1. Психолингвистиканың зерттеу нысаны және пәні
Ғылымның зерттеу нысаны ол (ғылым) зерттейтін жеке объектілердің жиынтығынан тұрады. Ғылымның зерттеу пәні – объектілердің дерексіз жүйесі немесе кейбір дерексіз нысандардың жүйесі.
Әртүрлі ғылымдардың бір ортақ зерттеу нысаны болуы мүмкін, бірақ зерттеу пәні жағынан ерекшеленеді, яғни, бір объект жөнінде түрлі көзқарасқа ие болады. Мысалы, адам медицина үшін де, психология үшін де зерттеу нысаны бола болады, алайда әр ғылым өзінің позициясы тұрғысынан қарастырады. Тіл және тілдік таңбалар жүйесі лингвистика, әдебиеттану, антропология, ақпараттық бағдарламалау (программирование) және психолингвистиканың зерттеу нысаны болып табылады. Бұл ғылымдардың ортақ объектісі – тіл және адамның сөйлеуі түрлі мақсатта және түрлі ситуацияларда қолданылуы мүмкін деп айтуға болады.
Коммуникацияда қолданылатын тілдік құралдар жүйесі лингвистиканың зертеу пәні болып табылады. Лингвистика тілдік таңбалар системасын және тілдік жүйенің құрылу принциптерін қарастырады. Психолингвистиканы тілдік жүйенің қызметі, соның ішінде адамдардың тілдік таңбаларды жасау және қабылдау процесі қызықтырады. Осыған байланысты психолингвистика зерттеу нысаны бойынша лингвистикамен сәйкес келеді де, ал зерттеу пәні жағынан ерекшеленеді. Психолингвистика зерттеу пәні бойынша (зерттеу әдіс-тәсілдері жағынан да) шындық болмыстың көрінісін бейнелеудің қызметтік және құрылу механизмін зерттейтін психология ғылымымен жақын.
Тіпті психолингвистика пәнінің шеңберінде тілдік қызметті түрлі қырынан қарастыру да кездесетінін ескерте кеткен жөн. Мысалы, трансформациялық-генеративті грамматика адам комбинаторика ережесі бойынша сөйлеуді құрайды деп тұжырымдайды. Бихевиоризм сөйлеу әрекетін «стимул-реакция» моделінде талқылайды. Ресей тілдік қызмет теориясы сөйлеушінің белсенділігінен келіп шығады. Шын мәнінде, модельдердің ешқайсысы тіл секілді күрделі объектінің барлық қасиеттерін толық қамти алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |