Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет14/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

*** *** ***

Бұрхан ШАҺИДИ,

Гоминдаң, Шығыс Түркістан, Қытай Халық Республикасы үкіметтерінде басшы қызмет атқарған жоғары лауазымды ірі мемлекет қайраткері.

БЕЙБІТ СӨЗДІҢ АЛДЫ- АРТЫНДА

(«Шыңжаңда өткен елу жыл» атты естелік кітабынан үзінді)

Іле уақыттық үкіметі
Іледе 1944 жылы 11-айдың 12-сі күні уақыттық (уақытша) үкімет құрылып, кертартпа Гоминдаң үкіметінен қарым-қатынасын үзгендігін жоғарыда айтып өттім. Уақыттық үкіметтің өзін «Шығыс Түркістан Халық Республикасы уақыттық үкіметі» деп атағаны адамды алаңдатады. «Шығыс Түркістан» деген ат ХІХ ғасырда дүниедегі белді елдердің Орта Азия районында отаршылдық, шапқыншылық әрекет жүргізуіне байланысты пайда болған болатын. Сол кезде батыстағы отаршылдар Орта Азияны және Шынжаң районынын сыпыра «Түркістан» деп атады. Сондай-ақ Зарапшан өзенін шекара етіп, оның батысындағы райондарды – «Батыс Түркістан», шығысындағы райондарды – «Шығыс Түркістан» деп атаған. Бұл атауға тіл мен жағрапиялық тұтастық ұғымы берілді. Кейін келе имперализм шапқыншылары мұнымен Қытайдың бірлігін бұзды. 1933 жылы оңтүстік Шынжаңда бір мезет «Шығыс Түркістан Ислам Республикасының» жарыққа шығуы осының нақты мысалы бола алады. Енді міне Іле төңкерісшілері де «Шығыс Түркістан» деген желеуді көтеріп шығуы маған жағдай бәлкім күрделі болар дегенді аңғартты.

Уақыттық үкімет алғаш құрылған кезде халықтық істер меңгермесі прокуратура, жоғары сот, қазына меңгермесі, оқу-ағарту меңгермесі, денсаулық сақтау меңгермесі, дін меңгермесі, әскери керек-жарақ мекемесі, тасымал меңгермесі сияқты органдар құрды. Әлихан төре, Әкімбек қожа, Ахыметжан, Рахымжан, Мұқамктжан Мақсұм, Аббасов, Қабипе Ернасов, Әнуар Мұсабаев сияқтылар үкімет жорасы болды. Әлихан төре үкіметтің төрағасы, Әкімбекқожа төрағаның орынбасары болып сайланды. Әлихан төре дін иесі, өзбек, жасы алпыстан асқан. Шың Шысай дәуірінде талай жыл түрмеде жатып, 1943 жылы түрмеден шыққаннан кейін Құлжада саудамен шұғылданған және дін таратқан. Әкімбекқожа, ұйғыр, жасы жетпістен асқан. Ерте кезде Іле-Шинхай төңкерісінің қарулы көтерлісін қолдаған. Бірақ кейін келе идеясы қатты кербақпа болған.

Сол кездегі уақыттық үкіметке қатынасқан жоралардың құрамы үш түрлы еді: бірінші түрі, негізінен Ахметжан, Аббасов сияқтылар уәкілдік еткен төңкерістік саналы және алдыңғы қатардағы коммунистік идеядағы адамдар; екінші түрі, негізінен Әнуар Мұсабаев пен Рахымжан уәкілдік еткен буржуазиялық көзқарастағылар; үшінші түрі, негізінен Әлихан төре мен Әкімбекқожа уәкілдік еткен феодалдық діни жіктегілер. Бұл уақыттық үкіметте Гоминдаңның жантүршігерлік езгісіне қарысы тұрып, Гоминдаңның үстемдігін бір жолата аударып тастау сынды негізгі ағын да, отанымыздан қол үзіп, қытай ұлтына өштескен қателік те болды. Әлихан төре бір реткі сөйлеген сөзінде «Шынжаң – Қытайдың бір өлкесі» деген көзқарасқа «сандырақ» деп тойтарыс беріп, «Біздің отанымыз – Шығыс Түркістан» – дегенге үндеді. Шынымды айтсам, сол кезде айтып-айтпай қатты қобалжып, Шынжаңның болашағынан алаңдадым.

Әлі есімде, Совет Одағының Үрімжіде тұратын көнсілханасының орынбасар көнсілі Евсеев бір жолы мені кеңсесіне шақырды. Мен барсам онда мен танымайтын тағы бір советтік адам отыр екен. Ол орынынан тұрып менімен амандасты да, кенет: «Іле төңкерісі Шығыс Түркістан Республикасын құрды, бұл мәселеге сіз қалай қарайсыз?», – деп сұрады. Мен іркілместен: «Мен Іле төңкерісін батыл қолдаймын, бірақ олардың қытайдан қол үзіп, дербес мемлекет құруына қосылмаймын», – деп жауап бердім. Бұл көзқарасымды әлгі адам не құптамады, не теріске шығармады. Сол кезде мен үш аймақтағы қарулы күресті Совет Одағының қолдайтындығы және оған көмек беретіндігі шүбәсіз екендігін, Совет Одағының дипломатиялық қызметкерлерінің үш аймақ күресіне түрліше көзқарас ұстайтындығын және мөлшер жасайтындығын ұғындым. Кейіннен, Евсеев маған: «Сіздің көзқарасыңыз дұрыс», – дегенді айтты.

Марксизм-ленинизмдік көзқарасты қабылдаған Ахметжанның басшылығындағы бір топ басшылар бертін келе уақыттық үкіметтің басшылық ұйтқысын бірте-бірте қолына алып, үш аймақ халқының қолдауына ие болды, әрі алғашқы кездердегі қате нысандарды түзетуге кірісті. Менің көңілім де бара-бара орнықты. Қырық құбылған кезде уақыттық үкіметтің басшылық ұйтқысы да үздіксіз өзгеріп отырды. Күрес дамып отырды. Күрес жеңісіне жету үшін қашан да өз қатарының алға басуына тұсау болатын кедергілерді аластап отыру қажет. «Шығыс Түркістан» деген жалау Үш аймақ уәкілдерінің Гоминдаң үкіметінің уәкілі Жаң Жыжұңмен бейбіт келіссөз өткізуіне, Шынжаң өлкелік бірлескен үкіметтің құрылуына байланысты бірте-бірте керексіз болып қала берді.

Тянь-Шаньның оңтүстігі мен солтүстігіндегі соғыс өрті
Іле уақыттық үкіметі құрылғаннан кейін оның негізгі міндеті қарулы күреспен шұғылдана беру болды. 1945 жылы 4-айдың 8-күні уақыттық үкімет бытыранды партизандар әтіретіндегі он неше мың адамды «ұлттық армия» етіп құрды. Онымен қоймай, үш бағытта жорық жасау жоспарын жасап, 5-айдан бастап Гоминдаң кертартпашыларына қарысы дүбірі жер жарған әскери шабуыл жасады.

Солтүстікке аттанған мықты қосын жөңкілген жойқын күшпен 6-айда Дөрбілжінді, 7-айда Шауешекті басып алды. Солтүстік Шынжаң ның жер-жеріндегі халықтардың сәйкесуі арқасында 9-айда Алтайды басып алды. Осы кезде Іле, Тарбағатай, Алтай – үш аймақ бір-бірімен тұтастырылды.

Аралық бағыттағы қалың қол нажағай тездігінде 9-айда Шихуға, Жыңға шабуыл жасап, ұшақпен, ауыр зеңбіректермен, өртегіш бомбымен күндіз-түні тыным бермей атқылап, сол жерлерді ұстап тұрған жауды түгел жойды. Ұлттық армия жеңіспен тіке тартып Манас өзенінің батыс жағасына келді. Үрімжідегі Гоминдаң үкіметіне тықыр таяды. Аузы-мұрны қан жоса болған Гоминдаң армиясы Манас өзеніндегі үлкен көпірге өрт қойып, асып-сасып тұра қашты. «Ұлттық армия» Манасқа келіп орнықты.

Оңтүстікке аттанған «Ұлттық армия» қосыны құзар шыңдардан асып, Тянь-Шаньның Дабан деген жеріне келіп, Ақсуды екі рет қоршауға алып, Бай ауданы мен Уынсу ауданын екі рет басып алды.

Сонымен бірге, Гансу – Шынжаң тас жолының Шынжаң шекарасы өңіріндегі партизандар да жанданып, Тұрпан, Пішән, Тоқсұн сияқты жерлерге (бұл жерлер бір-бірімен тұтасып Гоминдаңның әскери көмек беру линиясы болған еді ) тұтқиыл шабуыл жасап Гоминдаң армиясының мазасын кетірді.

Сол жылы 8-айда Пули (қазіргі Ташқорған) көтерілісі бұрық ете түсті. Гоминдаңның қысым жасау саясаты Ташқорған өңіріндегі халықтың қарсылығын қозғады. Осы арадағы тәжік, қырғыз халықтары 200 неше адамдық көтерлісші армия құрып, Гоминдаңның Ташқорған, Тахрмән, Субас және Болонкоу сынды төрт жердегі әскери базасына шабуыл жасады. Көтерілісші армия Пулидың барлық жерін басып алып, төңкерістік үкімет – Пули уәли мекемесін құрды. Көтерлісші армия ілгерінді-кейінді Иңысар, Ақтау аудандарын басып алды. Сондай-ақ Қашқар, Жәркен, Қашқар жаңа шаһарын, Қағылық, Поскам сияқты аудандарға жорық жасады. әскери бөлім көбейіп, екі мыңнан астам адамға жетті. Қашқар, Ақсу, Хотан жаудың үш жақты қоршауында қалып, әскери күші аз болғандықтан, көтерлісшілер Жәркендегі Көсілап тауына барып, қосынын реттеп қайта шабуылға өтудің қамына кірісті.

1945-жылды Тян Шаньның оңтүстігі мен солтүстігінде соғыс өрті лаулаған жыл болды деуге болады. Гоминдаң басып жатқан Үрімжі оқшау күйге түсіп, Гоминдаң мәнсаптылары қатты үрейленді. Олардың бала-шағаларын арт-артынан ішкі өлкелерге жөнелткенін өз көзіммен көрдім. Сол кезде үш аймақ төңкерісі жөніндегі хабарларды тек ұзын құлақтан және Совет Одағының бас көнсүлханасынан ғана естіп тұрдым. Сол тұстағы үкімет газеті (яғни «Шынжаң газеті») бұл жағындағы хабарлардан ауыз ашпады, У Жүңшинның жергілкті жерлермен тілдескендегі «моралі» мен еңбегін үгіттеген мақалалар газет бетін бермеді. Гоминдаң кертартпашылары хабарларды жасырып, халықты алдап, күйреуге бет алған жағдайға тірек болмақ болды.

У Жұңшинның Шыңжаңды оңау саясатының сәтсіздікке ұшырауы
У Жұңшинның Шыңжаңда үстемдік жүргізген өмірі қысқа болды. Шыңжаң төңкерісі дауылының дүмпуінде ол күн сайын нөсерлі дауыл ішінде сенделуде болды. 1944 жылдың 9-айында Шыңжаңға келгеннен 1946 жылдың 3-айында қызметінен алынғандығы бекітілмей тұрып қайтқанға дейінгі аралықта зейінінің көбін ұш аймақ төңкерісіне төтеп беруге жұмсады.

Алғашында ол әскери жаныштауға онша сенбеді, ал «тілдесу» саясатына көп үміт артты. Оның «Шыңжаңды оңаудағы ұш айбалтасының» екінші айбалтасы – «жергілікті орындармен тілдесу» саясаты, міне, осы еді. Көлемі кең тілдесу комитетін құрып, оған халықтық істер меңгермесінің меңгерушісі Дың Шяңхайды меңгеруші жоралыққа тағайындап, үлкен қонағасы беріп, Шыңжаңдағы «ұлттардың басшыларын» күтіп, расхұтты аямай жұмсап, «Шыңжаң газетінің» үгіт аппараттарын іске салып, елдікке шақыру жолымен өзіне тартты. Алтай қазағы Әлен уаңның ханымы Қадуанды тілдесу комитеті меңгершісінің орынбасары, монғолдың Ман-Хан патшасы Фужин қатарлыларды жоралыққа тағайындады. Оның бер жағында Дың Шяңхайды Үрімжіден Құлжаға тілдесуге жіберді, онысы сәтсіз болды.

«Жергілікті орындармен тілдесу» саясатынан ешнәрсе өнбеген соң У Жұңшин «тату-тәтті көрші» дегенді шығарды. Бүл оның «Шыңжаңды оңаудағы ұш айбалтасының» үшінші айбалтасы еді. Оның тату-тәтті болатыны Совет Одағы екендігі табиғи еді. Ол Іле жағдайының көтерілуі мен басылуы Совет Одағына тікелей байланысты деп есептеді. Сонымен АҚШ-та оқыған ерекше дипломатиялық қайраткер У Зышяңды Совет Одағында тұратын көнсіл ақылшысына жіберіп, орысшаға жүйрік Лю Зырүңды Шыңжаңға қызметке тағайындау арқылы Совет Одағымен болған дипломатялық қарым-қатынасты дамытты.

У Жұңшин әскери жаныштауға сенімсіз болғанымен, оның «жергілікті орындармен тілдесу» саясаты сәтсіздікке ұшырап, «тату-тәтті көрші болу» ойы іске аспаған кезде, қарулы күшке амалсыз тағы бағынып, «жою мен тілдесуді қатар жүргізу» тәсілін қолданды. У Жұңшиңның тілегі бойынша Чиң Хайдағы Ма Буфаңның қол астындағы бесінші атты армияның Ма Чыңшяң әскери бөлімі Шыңжаңға келу арқылы Шыңжаңда тұратын кері төңкерістік әскери күштерді күшейтті.

Ұш аймақтағы «Ұлттық армия» Манасқа келіп, Үрімжіге тіке қауіп төндірді. Гоминдаң армиясы арт-артынан жеңіліске ұшырады. 8-соғыс районының қолбасшы ұлығы Жу Шауляң мен өлке төрағасы У Жұңшин Чұңчиңнен әскери көмек сұрады. Естуге қарағанда, Жу Шауляңның телеграммасында: «Жағдай ауыр, болашақты болжау қиын, мерт болу қаупі бар» – деген сөздер бар екен. У Жұңшин мәселені әскери жолмен шешуден үміт жоқтығын байқап, Жяң Жиешіге маңызды бір адамын жіберіп, бейбіт келіссөз өткізуді талап етті.
Жаң Жыжұңның Шыңжаңды тексеруге баруының астары

мен барысы
1945 жылы 8-айда Шыңжаң әлі де соғыс өрті ішінде жатқан еді. Ал халықаралық жағдайда орасан зор өзгерістер болды. Германия, Италия, Жапония – фашистік үш мемлекет жеңіліске ұшырады. 8-айдың 14-күні «Қытай-Совет достық одақтық шартына» Мәскеуде қол қойылды. Осы шарттың қосымша құжатында Гоминдаң үкіметі Монғолияның тәуелсіздігін мойындады. Ал Совет Одағы: «Шыңжаңның таяудан бергі істері жөнінде, Совет Одағы үкіметі достық одақтық шартының 5-тармағында: Қытайдың ішкі істеріне араласу ниетінің жоқ екендігін қайталай білдірді. «Қытай-Совет достық одақтық шартының» басты мазмұндары жөнінде Ялта мәжілісінен бұрын Совет Одағы, АҚШ, Англия үш ел басылары ақылдасқан, сондай-ақ АҚШ дәнекер болып Жяң Жиеші мен Сталин пікір алысқан болатын. Сондықтан Жяң Жиеші Шыңжаңда арт-артынан сәтсіздікке ұшырағанымен, көңілінде есеп болды.

Қытай коминистік партиясы Шыңжаң халқының төңкерістік күресіне төтенше көңіл бөлді. Мау Зыдүң жолдас 1945 жылы 4-айда ашылған партияның 7-құрылтайында жасаған саяси баяндамасында Гоминдаң кертартпашылар тобының «1944 жылдан қазірге дейінгі Шыңжаңдағы аз ұлттарды қарулы күшпен жаныштау оқиғасын» қатаң айыптады. Естуімше, Мау Зыдүң жолдас Чұңчиңге барып Жяң Жиешімен «10-қазан келісімін» жасасқан кезде де Шыңжаң мәселесіне қатты назар аударыпты.

Ішкі-сырқы бейбітшілікке үндеу үнінің күшті қысымында Жяң Жиеші Жаң Жыжұң генаралды ұшақпен Үрімжіге жіберіп, істің нақ сырын тексеру бекіміне келді.

Жаң Жыжұң Генарал 9-айдың 13-күні Чүңчиңнен Үрімжіге барды. Сол күні Жу Шауляңның мәліметін тыңдады. Жу Шауляң былай деді: «Ұлттық армия» Манастың маңына келді. Бұл Үрімжіге екі күншілік жер, басып келіп қалу мүмкіндігі зор; Үрімжіні қорғап тұрған әскери күш не бары 6 батальон, 5-атты армия мен 46-дивизяның бір бөлімін көмекке ауыстырып әкелудеміз. Бірақ олар ең тез дегенде 8-9 күнде зорға жетеді; тасымал жағында ойламаған өзгерістер туылмаса, күндіз-түні тасығанда ғана оқ-дәрі, азық-түлік әрең үлгіреді.

Жаң Жыжұң қолма-қол екі түрлі орналастыру жасады: бір жағынан, Жу Шауляң мен армияның бас қолбасшысы Ли Тиежұнге қол астындағыларды жігерлендіріп, қайратты тасқындатып, Үрімжінің амандығын сақтауды тапсырды; енді бір жағынан, ерекше дипломатялық қайраткер Лю Зырүңға Совет Одағының Үрімжіде тұратын орынбасар көнсүлі Евсеевті жарастыруға ұсыныс етуді тапсырды. Сол кезде Жаң Жыжұң мен У Жұңшиннің ойы бір жерден шықты. Мәселені әскери жолмен шешуден үміт жоқ. Ең абзалы – саяси жолмен шешу. Ал саяси жолмен шешу үшін Совет Одағының адамын екі ортаға дәнекер ету керек.

Ертесі, Жаң Жыжұң Совет Одағының Үрімжі де тұратын орынбасар көнсулі Евсеевпен кезікті. Евсеев мынаны білдірді: бүл Қытайдың ішкі ісі, Совет Одағының бұған араласуы ыңғайсыз, бірақ оның өз басы мәселені бейбіт жолмен шешу табылған ақыл деп есептейді. Жаң Жыжұң ымраға келуді құптайтындығын білдірді. Сондай-ақ Евсеевті екі жақты рақайластыруға ұсыныс етті. Евсеев мақұлдығын табанда білдірді.

Жаң Жыжұң Үрімжіде қысқа ғана аялдағанан кейін 16-күні ұшақпен Чүңчиңге қайтып, Жяң Жиешіге мәлімет берді. Үш аймақ жақ та бұған белсене үн қосып, Манас өзенінің батыс жағалауындағы «Ұлттық армия» сол орында бұйрық күтетін болды. Жаңа шабуыл жасамады, Оңтүстік шептегі әскери бөлімді де шегінуге бұйрды. Арада көп өтпей Совет Одағының Қытайда тұратын бас елшісі Петров Гоминдаң үкіметіне «Меморандиум» тапсырды. Бұнда:

Совет Одағының Құлжада тұратын көнсуліміздің үкіметімізге мәлімдеуінде: аз ұлттардың бір талай адамдары өздерін Шыңжаңда көтерліс жасаған халықтың уәкілдеріміз деп атап, көнсулханамызға тілек қойды. Сондай-ақ орыстардың арашалаушы болуын, Қытай үкіметімен болған қақтығысқа жарастырушы болуды үміт ететіндігін білдірді; әрі былай деп жар салды: көтерілісші халықтың әсілі Қытайдан бөліну ойы жоқ. Мұндағы мақсаты Шыңжаңда аз ұлттар көп санды ұстайтын жерлерде, айталық: Іле, Тарбағатай, Алтай, Қашқар райондарында Автономия құру мақсатына жету. Бұл уәкілдер Шыңжаң үкіметінің бұрын оларға жүргізген түрлі езгілерін атап-атап көрсетті. Совет Одағы өзінің Шыңжаңмен шегаралас өңірінің амандығы мен тәртібіне көңіл бөлді. Қытай үкіметі қаласа Құлжаға көнсуль жібермекші. Бұлай болғанда Қытай үкіметіне қолғабыс тигізіп, Шыңжаңда туылған жағдайға басу айтушы болуы мүмкін.

Сонымен Шыңжаң мәселесін бейбіт жолмен шешу негізінен тиянақталып, нақты істерді шешу ғана қалды.

10-айдың 14-күні, Жаң Жыжұң Мау Зыдүң жолдасты ұшақпен Ян-Анға аттандырғаннан кейін, Ляң Хансау, Пың Шаушян, Чүй у, Жаң Жиңюи, Дың Уыний, Лю Мыңчүн, Уаң Зыңшян қатарлыларды ертіп, Үрімжіге келді. Рахымжан Сабыр бастаған үш аймақ уәкілдері бұдан екі күн бұрын мұнда келген еді. Бұл уәкілдер үйрмесінде Әбілхайыр төре мен Ахметжан да бар еді. Бұл уәкілдер үйірмесінің жауаптысы, іс жүзінде Ахметжан болатын. Олар әскери жасыл киім киіп, ай формалы иықша және медаль тағып алған еді.



Жаң Жыжұңның айтуынша: сол кезде үш аймақ уәкілдері түгел «Шығыс Түркістан Республикасы» деген белгі тағып жүрді, сондай-ақ Шығыс Түркістан үкіметі уәкілдері деген атпен Қытай үкіметі уәкілдерімен келіссөз өткізуді талап етті. Жаң Жыжұң генарал орталық үкіметтің уәкілі деген атпен оқиға туылған өңірлердегі уәкілдермен келіссөз өткізу деп есептеді. Осы алауыздықты Совет Одағының Үрімжіде тұратын көнсулі арада рақайластырды. Үш аймақ уәкілдері жол берді. Кейінгі екі жақ қол қойған келіссөз құжаттарында «Орталық үкіметтің уәкілдері» және «халық уәкілдері» деген қол қойылды. Сонымен келіссөз жүргізіле бастайды.

Бейбітшілік шартына қол қою
Келіссөз 1945 жылы 10-айдың 17-күні басталды. Екі жақтың көзқарастарында парық қатты зор болғандықтан, талас төтенше қиянкескі болды. Таластың түйіні өлкелік үкімет құру мен әскери бөлімдерді қайта құруға шоғырланды. Жаң Жыжұң ұшақпен талай рет Чүңчиңге барып Жяң Жиешіден нұсқау алып отырды. Үш аймақтың уәкілдері де Ілеге екі рет барып келді. 70 күннен артық талай реткі үзіліс арқылы, Совет Одағының жаңа тағайындалған Үрімжідегі бас көнсулі Савельевтің рақайластыруымен, екі жақ 11 тармақты шарттың нұсқасын алғашқы адымда тұрақтандырды. 1946 жылы 1-айдың 2-күні осы нұсқа мен өлкелік үкімет құру мәселесі жөніндегі «Қосымша құжаттың біріншісі» қол қойылып мақұлданды. Әскери бөлімдерді қайта құру жөніндегі қосымша құжат қайта ақылдасуға қалдырылды. Мың әріпке жетпейтін осы құжат жөнінде бес ай бойы келіссөз өткізіліп, сол жылы (1946) 6-айдың 6-күні ресми қол қойылды. 8 айға созылған келіссөз ақыры табысты болды. Үш аймақ «Шығыс Түркістан Халық Республикасы» деген атты ресми күшінен қалдырды. Бейбітшілік пен бірлік сынды шарт арқылы кепілдендірілді. «11тармақты бейбітшілік шарты» мен қосымша екі құжаттың толық мазмұны төмендегідей:

  1. Үкімен Шыңжаң халқына өздері сенетін жергілікті қайраткерлерді әкімшілік мәнсапқа сайлау құқығын береді. Осы құқықты жүргізудің тәртіптері мынадай: оқиға шешілгенен кейінгі үш ай ішінде аудандардағы халық аудандық кеңес мүшелерін сайлап, аудандық кеңес құрады; аудандық кеңес әкім сайлап шығады. Әкім орынбасарын және аудандық үкіметтің бөлім дәрежеліден жоғары мансаптыларды әкім тағайындайды. Осы сайлам болудан бұрын, оқиға туылған өңірлердегі аймақ пен ауданның қазіргі әкімшілік мансаптылары бола береді. Аймақ уәлиі мен оның орынбасарларын халық көрсетіп, өлкелік үкіметке бекіттіреді. Уәли мекемесінің қызметкерін уәли тағайындайды. Аудандық кеңестер құрылғаннан кейін заң бойынша өлкелік кеңес мүшелерін сайлап, өлкелік кеңес құрады. Олар халық еркіне уәкілдік етіп өлкелік үкіметті бақылайды және оған селбеседі. Негізгі заң жаряланудан, жалпы сайлам тұрақтанудан бұрын, өлкелік үкіметті қайта құру әдісі 9-тармақтағыдай болады.

  2. Үкімет дінді кемсітуді жояды. Сондай-ақ халыққа дінге сенуге толық еркіндік береді.

  3. Мемлекеттің әкімшілік органдары мен заң органдарының құжаттарында қытайша мен ұйғырша тең қолданылады. Халықтың үкімет органдарына жазған хаттарында жеке өз ұлтының тіл-жазуын қолданылуына жол беріледі.

  4. Бастауыш мектептер мен орта мектептерде өз ұлтының тілінде сабақ өтіледі. Бірақ орта мектептерде сөзсіз қытайша сабақ өтіледі, институттарда оқыту қажетіне сай қытайша мен ұйғырша тең қолданылады.

  5. Үкімет ұлттық мәдениет пен көркемөнерді еркін дамытуды белгіледі.

  6. Үкімет баспа сөз, жиналыс өткізу, сөз сөйлеу бостандығын белгіледі.

  7. Үкімет халықтың іс жүзіндік өндіргіш күшіне сай, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көзде ұстай отырып бажы алуды белгіледі.

  8. Үкімет саудагерлерге ел ішінде және халықарада еркін сауда жүргізу бостандығын береді. Алайда шетелдермен сауда жасайтын саудагерлер орталық үкімет пен шетел қол қойған сауда шарттарының белгілемелеріне бойсынуы керек.

  9. Шыңжаң өлкелік үкіметін құруды орталық белгілейді. Оның мүшелерың саны 25 адам болады да, 10 мүшесін орталық тікелей белгілеп жібереді. Қалған 15 мүшесін халық уәкілдері көрсетіп, орталық тағайындайды. Орталық тікелей белгілеп жіберген 10 мүшенің ішінде төраға, бас хатшы, халықтық істер меңгермесінің меңгерушісі, қазына меңгермесінің меңгерушісі, қоғамдық бөлімнің бастығы, оқу-ағарту меңгермесінің орынбасар меңгерушісі, құрылыс меңгермесінің орынбасар меңгерушісі, денсаулық сақтау мекемесінің орынбасар бастығы және арнаулы екі мүше болады. Өңірлердегі халық уәкілдері көрсетіп, орталық тағайындаған 15 мүшенің ішінде екі орынбасар төраға, екі бас хатшы, оқу-ағарту меңгермесінің меңгерушісі, құрылыс меңгермесінің меңгерушісі, денсаулық сақтау мекемесінің бастығы, халықтық істер меңгермесінің орынбасар меңгерушісі, қазына меңгермесінің орынбасар меңгерушісі, қоғамдық бөлімнің орынбасар бастығы және арнаулы 5 мүше болады. Қалғандарын қосымша құжаттың біріншісінен қараңыздар.

  10. ұлттық армия құруға жол беріледі. Мұның адамдарын Ислам дініндегілермен толықтау принцип етілуі тиіс. Бұл армия осындай істерге қатынасқан армиядан халықтық армияның штаттарына негізделе отырып қайта құрылады. Бұл армияның адам саны мен тұратын орны бөлек талқыланып, қосымша құжаттың екіншісі болып, қол қойылғаннан кейін күшке ие болады. Бұл армияның жаттығуы мен бұйрықтарында ұйғырша мен қазақша қолданылады... Шыңжаңда тұратын орталықтың армиясы бұл армиямен бір жерде тұрмайды. Өзара достық барыс-келісті сақтайды. Жаулық көзқараста болмайды. Қалғандарын қосымша құжаттың екіншісінен қараңыздар.

  11. Оқиға туылғаннан қазірге дейін екі жақ қолға алған қайраткерлерді оқиға шешілгеннен кейінгі 10 күн ішінде босатады; әрі алдағы жерде әр қандай себептермен жәбірлемеуге кепілдік етеді.


Орталық үкіметтің уәкілі: Жаң Жыжұң

Халық уәкілдері: Рахымжан Сабыр

Әбілхайыр төре

Ахметжан
Жұңхуа Мингөның 35-жылы 1-айдың 2-күні, Үрімжі».
Қосымша құжаттың біріншісі

Орталық үкіметтің уәкілдері мен Шыңжаңдағы көтеріліс болған өңірлердегі халық уәкілдері қол қойған «қарулы қақтығысты бейбіт тәсілмен шешу шартының» 9-тармағында белгіленген Шыңжаң өлкелік үкіметін құрудың әдісі жөніндегі тармақты екі жақ мақұлдаудан өткізіп, мынадай толықтау белгілемесін жасады:



  1. Өңірлердегі халық уәкілдері өлкелік үкіметтің мүшелігіне көрсетіп, орталық тағайындайтын 15 мүшенің алтауын оқиға туылған үш аймақтың көрсетуіне болады.

  2. Осы алты мүшенің ішінде бір орынбасар төраға, бір бас хатшының орынбасары, оқу-ағарту меңгермесінің немесе құрылыс меңгермесінің меңгерушісі, халықтық істер меңгермесінің немесе қазына меңгермесінің орынбасар меңгерушісі, денсаулық сақтау мекемесінің немесе қоғамдық мекеменің орынбасар бастығы және арнаулы бір мүше болады.

  3. Қалған 7 аймақ 9 мүше көрсетеді. Оның ішінде бір төрағаның орынбасары және орталық тікелей белгілеген, жоғарыдағы үш аймақ көрсеткен адамдардан басқа меңгерушілер, мекеме бастығы немесе оның орынбасары, бас орынбасар хатшы, орынбасар меңгеруші. Сондай-ақ арнаулы төрт мүше болады.


Орталық үкіметтің уәкілі: Жаң Жыжұң

Халық уәкілдері: Рахымжан Сабыр

Әбілхайыр төре

Ахметжан
Жұңхуа Мингөның 35-жылы 1-айдың 2-күні, Үрімжі».

Қосымша құжаттың екіншісі
Орталық үкіметтің уәкілдері мен Шыңжаңдағы көтеріліс болған өңірлердегі халық уәкілдері үстегі жылы 1-айдың 2-күні қол қойған «Қарулы қақтығысты бейбіт тәсілмен шешу шартының» 10-тармағында белгіленген оқиға туылған өңірлердегі оқиғаға қатынасқан әскери бөлімдерді қайта құрудың әдісі жөніндегі тармақты екі жақ мақұлдаудан өткізіп, мынадай толықтау белгілемесін жасады:


  1. Оқиғаға қатынасқан әр ұлт әскери бөлімдері мемлекет армиясының штаттарын пайдалана отырып үш атты әскерлер полкі, үш жаяу әскерлер полкі болып құрылады. Жалпы адам саны он бір, он екі мың ғана болады. Осы алты полктің екі атты әскерлер мен бір жаяу әскерлер полкі мемлекет армиясы, бір атты әскерлер мен екі жаяу әскерлер полкі осы өлкенің амандығын қорғайтын әскери бөлім болады.

  2. Үкімет Іле жақтың сол жердегі мұсылман дініндегі бір адамды Іле, Тарбағатай, Алтай — үш аймақ әскери бөлімінің қолбасшылығына көрсетіп жіберуге жол берді. Ол жоғарыдағы алты полкке қолбасшы болады. Осы қолбасшы Солтүстік батыс Қытайда жүргізілген штат бойынша штаб құрады. Бұл штаб Шыңжаң өлкелік гарнизон бастығы мен бүкіл өлкелік амандық сақтау штабының бұйрығын қабылдайды. Әрі осы қолбасшыны үкімет бүкіл өлкелік амандық сақтау штабының қолбасшының орынбасарлығына тағайындайды.

  3. Жоғарыдағы алты полк Іле, Тарбағатай, Алтай қатарлы үш аймақта тұрады. Осы үш аймақтың амандығын сақтауды үкімет осы алты полкке тапсырады. Мемлекет шекарасын қорғауды орталық шекара қорғаныс армиясын жіберіп қорғауға жауапты болады. Мұның әдістері оқиға туылудан бұрынғы әдіс бойынша істеледі.

  4. Осы қолбасшы тағайындалғаннан кейін үкімет оны Ақсу, Қашқар өңірінің амандығын қорғайтын әскери бөлімдерді тез қайта құруға жібереді. Мұның толықтау әдістері сол жердегі мұсылман дініндегілермен толықтайды.

  5. Осы алты полктің күтімі, қамдалуы мен алдағы жердегі қару-жарақтары жөнінде оның мемлекет армиясы болған үш полкі мемлекет армиясының ережелері мен өлшемдері бойынша болады да, орталық қамдайды; амандық сақтайтын үш полкті өлкеміздегі амандық қорғайтын әскери бөлімдердің ережелері мен өлшемдері бойынша болады да, оны қамдауды өлкелік үкімет амандық сақтау штабына тапсырады.

  6. Оқиғаға қатынасқан әр ұлт әскери бөлімдерін қайта құру ісін осы қолбасшы үкімет алдында жауапты болып істейді. Осы әскери бөлімдер алты полк болып қайта құрылғаннан кейін тұратын жерін Шыңжаң өлкелік гарнизонының бас штабы мен бүкіл өлкелік амандық сақтау штабы ақылдасып белгілейді. Осы алты полктің әскерлері мен қару-жарақтарының нақ санын гарнизон бас штабы мен бүкіл өлкелік амандық сақтау штабы тексеріп отырады.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет