Әдебиеттер
1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б.
Тақырыбы: 15. Қазақ орфографиясының негiзгi ережелерi
Сағат саны:
Тақырыптың негізгі сұрақтары:
Әдістемелік нұсқау:
Тiл мәдениетiнiң мәртебесiн айқындайтын көрсеткiштiң бiрi- жазудағы бiрiздiлiк. Мұның өзi алдымен тiлдiң емле ережесi мен сөздiгiнiң сапасына байланысты. Жаңа графикаға көшумен байланысты 1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 51 параграф, 12 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын. 1983 жылғы «толықтырулар мен түзетулерден» кейін оған 3 параграф және 3 ескертпе қосылған.
Қазақ тiлi орфографиясының негiзгi ережелерi 9 бөлiмнен тұрады.
«І. Әріптердің емлесі»
1. Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы. «§ 1. а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і, э әріптері жалаң дауыстылардың ал ё, и, у, ю, я әріптері қосынды дауыстылардың да (мысалы: ёлка, қи, ки, бидай, су, шумақ, аю, қою, якорь, саясат), кейде жалаң дауыстылардың да таңбасы ретінде (мысалы: слёт, кино, коммунист, бюро, октябрь) жұмсалады».
Осындағы е, и, у, ю, я әріптері орыс тілінде ара-тұра жалаң дауыстыға сәйкес келіп, дауыстылардың таңбасы ретінде танылатыны белгілі. Қазақ тілінде (дауыссыз у-ды айтпағанда) бұлар тек дауыссыздар мен дауыстылардың қосындысы түрде болады. Олай болса, «қосынды дауыстылар» емес, қосынды дыбыстар түрінде түсіну керек. Якорь сөзі орфографиялық сөздіктің 3-басылымында жоқ.
«§ 2. а, е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазылады...
Ескерту: Соңғы буынында ы, і дыбыстары бар сөздерге дауысты дыбыстан басталған қосымша жалғанғанда ы, і дыбыстары кей уақытта түсіп қалады. Мысалы: орын - орны, ауыл – аулы, құлық – құлқы, әріп - әрпі, ерін – ерні, көрік – көркі, халық – халқы, ойын – ойна, алты – алтау, үрік – үркек – үркіп, жеті – жетеу, ерін – ернеу, ғылым – ғылми, ресім – ресми».
Бұл ескертуге мынадай түзетулер енген: А) «бар сөздерге» дегеннің арасына «бар кейбір сөздерге» делініп, «кей уақытта» алынып тасталған; ә) мысалда көрсетілген сөздерді қысқартып, жақшада, «мұндай сөздер орфографиялық сөздікте толық көрсетіледі» делінген.
Ережедегі «ы, і дыбыстары», дұрысы ы, і әріптері екенін аңғару керек. Өйткені орын, құлық, көрік, ойын, үрік сөздерінің екінші буынындағы ы, і – әріп, дыбысталуы – ұ, ү. Сондықтан ескерту – «ұ, ү, ы, і дыбыстары немесе ы, і әріптері» жайында болуға тиіс. Әріп пен дыбысты бірімен бірін шатастыру оқулықтар мен зерттеулерде әлі күнге дейін орын алып келеді.
«§ 3. Ә, о, ө, ұ, ү әріптері жалаң сөздердің бірінші буындарында жазылады...» О әрпі де, о дыбысы да тек бірінші буында жазылады және айтылады. Қалғандарының айтылуы жазылуына сай келе бермейді.
«§ 4. Й әрпі мынадай орындарда жазылады:
А) түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңішке естілетін жалаң и дыбысының және қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы ретінде и әрпі қолданылады...
Ә) я, ю әріптерінен бұрын ы, і дыбыстарының да орнына и әрпі жұмсалады...
Б) йы, йі дыбыстар тіркесіне бітетін етістіктерге көсемшенің –й жұрнағы жалғанғанда, ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и жазылады. Мысалы: колхоз байы-й-ды – байиды (байыйды, баиды емес), ол кейі-й-ді – ол кейиді (кейійді, кеиді емес).
Ескерту: Қосарлы ый әріптері тек сый, тый сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, сыяды. Тыйым, тыйылу, тыяды.
В) и дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың –у жұрнағы –ю түрінде, көсемшенің –а жұрнағы –я түрінде жазылады. Мысалы: и – ию (иу емес), ки – кию (киу емес), қи – қию (қиу емес), жи – жию (жиу емес), қи – қияды (қиады емес), жи – жияды (жиады емес).
Бұл параграфқа 1983 жылы мынадай түзетулер енгізілді: «Ә) я, ю әріптерінің алдында ы, і әріптерінің орнына и әрпі жазылады...
Б) йы, йі дыбыстар тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің –й жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады...»
Жазу сауатымызды арттыруға септігі тиген жасанды и әрпі бұл күнде сөздеріміздің айтылуын қиындатып жіберді. Басқаны айтпағанда: орфоэпиялық сөздіктердің авторлары да и әрпінің дыбысталуын біркелкі тани бермейді. Мәселен, Қ. Неталиева ғанійбет, дәрійға, естыйар, пійала, пійаз десе, М. Дүйсебаева ғаныйбет, дарыйға, естійар, пыйала, пыйаз түрде айтамыз дейді. Мұның өзі и әрпінің ережедегідей тек «қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы» ғана емес, ұй, үй де болатынын, айтуда бұл әріптің жіңішкеріп кете беретіні орыс тілінде «жіңішке естілетін жалаң и дыбысының» әсері екенін ескеруді керек етеді. «Б) йы, йі тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге» келтірілген мысалда: оқы-й-ды – оқиды (оқыйды емес), суы-й- ды - суиды (суыйды емес), мойы-й-ды – мойиды (мойыйды, моиды емес), құры-й-ды – құриды (құрыйды емес) сияқты сөздер жүр. Оқы, мойы, суы, құры сөздері «ы дыбысына» емес, ұ дыбысына (оқұ, сұуұ, мойұ, құрұ) аяқталып тұрғаны айқын.
В) «и дыбысына бітетін етістіктер» де қазақ тілінде жоқ. Дұрысы, ый, ій, (и, ки, қи, жи дегенде). Мұнда да әріп дыбыспен шатастырылғанын аңғару қиын емес.
«§ 5. У әрпі мынадай орындарда жазылады: А) түбір сөзде де, туынды сөзде де бірде жуан, бірде жіңішке естілетін дауысты у дыбысының, сондай-ақ дауысты дыбыстан бұрын және кейін келетін үнді у дыбысының таңбасы ретінде қолданылады...
Ә) ы, і дыбысына бітетін етістіктерге тұйық райдың –у жұрнағы жалғанғанда, ы, і дыбыстары түсіріліп жазылады. Мысалы: оқы – оқу, тоқы – тоқу, жібі – жібу, ірі – іру, суы – суу...»
Бұл параграф түзетусіз берілген. Мұнда да әріп пен дыбыс ажыратылмаған. Мәселен, «бірде жуан, бірде жіңішке естілетін дауысты у дыбысының» ұу, үу дыбыстарының қосындысы екені белгілі. Төртінші параграфта «жіңішке естілетін жалаң и дыбысының» барын айтады. Мұны орыс тілінен енген сөздердің құрамындағы жалаң дауысты и деп түсіну керек болар. Орыс тілінен енген сөздерде әр уақытта жуан – «естілетін» жалаң дауысты у бұл параграфта ескерусіз қалған.
«7. Ю әрпі мынадай орындарда жазылады: А) сөз құрамындағы дауысты дыбыстан кейін қосынды й+у дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: аю, ою, үюлі, кею, көркею, сонда ю әрпі й – ұ – у, й – ү – у болып транскрипцияланады.
«§ 8. Я әрпі мынадай сөздерде жазылады:
А) сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін қосынды й+а дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: яки, яғни, якорь, қоян, таяқ, ая, мая, сая, қия, мия, сия, қияқ, тұяқ, саяқ».
«Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы» деп аталатын тақырыпшада 8 параграф, 4 ескерту бар. Осылардың бәрі де әріп деген сөзден басталады да, ара-тұра дыбыспен алмасып, шатасып кетеді. Әсіресе, и, у, ю, я әріптерінің дыбыстық бейнесін әлі танып болғанымыз жоқ. Қазақ тілі оқулықтары мен орфографиялық ережелері и, у әріптерін дауысты дыбыс деумен келеді. Мұның өзі дыбыстық, буын құрамын танып білуді қиындатып жүр.
2. «Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы» туралы айтқанда дыбыс деген сөз екі-ақ рет қолданылған. Алдымен 26 әріп тізімделіп, дауыссыз дыбыстардың таңбасы болатыны көрсетілген. Бұл параграф соңғы түзетуде қысқарған.
Ескертуде: «ф әрпі кейбір жалқы есімде ғана жазылады. Мысалы: Фазыл, Фәрида, София» делінсе, енді ол былай түзетіліп толықтырылған: «Ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалқы есімдер мен бірен-саран жалпы есімдерде де жазылады. Мысалы: Фазыл, Фариза, Фатима, Марфуға, саф (алтын), фәни дүние)».
Қазақ жазуында в, ф, х, ц, ч әріптері орыс тілі сөздерін жазу және айту қажеттілігінен пайда болған. Ал қара қазақ в, ф деп айта алмаса керек. Рас, фонетика оқулығында Абай Авайға жуық дыбысталады деген пікір бар. Орфоэпиялық сөздікте тепсіну, қағыстырып-соғыстыру, жуып-шаю, тепшу сияқты сөздерде «айтылуда п дыбысы ф-ға айналады» - дейді.
«ІІ. Түбір сөздердің жазылуы» «§ 18. Жеке сөздердің негізгі тұлғалары өзгертілмей жазылады. Мысалы: ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес), қара көлеңке (қарагөлеңке емес), көк орамал (көгорамал емес), ақ лақ (ағлағ емес), барса игі еді (барсигеді емес), келсе игі еді (келсигеді, келсегеді емес), барып па екен (барппекен емес)».
Бұл ереже түзетуден кейін былай болып шыққан: «Сөз тіркесіндегі жеке сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады». Бұдан сөз тіркесіндегі сөздер үнемі естілуінше (айтылуынша) жазылмайтын сияқты түсінік қалыптасуы мүмкін. Тілде айтылуындай немесе соған жуық жазылатын сөз тіркестерін жоққа шығаруға болмас.
«ІІІ. Бөлек жазылатын сөздер» алғашқы қалпынан өзгеріске түспеген. Ал «ІҮ. Бірге жазылатын сөздер» туралы олай дей алмаймыз.
Егер 1983 жылы «1957 жылғы орфографиялық ережелер кодексіне толықтырулар мен түзетулер енгізілген» болса, ол алдымен осы «Бірге жазылатын сөздерге» байланысты өзгертулер болды. Бұрын мұның өзі төрт параграф, екі ескертуден тұрса, енді ол – жеті параграф, үш ескерту. Оның алғашқы екі параграфы мен бір ескертуінде өзгеріс жоқ. Қалған екі параграфтың бірінде «терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулардың», екіншісінде «географиялық атаулардың» жазылуы айтылған.
Достарыңызбен бөлісу: |