Бекіту сұрақтары
1. Қазақ тіл білімінің орфография және графика саласына қатысты алғашқы пікірлер.
2. Мәулен Балақаев - қазақ тіл білімінің негізін салушы.
3. Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегіндегі орфография мәселелері. 4.М.Серғалиевтың қазақ орфографиясы саласындағы еңбектері.
5. Қазақ орфографиясы мен графика саласына қатысты қазіргі зерттеушілер.
6.Р.Сыздықова латын графикасына өтуде қазақ тілінің өзіне тән [ə], [ө], [і], [ұ], [ү], [қ], [ғ], [ң] дыбыстардың таңбалары әліпбиде арнайы таңбамен берілу керектігін ескертуі.
Әдебиеттер
1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-12. Латын әліпбиінің маңызы
Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары:
1. Жазу реформасы: латын графикасына көшу мәселесі. 2. 1929 жылы қабылданған әліпбидің фонема – дыбыс – графема – әріп арақатынасы. 3. Латын әліпби негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясындағы қиындықтар. 4. Алғашқы кезеңдегі латынның тағылымы туралы.
Дәріс тезисі
1. Әліпби айтысы ХХ ғасырдың басында жазудың қызметі кеңейе бастағаннан бастап ең өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес. 1924 жылдан бастап Н.Төреқұловтың 28 әріптен, Х.Досмұхамедұлының 26 әріптен, М.Мырзаұлының 22 әріптен, Ә.Байділдаұлының 27 әріптен, Т.Шонанұлының 24 әріптен тұратын әліпби жобалары халық талқысына ұсынылады. 1926 жылғы 26 ақпаннан 6-наурызға дейін Баку қаласында Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезд өткізіліп, онда күн тәртібінде түркі халықтарының жазу мәселесі, орфографияның негізгі принциптері және олардың әлеуметтік мәні, терминология мәселесі, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы, ана тілін оқыту әдістемесі т.б. көптеген көкейтесті мәселелер қойылды. Солардың ішінде ең үлкені түркі халықтарының барлығының тегіс латын графикасына көшу мәселесі болды. Бұл съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Әзиз Байсейітов, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұловтар делегат болып қатысты. Сонымен қатар түрік нәсілді Бартольд, Олденбург, Крымский сияқты ғалымдармен қоса, неміс профессоры Менсель, Көкерлі-Зада, Құсайын-Зада сынды атақты зерттеушілер де қатысты. Құрылтайда баяндама жасаған Ә. Шәріпұлының «Емле түзеу жүзінде қазақ жұртының латынға көшуінің қажеті жоқ» деген пікірін А. Байтұрсынұлы да жақтап, «Латын қарпіне көшуге жұмсаған қаржыны балаларды оқытатын мектеп салдырайық» деген пікір қосады. Ал бұл пікірлерге қарсы баяндама жасаған Ә. Байдилдин латын графикасын жақтап, «Қазақ төңкерісінен кейін дамыған еңбек адамдарының талап-тілегін араб әліпбиі толық қанағаттандыра алмайды, латын қарпіне көшу заман талабынан туындап отыр»,- дейді. С.Сәдуақасов «Латын графикасын алудың саяси қорқынышы бар. Молдалар қарсы болады. Араб таңбалары ислам дінінің таянышы, әріптен қол үзсек, діннен де қол үземіз» деп өз көзқарасын білдіреді. Сондай-ақ Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгеров, М.Дулатовтар «Латын таңбасына көшсек, жаппай сауатсыздыққа ұрынамыз» - деп араб графикасын қолдайды.
Білімпаздар тобының А. Байтұрсынұлының араб жазуын жақтауындағы мақсаты - өңделген араб графикасы қазақтың мұқтаждығын толығымен өтеп отырғандығы, оқыту ісіне қолайлылығы. А. Байтұрсынұлы бұл съезде айтқан пікірін кейін 1927 жылы Қызылордадағы жазу мәселесіне арналған конференцияда да қайталап дәлелдейді. Ол түрік жұртының 90 пайызы араб таңбаларын пайдаланып келетіндігін айтып, әрқайсысының қалыптасып қалған, пайдаланып жүрген хат мәдениеті бар екендігін айта келе, бір әріпті тастап екінші әріпті алудың қиындықтарын ғылыми негізде дәлелдеп баяндама жасайды. Латын графикасын жақтап Н. Төреқұлов сөз сөйлейді. Ол «Біз латын әрпін қазаққа күшпен алдырғалы отырған жоқпыз. Латын әрпін үйрену, жазуға тым пайдалы жеңіл. Түрік әрпінің біреуі төрт түрлі, латындікі бір ғана түрлі» деп дәлелдейді. Қызу тартыс туралы Е. Алдоңғаров «Әліпби түзеу» мақаласында «Ахметті жақтап талай шешендер түрлі дәлелдер келтіріп, мысалыға қаріп белгілерін, сан белгілерін, қаріпті жию, теру жеңілділігін айтты. Латын әрпін қолдауға әлі ерте, орыс халқы алмағанда біз неге аламыз? Қаріпке қызығып біз мәдениетімізден айырыламыз»,- деп жазды. Бұл мәселені ашық түрде талқылау үшін баспасөз беттерінде мақалалар жазып, сондай-ақ Астрахан, қарақалпақ қазақтарын қосып, толық съезд шақыру жөнінде қаулы шығарылады. Көпшіліктің пікірін білу қажет деп санап, оны қадағалауды Қазақстан Халық комисариятына тапсырады.
Қазақ тілінің тағы бір жанашыры Е. Алдоңғаров «Өнер басы - әліпбиің» деген мақаласында «Заман талабы, өркениетке жетудің жолы - латын таңбасына көшу болып отыр» деп пікір білдіреді. Осы газеттің 45 санында (1926ж.) М. Үмбетұлы деген оқырман «Латын, араб қарпі деген әңгіме басталып жүр. Араб қаріпінен неге қаштық. Орыстың миссионерлері Ильминский шығарған қаріптен, А. Байтұрсынұлы шығарған араб қарпі қазақ еліне әлдеқайда қолайлы»,- деген пікірін білдірген.
Міне осы сияқты пікірталастар он жылдай уақыт көлемінде баспасөз беттерінде жарияланып жүрді. Араб жазуына қарсы дегендер ол графикадағы әр әріптің төрт түрлі болып күрделі жазылатынын айта келіп, оның техника, теру жұмыстарына қиын болатындығын тілге тиек етеді. Ал араб графикасын қолдаушылар басқа әріпті алып, оны енгізіп жүргеннен араб әрпін алып, соның кемшілігін жояйық деген пікір айтады.
Орфографиялық ережелер дұрыс қабылданып, баянды нормаға айналуы үшін олар тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек. 1929 жылы латын графикасы негізінде қабылданған алфавит тұсында емле ережелерінің принципі фонетикалық болды. 1938 жылы ресми органдардың қаулысы бойынша «Қазақ тілінің емле ережелері» жарияланды. Онда орфографиядағы бұрынғы қате- кемшіліктерді жөндеу мақсаты көзделіп және олар жаңа ережелермен толықтырылды.
1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті ІҮ сессиясының қаулысы бойынша қазақ жазуы латын графикасына көшірілді. Жаңа алфавитте 29 әріп болды: 9-ы дауыстылар (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) және 18-і дауыссыздар (б, г, ғ, д, ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, һ, ш), ал екеуі (й мен у) жарты дауыстыны таңбалайды. Латын графикасына негізделген емленің негізгі принципі фонетикалық болды.
2. «1929 жылы қабылданған әліпбидің фонема – дыбыс – графема – әріп арақатынасы» - «әр әріп белгілі бір дыбысты белгілеуі тиіс», яғни «дыбысты белгілемейтін бір де бір әріп болмауы керек» принципіне немесе «әр әріп екі немесе бірнеше дыбыстардың қосындысын емес, тек бір ғана дыбысты белгілеуі керек» деген грамматологиялық формулаға негізделді. Қазіргі әліпбидегі көп мәнді әріптердің қатарында танылып жүрген и (<ы> + <й>, <і> + <й>), у (<ұ> + у, <ү> + <у>), щ (<ш> + <ш>), ю (<й> + <ү> + <у>, <ұ> + <у>), я (<ы> + <й> + <а>, <і> + <й> + <ә>) тәрізді әріптердің 1929 жылы екі әріп тіркесімен өзінің негізгі фонемдік мағынасында қолданылған, [х] дыбысы қ фонемасының әріптік мәнімен таңбаланды.
1929 жылы 25 шілдеде Қазақстан Орталық атқару комитетінің қаулысымен 12 төл және 18 кірме сөздерді жазу үшін ереже баптары енгізілді. Қазақ жазуының онтогенездік даму сипатын арнайы зерттеген ғалым Қ.Күдеринова: «Қазақ тілінің дыбыстық негізінен шығарылған алғашқы емле ережесі 1929 ж. латын графикасымен бірге қабылданды. Онда орфографияның негізгі ұстанымы анықталып, шеттілдік сөздер қазақ тілінің төл сөздерінің жазылу принципіне сай таңбаланды. Қазіргі емлеміздегі негізгі орфограммалар сол 1929 ж. емле ережелерінде айқындалды.
3. Қазақ қоғамында 10 жылдай қызмет еткен аталған ережелер қазақ орфографиясы принциптерінің дұрыс таңдалынып алынғандығын және осы принциптерге сәйкес жасалған емле қағидалары негізінен дұрыс екендігін көрсетеді. Бірақ аталған ережелердің жұмыс істеуіне, оның бұқара халыққа таралуына уақыт аз болды. Дұрыс жазуға бағыт-бағдар, жөн сілтейтін орфографиялық сөздіктер де бұл кезде жасалмаған болатын. Сондықтан болу керек жазу тәжірибесінде бірнеше қиындықтар болды. Орфографияға қатысты кейінгі мәселелерді қозғау барысында Б.Нұрдәулетованың «Қазақ орфографиясыны мәселелерi» атты еңбегін негізге аламыз.
3.1 «Бас əріпке байланысты қиындықтар» – қазақ тіл білімінде бас әріп мәселесіне байланысты айтыс, пікірталас 1920 жылдың аяғынан басталған. Тіл білімінде кіші және бас әріптердің өзіндік қызметі бар. Айталық, сөйлем басында және сөйлем ортасында берілуі; екінші идеографиялық қызметі. Бұған бас әріппен жазылатын жалқы есімдерді жатқызуға болады; үшінші –семасиологиялық. Бұл идеографиялық аллографтардың кездейсоқ жағдайлары. Мысалы, қазақ тіліндегі «орал» және «Орал» сөздері дыбысталуы жағынан біркелкі және контекссіз ауызша сөйлеуде де олардың ерекшеліктерін тани алмаймыз. Осы сөздер мәнмәтінсіз жазбаша түрде де күдік туғызбайды. Дегенмен, кіші әріптермен жазылған сөз «етістік» мәнінде болса, ал бас әріппен басталған сөз «Орал» қаласын мегзейді. Бас әріптің осындай қызметтері 20-жылдары ескерілмей, әріптің тек кіші нұсқасы ғана алынады. Бұлай етудің себебі, араб графикасындағы таңбалар сөз ішінде келу орындарына қарай әртүрлі тұрпатта таңбаланатын, сондықтан латын графикасы оқуға, сауат ашуға тез әрі оңтайлы болу үшін және араб графикасына ұқсатпау керек деген көзқарастардың болуынан бас әріп таңбасы 1929 жылы әліпбиде бекітілмейді.
1929-30 жж. аралығында мерзімді басылым беттерінде жалқы есімдер, адам аттары, қысқарған сөздер, газет-журнал, кітап, шығарма, оқу орындары, мекемелер аттары кіші әріппен (антропонимдік атаулар – esbol, cьnar; қысқарған сөздер – блкжс; газет-журнал атаулары – satsijaldь qurьlьs, çarcь; шығарма аты – botagөz ) жазылды. Мерзімді басылым беттерінде бас әріптің мұндай жазылым үлгісіне қарсы мақалалар үздіксіз жарияланып, дау туғызбай, керісінше, бас әріпті оқытудың әдістемесін жасау керек деген ұсыныстар көптеп айтылғаннан кейін, 1930 жылы 2 маусымда Қазақстан Орталық Атқару комитетінің қаулысымен 4 баптан тұратын емле ережесі бекітіледі. Қаулы қабылданып, ереже бекітілгеннен кейін де газет-журнал беттерінде бас әріппен берілген топонимдік (Аlmatь// Аlma –Ata// Alma-atь, Taldь Qоrqan), оронимдік (Qaskeleŋ/ qaskeleŋ), гидронимдік (Esil// esil, Sьr Darija// Sьr darija) атаулар екі-үш не одан да көп нұсқада жазылып жүрді. Қысқарған сөздер де осы тәрізді кейде кіші әріппен жазылып, жазу нұсқасы бірыңғайланған жоқ болатын (mts/ MTS). Сонымен бас әріп жазылымы ережелерінің болмауы — латын графикасына көшкен қазақ жазуының ең басты орфографиялық қатесі болатын. Бұрын-соңды орфографиялық ережелер қатарында болмаған, еуропа үлгісіне негізделген нормалар (топоним, гидроним, антропоним, ороним атауларының бас әріппен жазылуы, (сұрау – ?, леп – !) белгілерінен кейін сөздің бас әріппен жазылуы т.б.) қазақтың жазу болмысына жат, тұрпайы көрінді. Бұл ережелерге бейімделу біршама уақытты талап етті.
3.2 «И, У дыбыстарының жазылуы» – 1929-38 жылдар аралығында комитет, институт т.б. сөздердегі [и] дыбысы және туралы, ескерту тәрізді сөздердегі [у] дыбыстары қосар таңбамен, яғни [и] дыбысы сөздің жуан және жіңішкелігіне қарай ый, ій түрінде, ал [у] дыбысы ұу, үу түрінде таңбаланды. 1933 жылдан бастап, [і+й], [ы+у], [ұ+у], [ү+у] дыбыстарының емлесі жөнінде қызу пікірталастар болғандығын мерзімді баспасөз беттерінен байқаймыз. Лингвист ғалым проф. Қ.Жұбанов қысаң дауыстыларды сөз еткенде, қосар дыбыстардың ерте кезде бір дауысты, бір дауыссыздан құралғандығын көрсетіп, емледе у, и-ді қосарлап қолдануға болмайтындығын айтқан. Өзінің «Қосар ма, дара ма?» деген мақаласында: «Бұрын екі дыбыс (бірі дауысты, бірі дауыссыз) болған жердің бәрі бірдей қосар әріппен таңбалана беретін болғанда, «сары» сөзі бұрын «сарығ» түрінде болған; сондықтан, етістікке айналған кезде «сарғ-ай» болып ғ пайда болды. Онда мұны да «сарұу» немесе «сарый» түрінде жазбақшымыз ба? Тірі сөзі «тірік, «торы» сөзі «торық» түрінде болған, әлде бұларды да «тірій, торый» деп жазамыз ба? Әрине, жаза алмаймыз» — деп нақты дәйектерімен айтып өткен [6, 245 б.]. Бірсыпыра ғалымдар [і+й], [ы+у], [ұ+у], [ү+у] дыбыстарын қосар әріппен ій, ый, ұу, үу түрінде таңбалау керек десе, екіншілері [і+й], [ұ+у] дыбыстарын бір таңбамен и, у түрінде таңбалауды ұсынады. Ғалымдардың [і+й], [ы+у], [ұ+у], [ү+у] дыбыстарын қосармен таңбалау тілдің экономия заңдылығына қайшы келеді” деген пікіріне негіздеп, 1938 жылы [і+й], [ы+й], [ү+у] [ұ+у] дыбыстарының жазылуына өзгерістер енгізіледі. Жаңа ережеде қос таңбалар ажыратылып, ол дыбыстар жеке бір таңбамен көрсетіледі. Ұу, үу, у дыбыстарын барлық жерде u таңбасымен және ьj, іj, j дыбыстарын барлық жерде і таңбасымен таңбалайтын жазу жүйесі жасалады. Қосар әріппен таңбаланатын дыбыстарды бір әріппен таңбалау тәжірибе жүзінде де іске асты.
3.3 «Кейбір дауысты жəне дауыссыз дыбыстардың орфографиясы» – араб-парсы тілінен енген кірме сөздердегі екінші буындағы ə әрпінің жазылуы біршама қиындық туғызады. Бірінші буыны <ә> фонемасы, екінші, үшінші буында палатализация құбылысына ұшыраған <а> фонемасы арқылы жасалған сәруар, әжуа, зәузат, жәннат тәрізді тіл бірліктері аталған жылдары тұтастай жуан немесе жіңішке нұсқада жазылды. Қазіргі орфографиядағы мұғалім, саудагер, тәкаппар, құдірет, ақырет, қауесет, қазірет, қасірет, рақмет, тауқымет, қорек, мехнат, тақсірет тәрізді бейүндес сөздердің жазылуы латыншада қазақ тілінің үндестік заңдылығына бағынып, бірыңғай жуан және бірыңғай жіңішке түрде таңбаланды. Бірақ мерзімді басылым беттерінде мұндай сөздер әр түрлі фонетикалық варианттар арқылы жазылғандығын көреміз. Мысалы, qadir// qәdir// qadьr; savdager // sәvdeger; qasiret// kәsіret; meqnat// meqnәt; tәkәppәr//tаqappьr// takabbar// tәkәppіr.
1929-38 жылдар аралығында қысаң дауысты дыбыстар естілім бойынша жазылды. 1929 жылы қысаң дауыстылардың жазылуына, яғни сонор дыбыстардың, сондай-ақ қатаң дыбыстардың аралығында, түбір сөзге тәуелдік жалғауы жалғанғандағы қысаңдардың жазылуына байланысты ереже қабылданады. Алайда, бұл қағидат жазу тәжірибесінде толықтай сақталынбай, сонор дыбыстардың, сондай-ақ қатаң дыбыстың аралығындағы қысаң дауыстылар редукцияланбай қолданылды.
Баспасөз беттерінде бейүндес буын жіктеріндегі ы, і қысаң дауыстылары бірізділік принципіне бағынбай жазылды: qьzmet – qьzьmet; aqьret – aqiret – aqret; raqmet – raqьmet. Сондай-ақ, cөздің абсолют басында қысаң езуліктердің таңбалану таңбаланбауына байланысты арнайы ереже болмағандықтан, аталған жылдары жарық көрген мерзімді басылым беттерінен, оқулықтардан [р],[л] сонорларының алдында естілетін селбеспелі [ы], [і] қысаң дыбыстардың әртүрлі таңбаланғанын көруге болады. Çapьraq, topьraq, kөkirek, tөŋіrek, qаƢilez, qumьra, sоŋьraсияқты сөздердің ортаңғы буынындағы қысаң дауыстылар кейде таңбаланып, ал кейде таңбаланбай кеткендігін көреміз: çapьraq// çapraq, topьraq// topraq. Сол сияқты адамның аты-жөні, тегінде кездесетін ы, і қысаңдарының жазылуында жүйелілік принципінің жоқтығына көзіміз жетті. Айталық, Spataep– Sьpataep, Mysirepulь – Mysrepulь түрінде жазылған. Бұлай жазудың себебі қазақ тіліндегі қысаң дауыстылардың редукцияланып, акустикалық жағынан көмескі, күңгірт естілуінде деп білеміз.
Қысаң езуліктердің таңбалануында көптеген қарама- қайшылықтар болу себебінен, қазақ тіліндегі бірнеше даулы мәселелерге көңіл бөлініп, 1938 жылы емле ережесі толықтырылады. Екіұшты жазылып жүрген бірқатар сөздердің жазылуы нақтыланады. Қазіргі кезде де талас тудырып, әртүрлі пікір айтылып жүрген екі буынды сөздердің ортасында келетін ы, і әріптерінің таңбалану орфограммасы нақтыланып, көрсетілді.
Араб графикасына негізделген әліпби жүйесінде, яғни ескі қазақ жазба тілінде бір буынды сөздің аяғында (көп – көб, шөп – шөб), сонымен қатар, есімше формалы сөздерде келетін -ып, -іп жұрнақтары, алғашқыда -үб, -ұб (келүб, барұб), одан кейін -ыб, - іб (келіб, барыб) түрінде таңбаланатын. Ескі қазақ жазба тіліне тән бұл орфограмма 1924 жылы өткен құрылтайда талқыланып, бұл орфограмманы халық тіліне жақындатып қолдану қажеттігі айтылған болатын. Алғаш рет 1929 жылы Қызылорда қаласында болған конференцияда бұл мәселе қайта көтеріліп, алғашқы қатаңның ықпалына байланысты кейінгі ұяң дыбысты өзгертіп, қатаңға айналдырып жазуға байланысты ереже қабылданып, халық тіліне икемделеді.
Сонымен қатар бұл тараушада қазақ тіліндегі <н> фонемасы мен <г>, <қ> фонемалары, <н> фонемасы мен <б> фонемасы сөз ішінде жақын, іргелес келген жағдайдағы жазылымы сөз болды.
3.4 Күрделі сөздердің жазылуында да белгілі-бір қиындықтар болды. 1929-38 жж. аралығында бір денотатты меңзейтін, бірақ екі түбірден тұратын сөздер құрылымдық принципке негізделіп, сөздердің жігі айырылып жазылды. Екі түбірден тұратын, екі денотатты меңзейтін сөздер бөлек және сызықша арқылы ажыратылып таңбаланды. Атауыш сөздердің лексика-семантикалық топтарына жататын есімдіктер қазіргі қазақ тілінде бірге жазылса, 1929 жылдардағы баспасөз беттерінде бөлек таңбаланған. Мысалы, Sentәbirdiŋ basьnda qaladaƢь Erçan ulьna 2 but astьqtь ecbir dәkvmentsiz berdi (С.Құр.). Basьjlijsa Egorobna ec kimge avьzьnan cьƢarmajtьndьƢьna sөz berdi de, ьqtьjarsьz barlьƢьn ajtqьzdь (С.М., 116-бет). Sonь men komendanttьŋ çarlьƢь bizdiŋ ec qajsьmьzdь taŋьrqatqan da, eleŋdetken de çoq (С.М., 116-бет).
1938 жылы 2 қаңтарда ресми органдардың қаулысымен «Қазақ тілінің емле ережелері» жарияланады. Біріккен сөздерге байланысты ереже толықтырылады. 1929 жылдары сөздердің бірге, бөлек жазылуы құрылымдық принципке негізделіп, сызықша арқылы немесе тіркес күйінде жазылса, 1938-40 жылдары сөздердің жазылу нормасы функционалдық принципке құрылды, яғни біршама сөздер бірге жазыла бастады. 1929-40 жж. қос сөздер мен қысқарған сөздердердің жазылуына байланысты проблемалар көтерілді.
3.5 «Шылаулардың жазылуы» – қазақ зиялыларының арасында негізгі ұсыныстар айтылып, мерзімді басылым беттерінде жарияланып отырды.
3.6 «Омографтарды азайту, омографтардан «қашу» үрдісі» – әдетте омограф және омофон терминдері жазба қарым- қатынас (коммуникациясы) шеңберінде қалыптасып, оның қалыпты болмысына жиі кедергі келтіретін құбылыс деп танылады. Олар шектеулі және жүйеленбеген мысалдар жиынтығымен түсіндіріліп дәйектеледі. Латын графикасына негізделген әліпбиде (1929-1938 жж.) кейбір графемалардың сөздің мазмұндық деңгейін ажырататыны ескерілмегендіктен сөздердің мағынасын тек мәтін арқылы айыру мүмкін болды. Мысалы, қор (бір нәрсенің жиынтығы) – хор (музыка) ═ бір тұрпатта qor (қор) түрінде таңбаланды; қалық (антонимі – озық) – халық (ел) ═ бір тұрпатта qalьq (қалық) түрінде таңбаланды; қат (қат болу – жетпей жату) – хат (жазу) ═ бір тұрпатта qat (қат) түрінде таңбаланды; қақ (су) хақ (дұрыс) (хақ тағала) ═ бір тұрпатта qaq (қақ) түрінде таңбаланды;қан (денедегі) – хан (билеуші) ═ бір тұрпатта qan (қан) түрінде таңбаланды. Геминацияланған дауыссыздар тілдегі бір сөзбен, екінші сөзді ажырату үшін қолданылады. Геминацияланған дауыссыз дыбыстар көбінесе кірме сөздерде кездеседі. Мысалы, тәкаппар, молла, алла, біссімілла, тонна, касса т.б. 1929 жылдары шыққан мерзімді басылым беттерінде кейбір кірме сөздер геминацияланбаған түрде қолданылғанын. Мысалы, орыс тіліндегі тонна сөзі геминацияланбаған түрде берілген, сондықтан орыс тіліндегі бұл сөздің қазақ тіліндегі тона етістік мәнді сөз тәрізді болып таңбаланған. Бұлай етіп қолданудың себебі кірме сөздерді қазақ тілінің заңдылығына икемдеу басты міндет саналды да, семантикалық «кедергі» ескерілмей қалды.
Сондай-ақ, орыс тілінен енген сөздердің екі дауыссыз дыбысының ортасына қысаң дыбыстың таңбалануы арқылы клуб тәрізді сөздердің мағынасы семантикалық «кедергіге» ұшыраған: клуб (қоғамдық орын) – құлып (есіктің құлыбы) ═ qulьp//qulup ( құлып, құлұп) түбірде жазылды.
1929-40 жылдары қолданған латын графикасы негізіндегі әліпби жүйесінде кірме сөздер фонетикалық принципке негізделгендіктен, функционалдық мәні бәсең селбеспе (ілеспе) дыбыстар жазуда ескеріліп отырылған. Сондықтан тілде омографиялық жағдаяттардың орын алғанын көреміз. Мысалы, қазақ тілінде ру сөзі 1929-1938 жылдар аралығында үнемі селбеспелі дыбыспен таңбаланып, ұру, ыру түрінде жазылды (Ру → ұру, ыру, ру). 1938 жылдан бастап омографиялық сипат алған сөздердің жазылуына ерекше мән беріледі. Кірме сөздерді дұрыс таңбалау үшін қазақ әліпбиіне в, ф, х әріптерінің енгізілуі және принциптердің дәлденіп көрсетілуі бір жағынан тілдегі омографиялық жағдаятты азайту үшін жасалған қадам болды.
3.7 Араб-парсы сөздерінің жазылуында ала-құлалықтар орын алды. 1929-40 жылдар арасында араб-парсы сөздері графикалық, дыбыстық түрлері өзгеріске түсіп, фонетикалық принцип бойынша жазылған. Жазу практикасында араб-парсы сөздері бірнеше түрде таңбаланды. Әсіресе фонетикалық варианттар молынан кездеседі. Мысалы, қазіргі кезде норма ретінде орныққан ғаділет сөзінің бес түрлі нұсқасын көреміз. Сонымен орфографиядағы варианттылық әсіресе кірме сөздердің жазылуында айқын байқалады.
3.8 «Орыс тілінен енген сөздердің орфографиялануы». 1929-1938 жылдар аралығында орыс тілінен енген сөздердің көпшілігі қазақ тілінің айтылымы бойынша жазылды. Аталған кезеңде ауызша каналдың функциясының басымырақ болуы негізгі фактілер болып, сөздердің дыбыстық жағынан өзгерген түрлеріне басымдық берілді. Кірме сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдарына бағынып, грамматикалық нормаларына сәйкестеліп, сөз жасау формаларына икемделді. 1938 жылға дейін кірме сөздер қазақ тілінің заңдылықтарына толықтай бағындырылды. Яғни 1929-1938 жылдар аралығында кірме сөздер дыбыстық құрамы мен тұлғасы өзгеріп, сындырылып («қазақшалап») жазу үрдісіне бағынған. Жалпы алғанда аталған кезеңде «кірме» дыбыстар ұлттық орфографиялық жүйеге сәйкестендірілді. 1929-1938 жылдар аралығында орыс тілінен енген сөздерде дыбыстық алмасулар арқылы, комбинаторлық, позициялық фонетикалық процестер арқылы жасалған эпентеза, апокопа, протеза сияқты тілдік құбылыстар молынан байқалады. Қазақ тілінің үндестік заңдылығына сәйкес ромб, факт, фонд, банк сияқты бір буынды кірме сөздер rombь, pәkti, pjndь, banki түрінде игерілді. Сөз ішіндегі дыбыстар құрамына жаңадан бір дыбыстың қосылып таңбалану арқылы (протеза): республика, литр, школа тәрізді сөздерді айтқанда [ы] дыбысы естілгендіктен, жазуда да таңбаланып отырды.
Жалпы интернационалдық сөздердің жазылуы бірнеше нұсқалықты құрады, мұның себебі принциптің дұрыс, әрі нақты таңдалмауында. Яғни 1929 жылы кірме сөздер фонетикалық принципке бағынады, «қалай естілсе солай жазылады» деген қағиданы негіз етті. Осыған байланысты кірме сөздерді әркім өзінше естіп, өзінше таңбалады. Сондықтан баспасөз беттерінде бір сөздің бірнеше нұсқалығы пайда болып, емле қиындығы пайда болды. 1933 жылдан бастап кірме сөздердің жазылымына байланысты мерзімді басылым беттерінде Қ.Жұбановтың, Қ.Басымовтың, С.Жиенбаевтың, С.Аманжоловтардың бірнеше ереже жобалары жарияланады. Қ.Жұбановтың ұсынысымен қазақ әліпбиіне ф, һ және х таңбалары енгізілгеннен кейін 1938 жылы латын графикасына негізделген әліпби жүйесіне тағы үш әріптің таңбасы алынады. В, ф, х дыбыстарын алудың себебі, орыс тілінен енген кірме сөздерді түпнұсқалық принципіне жақындатып қолдану үшін әліпби құрамына ендіріледі. Аталған әріптердің әліпби құрамына кіргізілуіне байланысты бірнеше ережелер де өзгеріске түсіп, жаңадан 11 бап қосылады. «Түп нұсқаға жақындық» принципіне сәйкес алынған емле баптары 1938 жылдан бастап іске асырыла бастайды. Ал 1939 жылдан бастап орыс графикасына негізделген қазақ жазу жүйесіне көшіру жедел түрде жүргізіледі. Латын әліпбиі тұсындағы талқылау да бұл кезеңде бола қойған жоқ, тек «бұйыру», «нұсқау» етек алып, қазақ тіліне жат таңбалар мен белгілер (ъ, ь) молынан енгізіледі.
Қазақ әліпбиіндегі басы артық әріптерді сұрыптап, тілдік болмысқа лайықтап, атап айтқанда қазақи дыбысталымға (орфоэпияға), қазақи дыбыс жүйесіне (фонологиялық жүйеге) икемдеп қайта құру және әлемдік лингвистикалық деңгейіне сай етіп, жаңа тұрпаттағы әліпби жүйесін жасау, қазақ жазуының бірегейлендірудің бір жолы.
Жалпы жазу теориясында уәжді және уәжсіз принцип бар. Бұл мәселені қазіргі кезде ғалымдар лингвистикалық және психологиялық жағынан қарастырып келеді. Лингвистикалық жағы – бұл әліпбидегі әріптердің саны негізгі дыбыстардан соншалықты алшақ кетпеуі, негізгі дыбыстармен тең түсуі т.б. Ал психологиялық жағын алар болсақ, жазу – адам ойының материалданып, жарыққа шығуының құралы. Сондықтан ұлттық санада немесе тілдік санада белгілі бір дыбыстың суреті жоқ дыбысты тіл арқылы жарыққа шығару немесе оны жазу өте күрделі. «...Дыбыс пен әріптің байланысы оқушы санасында білімге айналады. Ал ъ, ь, ц, щ, ... тәрізді таңбаларды дыбыстық уәжі болмағандықтан, жаттап алуына тура келеді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттап, миға салмақ түсіреді. Бұл – мәселенің лингвистикалық - психологиялық жағы. Сонымен, қазіргі қазақ әліпбиі ұлттық әліпби емес, қосамжар әліпби болып отыр. Осымен байланысты ғалымдар әліпбиді реформалау ең бірінші лингвистикалық түрткі жайтқа барып тірелетінін дәлелдейді. Екі тілдің орфографиясына қызмет ететін әліпбиге түбегейлі реформа жасау арқылы тіліміздің дыбыстық жүйесін нақты белгілейтін, оның өзіндік табиғатын бейнелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізетін жазу-сызу жасау керек деген пікірде. Себебі, қазақ тілі өзіндік дыбыстық жүйесі жағынан (әсіресе, дауыстылар тұрғысында) тіпті, жақын туыс түркі тілдерінен едәуір өзгеше болып келеді. Түркі тілдер тобындағы қазақ тіліне тән болып келетін фонетикалық жүйенің өзіндік ерекшелігі типологиялық аспектіде, яғни туыс емес тілдермен салғастыруда анағұрлым айқын көріне түсетіні сөзсіз. Қазақ және орыс тілдерін алатын болсақ, онда олардың арасындағы бірнеше ондаған елеулі өзгешеліктерді аңғаруға болады. Бұл, ең алдымен дыбыстардың саны мен құрамына қатысты өзгешелік: қазақ тілінде барлығы – 29 фонема, 9 дауысты және 17 дауыссыз; ал орыс тілінде – 43 фонема, 6 дауысты және 37 дауыссыз. Мұндағы елеулі өзгешелік дыбыстардың жалпы санында емес, екі тілдегі дауысты және дауыссыз фонемалар жүйесінің мүлде бөлектігінде болып отыр. Ол нақты айтқанда осы тілдердің фонетикалық жүйесінің өзіндік табиғатымен, дауысты және дауыссыз фонемалардың сандық-сапалық ерекшеліктерімен байланысты.
Я, ë, ю, щ, ч, ц, э тәрізді қосымша графемалардың және ъ, ь белгілерінің барлығы қазақ жазуындағы кирил әліпбиінде сақталған. Әрине, бұлар қазақ тілінің тек фонемалық құрамына ғана емес, сол сияқты грамматикалық құрылымына да тіптен сәйкес келмейді. Түркітанушы ғалымдар түркі тілдерінде кирилше әліпбиі қолданыла бастағаннан бергі уақыттарда бұл әліпбидің түркі тілдері үшін тиімсіз екендігін, оны ең болмағанда өзгерту, жетілдіру қажеттігі жөнінде айтумен келеді. Осы ретте белгілі түркітанушы ғалым Н.А.Баскаков: «Әрбір сөздегі морфемалардың, белгілі бір буындарының жекелеген дара мағыналары болатын түркі тілдерінің құрылымдық сипаты әр әліпбидің әдістемелік тұрғыдан осындай морфемалар мен буындардың жік-жікке бөлінуін сақтауға ықпал етуін талап етеді, сондықтан түркі тілдері үшін, мәселен, әліпбилерде дауыстылар мен дауыссыздардың бірігуін білдіретін дыбыстарды сақтап қалу принципі тиімсіз, мысалы, орыс әліпбиіндегі я, ё, ю әріптері».
Достарыңызбен бөлісу: |