Қазақ тілі пәнінен 10 сынып оқушыларына арналған нөлдік бақылау тапсырмалары
Білім алушының аты-жөні__________________________________
Мәтінді түсініп оқыңыз. Төменде берілген тапсырмаларды орындаңыз.
Әлия Нұрмұханбетқызы Молдағұлова Ақтоөбе облысының Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында 1925 жылы маусымның 15-інде дүниеге келген. Нұрмұханбет – жаны сергек, қажырлы, ер мінезді, сөзге шебер, ат ұстап, ит жүгірткен сері болмысты, намысшыл жігіт болса керек. Анасы Маржан – ақ құба, көзі аялы, ажарлы, мінезі өткір адам болған.
Әке-шешесінен айрылған Әлия сегіз жасынан бастап нағашы ағасы – Әбубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленеді. Әбубәкір бұл кезде Түрксібтің №4 пайдалану аймағында қызмет еткен. Ақтөбедегі губерниялық кеңес партия мектебін, Ташкент университетін бітірген Әбубәкір Әлияның және Әлиямен тұрғылас қарындасы Сапураның білімді, есті болып өсуіне ықыласты болған. Нағашы әжесі Тәжікен мен жеңгесі Сән екі қызды егіз қозыдай етіп өсірген. 1933 жылы нағашысы Әбубәкірдің отбасы Әулиеата станциясына (қазіргі Тараз қаласы) көшеді. Аумақтық темір жолда қызмет еткен Әбубәкірдің үй іші теміржол вокзалы жанындағы үйлердің бірінде тұрыпты.
Дәл осы жылы Әлия Молдағұлова мен Сапура теміржол мектебінің есігін ашқан. 1935 жылы Әскери-көлік академиясына оқуға түскен Әбубәкірдің отбасы Мәскеуге көшіп барды. Әлия Молдағұлова №163 мектепке қабылданады. Әскери Академия Ленинградқа ауыстырылған соң, Әлияның өмірі Ленинградта жалғасады. Үш баласы, әйелі мен туыстары тар үйде тұрып жатқандықтан, Әбубәкір Әлияны бесінші сыныпты бітірген соң, жиенінің өз өтініші бойынша, Гурдин көшесінде орналасқан №46 балалар үйіне орналастырады. Оның тәрбиеленушілері №140 мектепте оқитын. Әлия мектепте үздік оқып қана қоймай, тұстастарының көшбасшысына, өзінен кішілердің жетекшісіне айналады. Сол жылдары ең үздіктер ғана жіберілетін Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдамаға ие болады.
Ұлы Отан соғысы кезінде қоршауда қалған Ленинград тұрғындарының адам төзгісіз ауыртпалығын Әлия Молдағұлова да көтеріседі. Соғысқа баруға сұранған өтінішті Әлия Молдағұлова 1941 жылғы маусымның 22-сі күні, соғыс туралы суық хабар жарияланған күні жазыпты. Әлияның құрбыларының айтуынша, ол окоп қазуға да белсене қатысады, ағаштан тұрғызылған үйлерді отынға бұзудың ортасында жүреді, невадан су тасиды, әлсіздерге көмектеседі, кішкентайларға өзі жартымсыз азықтық үлесін бөліп береді.
1942 жылғы наурыздың 24-інде балалар үйі Ладога көлінің үстімен өтетін әйгілі «Өмір жолы» арқылы Ярослав облысындағы Вятское селосына көшірілген. Әлия Молдағұлова осы жылы 7-сыныпты бітіріп, Рыбинск авиация техникумына түседі. Оған тек үздік оқығандар ғана жіберілетін. «Бітірушілердің бәрі тігін фабрикасына кетті, - деп жазды кейін құрбыларының бірі, - тек Әлия Молдағұлова мен екі қыз техникумға түсті». Қалалық комиссариатқа үздіксіз жазған өтініштері ақыры қабылданып, Әлия әскер қатарына алынады. Орталық комитеттің бастамасымен мергендер әзірлейтін әйелдер курсы ашылған-ды, Әлия Молдағұлова осы мектепке қабылданады. "Оны қабылдағысы келмеп еді, бойы аласа, өзі нәзік әрі өте жас дескен. Лия айтқанынан қайтпай, ақыры дегеніне жетті", - дейді Әлиямен бірге оқыған құрбысы.
Майданда ерліктің үлгісін неше мәрте көрсеткен Әлия Молдағұлова 1944 жылғы 14 қаңтарда Казачиха селосы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапты. Оның соңғы ұраны ана тілінде тасталған:
«Алға, бауырлар, Отан үшін алға!». «Ол батальонды ғана емес, бүкіл дивизияны үлкен қатерден сақтап қалды», - дейді Әлияның командирлері.
Әлия Молдағұлова – аты аңызға, ісі эпосқа айналған ерлердің кіндігін кескен Ақтөбе өңірінің перзенті. Қарақыпшақ Қобыландының, Асан қайғы мен Абат батырдың, Есет батыр мен Әйтекенің, Әбілқайыр мен Бөкенбайдың, Ботагөз ару мен Исатай-Махамбеттердің, Асау мен Барақтың, Мөңке би мен Әжібай бидің рухы сіңген топырақ-құнардан өніп шықты. Бұл – қасиетті қазақ жерінің қай тұсында да бар құнар. Рухтың құнары. Әлия Молдағұлова ерлігі, Әлия Молдағұлова болмысы – ұлт рухының сақталу заңының кезекті көрінісі. Асқақ, аяулы көрінісі.