9.2. Семинар/ практикалық сабақтар Тақырыбы:1. Жазудың шығуы мен дамуы. Графикалық лингвистиканың дамуы. Сағат саны: Тақырыптың негізгі сұрақтары: 1. Пиктографиялық жазу. 2. Идеографиялық жазу. 3. Буын жазуы. 4. Әріп жазуы. Әдістемелік нұсқау:
1. Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық салаларында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Жазба тіл ауызша тілдегі сөздердің жазбаша түрде әріптердің тіркесімен белгіленуі болып табылады. Бірақ алғашында бұлай болмаған. Жазудың тарихына көз жіберсек, әріппен таңбалаудың кейіннен пайда болғанын көреміз. Жазу өте ерте заманда жасалып, мыңдаған жылдар бойы өзгеріп, дамып келді. Жазудың мыңдаған жыл бойына дамып жетілуімен бірге, оның принциптері де өзгеріп отырады. Пиктографиялық жазу. Бұл жазудың ең алғашқы түрі. Пиктографиялық жазу – суретке негізделген жазу. Сондықтан оны кейде сурет жазуы деп те атайды. 2. Пиктографиялық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық жазудың таңбалары идеограммалар деп аталады. Пиктографиядан идеографияға көшу өте баяу болды және пиктограммалардан пайда болған идеограммалардың алғашында пәлендей айырмасы да болмады. Идеографиялық жазудың даму барысында идеограммалар пиктограммалардан біртіндеп алшақтап, ақырында идеограммалар белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, шартты таңбалар ретінде қолданыла бастады. Идеографияның пиктографиядан басты айырмашылығы таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында. Идеографиялық таңба (идеограмма) не жеке сөзді немесе оның атауыш бөлшегін белгілейді. Түптеп келген түркі тайпаларының арасында соншама кең тараған идеографиялық жазулар түркі тайпаларының руникалық деп аталатын тұңғыш әріптік жазуының шығуына да белгілі мөлшерде ықпал етіп, әсерін тигізді.3. Жазудың даму барысында буын жазуы пайда болады. Жазудың буын жүйесінде таңба буынды белгілейді. Жазудың буын жүйесі шығу тегі мен таңбалардың фонетикалық мағынасы жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Таңбалардың фонетикалық мағынасы жағынан буын жазуын негізгі үш топқа бөліп қарауға болады: Мұның бірінші түріне ассиро-вавилон, элам, урарт, сына жазулары, майя жазуы, лигатуралы дыбыстық корей жазуы жатады.Буын жазуының екінші түріне крит-микен буын жазуы, кипр, эфиопия және жапон буын жазулары жатады.Буын жазуының үшінші түріне үнді жазуының әр түрлі жүйелері (кхарошти, брахми, және т.б.) енеді.
4. Әріп жазуы буын жүйелі жазудан кейін пайда болды. Әріп жазуының пайда болуының дүниежүзілік мәдениеттің дамуы үшін үлкен маңызы болды. Жазу жүйелерінің ішінде әріп жазуы - ең қолайлы жазу. Әр түрлі тілдерде буын саны мен сөздің санынан дыбыстың саны әлдеқайда аз. Осыған орай дыбыстарды таңбалау үшін, әдетте, 20-дан 40-қа дейінгі таңба санының өзі жеткілікті болады. Әріп жазуындағы таңбалардың мұндай шағын мөлшері жазуды меңгеруді, сауаттылыққа үйретуді жеңілдетеді. Әріп жазуы (алфавит) – сөздерді ғана емес, сонымен бірге, олардың дыбыстық жағы мен грамматикалық формаларын да дәлме-дәл белгілеу үшін өте- мөте қолайлы жазу.