Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқы феномені


Диссертациялық жұмыстың деректік негізі



бет2/5
Дата31.01.2018
өлшемі0,85 Mb.
#36566
түріДиссертация
1   2   3   4   5

Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Еңбектің мақсаты бүкіл қазақ жерінің жылқы шаруашылығының картинасын қалпына келтіру болғандықтан, қазақтың үш жүзге бөліну принципіне сәйкес, 1980 жылдардан бастап күні бүгінге дейін Қазақстанның Арал - Каспий, Сарыарқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай өңірлерінде арнайы жасақталған экспедициялар құрамында жүріп және автордың өз төтесінен материалдар жинау болды. Сонымен қатар қазақ халқының этномәдениеті мол сақталған Монғолияның Баянөлгий, Хобда аймақтарынан, Қытайдың Алтай өлкесінен, Өзбекстанның Ташкент атырабынан аса құнды деректер жиналып, қазақстандық мәліметтермен салыстырылып отырды.

Диссертацияны жазу кезінде көне замандардан бастап қазіргі кезге дейінгі алуан түрлі деректер пайдаланды.

– Ежелгі антикалық Грек, Рим, Византия және Қытай авторларының сақ, скиф, сармат, ғұн т.б. көшпелі тайпалардың өмір-тұрмысы, шаруашылығы туралы жазбалары.

– Археологиялық табындылар: Пазырық, Аржан, Берел т.б. қорғандар қазбасынан шыққан заттық айғақтар.

– Архив қайнары: Алматы, Ташкент, Омбы, Орынбор, Петербор, Мәскеу мұрағаттарындағы «дала жылқысы» жөніндегі мәліметтер.

– ХVІІІ–ХХ бас кезіндегі орыс, еуропа зерттеушілерінің еңбектері.

– Ресей империясы Жылқы шаруашылығы бас басқармасының «дала жылқысын» зерттеуге жіберген экспедициялары мен әскери ведомствалардың есептері, кавалерист-офицерлердің күнделіктері

– Мұражай экспонаттары мен қазақ жылқысы туралы суреттер, сызбалар, иконографиялық материалдар.

– Шежіренің жарыққа шыққан және әртүрлі қорлардағы нұсқалары.

– Тарихи фольклор мен эпикалық шығармалар.

– Автордың 1985 – 2009 жылдар арасындағы Қазақстанның шығыс, оңтүстік, батыс, орталық аймақтарынан, Өзбекстан, Ресей, Монғолия, Қытай қазақтары арасында болып ел аузынан жинаған деректері.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқының ролін көрсету.

Зерттеу жұмысының пәні шамамен 5,5-6 мың жылдық мерзімі бар дала жылқышылдық өркениетіне жан-жақты талдау жасау.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақстан жылқының жаратылған жері-отаны екенін полеозологиялық, археологиялық, тарихи-этнографиялық материалдар негізінде дәлелдеу. Қазақтардың арғы ата-бабалары тарапынан жылқыны қолға үйретуі және олардың адамзат тарихына қосқан үлестерін анықтау. Дәстүрлі мәдениетіндегі жылқының алатын орны мен рөлін анықтау үшін «жылқы» мәселесін жан-жақты ғылыми тұрғыда қарастыру.

– Жылқының төрт түліктің ішіндегі алатын орны мен экономикалық тиімділігін көрсету.

– Жылқының қоршаған орта мен табиғаттағы жағдайы, экологиялық тазалығын әйгілеу.

– Жылқылы-көшпенділер өркениетінің мән-мағынасын ашу және жылқының тарихи рөліне шолу.

– Жылқы және әскери өнер, жылқының саяси маңызын көрсету.

– Қазақтың аттың тұрпаты, сыны, түр-түсі, өнімдері, жүріс түрлері мен байланысты атауларымен терминдерін жинау және жүйелеу.

– Ер-тұрман жабдықтарының мүшелері мен бөліктерінің аталуы, жасалу технологиясы, аймақтық, елдік ерекшеліктерін көрсету, түрлері мен типке бөлу.

– Қазақтың бұрын мүлдем зерттелмеген ат ойындарының мағынасын ашу.



  • Жылқы және рухани әлем: батыр мен оның сәйгүлігінің эпостардағы бейнесі, жылқы туралы әдет-ғұрыптар мен ән-күйлердің, билердің этномәдениеттегі орнын пайымдау. Жылқы және қазақтың ту, жалау-байрақтарының шығуы, жылқы түсінің этномәдени қызметін айқындау.

  • Жылқының қазақтың әдеттік құқығындағы алатын рөлі мен маңызын талдау.

Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Қазақ үшін жылқы басқа халықтардағыдай мініс, көлік (транспорт) және спорт құралы ғана емес, мәдениеттің бір саласы. Сондықтан жылқыны зерттеу қазақ ұлтының өзін-өзі тануына, мәдени келбетін тұлғалауға, жаһандану жалмауызына жұтылып кетпей, болашаққа бағыт-бағдарын бағамдауға жол көрсетеді. Қазақ жылқысының 6 мың жылдық тарихы тұнғыш рет тарихи-этнографиялық мәдениеттану тұрғысында зерттеу халқымыздың материалдық және рухани жетістіктерінің көптеген көмескі тұстарын айқындауға мүмкіндік береді. Қазір ғылымда берік орныққан көшпенділердің салт атты мініске пайдалану арқылы ер-тұрман, ауыздық, үзеңгі, дөңгелек, шалбар, етік, қайқы қылыш сияқты заттарды ойлап тапты деген теорияны қазақ материалдары толықтырып бұл пікірдін дұрыстығын қуаттайды. Атап айтқанда, біз алғаш жазып алған «үзеңгіден өткізу», «ашамайға мінгізу», «ат бесік» салты ер жабдықтарының алғаш пайда болып, қалыптаса бастаған кезде пайда болған үрдіс. Біздің бұл теорияға алып-қосарымыз ту, жалау, байрақ-деген нәрселерді де көшпенділер ойлап тапқан деп айтуға негіз бар. Себебі қазақтарда туды аттың құйрығынан жасау үрдісі ХVІІІ ғ. дейін сақталып келгендігі жайында заттық, фольклорлық, шежірелік бұлтартпас дәлелдер кездеседі, ер-тұрмандардың 20-дай түрі анықталды.

Менің ел арасынан жинаған мәліметтерім бойынша және бұл мәліметтерді басқа түркі монғол (қырғыз, тыва, монғол) халықтарының тілдеріндегі жылқы түсіне байланысты сөздермен салыстырғанда қазіргі таңда қазақ тіліндегі ат түгіне қатысты сөздер (358 сөз) әлемде бірінші орында тұр. Бұған аттың сыртқы мүшелеріне байланысты сөздер 95 сөз, аттың сынын білдіретін терминдер-198 сөз, сөйтіп 600 ден астам терминдер мен атаулар алғаш рет ғылыми айналымға түсті.

Күнделікті өмірде ұлттық ат спорты ойындарының небәрі оншақтысы мөлшермен айтылады, зерттеу барысында 30 ға жуық беймәлім ат ойындары табылып ғылыми бағасын алды. Қарапайым қамшының 23 түрі белгілі болды. Көптеген ойын-сауықтар «қайыс тарту», «атпен табақ тарту», «табақ алып қашу» т.б. алғаш рет тәптіштеле жазылып алынды. Атқа байланысты шыққан ән-күйлер, билер өнеріміздің ерекше бір саласы 89 халық және халық композиторларының күйі, 38 әні және 4 би бары анықталып жүйеленді. «Қара жорға» қазақтың би өнерінің атасы және ұлттық билердің көпшілігі осы «қара жорғадан» бастау алады деп топшылаймыз. Мыңдаған жылдық тарихы бар, бірақ ұмытылып қалған бүкіл алаштың ұлттық мейрамы – қымызмұрындықтың шығу тегі, аймақтың ерекшеліктері, тойлану тәртібі сараланды. Қазіргі таңда Қазақстанның жер-жерінде өтіп жатқан қымыз мейрамдарына автордың сценарииі мен зерттеулері негізге алынды.

Мыңдаған жылдық қытай–қазақ–ресей жылқы саудасын, экономикалық байланыстарын сараптағанда екі үлкен көршіміз Қытай мен Ресей жылқы мәдениетін қазақ пен оған бауырлас халықтардың арғы бабалары ғұндар мен қыпшақ, печенег сияқты көшпенді тайпалардан алғаны дәлелденеді.



Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Қазақстан территориясында б.з.д. ІV мың жылдықтың аяғы мен ІІІ мың жылдықтың бас кезіндегі энеолит дәуіріндегі жылқының пайда болу, қолға үйретілу кезеңінен бастап ХХ ғасырдың 30-жылдарында дейінгі қазақтың көшпенділік үрдісінің тоқталуына дейін, яғни 5,5 мың жыл мерзімді қамтиды. 1970 жылдардың ортасынан бермен қарай жылқылы-көшпенділер өркениетінің (конно-кочевая цивилизация) ұғымының ғылымға мықтап еніп, орнығуына байланысты әлемдік жылқы тану ғылымында көптеген фактілер мен деректер жиналып ғана қоймай теориялық тұжырымдары жасалды. Еуразия аумағындағы үлкен көшпенді этнос-қазақтың ғасырлар бойғы жылқышылдық мәдениеті көшпенділік үрдістің территория және кеңістік тұрғысынан кеңейтіп қана қоймай, мазмұн жағынан байыта түсері күмәнсіз.

Зерттеудің қолданыстық маңызы. Қазақ материалдары негізінде жылқылы-көшпенділер өркениетінің ортақ құндылықтары толықтырылды. Жұмыстың тұжырымдары мен материалдары қазірдің өзінде қазақстан этнографиясы, фольклортану, әдеттік құқықтануға арналған монографияларға, оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға пайдаланылуда.

1990 жылдары еліміз егеменді алғаннан бастап бүкіл республикамызда ұлттық ат спорты кең қанат жайып дами бастады. Ат туралы басылымдарды қалың жұртшылықтан бастап жылқы өсірушілер, коннозаводчиктер, атбегілер іздеп жүріп оқитын болды. Әдебиеттер жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен автор сан-салалы мәселелерді қамтыған «Қазақ жылқысының тарихы» аталатын көлемі 40 баспа табақ болатын еңбегін жазып баспадан шығарды. Зерттеуші өзі тауып, анықтаған көптеген беймәлім ат ойындарын мамлюктер заманында көрсетілген «Жылқы театрын» жаңғыртуға пайдалануға болады деп есептейді.



Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі. Зерттеу жұмысының методологиялық негізін айқындауда, қоғамдық құбылыстар мен үрдістерді зерттеудің бірнеше әдіс-тәсілдері қолданылды. Тарих ғылымында қалыптасқан мәселені, болған оқиғаны зерттеуде нақты фактілер мен дәлелдерді мұрағат және газет-журнал материалдары арқылы салыстыра көрсету басшылыққа алынды. Сонымен бірге зерттеу барысында саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды.

Негізінде тақырыптың теориялық негіздемесі мен зерттеудің әдістемелік негізгі диссертацияда арнайы қарастырылды. Тарихи оқиғаларды немесе саяси жағдайларды баяндауда баспасөз материалдары мен мұрағат құжаттары және ғылыми зерттеу материалдарын салыстыра зерттеу әдісі кең қолданылды.

Автор тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі қалыптасқан ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарға, сонымен қатар қоғамтанушы ғалымдардың еңбектеріндегі баспасөз мәселесіне қатысты көзқарастарына сүйенеді. Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздің шығу тарихы мен деректік маңызы туралы теориялық танымымыз бен өз ұстанымдарымыздың қалыптасуына идеялық және әдістемелік тұрғыда елеулі ықпал жасаған іргелі теориялық еңбектері басшылыққа алынды.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар. Б.з.д. ІV мың жылдықтың аяғы мен ХХ ғ. 30 жылдарына дейінгі, яғни 6 мың жыл аралығында қазақ жеріндегі жылқының пайда болу, қолға үйрету, мініске, әскери іс, транспортқа пайдаланудан бастап, жылқы шаруашылығының эволюциялық даму жолдары көрсетілді.

– Қазақ жері жылқының пайда болған және қолға үйретілген Отаны екендігі дәлелденді.

– Сақ (скиф), ғұн, көне түркі, қыпшақ, оғыз, Алтын орда, Қазақ хандығы кезіндегі жылқы тұқымдарының дәстүрлі қазақ жылқы тұқымдарымен арасындағы байланыстарды зерттей келе қазақи жылқы тұқымдарының әлемдегі көне тұқымдардың бірі екенін, сонымен бірге көптеген көршілес елдердің жылқы тұқымдарына тигізген әсері пайымдалды.

– Жылқы түсіне байланысты қазақ тіліндегі сөздерді ел арасынан жинақтап, жүйелей отырып, әлемде бірде-бір халықта мұншалықты сөз қоры жоқ екенін және бұл феномен әлемдік мәдениетке қосылған үлес екені айқындалды.

– Ер-тұрманның шығу тегі, даму жолдары, түрлері, аймақтық ерекшеліктері мен жасалу технологиясына т.б белгілеріне орай жүйелеу, бірыңғай типологиясы жасалды.

– Ат баптау, бәйгеге жарату, жорға салыстырудың әдістері мен тәсілдерін, сыншылық өнердің қырлары мен сырлары баяндалды.

– Жылқы психологиясы арнайы қарастырылып адам мен жылқының өзара байланысы, «Қазақ жылқы мінезді»-деген тәмсілдің мән-мағынасы зерделенді.

– Жылқы және халықтық мерекелердің: ас, бәйге, қымызмұрындық, ат ойындарының қазақ қоғамындағы алатын орны, этномәдени қызметі, тәртібі мен ерекшеліктері нақтылынды. Жылқымен байланысты әдет-ғұрыптар, жылқыға арналған өлең-жырлар, билер, ән-күйлер жүйеленді.

– Жылқының қазақтың әдеттік құқығындағы орыны мен ролі, барымта мен батыршылдықтың қатнасы, жылқының соғыс күші және көшпенділерде ту, байрақтардың шығуы мен ту ұстау дәстүрлерінің жылқымен байланыстылығы негізделді.

Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнология бөлімінің мәжілісінде талқыланып қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың нәтижелері мен қортындылары 3 ғылыми монографияда, 11 халықаралық және республикалық ғылыми практикалық конференцияларда баяндалды. 1995 жылы Ботайда әлемнің 16 елінен 80-нен аса жылқытанушы ғалымдар бас қосқан симпозиумда мәлімделді. 7 мақала Германия, Италия, АҚШ, Франция, Ресей мемлекеттерінде, 10 мақала ҚРБҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен журналдарда жарық көрді. 18 мақала басқа басылымдарда жарық көрді. Диссертацияның кейбір тараулары «Қазақ әдебиетінің тарихы (фольклорлық кезең)», «Қазақтың ата заңдары» - сияқты көп томды кешенді жинақтарға енді.

Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, 6 тараудан, қорытынды мен қосымшадан, информаторлардың аты жөні мен пайдаланылған әдебиеттерден және қысқартулар тізімінен тұрады. Қосымшада фотосуреттер, жаңғыртпалар (реконструкция), сызбалар берілген.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, еңбектің зерттеу нысаны мен пәні, мақсаты мен міндеттері, ғылымға қосқан үлесі, методологиялық негіздері мен зерттеу әдістері, хронологиялық шеңбері, қолданбалық маңызы және қорғауға ұсынылған негізгі қағидалар көрсетілген.

«Дала жылқысының көне тарихынан» деп аталатын бірінші тарауда 1980 жылдардан бастап Көкшетау облысындағы Ботай қонысында кәзіргі күнге дейін 30-жылға созылған археологиялық қазбалардың нәтижелерін талдай келе қазақ жері әлемдегі жылқының пайда болған ошақтарының бірі екені пайымдалады. Ботай жылқышылары осыдан 5,5-6 мың жылдар шамасы бұрын жылқыны қолға үйретіп, мініске, күш көлікке пайдаланған, етін азыққа, сүтін сусынға, яғни қымызға айналдырған. Ботай қонысы-энеолит заманындағы б.з.д. ІV мың жылдықтың аяғы мен ІІІ мың жылдықтың басында жылқыны қолға ұстап үйреткен жерлердің бірі. Ең бір қызығы Ботайдан табылған археологиялық заттарды, кейбір құбылыстарды қазақ этнографиясымен салыстырып қарағанда бірнеше маңызды қортындылар жасалды:

1. Тұрғын үйлердің едендерінде жылқы етін сақтаған археологтар жазған «шұңқыр-консервлер»-Арқа қазақтарының ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін пайдаланып келген жерден қазып жан-жағын таспен қалаған ет сақтайтын –«қамбаларымен» өте ұқсас.

2. Қазақтар осы күнге дейін жылқы асығын тастамай «ақсүйек» ойынына пайдаланды және әртүрлі бояуға бояп дорбаға салып балалардың ойыншығы ретінде қолданған (бұл салт Моңғолия қазақтарында бар А.Т.). Әртүрлі ою-өрнектер салған жылқы асықтары-сомпайлар (қидасып -депте атайды А.Т.) Ботай қазбасынан шықты.

3. Қазбада ғұрыптық салтты білдіретін жеке арнайы қойылған жылқының бас сүйектері кездеседі, қазақта жылқының бас сүйегін бұзбай асып, артынан басына қою рәсімі әлі күнге дейін бар. Жақсы аттардың басын кебіндеу, жерге тастамай ағаш басына ілу, жартас басына қою жылқыны тәу етуден туындайды. Археологиялық деректерді екшелей келгенде Ботайлықтардың жылқы бағу әдісіне келсек біздің ойымызша қазақтың қоспен отарлап бағу түріне ұқсас сияқты. Қазба кезіндегі үй жайлардың қора-қопсылардың, дүние мүліктердің қалдықтарына қарай отырып қоныс тұрғындары әлеуметтік жағынан бір деңгейлес тұрған деуге болады. Әрбір отбасының тұрғылықты үй-жайы, қора-қопсысы болды. Әрбір үйде бір айғыр-үйір 20-25 бас жылқы болды деп есептесек 200-300 отбасында барлығы 5-6 мың жылқы болғанға ұқсайды. Жылқы сүйектерінің ерепайсыз көп болғандығына қарағанда, әр үйде кемінде 2-3 үйір жылқы ұстаған сияқты, оған тұрғындардың үнемі жабайы жылқыларды аулап қолға үйретіп, бие саууын қоссақ жылқы шаруашылығы кең көлемде дамыды деп айта аламыз. Бір қос жылқы 200-300 бас деп есептесек 20-25 қос (5-6 мың бас) жылқыны радиусы 150-200 км жерде айналдыра қысы-жазы отарлап баққан болуы керек. «Жылқы аяқты мал»- дейді қазақ, жылқы саны неғұрлым көп болса солғұрлым алыс жайылымда игерген. Ал ботайлықтар жайылымнан таршылық көрмеген, ең бастысы баққандары бірақ түлік болды. Сондықтан жылқыны отарлап бағу кезеңде 500-600 км дейін баруы әбден мүмкін.

Қазіргі таңда ғылымда Ботай әзірше өз-өзінен еш талассыз жылқыны қолға үйреткен «жерұйық мекен» ретінде даралана танылып тұр. Бұл жаңа дәйектердің өзі де жылқыны тұңғыш бас білдірушілер индоеуропалықтар дейтін таптаурын пікірлердің қате екенін көрсетеді. Сөйтіп Ботай мәдениетінде жылқыны қолға үйрету процессі толық аяқталып жылқымен мал бағу дәуірінің алғышарттары толық жасалып бітеді. Б.з.д. ІІІ-ІІ мың жылдықтардың арасын қамтыған Еуразия атты малшыларының қалыптасу процессі, яғни бақташылдық номадизм (пастушеский номадизм) кезеңі басталады. 1 мың жылға созылған бұл кезеңде бес түлік малдың арқасында Еуразия малшылары Еуразия құлығын түгел игеріп қоймай, «Беринг көпірі» арқылы Америка құрлығына өтеді. Мал басының орасан көбейуі соңғы қола мен ертеректегі темір дәуірлерінің тоғысында еуразияның далалық белдеуінде, іс жүзінде барлық жерде тарих аренасына жаңа әлеуметтік-мәдени стандарттың-көшпенділердің шығуының алғышарты жасалып болған еді. Салт атты жауынгердің пайда болуын осының жүзеге асқаны ретінде есептеуге болады, себебі содан кейін далада атпен мал бағу дәуірі (бақташылдық номадизм) бітеді (б.з.д. ІІІ-ІІ) де, салтаттылар дәуірі басталады. Оны ертеректегі темір дәуірінің көшпелі индоевропалықтары бастап, тарих аренасында сақтар-скифтер, үйсіндер, ғұндар, көне түркілер, оғыздар, қыпшақтар, бірін-бірі ауыстырып, ХІІІ ғасырда моңғолдармен бітеді.

Диссертацияда сақ-скифтердің жылқышылдығы туралы Геродот, Страбон, Плутарх Херонейский, Николай Дамасский, Платон, Ксенофий сияқты авторлардың жазбаларының кейбір деталдары қазақ этнографиясының материалдарымен салыстырыла қарасып, толықтырылып отырды. Азиялық ғұндар мен еуропалық гундердің жылқысы мен атты әскері жөніндегі қытай жылнамалары мен Евсевий, Иероним, Зосим, Иордан т.б. грек, латын византия авторларының еңбектерімен қатар кәзіргі ғұнтанушылар Бахаддин Өгел, И.П. Засецкая, Н.Н. Крадин, С. Өтениязовтың т.б. еңбектері қолданылды. Әсіресе соңғы кезде Еуропада жарияланған V-ғасырларда өмір сүрген Рим армиясының мал дәрігері Вегецийдің ғұн жылқыларын сипаттаған жазбасы мен арада 1500 жыл өткенде Ресей атты әскерінің маманы, Торғай облысының мал дәрігері А. Добросмысловтың қазақ жылқысының портретін суреттеген еңбегінің арқасында ешқандай айырма жоқ екеніне таң қалмасқа болмайды. Дала жылқысы арада 15-ғасыр өтседе өзгермеген, себебі үнемі қысы-жазы далада жайылып, өз қорегін өзі тауып жеген «спартандық тіршілігінен»-деп түсіндіруге болады.



Ғұндар атқа сүйегі ағаш қатты ер - тоқым салып мінсе, көне түркілер металл (темір) үзеңгіні ойлап тауып, аттың жабдықтарын толық қалпына келтірді, түркілерден кейін ер-тұрманның формасы, әшекейленуі өзгергенмен негізгі жабдықтары еш өзгерген жоқ. Қыпшақтар мен моңғолдар Еуропаны аттың күшімен жаулап алған соңғы көшпенділер болды, одан соң ататын қарулардың әсіресе зеңбіректің қолданылуы атты әскердің бағын байлады және жылқылы-көшпенділер өркениетінің аяғы, Жылқы дәуірінің соңы болды. Негізінде бүкіл Еуразия көшпенділері сияқты қазақтың жылқышылдық мәдениетінің негізі осы жылқы дәуірінде қаланып, ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін айтарлықтай өзгеріске түскен жоқ деп қортынды жасауға болады.

«Қазақтың дәстүрлі жылқы шаруашылығы» - деп аталатын екінші тарауда халықтың байырғы жылқы тұқымдары, жылқы бағу, жылқы оты (шөп түрлері мен климаттық, аймақтық ерекшеліктері), жылқылы байлар, жылқы саны, жылқы саудасы туралы мәселелер қарастырылады. Кәзіргі археологиялық қазбалардан табылып жатқан жылқы сүйектерін шартты түрде екіге бөлуге болады: шоқтығына дейінгі биіктігі 130-140 см, кәзіргі жабы тұқымынан еш айырмашылығы жоқ, екіншісі шоқтығына дейінгі биіктігі 150 см астам бойы биік, бәдені сұлу, сирақты жылқылар, мұны арғымақ тұқымдас деп атауға болады, сонымен сақ-скиф заманынан бермен қарай жылқының осы екі түрін көшпенділер қатар өсіріп отырған, жылқы тұқымдарын асылдандыру сол кезеңдерден басталған. Б.з. алғашқы ғасырларының өзінде Парфияның, Бактрияның, Ферғананың асыл текті сұлу арғымақтары әлемге әйгілі болды, бұлар араб жылқысының негізін қалады. Қазақ халқы өз жылқысын жақсарту үшін көрінген жылқы тұқымдарының айғырларын әкеп сала бермеген. Қазақ жылқысы үшін ғасырлар бойы халықтың аналитикалық тәжірибесінен өткен тұқымдар: араб және түркмен тұқымының асыл тұқымды айғырларын алу үшін ештеңесін аямаған. «...Араб айғыры үшін бай қазақ жүздеген қой, оншақты қазақ жылқысын, ең әдемі күңді, бір құшақ асыл бұйымдарды қуана-қуана бере салады....» [17,238]. өз кезегінде қазақ жылқылары орыс жылқыларының Ресей жылқы шаруашылығының негізін қалады. Ол туралы көрнекті жылқы тарихының маманы Вилькинс: «Барлық жұмысқа жарамды бесаспап қазақ жылқыларын біз назардан тыс қалдырмауымыз керек, сонымен бірге бұлар бүкіл орыс жылқыларының арғы тегі болып табылады...» [18,156 - б.]. Тарихи деректер бойынша қазақтың кәзір генефондысы жоғалып кеткен: арғымақ, қазанат, қарабайыр, қазмойын, сауран сойы, шекті, найман-қарабайыр т.б. жылқыларының аталық жағы араб, түрікмен, ферғана арғымақтары болды. Кәзіргі адай жылқысыда ХVІІІ ғ. бірінші ширегінде адай руларының Маңқыстауға қайта келген кезде Түрікмендермен араласудан пайда болған. Диссертацияда сонымен қатар Моңғолия қазақтарының алтай, цэнгэл тұқымы, Қытай қазақтарының Іле, алтай тұқымдары да зерттелінді. Келешекте қазақ жылқыларының жоғалып кеткен генефондысын қайта жаңғыртып қалпына келтіру үшін мамандар Қытай, Моңғолия қазақтарының жылқы тұқымдарына назар аударуы керек, себебі бұл жерлердің тұқымдары әлі күнге дейін басқа тұқымдармен араласа қоймаған, қазақи тұқымның шыдамдылығы мен төзімділігі, күй талғамайтындықтары сияқты қасиеттерін сақтаған.

Жылқы бағудың қиында,жауапты кезі қыс және құлындайтын уақыты көктем «Жазда жылқыны сері бағады, қыста ердің ері бағады», «Жылқыны жылқының тұяғынанда қатты адам бағады» - дейді халық мақалы. Сол себепті қазақ қоғамында жылқышының әлеуметтік дәрежесі де жоғары болды. Атақты жылқышылар сұлтанның, байдың оң тізесінен орын алатын. Жылқысын жаудан айырып, жұттан аман алып қалған жылқышыларға байлар қалыңсыз қызын ұзатқаны жайында қазақ арасында әңгімелер көп. Жылқышыға қарағанда қойшы, әсіресе сиыршыларды байлар адам ғұрлы көрмейтін. Тамақтың қалдығын жеп, киімнің ең жұпынысын солар киетін. Жылқышының ішер тамағы киім кешегі, шалма, бұғалық, бос мойын шоқпар, сабаутіс, зырылдауық тәрізді құралдар, айғыр-үйір жасау, қос, отарлап бағу, желі байлау, бие сауымы т.б. жылқы шаруашылығының компоненттері мен ерекшеліктері зерттелген.

Жылқы жайылатын шөптердің ішінде тарлау ерекше жұғымды, асыл оны халық «ат құтыртқан»-депте атаған. Жырларда айтылатын «жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы екен», немесе «Аттың кердең өспесі, Алтайдың шалғай нуы екен. Жігіттің кердең өспегі. Бақ дәулеттің буы екен» А. Загряжский «Шу жазығы мен Сырдария көшпенділерінің тұрмысы» деген еңбегінде ботаник маман ретінде бір қазақтың аузынан 31 түрлі жылқы жейтін, 65 түрлі қой, 9 ірі қара, 17 түрлі түйе жейтін шөптердің атын таңдана отырып жазып алады [19, 30 - б.].

Ғасырлар бойы жылқының санын көбейтіп қана қоймай асылдандырып, жаңа тұқымдар алып, әскерді жорық аттарымен, елді ат майымен, соғыммен, мейрамдарды азық-түлікпен қамтамасыз еткен байлардың ролі ерекше. Көшпенділер қоғамында бай тек қана есепсіз байлықтың иесі емес. «Бай» терминінің мәнін дұрыс көрсете білген Л.П. Потапов: «бай» сөзін этнографтар «богатый» деп аударып жүр... бұл қанағаттанарлық балама емес, «бай» әлеуметтік ұғымнан жоғары құдіреттілік мағынада»,-деген [20,236- б.]. Қазақ қоғамының негізгі тірегі ру десек, ру болу үшін елді ұстайтын биі, жерін қорғайтын батыры, елін бағатын байы болу керек. Байдың атқаратын міндетінің өзі елді басқаратын биден, елді,жерді қорғайтын батырдан кем болмаған. Себебі, ол кезде мемлекеттік зейнетақы қоры жоқ, рудың кедей-кепшігін, кемтар-кембағалын бай баққан, бәрі байдың қолына қараған.

ХІХ ғ. аяғында қазақ байларының жылқы бағу әдісін орыстың пысық, өсімқор, шаруақор адамдарыда қолданып жылқылы бай атанғандары бар. Табынды жылқы шаруашылығының тиімділігін жете білген жайық орыс-казагі П. Овчинников балаларымен бірлесіп, құлындарын есептемегенде жылқы санын 2500 басқа жеткізген, 6 табынға, 90 айғыр - үйірге бөлген. П. Овчинниковтың жылқы бағудың сырына қаныққаны соншалық, қазақ байларындай әр табынды түске бөліп бақтырған Зайсан - Тарбағатай аймағының орыс көпесі Е.Сорокиннің 12 мың жылқысы болған. Осындай толық емес мәліметтердің өзі халықтың жылқы бағу әдісінің өміршеңдігін және қазақтың жылқы бағу этномәдени үрдісінің басқа халықтарға әсерін көрсетеді. Көптеген статистикалық мәліметтерді архив құжаттарын тексергенде Қазақстанда 4,5 мың жылқы оған Моңғолия мен Қазақстандағы қазақтардың жылқысын қосқанда 7 млн-ға дейін жылқы болған деп айтуға негіз бар.

Қазақтың дәстүрлі ежелден көрші елдермен саудасы-төрт түлік мал, оның ішінде жылқымен сауда басты кәсібі еді. Әсіресе көршілеріміз Ресей мен Қытай мемлекеттері қазақтың екі нәрсесіне асық болды, бірі - ұлан-байтақ жеріміз, екіншісі - есепсіз жылқымыз. Қытай ілкіден өзінің жүз мыңдаған әскерін дала жылқысы есебінен қамтамасыз етсе, Ресей ХІХ ғасырда қазақ жерін тұтас басып алып, шекарада айырбас керуен-сарайларын ашып жылқы саудасын қарқындатты. Азды көпті орыс-қытай мәліметтерін саралай отырып ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап 1917 жылға дейін қазақ жерінен 150 жылда 15 млн жылқы әкетілген деп топшылаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет