Қазақ жазуы тарихы және латын әліпбиі



бет7/55
Дата08.02.2023
өлшемі287,7 Kb.
#168039
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   55
Байланысты:
Дәрістер.-Қазақ жазуы тарихы

Бекіту сұрақтары
1. Қазақ тiлiнiң тазалығы үшiн күрес. Сырттан алынған терминдердi дұрыс жазу мәселесi.
2. Араб алфавитiнiң қазақша сөз жазуға қолайсыз жақтары. Араб алфавитiн өзгерту жайы.
3. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану.
4. А.Байтұрсынов реформаланған араб графикасына негiзделген қазақ жазуы туралы.


Әдебиеттер
1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-7. А. Байтұрсынов – қазақ графикасының негізін қалаушы
Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары:
1. А. Байтұрсынұлы – қазақ жазуын алғаш таныған ғалым. 2. «Жаңа Әліпби », «Жазу тәртібі» мақаласында қозғалған мәселелер. 3.А.Байтұрсынұлы қазақ тілін таңбалайтын графикаға қойған басты-басты талаптары. 4.Ахмет Байтұрсыновтың қазақ жазуының емлесі туралы ой- пікірлері. 5.А.Байтұрсынұлының реформалаған “Төте жазуы”. 6. Ахмет Байтұрсынұлының баспасөз беттерінде әліпби тақырыбында жасаған баяндамалары.
Дәріс тезисі
Қазақ жазу емлесiн жөнге салудың орыс графикасынан басқа, төте жолын ұсынған қазақтың ағартушы ғалымы –А.Байтұрсынұлы болды. Ол араб графикасын қазақ дыбысына ыңғайлап, жазба әлiпби түзу керек деген идея көздедi. А.Байтұрсынұлы 1895-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Торғай өңірінде ел ішінде әрсатылы мектептерде бала оқытумен қатар, ағартушылық қызметпен де айналысады. Қазақ алфавитінің реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап қазақ жазуын жетілдірумен айналысты. Сол күндері қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты пайдаланып келген араб таңбаларының дәл сол күйінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алмайтындығын түсініп, былай деп жазды: «Хәріп - тіл үшін шығарылған нәрсе. Олай болса хәріп жоқ деп тілдегі дыбысты жоғалту керек емес, ол дыбысқа жоқ әріпті іздеп табуға керек. Ол жалғыз бізде ғана болған емec, өзге жұртта да болған, хәріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола хәріпті бұзып өзгертеді». Осындай білгірлік танытқан А. Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, түзетуді қолға алады да, «ХХ ғaсыpғa дейін түріктің тілін асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиіс», «асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті» деп емленің ең жақсысы - дыбыс жүйесінде екеніне көзі жетіп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттей бастады. Араб графикасына негізделген жаңа емлесі 1912 жылдан бастап ұсынылды. «Төте жазу» деген атпен танымал болған бұл графиканы сол кездегі қазақ интеллигенциясы қабылдады және мұсылман медреселері, қазақ-орыс мектептері де қолдана бастады. 1915 жылы жаңа графикамен көптеген қазақ кітаптары басылып шықты.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен оның фонетикалық жүйесін талдап береді. Тарихи- лингвистикалық зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, оның бұл жұмысы – нағыз ғылыми, ғылыми аргументтері күшті, тіпті бүгінгі күннің талабын да өтейтін еңбек болып табылады. А.Байтұрсынов бұл ізденістерінде қазақ тілінің фонологиялық табиғи белгісі – сингармония заңдылықтарына сүйенеді. Бүгінгі фонетист ғалымдар А.Байтұрсынұлы дыбыстар жүйесін сингармофонемалар ретінде дұрыс таныды дейді. Сондай-ақ қазақ алфавитін түзуде (жасауда) болсын, грамматикалық (морфологиялық) категорияларын зерделеуде болсын, А.Байтұрсынұлы тіл біліміндегі парадигмалық жүйені ұстады. Парадигмалық жүйе дегеніміз – тіл бірліктерінің (дыбыстардың, морфологиялық көрсеткіштердің, емлелік тәртіптердің т.б.) екі түрлі типін қарама-қарсы қойып жүйелеу. Сондықтан қазақ әліпбиін түзуде дыбыстардың дауысты-дауыссыз, жуан- жіңішке, қатаң-ұяң сияқты оппозиттерін негізге алған. Бұл бүгінгі ғылым биігінен (жетістіктерінен) қарағанда өте дәлелді, дұрыс ұстаным болып саналады. Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынұлы тəртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. Араб жазуы (әріп таңбалары) – Құран қолданған әліпби, сондықтан оған өзгерістер енгізуге, қысқартуға, өзге таңбаларды қосуға болмайды деген діндар догматиктердің қарсы пікірлері (мақалалары да) болғанына қарамастан, ауыл мұғалімдері, озат ойлы, білімді адамдар тарапынан А.Байтұрсынұлы әліпбиі батыл қолдау табады.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілін таңбалайтын графикаға мынандай басты-басты талаптар қояды:
1. Тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша? 2. Қайсымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады? 3. Қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл? 4. Қайсысы баспаға қолайлы (баспаға сыйымды болуы, жұмыстың өнімді болуы да сонда) ?
5. Үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы? 6. Көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық? Жазуға осындай талаптар қоя отырып, латын және араб графикаларын салыстырады. Бірінші критерий бойынша араб әрпінен қазақ әліпбиіне 14 әріпті өзгертпестен дайын күйінде алды, 5 әріпке ереже қосып алды. Латын әрпін өзгертпестен алды дегеннің өзінде 15 әрпін-ақ алуға жараған, ал қалған 7 әрпін өзгертіп алуға жараған және ң, й дыбыстарының таңбасын бейнелейтін әріптерді ойдан шығарып таңбалаған. Бұл критерий бойынша араб жазуының таңбалар жүйесі артық болыптұрғанын айтады.
А. Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеу барысында 28 дыбыс түрі барлығын, оның дауысты және дауыссыз болып жіктелетінін, араб харпі қазақ жазуындағы жіңішке дауысты дыбысты ажырату үшін қойылатын белгі - дәйекшені енгізудің қажеттілігін, бұл арқылы тіліміздің төл дыбыс жүйесіне тән үндестік заңы бойынша жуан не жіңішке айтылатын буын табиғатын аңғартуға болатындығын қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Сонымен қатар араб алфавитінде жоқ ерін дауыстыларын у дыбысының таңбасына ұқсастырып, жолдың үстіңгі бөлігіне дәйекшелер қою арқылы жаңа әріптер жасайды да, араб графикасын қазақ тіліне ыңғайластырып реформалайды [7, 33 б.].
А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Қазақ балалары 1902 жылдан бастап бастауыш мектептерде оқытыла бастағанымен, ресми түрде графикасы болған жоқ, орыс немес араб графикасын пайдаланды. А.Байтұрсынұлы мен өзге де қазақ интеллегенциясы болып Ресей Империялық Министр Кеңесінің Председателіне петиция жазды. Онда қазақ даласында оқу қазақ тілінде жүргізілсін деген талаптары бар еді. Осы талаптың іске асуы үшін А. Байтұрсынұлы 1912 жылы «Оқу құралы» деген атпен құрастырған тұңғыш әліппесі Орынборда басылып шығады. Бұл кітапта әрбір әріпке мінездеме беріледі, одан соң танымдық материалдар ұсынылады. Тұңғыш басылымы 1912 жылы жарық көрген бұл «Әліппе» кейін бірнеше рет басылады, 1925 жылғы Орынбор басылымында 7 рет баспадан шығады. Білім кеңесінде бұл кітапқа былай баға берілді: «Әліппе» қазақ даласына көп пайдасын тигізді. Әдісі жағынан да, мазмұн жағынан да ескірген көптеген кітаптардан аса артық. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық».
1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандырылатын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. «Біздің заманымыз - жазудың заманы. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге керек болғандықтан, қазақтың бастауыш мектептерінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» деп өзіне міндет қояды да, «Тіл – құрал» деген атпен үш бөлімнен тұратын оқулық жазуға кіріседі. Бұл кітаптың фонетикаға арналған 1914 жылы жарық көрді. Морфологияны қамтитын 2 бөлімі 1915 жылы баспадан шығады. А. Байтұрсынұлының бұл еңбегі қазақ тілі біліміндегі тұңғыш еңбек болды. Ал 1913 жылдан бастап 1918 жылға дейін «Қазақ газеті» А. Байтұрсынұлы түзген емле негізінде жарыққа шығарылды. А. Байтұрсынұлының бұл жасаған әліпбиі қазақ мәдениеті тарихының үлкен бір белесі болды. Қазақ даласындағы алғаш сауат ашу, оқу-ағарту майданында алға басуға зор серпіліс туғызып, хат таныған көпшілікке кең таралып, төте жазу деген атты иемденеді.
Ахмет Байтұрсынов реформалаған араб жазуы өз кезеңінде қазақ мәдени дүниесінде үлкен рөл атқарған, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет еткен, прогрессивтік құбылыс болды. А. Байтұрсыновтың бұл тәжірибесін сол кезде өзге түркі халықтары, мысалы өзбектер мен татарлар үлгі етіп тұтып, олар да өз жазуларына реформалар жасай бастады.
Ғалым ширек ғасырдай күш жұмсап, тер төккен бұл еңбегін, реформаланған қазақ жазуын қорғап, бұл жазу қазақтың мәдени талаптарын әбден өтей алады деген көзқарасын латынға көшу жайында үлкен әңгіме басталғанда, 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезде барынша дәлелдеп, қазақтардың латынға көшуіне қарсы болды. Бұрыннан пайдаланып келген, әрі нақтылы бір ұлт тіліне лайықталып, реформаланған араб (мысалы, қазақтардікі сияқты), не орыс (мысалы, сол кезде чуваштар қолданып отырған) графикасын латыншаға ауыстырудың ешқандай не саяси-идеологиялық, не экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісінде де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының бір-бірінен артық-кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба мұрадан, жазба дәстүрден қол үздіреді дегенді айтты. Бұл жерде А. Байтұрсыновтың концепциясынан ұлтшылдық, пантюрксистік немесе кеңеске қарсылық іздеу мүлде қисынсыз: араб жазуы арқылы ислам дінін уағыздауды ол көздеген жоқ, өйткені ол дін қамқоршысы емес, пантюрксистік пиғылды болды деу де орынсыз, өйткені ол, керісінше, қазақ ұлтының, қазақ тілінің дербестігін (қазақтардың «іргелі жұрт» екендігін) қатты қолдаған адам, үшіншіден, бұл жердегі ғалым әрекетінен антисоветизм іздеу де нанымсыз, себебі жазу таңбасының түрі идеологияның мазмұны мен бағытын өзгерте алмайтындығын А. Байтұрсынов та, өзгелер де жақсы білді. Демек, ғалымның араб жазуын жақтаудағы мақсаты –1924 жылғы қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіндегі сөздеріне қарағанда, 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып, өзгертілген, ресми түрде қабылданған алфавиттің қазақ жазуы мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы, оның дыбыс әдісі мен оқыту ісінде айтарлықтай қолайлы болып шыққандығы, полиграфиялық ммүмкіндіктер жағынан да, экономикалық мүмкіндіктер тұрғысынан да бұрынғы алфавитті сақтау жаңаға көшуден гөрі пайдалырақ екендігі.
А. Байтұрсынұлы 1929 жылы 12 мамырда өз қолымен жазған өмірбаянында: «1901 жылдардан бастап, бала оқытқан кездерден бос уақытымда өз бетіммен білімімді толықтырып, әдебиетпен шұғылдандым» дейді. Ал Орынборға келгеннен кейін ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ алфавитін (шрифтісін емес) және емлесін ретке салып, жеңілдету жолына жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөгде тілдің қажетінсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің әсерінен тазартуға әрекеттендім, төртіншіден, қазақ прозасын (яғни іс-қағаздар тілін, публицистика мен ғылыми тілін) жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне икемдеу үшін ғылыми терминдерді жасауға кірістім және айналыстым. Стильдік өңдеу үлгілерін көрсетумен шұғылдандым» деп жазады.
Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде білдіре бастайды. «Айқаптың» 1912 жылғы 9-10 нөмірлерінде «Шаһзаман мырзаға» атты үлкен мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір араб таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйекші дейтін таңба қою қажеттігін дәлелдейді. Осы мақалада дыбыс, әріп, дейекші, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, қағида деген қазақша лингвистикалық терминдерді тұңғыш рет кездестіреміз. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34 және одан кейінгі сандарында «Жазу мәселесі» деген көлемді мақала жариялап, онда кейбір дауысты дыбыстарды (у, ұ, о, и, е, ы) таңбалау жайындағы өзінің пікірлерін айтады. Сөйтіп, әрі қарайғы ізденістерінде араб графикасын қазақ жазуы үшін былайша лайықтап алуды ұсынады: 1) қазақ жазуы үшін араб алфавитіндегі жуан дыбыстардың таңбаларын алмау; 2) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, у дыбыстарының әрқайсысына таңба белгілеу; 3) к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни қазіргі ө, і, у дыбыстарымен айтылатындығын) білдіру үшін сөздің алдынан дәйекше таңба қою. [8, 56 б.]. Демек, А. Байтұрсынов және бірқатар зиялылар қолданып келе жатқан араб әліпбиіне қазақ жазбалары үшін өзгеріс енгізу, яғни реформалау принципін ұсынды.
Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой- пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі қарай жалғастырып, пікірсайысқа жол берді. Емле мәселесіне келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен емлені қолдаса, «Қазақ газеті» А. Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады. Ғалымның реформасы қазақ тілінің табиғатына, яғни, дыбыс үндестігі заңдылығына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған болатын. Сөйтіп, қазақ дыбыстарының табиғатын айқындап тануы, ғылымға қазақтың жаңа әліпбиін жасауға мүмкіндік береді. Оның 1912 жылдардан бастап ұсынған осы алфавитке негіздеп алған жаңа жазуы («Жаңа емле» деп аталды) іс жүзінде қолданыла бастады. Қазақ жазуының белгілі бір кезеңінде қолданылған араб графикасы 28 әріпті қамтыды және классикалық араб тілінің фонетикалық жүйесі негізінде жасалды. Барлық әріптер дауыссыз дыбыстарды қамтиды, сонымен қатар созылыңқы дауысты а, у, и әріптері диакратиялық сызықша (жолдың үстіне немесе астына қойылатын) таңбалар арқылы таңбаланады. Араб алфавиті арамей жазуының бір тармағы набатей алфавитінің негізінде пайда болған. Ол ҮІ ғасырда 22 әріпті қамтыса, ҮІІІ ғасырда олардың саны 28-ге жетті. Жалпы араб жазуының кемшіліктерімен қоса, алғашқы қазақ баспасөзінің жазу құралы болған араб графикасының қазақ әдеби тілінің қалыптасуына көп септігі тигендігін де айта кетуіміз керек.
Баспа беттерінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, 1915 жылдың бір өзінде жаңа емлемен 15-тей кітап басылып шығыпты. Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы ұсынған «жаңа емле» 191З жылдардан бастап мұсылман медреселерінде де, қазақ- орыс мектептерінде де қолданыла бастады. Жалпы А.Байтұрсынұлының бұл жазу жүйесі ұлттық қазақ жазуы деп аталды.
Тілші ғалымның араб әріптері негізінде лайықталған қазақ графикасы 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде басталған қазақ, қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде ресми түрде талқыланды. Бұл съездің күн тәртібінде алты мәселе қойылды: 1) жазу, яғни орфография ережелері, 2) әліпби (яғни алфавит, графика мәселесі), З) қазақша пән сөздер (терминология), 4) ауыз әдебиетін жою шаралары, 5) оқу, ғылым кітаптарын көбейту шаралары, 6) бастауыш мектептің программасы.
Съезде Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпби тақырыпты» деген атпен баяндама жасайды. Ол түркі халықтарының қолданылып келе жатқан жазуы бар екендігін, оны тастап, басқа графикаға көшу оңай емес деген пікірін осы съезде дәлелдейді. Әліпби (алфавит) қандай қасиеттерге ие болу керек деп, қазақ халқы қолданып отырған, икемделіп, өңделген (реформаланған) араб алфавитінің оң сипаттарын (қасиеттерін) көрсетеді де, латынға көшкенде, латын алфавитін қолданушы Европа халықтары тіліне түркі жұрттарының қатысы жоқ дей келіп, «латын әліпбиін тұтынған (европалық) жұрттар орыстың орнында болып, аузына қарап... балаларымызға тілін үйретіп отырған жұрттар болса екен... Онда алуға мағына бар дер едік» деп ойын орнықтыра түседі. Бұл жерде, сірә, араб алфавитін тастау қайткенде де қажет болса, латынға емес, тілін қоса үйреніп жатқан, отандас, тағдырлас орыс халқы қолданып отырған жазу қолайлы емес пе деген ой ұшқыны жалт ететін тәрізді.
А.Байтұрсынұлының осы баяндамасын және латын таңбаларын алуды қостаған Нәзір Төреқұловтың баяндамасын талқылап, екі алфавиттің оң-теріс жақтарын сарапқа салып қарағаннан кейін, съезд: «Қазақ тұтынып отырған түрік (араб таңбалы) әліпбиінің баспа түрінің дара болмауы баспа ісіне де, үйрету жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол қолайсыздықтан құтылу үшін түрік әліпбиінің өзін түзету өзге әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрік әліпбиінің жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек» деп А. Байтұрсынұлы реформалаған және баспа түрінің де вариантын ұсынған араб жазуы негізіндегі қазақ алфавитін қабылдау керек» деген қарар ұсынды.
Бұл жөнінде ғалым Е.Д. Поливанов мақаласында: «Эту последную форму, которую приняла казак-киргизская графика, я во всяком случае считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последней в историческом формировании национальной графики, которым вполне могут гордиться киргизские деятели просвещения - создатели реформы, как крупным культурным завоеванием». Соған қарамастан, қазақ жазуы 1929 жылы латын графикасына көшірілді. Бұл туралы белгілі ғалым Ә. Қайдаров: «1929 жылы Қазақстанда тіліміздің табиғатына бейімделіп, ресми ұлттық жазу болып қалыптаса бастаған Ахаңның әліпбиін аластатуға ешқандай объективті себеп, қажеттілік болмаған еді», - дейді. Егер жазуда басшылыққа алынатын «емле бірте-бірте түзеліп, жылдар бойы тәжірибеден өтіп, дәстүрлі сипат алған күнде ғана, сол тілдің сауатты жазу нормалары қалыптасатынын ескерсек, онда графика ауыстыру мәселесі ұлт дамуына кері әсер тигізетіні шындық.Сұрақтар мен тапсырмалар. 1. А.Байтұрсынұлы реформаланған “Төте жазу” бойынша мәтiн жазып, оның қазiргi кирилицамен жазудан қандай ерекшелiгi бар екенiн өз мүмкiндiгiңше түсiндiрiңiз. 2. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің тәртіпті жазу деп аталуының себебі? 3. Ахмет Байтұрсынұлының баспасөз беттерінде әліпби тақырыбында жасаған баяндамалары.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   55




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет