Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


§2 Үрімжі келіссөзінің саяси астары және оның барысы



бет7/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19
§2 Үрімжі келіссөзінің саяси астары және оның барысы
1945 жылы 13 қыркүйек күні Чжан Чжичжун (төменде Чжан генерал) Үрімжіге келе сала іздеген адамы Кеңес Одағының Үрімжідегі уақытша бас консулы Иевсеев болды. Мұның себептерін Чжан генерал өз естелігінде былай баяндайды: «Ол кезде мен жағдайды әскери күш қолдану жолымен орнықтырудан ешқандай нәтиже шықпасына, оны тек саяси жолмен бір жақтылы етуге болатындығына, әрі бұл үшін үшінші бір жақтың ортада жарастырушы болуы керектігіне, ол жарастырушының басқа ешкім емес, тек Кеңес Одағы бола алатындығына кәміл сендім» [105,5], – дейді.

Шын мәнінде Кеңес Одағы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу кезеңінде Қытай мен өзге де Шығыс Азия халықтарының тағдыр-тәлейінің тарихи тұрғыдан өзгеше шешім табуына үлкен ықпал етті. Ал Синьцзян мәселесі де екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу қарсаңында Кеңес Одағының Қиыр Шығысқа бағыттаған үлкен стратегиясының құзырында құмыға қайнап жатты.

Бұған дейін Қытай мен Кеңес Одағы елдері түгелдей фашизмге қарсы күрес сапында болып келгені мәлім. Оның үстіне Кеңес Одағы мен Қытайдың дипломатиялық қарым-қатынастары да әріректен бастау алатын. Бірақ Қытайдағы гоминьдан үкіметі 1921 жылғы Моңғолияның тәуелсіздік жариялауына қолдау білдіргендігі үшін Кеңес Одағын айыптайтын, әрі орайы келгенде «Сыртқы Моңғолияны» (МХР) қайтарып алуды көксейтін. Ал Қытай коммунистері болса Моңғолияның «бұрындары Қытайға тиесілі жер болып, Сыртқы Моңғолия деп аталып келгендігін» мойындаса да [47, 38], ол туралы кейінгі кезде айтыс-тартысқа бара бермейтін. Кеңес Одағы ол кезде Қытайдың бірден-бір заңды үкіметі ретінде Гоминьдан үкіметімен барыс-келіс өткізіп келгендіктен, келіссөз барысында ылғи да Чан Кайши үкіметінің көзқарасымен санасып отырды.

Бұл арада Моңғолия мәселесінің Синьцзяндағы ұлт-азаттық күреспен қандай байланысы бар деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Өйткені 1945 жылдың қыркүйек айында Синьцзянда соғыстың тоқтап, бейбіт келіссөздердің басталуы Гоминь үкіметінің осы «Сыртқы Моңғолия» мәселесіндегі көзқарасының өзгеруіне тікелей байланысты болды. Атап айтқанда, 1945 жылдың соңын ала Синьцзяндағы ұлт-азаттық қозғалыс ауқымында күрт өзгерістің болуы сол кездегі халықаралық жағдайдың өзгерісімен тікелей байланысты болды.

Сонау 1943 жылы қарашаның 28-нен желтоқсан айының 1-не дейін КСРО, АҚШ, Англия елдерінің басшылары Тегеранда бас қосқан кездің өзінде-ақ Франклин Рузвельт пен Уинстон Черчилль Кеңес Одағынан Германия тізе бүккеннен кейін, Жапонияға қарсы соғыс ашуды өтінген еді. Мұның алдында ғана, яғни қарашаның орта шенінде Ф.Рузвельт пен У.Черчилль Каирде Чан Кайшимен кездесіп, Кеңес Одағының Жапонияға қарсы соғыс ашуының мүмкін екендігі туралы ескерткен-ді. Сол кезде Кеңес Одағы мен Қытайдың қатынасы халықарада фашизм күштерінің аласұруы, соған сәйкес Чан Кайшидің коммунизмге қарсы реакцияшыл саясатының белең алуына байланысты күрт нашарлаған еді. Бірақ осы кездесуден кейін Чан Кайши үкіметі Кеңес Одағының әлі де сақтала беретіндігіне, АҚШ пен Англия оған одақтас ретінде соғыстан кейін жер бетінде жаңаша тәртіп орнатуға атсалысатындығына көз жеткізгендей болды. Соған орай оның Кеңес Одағына деген көзқарасы да өзгере бастады. Бұл Қытай мен Кеңес Одағының арасындағы келіссөздер кезінде де сезіліп отырды [83, 283].

1944 жылы маусым айының бас шенінде Сталин АҚШ-тың вице-президенті Хэнри Уоллеспен кездескен кезде Шэн Шицайдың Моңғолия мен Қытай шекарасында қақтығыс тудырғанын айыптап, Шэн Шицайды Синьцзяннан ауыстырып әкетудің Кеңес-Қытай қатынасын бір қалыпқа түсірудегі белсенді шара болатындығын атап көрсеткен-ді [81, 15].

А.М.Дубинскийдің деректеріне сүйенсек, 1944 жылы үкімет тарапынан Оңтүстік Синьцзянға күшпен көшіруге қарсы болған қазақ шаруалары 1-ші сәуірде Моңғолия шекарасына ауа көшеді. Үкімет әскерлері оларды қуа соққылап шекарадан өтіп, көптеген адамдарды қырғындайды. Моңғолия жағы оларға құрал күшімен қарсы тұрады. Бұл арада Сталин сол оқиғаны меңзеп отырcа керек [34, 199].

Маусым айының 18-20 күндері АҚШ-тың вице-президенті Хэнри Уоллес Кеңес Одағынан шығып, Синьцзян арқылы Чунцинге барып, Чан Кайшиге: «Сталиннің Синьцзяндағы Алтай «дүрбелеңі» (Өр Алтайдағы көтеріліс – автор) Кеңес Одағымен қатысты дегенді теріске шығарғанын, Шэн Шицай Синьцзяннан ауыстырып әкетілсе Алтай «дүрбелеңі» өздігінен тынышталады деп қарайтындығын айтады.

Бұл арада Сталиннің Алтай көтерілісін дүрбелеңге балап, оған өзінің еш қатысы жоқтығын көрсетуі, сайып келгенде, мәселенің бұдан былай тіптен күрделі бола түсетіндігінің бір ишарасы еді. Бұл кезде Сталин болашақта Жапонияны түбегейлі жеңіп, Қиыр Шығыста белгілі ықпал көлеміне ие болу үшін Моңғол Халық Республикасына, оның халқы мен территориясына сүйенудің қажеттілігін жақсы білетін. Сондықтан оның Қытайға тәуелсіз қазіргі қалпын сақтап қалуды қалайтын. Ал Синьцзян туралы ол бұрын осы аймақта Кеңес Одағының шылауындағы тұрғылықты ұлттардың саяси билігін құрып, сол арқылы өзінің оңтүстік-шығыс іргесінің мызғымастығына кепілдік етпек еді. Бірақ бұл өңірде түрікшіл, исламшыл бір мемлекеттің пайда болуын қаламайтын. Өйткені мұның Кеңес Одағының Орта Азия аймағында жасаушы түркі-мұсылман халықтарының сана-сезіміне басқаша ықпал етуі әбден мүмкін еді. Демек, Сталин үшін екі бірдей шоқпарды беліне байлаудың қажеті қалмады. Ендігіде оның біреуін қоя тұрып, біреуін ғана пайдалануға тура келді. Онсызда шығыстағы көрші Қытаймен болған дипломатиялық қатынаста Моңғолия мен Синьцзян мәселесі басты роль ойнайтын. Оның дәлелі Қытайдағы гоминь үкіметінің осыған дейін «Сыртқы Моңғолияға» деген иелік құқынан бет бұрмай келуі еді. Сондықтан 1945 жылы 11 ақпанда Ялтада И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилль қол қойған «Үш ірі елдің Қиыр Шығыс мәселесі туралы бітімі» аса құпия жағдайда мақұлданып, қатаң сақталған еді. Онда ең алдымен «Сыртқы Моңғолияның» (МХР) статусы сақталады делінген [92,285]. Бұл Синьцзяндағы қазақ және ұйғыр халықтарының ұлт-азаттық күресі өз жемісін беріп, ШТР уақыттық үкіметі құрылған 1944 жылдың келесі жылындағы жағдай еді. Құлжадағы ШТР үкімет құрылып, 3 айға жуық уақыт өтсе де, бұрыннан ондағы ұлт-азаттық қозғалысты қолдап-қуаттап келген Кеңес Одағының оны ресми тәуелсіз мемлекет ретінде танымауы Сталиннің Синьцзян мәселесінде өз ішкі есебінің барлығын көрсетеді. Атап айтқанда, ол егер Қытайдағы Гоминь үкіметі «Сыртқы Моңғолияның» тәуелсіздігін мойындаған жағдайда, Синьцзян мәселесінде Қытаймен жауласудың қажетсіздігі жөнінде іштей дайындалып қойған еді. Онысызда Қытайда Синьцзянда тұратын әскери әкімшілік мансаптылары Құлжадағы соғыстың «халықаралық соғыс» болып бара жатқандығын әлде қашан ескерткен болатын.

Жапонияға қарсы алдыңғы шепке Еуропадан тағы да молырақ әскери күшті қауіпсіз жөнелту мақсатында, сондай-ақ өзге де күтпеген жағдайлардың болып қалуынан сақтану үшін жоғарыдағы үш мемлекет Ялта келіссөзінде Қытайды қатыстырмауға келіскен еді [58,118].

Ал Қытай жағы болса, Моңғолия мен Синьцзяннан бірдей айырылып қалуға төзіп тұра алмайтын. Алғашында олар Моңғолияны да, Синьцзянды да кезегі келгенде қайтарып аламыз дегенімен, іс жүзінде Синьцзян қолдан шығып кеткен жағдайда бәрі бір оны қайтарып алудың қиынға соғатындығын жақсы түсінді. Сондықтан Гоминь үкіметі барлық іс-шараларды қолданып Синьцзян жағдайын орнықтыруға күш салды. Сондай-ақ, 1945 жылы көктемде ашылған гоминьданның VI съезінде партияның оң қанат өкілдері Кеңес Одағымен «ұзақ уақыттық» достық қарым-қатынас орнатудың да өте көкейтестілігін атап көрсетті [48,320].

1945 жылы 13 көкекте Чан Кайшидің ұлы Цзян Цзинго әкесінің өз қолымен жазған хатын алып Үрімжіге келіп, Синьзянда қалыптасқан жағдай төңірегінде У-Чжунсинмен кеңеседі, әрі оған Синьцзянды ондағы ұсақ ұлт қайраткерлерін пайдалану арқылы басқару, оларды өлкелік үкімет төрағасының орынбасары, департаменттер мен мекемелердің бастығы етіп тағайындау жөнінде ұсыныс қояды, сондай-ақ Үрімжіде болған кезінде Кеңес Одағының Үрімжідегі бас консулымен кездесіп, Кеңес Одағы мен Синьцзянның қарым-қатынасы туралы сөйлеседі.

Бірақ бұл кезде Кеңес Одағының әскери мамандары Синьцзяндағы гоминьдан үстемдігіне қарсы күресте бастан-аяқ ШТР ұлттық армиясымен тізе қоса күресуде еді. Кеңес Одағы Синьцзяндағы ұлт-азаттық қозғалыс үшін бір мезгіл рухани-материалдық көмегін аямаған.

ШТР ұлттық армиясы Тянь-Шанның солтүстігіне жорық жасап, қанатын кеңге жайған 1945 жылдың мамыр айының соңында Сталин АҚШ президенті Трумэннің ерекше елшісі Хопкинске: «егер Қытай жағы Ялта құпия келісімінің шарттарын қанағаттандырса, Кеңес армиясы Солтүстік-шығыс Қытайға барып, Жапониямен соғысуға дайын», – дейді. Ол тағы да Кеңес Одағы Чан Кайши басшылығындағы Қытайдың тұтастығын күшінің жеткенінше қорғайды. Кеңес Одағы мейлі Синьцзян немесе басқа бір аймақ болсын, Қытайдан территория талап етпейді деген емеурін білдіреді [81,102].

1945 жылы маусым айында АҚШ-тың Қытайда тұратын елшісі Хэрлиге жауапты тапсырма жүктеледі. АҚШ үкіметі Чан Кайшиді Кеңес Одағымен келісімге қол қоюға, сол үшін келіссөздерді бастай беруге үндейді [34,238].

Ялта келіссөзіне үш айдан астам уақыт өтсе де, бұл Сталиннің Қытай тарапынан ондағы құпия келісімінің шарттарын қанағаттандыруды алғаш талап етуі еді. Бірақ Қытай үкіметі құпия келісімдегі «Сыртқы Моңғолияның» қазіргі қалпын (статусын) сақтау жөніндегі 1 тармақты бірден қабылдағысы келмеді. Бірақ уақыт күтіп тұрмайтын. 8 май күні Германия шартсыз тізе бүгу актісіне қол қойғаннан кейін, Кеңес Одағы дереу Жапонияға қарсы соғысқа аттануға әзірленді. Сөйтіп, олар Моңғолия мен Қиыр Шығысқа және Манчжурияға қатысты кей мәселелерде Қытайдың келісіміне қол жеткізу үшін, оларды қысыл-таяң жағдайға түсіріп, келіссөзді тез бастауға мәжбүрледі. Мұның мысалы Синьцзяндағы қарулы күрестің тез арада Іле, Алтай, Тарбағатайға және Жың мен Шихуға қарай қанат жаюы еді. Мұндай жағдайда Қытай үкіметінің Кеңес Одағы ортаға қойған «Моңғолияның тәуелсіздігі» туралы талаптарға келісім білдіруден басқа амалы қалмады. 20 маусым күні Гоминь үкіметі әкімшілік кеңесінің уақытша бастығы және Сыртқы істер министрі Сун Цзывэн Чунцинде Синьцзян мәселесі төңірегінде У-Чжунсиньмен кеңес өткізді, әрі телеграмма арқылы Лю Цзэжунды Чунцинге шақырып, оған Мәскеуге келіссөз өткізу үшін бірге баруды ұқтырды. Маусым айының 29 күні АҚШ-тың Үрімжідегі консулы Варрит У-Чжунсиньге амандаса барып, ШТР тараптағы төңкеріс жағдайын ұғысты және АҚШ президенті Трумэннің ерекше елшісі Хопкинстің Мәскеуге қайтып барғандығын, «Құлжа оқиғасының» ендігігәрі ұлғаймайтындығынан үміт барлығын айтады [81,108]. Демек, бұл кезде АҚШ жағының да одақтас ретінде Кеңес Одағынан Синьцзяндағы соғысты тоқтатуға жәрдемдесуін өтінгендігі байқалады. Сол күннің ертеңінде, яғни 30 маусым күні Сун Цзывэнь, Цзян Цзинго, Лю Цзэжун үшеуі Мәскеуге барып, Сталин бастаған Кеңес Одағы басшыларымен Ялта құпия келісімінің мазмұндары жайында келіссөз өткізеді [81,108].

Алғашында Қытай жағы Моңғолияның тәуелсіздігі мәселесімен келіспейтіндіктерін, мұндайда Тибеттің жағдайы да қиынға түсетіндігін, мұның соңы Чан Кайши үкіметінің биліктен кетуіне дейін апарып соғуы мүмкін екендігін алға тартып, үзілді-кесілді қарсы болды. Кеңес Одағы да МХР-дің тәуелсіздігі мәселесінде Қытайдың соңғы шешімін күтті [34, 240]. Жоғары дәрежелі келіссөзден кейін Қытай тараптың өкілдері Ялта құпия келісімінің мән-жайы және Кеңес Одағының оған байланысты ойлары төңірегінде Чан Кайшиді құлағдар етті. Чан Кайши Чунцинде арнаулы мәжіліс ашып, Қытай мен Кеңес Одағы арасында өткен Мәскеу келіссөзінің кей түйіндерін арнайы талқыға салды. Талқы барысында мәжіліске қатысушылар, егер Кеңес Одағының үкіметі Қытайдың Манжурия мен Синьцзяндағы территориялық және әкімшілік иелік құқына кепілдік ете алса, сондай-ақ Қытай компартиясы мен «Синьцзяндағы бүлікке» ендігәрі ешқандай көмек бермейтін болса, Қытай үкіметі Кеңес Одағының «Сыртқы Моңғолия» (МХР) жөніндегі талабын ойланып көреді – деген пікірге келді [81, 109]. 7 шілде күні Чан Кайши Мәскеуде Кеңес Одағымен келіссөз өткізіп жатқан Сун Цзывэнге екі мәрте телеграмма жолдап, «соғыстан кейін Сыртқы Моңғолияның тәуелсіздігіне жол беруге» болады, бірақ Кеңес Одағы өз тарапынан Қытайдың Манжуриядағы иелік құқы мен әкімшілік тұтастығын, Синьцзяндағы бүлікті ендігәрі болдырмаудың қажеттілігін мойындауы керек деп нұсқау берді. 9 шілдеде Сун Цзывэнь Чан Кайшидің телеграмма арқылы берген тапсырмасына сәйкес, Сталинге: «егер Кеңес Одағы Қытайға көмектесіп, Синьцзяндағы бүлікті болдырмауға уәде берсе, Қытай үкіметі «Сыртқы Моңғолия» мәселесінде Кеңес Одағының талабына жол береді» – дейді. Сталин: мейлі Янь-Ань, мейлі Синьцзян болсын, бәрі де комитет бастығы Чан Кайшидің басшылығына бағынады. Кеңес Одағы Гоминь үкіметін қолдайды. Қытай үкіметінің талабы бойынша мәлімдеме жариялауға да болады- деген емеурін білдіреді. Сун Цзывэньнің Кеңес Одағынан Синьцзянға қару-жарақ «тасуға» тосқауыл қою жөніндегі талабына да мақұл болады [81,110 - 111].

Сөйтіп мамандардың деңгейінде басталған келіссөздер нәтижесінде келісілген құжаттардың жобасы дайын болады. Бірақ оған қол қою шілде айында Подстам конференциясының ашылуына және Ұлыбритания, АҚШ, Қытай елдерінің Жапониядан шартсыз тізе бүгуді талап етуіне байланысты кешеуілдеп қалады.

Жапон үкіметі ол кезде одақтастар қойған шартсыз тізе бүгу жөніндегі ұсынысты кері қақты. Сөйтіп, соғысты межеленген мерзімнен бұрын бастауға тура келді де, 8 тамыз күні Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігі: «9 қазаннан бастап Кеңес Одағы өзін Жапониямен соғыс жағдайында деп есептейтін болады» [82,158], – деп жариялады. 9 тамызда Кеңес армиясы құрлықтағы үш бағытпен (Забайкальский, Амурский, Приморский) Квантун армиясына қарсы күйрете шабуылға өткендіктен, Жапон императоры Хирохито 14 тамыз күні амалсыздан одақтастардың шартсыз тізе бүгу жөніндегі талаптарын қабылдағандығын білдірді.

Дәл осы күні Гоминь үкіметі Сыртқы істер министрі Ван Шицзе мен Кеңес Одағы Сыртқы істер министрі В.М.Молотов екі ел үкіметтері атынан Мәскеуде «КСРО мен Қытайдың достық және одақтастық шартына», әрі оның бірталай қосымша келісімдеріне қол қойды. Аталмыш келісім шарттың қосымша құжатында Гоминь үкіметі МХР-ның тәуелсіздігін ресми мойындады. Ал КСРО жақ Синьцзянда жуырда туылған түрлі өзгерістер жөнінде Кеңес Одағы үкіметі достық, одақтастық туралы шарттың 5 тармағында атап көрсетілгендей өз тарапынан Қытайдың ішкі ісіне килігу ниетінің жоқ екендігін білдіреді. Сонымен ұзаққа созылған келіссөз соңғы өз мәресіне жетті. Қытай үкіметі МХР-ның тәуелсіздігін ресми мойындағандықтан, Кеңес Одағы өз тарапынан ендігі жерде Синьцзяндағы ұлт-азаттық қозғалысты қолдаудан бас тартатын болды. Оның алғашқы бір белгісі ретінде 1945 жылы Алтай партизандарының Сарсүмбеге қоршап шабуыл жасау соғысына көмекке келген моңғолиялық әскери адамдардың 16 тамыз күні ұрыс майданынан шегініп шығып кетуі еді. Бұл сол кезде Алтай көтерілісші-партизандары үшін күтпеген әрі түсініксіз жағдай болғанымен, мұның астарында осындай ірі халықаралық келісім жатқан болатын. ШТР Ұлттық армиясының 1945 жылы қыркүйектің басында Үрімжіге небәрі 150 шақырым келетін Манас өзені бойында бұйрық күтіп, бөгеліп қалуы да Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы аталмыш келісім шартқа байланысты болған жағдай еді.

Демек, генерал Чжан Синьцзянға келу қарсаңында гоминь үкіметі мен Кеңес Одағы арасындағы келісім шартқа сай, Синьцзян мәселесі әлде қайда принциптік тұрғыдан шешімін тауып болған еді.

1945 жылы 14 қыркүйекте генерал Чжан Синьцзян өлкесінде тұратын Гоминь үкіметінің сыртқы істер жөніндегі ерекше өкілі Лю Цзэжунның қатысуымен Кеңес Одағы елшісі Евсеевпен кездесіп, оның Құлжа оқиғасы жөніндегі пікірін білді. Евсеев: «бұл Синьцзян өлкесінің ішкі ісі. Екі ел арасындағы Мәскеу келісімінде Кеңес Одағы тарап Синьцзянның ішкі ісіне араласпайды деп ресми жариялады. Сондықтан Кеңес Одағы Синьцзяннан жер дәметпейді. Бүгінде ең ебдейлі әдіс, менімше, мәселені бейбіт келіссөз арқылы шешу» дейді. Чжан генерал Евсеевтен әр екі жақтың өз өкілдерін жіберіп ресми кеңесуіне тиімділік жасау үшін, мәселені бейбіт шешу жолындағы кедергілерді аластауға, ол үшін Құлжа тарабына әскери әрекетті дереу тоқтаттыруға көмектесе алатын-алмайтындығын сұрай келіп, олай болмаған жағдайда әскери әрекет ұлғаяды да, бейбіт жолмен шешудің мүмкіндігі ендігәрі болмайды деді. Евсеев жеке өз басының қол үшін беруге бүкілдей пейіл екенін, бірақ, ең дұрысы Қытай үкіметі Кеңес Одағы үкметіне айтса, натіжесі тезірек болар деген ойын айтады.

Генерал Чжан бұл жөнінде сол күні Чан Кайшиге телеграмма жолдап «Қазір жағдай төтенше ауыр. Құлжа армиясы ілгерлеуін орта жолда тоқтатпайтын болса, онда Үрімжіні қорғап қалуға еш мүмкіндік қалмайды», – деді. Ол Чан Кайшиді Кеңес Одағын тағы да жарастырушылыққа шақыруға ұсыныс етті.

Синьцзяндағы шұғыл жағдайға байланысты, Чан Кайши партия мен үкіметтің бірлескен мәжілісін ашып, арнайы Синьцзян мәселесін талқылады. Гоминьданның әскери, әкімшілік мансаптылары Синьцзянда қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіре келіп: «Бұл ойланарлық жәйт, Қытай мен Кеңес Одағы елдері арасындағы достық, одақтастық келісімінің сиясы кеппей жатып, жағдайдың осыншама нашарлауы ойға келмеген іс» [81,146], – десті.

Генерал Чжан Үрімжіде қысқа уақыт тұрып 16 қыркүйекте Чунцинге қайтады әрі бұл реткі сапар қортындысы туралы Чан Кайшиге мәлімет береді. ШТР жағы да Манас өзенінің батыс жағына келіп тоқтаған ұлттық армияға сол орнында тапжылмай тұра тұруға бұйрық түсірді. Ал оңтүстік бағыттағы бөлімдерге шегіну туарлы бұйрық берілді. Дәл осы кезде Кеңес Одағының Қытайда тұратын бас елшісі А.А.Петров Гоминь үкіметіне бір меморандум тапсырды. Онда былай делінген:

Кеңес Одағының Құлжада тұратын консулының мәлімдеуіне қарағанда, өздерін Синьцзян көтерілісшілерінің өкілі деп жариялаған бірнеше тұрғылықты ұлт адамдары консулға келіп, ресейліктердің ара ағайын болып, көтерілісшілермен Қытай үкімет басшылары арасында туындаған жанжалды басуға дәнекер болса деген өтініштерін білдіріпті. Көтерілісшілерде Қытай құзырынан бөлектену ниетінің жоқ екендігін, тек өздерінің Синьцзянда тұрғылықты ұлттар көп санды иелейтін жерлерде – Іле, Тарбағатайда, Алтайда және Қашқарда автономияны жолға қоюды мақсат ететіндіктерін айтыпты. Бұл өкілдер бұдан алдыңғы Синьцзяндағы үкімет басындағылардың оларды түрлі жолдармен езіп, жаныштап келгендігін алға тартыпты. Осыған орай, Кеңес Одағы үкіметі өзінің Синьцзянмен шекаралас өңірінің амандығы мен тәртібіне көңіл бөліп келгендіктен, Синьцзянда қалыптасқан жағдайды орнықтыру үшін, егер Қытай үкіметі келіссе, Құлжада тұратын консулды Қытай үкіметіне қолдан келген барлық көмекті беруге үндейді [106, 517].

Белгілі болғандай, бұл кезде Кеңес Одағы осындай емеуірін білдіру арқылы Гоминь үкіметінің көңілін ауласа, енді бір жақтан өзінің Мәскеу келіссөзінде берген уәдесін орындауға шындап кіріскен еді. Сол үшін Кеңес Одағы «көтерілісшілер өкілінің» талабына сай деген сылтауды ойлап табуға мәжбүр болған. Өйтпегенде ол адамдардың аты-жөні, атқарған қызметі, ұлттық құрамы неге айқын жазылмайды? «Көтерілісшілер өкілі» делінгендердің ШТР уақыттық үкіметінің мүшелерінен басқа кімдер болуы мүмкін еді?

Гоминьдан сыртқы істер министрлігі Кеңес Одағының меморандумын Чан Кайшиге мәлімдеп, одан нұсқау алғаннан кейін, Кеңес Одағының назарына: «Синьцзяндағы мұсылмандар оқиғасы жөнінде Кеңес Одағы үкіметінің үкіметімізге көмек беруді қалайтындығына үлкен алғыс айтамыз. Кеңес Одағының Құлжадағы консулының оқиға тудырушыларға (көтерілісшілерге – авт.) Үрімжіге өз өкілдерін жіберіп, министр Чжан Чжичжунмен кездесіп, оқиғаны бейбіт жолмен шешу әдістерін ақылдасуды тапсыруын сұраймыз» [106,149], – дейді. Сондай-ақ қыркүйек айының орта шенінде Гоминь үкіметінің сыртқы істер министрі Ван Шицзе Лондонда Кеңес Одағының сыртқы істер министрі Молотовпен кездескенде оған Синьцзяндағы «Құлжа оқиғасының» күн сайын ұлғайып бара жатқандығы жөнінде айтады. Молотов бұл уақыттық іс, әрі көп ұзамай шешімін табады деген ыңғай білдіреді.

Қалыптасқан жағдайға байланысты, қазан айының 2-сі күні ШТР уақыттық үкімет мүшелері мәжілісі №100 қаулы мақұлдап, Гоминь үкіметіне «Шығыс Түркістанның» тәуелсіздік мәселесін соғыссыз тәсілмен яғни келіссөз арқылы шешуді, егер Гоминь үкіметі бұған мақұл болса, ШТР тараптан Рахымжан Сабырхажиев, Әбілқайыр төре, Ахметжан Қасымиді келіссөз өкілі етіп Үрімжіге жіберіп, Гоминь үкіметімен бейбітшілік келіссөзін өткізетіндіктерін білдірді. Олар бұны ең алдымен Кеңес Одағының Құлжадағы бас елшісі арқылы Мәскеуге хабарлады. Келесі күні Кеңес Одағының Үрімжідегі бас елшісі Евсеев уағда бойынша Лю Цзэжунмен кездесіп, Мәскеуден жауап телеграмма келгенін әрі ШТР тарапынан келіссөз өкілдерін жіберетін болғандығын айтады [81, 149].

12 қазан күні ШТР-ның келіссөз өкілдері Рахымжан Сабырхажиев, Әбілқайыр төре, Ахметжан Қасыми Манас алдыңғы шебі арқылы өтіп, Үрімжіге барды, әрі ең алдымен Кеңес Одағының Үрімжідегі бас елшісі Евсеевпен кездесті.

Гоминьдан орталық үкіметінің өкілі Чжан Чжичжун 14 қазан күні Чунциннен Үрімжіге қайта оралғаннан кейін, 15 қазанда екі жақ келіссөзді бастап кетеді. Келіссөзге ШТР өкілдері үстілеріне жасыл түсті әскери форма киіп, жұлдызды погон мен ордендер тағып барады. Сондай-ақ олардың омырауларында «Шығыс Түркістан Республикасы» деген жазу жазылған белгілері бар еді [106, 618].

Чжан генералдың естелігінде айтылғандай, олар келіссөз басталардан бұрын күтуші қызметкерлерге «өздерінің Шығыс Түркістан Республикасы үкіметінің өкілі ретінде Қытай үкіметі өкілдерімен келіссөз өткізуге келгендерін, қажетті кезде өз куәліктерін шығарып көрсететіндіктерін, Қытай үкіметі өкілдерінің де өз куәліктерін көрсетулері керектігін алға тартады» [105, 12]. Олар: «біз Шығыс Түркістан Республикасының өкілдеріміз. Гоминьдан орталық үкімет өкілдерімен тең орында тұруға тиіспіз, әйтпегенде келіссөз өткізбей-ақ Ілеге қайтып кетеміз», – деп мәселені талмау жерінен қояды [81, 161]. ШТР-ның өкілдерінің салған жерден өздерін тәуелсіз мемлекеттің келіссөз өкіл ретінде көрсетіп, гоминьдан тарапынан тең құқылы түрде сөйлескісі келетіндіктерін естігесін, Чжан генерал тағы да ортада жарастырушы болып жүрген Кеңес Одағының Үрімжідегі елшісі Еевсеевке жолығып, одан ШТР-ның келіссөз өкілдеріне бұл салауаттан бас тартуды айтуын өтінді. Бірақ Евсеев олармен Чжан генералдың өзі сөйлескені жөн деген пікірді алға тартты. Ал Чжан генерал Евсеевке: «жағдайды бір қалыпқа түсіруде Кеңес Одағы барлық күш-қуатымен жәрдемде болатындығын айтқан еді. Сондықтан сіздің олармен ауызекі сөйлесіп жағдайды орнықтыру жөнінде жұмыс істеуге жауапкершілігіңіз бар», – дейді.

Сонымен Евсеев ШТР өкілдері Р.Сабырхажиев, Әлихан төре, А.Қасымилармен ұзақ сөйлесу арқылы, оларға қазіргі халықаралық жағдайдағы өзгерістерді, Кеңес Одағы мен Қытай арасында қол қойылған достық келісімінің мән-жайын және соған байланысты Кеңес Одағының Синьцзян мәселесі жөніндегі көзқарасын түсіндіреді. Нәтижесінде ШТР өкілдері қазірше «халық өкілі» деген атпен келіссөзге қатынасуға мақұл болады. Бірақ келіссөз бастала бере Чжан генерал оларға Кеңес Одағының ШТР-ның келіссөз өкілдерін «Іледегі көтерілісші халықтың өкілі» деп таныстырғандығын айтады. Соңынан Р.Сабырхажиев тектес 3 өкілден мәселені бейбіт жолмен шешу жөніндегі пікірлерін сұрайды. ШТР өкілдері: «Шығыс Түркістан республикасын Кеңес Одағы үкіметі әлі тани қоймағандықтан, олар бізді «Іледегі көтерілісші халықтың өкілі» деп таныстырып отыр – дегенді айта келіп, алдымен бейбіт жолмен шешу жөніндегі Гоминьданның нақтылы жобасымен танысқысы келетіндіктерін айтты [81,161-162].

Осыған сәйкес, Гоминьдан өкіметі «орталықтың Синьцзяндағы кейбір оқиғаны шешу жөніндегі ұсыныс жобасын» жасайды, әрі оны ШТР өкілдерінің талқылауына береді. Рахымжан Сабырхажиев Лю Цзэжунға тағы да біз: «Бұл жолы Үрімжіге Шығыс Түркістан республикасының өкілі болып келген едік, орталықтың бізді “көтерілісші халықтың өкілі” деп қарауы бұған сәйкес келмей отыр, келіссөз өкілдеріміз бұл іске жауапты бола алмайтындықтан, Құлжаға қайтып барып нұсқау алған соң, Үрімжіге қайтып келіп келіссөзді әрмен қарай жалғастырсақ», – деген пікірін білдіреді. Евсеев Чжан генералға: «Орталықтың Синьцзяндағы кейбір оқиғаны шешу жөніндегі ұсыныс жобасы ШТР халқының талабын қанағаттандырып кете алмауы мүмкін, сондықтан өкілдерді алдымен Құлжаға қайтарып, келіссөзді олар қайтып келген соң жалғастырса да болады», – дейді. Сөйтіп ШТР өкілдері 22 қазан күні Манас алдыңғы шебі арқылы Құлжаға қайтады.

Бұл аралықта Үрімжідегі бас елші Евсеев те Мәскеуге барып келеді. 3 қараша күні Чжан генерал оның қайтып оралуына байланысты қонақасы өткізіп, Кеңес Одағы үкіметінің «Құлжа оқиғасын» бейбіт жолмен шешуді қолдағандығы және оған көмектескендігі үшін Кеңес Одағына және Евсеевтің жеке өз басына алғыс айтады.

Өйткені осы күннен бастап Оңтүстік Синьцзянның шекараға жақын жерлеріндегі Кеңес Одағының әскери кеңесшілері мен құралды адамдары бұйрық бойынша қуатты қару-жарақтарын алып, еліне қайта бастаған еді.

Арада көп өтпей 13 қараша күні Р.Сабырхажиев, Әбілқайыр төре, А.Қасымилар Үрімжіге қайтып келіп, Чжан генералға Құлжадағы орталықтың ұсыныс жобасы жөніндегі пікірін және қойған талабын тапсырады. Онда былай делінген:



«Синьцзян мұсылмандарымен болған қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешу жөнінде Қытай үкіметі өкілдерінің ортаға қойған жобасы жөнінде Шығыс Түркістан мұсылман халықтарының пікірі:
Орталықтың Синьцзяндағы кейбір оқиғаны шешу жөніндегі ұсыныс жобасын ақылдасып көргеннен кейін, онда мұсылман халықтарының арман-тілегі мүлде ескерусіз қалған және біздің талабымызды қанағаттандыра алмайды деп есептедік. «Ұсыныс жобадағы» : «Қытайдағы ұлттар бүкілдей тең құқылы, бұл мемлекет атасы (Сұн Ятсен) «үш мұратта» (Саньминь чжу-и) айқын атап көрсеткен принцип, сондай-ақ орталық мемлекет атасының өсиетіне сай шекара өңірлердегі әр ұлт халқының саяси, экономикалық және мәдени ауқымдағы дамуына қол жеткізу үшін оларға бірдей көмек береді. Ұлттар теңдігін жүзеге асыруды өзінің дәйекті саясаты етеді», деген сөздерді Синьцзяндағы мұсылман ұлттары бұрыннан қанық біледі. Бірақ қазірге дейін бұлар сол айтылған қалпы қалып қойып отыр. Бәлкім, оны тіпті де дамып, жетілдіре түскен. Бұл түрдегі жалаң үгіт-насихаттар қытайлардың ислам дін мүриттерінің діни ғұрып-әдеті мен ұлттық мәдениетіне бағытталған зорлық-зомбылығын, кемсітуін және балағаттауын ешқандай тоқтата алған жоқ.

Бұның алдында жүргізілген қанау саясатын қайтіп демократиялық саясат деуге болады? Мысалы қоғам қауіпсіздік орындары өздерінің міндетті жауапкершілігін заңға сәйкес жүргізбейді. Үкімет орындарында мұсылмандар жұмысқа орналастырмайды. Олар бірер іс жөнінде кіріптар болып алдыларына келсе, қытай чиновниктері оларды масқаралауға дайын тұрады. Барлық үкімет құжаттары (іс қағаздары) қытай жазуымен жазылады. Халық бірер іс жайында алдына келсе әлгіндей чиновниктер өркөкіректік көрсетіп олардың ісімен жұмысы болмайды. Күнәсіз халықты, әсіресе мұсылман жұртшылығының арасындағы жұрт беделділерін сотсыз-сұрақсыз қолға алып түрмеге жабады.
Біз халық өкілдері мынаны ерекше қадағалап айтқымыз келеді:


  1. Біз Шығыс Түркістан мұсылман халқы Қытай қол астына өткеннен бері осындай зорлық-зомбылықтан көз ашпай келеміз. Біз комитет бастығы Чан Кайши бас қолбасшының 1945 жылдың 24 қазанында мемлекет қорғанысы ең жоғары комитеті мен гоминьдан орталық тұрақты комитетінің бірлескен мәжілісінде сөйлеген сөздерімен жақсы таныспыз. Ол біздің қолайымызға жағады.

  2. Синьцзяндағы мұсылман халықтары жоғарыдағы нұсқауға негізделіп, өздерінде өзін-өзі басқарудың мол тәжірибесі бар деп есептейді. Сондықтан Синьцзяндағы мұсылман халықтары мүлде көп санды ұстайтын аймақтардың нағыз толық қанды автономия құқын талап етуі заңды құбылыс деп есептейді.


Жоғарыда айтылған принципке негізделіп біз мыналарды талап етеміз:


  1. Жоғарыдағы толық автономия көлемінде мұсылман халықтарынан өздері сенім артқан жергілікті қайраткерлерді әкімшілік мансапқа сайлайтын сайлау құқы берілсін.

  2. Дінді кемсіту күшінен қалдырылсын және дінге сену еркіндігі толық берілсін.

  3. Мемлекеттік әкімшілік аппараттары мен заң тарауларының іс қағаздары мұсылман халықтарының байырғы жазуымен жазылсын.

  4. Бастауыш, орта, жоғары оқу орындарында сабақ мұсылман халықтарының байырғы жазуымен оқытылсын және әлеуметтік оқу-ағарту ісі кеңінен қолға алынсын.

  5. Ұлттық мәдениет пен көркемөнердің еркін дамуына кепілдік етілсін.

  6. Баспасөз, жиналыс, сөз бостандығы берілсін.

  7. Әр халықтың іс жүзінде өндіргіш күшіне және күш-қуатына қарай, салық мөлшері белгіленсін.

  8. Саудагерлерге мемлекет іші-сыртында сауда жасау еркіндігі берілсін.

  9. Әр аймақта ұлттық армия жасақтауға жол берілсін. Осы жолғы оқиғаға қатысқан әскери бөлімдер мемлекет армиясының құрылымы бойынша өзгертілсін, бірақ ұлттық форма сақталсын.

  10. Синьцзян өлкелік үкімет құрамында Синьцзяндағы мұсылман халықтарының халық саны бойынша, олардың өкілдері болсын.

  11. Бостандық жолында күреске қатынасқан Синьцзяндағы мұсылман қайраткерлерінің өткен-кеткені қүзастырылмасын және бұдан кейін әр қандай сылтаумен оларға зиянкестік жасалмайтындығына кепілдік берілсін. Қарулы қақтығыс оқиғалары шешілген соң, бостандық үшін күреске қатынасып түрмеге жабылғандардың барлығы үш күн ішінде түгелдей босатылсын [81,170-172; 105, 25-29].

Қараша айының 15-і күні Чжан генерал осы айтылған пікір-талаптарға мынандай жауап берді:




  1. Әкімдерді халықтың сайлауына болады. Ал әкімнің орынбасары жоғары орын тағайындау керек. Өлке төрағасын халық сайлауға бола ма деген мәселеге келсек, Гоминь парламенті ата заң жариялаған соң, сол ата заңдағы белгілеме бойынша атқарылады.

  2. Үкіметтің іс-қағаздыранда қытай жазуымен қоса ұйғыр жазуы да тең қолданылады. Халықтың мекемелерге айтатын арызын мұсылмандар өз жазуында жазуына болады.

  3. Бастауыш мектепте мұсылмандар тіл-жазуы қолданылады. Орта мектептерде мемлекет тілінде оқыту жолға қойылады. Жоғары оқу орындарында қажетке қарай қытай тіл-жазуы мен мұсылмандар тіл-жазуын қатар қолдануға болады.

  4. Сауда еркіндігіне жол беріледі. Бірақ сыртқы саудада орталықтың сыртпен сауда жасау келісіміндегі белгілеме бойынша болады.

  5. Ұлттық әскери құрамалардың нақ саны алынғаннан кейін, олар тыныштық сақтау полктеріне немесе бөлімдеріне өзгертіледі. Онан қалғандары мемлекет армиясының қатарына қосылады. Полк ең үлкен орын бірлігі етіледі. Кемін жерлік адамдар есебінен толықтыруға жол беріледі. Алайда мемлекет армиясы құрамына өткен соң қай-қашанда бұйрыққа бойсынуы керек [81,172-173].

Чжан генерал соңында «бұл орталықтың ең үлкен жол беруі» дейді. Оның бұл пікірін Евсеев те қолдағандығын білдіреді. Бірақ 17-18 қараша күндері ШТР-ның өкілдерінің Чжан генералмен кездесуінде Р.Сабырхажиев «толық бостандық» (тәуелсіздік) беру мәселесін тағы да ортаға қояды. Бұл туралы Чжан генерал өз естелігінде былай дейді: «Олардың пікірі мен Гоминь үкіметінің пікірінде әлі де алшақтықтар көп еді. Сол кезде біз бір тараптан Кеңес Одағы елшісімен ұдайы кездесіп, сырттан иландыру тәсілі арқылы оларға әлі де кеңірек ойланып-толғануға мүмкіндік берсек, енді бір тараптан әр күні дерлік келіссөз жүргізіп, олардың көңіл-күйін жұмсартып, заң ережелерді түсіндірдік. Пайда мен зиянды ашық айттық. Міне, осылайша арт-артынан сарнай беріп, аузымыз кеуіп қалды. Бірақ оларда ешбір еңкейетіндей пиғыл байқалмады» [105,35].

Сонымен, ШТР-ның өкілдері 27 қараша күндері Чжан генерал қайталап ұсынған «Өзгеріс енгізілген жобаны» алып Құлжаға барды. Келесі желтоқсан айының 15-17 күндері ашылған ШТР Уақыттық үкіметінің Ұлттар құрылтайында Р.Сабырхажиев бейбітшілік келіссөзінің жағдайынан баяндама жасады. Сондай-ақ бұл құрылтайда Шығыс Түркістан Республикасы Уақыттық үкіметі дегенді «Шығыс Түркістан Республикасы» үкіметі деп өзгертті. Артынан Р.Сабырхажиевтер Үрімжіге ұшып барып, Чжан генералға «өзгеріс енгізілген жобаны» принцип жақтан қолдайтындықтарын, бірақ тағы да мынандай үш мәселені: атап айтқанда, 1 – саяси сақшыны күшінен қалдыру, 2 – «Құлжа оқиғасына» төтеп беру үшін Синьцзянға ауыстырылған әскери бөлімдерді келісімге қол қойылғаннан кейінгі бір ай ішінде түгелдей қайтарып әкету, 3 – жерлік сақшыларды мұсылмандардан қою тектес үш түрлі талапты ортаға қоя келгендіктерін айтты. Чжан генерал бұған үзілді-кесілді қарсы болды. ШТР-ның өкілдері Үрімжіге барған күнінің ертеңінде, яғни 26 желтоқсан күні осында Манчжурияның сыртқы істер жөніндегі ерекше өкілі, Чан Кайшидің ұлы Цзян Цзинго келеді. Онсызда Иевсеевтің қайта-қайта тұқыртуына ұшырап, сыртқы саяси қысымға тап болған ШТР-ның өкілдері Цзян Цзингомен арнайы кездесіп, ағымдағы кейбір нақтылы өзгерістерге көз жеткізгеннен кейін, жаңадан ұсынған үш тармақты қоя тұрып, алдыңғы өзгеріс енгізілген 2 тармақты нақтылы талқылауға келісті.

Цзян Цзинго да Евсеевпен және ШТР-ның өкілдерімен кездесуі аяқталған соң, 28 жалтоқсан күні Үрімжіден Алматы арқылы Мәскеуге ұшып кетті.

Ол Мәскеуге барудан бір күн бұрын АҚШ, Англия, Кеңес Одағы елдерінің сыртқы істер министрлері Мәскеуде мәжіліс ашып, «Қытай мәселесі жөнінде» меморандум жариялады. Онда «Гоминь үкіметінің басшылығында Қытай ынтымақтастық пен демократияға қарай бет бұруы қажет. Гоминь үкіметінің әр дәрежелі басшылық құрамына демократтарды көптеп қабылдау, сондай-ақ ішкі жауластықты тоқтату қажет»-деп атап көрсетілген. Бұл жолы Кеңес Одағы үкіметі «Қытайдың ішкі істеріне килікпеу» саясатын ұстайтынын қайталай білдірді.

Кейінгі кездері Ресей президентінің архивінен алынған деректерге негізделгенде, 1945 жылы желтоқсаннан 1946 жылы қаңтарға дейінгі Цзян Цзингоның Мәскеу сапары өте құпия жағдайда болған. Сол кезде Қытайда дипломатиялық жұмыста болған А.М.Ледовскийдің жазуынша, Чан Кайшидің өз басы бірталай жылдан бері Мәскеуге арнайы сапармен барып Кеңес-Қытай қарым-қатынастарындағы түйінді мәселелер төңірегінде кеңірек сөйлесуді қалап келген-ді, бірақ оның бұл тілегінен Кеңес Одағы ылғида жалтарып кетіп отырған. Бұл ретте де ол Кеңес Одағы тарапынан ресми ұсыныс болмаған жағдайда, өз ұлы Цзян Цзингоны жеке өкілі ретінде Мәскеуге жібереді.

Цзян Цзинго Үрімжіден аттанған күні Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігінің орыбасары С.А.Лозовский Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы И.В.Сталинге және Сыртқы істер халық комиссары В.М.Молотовқа Цзян Цзингоның келуіне орай түсініктеме дайындап, оны 29 желтоқсан күні «№ 453-Л» тіркеу белгісімен ұсынады. Онда И.В.Сталинмен және В.М.Молотовпен болған кездесу барысында Цзян Цзинго қозғауы мүмкін деген мәселелер төңірегінде түсініктеме берілген. Олар мыналар:


  1. Қытайдағы саяси дағдарыс.

  2. Манчжуриядағы жапониялық кәсіпорындарды пайдалану.

  3. Манчжурияның дамуындағы кеңестік капитал мен техникалық күш.

  4. Ішкі Монғолия мәселесі.

  5. Синьцзян жағдайы.

  6. Дальный (Далянь) порты мәселесі.

«Ішкі Монғолия мәселесінде – делінген оның төртінші тармағында – қытайлықтар Ішкі Монғолия жетекшілері мен МХР арасында белгілі бір байланыстың орнығуынан өте алаңдауда. Цзян Цзинго МХР тарабынан Ішкі Монғолияға ешқандай ықпал етпеуі турасында мәселе қоюы мүмкін. Ішкі Монғолия тұрғындары бүгінде МХР ға қарай ауытқып отырғаны белгілі».

Түсіндірменің бесінші тармағында Синьцзян жағдайы туралы былай делінген: «Цзян Цзинго Чан Кайшидің атынан Кеңес Одағынан соңғы кездегі көтерілісшілер өкілі талап етіп отырғандай кең көлемді автономия деңгейінде шешім етілмегенімен, Қытай үкіметінің қанағаттанарлық дәрежеде жол қойып отырғандығы жөнінде көтерілісшілерге ұғындырып қоюды өтінуі мүмкін. Чан Кайши ымыраға баруға дайын, бірақ қайткен де Синьцзянның билігін мұсылмандар қолына беріп қоймайды».

Айтқандай-ақ, 1945 жылы 30 желтоқсанда Цзян Цзинго мен И.В.Сталин арасындағы болған әңгімеде Цзян Цзинго Синьцзян мәселесін арнайы сөз етеді. Ол Синьцзяндағы қалыптасқан жағдайға жан-жақтылы тоқтала келіп, қазіргі кезеңде Құлжа өкілдерінің гоминьдан армяисының бір ай ішінде Синьцзяннан шығып кетуін талап етіп отырғандығын, бірақ мұның орталық үкіметтің бет-беделіне ауыр нұқсан жеткізетіндігін алға тартты. Сонда В.М.Молотов: «Немене, олар Синьцзяндағы көтерілісті жаныштауға жіберген әскерлерді алып шығып кетуді талап етіп отырған болды ғой», - дейді. Сол сәтте И.В.Сталин: «Чан Кайши Кеңес үкіметінің бұл мәселеге араласуын қалай ма?» - деп сұрайды. Цзян Цзинго «Чан Кайши Кеңес үкіметінің жарастырушы болуын қалайды» - деп жауап береді. Сталин: «Кеңес үкіметі қолынан келген барлық мүмкіндікті аямайды. Көтерілісшілер де Кеңес Одағының жарастырушы болуын кері қақпайды» - дейді, әрі Кеңес Одағының Қытайдағы елшілігі тарапынан тиісті информация алғаннан кейін үзілді-кесілді жауап беретін боламыз», [125, 103-118] деп уәде етеді.

Кеңес Одағының мұнысы шын мәнінде «килікпеу» үшін килігу саясаты еді. Әйтпесе Кеңес Одағы ШТР-ның өкілдеріне қайта-қайта жөн көрсетпеген болар еді, сондай-ақ гоминьданшылар да бәрінде Сталиннің алдына жүгініп, оның жарастырушы болуын өтінбес еді. Сондықтан «ішкі істеріне килікпеу» деген сөз халықаралық қаттамаларда ғана қағаз жүзінде қалып отыратын. Сөйтіп, Кеңес Одағының белсенді араласуында ШТР-ның өкілдерінің арыны бәсеңдеп қалды. Ол үшін бұның өзі шарасыздықтан болды. Өйткені Кеңес Одағы өз кезінде қызу қолдау білдірген ұлт-азаттық күресі тағы да сол Кеңес Одағының белсенділігімен орта жолда тоқтайды деген ой оларда болмаған-ды. Енді келіп, олар өздері өліспей беріспеуге бел буған гоминьдан үкіметімен ымыраға келіп, келіссөз өткізуге амалсыз мәжбүр болды. Соңғы есепте тағы да гоминьдан тарапының ұсыныс-пікірлері көбірек ескеріліп, «тәуелсіздік», «әскер шегіндіру» мәселелерінде бүкілдей ауыз ашпауға тура келді. Ақыры 1946 жылы 2 қаңтар күні ШТР-сы мен Гоминь үкіметі бір ресми құжатқа және бір қосымша құжатқа қол қойды. Әскери құрамаларды өзгертіп құруға байланысты тағы бір қосымша құжат кейін талқылауға қалдырылды. Төменде осы құжаттың мәтіні оқырман назарына ұсынылды. Сөз-сөйлемдері әуелгі қалпында берілді:




Ресми құжат
Орталық үкімет өкілі мен Синьцзян көтерісшілер өңірінің халық өкілдері арасында қол қойылған құралды қақтығысты бейбіт жолмен шешу жөніндегі бітім


  1. Үкімет Синьцзян халқына өздері сенетін қайраткерлерді әкімшілік мансапқа сайлайтын сайлау құқын береді. Бұл құқықты жүзеге асыру үшін төмендегідей тәртіптер белгіленді: мәселе шешілгеннен кейінгі 3 ай ішінде әр қайсы аудандардағы халық аудандық кеңестің мүшелерін сайлап, аудандық кеңесті құрады. Аудан әкімнің орынбасарын, аудандық үкіметтің бөлім бастықтарын және одан жоғары мансаптағыларды әкім өзі тағайындайды. Бұл сайлау басталғанға дейін оқиға болған аймақтардағы, аудан мен ауылдардағы қазіргі әкімшілік мансаптағылар өз орындарында істей береді. Аймақтық әкімшілік бақылау мекемесінің уәлиі (аймақ бастығы – ав.) мен оның орынбасарларын сол жердегі халық көрсетіп Өлкелік үкіметке бекіттіреді. Уәли мекемесінің қызметкерлерін уәли өзі тағайындайды. Аудандық кеңестер құрылғаннан кейін заң бойынша өлкелік кеңес мүшелері сайланып, өлкелік кеңес құрылады. Олар халық еркіне өкілдік етіп, өлкелік үкіметті бақылайды және оған көмектеседі. Ата заң жарияланудан, жалпы сайлам тұрақтанудан ілгері, Өлкелік үкіметті қайта құру әдісі 9- шы тармақтағыдай болады.

  2. Үкімет діндік кемсітуі жояды, сондай-ақ халыққа дінге сену тұрғысынан толық еркіндік береді.

  3. Мемлекеттің әкімшілік аппараттары мен заң аппараттарының құжаттарында Қытай және ұйғыр тілдері тең қолданылады. Халықтың үкімет орындарына жазған хатында жеке өз ұлтының тіл-жазуын қолдануына жол беріледі.

  4. Бастауыш, орта мектептерде өз ұлтының тілінде сабақ өтіледі, бірақ орта мектепте қытай тілі міндетті түрде өтіледі. Жоғары оқу орындарында оқыту қажетіне сай, сабақ өтуде қытайша мен ұйғырша қатар қолданылады.

  5. Үкімет ұлттық мәдениет пен көркемөнерді еркін дамытуға мүмкіндік береді.

  6. Үкімет баспасөз, жиналыс өткізу, сөз сөйлеу бостандығын береді.

  7. Үкімет халықтың ісжүзіндік өндіргіш күшіне сай, сондай-ақ оның мүмкіндігін көзде ұстай отырып, салық нормасын белгілейді. Халық үкіметке деген экономикалық жақтағы міндеттемесін айқын танып, ауыртпалығын өзі көтереді. Бірақ мұндай ауыртпалықтың мөлшері халық тұрмысы мен шаруашылығын дамытуға кедергі болмауы ләзім.

  8. Үкімет саудагерлерге ел ішінде және халықарада еркін сауда жасау бостандығын береді. Бірақ шетелдермен сауда жасайтын саудагерлер Орталық үкімет пен шетел қол қойған сауда шарттарындағы белгілемелерге бойсұнуы керек.

  9. Синьцзян өлкелік үкіметінің құрамын Орталық үкімет толықтайды. Оның бюро мүшелерінің саны 25 адам болады. Өлкелік үкіметтің бұл 25 мүшесінің 10-ын Орталық тікелей белгілеп жібереді. Қалған 15-ін жергілікті жерлердегі халық өкілдері көрсетіп, орталық тағайындайды. Орталық тікелей белгілеп жіберген 10 бюро мүшесінің ішінде төраға, бас хатшы, халық істер меңгермесінің (департаментінің) бастығы, финанс меңгермесінің бастығы, әлеуметтік істер басқармасының бастығы, оқу-ағарту меңгермесі бастығының орынбасары, денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары және арнаулы екі бюро мүшесі болады. Аймақтардағы халық өкілдері көрсетіп, Орталық тағайындайтын 15 бюро мүшенің ішінде өлекелік үкімет төрағасының екі орынбасары, бас хатшының екі орынбасары, оқу-ағарту меңгермесінің бастығы, құрылыс меңгермесінің бастығы, денсаулық сақтау басқармасының бастығы, халық істері меңгермесі бастығының орынбасары, финанс меңгермесі бастығының орынбасары және арнаулы алты бюро мүшесі болады. Қалғандары туралы қосымша құжаттан (1) қараңыз.

  10. Ұлттық армия құруға жол беріледі. Мұның адамдарын ислам дініндегілермен толықтыру басты принцип етіледі. Бұл армия осы жолғы оқиғаға қатынасқан әскери бөлімдерден мемлекет армиясының штаты бойынша өзгертіледі. Аталмыш армияның адам саны мен тұратын орны айырым талқыланып, қосымша нұсқа (2) етіліп, қол қойылғаннан кейін күшіне ие болады. Ұлттық армияның жаттығуы мен бұйрықтарында (командаларында) ұйғырша мен қазақшаны қолдану принцип етіледі. Бұл армияның әр дәрежелі командирлері бұрынғы мансабын сақтап Командирлер мектебіне барып білім толықтайды және қажетті әскери тәлім-тәрбие алады. Бұл армияның тәлім-тәрбиесіне көмектесетін тәрбиешілер жіберіледі. Орталықтың Синьцзяндағы әскери бөлімдері бұл армиямен бір жерде тұрмайды, сондай-ақ өзара достық қарым-қатынасты сақтайды, бір-біріне жаулық көзқараста болмайды. Қалғанын қосымша құжаттан (2) қараңыз.

  11. Оқиға туылғаннан қазірге дейін екі тарап қолға алған қайраткерлерді оқиға шешілгеннен кейінгі 10 күн ішінде босатуға тиіс, әрі алдағы жерде әр қандай себептермен оларды жәбірлемеуге кепілдік етеді.

Орталық үкімет өкілі: Чжан Чжичжун

Халық өкілдері: Әбілқайыр төре

Ахметжан Қасыми
Үрімжі.

Чжунхуа миньгоның 35 жылы 1 қаңтар.



Қосымша құжат (1)
Орталық үкіметтің өкілдері мен Синьцзянның көтеріліс болған өңірлеріндегі халық өкілдері қол қойған «Қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешу жөніндегі бітімнің» 9 тармағында белгіленген Синьцзян өлкелік үкіметін құрудың әдісі жөніндегі тармақшаға екі жақтың келісімімен төмендегідей қосымша белгілеме қосылды:

  1. Әр қайсы аймақтың өкілдері көрсетіп, Орталық тағайындайтын Өлкелік үкіметтің 15 бюро мүшесінің 6-сын оқиға туылған үш аймақ көрсетсе болады.

  2. Осы 6 бюро мүшенің ішінде төрағаның бір орынбасары, бас хатшының бір орынбасары, оқу-ағарту меңгермесінің бастығы, немесе құрылыс меңгермесінің бастығы, халық істер меңгермесі бастығының орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының бастығы немесе әлеуметтік істер басқармасы бастығының орынбасары және арнаулы тағайындалатын 1 бюро мүшесі болады.

  3. Қалған үш аймақ 9 мүше көрсетеді. Оның ішінде төрағаның бір орынбасары және орталық тікелей белгілеген, жоғарыдағы үш аймақ көрсеткен адамдардан басқа, бір меңгерме бастығы, бір басқарма бастығы немесе басқарма бастығының орынбасары, бас хатшының бір орынбасары және арнаулы тағайындалатын 4 бюро мүше болады.

Орталық үкімет өкілі: Чжан Чжичжун

Халық өкілдері: Рахымжан Сабырхажиев

Әбілқайыр төре, Ахметжан Қасыми
Үрімжі

Чжунхуа миньгоның 35 жылы 2 қаңтар [105, 41-45]


Сонымен ШТР-ның өкілдері өздерінің тағдыр-тәлейіне байланысты тарихи құжатқа қол қойды. Ал генерал Чжан Чжичжун 3 қаңтарда Чан Кайшидің шұғыл шақыруымен Чунцинге жүріп кетеді, әрі бара сала қол қойылған ресми құжат пен қосымша құжатты (1) Чан Кайшидің көріп шығуына ұсынады. 7 қаңтар күні Чан Кайши оның құрметіне Гоминь үкіметінің жоғары шенді партия, үкімет мансаптыларын қонақасыға шақырып, дастарқан басында одан ресми хал сұрайды. Онан соң көп өтпей гоминьдан VI-шы кезекті орталық комитетінің екінші жалпы мәжілісі болып, онда Чжан Чжичжун Синьцзян мәселесі жөнінде арнайы баяндама жасайды. Ол бұл баяндамасында Синьцзянның тарихи-жағрапиялық орны мен ондағы тұрғылықты ұлттардың жағдайы және Кеңес Одағымен болған түрлі саладағы қарым-қатынастары туралы, Орталық пен Синьцзянның қарым-қатынасында өмір сүріп отырған түрлі келеңсіздіктер жайлы жан-жақтылы тоқталады әрі оны шешудің тиімді жолдарын алға тартады. Гоминьдан үкіметінен ылғида өз мүддесін көздеу пиғылынан безіп, Синьцзяндағы тұрғылықты ұлттардың саяси-экономикалық мүддесімен, ұлттық ерекшеліктерімен, тарихи-жағрапиялық өзгешелігімен кеңінен санасуды, сондай-ақ олармен бүкпесіз ашық сөйлесуді талап етіп, сонда ғана нағыз автономия мен ұлтаралық татулықты, елдің тұтастығын сақтап қалуға болатындығын ескертеді.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет