіреп, делқұлы, беяапар күйге түсіпті.

Абай туралы баласы Тұрағұл: "Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де", – деп жазған.

М.Әуезовтің "Абай жолын" жазғанда да, жазғаннан кейін де бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе, Әуезов коммунистік идеологияның тепкісінен қатты шаршап, егіледі. Содан жанталаса еңбектеніп, жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді. (Т.Әкімов) Соған қарамастан, жаны еңіреп жүріп, кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра – "Абай жолы" дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты.

Саналы ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, "қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған" заманында өткен "Адамзаттың Айтматовы" "Ақ кемені" жазғанда, – мен жыладым. Әдебиет – қашанда трагедия, – деді ол. Біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып безіндіреміз. Біздің тірлігіміз – оқырман үшін бәрін жүректен өткізіп, жан кешу деген. (Д.Быков.) Міне, күрмеуі тор - бау, күрделі зор - лау талап! Уақыт талабы! Сан қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеп-пішуге де жойдасыз. Осы ретте уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті хақында санаң сан-саққа жүгіреді...

Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр? Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды, біз сала алмадық, неге? Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? – дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де) жағынан қай қазақ кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме? Бальзак "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заманда өмір сүрді дейсіз бе? Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдеараздар дендеген, дүмпулер мен күңкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы. Француз төңкерісі қара халықтың жігерін құм қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархияны тақтан құлатты. 1792 жылы Франция республика болып жарияланды. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Наполеон Бонопарт Франция билігінің ұшар басына шыққан.(Бас консул) "Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды" деген император төрткүл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді. Бірақ арманына жете алмады.

Небір ұлтымыздың жазармандары сырты жұтынып тұрған сұлу-сымбатты томпиған тоққарын, том-том бордақы кітаптарын шығарып жатыр. Шығара берсін дерсіз-ау. Бірақ ол ол ма, көбісі "Кітап жазу қиын емес. Бір ай, бір жылда талай дастан, талай роман жазып тастау түкке де тұрмайды", – деп ескенді де көрдік. Билік, беделділердің қолымен жиын ұйымдастырып, оқымай-ақ таныстырады, мақтатады, таратқызады. Ізінше айрықша құрмет, қошемет, сый-сияпат жасатады.

Оқушы қауым өз еркімен оқып, тұшынып, мойындау керек-ау?.. деген ойына кіріп те шықпайды. Себебі бәрі де жан қинамай жазылған жазбалар. Ақ қағазға (мониторға) көз жасы тамбағандар. Көркем әдебиетті еріккеннің ермегі, қызыққанның көрмегіне айналдырғандар. Ашпай тұрып-ақ жәдігөй көңілге алданып, өз өтірігіне, өз жалғанына өзін сендіргендер.

Жүрекке жетпей тұрса да, жылтыр, жалған сөзге жанарымыз шынымен-ақ жасаурай ма, өзі?..

Әлі де ізбасармыз...
Бір күні қарт абызға бір жас жігіт келіп: "Мен сізден үлгі-өнеге үйренейін, шәкірт етіп алыңызшы", – деп өтінеді. Сонда абыз:

– Сенің менен үйренуіңе қарсы емеспін. Тіпті басқа шәкірттерім сияқты менімен бірге жүріп, бірге тұруыңа да болады. Сен бірақ менің ізбасарым боламын деп ойлама.

– Онда мен кімнен үйреніп, кімге еремін?

– Ешкімге де емес. Егер біреудің соңынан ерсең, онда шынайы жолдан адасасың.

– Ал Сіздің шәкірттеріңіз ше?

– Олар менің қасымда, бірақ әркім өз жолын іздеп жүр. Ал тапқан күні олар мені тастап кетеді, – депті абыз.

Сонау бір кеңес дәуірінде өмірде де, әдебиетте де әркім ешкімге ұқсамайтын өз жолын іздесін деген пәлсәпа, қағидат жиі айтылушы еді. Сол кеңес заманында жаппай лениншілдер, еңбек ерлері, өнер шеберлерінің ізбасарлары тәрбиеленді, үйретілді, өсті, қалыптасты. Небір ұстаздар, ардагерлер жүздеген, мыңдаған шәкірттер оқыттық, тәрбиеледік деп мақтан етті. Ал шәкірттері болса ұстаздарын пір тұтты. Қазақтың ортасынан марқасқалар мен оғыландар шықты. Олар ұстаздарынан үйрене жүріп, өмірден өз жолдарын, өз даралығын тапқан тұлға еді. Халық шынайы талантты таныды, дарынды екшеп алды. Халық өздігінен оларды айрықша құрметтеді, қадірлеп-қастерледі.

Ал енді қазір жүйе де, құндылық та алмасты. Бүгінгі дәуірімізде замандастарымызға не істеймін, кімнен үйренемін, қайда оқимын десе де, еркі өзінде, қалауы біледі, жол ашық. Алды шетел асып төрткіл дүниені шарлап кетті. Әркім қолынан келсін-келмесін бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған. Айналаға қарасаңыз қазақтың айналыспайтын тірлігі қалмаған секілді. Қуанасың. Бірақ бәрі біркелкі, қоңторғай. Үлкен-кіші, ұстаз-шәкірті де бірдей. Жеке, дара кісі көрінбейді. Тіпті бай-бағыландарыңыз да бір-бірінен аумайды. Табар табысы да, ішіп-жемі де, сөйлеген сөзіне дейін бір-бірінен айнымайды. Бір қарағанда көпшілігі өмірден өзін-өзі іздеп тапқан жандарға ұқсайды. Себебі, елдің көз алдында , теледидарда, газет беттерінде "мен-менмін", "мен мұндаймын, ол сондай", "көріңіздер, мен осындаймын" дегендей жалт-жұлт, төр менікі дегендер бір-бірінен асып түсіп жатыр. Бірақ оларға халықтың шынайы құрмет-ықыласы аз. Аз-маз көңіл көтеруге болмаса, риясыз ләззат алған кісі көрінбейді. Оның себебі...

Неге екенін білмеймін, бұрын халық өзі таңдап, өзі сыйлап, өзі қастерлеп, алақанға салатын тұлға жеке адам (индивид) сирек болса да бар еді. 1947 жылы кеңестік делегацияның құрамында Қаныш Сәтбаев Лондонға барған екен. Сапар барысында Ұлыбританияның әйгілі мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль зор денелі, сымбаты келіскен Қаныш ағаға тесірейе қарап: "Қазақтардың бәрі сіздей алып па?" – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: "О! Не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын", – деп жауап берген екен. Тумысынан дара, ісі, ойы, жүріс-тұрысы, сыр-сымбатына, тіпті қалжың сөзіне дейін ешкімге ұқсамайтын Қаныш Сәтбаевтай халқына асқан беделді де қадірменді көзі тірі тұлғадан қазір кімді атар едіңіз? "Жұртым" деп жұмылып, "елім" деп езіліп қызмет ет немесе "Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық" деген Баукеңді, Момышұлын осы бүгін неге іздейміз, неге қажетсініп жүрміз осы? Шынымен-ақ, өмірден өзін тапқан дана да, дара да біздің замандастарымыз кімдер, қайда жүр? Небір басылымдардың, сахналардың төрінен көрініп жатқан "дарабоздар", "жұлдыздар" мен "жампоздар" т.с.с. Әсілі, осындай сауалдар бірінші рет қойылып отырған жоқ. Ал толық та тұщымды жауап табылғанша... әлі де бар болғаны ізбасармыз...

Өзім де, өзге де...
Ең алдымен қара басыңды ойла, қара қазан, сары баланың қамын же. Адамға жан тәтті, амандығың ардан да қымбат. Өмір сүрсең, алдымен өзің үшін өмір сүр, содан кейін өзге үшін, ел үшін... Жанымызды сыздатса да, бүгінгі күннің қатаң да қатыгез бір пәлсафасы осы.

Қасиетті кітапта: "Алдымен өзіңді жарылқа, сонан соң барып қана өзгеге қол ұшын бер". Айта берсең, адамның оңы мен солы іспетті керағар, қайшылас тіршілік.

Былтыр Қазақ-Қытай шекарасындағы "Терісайрық" заставасында 11 жауынгер тапа-тал түсте туған елінің шекарасын тастап, қашып кетті. Отан-анасының шекарасын көздің қарашығындай қорғау дейтін қасиетті борыштан гөрі, қара басының қамы басым түсті...

Аулада ойнап жүрген бүлдіршіндер бірінен-бірі ойыншығын ұстап көрмек түгілі, өзгенің қолы тиіп кетсе шар ете қалады. Күнде көріп жүрген соң, үйреншікті көрініс, жайбарақатпыз. Апырай, шынымен-ақ, дүниеқоңыздық құрты құрсаққа түскені-ау?! Әйтпесе бесіктен белі шықпай жатып, өзім дегенде өзегі кететіндей шырылдайтыны несі?! Қайырым-мейірім, өзің үшін ғана емес, өзге үшін, ел-жұрт үшін, алаш үшін дейтін арда қасиеттер тұншығып кетіп жүрмесін!

Жо-жоқ, тұншықса да, – қайта серпіліп шығады. Неге десеңіз, сонау тегімізден келе жатқан бір көзге көрінбейтін, бойға біткен бір алтын арқау қасиет бар.

...Үкімет "Қазақ" газетіндегі өткір мақаласына бола Ахмет Байтұрсыновты тергеп, – не екі ай түрмеге қамаласыз, не қомақты айыппұл төлейсіз, – деп алқымдайды. Сонда Ахаң: "Газетімнің аз ғана ақшасын айыппұлға төлегенше, сол түрмеңе барып жата тұрайын, газетім шыға берсін", – деп қазақ сөзін тұншықтырмау үшін түрмені қалаған.

Өткен ғасырда патша әскерлері алаш көсемі Әлихан Бөкейхановты бір сапарында жолда ұстап, тұтқындайды. Мұны естісімен ел азаматтары жиналып, аз ғана патша солдатынан құтқарып қалайық деп Әлиханға хабар береді.

Сонда Әлихан айтса керек: «Сабыр етіңіздер, үш-төрт ай қамап, қоя берер, өлтіре қоймас. Ал сендер солдаттарды өлтірсеңдер, бүлікші деп, қарулы әскермен жібереді, босқа қырыласыңдар», – деп ер-азаматтардың амандығын ойлаған.

Айбатынан ат үркетін, ірі сөйлеп, кесек турайтын, аузы дуалы оғландарымыз елім-жерім дегенде жан беруге даяр еді.

Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев депутаттық сауалында осыдан 42 жыл бұрынғы оқиғаны айтады. 1972 жылдың 18 желтоқсаны күні Алматы облысының Балқаш ауданындағы Іле өзенінен мектеп-интернат оқушылары қайықпен өтпек болған. Өзеннің ортасына жете бере қайық аударылып, балалар суға бата бастаған. Екі жағада да көріп тұрған жұрт, араларында суға кетіп бара жатқан балалардың жақын ағайын-туыстары да амалы құрып, ештеңе істей алмай қалады. Сол кезде жағадағы Бейсетай Дәуренбеков деген азамат ойланбастан суға қойып кетіп, 12 баланы судан аман алып шыққан. Сол судан аман қалған төрт ұлттың өкілі 12 азамат бүгіндері аман-есен. Жыл сайын 18 желтоқсанында екінші әкелеріне артына ерген ұрпақтарымен келіп сәлем беріп тұратын көрінеді. Депутат Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін дәріптеу керек деп түйеді.

Алаштың арда ұлдары ғалым-жазушы Сәбетқазы Ақатай мен этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы Алматыдағы «желтоқсан көтерілісінің» қаһарлы күндері жеке бастарының қауіп-қатеріне қарамай, жастармен бірге алаңға барып, кейін желтоқсан туралы шындықты егжей-тегжейлі зерттеп, көтеріліс туралы мәліметтерді фото-пленкаға кішірейтіп түсіріп, оны арнайы сатып алған балтаның темір бастарына егеп кіргізіп, тесікті қайтадан балқытып жауып, Қытайдағы, Араб елдеріндегі, Батыстағы, АҚШ-тағы таныстарына "сәлем-сауқат" ретінде жөнелткен. Желтоқсан шындығы төрткүл дүниеге осылай тараса керек... Сол кезде бұл аса қауіпті де қатерлі іс болатын. Елі үшін қара басын бәйгеге тіккен екі ардағымыз да бүгін арамызда жоқ.

Күні кеше өзіміздің Қостанайдың Меңдіқаралық оғыланы Серік Сұлтанғабиев Ресейде солдаттың қолынан сусып түскен гранатаны ойланбастан кеудесімен жауып құлап, басқаны аман алып қалды. Оған "Ресей Батыры" атағын берді.



Тіленшілік
Қараша басталғалы күн бірте-бірте суытып келеді. Қаңғыбастар қаладағы бейімдеу орталығын айналшықтап жүр.

Базар, вокзалдарда ертелі-кеш қайыр садақа сұрап, алақан жайып өткен-кеткендердің шалғайына жармаса кететіндердің де қарасы жиі байқалады. Ал бұл мешіттердің айналасындағы ежелден келе жатқан дәстүрлі көрініс.

Бірде сол қала орталығындағы мешіттің қасынан отыз бен қырықтар шамасындағы бір қазақты көрдім. Мен назар салғаным сол еді, қолын жайып, ақша сұрады. Алақанына дөңгеленіп екі жүздік тиындар түскенде, көзі жалт етіп: "Рахмет, ағасы, рахмет!" – деп, үсті-үстіне жалпылдап қалды. Түр-тұлғасына қарасаң аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетіндей-ақ. Бейімдеу орталығына баратындар да, базар-вокзалдағылардың да дені – он екі мүшесі сау пәтшағарлар. Олардың мәртебесі: еш жерде тіркелмеген, жәрдемақы, зейнетақыдан жұрдай, кәсібі – сұрау. Мұның Алматыда, Алтын орда сияқты сауда орталықтарында кәдімгі жабайы бизнеске айналғалы ондаған жылдар болғаны аян. Ал көшеде, автобустарда, пойыздарда түр-түрі шыққанын қарапайым жұрт көріп жүр.

Енді өзге елге қарасақ, Түркияда көше мен қоғамдық орындарда қайыр сұрау заңмен тыйым салыныпты. Мұндай тәртіп Литваның Вильнюсында бар екен. Қайыр сұрап немесе садақа беріп жүрсеңіз, айыппұл салынып, жауапкершілікке тартыласыз. Бұл іс қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Қайыр сұрау мен садақа беру тек шіркеулер мен діни мерекеде ғана рұқсат. Жергілікті билік мұны ұлт имиджіне нұқсан келтіру деп түсіндіреді. Мейіріміңіз тасып бара жатса, арнайы орындарға келіп, үйсіз-күйсіз жандарға арналған қорға өткізуіңе болады. Ресейде балаларды пайдаланып, қайыр тілеген бизнес тым белең алғандықтан, ересектерді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Біздің елде де осы мәселе күн тәртібінде тұр. Оны айтасыз, тағы бір сұмдығы, Алматыдағы қаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығына бизнесмендердің 136-сы "паналапты". Яғни, тіркеуде бар да, бірақ онда тұрмайтыны айдан анық. Кәдімгі жекеменшік кәсіпорынның қожайыны, банктен қомақты несие алуға жағдайы бар азаматтар қаңғыбастар мекемесіне заңсыз тіркеліп алған. Мұның астарын өзіңіз түсіне беріңіз. Осы біз қазақтың менталитетін мансұқтап, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз дейміз. Осыған бүгінгі көзбен қарап көретін кез келді. Қаңғыбас, қайыршы, жетім, жесір деп жүргендерге жаппай қазақы пейілмен жанашырлық танытудың жөні жоқ секілді. Өйткені...

...Атымтай жомарт қаладағы кәріптерге киім, тамақ беріп болған соң, енді даладағы кедейлерді іздеп шығады. Келе жатса, үстінде тоз-тоз киімі бар бір адам кездеседі. Атымтай: "Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?" – дегенде, әлгі жарлы айтыпты: "Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын", – депті. (Шәкәрім Құдайбердіұлы)

ХІХ ғасырда атақты Медеу бай Пұсырманұлы Алматыдағы Медеу мұз айдынының орнындағы ен жайлауды мекендеген. Осы Медеу бай жағдайын айтып алдына келген адамды ауылдың іргесіндегі мыңғырған малдың ортасына апарып: "Көзіңе түскенін ал да, өз ісіңді баста", – дейтін көрінеді. Егер мал алған адам алған малын сойып жеп қойып, тағы сұрап келсе: "Сен масыл екенсің, енді қайтып маңайымнан жүрме!" – деп ұрсып, қуып жібереді екен. Ал егер алған малдың басын құрап, көбейтіп жүрсе, "Несібең арта берсін!" – деп, тағы бір ірі қараны ақысыз-пұлсыз жетектетіп жіберетін болған дейді.

Айналып келгенде, табан ақы, маңдай термен болған тіленшіліктің арғы жағында ізгілік бар!

Адамдардан шаршаған...
Биылғы күз қабағын ашпай, желке жалы күдірейіп, сұрланған күйімен өтетін шығар. Құдайдың құтты күні күннің райы табан астынан мың құбылып, көк аспан мен қара жердің арасында мәңгі бітіспес бір майдан басталғандай. Маусымда тынысы тарылып, дүниенің апшысын қуырып жібере жаздаса, шілдеде бұрын-соңды болмаған көк аспанның "көз жасы" күні бүгінге дейін тиылмай-ақ адамдарды әбден діңкелетіп шаршатты. Бірақ, түсіне білсек, кімді кім шаршатты?! Егер тіл бітсе, осынау жарық дүние, жер-ана асты-үстін опырып, отап, жайпап бара жатқан, құдайдың жаратқанына қарсы шыққан адам баласынан "шаршағанын" айтып, зар илер ме еді, қайтер еді?!

Ал адамдардың өзі ше, алаш жұрты ше, оның ішінде, руханият сардарларының "миымен тас көтергендей шаршағанын" кім елеп, бағалап жүр осы?

Биылғы күз ойда жоқ жерде ұлттың ардаемген интеллектуалы Таласбек Әсемқұловты қар жер қойнына бергізді. "Таласбек соңғы жылдары өмір сүруден, аурудан, адамдардан шаршағанын, тек отбасы үшін ғана өмір сүріп жүргенін айта беретін", – деп еске алады жұбайы Зира Наурызбаева. "Біздің қоғамдағы парадоксқа қараңыз, екі ағамыз да (Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек) ұшан-теңіз біліммен соңғы жылдары үйде отырды. Жұмыссыз. Қазақтың кез-келген баласы солармен деңгейлес болса ғой, әңгіме басқа еді. Бұл – қоғамға соғылған шапалақ, рухтың ескертпесі. Біз жеңіліп жатырмыз", – деп жазды талантты тілші Әсия Бағдаулетқызы, – бұл қоғам жақсы адамның, терең адамның, ілім жиған адамның қадірін білмейді," – деп ашынады.

Ал сонда қадірін білгізуі үшін не істеу керек? Бұл заманда гуманистке қайтіп өмір сүрген дұрыс? Оған да марқұм Таласбек "Аңыз адамда" шығармасында: "Бір жолы Асекең (Асқар Сүлейменов), – ешқашан ешкіммен жауласпа, басыңнан сөз асыра сал. Өйткені сен бойыңдағы қабілетіңді қазаққа тұтастай беруің керек. Жазатайым біреу саған бірдеңе істесе, мақсатыңа жете алмай қаласың. Махамбеттің "Азамат, сені сақтадым, қазанат, сені сақтадым" дегені бар ғой, сол секілді сен өзіңді сақтауың керек. Мына дүниеде талантты болу деген өте қатерлі, елдің бәрі талантқа жау. Егер сен білімді, жақсы жазбаларыңмен ұрпақтың, жастардың санасын тазалап, жақсы азамат етіп қалыптастырсаң, саяси күрестің не керегі бар? Сен мақсатыңа жеттің, – деп керемет айтқаны бар. «Менің күресім – жастардың сауатын ашу. Менің партиям – жалғыз өзім. Негізінен жастардан досым көп. Өйткені замандастарымның талайымен кетісіп қалдық, есейгеннен кейін алысқан қол, беріскен серттің бәрі жайына қалды. Әркімнің өз мүддесі пайда болды. Сондықтан өз замандастарымнан достарым көп емес», – деп ағынан жарылған екен. Сөйткен күйші, жазушы, көсемсөзші Таласбек Әсемқұлов соңғы жылдары сатқындық пен бітпейтін аяқтан шалудан шаршап кеткен еді. «Мына өмірдегі жақындарынан гөрі жақынырақ адамдардың жанына, өз еліне кетті», – дейді жан жары.

Редакциямызға апта сайын танымал, сырлас, жүзтаныс ағаларымыз келіп, әңгіме дүкендетеді. Сол жайсаңдарымның арасында кейбірі қызды-қыздымен, қылығы-былығымен көп адамдар шаршатып жүргенін айтып таусылады, бірақ өзі де басқаларды шаршататынын аңғармайтынына таңғаламын.

Ал жастар ше... жастардың аты – жас, олар өзі де шаршамайды, шаршағандары ойына кіріп те шықпайтын секілді.



Айсана

(Шығыс сарынындағы қазіргі әфсана)


Үлкен даңғылда "Ленд Крузерді" ұршықтай үйіріп келе жатқан Сүйрік өзіне қатарласа берген дәл өзінікідей "қаракөкті", оның руліндегі сұлу қызды көріп жүрегі дір еткендей болды. "Хор қызындай сұлуын қарашы-ей! Тоқта, бәлем!" Бұл ойлап үлгергенше қыз оқ бойы алға озып кетті. Сүйрік жылдамдықты барынша арттырып, бір шақырымға жетер-жетпес те қуып жетті. Терезесін ашып жіберіп:

– Оу, аймаңдайлы қарындас! Сәл аялдаңызшы, айтар сөзім бар! – деді дауыстап. Сол сәтте қыз мұның сөзін қағып алса керек:

– Қоңырау таққан құба нардай болған, ағасы-ау, сонша не боп қалды? Даусында наз, саф сыңғыр бар екен. Қозы көш жер ұзап барып тоқтады. Сүйрік келіп жеткенде, қыз да кабинаның терезесін түріп тастаған. Сүйрік есімін айтып танысты. Қыздың аты – Айсана екен.

– Айсана! Құй сен, құй сенбе, сені көргеннен-ақ жүрегім аузыма тығылды. Бірі – шекер, бірі – бал, бірі – қайың, бірі – тал талай қарындастарды көріп жүрміз ғой. Бірақ бірде-бірі дәл сендей жүрегімді өртеген емес. Құлың болып өтейін, өлсек, бір шұңқырда, шықсақ бір төбеде болармыз. Имандай шыным, қолыңды бер! – деп жалына жабысты.

– Қанадылдай шырылдап, жүрегің езілмей тұра тұрсын, – деді Айсана күлімдеген қалпы, – анау артыңа қарашы, көз ұшында құлдырап келе жатқан "Хаммердің" ішінде менің сіңілім – Күнсана бар. Өзі перінің қызындай менен өткен сұлудың сұлуы. Ажарына ақылы сай перизат. Соны көрші, мәжнүн, сұлтаным! – деп сыңғырлай күлді, көлігі орнынан лып етіп қозғала берді. Сүйрік қапелімде абдырап қалды. "Мына сайтан қыз шын айта ма?! Кім біледі, көрсем көрейін", – деп ойлады. Көп күттірмей-ақ, сұрғылт түсті жалт-жұлт еткен "Хаммер " жақындай түскенде, Сүйрік жанұшыра, – тоқта! – деп белгі берді.

Сымбатында сын жоқ жұтынған көлік мамырлай кеп тоқтады. Рөлінде басында дағарадай жеңіл қалпақ киген, мойын еті қатпар-қатпар, екі бетінде үш тарау сояу-сояу әжімі бар, жуан білектерін қоңырқай жүн басқан, алпысты алқымдаса да, ерніне қызыл бояу жүгірткен "жасамыс" әжей отыр. Көрген сәтте Сүйрік тұрған орнынан теңселіп құлап қала жаздады да, жалма-жан: "Кешіріңіз, сізді біреумен шатастырып алдым, жүре беріңіз", – деді даусы зорға шығып. Сылаң қағып "Хаммер" жүйтки жөнелді. Сүйріктің қаны басына тепті. Түтіккені сонша, тікендей қара қастары тікірейіп, тістерін қышырлата шайнап, өзіне-өзі айбат шеге кабинасына секіріп мініп, Айсана кеткен жақты тұспалдап заулады-ай кеп! Мейманалы дәуренінде мұндай күйді кешпеген оған екі қырды асқаннан-ақ, қылыштың қырындай жол сорабынан бұлдырап Айсананың "қаракөгі" көзіне шалынды. Айсананың көлігі бұған қарайлағандай қаннан-қаперсіз баяу ғана жорғалап бара жатқандай. Ал Сүйріктің жақындаған сайын ашу кернеген күйі сәл бәсеңси түскен.

– Сен неге мені алдадың, Айсана ханым! Менің ақ ниетімді неге таптап кеттің? – деді қуып жеткеннен соң ентігін баса алмай.

– Ниеті тәуір жігіттің,

Жүрісінде мін болмас.

Айтқанында зіл болмас,

Көңілінде кір болмас, – деген, мырза. Сабыр ет. Ал тыңда: мен сенің жүрегіңді шын өртеген болсам, сен менің құлым боп өтуге дайын болсаң, онда басқа сұлуға қарамас едің. Сен ойланбастан-ақ артыңа тұра жүгірдің, ендеше айтқаныңның бәрі жалған! "Сымбатыңда сын жоқ, ішкі сарайыңда дым жоқ" пендесің. Хош! – деді де жүріп кетті.

Бақжарыс
Ой-хой! Бұл бір кездері бөрі ойнақтаған, жалын желге таратып, жирен айғыр айдақтаған қиыр дала болатын. Сол жазықта қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап, мамыражай өмір сүрген қоңырқай ауыл еді. Жазмыш кеңес дәуренін бастан бұл-бұл ұшырды. Қазынаның бүкіл дүние-мүккамалы таланды. Азу-тозу, көшу-безудің ақыр аяғында мыңға жуық үй, мыңғырған ауылда үйден қалғаны – жетпіс шақты түтін, малдан – жетпіс шақты тұяқ. Көштен қалғандар күйі, күші жоқ, тілерсегі дірілдеп, буыны былқылдап, діңкесі қатқандар. Шөккен түйеге міне алмайтын ынжық, жуас. Тәңір де тарылып, жылдан-жылға жерге дым тамбай, даланың таңдайы кеуіп, қурап семіп, қу тақыр дендеді. Көл тартылып, кұс қашты. Құдықтар суалып, суалмағаны тұзданып кетті. Ең сұмдығы, ауызсуды көктемгі іркілген қар суы, иістенген қақ сулардан таситын болды. Ауылда ішек, сүзек аурулар көбейіп, сәбилері айдың күні аманында шетінеп кететінді шығарды. Зар илегенмен құрсағында бала тұрақтамай, жас келіншектер өздерін арақпен жұбатуды әдетке айналдырды. Достың наласы, дұшпанның жаласы, ағайынның аласынан көресіні көрді. Осылайша, маңдайымызды тайқы жараттың деп Аллаға арыз айтып жүре берер ме еді, қайтер еді?..

Күндердің бір күні ойда жоқта ауылға қаракөк «Ланд Крузердің» бір емес екеуі шаңдатып келіп тоқтады. Ауылда Қоңырбай деген шал болған. Өмір бойы қоңырқай дәулетімен-ақ таршылық көрмей, елде сыйлы болып өткен. Қала жақта жарықтықтың немересінен қалған аузын үріп, табанын қырып өсірген бір қызы бар дейтін. «Әуеден ұшқан бұлдырық, құбыладан соққан ызғырық. Жаратқанмен қыз қылып, жатқа кетпей-ақ, байға тимей-ақ болымды болыпты. Оң жақтан кетсе де, қыз еркелеп ұл болыпты. Фирмалары, дүкендері, мейрамханалары әр облыста, әр қалада. Таяуда Астанадағы хайуанаттар паркіне үндістерден пілдің баласын сатып әкеліп беріпті, – дейді ел езуі. Келген сол Қоңырбай шалдың немересінен туған Айзада ханым екен. Ауылдың қырындағы зиратқа барып, атасы мен әруақтарға құран оқытқан соң, ауылдың тайлы-таяғын жинап ас беріпті. Ас біткен соң, ел алдына шығып былай депті: «Ауыл қарияларының есінде шығар, «Ораздының ойын берсін, Қоңырбайдың қойын берсін!» дейтін әулеттің кенжесімін. Маған бала кезімде шөлімді басып, жаныма қуат берген осы ауылдың, Қоңырбай атамның есігінің алдындағы құдығы, оның зәмзәм суы. Мен оны өлсем де ұмытпаймын. Қазір атамның үйі де, құдығы да жоқ. Аты да өшкен. Мен сіздерге жердің астын қазып, терең көлінен су тартып шығаратын құбыр салып, станса орнатып беремін. Ауылдағы үйді-үйге сол стансадан су ағатын құбырлар төсеп, әр үйде шүмектен су ағып тұрады. Көк тиын да алмаймын. Судың да, жердің де иесі сіздер боласыздар. Тек сол су стансасын «Қоңырбайқұдық» десеңіздер жетіп жатыр, – депті. Халық аяқ астынан табылған жаңалыққа сенерін-сенбесін білмей алғашқыда есеңгіреп қалыпты. Әбден жігері құм болып жаутаңдап қалған жаутаң жұртқа Айзада ханымның төлеңгіттері екі бағлан сойып, құдайы тамақ таратып бергенде ғана есін жиса керек. Кетерінде қоғадай жапырылып, «айтқаныңа құлдық» деп шығарып салады. Айзада ханымның кеткенінен келгені жылдам болды. Арада он шақты күннен соң, Айзада өзі бас болып жасақ-қосағымен сау ете қалды. Барлығын да ойластырып келіпті. Рұқсат құжаттары реттелген. Ала жаздай тыным көрмей, құдық қазылды, құбырлар жүргізілді. Жабдықтары орнатылды. Қоңыр күзде ауылда ақ түйенің қарны жарылып, ауыз суға қарық болып, риза болған халық қуанғаннан жылапты. Қара басымыз қара жерге жеткенше жадымыздан кетпейді деп ант су ішіпті.

Арада небәрі жарты жыл өтеді.

Күндердің бір күні ауылға ақсұр «Хаммер» қаңтарыла көрінеді. Одан ұзын бойлы ақсұр жігіт түседі. Түсе салысымен ол да зират басына барып, ата-баба, туған-туысқандар әруағына зиярат етеді. Содан ол да іле шала ауылдың тайлы-таяғын жинап былай дейді:

– Менің арғы ата-бабам – Паң-Тұрсын әулетінен. Алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар батыр болған. «Аттандағанда!» Паңтұры қалмайды, Жантұрысы қосыла кетсе, бәрінің де тамтығы қалмайды, – деген сөз википедияға жазылған. Ел аузында тағы «Паң-Тұрсын айтса – баптап айтады, қыршаңқыларды таптап айтады» деген сөз қалыпты. Мен кіндік қаным осы топырақта тамған.

Ал әлгі Қоңырбай әулеті... Арғы аталары болса болған шығар... Айзада ханымның әкесі қотыр тайын кісіге қимайтын сараң еді. Құдайдың құдіретіне амал который. Короче, қандай мұқтаждық бар? – деді Нұрбай есімді ақсұр жігіт нығыздай сөйлеп.

Мұны ести сала ауылдағы бас көтерерлер онша қинала қойған жоқ. «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы әне, қазына қаржысына су жаңа мектеп пен дәрігерлік фельдшерлік пункті бар.

Ал, жоғы.. қазір қызталақ бозбас-бұйрабас қыз-жігіттерге обал. Қас қарайса, өздерін қайда сыйғызарын білмей көрінген бұрышта гөй-гөй, айқай, мазаны алып бітті. Мәдениет үйі керек!

– Базар жоқ, Евростиль, бәрі болады! Рас болып шықты. Он бес күннен соң ауыл көшесінде ерсілі-қарсылы жүк тиелген «КАМАЗдар» қаптап кетті. Қирағалы тұрған клубсымақты сырды да тастады. Айтып-айтпай не керек, ауыл ортасында әппақ жұмыртқадай әдемі Мәдениет үйі алыстан көз тартатын болды. Ауылдың қызталақ жастарының қуанышы қойыны тұрмақ, бойынан асып кетіп, үйге түнемеуге бар.

Нұрбай ақ бата, көп бата алғыстың астында қалды, мұрнынан есек құрт түсіп отырған азамат екен. Ауылдан бір ту бие сойдырып, әруақтарға құран оқытып, ас беріп кетті. Кетерінде «завклубқа» айлық төлеп тұрамын дегенде, Күләнгүл қыз естен танып қала жаздады.

Күн артынан күн, жыл артынан жыл өте бергенде, ауылға үш түрлі жалт-жұлт маркасы белгісіз көліктермен бір топ адам сау ете қалды. Ішінен ерекшеленіп бір домаланған қызыл шырайлы жігіт шықты. Өзі ыңқиып тойып апты. Сабазың жан-жағына шырт-шырт түкіреді. Кеудесі жанартау- лапылдап тұр: «Қоңырбайдың Айзадасы, байтал шауып бәйге алмас. Сасық құдығының дәмі әлі аузынан кетпей жүр екен, ә?! Сағанақтай болған шәлтік! Ал Нұрбайдың арғы аталары болса, болған кісілер шығар. Біз қалаға кеткенде, үйіңде шымылдырығы жаңа желбіреген бозбас еді. Кеңкелестеу еді, сіңбіруге қолы тимей жүретін ол да енді... бізге партнер, что ли? Бұлардан дәулетім де, әуелетім де кем емес. Менің ата-бабаларым да осы ауылдың қорымында жатыр. «Білсең – Болғанбаймын, білмесең – зордан баймын» деген атамыздың бір бұтағымын. Күні ертең шаруаның бәрін тындырғанда, Болғанбайдың кім екенін әлі көресіңдер! Айтыңыздар, елге не керек? – дейді ғой баяғы. Ауылдың қоң бітіп, еркетотайлана бастаған төрбасарлары екі сөзге келмей: «Бізге монша, тұрмыстық шеберхана керек», – деп шалқая сөйлейді. Бірақ Болғанбайдың тұқымы айтса айтқандай болып шықты. Болғанбай зордан бай болып шықты!

Ауылда еркек пен әйелге арналған дербес екі бу бөлмелі, бассейні, демалатын бөлмелері бар қаладағыдан да керемет монша; көйлек-көншек, құрақ көрпе, терезе перде тігетін тігінхана; қамыр илейтін, салма тартатын, нан-тоқаш пірісетін шағын наубайханасы бар тұрмыс үйі салынып бітті. Түгелімен, бәрін өзі көтерді. Елден, қазынадан көк тиын ақша сұраған да, жинаған да жоқ. Ауылдағы бос жүрген ер-азаматтар, қыз-келіншектер жұмыс табылып жүрегі жарылардай қуанды.

Сөйтіп, тарағалы, қирағалы отырған ауыл гүлденіп шыға келді.

Тәуелсіздік мерекесіне орай, сол үш оғыланды ауыл қонаққа шақырды. Үшеуі үш бөлек, бірақ бір уақытта келді. Үшеуін де қоғадай жапырылып, күтіп алды. Үшеуін де бір дастархан басына қатар отырғызды. Үш күн, үш түн ауылдықтар барын салып, думандатты-тойлатты.

Үш «олигарх» кетерінде тұңғыш рет құшақ айқастыра, төс қағыстыра бірге аттанды.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет