Тектұрмас кесенесі - Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан XIV ғасыр сәулетінің ескерткіші. Бұл өңірдің діни ескерткіштерінің бірі. Кесене сәулетшісі мен құрылысшылары белгісіз. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған күмбезді төртбұрышты имарат. Сүйір аркалы кіреберіс батысқа Тараз қаласына қарап тұр. Кесене бұрышы пилястрмен аяқталады, қабырғаларда сылақ іздері бар. Г.А.Пугаченкова кесенені XIV ғасырға жатқызады.
Ақыртас – көненің таң қаларлық ескерткіші, VIII—IX ғасырлардағы сарай кешені. Ақыртас жамбыл облысындағы тараз қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш үлкен күрең-қызыл тас блоктарынан салынған бір құрылыстың үйінделері. Кешен құрылысшылары өз заманы үшін таң қаларлық инженерлік технологияларды білген.
Домалақ ана, Шайхы Мизамбекқызы Нұрила – қазақ халқының абыз аналарының бірі. 6 – 7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген. Бәйдібек батырдың үшінші әйелі, Албан, Суан, Дулаттың анасы. Шын аты – Нұрила. Өзгені де баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті. Домалақ ана қос Бөгеннің сағасындағы бір жазыққа жерленген. Айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазықта қазір бозарып сәулетті күмбез көрінеді. Ол – Домалақ ана кесенесі. Кесене 1957 ж. қайта жөндеуден өткізілді. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпағының ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес.