Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


ДУБЕК НҰРТАЗАҰЛЫ ШАЛҒЫНБАЕВ



бет17/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

ДУБЕК НҰРТАЗАҰЛЫ ШАЛҒЫНБАЕВ

Туғанда азан шақырып қойған аты – Юсупбек. Оқушы кезінде қытайлар өз әріптеріне дыбыстап Дубек деп жазды да, сол күйі аталып кетті. Ол 1920 жылы Тарбағатай аймағының, Шағантоғай ауданының Шалғынбай көлі деген жерде дүниеге келген. Найман ішінде Қаракерей, Мәмбет, Тоғалақ болып келеді.

Дубектің әкесі Нұртаза Шалғынбайұлы сол заманның зиялысы аталған адам. Өз кезінде Қазанда, Уфада, Стамбулда, Ташкенде, Қазақстанда шығатын әдебиеттерді алдырып оқып, сауатты өмір өткізуге талпынған адам. Абай, Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Тоқай, Құрманғали Халиди, Ахмет Заки, Мұхаммед Әлиризи еңбектерін көріп, оқып өзінше ой толғаған зиялының бірі. Ол 1923 жылы Қазанда араб әріпінде басылып шыққан Абай жинағының сыртқы бетіне былай деп жазған:

Әлемге атың шыққан хакім Абай,

Жыр қылып асыл сөзді айтқан талай.

Қазаққа «Пайғамбар» деп жаза салдым –

Молда-еке десең дағы мұның қалай?

Осы бір ауыз толғауынан Нұртазаның Абайды қалай сүйгенін байқауға болады. 1939 жылы Үрімжі қаласында ашылған Өлкелік қазақ, қырғыз, монғол халық құрылтайына қатынасқан 300 адамның көбі сол жиналыста қолға алынып, қамалып кетті. Тарбағатайдан барған отыздан астам адамның ішінде Нұртаза Шалғынбайұлы, Мырзасадық Кенжин, Нұрмади, Омар Рақышұлдары бар еді.

Ел ағалары жазықсыз қамауға алынғаны баршамызға мәлім. Ал Нұртазаның жазған, сызған жазбалары мен кітап журналдары сол кездегі Шыңшісай үкіметі жағынан жиналып әкетілген. Ал өз қолында, туыстарында не қалды ол жағы белгісіз. Нұртаза 1934 жылдары Мәмбет елі үкірдай сайлап қадір тұтқан азаматтардың бірі еді. Сол кезде заманның ағымына қарай қазақ елін оқу-ағарту ісіне бағыттап, мектеп салдыру, елдің сауатын ашу, көркем өнер ұйымдарын ұйымдастыруға белсене қатысқан адам. Өз үйінде қытай тілін жақсы білетін мұғалім ұстап баласы Дубекті қытайша білім алуға ықпал етеді.

Қытай тілі - әдеби тіл және көне тіл, яғни «Чу бин, бәй хун бин» делініп екіге бөлінеді. Көне тіл ерекшелігі қытайдың көне, жаңа тарихына, мәдениеті мен әдебиет тарихына сөйлеудің аса күрделі тәсілдеріне ойысып отырады. Мақал-мәтелге, емеурін сөздерге, жұмбақтауға кесіп-пішіп, байлау тұжырым жасауды бір-екі сөзбен ғана нұсқай салуға бейім келеді.

Ал Нұртаза шақыртқан қытай тілі мұғалімі Қытайдың сол көне әдеби тілінің маманы. Дубек сол «Чу бин» көне әдеби тіл бағытында сауаттанған. Ана сүтімен біткен ерекше қабілеті мен парасаты арқасында Дубек қытайшаны елден ерекше үздік оқыды. Бас аяғы 2 жылда қытайдың өздері бара бермейтін көне әдеби тілді жақсы игереді.

1936 жылы Тарбағатайдан Үрімжіге қытай тілін оқуға барған 40 бала ішінен Дубек бастауыш мектептің 1 сыныбынан емес 10 сыныптың соңғы сыныбынан бастап түсті де, сол жылы 10 сыныпты үздік бітіріп гимназияға көшті. Іле-шала жыл соңында Шыңжаң институтының қытай тіл әдебиет факультетіне ауысады. Институттың қытай тілі факультетін үздік бітірген де Дубек еді. Оқу барысында қытайшадан қазақша, қазақшадан қытайшаға, ұйғыр тілінен қытайшаға жетік аудара білген. Оның көне қытай әдебиетінің сыр-сипатын жақсы игергені соншалық, қазақтың «Қыз Жібек» операсын қытайдың көне /ши-опера/ тілімен қытайшаға аударған.

Бұл оқиға оқушылар мен оқытушылар арасында таңдану, ғажаптанулар туғызған. Бұған қытайдың көне әдеби тіл мамандары ерекше көңіл аударған. Нәтижеде Шыңжаң институтының ректоры және Шыңжаң газетінің бас редакторы сол заманның саяси қайраткері, қытай тілінің маманы Ду-жың-юан /Қыз-Жібек операсының/ Дубек аударған қытайша нұсқасын көңіл аудара оқып шығып аса ризалықпен аударманың /қалың қара дәптердің/ бір бетіне қызыл сиямен: «Мен көшпенді қазақ елінде «Ши-опера» болады дегенді былай қойып оқу білім, мәдениет болды деп те ойламаған едім. Дубектің қытайшаға аударған «Шиын» оқып көріп, қазақ халқының көне мәдениетке оқу-білімге ие халық екеніне көзім жетті. «Қыз Жібек» шиі-операсы арқылы менің көшпелі қазақ халқына деген танымым түп негізінен өзгерді. Қазақ халқының көне мәдениетті ел екендігін еріксіз мойындадым. Операсыз өркениетті ел болмайды. Ши барлық ұлы халықтардың көркем әдебиетінің айнасы»- деп өз ойларын жазған болатын.

Шыңжаң институтының ректоры Ду-жың-юаң алғы сөз жазған «Қыз-Жібек» операсының қытайша аудармасы Шыңжаң өлкелік қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымының сол кездегі бастығы Махмұт Шөкеманов арқылы 1942 жылы Тарбағатай аймақтық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымының мәдениет бөлімінің бастығы Қадір Саменовқа тапсырылды. Бұл кезде Дубек ұсталып кеткен кезі болатын. Сондықтан «Қыз Жібектің» қытайша нұсқасы ашыққа шығарылмады. Аударманы Тарбағатайда ең алдымен оқып көрген қытай тілінің білгірі Қалдыбай Қанафияұлы болды да, басқаларға ауызша жарияланды. Тарбағатай зиялыларының хабардар болуы да, көруі де осы арадан басталады. Сол кездегі Тарбағатай қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының бастықтары Ақат Қондықазақұлы мен Ілияс Ақшиндер де Ду-жың-юаның алғы сөзін аудартып оқыған.

Дубек 1940 жылдары арасында «Саяси экономика және жаңа фалсафа» атты аса күрделі кітаптарды аударуға қатынасқан. Оның аударған бөлімдері сол жылдары «Жаңа Шыңжаң», Шыңжаң жастары» атты журналдар да шығып жүрген. Одан басқада талай аудармалары болған. Дубек ілеспе аудармаға да аса ұқыпты, жауапты, тыңғылықты еді. Соған орай сол кездегі Шыңжаң өлкесінің әкімі Шаң-сы-сай жасаған баяндамаларды қытай тілінің маманы Хамит Хакими, Махмұджан Илһажанов, Дубек Нұртазаұлы кезектесіп аударып отырғаны көпке мәлім.

1939 жылы Шыңжаң институты мен кадрлар жетістіру мектебіне сабақ өткіздіру үшін Ішкі қытайдан арнайы алдырылған фалсафа ғылымының докторы Маудун және экономика ғылымының докторы Шың-зы-юан жасаған баяндамалардың көбіне қытай тілінің маманы Дубек Нұртазаұлы ілеспе аударма жасағаны анық. Бұл орайда Дубек қытай тілін игерудегі білгірлігіне риза болған доктор Шың-зы-юан «Қазақ балаларының оқуға құмарлығы, оларға таза табиғаттың берген ерекше қабілеті, қазақ тілінің басқа тілден сөйлеуге икемділігі ғажаптың-ғажабы» деп бағалаған екен. 1938-1939 жылдары Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі аймақтарының бір топ зиялы қауымы – Нұртаза Шалғынбайұлы, Мырзасадық Кенжин, Нұрмад Сапаев, Асқар Татанаев, Мұсылманбек Төгісов, Сәліс Әміреұлы, Әнуар Көкенов, Омар Рақышұлы сияқты азаматтар Байтұрсын емілесін қалыптастыру кезеңінде «һ,х» сияқты әріптерді қосып алу мен қосу туралы пікір алысулар болған. Екі жағы да өз пікірлерін баспа бетінде жариялаған.

Сол жолғы пікірталаста «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей Дубек өз әкесі Нұртаза Шалғынбайұлының ұсынысын теріске шығарып, әділ сауатты ғылыми билік айтты. Таласқа түскендер Дубек тұжырымына тоқтады деседі.

Демек Дубек қазақ тілі ғылымынан да құралақан емес. Осы оқиға барысына араласқан немесе бұл кездегі баспа бетін көрген мақалаларды сақтаған адамдар егжей-тегжей айтар деген үміттеміз.

Дубек өз заманының ойлы жастарының бірі еді. Оның ой-пікір толғауы, көзқарасы сол кездегі Шың-сы-шай өкіметіне ұнамай қалғандығы анық. Сондықтан 1942 жылы тамыз айында Үрімжі қаласында Дубек Нұртазаұлы қолға алынды. Үкіметтің жариялануынша қолға алынған зиялылар. «Шың-сы-сай» үкіметін аудармақ, Шығыс Түркістан мемлекетін құрмақ, түрік елін бірлестірмек, Жапонияның жансызы, ұлт-азаттық төңкеріс жасамақ» - деген сияқты аса күрделі саяси айыптар тағылды. Ал Дубектің өз айтуынша «ұлт-азаттық» мәселелер үстінде сұрақ болғаны рас.

1944 жылы қазанда Шың-сы-сай өлкелік өкімет басынан кетіп, оның орнына У-жың-шың өлкелік үкімет басына келді. Ол өзін кең қолтық, кең етек, кең пейіл – халықшыл етіп көрсету мақсатында Шың-сы-сай кезінде қамалған 60 мың адамның ішінен тірі қалғандарының бір бөлігіне саяси ағытпа-бас бостандық жасады. Сол қатарда Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлына абақтыдан босады да, Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласына келді.

Аса көрнекті зиялы және қытай тілінің маманы Дубекті Тарбағатай аймақтық гоминдан партиясының үгіт-насихат басқармасына орналастырды. Қытай тілінің білгірі Ахметқали Бітімбайұлының Тарбағатай аймақтық үкіметінің қытай-қазақ тіл аударма бөлімінен жұмыс берді.

1945 жылға келгенде Алтай аймағының ұлт-азаттық күресі күш ала екпіндеп Алтай аймағының 7 ауданын түгелдей қозғалысқа келтірді. Іле аймағындағы ұлт-азаттық армияның алдыңғы бөлігі Тарбағатай аймағының іргесіне келіп маңдай тіреді. Ел ішіндегі алып қашпа сөздің алуан түрлілігі үрей алды. Тарбағатай аймағында ұлт-азаттық қозғалыстың шығуына себеп болып тұрған жағдайлар күн санап жақындай түсті де, Тарбағатайдағы Гоминдан әкімшілігінің апшысын қуырып жіберді.

Тарбағатай аймағын қолдан шығарып алмау үшін, Үрімжі - Шәуешек, Үрімжі - Алтай, Үрімжі - Іле аралығындағы Тарбағатай аймағын басып өтетін қан жолдарды қуалап әскери күш шоғырландырды. Алтай жақтан Тарбағатайдың Қобық ауданына, Іле жақтан Жың ауданына, Үрімжі жақтан Манас ауданына күшті бекіністер салды. Тарбағатайдың барлық ауданына әскер төкті. Солтүстік Шығыс Түркістанның жол торабы Тарбағатайдың Ших /Қарсун/ қалашығына ерекше көңіл аударып оның өзіне және төңірегіне он мыңға жуық әскер, кіреукелі мәшине, ауыр минеметтар мен зеңбіректер орналастырды. Күйтің ауа-жайына ұшақтар қондырды.

Гоминдан үкіметі қарулы күшті еселеп арттырып жатты. Бақылаудың алуан түрін жүргізді. Күмәнді делінген адамды дереу арандатып жіберіп қолға алып жатты. Жаны қысылған сайын ұлт азаттық қозғалысқа бейімдеушілер де көбейе түсті. Саяси жағдай күн санап емес, сағат сайын өзгеріп, соғыс қауіпі төнді. Әрбір сөз, әрбір қимыл, әрекет баспен ойнады.

Жағдай қанша қысқанымен тағдырдың бір өлшемі болатын сияқты «уайым түбі теңіз, түсесің де кетесің, тәуекел түбі қайық мінесің де өтесің» дегендей 1945 жылдың 6 май күні 5 адам бас қосып тұңғыш жиналыс өткіздік. Оған – Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай, Ахметқали Бітімбайұлы, Балқаш Әлімғазыұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Жағда Бабалықұлы қатынасты.

Тұңғыш жиналысты Дубек басқарды. Қаралған мәселелер:

1. Ұлт-азаттық ұйымын құру, құрмау мәселесі қаралды. Сол кездегі Шыңжаң жағдайы, Алтай мен Іле аймағындағы «Ұлт-азаттық» қозғалыс жеңістері, Тарбағатайдың жағдайларын талқылай келіп, Тарбағатайда ұлт-азаттық ұйымын құру қажет деп тапты. Оның аты «Тарбағатай ұлт азаттық ұйымы» деп бекітілді /1945 жыл, 6 май, Шауешек қаласы, Тазалық көшесі, 21 үй (Әубәкір Бабалық ұлының үйі).

2.Кадрлар мәселесі: Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның өркені кімдерден құралады? деген сұраққа әзірше алғашқы ұйымдастырушы ынталы топтың мүшелері – Дубек, Ахметқали, Қалдыбай, Балқаш, Жағдалар осы ұйымның өркені болуды ұйғарды.

Бәріміз орнымыздан тұрдық – «Елімізге, жерімізге адал боламыз. Халқымызды қорғауға жанымызды аямаймыз. Жаумен рахымсыз күресуге дайынбыз. Сыр ашсақ, опасыздық жасасақ, ең ауыр жазаға тартылуға ризамыз!» деп жеке-жеке ант беріп қайта отырдық. Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның басшысы етіп бір ауыздан Дубек Нұртазаұлы Шалғынбайды ұсындық. Ол қабыл алды.

3.Ұйымға адам тарту шарттары, тәртіптері, ұйымдық ережелері. Бұл сол кездегі аса күрделі мәселе еді. Адам тартпаса болмайды, бірақ қалай сенім байлап қалай тартылады?.. Тартылуға тиісті адамның алдын-ала кім екенін білетін де мәліметтер, жинап оны кезектегі жиналыста қараудан өткізу, мақұл көрсе ілік-кандидат мүшелікке қабылдау ұйғарылды.

4.Полициялық бақылаудан қорғану ең қажетті, ең жауапты күрделі мәселе болғаны үшін жан-жақты талқыланды.

5.Гоминдан үкіметінің барлық ісіне үгіт-насихат жүргізу, барлық ісін бақылау, біліп отыру, мәлімет топтау.

6.Шама келсе партизан ұйымдастыру.

7.Қатынас жолдары, қатынас жүйелерді бүлдіру, үзу. Әскери қорларды жою.

8.«Тарбағатай ұлт-азаттық» ұйымның уақытты бағдарламаларын жасауға Дубек жауапты етілді.

Осы сияқты көптеген мәселелр қойылып, талқыланды. Сол күннен бастап іс жүре бастады. Ең алғашқы қимыл мынадан басталды. Шауешек, Дөрбілжін арасындағы телефон жүйесін үзудің бірінші кезегі мен атты әскерлердің жинаған шөп қораларын өртеу сияқты аса қауіпті екі істі Қалдыбай Қанапияұлы өз міндетіне алды. Оны ант ретінде өте тез, өте табысты орындады. Істі бақылауға, көмектесуге Жағда мен Балқаш ұйғарылды.

Тарбағатайдың күн санап өзгерген саяси жағдайы аймақтық партия, үкімет және әскери адамдарын тұйыққа тіреп, сасқалақтатты. Тарбағатай аймақтық гоминдаң партиясының секретары Ху-дың-бау Тарбағатай халқының 90 процентін ұстайтын қазақтарды алдау-арбаудың, шырғалаудың жолын іздеді. Оның айтуынша «Өзінің төртінші атасы қазақ болып, манжурлар мен қазақтар арасындағы бір соғыста манжурлардың қолына түскен. Сол баяғы ұрпағы қытайларға бағынышты болып, қытайға сіңіп кеткен. Өз ата тегіндегі осы жайды жақсы білетін Қу ата жұртын көруге құмартқан. Орайын тауып келеді. Шыңжаңға, одан Тарбағатайға келген. Өзіне ата жұрты қазақтар ұнайды. Қолынан келген жақсылықты қазақтан аямақ емес. Қазақ жігіттері мен қыздарын қытай мемлекетінің тілеген жеріне жіберіп оқуына көмектескісі келеді. Егер жергілікті жағдай жар берсе өзі қазақтан қыз алып, өз ұрпағын қазақ етіп қалдырғысы келеді». Худың осы мазмұндағы сөздері үлкен жиналыстарда айтылғандықтан ел ішіне тез тарады.

Секретар Ху өз ойларын төңірегіне жақын жүрген қазақ жастарына, әсіресе Дубек сияқты қызметтес серіктеріне сіңірмек. Дубек арқылы өз төңірегіне қазақ жастарын жинамақ болады. Ол өзін аса шебер саясаткер санап ақылгөйсуді молайта берді, ал Дубек мұның жүрегінің басынан орын алғандай сенімге ие сияқтанды.

Оның: «Қазақпын, қазаққа жақсылық жасаймын, қазақтан қыз алғым келеді» деген ойларын біз мықтап ұстандық. Өзіміздің сенгендігімізді оған түсіндіре білдік. Қыз көрсеттік, егер қыз алуға белсене қалса, одан да айрылмайтындай шараларды қарастырдық. Қонақта ақша салып карта ойнауда, көше серуенінде бірге жүруді ұйымдастыра білдік. Біздің бұл «ойымыз» полициялық бақылаудан қорғана тұруға біршама мүмкіндіктер беріп жүрді. Ол қазақша мүлде білмейді. Соны пайдаланып онымен бірге жүрген кейбір сәттер біздің бас қосуымызға, пікірлесуге де жағдай туғызып жүрді.

Алайда сақшының бізден күмәні үдей түсті. Шара іздедік те, бізбен қатар гимназия бітірген бір қызды (Шағантоғай аудандық сақшы бастығы алмақ болып, той малдарына дейін кіргізіп, өзара мақұл болысқан кезде) шаңырақ көтергелі отырған жас отауға «сайтан» болып кіруді мақұлдады. Бізде үйленбеген Дубек пен Жағда ғана. Түрмеден шығып келгеніне әлі бір ай толмаған, жұмыссыз жүрген Жағдаға қыз қарайтындай сиқы жоқ. Ал, Дубекті бүкіл қазақ, қытай, ұйғыр білетін даңқы бар.

Жиналыста Дубекке «Сен жеке бастың махаббатын елің үшін қи. Қызды аламын де. Біз оны айналдырып сақшыға бармайтындай етеміз. Ал сақшы мен біздің арамыздағы махаббат жанжалы елің үшін пайдалы болуы мүмкін» деп салмақ салдық. Мұндайда ой-пікір саңлақтарына: саналы өмірі өзінің жеке меншігінен шығып халқының мүлкіне айналып кететіні күмәнсіз. Арада күндер өтті. Дубек мақұл болды. Біз қызды сендірдік. Қыз адамгершілік жасады. Ақыл есі дұрыс. Ары, жаны таза, жас ару мақұл болды. Шағантоғай аудандық сақшы бастығына бармайтын болды. Дубек қызбен жолықты. Алатын-тиетін болысты (олар Тарбағатай гоминдаңнан азат болғаннан кейін тұрмыс құрысты).

Енді бізді сақшы жағы көшеде сабады. Бізге керегінің өзі де осы еді. Дубек өзінің алам деп жүрген қызына сақшы жағынан зорлық-зомбылық жасалып жүргенін, ара түскен жігіттердің полиция жағынан ұрып-соғылғанын секретар Ху-дың-бауға жеткізді. Секретарға ой салды. Полицияның мәліметтері «өшпенділік» деп қаралаттыруына бір күн болса да септігін тигізді. Қазақ жастарын бауырына тартып жүрген секретар екі ойлы болды да, жуырманға Дубектен күмәнданғысы келмей, Дубекті қорғаштай берді...

1945 жылы июньнің бас кезінде «Ұлт-азаттық» ұйымның ұйғаруы бойынша Балқаш Әлімғазыұлы мен Жағда Бабалықұлы партизан ұйымдастыруға Шағантоғай ауданы мен Толы ауданына жіберілді. Партизан ұйымдастыру бағыты жақсы нәтиже берді. Екі ауданның елім деп еңіреген азаматтары белсене қатынасты. Әсіресе, Нұрсапа Сейтжанұлы, Қали Хизамеддинұлы, Қали Біткеұлы, Байкенже Орақұлы, Ахмет Қадірханұлы, Рамзан Оспанұлы, Перісше Сүлейменов, Батыр Шеттікбай /сол кезде 70-тің үстінде/, Абдолла Әбдірахманұлы, Мақсұтқан Қызырұлы, Шайдолла Дәркенұлы, Баспай Шолақұлы, Зәкария Әлімғазыұлы, Нұрлыбек Нұрғалыұлы тағы басқалары ерекше ат салысты.

Елді ұлт-азаттық күреске шақырып партизандарды азық-түлік, ат-көлік, тағы басқалармен қамдап, қатарын адамға толтырды. Партизандар баста қаша соғысып, тиіп қашып қару жинады да кейін бетпе-бет соғыс жүргізді. Нәтижеде – Ұзынбұлақ, Қарасай, Айыр, Байыншоқы, Уты, Көлденең, Жиырма су, Жалаңаш, Жаманты, Жартас, Көкжайдақ, Дәм, Өндірбүйрек соғыстарын жүргізді. Толы, Дөрбілжын соғыстарына қатынасты. Партизандар 700-800 адамға жетті /1945 жылы августта Тарбағатай партизандары «Тарбағатай атты полк» болып ұлт-азаттық армия қатарына енді/.

Дубектер тобының бір бөлігі партизан болып қолына қару алған кезде Шауешекте қалған Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Әубәкір Бабалықұлы, Шәуен Мәсәлімұлы басқада көп азаматтар 1945 жылы июньнің 26 күні қолға алынды. Дәл осы кезде секретар Ху-дың-бау қамаудағы Дубекке жолығып, мәселенің ашығын айтуын өтінді. Бірақ Дубек мойындамаған. Қамаудағы жолдастарына мойындамау жөнінде сыбыс таратқан.

Тарбағатай жағдайы ауырлаған кезде қамаудағы саяси тұтқындарды Үрімжіге жіберуді дайындаған. Олардың аяғында кісен, білегінде қалөткі болған. Олардың бірінші тобы Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Шауен Мәсәлімұлы, мұғалім Каршинго, мұғалім Суменкова, мұғалім Суменков, Латыпжан Хабири, Кәмеш Қабдоллақызы, Масқұрт Қабдоллаұлы, Молла Бадау, Нұрахмет Сарыкүшікұлы, Юсупбек Мухлисов бастаған 40 адам. Бірақ Үрімжі - Шауешек күре жолы партизандар жағынан кесіліп, Ұты, Көлденең, Жиырмасу соғыстары жүргізіліп жатқан кезде абақтыдағы адамдарды Үрімжіге жүргізуге үкіметтің мүмкіндігі болмады.

1945 жылы август айына дейін Тарбағатайдың Толы, Шағантоғай, Дөрбілжін аудандары азат етілген. Тарбағатай аймағының орталығы Шауешек қаласында аймақтық Гоминдаң әкімшілігі мен әскери бөлімдері соғысу мен соғыспау туралы екі ұдай пікірде болған. Соғыспауды жақтаушылар Тарбағатайдың Жуан юаны /уалиі/ Тың-руң, Тарбағатай аймақтық гоминдаң партиясының секретары Ху-дың-бау және олардың жақтастары. Соғысуды жақтайтындар гарнизонының бастығы генерал-майор Ли /Ли фамилиялы қытай/ полк командирі Ли Ту-ан-жаң/, /Ли-жың-шың/, са-самужаң /штаб бастығы – Сақайзы/, /шекара отряд бастығы – Ашушың, Әбдіқадыр/ т.т. Шәуешек қаласының Шығыс жағындағы 56 шақырым жердегі Дүрбілжің қаласы азат болған соң, гоминдаңнан қолға түскен Дүрбілжің Шаңжаны /әкімі/ Жаунайшың, Қытай Сандува Лұңгуан /манап/, Дүңген Иса Лунгуан /манап/, ұйғыр Дәуітқажы, қазақ серғазы Үкірдай /болыс/, Сібе-Гы-фузей /Дөрбілжің сақшы бастығы/ барлығы 17 адам. Дөрбілжіңнен Шауешекке уәкіл етіп жіберіледі де, Шәуешектің соғыссыз берілуін талап етеді.

Ұлт-азаттық армияның бұл талабын естіген Тарбағатай әкімшілігі Шәуешектегі совет одағының уәкілеті орнынан Совет одағына қашып өтуге рұқсат сұрайды. Совет өкілеттігі бірінші реткі өкінішті кері қаққан. Екінші реткі өтініште:Москвадан сұрап көрелік- деген. Үшінші реткі өтінішке: Совет шегінен өтуіне болады - деп рұқсат еткен. Мұның бәрі 29-30 июль күндері болып жатқан оқиғалар.

Совет жағының қойған шарттары: «Өрт қоймайсың, соғыс жүргізбейсің, оқ шығармайсың, қала тыныштығын бұзбайсың, бірде адам өлтірмейсің, саяси тұтқындарды аман қалдырасың» - делінген. Шауешектегі гоминдан әкімшілігі айтылған шарттарға келісіп қол қойған. 1945 жылы 30 июль күні түнде 16 шақырым жердегі совет одағының Бақты шегінен қару-жарағымен 2000 адам қашып өткен. Олар осы жолы Тарбағатайдың алтын, күміс, меруерт, маржан, асыл тас, қымбат бұйымдарын ала кеткен.

1945 жылы 1 август күні Шауешек қаласы соғыссыз азат болды. Қамаудағы барлық саяси тұтқындар аман-есен босады. Оның ішінде Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай, Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның мүшелері – Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанафияұлы басқа да азаматтар бар. Елдің, қала-дала халқының қуанышында шек жоқ.

Бір ғажабы Тарбағатай аймақтық Гоминдаң партиясының секретары – Ху-дың-бау қашпай қалып қойған. Өзінің айтуынша – «Олар мені жек көреді, достарының қолында қалсын деген болар. Қашатын сәттерін маған айтпады. Мен сендерді жақсы көрем» - депті. Олардың мұны жек көретіні рас. Олар мұны өлтіріп кетуі де мүмкін. Сол қауіптерден сескеніп, олар қашар кезде мұның өзі жасырынып қалуы шындыққа жақынырақ. Ху-дың-баудың «Менің арғы аталарым қазақ» дегенін мүлде жоққа шығару қиын. Қалай дегенмен Ху-дың-баудың өмір сүру үміті басым болып қашпай қалған.

Шауешек азат болған күні аймақтық сақшы басқарма бастығы Дубек Нұртазаұлы болып белгіленген. Бірақ ол бірнеше күннен соң бұл істі ұнатпайтындығын айтып ауысып кеткен. Сол алғашқы аласапыранда қамауда өлтірілгендер, өлтіріп көшеге басын іліп қойылған адамдардың туыстары, тағы басқа кек қайтаруды қалаушылардың тобы көбейіп у да-шу болып жатқанда, секретарь Ху-дың бауды сақтаудың қиынға соққаны анық.

Осы жағдай кезінде сасқалақтаған Дубек «Ұлт-азаттық ұйым» мүшесі Ахметқали Бітімбайұлының үйіне Ху-дың-бауды өзі апарып жасырған. Тарбағатайдың азаттығы артынан іле-шала аймақтық үкімет, басқармалар мен заң орындары құрылып ұлт-азаттық Армия гарнизоны орнатылған соң, Ху-дың-бау сотқа тартылған. Сол кезде оны жазалау туралы екі ұдай пікір болған. Дубек бастық және ұлт-азаттық ұйым мүшелері ауыр жаза бермеу жағын қуаттаған. Өкімет жағы Ху-дың-бау аймақтық гоминдаң партиясының секретары – ол бізге не істемеді – деп ақыры ауыр жазаға кескен.

Көп ұзамай Шиңжаңдағы Гоминдаң үкіметі мен Шығыс Түркістан төңкерістік үкіметі арасында «Тыныштық бітім келісімі» жасалғаннан кейін, Шәуешектен Совет одағына өтіп кеткен Гоминдаңның әскери-әкімшілік тобы қайтарылды. Қала халқы тік көтеріліп, әскерлердің қорғауын бұзып, бұрынғы өшігіп жүрген адамдарының бірталайын өлтіріп жіберді. Қалғандары күшпен құтқарылды.

Тарбағатай аймағының бастығы Фың Рұң мен Тарбағатай гарнизонының бастығы генарал –майор Лиді Манас өзенінен өткізіп бергенде, Гоминдаң үкіметі: «Соғыспай қол көтеріңдер» - деп, сол жерде атып тастаған

1.Осындай қанды оқиғаларды Дубек: «Ат бауырынан қан ағызып кірген жиырманшы ғасыр ат бауырынан қан ағызған күйі аяқталатын шығар» деуші еді. Адамды өсіретін де, биіктететін де өзінің көзқарасы ғой. Дубек өз елінің де, өзге елдің де қамын қатар ойлап, ағынан жарылатын азамат еді.»

2. 1945 жылы майда Шәуешекте құрылған «Ұлт-азаттық» ұйымның мүшелері Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Әубәкір Бабалықұлы бастаған адамдар қолға алынғанда Тарбағатай «Ұлт-азаттық ұйымына» байланысты барлық деректер сұрақ кезінде қағазға түсірілді. Оның сыртында осы «ұлт-азаттық ұйымның» бақылауға алған гоминдаң полициясы мен әскери барлау орындарына жинақтаған деректері де аз болған жоқ.

«Ұлт-азаттық» ұйым мен Тарбағатай партизандарының үстінен жасалған актілер, мәліметтер, қаулылар, тұжырымдар, қорытындылар, өз көзқарастары - өлкелік Гуаң-ли-шуға, өлкелік бас штабының барлау басқармасына, тіпті өлкелік партия комитетіне, гоминдаң өлкелік өкіметіне жіберілген болуы да мүмкін.

Бір ғажабы 1945 жылы күзде Тарбағатай аймағы Гоминдаң әкімшілігінен азат болғанан кейін Гоминдаң кезіндегі Тарбағатай аймақтық полициясы жинақтаған архив ішінен Тарбағатай ұлт-азаттық қозғалысына, Тарбағатай партизандарына, Тарбағатайдағы «Ұлт-азаттық» қозғалысқа қатысқан азаматтарға тән бүкіл архив ұрланды. Кімге, не себепті қажет болғаны белгісіз. Бүкіл архив ішінен «Ұлт-азаттық қозғалысқа» уәкіл ретінде саудагер ұйғыр молла Ислам Шаңызоң атты адамның ғана архиві сақталған.

1980 жылдары Тарбағатай аймақтық тарихи зерттеу тобының жазған мәліметтерінде Тарбағатайдағы «Ұлт-азаттық» қозғалыстың қаһарманы Молла Ислам Шаңызоң деп көрсетіледі де, Дубек ұлт-азаттық қозғалысқа қатыспаған, Гоминдаң партиясында істеген деген дерек береді. 1989 жылы Тарбағатайға барғанымызда Шауешек қаласында тұратын бұрынғы ұлттық армия офицері Ахмет Имін атты ұйғыр азаматы Дубек туралы архивте дәнеңе жоқтығын ашына сөйлеген еді.

3. Жоңғариядағы «Ұлт-азаттық» қозғалысы тарихы тым арыда жатыр.

1940 жылы 2 февральда Алтайдан басталған ұлт-азаттық қозғалысы 1945 жылы күзде Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарын Гоминдаңнан азат етіп Шығыс Түркістан төңкерістік өкіметін құрып бір тынған болатын.

Жоңғариядағы осы қозғалысқа аз санды ұлттар түгел қатынасты. Бәрі де өз мүмкіндігіне қарай күш қосты. Ал сол жердің тарих иесі қазақ пен моңғол «жер менікі» дейтін өлермендік қимыл жасап арпалыстағы ауыртпалықтың мол бөлігін мойнына көтерді. Дәл осы маңда өзбек халқының адал ұлы тарих ғылымының докторы Әлімжан Әзезұлы Хәкімбаев Москвадағы докторлық қорғау еңбегінде «1940-1949 жылдар арасында үш аймақтағы ұлт-азаттық қозғалысының саяси ауыртпалығы мен ұлт-азаттық армия қатарын толықтыруға, армияны ат-көлікпен қамдауды, тіпті бүкіл экономикалық шығынды монғол-қазақ халқы мойнына көтерді» - деп жазыпты.

1980 жылы Москвадағы кездесуінде Әлімжан ағамыз өзі, 1940-1949 жылдар арасындағы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде қазақ халқының мойнына түскен ауыртпалықты ашық жазғанын өз еңбегі беттерінен оқып берді. Тыңдап болғаннан кейін риза болып, «Қазақтың қызын, қымызын, қазысын, қозысын бір ақтаған екенсіз» деп, әрі қалжың, әрі шындық айттым. Орнынан ұшып тұрып «Мен өмір бойы қазаққа қиянат қылған емеспін»-деді. Ұлт-азаттық қозғалыс кезінде Тарбағатайдың орынбасар уалиі болған Әлімжан Әзезұлы Хакімбаев сол кезде аса көп дерек жинаған екен. Ал, Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай туралы өз еңбегінде орын бергені анық. Бұ да зерттеушілер есінде болғаны дұрыс.

4. Кезінде – 1944 жылдары ұлт-азаттық қозғалысқа қатынасқаннан кейін қытай халқы азаттық армиясының генералы болған генерел Зұноң Тайыпов, қытай генералы Захир Сауданов сияқты тарихи деректерге қалам тартқан адамдар өз еңбектерінде Жуңғар қазақтарының «Ұлт-азаттық» күрес кезінде ұстаған орнын ылғи да төмендетіп, кемсітіп, жоққа шығарғысы келіп кейбір тарихи шындықты бұрмалап жазып жүргені ешкімнен құпия емес.

Генерал Сауданов 1940 жылы 2 февральдан басталған Алтай қазақтарының «Ұлт-азаттық қозғалысын» мүлде жоққа шығарып, «1944 жылдың басында Алтай партизандары құрылды» деп Алтай қазақтарының ұзақ жылдық тарихи күрес тағдырына қиянат жасайды. Бес жылға созылған «Ұлт-азаттық» күрес қатынасшылары моңғол, қазақ азаматтарынан бірде-бір адам атын атамай, 1945 жылы күзде партизан қатарына қосылған жалғыз ұйғыр саудагері Молла Ислам Шаңзуң деген адамды бүкіл Алтайға, «Ұлт-азаттық» қозғалыс қаһарманы етіп көрсетеді.

Ол ол ма, Тарбағатайдың Жеті ауданында 1945 жылы жаппай ұйымдастырылған партизандық қозғалыстың басшылары мен қатынасшыларынан бірде-бір адамның еңбегін, атын атамай тағы да ұйғыр саудагері молла Ислам Шаңзуңның атын атайды. 1945 жылы 30 июль күні түнде Шәуешек қаласын тастап Совет Одағына қарай қашып бара жатқан Гоминдаң армиясы қатарынан жасырын сытылған ұйғыр Махмудов Абылханды саяси күрескер ретінде мадақтайды. Біз бұл адамдардың аталғанына қарсы емеспіз. Ал бықсық арман, ниетке, қиянатқа қарсымыз.

Генерал Захир Саудановтың тағы бір қиянаты – тарихтағы «Манас ойпаты» атын өзгертіп оны ұйғырша «Құрбан-тұң-ғут құмыллық» деп атаған. Майлы тауларын – «Маил, Толыны – «Төгман» деп өзгерткен. Қазақстан мен Монғолиядағы Толыларды қайтеді? Күрті – «Қырт» болып өзгертілген. Қазақстандағы Күртіні қайтер екен? Жамантыны – «Ямату» деген екен. Қазақстандағы Жамантының күні не болар! Қызылтұзды – «Хұңяншы» деп қазақша атауға қимай қытайша атағаны қандай білгірлік десеңші!

Аз санды ұлттардың тарихы жер, су аттарын өзгерту батыста орыс шовинизмі, шығыста қытай шавинизмі табиғатына тән шапқыншылық идея екені анық. Ал осы жұқпалы дерттің шала сауат генерал арқылы өз туысымыз ұйғырға жұққанына, жирене қарайсың. Зерттеушілер есінде болғаны жөн – (Зұнын Тайповтың «Шарқи Түркістан иеридә», Захир Саудановтың «Бесінші корпустың басып өткен Ыңқылаби мұсафисі» атты еңбектерін қараңыздар).

Жоңғар қазақтарының 1940-49 жылдар арасындағы «Ұлт-азаттық күресіне байланысты мәліметтер гоминдаң кезіндегі өлке дәрежелі орындардың архивінде бар. Қытайдың Батыс солтүстік барлау мемлекеттерінің архивінде де сақталған. Жоңғарияның «Ұлт-азаттық» күресіне байланысты мәліметтер Гоминдаң кезіндегі өлке дәрежелі орындардың архивінде бар. Қытайдың Батыс Солтүстік барлау мекемелерінің архивінде де сақталған. Жоңғарияның «Ұлт-азаттық» қозғалысына шет мемлекеттер де көп араласты. Басына күн туғанда шетке қашқан қазақтар да талай-талай мемлекетке барып сіңді. Сондықтан Жоңғар қазақтарына тән деректерді іздеушілер – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан архивтерінен немесе Моңғолия, Түркия, Пакистан, Иран, Үндістан, Ағылшын, Жапон барлаушылары мен ғалымдарының жинақтаған деректерінен іздегені жөн. Сол кезде тыпыр еткізбей барлау жүргізген КГБ архивінде, сол кезде тіке араласқан ЦРУ архивінде мол қазына жатқанында күмән жоқ. Мұның сыртында жеке адамдардың жазып-сызғандары өте мол екені де анық.

1945 жылғы Тарбағатайдың гоминдаңдық полиция архивін ұрлаған ұрылар мен тарихи шындықты бұрмалаушы, жоққа шығарушы сұрқылтайлардың арман ниетін тарихи шындықтың өзі ашады.

6. 1949 жылы Шыңжаң өлкесі, гоминдаң әкімшілігінен азат болғаннан кейін, Қытай коммунистер партиясы жергілікті ұлт жастарынан Қытай компартиясына мүшелікке адамдар тартты. Сол қатарда Тарбағатай «Ұлт-азаттық» ұйым мүшелерінен – Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Жағда Бабалықұлы партияға кірді. Өмірбаяндарын партияға тапсырған кезде:

І. 1944 жылы бір айда Үрімжі қаласында құрылып Гоминдаң әкімшілігі жағынан мүлде талқандалған «Ұлт-азаттық» ұйым мүшелері А. Бітімбайұлы мен Ж. Бабалықұылы сол кездегі болған оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндаған. Соның ішінде абақтыдағы Дубек Нұртазаұлы мен Жағданың қамау ішіндегі байланыстары айтылады. Онда Дубек туралы мәліметтер бар.

ІІ. 1945 жылғы майда Шауешекте құрылған «Ұлт-азаттық» ұйымның өркен мүшелері – Ахметқали, Қалдыбай, Жағдалардың өмірбаяндары ішінде Дубек Нұртазаұлы туралы мол дерек берілген. Осы екі деректе сол кездегі Шинжаң бюросы Шинжаңдағы Қытай компартиясының өлкелік комитеті архивінде бар.

7. 1957 жылы Шинжаң ұйғыр автономиялық партия комитеті «Кадрлар тарихын анықтау» басқармасының Іле қазақ автономиялы облысының төрағасы Жағда Бабалықұлына жолдаған хатында:

«1945 жылы Шауешек азат болғанда, гоминдаңның Шауешек аймақтық партия секретары Ху-дың-бау деген жетекші адамы Ахметқали Бітімбаевтің үйіне неге жасырынған? Міне бұл мәселе анықталуға тиісті деп қаралған. Осыған көмектессеңіз дейді. Шинжаң ұйғыр автономиялы райондық партия комитетінің кадрларды тексеру кеңесі /1957 жылы 20 март/.

Осыған орай Жағданың жауабында – «1945 жылы 6 майда Шауешек қаласында құрылған «Ұлт-азаттық» ұйымы туралы, сол ұйымға басшылық еткен Д.Нұртазаұлы туралы, Гоминдаң аймақтық партия секретары Ху-дың бау мен Дубек арасындағы жиі байланыстар туралы, бір-біріне қарсы екі идея адамдарының бірін-бірі арбау-алдаудағы Дубектің үстемдігі «Ұлт-азаттық» ұйымның партизандық қимылдары, Қарулы шайқастары, Дубектердің гоминдаң полициясы жағынан қамалуы 1945 жылы 31 июль күні Гомендаңның Тарбағатайдағы партия әкімшілік орындарының соғыссыз совет одағына қашуы, ал секретар Ху-дың-баудың қашпай қалуы туралы мәліметтер берілген.

Қала іші тынышталғанша секретар Ху-дың-бауды «Ұлт-азаттық» ұйымның мүшесі А. Бітімбайұлының үйіне әдейі апарып тығып қою (оны Дубек апарып жасырған) туралы, кейін Ху-дың-баудың сотталып ауыр жазаға тартылғандығы туралы деректер жазылған (Жағданың хаты 1957., 04.12.). Бұл хат Шыңжаң ұйғыр автоном райондық партия комитеті кадрларды тексеру кеңесінің архивінде жатыр. Негізгі нұсқа қолымызда бар. Дубекті зерттеушілердің есінде болатын деректің бірі осы.

«Батыр деген бірақ-ақ, екі қатынның бірі табады. Би деген ақ шариғат, ілуде бір-ақ қатын табады».

Сауаттылық деген, оқи білу деген ұғым бар. Шын мәнінде оқып, жаза білуде жеткілікті емес. Нағыз сауаттылық адамның бес сезім мүшесі нені хабарлап, нені айырып тұрғанын егжей-тегжейлі біршама толық түсінуден, ұғынудан басталады. Оны жете білудің өзі ғылым. Әрбір адам өзінің бес сезімі берген хабарды жинақтау, саралау арқылы оны әділетті түрде бағалап жақсы жаманға жіктеп, қорытып тұжырым жасай білсе, алғашқы сауат әліппесіне ие болуы мүмкін.

Әрбір адам өзінің істеп өткен, істеп жатқан, істемек болған істерінің асыл шындығына жетерліктей ұғымы, түсінігі, білімі, тәжірибесі болса, өз ойын, өз пікірін басқаларға айтып ұқтыра аларлықтай, жазып түсіндіретіндей қабілетті болса, сол адамды біршама сауатты деуге болады. Ал жан-жақты сауаттылық дегеніміз табиғат сыйлаған үздік қабілетке, парасаттылыққа, ақыл-ой кемеңгерлігіне тән ерекшелік.

Замандасымыз Дубек туралы айтуға да, оның істеп өткен істерін бағалауға да, оның ой-пікірлерін, жан түкпірін ашуға да біздің шамамыз жетпейді. Тіпті батылымыз да бармайды. Солай десек те есте қалған кейбір деректерді қағазға түсіруге мәжбүр болып отырмыз.

1945 жылы күзде Алтай аймағы жеті аудан, Тарбағатай аймағы жеті аудан, Іле аймағы он үш аудан түгелдей Гоминдаң қолынан азат етілді, Үлкен жер көлеміне, екі миллионға жуық халыққа ие болды. Осы үш аймақта 13 ұлт аралас өмір кешті. Сол кезде, сол жердегі халық санының 80-85 процентін қазақ халқы ұстайтын Гоминдаңнан азат болған үш аймақ Шығыс Түркістан төңкерістік үкіметіне – бір орталыққа қарады. Ай, жұлдызы көк тудың астына шоғырланды.

Осы тұста Дубек Нұртазаұлы Тарбағатайда аймақтық үкіметтің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және «Тарбағатай хабары» газетінің бас редакторы міндетін атқарды. 1945-1946 жылдары гоминдаң үкіметі мен Шығыс Түркістан төңкерістік үкіметі арасында жүргізілген бітімге қол қойылғаннан кейін гоминдаң өлкелік үкіметі құрамына кіргізілген үш аймақ адамдарының арасында Дубек Нұртазаұлының да аты аталған. Алайда Дубекке ресми шақыру қағаз келген жоқ. Әрине, оның себептері де болған...

Осы мәселе туралы 1946 жылы ІІ майда Жағдаға жазылған хатында «Мені Үрімжіге барып, қызметке тұруға ұсыныпты деседі, білмедім қайсысы рас, қайсысы өтірік» депті (Хаты қолда сақтаулы). Сол кезде 26 жастағы Дубектің өлкелік үкімет құрамына ұсынылып жатуының өзі оның саяси қайраткер ретінде қаралғандығы. Қытай тілінің маманы, жазушы, журналист, ірі аудармашы, ел аузына ілінген, мемлекет назарынан орын алған кадр екенін көрсетеді.

Төңкерістің алғашқы кезінде халықтың ой-пікірін көзқарасын бір арнаға түсіру, ұлт-азаттық күреске жұмылдыру, іске бағыт-бағдар нұсқау, ұғындыру, түсіндіру жөнінен Дубек аса көп жұмыстар істеді. Адамдармен сұхбаттар өткізу, қарттар жиналысы, діни ғұламалар жиналысы, жастар, жасөспірімдер, оқушылар, мұғалімдер, әйелдер жиналысы сияқты бас қосуларда Дубек басқармаған, онда баяндама жасамаған кездері өте сирек болған.

1945 жылы күзде Дубек Нұртазаұлы жанында бір топ адамдары бар орта бағытта – Манас өзені бойындағы «Ұлт-азаттық» армияның әскери бөлімдерін аралайды. Гоминдаң үкіметі мен Шығыс Түркістан үкіметі арасындағы тыныштық бітіміне барудың себептерін, мән-мазмұнын түсіндірді. Халықаралық жағдайлар туралы баяндамалар жасады.

Тарбағатайда идеялық тақырыпқа жазылатын мақалалар мен баяндамалар көп сәтте Дубектің қаруынан өткен соң ғана іске қосылатын. Сол жылдары Тарбағатай аймақтық үкіметінің орынбасары, өзін көрнекті идеолог санаушы Мансур Рузиев (Отан ұғылы), «Шығыс Түркістан төңкерісі және халықаралық мәселелер» деген көлемді еңбегін баспадан шығарған кезде Дубек оның сол кездегі жағдайларға сай келмейтін тұстарын көрсетіп: «Мүйізге өкепелеп жүргенде, құлақтан айырыласыңдар» - деп сол мақаланың тарауына қосылмаған екен.

1946 жылдары Тарбағатайда әйелдер мәселесі туралы көп баяндамалар жасаған Дубекті әйелдер қауымы аса құрмет тұтқаны анық. Бір баяндамада «от басы ошақ қасы» туралы көп мәселенің бетін ашқан Дубекті құрмет еткен залдағы әйелдер ұзақ қол соғып, құрмет көрсеткен. Сонда:«Құрметтеріңізге рахмет, үйде мені шөміш, сіздерді қамшы қарсы алып жүрмесін»-деп жұртты күлдіре таратыпты.

1947 жылы Тарбағатай жастар одағы атынан «Идеология майданындағы күрес» атты философиялық толғаулары бүкіл жастарға үлкен рухани азық болған еді. Бұл баяндаманың алғашқы нұсқасы қазақша, ұйғырша дайындалған. Біздің қолымызда ұйғырша нұсқасы сақталыпты.

Дубек жоғары дәрежелі білім иесі. Оның үстіне тынбай ізденгіш қасиеті бар. 1945 жылы Шауешекте құрылған «Ұлт-азаттық» ұйымның өркен мүшелеріне ғана тән етіп ағылшын және латын әріптерін араластырып қазақ тілі жүйесімен емлесіне келтіріп қазақ әріпін жасап үйреткені әлі есімізде.

Оның талмай ізденгіштігін мына бір ісінен байқауға болады. Дубекті баста оқытқан Қытай мұғалімі оны қытайдың көне әдеби тілі – Губин жүйесінде оқытқандықтан аса күрделі төрткіл әріптерді үздіксіз үйрену жазып жаттығу, оны «сауше, жанше» (қысқартып жазу). әдісіне түсіру сияқты әуре сарсаңның барлығы Дубектің басынан шықпайтын көрінеді. Оның осы бағытта ізденуінің бірі – Шауешек қаласындағы «Шынқамияу» - қытайдың көне ғибадатханасына бару. Ғибадатханада Қытайдың «Қуңзы, Мыңзы» сияқты әулие заттыларының көне дәуірде жазған, сызған еңбектері сақталған. Соларды оқу үшін ғибадатханаға жиі баратын көрінеді. Егер құрбылары:«Қайда бардың?» - десе: «Аттың басын сипауға» -дейді екен (осы ғибадатхана босағасында шаужайынан екі адам ұстаған ерттеулі екі ат бүйісі бар, Дубек сол орынға барған сайын аттың басын сипап өтеді екен).

Дубек әдетте көп сөйлемейтін көп еңбектенетін азамат еді. Оны қазақ тілінен қытайшаға, қытай тілінен қазақшаға, ұйғыршаға аударған еңбектері де болған: экономика саясаты және жаңа фәлсафа, «Қыз Жібек» операсының қытайшаға аудармасы. Жоңғар қазақтарына Байтұрсын емлессінің орнығуы туралы мақалалары, «Жан-тән сұлулығы», «Балды да, балсыз да болма», «Өңеші зорлар» атты мақалалары оқырман ойында мәңгі қалған.

«Ей, Сәліс!» атты мақаласы (1939 жылы) ұйғыр ақыны Л. Муталіп өлеңдеріне сын (1940 жылы), «Кедей оқушылар мұңы» (1940 жылы) «Махаббат мұңы» (1940 жылы) сияқты әңгімелері де болған. «Әйелдер мәселесі» атты баяндамалары, идеология майданында күрес атты ұйғыр тілінде жазылған философия толғаулары, соңғы кезде адамгершілік тақырыбына ойысып, «Адамгершілік жобалары» атты еңбек жазып жүргенін білетін азаматтар бар.

Дубек сөзін ашып айтпай кей сәтте мына сөздерді қайталай беретін еді. «Қаптады қара тұман біле алмадым, тұрады алдағы өмір не дайындап» - деген сөздерді жиі айтып, өз жұмысын жалғастыра беретін. Ол кейде өлең де жазатын. Оның сықақ тақырыбына, махаббат тақырыбына, саяси тақырыпқа жазған өлең, шумақтары жиі кездеседі, 1937 жылы Жапон империясы қытайдың бірнеше өлкесін басып алғанда:

Осы күн оныншы айдың қаралы күн,

Айырылған Дубиңсыңнан жаралы күн.

Бейғамсыз жатқан кезде Жапон сұмрай,

Әкетті-ау біраз жерді шығармай үн.

1937 жылы 10 ай

Дубек. Шауешек қаласы

Дубек қалам ұстаған, жазған, сызған ой пікір саңлағы, оның 27 жастық өмірінде сауаттылық, зиялыйлық, ғұламалық бар. Мәдениетті елдерде саңғұла адамдар өзінің досының да, дұшпанының да бір жапырақ қағазын жоғалтып алмауға тырысады. Академик Әлкей Марғұлан ағамыздың айтуына қарағанда Шоқан Уалихановтың өміріне байланысты Бес томдығы құжаттардың көпшілігі басқа ел азаматтарының, басқа ұлт азаматтарының қолынан табылғандығы мәлім. Ал біздің Дубек бейбіт өмірде, отырықты тұрмыста, еңіреген туыстарының алдында, егілген жолдас-жораның жанында, сүйген жарының көзінше қайтыс болды. Оның үй мүліктерін, кітап және қолжазба қорын ешкім тонаған жоқ. Егер басқалар таратып алып кеткен десек, жарым ғасырдан бері біреу-міреудің қолынан шығар еді-ау! Мүмкін бұдан былай да табылар, бірақ іздестіру керек.

Ұзақ жылдық Шыңшисәй өкіметінің және Ужыңшың үкіметінің арт-артынан қамауы мен қамаудағы жәбірлеу оған аса ауыр тиді. Оның үстіне «Ұлт-азаттық» қозғалыс кезіндегі міндеттер Дубекке жеңіл тимеді. Қажытты, шаршатты. Әлсіретіп денсаулығын мүжіп, жұқартып жіберді. Дәрігерлік көмек жеткіліксіз болды. Сол бір кесірлі салдарлар себебінен ақыр аяғы 1947 жылы ІХ айдың 16 күні 27 жасында Дубек Нұртазаұлы дүние салды.

Тарбағатай елі түгел дерлік қатынасып, қабырғасы сөгіле жүріп өз қолынан арулап ұзатты. Төңкерісшіл жастар одағының қалың мүшесі білектеріне шүберек байлап,, қаралы күнді үш күнге созды. Сол кезде Оңтүстік Шинжаң жеті аймақтың діни өкілі Тарбағатайға келген құрметті қонақ, діни ғұлама Оспан дамолда жаназасын оқиды. Осы суық хабарды Тайваньда шығатын «Далу-жыбау» газеті «Дубек қазақ халқының жас таланты еді. Оны үш аймақ қастан өлтірді» - деп жазды.

Дубектің мазары сол кездегі Шауешек қаласының Тарбағатай жағындағы Жауыртам мен Шауешек арасында тұрған мұсылмандар зиратына 1989 жылы ХІІ айда барғанымызда оның шикі кірпіштен өрілген алты қырлы мазары құлап, орны ғана қалған екен. Егер ол жақтағы және Қазақстандағы жанашыр адамдары ақылдасып басына мазар және тас қоюды ойластырса жаман болмас еді. Мұндай бір қамқорлық ойға Қытай үкіметі жағы да қарсы бола қоймас. Өйткені қытайда шыққан басылымдарда Дубектің аты аталып жүр. Шауешекте Дубек атында көше, «Дубек ансамбілі» (1988 жылы Пай құрылған) Дубек екі жақтағы қазақтардың да зерттеуіне татитын тұлға. Оның өмірі мен шығыармашылығына қызыққан ұрпақтар әлі де қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.

30.06.94.

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ МОНҒОЛИЯДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ (Оспан батыр)
1940 жылдан бастап Моңғолияның батыс шекарасының жағдайы ауырлай бастады. Тарих ғылымдарының докторы Лхамсүрэнгийн Бат-Очирдың зерттеулеріне қарағанда: 1943 жылы Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы бастаған көтерілісшілер мен Гоминдаң армиясының арасында жиі қақтығыстар болып тұрды.

Моңғолия батыс шекарасы маңындағы ахуалды маршал Х.Чойбалсан КСРО-ның Сыртқы істер жөніндегі халық комиссары В.И.Молотовтың атына жазып хабарлап, соңынан Қытай өкіметіне наразылық хат жолдау дұрыс деген шешімге келеді. 1943 жылы 12-айдың 27-күні Моңғол елінде КСРО-дан отырған төтенше құқылы өкілетті елші И.А.Иванов маршал Х.Чойбалсанға кездесіп: “...Жолдас В.И.Молотов сіздің наразылық хаттарыңызды Қытай жағына жолдаудың қажеті жоқ, сізді біздің елшімен бірге Москваға жедел келсін...”, – деген сәлемін жолдайды. Маршал Х.Чойбалсан бұны кешкісін өкімет орнының мүшелеріне таныстырып, Москваға жүрмек болғанын хабарлайды. Маршал Х.Чойбалсан 1944 жылы 1-айдың 7-күні Улаанбаатардан пойызбен шығып, 1-айдың 14-күні Москваға барады. Маршал Х.Чойбалсанды Москва вокзалында КСРО-ның Сыртқы істер жөніндегі халық комиссарының орынбасары В.Декамозов қарсы алады. 1944 жылдың 1-айдың 21-күні В.И.Молотов маршал Х.Чойбалсанды қабылдап сөйлескен кезінде: “...Шыңжаң өкіметіне наразылық хат жіберудің қажеті шамалы. Ең керегі Шыңжаң өкіметінің өзі сендерге наразылық хатын жолдаса жақсы болар еді. Бір сөзбен айтсақ, Шыңжаң әскері Моңғол жеріне шабуыл жасап оны сендер қатаң тойтара алсаңдар, Қытай жағы сендерге өздері-ақ наразылық хатын береді. Сіздер осындай жағдай жасай аласыздар ма?”, – дейді. Маршал Х.Чойбалсан “...Егер сіздер рұқсаттасаңыздар, сіздердің көмектеріңізбен тойтарыс бере аламыз...”, – дейді.

Қытайдың Шыңжаң өлкесі туралы, КСРО, Шыңжаң ішкі, сыртқы қатынасы жөнінде сөйлесіп, сол жердегі ұлт азаттық күрестің басшысы, қазақ ұлтының көсемі Оспан Ісләмұлы жөнінде В.И.Молотов: “...Бұл адам осыдан 10 жыл бұрын Кеңестер Одағынан көмек сұрап, егер көмек берсеңіздер, большевик партиясына енуіме болады” дегенде Кеңестер Одағы тарапынан біз ыңғайлы жауап бермеген едік. Енді ол адам соңғы кезде КСРО мемлекетіне қарсы әрқилы қитұрқы әрекеттер жасай бастады. Жалпы Шыңжаң жөнінде жете ақпарат жинау, осы елдің жайын жақсы білу қажет... ”, – дегенді ескертеді.

Маршал Х.Чойбалсан Моңғолияның батыс шекарасында болып жатқан ахуалды таныстырғаннан кейін И.В.Сталин, ... Моңғол әскерінің саны, оның құрылымы жөнінде бірлі-жарым сауал қоя отырып: “...Сендер Қытайдан қорқасыңдар ма? Неге қатаң соққы бере алмайсыздар? Сіздердің шекара әскерлеріңіз не бітіріп жүр? Қытайлар қайта шабуыл жасаса не істемексіздер?”, – дейді. КСРО-дан Моңғолда отырған төтенше және өкілетті елші И.А.Иванов сөзге араласып:

– “...Неге екенін қайдам, бұлар әліптің артын баға береді...”, – дейді. Маршал Х.Чойбалсан: “...Біз Қытайдан қорқып, мәселенің соңын күтіп отырған жоқпыз, Қытай қайта шабуыл жасаса, дереу тойтарыс бере аламыз. Келер кедергілерді айтар болсам, батыс шекарадағы біздің әскерлеріміз дәл шекара қасында емес, шекара сызығынан бері 15-60 км шалғайлау болады. Осы жағдай келеңсіздік туғызатын қауіп бар...”, – дей келіп Х.Чойбалсан И.В.Сталинге Оспан туралы өте кең көлемде түсінік береді. Маршал Х.Чойбалсанның сөзінің мазмұны төмендегідей: “...Оспан Алтай қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Оспанға ең алдымен қару-жарақ беріп көмектесу қажет. 1939 жылдан бері Қытаймен ұлт бостандығы үшін күресіп жүрген адам. Ұлт-азаттық күрес маңында жүргендердің өлтіріліп, ұсталғанынан жалғыз ғана тірі, есен жүрген Оспан ғана. Ол 300 түтіннің 1000-нан астам сарбаздарын соңынан ертіп жүр. Соңғы кездегі мәліметпен тағы да 100 түтіннің ер адамдары түгелдей Оспан әскеріне қосылды. Келешекте оған еретін қазақ азаматтары өте көп. Олар басқаларды тонап, өлтіріп жүрсе де, Оспанның өзі ондай іске бармайды. Өтірік шынына көзім жетпейді. Қалайда Оспанға қару-жарақ берілсе Алтай (Сарсүмбе) өлкесі Қытайлардан азат етіліп, ондағы қазақ және басқа кіші ұлттар бостандық алатын мүмкіндік бар. Маршал Х.Чойбалсан картадан Моңғолдың батыс шекарасы, Оспан әскерінің тұратын жерлері, Моңғолия шекарашыларының жай-күйі, адам саны, қару-жарағының жағдайын түгелімен таныстырады...”.

Маршал Х.Чойбалсанның сөзін мұқият тыңдаған И.В.Сталин: “...Оспанға көмектесу қажет екен. Ендеше сіздер неге көмектеспейсіздер? ”,– дейді.

Маршал Х.Чойбалсан: “...Біріншіден, сіздерден рұхсат сұрап кешігіп қалдық Екіншіден, жауап келіп еді, қару-жарақ мәселесі шешілмеді...”, – дегенді айтады. И.В.Сталин: “...Сол Оспан қанша әскер жасақтай алады? Қанша қару-жарақ қажет?”, – дейді. Чойбалсанның пікірін тыңдаған И.В.Сталин: «...Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын басқарып жүрген Оспан Ісламұлының қанша әскері бар және оларға қанша қару-жарақтың қажет екенін тәптіштеп, ұзын саны 400 адамға жететін мылтық, оқ саймандарды маршал Х.Чойбалсанның құзырына беруді сол кездегі қолбасшы, армия генералы А.Антоновқа бұйырады...”

КСРО-ның Моңғолияда отырған төтенше өкілетті елшісі И.А. Иванов: “...400 әскер шығара алады, мылтық, қару-жарақ көп болса жақсы, егер қару-жарағы мол болса Оспан көп жауды ары қарата алады...” ,– дейді.

И.В.Сталин армия генералы А.Антонов, Байкал маңындағы әскери округтің қолбасшысы И.Ковалев екеуін шақыртып: «...Оспанға беретін 400 винтовка, ЧПШ 2000, сирақты пулемет 6 дана, жеңіл пулемет 30, гранат 200 дана, винтовка оғы 400 000, бес дүрбіні, маршал Х.Чойбалсанның есебіне беруді тапсырады. И.В.Сталин: “...Оспанға қару-жарақты денелей жеткізіп беру, қару-жарақты қолдануды үйрететін мамандарды тағы да жөнелту қажет, бұл жөнінде маршал Х.Чойбалсанға жақсы көмектесу дұрыс...”, – деді.

И.В.Сталиннің бұл саясаты Оспанды “қолдай салу” үшінгі саясат немесе жай бір кездейсоқ “берегендік” емес еді. Оспан Ісләмұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыс батырларының Шығыс Түркістан Ісләм Республикасын орнатып үлгергендігі әккі қолбасшының назарына іліксе керек. И.Ковалев қару-жарақты үйретіп машықтандыратын адамдарды Қобдадағы Моңғол әскери отрядынан береміз деді. Оспанға барып кездесу қажет деген маршал Х.Чойбалсанның пікірін тыңдаған И.В.Сталин: “...И.А.Иванов, И.Ковалев екеуің де барындар...”, – деп бұйырады. Кездесу барысында маршал Х.Чойбалсан: Қытайдағы Моңғолдар яғни, Нин-Ся, Гүн-Су, Чинь-Хай, Хөхнуур, Цайдам моңғолдарының арасына өте көп жұмыс жүргізу қажет екенін айтады. И.В.Сталин: “...Өте дұрыс, қамдану қажет, кешігесіңдер...”, – дейді 1944 жылы 1-айдың 22-күні кешкі сағат 23-00 сағатта И.В.Сталин, маршал Х.Чойбалсанның құрметіне қонақасы берді. В.И.Молотов, Г.Маленков, Л.Берия, А.Микоян, елші И.А.Иванов қатысқан ресми дастарқанда И.В.Сталин: “...Маршал Х.Чойбалсан сыртқы Моңғолияның ғана емес, ішкі Моңғолияның да басшысы...” деп тост көтерді. Бұл күні кешке маршал Х.Чойбалсан Л.Бериямен кездесіп: “...Оспан діндар адам, сол үшін оның қасында отыратын молла қажет. Молла арқылы біздің барлаушылар хабарлар алып келіп тұра алады”, – – дейді. Сондай-ақ байланыс аппараты (радиостанция) қажет екенін айтады. Сол кездегі Моңғолия базарында керемет құнды деп көрілетін “түйелі” теңге 1,5 миллион сом қаржы, ішкі Моңғолияға барып іс-қызмет атқарушы КГБ-ның үш маманын алуға маршал келіседі деп жазады Хонгионы Чойрог.

1944 жылы 2-айдың 15-23.

1944 жылы 2-айдың 15-інде маршал Х.Чойбалсан Улаанбаатрдан машинамен шығып, 1944 жылы 2-айдың 23-күні кешкі сағат 19-00 Қобда аймағының Бұлғын сұмыны “Алатөбе” деген жерінде қызмет істеп жүрген Ішкі және Шекара әскері жөніндегі Министрдің орынбасары, корпус командирі Батын Дорж басқаратын Минжит-Бұлғынның далалық арнайы группа штабына келді. Маршал Х.Чойбалсан 1944 жылы Моңғолия батыс шекарасы Қобда аймағына барып “Алтай қазақтарының бір руының басшысы” Оспан Ісләмұлымен кездесуі жөніндегі естеліктерінде. Пунцагийн Шагдарсүрэн” былай деп жазады:

“...Сол кезде маршал Х.Чойбалсанды моңғол халқы күнкөсем, тірі құдай ретінде танитын еді. Қобда шекарасына келген “күнкөсем”-нің хабарын естіген жұрт маршалдың бет-бейнесін көріп қалу үшін шұбыра бастады. Маршал Х.Чойбалсан Оспан батырмен “кездескелі келдім” дегенді жұртшылықтан жасырып, сәт сайын қиындап бара жатқан батыс шекараның жай-күйін білу үшін келген секілденіп көрінуді мақсат тұтты. 1940 жылдары Қытай Гоминдаң тарапынан біздің елдің батыс және оңтүстік шекараларында жер таласы деген желеумен әрқилы даудамайлар етек ала бастады. Ол әскери бөлімдерге барып, жергілікті жерлерден әкімшілік ұйымдарымен кездесіп, қарапайым адамдармен дидарласып, шекара маңындағы кейбір ауылдарға да ат басын бұрды. Олардан шекара маңындағы ахуалды сұрап білді”.

Деректерге қарағанда маршал Х.Чойбалсан бұл манда бір апта болған. Маршал Х.Чойбалсан бір күні Б.Доржға: “...Мені Оспанмен кезіктір”,– деп бұйырды. Батыс шекарада істейтін генерал Батын Доржның группасы өте жедел қозғалып Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлына тіл жеткізді. Генерал Батын Дорж маршал Х.Чойбалсанға: Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы “сізбен кездесуге әзір” дегенді баяндап алдын ала кездесер уақытты белгілейді. Маршал Х.Чойбалсан бұл кездесуге төтенше мән бергендігі байқалады, себебі Шыңжаң Алтай өлкесіндегі Моңғол турдықтыларды азат ету, оларды өз еліне біріктіру үшін КСРО көсемі И.В.Сталинге айтқан уағдасы байыз таптырмаса керек. Бұны дәлелдейтін нақты құжаттар да бар.

Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлымен кездесу уақытын бекіткеннен кейін маршал Х.Чойбалсан генерал Б.Дорждан: “...жолдас генерал, мен Оспан Ісләмұлымен кездескенімде нені ескеруім керек, қандай дәрежеде қарсы алуым қажет?”, – дейді. Оспан жөнінде көп зерттеп білген, барлаушылардан хабарлар, деректер жинақтап, оны жан-жақты кесіп-пішіп ой елегінен өткізген Алтай шекарасындағы арнайы группа басшысы генерал Б.Дорж:

– Оспан өте сезімтал, әккі, қыңырлау адам. Сондықтан өте аз топпен кездесу ұйымдастыруға болар, – дейді.

Маршал бұдан кейін Оспанмен әлде неше рет кездескен осы группаның белді адамы “Жамба” деген құпия, бүркеншік атпен жүретін Б.Дүйн хэржав полковникпен де кездесіп, Оспанмен қалай кездесудің оңтайлы сәттерін тәптіштеп білген.

Оспан батыр Ісләмұлымен кездесуді маршал Х.Чойбалсан өте жоғарғы дәрежеде еткізуді жоспарлаған. Моңғолияда тек ақсүйек шонжарлардың ғана отыратын сегіз қанат, сексен басты, шаңырақ, уық, керегелеріне, есігінің іш, сыртына, қос босағасына мәнерлеп күміспен ою, өрнек орнатқан сән-салтанатты екі ақ үйді тіккен. Тігілген үйлердің бірінде маршал Х.Чойбалсан Оспан батыр Ісләмұлының ресми кездесуі, екіншісінде Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көсеміне құрмет көрсетіліп қонақасы берілуі жоспарланған. Бұл реткі Оспан батырмен кездесудің баянсыз болуынан маршал Х.Чойбалсан өте қатты қорыққандығы байқалады. Кездесуді Бұлғынның “Ала төбесінде” жасауды, мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, кездесу болатын үйдің жан-жағына терең окоптар қазып, сыртын білінбестей етіп қымтап, ішіне мерген әскерлерді сақадай сай тізіп қояды. ...Бізді алдап тұзаққа түсіріп, Қытайға өткізуі мүмкін деген ой Оспан әскерлерінде де болғанын білген группа қызметкерлері егер мылтықты әскерлер жақын тұрса, Оспан әскерлері мылтық қолдану мүмкін екендігін білетіндіктен қатты сескеніп, сақсынған.

Кездесу күні ауа райы өте ашық болды. Таңертең Оспан жақтан екі салт атты әскер Бердәулетұлы Жәнібектің ақтуын желбіретіп келіп, алдарынан барған полковник “Жамба” немесе Б.Дүйнхэржавқа: “...Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы “сіздердің шақыруларыңызды құрметтеп, осы маңға келіп тұр” деп хабарлады. Полковник Б.Дүйнхэржав: “Біз Оспан батырмен кездесуге әзірміз”, – деді.

Салт аттылар: “Оспан батыр Ісләмұлы келісім бойынша тек маршал Х.Чойбалсанмен кездеседі”, – деді.

Полковник Б.Дүйнхэржав: “Біздің маршал Х.Чойбалсан Оспан батырмен кездесуге әзір”, – деді.

Салт аттылар: “Қай жерде кездесу болады? ”

Полковник Б.Дүйнхэржав: “Әнеу үйде”, – деп кездесу болатын үйді нұсқады.

Салт аттылар: “Сол үйде маршал Х.Чойбалсан бар екені рас па?”, – деп сұрайды.

Полковник Б.Дүйнхэржав: “Біз осында кездесу болады деп келіскен едік қой”,– деді таңданған кейіппен.

Салт аттьшар: “Қазір Оспан батыр нөкерлерімен бірге келеді”.

Бұл жөнінде батыс шекарасында жұмыстаған әккі чекист Э.Гэрэлчулуун: “...Алатөбеде кездесу болады...” деген күннен бастап қазақтар осы маңның жер жағдайын түгелдей бақылауға алған тәрізді. Біз де “кездесу болады” деген бұйрықты алғаннан кейін шекара әскерін соғысқа әзірлік дәрежесінде ұйымдастырған едік. Бұлай істеуіміздің бір жағы застава маңын бақылауға алдырмаудың мүмкіндігін туғызды. Себебі, кездесу жасайтын үйдің маңына терең ор қазып, әскер жасырып жатқандығымызды көрсе, Оспан әскері бізге сенбеумен қатар, кездесу болмай қалатын қауіп бар-тын...”

Сондай оқиғалар Оспанға сезікті болып көрінуі әбден мүмкін еді. Демек біз қазақ көтерілісшілерінің арасына жіберген тыңшыларымыз арқылы: “...Маршал шекара маңына келгендіктен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен әскерді жоғарғы дәрежедегі соғыс әзірлігіне сай етіп ұйымдастырдық...” – дегенді Оспан батырдың назарына жеткіздік. Осылайша Оспан нөкерлерімен бірге “Алатөбедегі” кездесуге келді. Оспанның қалайда бұл кездесуге сескенбей келуі белгілі дәрежеде қатерлі болса да оңтайлы сәтті қалт жібермеу мақсаты көтерілісшілерде де болған сыңайды. Ұлт-азаттық қозғалысының көздеген мақсатына жетуі үшін Моңғол жағынан қару-жарақ алып, күресті жалғастыру саясаты Оспан батырдың ойында болмады деуге болмайды. Алдын ала келіскен уақыт бойынша Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Оспан батыр Ісләмұлы өзінің толық қаруланған 10 нөкерімен, көптеген оққағар сақшыларының қорғауында кездесуге келді. Олардың киген киімі де өте айбынды, түстері сұсты еді.

Қыстық жеңіл ішік, күміс белбеу, түлкі тымақ, ағаш қабы бар маузер мылтық асынып, есік пен төрдей жарау арғымақтар мінген қара сақалды, отты көзді қазақ ерлерін еліміздегі орыс елшісі И.А.Иванов, генерал полковник Ковалев, генерал Батын Доржлар көргенде қайран қалғанды.

1944 жылы 3-айдың 5-і күні таңертеңгі 8-00 сағат.



Тарихи кездесуге Моңғол жағынан қатысқандар:

1) Маршал Хорлоогийн Чайболсан – Моңғолия бас уәлиі, сындарлы маршал. 2) Б.Шагдаржав – Ішкі Істер Министрі, генерал-лейтенант. 3) Б.Дорж – Ішкі Істер Министрінің орынбасары, генерал майор. 4) Б.Дүйнхэр-жав – Ішкі Істер Министрінің орынбасары, генерал.

5) М.Зайсанов – Әуе күштерінің командирі, генерал.

6) Сүхбаатарын Галсан – Әскери маман полковник.

7) С.Ламжав – Ховд отрядының командирі, полковник.

Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы жағынан:

1. Оспан батыр Ісләмұлы – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының Бас қолбасшысы, Алтай аймағы уақытша өкіметінің уәлиі. 2. Сүлеймен Бектұрұлы – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесшісі.

3. Келес батыр – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесшісі. 4. Сұлубай батыр – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының әскери қолбасшысы. 5. Уахит Халелұлы. 6. Әсей Рысханұлы. 7. Шертиман Оспанұлы. 8. Қапас Тірекешұлы. 9. Сұмғазы – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының Бас қолбасшысының оққағары. 10. Мұхаметжан. 11. Александр Черняев.

КСРО өкілдері:

1. И.А.Иванов – Моңғол еліндегі КСРО елшісі, КГБ генерал полковнигі. 2. И.Ковалев – Байкал-әскери округінің командирі, генерал полковник. 3. А.Рубин – Әскери Министрінің Кеңесшісі, КГБ генералы. 4. Лампанг – НКВД-барлау бөлімінің бастығы, генерал майор. 5. Греднеев – Ішкі Істер Министрінің кеңесшісі, генерал майор. 6. Ф.С.Попов – Ішкі Істер Министрінің орынбасарының кеңесшісі, генерал майор.



Баян-Өлгий аймағынан:

1. Ш.Ноғай – Аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы, шекарашыларға көмектесуші топ бастығы. 2. О.Халхабай – Ішкі Істер бөлімінің бастығы. 3. Жағыпар – Ішкі Істер бөлімінің кеңесшісі, Казақстан азаматы. 4. Тоқтағанұлы Ыбырай – Сыбызғышы Базарқұл-Қотырақ Айтқұл-Елешұлы Тоқтағанның баласы. (1869-1957). 5. Маңғылұлы Мәрден – (шекара офицері).

Маршал Х.Чойбалсан Оспан батырдың алдынан шығып сәлемдескеннен кейін, арнайы әзірленген үйге қарай кіруге шақырады. Оспан батырдың оққағары Мәді деген сұсты азамат бірге бір елі қалмай жүрді.

Оспан батыр: “Гоминдаң өкіметінің қыспағымен біздің көп адам осы елдің шекарасынан өтіп келіп қоныстанды. Жерлерінде саяси жағдай тұрақтанғанша уақытша келген адамдарымызды ыстық ықыласпен қабылдағандарыңызға риза екенімді білдіремін! ”– деді.

Маршал Х.Чойбалсан: “Менің сізбен сөйлесетін жеке сөздерім бар. Сол үшін екеуара келісетін сөзімізге басқа адамдарды қатыстырмауға бола ма? ”, – дейді.

Оспан батыр: “Мен екі кеңесшіммен бірге болайын”,– дейді.

Қазақта “өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір мекенде” болайық деген сөз бар. Сол үшін Сүлеймен деген жігітіммен келісімге кіремін деп қайырады. Дәл осы кезде Оспанның қасында Александр Черняев атты орыс азаматы аудармашылық жасап тұрды. Маршал Х.Чойбалсан: “...Мен екеуара сөйлесіп, келісуді қалап едім” дегенде Оспан: “Біздің арамызда жасырып, жабатын дәнеңе жоқ. Сіз маған сенгеніңіздей Сүлейменге де сеніңіз, бізді бір адам деп түсінуіңіз жөн” дейді. Оспан батырдың сөзін жерге тастай алмаған маршал Х.Чойбалсан шарасыз Сүлейменді үйге қалдыруға келіседі.

Ресми кездесу салтанатты түрде, аса айбынды қалпымен тарихта қалды. Екі жақтың өкілдері сәлемдескеннен кейін әр қайсысы өз адамдарын таныстырды.

Оспан Ісләмұлы: “Менің атқосшым Сүлеймен Бектұрұлы ең сенімді кеңесшім, біз екеуміз Алтай қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысының басы-қасында алғашқы сәттен бері бірге күресіп келеміз. Келешекте өлі болсақ та, тірі болсақ та бірге боламыз деп анттасқан едік” дегенді тілге тиек еткен. Сүлеймен өзін таныстырғаннан кейін “...Біз ел-жұрт үшін Қытайға қарсы күресімізді жалғастырып жүрміз. Сіздердің көмектеріңіздің нәтижесінде мақсатымызға жетіп, Алтай қазақтарының бостандығын әпереміз...”, – деді. (...Шымшырұлы Ноғай, Пунцагийн Шагдарсүрэндердің кездесу кезіндегі белгілеулерінен...)

Маршал Хорлоогийн Чойбалсан: “...Қазақ халқы көне тарихы бай халық... Бұл ел ертеден өте күшті елдердің біріне саналатынын білемін. Сіздердің бүгінгі азаттық үшін күрестеріңіз табысқа жететініне сенемін... Жасыңыз нешеде?

С.Оспан: “Жасым 45-ке келді. Егіншінің баласымын. Жер жыртып еңбек еттік. Сүлеймен 52 де. Малшы ауылынан... Біз сізбен танысқанымызға қуаныштымыз. Жылы шыраймен қарсы алғаныңызға дән ризамыз. Тіл білмегендіктен кейбір қойған сауалыңызға қанағатты жауап бере алмасақ айыпқа бұйырмаңыз. Моңғол елі тәуелсіз мемлекет, толық құқылы ел, табыстарыңызды мына жолдастарыңыздан естіп танысып біліп жатырмыз. Біз де бостандықты, жаңа өмірді сезініп күресіп жүрміз. Моңғол еліне сеніп, сүйенгіміз келеді. Сіздер бізге кеңес береді дегенге сенеміз”.

Кездесу кезінде маршалдың көмекшісі болған Л.Бат-Очир осы тарихи оқиға жайлы мынандай ой түйеді.

“...Дипломатиялық үрдісте кей сәттерде кездесіп қалатын осындай жайларды, тарихи оқиғаларды “кішкентай” деп тастап кетуге болмайтындай. Оспан батыр мен маршал Х.Чойбалсан неліктен екеуара ғана дидарласуға құштарланды? Маршал Х.Чойбалсан Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көтерілісшілерімен келісім жасауға келгені болмаса, Оспан батыр Ісләмұлы деген жеке адаммен екеуара кездесу үшін келмегені белгілі емес пе еді? Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күрескерлері жалғыз Оспан батыр ғана емес. Маршал Х.Чойбалсан неліктен Оспан батырмен жалғыз ғана кездесуді мақсат тұтты? Маршал Х.Чойбалсан Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің ықпалды адамдарының бірі Оспан батырдың көңілін табу, сол арқылы өз ісін алаңсыз атқаруды мақсат етті ме? Қалайда болсын маршал Х.Чойбалсан Моңғолдың барлаушыларының басшысы, Ішкі Істер Министрі болған адам екендігі айдан анықтын. Маршал Шыңжаңдағы Моңғол ұлт-ұлыстарының азаттығын алуға Оспан батырдың көмегін алу, яғни сол арқылы жалпы Моңғолдың бірігу процесін жеделдетуді көздемегенін біз қайдан білеміз. Бұндай үлкен мақсатты орындауға ең үлкен себепші болатын, көмектесе алатын күш тек қана Шығыс Түркістан ұлт-азаттығы үшін күресіп жүргендер. Егер Оспан батырдың ниеті бері ауса, Моңғолдың басшысының саясаты жүзеге аса алатын мүмкіндік тумақ еді.

Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күрескерлерінің арасында Моңғол тыңшыларының болуы заңдылық. Бірақ, Оспан батырға ықпал ете алатын барлаушы әзір бола қоймас. Оспанмен жеке етене дидарласуды маршалға кім ескертті? Батыс шекарадағы Моңғол чекистері ме, әлде Москвада кездескен кезде Оспан батырды өзіңе тартып, көмектес, сол арқылы саясатынды жүргіз дегенді әккі саясаткер И.В.Сталин ескертті ме. Қай елдің болмасын барлаушы ұйымдары осындай зерттеулермен айналысады. Жалпы Оспанмен келісім жасау, оны өзіне тарту әрекеті Моңғол барлаушылары үшін “жаңа саясат” емес-тін. “Қытайда көтеріліс шықты”, көтеріліс басы-қасында “Оспан” дейтін адам жүр деген алғашқы хабар тараған сәттен бастап: Оспан кім? Оның көзқарасы қалай? Біздің ел турасында қандай позиция ұстанады? – деген сауал Моңғол барлаушыларын мазалағаны шындық. Моңғолия Ішкі Істер Министрлігінің қасында КГБ-ден келіп қызмет атқаратын көп адамдар да болды. Олар Моңғолдың ішкі ісіне “қолма-қол білек сыбанып кірісіп” жүрді. Қандай бір елде мемлекет аралық наразылық шыға қалған кезде қарсы жақтың негізгі адамдарымен мүддеге сай байланыс жасау, егер қажет болса оған көмектесу үрдісі де бар. Маршал Х.Чойбалсан 1944 жылы 1-айда Москваға барып И.В.Сталинмен кездескен кезде дәл осы мағынадағы “саясатын” айтпады деуге болмас. Қару-жарақпен көмектесу ойыншық емес. “Берілген қару-жарақты қабылдап алған жақ өзіңе айланып оқ атпай ма?” дегенді И.В.Сталин сұрап қадағаламады деп ойлаудың өзі қисынсыз. Бұл жолы маршал Х.Чойбалсанға КСРО мемлекетінен Моңғолда отырған елші И.А.Ивановтың ере келуі де аса маңызды.

Істің куәгері болатындай Моңғол еліндегі КСРО елшісі дипломат И.А.Ивановты “КГБ-нің генерал полковник” атағы бар төселген чекист екенін де бұл жерде жасырмау ләзім. Осындай жан-жақты саяси маңызды мәселенің ауқымында Моңғол мемлекетінің елбасы маршал X. Чойбалсан, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлының “Алатөбедегі” кездесуі, тарихи, саяси, әлеуметтік маңызы зор кездесуі басталды.

Оспан батырмен жеке дара кездесу сәті аяқталған соң маршал Х.Чойбалсан тура келісім жасау ісіне шұғыл кірісе бастайды. Мүмкін қандай бір “кішкентай” мәселеден болып “кездесу сәтсіз аяқталмаса” игі деген қауіп Х.Чойбалсанда болмады деуге ауыз бармайды. Оспан батырмен бірге келген адамдар кездесу жасайтын үйден шыққаннан кейін маршал Х.Чойбалсан Оспан батырлардың өзара дидарласуы басталады.

Маршал Х.Чойбалсан: – “Сіздер келешекте қандай, қалай тіршілік етеміз деп ойлайсыздар”,– деген тосын сауал қояды. (...Сұрақ жан-жақты ойланып барып, екшелеп әзірленген сұрақ еді. Мұнда Оспан деген кім! Ол қаншалықты пайымды, сезімтал, білімді адам, қойылған сауалға жауап боларлықтай сөз Оспанның аузынан шыға ма деген бір есептен сынақ хақындағы сауал еді... Р.Р.).

Оспан батыр мүдірмеді: – “Мен Алтайдай елді мекенімді, сонда ұсталып Қытай түрмесінде отырған сан жүздеген бауырларымды азат ету үшін өмір сүріп жүрмін”, – дейді. Бұл сөз нақты жауап, нұсқалы ой ретінде маршал Х.Чойбалсанға төтенше әсер еткендігі байқалады. Мүмкін Оспан әскері Моңғол жеріне өтіп келіп қоныстанғандықтан “осында бейбіт тіршілік” етеміз дей ме деп қуыстану маршалда болғанға ұқсайды.

Маршал Х.Чойбалсан: – “Сіз ойыңызды қалай жүзеге асыра аласыз” деген екінші сауалға Оспан батыр: – “Алтай жерінде қазақтар ғана емес ұйғыр, торғауыт, ұран-хай ұлт-ұлыстары қазір Қытай шеңгелінен шығуға талпынып, елді мекендерін азат ету үшін, тәуелсіз еркін өмір сүру үшін ой-сана, мақсат-мүдделерін біріктіріп күреске шықты. Біз көтеріліске қатысушы бұқараға бірігіп, оларға қолдау көрсете алсақ табысқа жетеміз. Сонымен қатар, біз Моңғол мемлекетімен тіл табыса келіп, келешекте ынтымақтасуды көздейміз. Сіздің елден қару-жарақ алуға көмек көрсетулеріңізді өтініш еткіміз келеді”.

Оспанның сөзін аса ынтамен тыңдап отырған маршал Х.Чойбалсан бұл арада: – “...Сізді мен бір мәселені өте жақсы түсініп алса екен деп ойлаймын. Моңғол елінің өкіметінің ұстанатын бір қағидасы: “Басқаның ішкі ісіне араласпау, басқаның жеріне ешқашан баса көктеп кірмеу қағидасын ұстанады... Сіздердің әділетті күрестеріңіз табыспен аяқталатын болса Қазақ елі де біздің тәуелсіз республикамыздай бола алады. Мен сіздер туралы жете мағлұмат ала алмаған едім. Оспан батыр деген есімді естігеніммен, дәл айтсам қандай мақсаты бар, иелері кім, сүйенері кім, біле бермегендіктен сіздерге сенбейтінмін. Менің кейбір сөзім қатаңдау естілсе ғафу етіңіздер. Мен сіздерді мал барымталайтын тонаушы ұры-қары деп қана мәлімет алатын едім. Тек өткен жылдан бері ғана Алтай қазақтарының бостандығы үшін Қытайға қарсы күрес жасап жүргендеріңізді естідім. Сіздерді адал да ұлы мақсат үшін үлкен күрес жасап жүр дегенді адамдарым айтты. Осыдан кейін мен сіздермен кездесуді дұрыс көрдім. Сіздерден айтылатын пікірлер болса тартынбай айтуларыңызды өтінемін”.

Кездесудегі осындай ғана нұсқа сұхбаттарды зерделеп қорытынды жасасақ:

Кездесу өте жауапты кезеңде басталған. Гоминдаң өкіметі бұл кездесуді болдырмаудың әрқилы кедергілерін де көп келтірген. Мысалы: Оспан батырға сол кездегі Шыңжаңдағы әскери тұлға Зо-Ху-Хэ дегеннен келтірілген ресми хатта: “... Сыртқы Моңғолия елі бес мың жылдан бері Қытай мемлекетінің әкімшілігіне бағынып, осы елдің жеріне мекендеп, жалпы жұртшылығы біздің елдің құзырында тұрғанын білесіз, келешекте де солай болады. Сондай-ақ Моңғол елін қандай өкімет басқарса да оның қазіргі саясатын, халқының тұрмыс тіршілігінің деңгейін зерделеп көргендеріңіз жөн... делінген. Осы саясатты ескерген маршал Х.Чойбалсан: “...Моңғол мемлекетінің сырт саясаты оның ұстанымдары мен нақты принциптері – МХР-сы КСРО мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас...” дей келе, КСРО мемлекеті ұлт-азаттық күрес, ел тәуелсіздігі үшін құлшына кірісіп жүрген дамыған елдерге қолұшын беретіндігін, қазіргі КСРО мемлекеті аса сенімді ұлы держава екендігін толық түсіндіруге тырысқан. Маршал X. Чойбалсанның бұл сөзі әкесі баласына, ағасы інісіне ақыл айтып отырғандай шұбалаңқы естілді. Оспан батырға маршал X. Чойбалсанның сөзі соншама жақпағандығы бет әлпетінен білінді. Ол маршал X. Чойбалсанмен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп келісім жасауға келген-ді. Маршал X. Чойбалсан да Алтай өлкесінде моңғол ұлтының ұлт-азаттығын алу жөніндегі көңіл күй жетегінде кетіп “қарапайым көтерілісшілердің бастығымен тең дәрежеде келісім жасап отыруым жөн бе” – деген оймен “келісімді” – “кездесу” болғызу мақсатын ұстанып, жоғарыдағы “ақылдарын” айтқан болуы мүмкін. Маршалдың ойында тек қана тәуелсіз өз мемлекетінің қам-қаракеті емес, екі көрші мемлекеттің қол астында қалған моңғол ұлт-ұлыстарының тағдыры да тұрғанын аңғару қиын емес-тін.

Бұдан кейін Оспанның көңіл күйі сәл олқылау бола бастағанын сезген маршал Х.Чойбалсан іштесіп сөйлесу сәтін сәт шегеріп, дастарқан жайғызып, Оспан батырдың көңіл күйін жұмсарту әрекетіне көшті. Оспан батырды өкпелету, немесе өздері оны “кері итеру” қателігін жасаса көп уақыт бойы жоспарлаған саясаты адыра қалатынын сезген маршал кездесудің сәтті етуін қатты қалаған сыңайда. Бұл күнгі Оспан батырды “өзіне тарту” жөніндегі маршал Х.Чойбалсанның саясаты жүзеге аспады. Енді маршал Х.Чойбалсанға да Оспан батырға да кездесудің келесі сәтінің берешек “үміті” сақталып қалды. Оспан батыр Ісләмұлы бастаған көтерілісшілер өкілі Шатыртастағы (Майқан толгой) тұрағына қарай қайтты. (Кейбір деректерге қарағанда. Оспан батыр Ісләмұлы маршал Х.Чойбалсанның жылы лебізіне, алғыс айта отырып, өте тұщымды, қысқа сөзбен Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының мақсат мүддесін кең көлемде таныстырды... – делінеді.)

Оспан батыр: – ...Қытай басқыншыларының құрсауындағы (езгісіндегі) елді азат ету үшін күресіп жүрміз.

...Алтайдағы аз ұлттар өз бостандығы үшін күресу жолында Қытай мемлекеті жағынан көптеген қыспаққа түсіп, небір зобалаң, азап көруде. ...Моңғолия мемлекеті біздің ұлт азаттығы үшінгі күресімізді қолдайды дегенге сенемін. ...Бізге қару-жарақ, басқадай зат құрал-саймандар берсеңіздер, шекара маңына топтасқан қауіпті арылтуға күшіміз жетеді. (...Шығыс Түркістан көсемі ұлт-азаттық күрестің қолбасшысының сөзін моңғолшаға тәржімалаған Шымшырұлы Ноғай, орыс тіліне аударып отырған Советтік Қазақстан өкілі Жапардың сөзін әбден тындаған маршал Х.Чойбалсан кейбір маңызды мәселелерді қайталап айтқызып, пысықтап отырды...)

Маршал Х.Чойбалсан: Қытай езгісіндегі өз ұлт азаттығы үшін күресіп жүрген сіздердің мақсаттарыңыз ұлы мақсат. Қалайда сіздердің бұл күрестеріңіз Алтай қазақтарының, сол жерде тірлік ететін басқа да ұлт-ұлыстарының бостандығына игілігін тигізетін келелі іс. Бұл оқиғаның мәні аса зор хақиқи оқиға деген. Маршал Х.Чойбалсан бұл арада Шығыс Түркістан өлкесі Алтай жерінде тұратын Моңғол ұлты: тува, урианхай, торгуут, захчин, дөрвөд, өөлд, қатарлы өз қандастары бар екендігін аңғартқанын байқауға болатындай.

Бұл кездесуден кейін маршал Х.Чойбалсан Оспан батыр және оның нөкерлеріне құрметті қонақасын береді. Маршал Х.Чойбалсан қадірлі қонағына қойдың бітеу ұшасын пісіріп (Моңғолдар мұны “ууц” деп атайды) алдына тартқан. Оспан және оның нөкерлері алғашқы сәтте аса сақтықпен дәм ауыз тиіп отырады. Соңғы мәліметтерге жүгінсек: осы ресми емес отырыста Оспан батыр мен маршал Х.Чойбалсанның сөздері, өзара жақын әңгімелері көп болған. Өкініштісі: екі жақтың келісімі бойынша қонақасы кезіндегі сөз сөйлемдер, бата тілектері, жеке айтылған мазмұн, мағыналы сұхбаттар қағазға түсірілмей қалған.

1944 жылы 3-айдың 5-і күні сағат 12-13. Шатыртас.

Оспан батырдың уақытша тұратын жерінен батырдын жеке өкілі Келес, Оспан батырдың баласы Шердимандар “Алатөбеге” келіп: маршал Х.Чойбалсанды Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы қонаққа шақырғанын хабарлайды. Мұндай шақырудың боларын білген маршал Х.Чойбалсанның нөкерлері маршалды ертіп Бұлғын өзенінің бойындағы Шатыртас (Майхан толгой) деген жердегі Оспан батырдың ауылына барады.

Маршал Х.Чойбалсанды Оспан батыр өте құрметпен қарсы алады. Арнайы әзірлеген үйдің алдында әскерлерін екі қатар сапқа тұрғызып, өзі нөкерлерімен алдынан келіп қарсы алады. Маршал Х.Чойбалсан олармен сәлемдескеннен кейін қонаққа әзірлеген ақ үйге кіреді. Сырмалы ою өрнектерге толы қазақтың үйіне маршал Х.Чойбалсан, КСРО мемлекетінен Моңғол елінде отырған Төтенше және өкілетті елші И.А.Иванов қатарлы ресми өкілдер батырдың үйінің төріне жайғасады.

Сырма ақ киізден жасалған есік жартылай ашылып бір азамат ақ сарбас қойдың басын қылтитып маршал Х.Чойбалсаннан бата тілейді.

Маршал Х.Чойбалсан: “...Сіздердің әділ күрестеріңіз табысқа жете берсін” деп бетін сипайды. (маршал Оспанд хандаж, та нарын шударга тэмцэл, бүтэмжтэй болох болтугай гэж ерөөл хэлэв...) осы арада Оспан батыр Моңғолия шекара әскерлерімен келісе отырып жасаған күрес жоспарын маршал Х.Чойбалсанға кең көлемде таныстырады. Жоспарға Моңғол жерінде 3-4 күн бойы әскери жаттығулар жасағаннан кейін, қайтатын жол бағдары, Қытай шекарасына таяған кезде кездейсоқтап болуға әбден болатын шайқастың тактикалық мәлімдемелері әңгіме болады. Бұл жолы екі жақтың арасында іс-қызмет, ресми келісімнен гөрі қарапайым кеңестер өтеді. Қазақ ұлтының салт-дәстүрі, киім-кешек, ас-су, дастархан жөнінде кеңестер болады. Оспан әскерінің ішіндегі күйшілері күй шертеді. Алтай қазақтарының әйгілі күйшісі Бейсенбінің «Кеңес» күйі, Бүркітбай Тұяқұлының әні, қазақтың халық әндері «Ағажай-Алтайдай жер қайда-ай», «Өр Алтай» әндері шырқалады. Оспан батыр Бүкір бақсы деп аталатын Сұмғазының да өнерін көрсетіп, жұртты тандандырып тастайды. Баян-Өлгий өкілдеріне еріп барған руы Базарқұл-Қотырақ сыбызғышы Ыбырай Тоқтағанұлы сыбызғы тартады. Сыбызғышы «Жәнібектің көк дөнені» атты әуенді орындаған. Кездесу сән-салтанат, ән-күйге айналды. Адамдардың көңілді күйін бұзып ресми келісім жасауға маршал Х.Чойбалсан да асықпайды.

Моңғолияның аты аңызға айналған маршалын көруге келген ел аяғы жиілей түседі. Осындай шат думан бір сәт аяқтала бергенде Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы ресми хат келісім жасауға шақырып маршал Х.Чойбалсанмен қатар отырды. Келісімнің бірінші мақсаты Шығыс Түркістан мемлекетін орнату, демек Кеңестер Одағының құрамына осы елді енгізу мәселесі сөйлесілді.

Оспан батыр мен маршал Х.Чойбалсанның кездесуінің осынау бір салиқалы тұсындағы қызықты сюжеттерді зерделеуді келешектің еншісіне қалдыра тұруды жөн көрдік. Тек бірнеше дипломатиялық көріністерді (деталдарды) тілге тиек етуді қажет санадық Оспан батыр қазақ халқының ән-күйін тыңдату мақсатымен Алтай қазақтарының небір әнші, жыршыларын әкеліп отырысты көңілді етуді мақсат тұтады. Бірақ, сол кездегі бейресми отырыста шырқалған Т.Бүркітбайдың әні, әйгілі күйші Бежеңнің (Бейсенбінің) күйі – «Кеңестің» орындалуын бүгіндері көп адам аңыз етіп айтып жүреді.

Тағы бір дерек: ...Алтайдың бергі беті Бұлғын жерінің тегене құйрық қойының бітеу құйрығын Оспан батыр өзінің бір жігітіне көптің алдында тұрып түгелдей жұлып жеуді бұйырады. Екі көзі қанталаған бөрі – азамат екі жеңін шынтағына дейін түріп келіп астаудай піскен құйрықты әп-сәтте жұлып-жұлып жұта салады. Бұл адам Оспан батырдың атқосшысы «Бүкір бақсы» атанып кеткен Сұмғазы деген азамат болатын-ды. Бұл деректі көріп отырған маршал Х.Чойбалсан: «...Мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспін. Қытай отаршылдары, Гоминдаң басқыншыларын жеңу үшін күресіңіздер» дейді. Оспан батыр «...Біз Моңғол елін өзіміздің арқа сүйер тірегіміз, әрі көмекші жәрдемшіміз деп түсінеміз» дейді. Бұл екі сөзді келтіріп отырғанымыздың себебі, Оспан батыр өзінің «қорқау қасқыр секілді құйрық жұтқан азамат бейнесін» астарлап Х.Чойбалсанға көрсетуі тегіннен-тегін оқиға болмаса керек.

Осы отырыстағы дерек: ...Оспан батыр бір жігітін шақыртып әкеліп, өзінің басын жіңішке қайыспен қатты будырып маршалдың қасына тізе бүгеді. Бұл әрине ұлт-азаттық қозғалыс нәтижесі көптеген білімді, ілімді адамдардың келешекті болжауы арқылы тыңдырылатын іс екенін, ал қазіргі жағдай саяси әккілікті, білімділікті қажет ететінін меңзегендегісі еді. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысының басының бұлай «ауыратынын» маршал Х.Чойбалсан байқамай кетті деуге болмайды. Оспан батыр: «...Біз Алтай өлкесін Гоминдаң әскери басқыншылығынан азат ету күресін жеделдете түскіміз келеді. Сол үшін бір шара қолданудамыз. Ең әуелі өз құзырымыздағы барлық сенімді адамдардың басын қосып кеңесе отырып, олардың пікірі бойынша қозғалысшылардың ең жоғары ұйымы ретінде Шығыс Түркістан қозғалысының әскери кеңесін орнаттық.

Екіншіден: Алтай азат халқының уақытша өкіметін жариялап, құрамын белгіледік.

Үшіншіден: Мұсылман діндарларының арасындағы білімді, ықпалды тұлғаларды қозғалыс кеңесінің қасына шоғырландырып, олардың пікір талабын тыңдап тұратын мүмкіндіктерді де қарастырудамыз. Ховда қазақтарының білімді азаматтары Хаби Бәжіұлы, Ноғай Шымшырұлы қатарлы адамдардың Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресін қолдауға пікір білдіргенін шын ниетімізбен қабылдаймыз. Қажет кезінде осы адамдардан кеңес алып тұратын да боламыз.

Төртіншіден: Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесі көпшіліктің пікірі бойынша Шығыс Түркістан уақытша өкіметінің Алтай аймағы уәлиі жұмыстайтын болады» деді.

Бұл – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының алдына қойған айқын мақсаттарының бірнеше бөлігі ғана еді. Маршал Х.Чойбалсанмен кездесу Оспан батырға үлкен ой келтіргені белгілі. Мемлекеттік құрылым, тәуелсіз ел, оның басшылары, еркін тірлік кешіп жатқан Моңғол елінің саяси, экономикалық ахуалы Оспан батырды келесі кезекте Алтай өлкесінде қазақтарды азат етудің шешуші жолына қарай бұрынғыдан да жедел кірісетінін, ол үшін аса ұйымшылдықпен күресуге бел байлағандай халге келтірді деуге болады. Кездесу кезінде бір байқалған жағдай: Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көсемі 1921 жылы өз тәуелсіздігін қолына алған Моңғол елінің тарихын аса көп білетіндігі еді. Ол ұлт-азаттық қозғалыстың мақсат мүддесінен әңгіме қозғаған кезде «уақытша өкімет» жөніндегі өз ойын ортаға салуы күтпеген жағдай-тын. Сонымен қатар, Оспан батыр маршал Х.Чойбалсанмен ең алғаш кездескен тұстан бастап өзінің лауазымын ұлт-азаттық қозғалыстың қолбасшысы емес, «Уақытша өкіметтің Алтай аймағының уәлиі» деп таныстыра сөйлеуі бұл реткі кездесуді «тәуелсіз мемлекеттер» басшыларының деңгейіндегі кездесу болғызып тарихта қалдыруды жөн санағаны еді. Оспан батыр маршал Х.Чойбалсанмен кездескен кезде әсіресе тең дәрежеде болмаса да өз дәрежелерін төмен санамай, дипломатиялық деңгейде ұстауы да астарлы, мәнді, мағыналы болатын-ды. Маршал Х.Чойбалсан: ...Қандай бір күрестің нәтижелі болуы біріншіде аса ұйымшылдыққа, екіншіде біріккен, «сомдалған» басшылықтың іскерлігіне тіке байланысты. Бұны барлық революциялар тарихы әлдеқашан дәлелдеген. Сіздің осынау қозғалыс күшін бір мақсатқа қарай икемдеп үлгергеніңізге өз басым дән ризамын. Демек менің бұл айтқаным ресми түсініктеме емес. Біз тарапымыздан сіздердің ішкі істеріңізге араласып, қандай да бір нұсқау, кеңес беретін құқымыз жоқ». «...Қашанғы тау-тасты сағалап жүре бересіздер...», «қалайда бір құрылымдық ұйымға қалыптасу қажет», демек, «өкімет орны» дегенді бұлайша асығыс орнатуға болмайды, «Алтай тәуелсіз халқының уақытша өкіметі» – деген мемлекеттік атауды Моңғол елі тани алмайды дегенді тұспал мағынамен жеткізе білгенге ұқсайды.



Маршал Х.Чойбалсан: «...Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының осылай бір өзгеше ұйымшылдыққа көшуіне Моңғолия бас уәлиі, Моңғолия өкіметінің атынан өз басым ризамын...» – деуі кездесудің тынысын сезінген дипломатиялық тәсілдің бірі болса керек. Бұл ишара: ...Уақытша өкімет Алтай өлкесіндегі көп ұлт өкілдері, оның ішіндегі торгуут, урианхай, ұйғыр, ұлт-ұлыстарының да арман тілегі, қосқан үлесі, мақсат-мүддесі, және олардың шешімімен таңдауын талап ететін мәселе екенін Оспан батырға кездесу барысында айтып үлгерген. Маршал Х.Чойбалсан: Сіздер қандай бір мемлекеттік құрылымдық тәртіпке, күрестің жаңа тәсіліне көшейік деп ойлайсыздар. Бізге сүйеніп, біздің кеңесімізді алып, біздің кірісуімізбен мақсаттарыңызды жүзеге асырыңыздар деген астарлы ойды былайша баяндады.

«...Бұл – сіздердің ішкі істеріңіз. Мен екі мәселені ғана айқын айтқым келеді. Моңғол халқы ұлт-азаттығы, ел тәуелсіздігі үшін іш-сырттың қарсы күштерімен қатаң күресіп, жеңіске жеткен тарихи ел. Біздің осынау тарихи, күдір жолдарымызды жинақтаған іс-тәжірибелерімізді білгілеріңіз келетін сияқты. Олай болса осы батыс шекарада қызмет жасап жүрген генерал Мажитпен (генерал Батын Доржның бүркеншік аты) хабарласуға болады. Екіншіден, жаңа ғана өзіңіз айтқан Қаби Бәжіұлы, Ноғай Шымшырұлы қатарлы, төңкерістік іске төселген, тәжірибелі білімді зиялылар сіздерге көмектеседі. Басқа да көптеген білікті адамдар, мамандар бар. Оспан батыр маршал Х.Чойбалсанның сөзіне тәжірибелі «барлаушы», КГБ генерал-полковнигі, Моңғол еліндегі елші сөзге араласып: «...Біз де Моңғол халқына алғашқы кезде осылай көмектесіп, дәл солай позиция ұстанған едік» деді. Осынау қысқа әңгімеден кейін кездесудің тынысы сәл салқын тартып бара жатқанын сезген маршал Х.Чойбалсан: «...Оспан батыр, сіз біздің өкіметтен Қытай басқыншы әскерімен күресуге қару-жарақпен көмек көрсетуді өтінген едіңіз. Мұны біз қабылдай отырып, зорлық-зомбылықта жүрген халықтың азаттығы үшінгі күресін шын көңілден қолдаймыз. Сондай-ақ күрескерлерге 400 винтовка мылтығы, 200 дана автомат, 6 ауыр пулемет, 30 жеңіл пулемет, 2000 гранат, 5 дүрбі, 400 000 дана винтовка оғын беру шешімін қабылдадық деді. Маршал Х.Чойбалсанның бұл реткі қару-жарақ береміз деген сөзі Оспан әскерлерін бір сәт тандандырып тастады. Олар Моңғол өкіметі қару-жарақпен көмектеседі деп ойламаса керек. Аудармашының сөзін тыңдап отырған Оспан батыр: маршал Х.Чойбалсанның сөзін қайталап аудартып, анығын білгеннен кейін: «Біз бұл көмекті қашан ала аламыз?» – деп сұрады. Маршал Х.Чойбалсан: «Сіздердің ұлт-азаттық үшінгі күрестеріңізге арнаған қару-жарақ, оқ-дәрі қазір мен келіп ат басын тіреген «Алатөбе» заставасына жеткізілді, – дейді. Қай кезде алсаңыздар да өзір. Тіпті қазір барып алуға да болады». Маршалдың осы сөзінен кейін көтерілісшілер жүзіне күлкі ойнап, бір сәт салқын тартқан кездесу барысы думан-тойға айнала берді. Оспан батыр маршал Х.Чойбалсанға алғысын айта келіп: «...Қытай басқыншыларымен күресуге бел байлаған күрескерлердің мақсатын қолдаған, білікті зиялы мамандарды жолдауға ниет білдірген Моңғолия мемлекетіне Алтай өлкесіндегі жалпы қозғалысқа қатысушылар атынан рахмет...» деді. Қиын кезде өте үлкен жүрекпен, жомарт ниетпен береген қолын созған маршал Х.Чойбалсанның жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз дей келіп: «...моңғол мемлекеті – біздің сүйенетін сүйенішіміз, жәрдемші жанашырымыз» деді. Оспан батыр: «...Сіздердің берген осынау қару-жарақтың көмегімен қытай басқыншы армиясына қарсы күресімізді жылдамдатып, Алтай өлкесін Қытайдың әскерінен тазарту мақсатымызды орындай аламыз дегенді ант етеміз...» деді. Маршал Х.Чойбалсан осы бір көңіл күйдің жұмсарған тұсын пайдаланып, ... осыдан жиырма жыл бұрын Моңғол елі КСРО көмегімен сыртқы басқыншылықтан азат етілгенін, Моңғолдың дамуына Моңғол-Совет одақтастығының шешуші роль атқарғанын, КСРО мемлекеті дамусыз елдерге қашаннан қолұшын беріп, азаттығы мен тәуелсіздігін алуына көмектесіп келгенін әңгімеледі. Маршал Х.Чойбалсанның сөзінің түпкі-төркінінде «...Сіздерге КСРО және Моңғол мемлекеті осылай көмектесе алады» – деген астар жатты. Оспан батыр маршал Х.Чойбалсанның сөзін ынта қоя тыңдай отырып, елші И.А.Иванов басқарып келген орыс генералдарына көзінің қиығын қадаумен болды. Бірақ, маршал Х.Чойбалсан «берген қару-жарақтың» арғы жағында Ұлы Орыстың алысты болжаған саясаты, коммунистік тәртіптің темір шеңгелі тұрғанын Оспан батыр білген де болар. 1944 жылы 3-айдың 6-сы күні. Таңғы сағат 8, «Алатөбе» Ертеңінде «Алатөбе» заставасындағы маршал Х.Чойбалсанның үйінде үшінші реткі тарихи кездесу болып өтті. Бұл жерде Моңғолия бас уәлиі, маршал Х.Чойбалсан, КСРО-ның осы елдегі елшісі И.А.Иванов үшеуі жеке кездесті. Кездесу жөнінде ешқандай құжат қалмаған. Моңғолия барлаушыларының естеліктеріне қарағанда, Моңғол, КСРО, Шығыс Түркістан өкілдері маршал Х.Чойбалсан, И.А.Иванов, Оспан батыр Ісләмұлы қатысқан «үш жақты» кездесу екі мәрте және аса құпия жағдайда жеке-дара өтті делінді. Бұдан кейінгі мезетте маршал Х.Чойбалсан, Оспан батыр екеуінің кездесуі де екіден үш мәрте, екеуара құпия жағдайда өтті. Моңғол елімен қарым-қатынас, қытай басқыншыларымен қалай соғысу тәсілдері, қозғалыс күштері, қозғалыс күштерінің ауқымын қалай кеңейту жөніндегі басты мәселелер сөйлесілді. Маршал Х.Чойбалсан, Оспан батырлардың бұл реткі тарихи кездесулерін тәржімалауға көптеген тілмаштар қатысқандығы белгілі. Солардың бірі – Батжаргалын Дүгэр/60 деген адам.

Қазақ тілін орыс тіліне, орыс тілінен қазақшаға тәржімалаған Ішкі Істер Кеңесшісі Баян-Өлгий аймағында Жағыпар деген бүркеншік атпен жұмыстаған КГБ өкілі. Оспан батырдың қасында өзін Александр Черняев деп таныстырған орыс азаматы қазақша, орысша, моңғолша тәржіма жасаған. Сондай-ақ Оспан батырмен бірге жүрген кеңесші Сүлеймен Бектұрұлы орысша, қазақша, моңғолша, қытайша, ағылшынша білетін тілмаш болғанға ұқсайды.

Маршал Х.Чойбалсан бірге келген ресми адамдармен бірге Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлына өздерінің отырып келген ұшағын тамашалатты. Ұшақ командирі сол кездегі Моңғолия әуе күштерінің әміршісі генерал М.Зайсанов деген қазақ азаматы еді. Таза қазақ тілінде өз ұшағы жайлы түсінік берген М.Зайсановтың іскерлігіне Оспан батыр өз ризашылығын білдірген.

Бірақ Зайсан генералдың соғыс ұшағына айнала қараған Оспан батыр Ісләмұлы: «...Аспаннан оқ жаудырып, жердегі кетіп бара жатқан түйелі көшті қырып салу әрекеті көп болды ғой...» деп күрсінген. Моңғолия азаматтары, соның ішінде қарапайым қазақ азаматы осы заманғы жаңа соғыс техникасын

қалай меңгергендігін Оспан батырға көрсету үшін апарған маршал Х.Чойбалсанның ойында не жатқанына дәл қазір сәуегейлік жасау мүмкін емес. («И-16» ұшағы жылдамдығы сағатына 500 шақырым, 1000 метр биікте ұша алады. 1942 жылы КСРО-дан Моңғолияға сый етілген. Әуе күштерінің бастығы М.Зайсанов осы ұшақпен батыс шекара қайшылығына қатысқан).

Ертеңінде сағат 17-00-да Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлының қолына Моңғолия өкімет орнының шешімімен берілген қару-жарақты тарту ету рәсімі өтті. Әкелген қару-жарақты алдын ала әзірлеген үстел үстіне жайып, саймандардың күш-қуаты және қалай керектенілетіні жөнінде арнайы мамандардың қысқаша мағлұмат беру сабақтары өтті. Сол кездегі тәртіппен берілген қару-жарақтың жалпы тізімі мынадай:

Винтовка – 400 дана.

Автомат – «ППШ» мылтығы 200 дана.

Ауыр пулемет – 6 дана.

Жеңіл пулемет – 30 дана.

Гранаттар – 2000 дана.

Винтовтың оғы – 400 000 дана.

Жау дүрбісі – 5 дана.

Әкелген қару-жарақты Моңғол елінің көсемі жанжин Д.Сүхбааттардың баласы полковник Сүхбаатарын Галсан өз қолымен табыс етті.

Кездесу соңында қару-жарақ әкелген әскери мамандар аталмыш мылтық, саймандарды игеру жөнінде екі күндік мағлұматтар берді. Қару-жарақты 40-50 адамның құрамындағы сақшылар қорғауында 105 түйемен Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күрескерлерінің штабына қарай жөнелтті.

Маршал Х.Чойбалсан Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлының «Алатөбе» – «Шатыртас» маңындағы кездесуі барысында Москвамен тұрақты түрде байланыс жасап тұрды. Сондай-ақ, орыс әскерлерінің өте сенімді далалық байланыс тетіктері арқылы И.В.Сталинмен сөйлесіп, мән-жайды хабарлап тұрды. Бұл оқиғаны дәлелдейтін радиошифр мәтіні бүгінде тарих парағында қалды.

Оспан батыр екеуінің кездесуі сәтті аяқталып, Ховданың қатаң суығы қайта басталған наурыз айының орта кезінде Моңғолия бас уәлиі маршал Х.Чойбалсан Ұланбатырға қайта қайтты.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет