Қазақстан археологиясы


Қала мәдениетінің трансформациясы: дәстүр мен инновация



бет26/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

Қала мәдениетінің трансформациясы: дәстүр мен инновация. Муканна көтерілісі талқандалғаннан кейін Мауераннахрда ислам діні біржола орнықты. Мамун уәкіл болған кезде ол Орта Азия үшін мемлекеттің тірегіне айналды. Орта Азиялық қызмет атқарушы шонжарлар халифтер сарайында барған сайын зор рөл атқарды. Орта Азия мен Таяу Шығыс жедел жақындаса бастайды. Осының бәрі халифатқа қараған түрлі халықтар мәдениетінің елеулі бірлігінің орнауына себепші болып тұра алмайды.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу бұл үрдістен шет қалмады. Сырдарияның орталығы да, Жетісу халифаттының құрамына кірмегенімен, араб халифатының, ал содан соң Саманилер мен Қарахандар мемлекетінің саяси, экономикалық және мәдени қатынастары аясына тартылуы сияқты, Орта Азиядан біршама кейіндеп қалса да, олардың мұсылмандануы едәуір жедел жүріп жатты.

Сол кезде қала жағдайы өзгереді. Бірінші кезекте ҮІ-ҮІІІ ғасырларда болғандай, қала феодалдың ордасынан әкімшілік орталыққа, мемлекет өкілі болып табылатын билік ордасына айналды. ІХ ғасырдың басына қарай қаланың елеулі өзгерістерсіз бүкіл ортағасырлар бойы тіршілік еткен үлгісі қалыптасты.

Қала мәдениетінің дамуында жаңа дін – ислам маңызды рөл атқара бастады. ҮІІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың орта кезін сипаттайтын дерек көздері Оңтүстік Қазақстан халқы исламдана бастағанын баяндайды. 840 жылы Нұқ ибн Асад Испиджабты бағындырады. Оның бауыры Ахмет ибн Асад Шауғарға жорық жасап, бірнеше мыңдаған адамдарды ұрып-соғады. Жаулап алу соғыстары ислам дінін таратуға бағытталған еді.

766 жылы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда саяси билікті басып алған қарлұқтар ислам мәдениетінің ықпалына түскен болатын. Олар ислам дінін Махди халиф тұсында қабылдаған деген пікір де бар. Бірақ бұл олардың шағын бөлігіне қатысты болса керек, себебі 893 жылы Исмайл ибн Ахмет Таразды басып алып, «бұл қаланың бас шіркеуін мешітке айналдырды».

Х ғасырдың басында қарахандар әулетінің негізін қалаушы Сатұқ ислам дінін қабылдады, ал оның ұлы Боғра-хан Харун б. Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Мұсылман діні бірінші кезекте қалаларда таралды. Ибн Хордадбек Фарабтың бас қаласы Кедердегі мұсылман топтары туралы айтады. Ибн-Хаукаль Фараб, Кенже мен Шаш аралығында көшіп жүрген мұсылман түріктер туралы хабарлайды. Әл-Макдиси Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың Х ғасырдың аяғындағы қалаларын атай келіп, мешіттерді қалалардағы міндетті құрылыстардың бірі ретінде атайды.

Исламның таралуымен қатар қала халқы арасында пұтқа табынушылық әлі де сақталады. Зерттеушілер Орта Азия халықтары үшін ислам олардың рухани-діни түсініктерін толық ығыстырып шықпағанын атап өтеді. Мұны археологиялық материалдар да нақты дәлелдеп отыр.

Сырдария аймағында ертедегі уақыттан бері қойға табыну аңғарылатыны туралы бұрын да жазылған. Бұл бейне зороастрлық фарнға (құтқа) байланысты. Түрлі халықтарда фарн таяу кезге дейін асқан береке-байлық, бақыт, денсаулық, қаскөй күштерден қорғаныс және үй-ішінің гүлденуі рөлін атқарып келгені мәлім. Отырықшы ортада да бұрынғысынша ертедегі орта ғасырларда атап өтілген отқа табыну таралды. Ертедегі діни наным дәстүрлері Жетісуда ерекше күшті болды. Онда исламның таралуына қарамастан, бұрынғысынша зороастризм, несториандық түсініктегі христиан діні, буддизм сақталып қалады. Халық арасында шаманизмнің және басқа ертедегі түріктер діндерінің дәстүрлері күшті болды. Несториандықтың таралғанын несториандық жазулары бар қайрақтардың табылуы да дәлелдейді, бұл моңғолдар келгенге дейінгі уақытқа жатқызылады. Х ғасырда Жетісуда манихей дінінің көзқарасы күшейді.

Мұсылман қаласы мәдениетінің қалыптасуында із қалдырған ертедегі дәстүрлердің сақталуын айта келіп, зерттеліп отырған аймақтың ІХ-Х ғасырлардағы қалық және көшпелі мәдениетті Шығыс мәдениетінің біртұтас тізбегіндегі буындардың бірі болғанын тағы бір атап көрсеткен жөн.

ХІІІ-ХV ғасырдың бірінші жартысындағы қала мәдениеті
Қалалар санының азаюы, Жетісуда қала мәдениетінің күйреуі. ХІІІ-ХV ғасыр бірінші жартысында Оңтүстік Қазақстандағы қалалар саны 22-ге дейін, ХІV ғасыр екінші жартысы мен ХҮ ғасыр бірінші жартысында 16-ға дейін қысқарды. ХІІІ ғасырда Талас Алатауының беткейіндегі қалалар қаңырап қалды, тек Сайрамда ғана адамдар тіршілік етіп жатты. Арыстың орта ағысындағы Кенжемен салғасытырылатын Шортөбе қаласында, Отырар оазисіндегі – Отырар, Құйрықтөбе, бұрынғы Бұзық пен Весидж аталған Шілік пен Зернук қалаларында да адамдар өмір сүрді.

Сырдарияның орта ағысындағы ауданда жағдай біршама жақсы еді. Мұнда оазистің жаңа орталығы Ясы өркендеп, бұрынғы астана Шауғар құлдырай бастайды. Жаңа жерге көшірілген Қарашық, сондай-ақ Қарнақ, Шаға, Иқан қалаларында да адамдар өмір сүріп жатты. Сауран қаласы да өз орнын алмастырады, оған қазір дәл осылай аталатын қалажұрты сәйкес келеді. Сырдарияның сол жағалауындағы Артық-ата қаласы қаңырап қалғанымен, қасынан жаңа қала Бұзоқ бой көтереді, ал Шашпен шекарадағы Сүткентте адамдар әлі де өмір сүріп жатады. Шапқыншылыққа қарамастан Сығанақ пен Ашнас қалаларында өмір қайтадан жалғасын табады, осы кезде Үзгент пен Баршынкент тіршілігімен белгілі болса, ал Аққорған қаласы алқапқа кеңінен танымал бола бастайды.

Қаратаудың солтүстік беткейіндегі қалалар жақсы жағдайда болды. Паркент (Берукет), Соғылкент, Құмкент, Ұрсоған, Созақ қалалары дерек көздері бойынша да жақсы танымал.

Жалпы алғанда ХІҮ ғасыр ортасындағы Оңтүстік Қазақстан қалалары белгілі дереккөздері бойынша төртке (бірқатар атаулар дереккөздері бетінде аталмайды, бірақ бірнеше жаңа атаулар пайда болады), ал ХҮ ғасыр ортасына қарай қалалар саны толыққанды суреттелінеді, олар екі есе қысқарған болатын.

Қалалардың саны ғана емес, осының алдында олар алып жатқан аумақ та қысқарады. ХІІІ-ХV ғасыр бірінші жартысындағы қалалар ауқымын дәл анықтау мүмкін емес, себебі бұл уақыттағы мәдени қабаттар кейінгі қатпарлармен жабылып қалған, бірақ көрсетілген уақытқа дейін өмір сүрген қалалардан мұндай мәліметтер алынған. Мәселен, Құйрықтөбе 30-дан 8 га-ға, Бұзық-Шілік 17,7 га-дан 12,7 га-ға, Құмкент 11,3 га-дан 23,5 га-ға, Баба-Ата 20 га-дан 12,6 га-ға кішірейген. Қарашық көлемі екі есеге азайды. Сүткент ауданы да қысқара түседі.

Бірақ Масудбектің реформасынан кейін ақшамен саудаласу өркендегендігі, Отырар, Кенжеде, Сайрам, Сығанақ қалаларының гүлдене бастағанын айғақтайтын фактілер де бар. Археологиялық мәліметтер бойынша Отырар ХІІІ ғасыр соңында моңғолдарға дейінгі кезеңдегі бұрынғы аумағының шегіне жеткен. Бұрынғы шекарасына Сығанақ та жетеді, жаңа Сауран аумағы 44 га жерді құрайды. Сөйтіп, қалалық тұрмыс-салттың жалпы құлдырауына қарамастан, ірі қалалар қайтадан қалпына келіп қана қоймай, ірі саяси (Сығанақ, Сауран) және сауда-экономикалық (Отырар, Кеңжиде) орталықтарға айналды.

Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалық мәдениет үшін ауыр жағдай қалыптасқандығын жазба дерек көздері мен археологиялық материалдар айғақтап отыр. ХІІІ ғасырда мұнда шапқыншылық қарсаңындағы белгілі 27 қаланың 10-ы ғана, ХІV ғасырда 7-уі, ал ХV ғ. бас кезінде 5-уі қалды. Қалашықтар саны 40-тан 14-ке, кейін 10-нан 4-ке дейін азайды.

Қалалық өмірдің жалпылама аясында Тараз бен Жаңа-Талас (Янги-Талас) қалаларынан аздап өркендеу байқалды. Тараздағы мәнет сарайы Жаңа (Янги) мәнетін қарқынды түрде шығара бастайды.

ХІІІ ғасыр бірінші жартысы Солтүстік-Шығыс Жетісу қалалары үшін біршама жайлы болды. ХІІІ ғасыр ортасындағы дереккөздерінде төрт қала мен бір қоныс аталады. Бұл уақыттарда дерек көздерінде Тальхиз (Талхир) мен Лабан аталмайды. Рубрук мәліметі бойынша Лепсі қаласымен салғастырылатын «Несториандық қоныс» пен Көктума қаласымен сәйкестендірілетін «Облыс орталығы» белгілі болған. Гайтон 1 жолында Үшарал қалашығымен салғастырылатын Иланбалық қаласы аталған.

Сегіз қаладан ХІІІ ғасырға жататын мәдени қабат анықталғанымен, олардың тек үшеуінде ғана ХІV ғасыр бас кезіне дейін тіршілік жалғасын тапқан-ды.

Сонымен, ең алдымен археологиялық материалдарға сүйеніп, ХІV ғ. бас кезінде Солтүстік-Шығыс Жетісудағы қалалық мәдениет күйреген деуге болады.

Қала құрылыстары, жаңа үлгідегі тұрғын үйлердің қалыптасуы. Қаладағы құрылыстар жөніндегі, қала махалласының сипаты, қоғамдық құрылыстар және де жаңа үлгідегі тұрғын үйлердің тұрғызылуы жайлы мәліметтерді Отырар, ішінара Бұзық қала-жұрттарының қазба жұмыстары көрсетіп берді.

ХІІІ-ХV ғасыр бірінші жартысындағы қазақстандық қалалардағы дәстүрлі құрауыштар (компоненттер) қатарына бұрынғыдай моншалар да кірді. ХІІІ ғасыр соңғы ширегі мен ХV ғасыр бас кезіне жататын олардың бірі Отырардан қазылды. Ол оңтүстік қақпадан 200 м батысқа қарай, су қоймасының жағалауында, ХІ-ХІІ ғасырлардағы моншаның орнына соғылған. Жоспардағы бағыттары бұрынғыдай солтүстік-батыс жақта емес; оған келушілер оңтүстік-шығыстан кірген.

Монша тік бұрышты құрылыс, оның айқыш (крест) тәрізді жоспары айқын аңғарылады. Оның екі кезеңде салынғандығы анықталды. Алғашқыда монша аумағы сыртқы қабырғасынан есептегенде 13,5х16,5 м болған. Бұл кезде орталық залдың аумағы 22 шаршы метр еді, қалған бөліктері суға арналған цистерна бөлмесін есептемегенде аумағы 7,2 шаршы метр болды.

Монша 10 бөлмеден тұрды, оған киім шешетін (лөңгіхана), бу және массаж бөлмесі қызметін атқарған екі бенуарлы орталық зал, жуынатын – ыстықхана мен суықхана бөлмелері кірген. Ол су қоймасынан жер асты галлереясымен келген құбыр арқылы сумен қамтамасыз етілген. Су құбыры суық және ыстық суға арналған цистерна тұрған бөлмеге тартылған. Мұнда төрт резервуар болған. Бірнеше бөлікке бөлінген олар өзара біріккен ұзын цистерна түрінде. Бұлардың неге арналғандығын ибн Синаның айтқан «адамдар шомылғанда бірнеше ерітінді пайдаланды» деген мәліметі кеңінен түсінуге мүмкіндік береді. Кейбіріне өсімдік, күкірт, күлді қайнатып алса, басқаларына ол темір, тұз, кварц, тотияйын қосылған деп көрсетеді.



Қала бекіністері. Жазбаша деректемелердің мәлімдеуіне қарағанда, моңғолдар қаланы басып алған соң, бірінші кезекте оның бекінісін қиратып отырған. Отырардың дуалдары мен қамалының толық тасталқан етілгені анықталды, Сығанақ пен Ашнастың да тағдыры осындай болған. Моңғолдар қалалардың бекініс ретінде қайта өрлеуіне кедергі жасады. Марко Поло былай деп жазған: моңғолдар кезінде «әскердің кіруіне кедергі жасай алмауы үшін қалалардың дуалдары мен қақпалары болуына рұқсат етілмеген. Осылайша ауыздықталған халықтар тынышталады және теріс мінез көрсетпейді». Сондықтан қалалар кейіннен біртіндеп қана дуалдармен қоршала бастады.

Отырарда қаланың жаңа дуалы ХІІІ ғасырдың аяғы мен – ХІV ғасырдың басында ғана салынды. Дуал түбінің ені 4,8 м, сыртындағы сақталған биіктігі 2 м, ішкі жағынан - 3,2 м. Қабырғаларының жалпы биіктігі 2 м-ден 3,5 м-ге дейін өзгеріп отырады. Дуалдың 400 метрге жуық тазартылған сыртқы көрінісі - қала жұртының бірде төбесіне көтеріліп, бірде төменге қарай иретіле түскен сызық болып табылады. Оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бұрыштарында шығыңқы сипаттағы мықты жартылай шеңбер түріндегі мұнаралар болған. Дуалдың түбінен брустверіне дейінгі ең жоғарғы биіктігі – 6,1 м. Ол ІХ-ХІ ғасырлардағы дуал блоктары мен төселген күл-қоқыс қабатына негізделген. Отырардың айналасындағы дуалдың тұрғызылған уақытын, тегінде, Жошы және Шағатай ұрпақтарының арасында ХІІІ ғасырдың аяғында Сырдария қалалары үшін күрестің күшеюі кезеңімен байланыстырған жөн. Қалаларға бекініп алған Шағатай ұрпақтарының оларды қорғауды ойластырғаны сөзсіз және Отырармен, тегінде, басқа қалалардың да дуалдарын салуды нақ осында Шағатай ұрпақтарының орнығуымен байланыстыруға болады деген ой келеді. Уақыт жағынан бұл қаланың экономикалық өрлеу кезеңіне де сәйкес келеді.

ХІІІ ғасырдың екінші жартысы - ХІV ғасырдың бірінші жартысында қалалық тұрғын үйдің жаңа үлгілері пайда болады. Біріншісіне бір орталыққа орналасқан шағын ауласы бар екі немесе үш камералы үйлер жатады. Үйлердің екінші үлгісіне қиылысатын орталыққа орналасқан төрт жайдан тұратын тұғын үй жатады. Бұл крест (айқыш) тәрізді немесе төрт бөлікті схема, онда үй шаршы сияқты жоспарлы болады, ал қоймалар ауланың немесе тандыры бар тұрғын бөлменің сол және оң жақтарына орналасқан. Үшінші үлгісіне екі немесе одан да көп бөліктері бар үйлер жатады. Үйдің әр бөлігі екі немесе үш жайдан тұрады, олардың біреуі міндетті түрде тұрғын жай болады.

Тұрғын үйлер интерьерінде елеулі өзгерістер байқалады. Қабырғаларды жағалатып «г» немесе «п» тәрізді етіп салынған енсіз сыпалардың (сәкілердің) орнына бөлменің көп бөлігін алып тұраты сыпалар келеді. Тандыр алдындағы әдетте кірпіш төселетін шағын алаңша еден деңгейін анықтайды. Бөлменің ортасында сыпаның шетінде сыланған кеспелтек ағаштың, бөрененің, кірпіш тағанның, тас тұғырдың болуы үй төбесінің бөлме ортасында тұрған бір ағаш діңгекпен тіреліп қойылғанын көрсетеді. Оның алдындағы уақытта таралған төрт тіреуішпен жабу жойылады.

Тандыр әмбебап ошақ міндетін атқарады. Ол жылыту құралы және тамақ дайындап, нан пісіруге арналған ошақ болды.

Оларға сыпадан қабырғаға дейін жалғасқан түтін жүретін мұржа – «кан» салынды.

Сонымен, ХІІІ-ХV ғасырдың бірінші жартысында қалалық тұрғын үйдің жаңа үлгілері қалыптасатынын олардың анфиладалық және крест (айқыш) түрінде жоспарланған екеуінің алдыңғы уақытта ұқсас үлгілері болғанын атап өту керек. ХІ ғасырдың екінші жартысында тұрғын үйдің осы екі үлгісінің пайда болуы қалада отырықшыға айналған түрік этносымен байланыстырылғанына назар аударған жөн.

Қалалар функциясы. Жазбаша хабарламаларда Шығыстың, Орта Азия мен Қазақстанның орта ғасырлардағы қалаларындағы қолөнердің ұйымдастырылуы туралы мәліметтер аз. Ұсақ тауарлы өндіріспен қатар, натуралдық өндіріс те сақталып, ол қазынаның шеберхана - қарқанда шоғырланды. Отырар шеберханалары бірінші кезекте дербес тауар өндіруші - үйінің жанындағы өз шеберханасында жұмыс істейтін құмырашының жеке өндірісі туралы түсінік береді. Қаланың орталық бөлігінде де, құмырашылардың жеке қоныстары мен махаллалары бар қала іргесінде де қолөнердің шоғырланғаны байқалады. Шеберханалардың өздерінің орналасуында бірнеше ғасырлар бойындағы сабақтастық аңғарылады, мұның өзі қолөнер мен өндірістің өзіне өнімінен – керамикадан жақсы байқалатын дәстүрлі сипат берді. Қолөнершілер арасындағы мүліктік бөлініс те байқалып отырады. Бұл шеберхана көлемі, пештер саны, баспана интерьеріне қолданылған күйдірілген кірпіштер сипатынан да көрінеді.

Қалада қолөнершілердің цехтық ұйымдарының болуы туралы әңгіме күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Орта Азиядағы цехтар туралы алғашқы айтылған сөздер ХІV-ХV ғасырлардағы деректемелерден кездестірілді. Алайда, А.Ю.Якубовскийдің пікірінше, Орта Азия қалаларының қолөнершілері Х ғасырдың өзінде-ақ цехтарға біріккен.

Отырар шеберханаларының қазба материалдары мұнда серіктестіктер де, цехтық бірлестіктер де болған деп жорамалдауға негіз береді. Отырар шеберханаларында өндірілетін керамика өніміне, негізінен алғанда ақаулы және сынған керамика толтырылған шұңқырлардан алынған керамикаға, сондай-ақ бірқатар жағдайлар бойынша сапалы жағдайына жеткізіле күйдірілмеген; әшекейленген, бірақ күйдірілменген; күйдіру қуыстарындағы керамикаға жасалған талдау шеберлердің мамандануы туралы айтуға мүмкіндік береді. Зерттеушілердің пікірінше бұл моңғол шапқыншылығына дейін-ақ болған жайт.

Кірпіш күйдіретін пештер мен шеберханалар санының көп болуы құрылыс жұмыстарының кеңінен құлаш жайғанын дәлелдейді.

Моңғолдар кезі мен моңғолдардан кейінгі кезде қола айналар өндірудің едәуір ұлғайғаны байқалады. Айна жасайтын жаңа орталықтар Орта Азияда да пайда болады. Сондай орталыққа Отырар да айналған сияқты.

Суреттеліп отырған уақытта күмістен жасалған бұйымдар өндірісінің технологиясымен, әшекейлердің түр-түрімен және сипатымен байланысты мәселелер үшін Отырардың ХІІІ ғасырдың 60-жылдарында жасалған деп саналатын күміс заттардың көмбесі зор ынта-ықылас туғызады. Көмбеден табылған зергерлік бұйымдардың бір бөлігін Оңтүстік Қазақстан қалаларының қолөнершілері жасаған. Бұлар - түп негізі ХІ ғасырдың өзінде-ақ Оңтүстік Қазақстан, Жетісу аудандары мен Орта Азияның солтүстік аудандарынан мәлім орама тәрізді білезіктер. Білезіктерді дайындаған кезде түрлі сипаттағы күміс шанышқылар мен ширатпалар пайдаланылған. Отырардың жылтыр білезіктері күміспен, бірақ неғұрлым жоғары сапалы күміспен қапталған дөңгелек күміс кесегінен жасалған.

Қалаларда бұрынғысынша түрлі түске құбылып тұратын жасыл, көк, көгілдір, қызыл, сары және қою-қошқыл шыныдан ыдыстар жасау дамыды. Бұйымдардың түр-түрі едәуір көп, олар қақпақтар, тостағандар, болкалдар, рюмкалар, графиндер. Бұйымдардың бір бөлігі қалыпқа келтіріліп үрлеу кезінде жасалатын басу, шеңберлер, ромбылар түрінде бедерлі өрнекпен әшекейленген, бақа біреулері пісірілген талшықтардың, нақ өзіндей немесе басқа түсті шиыршықтардың, қайырмалардың арқасында неғұрлым әдемі көрінеді. Шыныдан әшекей заттар – көз салып безендірілген білезіктер, түрлі-түсті шыны талшықтарынан жасалған білезіктер, моншақтар, ұсақ моншақтар дайындалған.

Қалаларда Қазақстан қалаларына тән дәстүрлі сүйек ою кәсібі дамыған. Олжалар арасында дөңгелек өрнекпен безендірілген пышақ саптары, түймелер мен қарсы ілгектер бар. Жылқы мен сиырдың ұзын сан жіліктерінің сүйектерінен – жүн өңдеуге арналған жылтыратқыш, қой мен ешкінің жұқа сүйектерінен біз бен түйрегіш жасалған. Үй жануарлары мен жабайы хайуандар - киіктің, қарақұйрықтың, бұғының мүйіздері шикізат ретінде пайдаланылған.

Тастан диірмен, әр түрлі шой балғалар, келсаптар, сүргілер, қайрақ тастар дайындалған. Өкінішке қарай, тоқыма кәсібін, кілем тоқу ісін және басқа да қала қолөнерін дәлелдейтін айғақтар аз сақталған, бірақ олардың дамығаны даусыз. Мысалы, қала тұрғындарының үйлерінен табылған мақта қашақтарын, ұршықбастарды тоқыма кәсібінің дамуын көрсететін дәлел ретінде пайдалануға болады.

Сауда және керуен жолдары. Моңғолдар жаулап алған кезде қалалардың талқандалуы, егіншілік алқаптары мен дала өңірінің қаңыратылып тасталуы қала мен оның төңірегінің, қала мен даланың саудасына теріс әсер етті. Алайда, халықаралық сауда жолдары жұмыс істей берді. Қытай мен Моңғолияны Орта Азиямен, Орта және Таяу Шығыспен, Еуропамен жалғастырып жатқан Жетісу жолында бұрынғыдай жүргіншілер көп болды. Еуропаны Азиямен жалғастырып жатқан оңтүстік орыс даласы, Еділ бойы арқылы Оралға, одан әрі Хорезмге, Сырдарияға және Жетісу арқылы Алмалық пен Моңғолияға өтетін дипломатиялық және керуен жолы зор маңызға ие болған еді. Бұл жолмен Плано Карпини мен Вильгельм (Гильом) Рубрук жүріп өткен. Плано Карпини жолын кейінірек ішінара Андре де Лонжюмо миссиясы қайталаған.

Мөңке хан өлгеннен кейін өзара қырқысты соғыстар өршіді. Орта Азия мен Жетісу арқылы өтетін жолмен жүру қауіпті болды. Тек ХІV ғасырдың 20-3 жылдары ғана моңғол иеліктерінде қайтадан халықаралық саудаға қолайлы жағдай орнайды. Көпестер мен миссионерлер бұрынғыша Кафадан Танға, Көне немесе Жаңа Сарайға, Үргенішке, Отырарға, Алмалық пен Ханбалыққа сапар шегіп отырды. Балдучи Пегалотти (1340 ж.) есептеуінше бұл жол 290 күнге созылды. Халықаралық сауда нәтижесінде Батысқа жібек, әшекей бұйымдары жеткізілді. Пеголоттидің көпестерге полотно маталар ала барып, оларды Үргеніште сатуға және татар елдерінде өтімді күміс жамбылар жинап алуға кеңес берген куәлігі сақталған.

Аталған тауарлар ішінара Оңтүстік Қазақстанның қалаларында қалып отырды. Халықаралық сауданың кең көлемде жүргізілгенін жоғарыда аталған күміс көмбе дәлелдей алады, онда Алмалық, Еміл, Пулад, Жент, Қырым, Сивас теңгелері бар. Көмбе бұйымдарының бір бөлігі, мысалы, жоғарыда суреттелген құрама белдіктің бөлшектері мен ұйғырша жазбасы бар қалақшалар Орта Азиядан, Шығыс Түркістаннан, кіші Азиядан шыққан.

Халықаралық саудамен қатар жергілікті, облыс ішіндегі сауда да дами бастайды. Тауар-ақша қатынасына дала тайпалары да тартылды. Көшпелілер қабірлерінен, көмбелерінен табылған монета (мәнет) олжалар көп.

Қазақстан аумағындағы ақша айналымы тарихын осы кезеңдегі Орта Азия ақша өндірісінен бөліп қарастыруға болмайды. Шағатайлықтар империясындағы ақша өндірісі дамуын үш кезеңге бөлінеді.

Бірінші кезеңге моңғолдардың Орта Азияны жаулап алғаннан кейінгі ширек ғасырлық уақыты, яғни шамамен ХІІІ ортасына дейінгі аралықтағы кез жатады. Екінші кезең шығарылған жеріне қарамай Шағатай мемлекетінде жүрген барлық сапасы төмен алтын мәнеттер шығарумен сипатталады. Аясы тар айналым үшін күміс жалатылған мыс дирхемдер шығарылды. Бұхара, Самарқанд, Ходжент пен Отырарда мәнет сарайлары жұмыс істеді. Осы кездері ұсақ ақша саудасы да жанданды. Айталық, Отырарда хижраның 649 жылынан (1251-1252 жж.) 662 жылына (1263-1264 жж.) дейін тек қалада ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан, Ташкент, Ферғана аудандарында күміс жалатылған мыс дирхемдер саудада жүрген.

Үшінші кезең хижраның 670 жылында (1271-1272) басталған Масудбектің ақша реформасынан бастап есептелінеді. Реформа Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың көптеген қалалары мен облыстарында бағалы күміс теңгелерді тұрақты соғып тұратын етті. Қазір ХІІІ ғасыр соңғы ширегінде жұмыс істеген 15-тен астам теңге сарайлары белгілі болып отыр, олардың арасында Отырар, Тараз, Кенже (Кендже), Жент сарайлары бар. Нумизматикалық мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның оңтүстігі мен Талас алқабы сауда-саттық үшін қолайлы жағдайда болып келген.

1321 жылы Кебек хан жаңа күміс теңгелер – «кебектерді» айналымға енгізді. Бұрынғысынша Отырар, Тараз бен Кенжеде мәнеттік өнімдер көптеп шығарылды. ХІҮ ғасыр екінші жартысында Сығанақта да мәнеттер соғылды.

Оңтүстік Қазақстан қалаларында келесі экономикалық және мәдени өмірдегі өрлеу – бұл жерлердің Темір империясының құрамына кіруімен байланысты, мұны ХІV ғасыр соңы мен ХV ғасыр ортасында Самарқандта, Бұхарада соғылған көптеген мыс мәнеттер нақтылай түседі. Осы уақыттарда Ұлықбек те Отырарда мыс теңгелер соқтырды. Отырарда табылған Астрабад, Герат, Йезд, Кашан, Кум, Шираз қалаларында соғылған күміс мәнеттер қоймасы – Оңтүстік Қазақстанның сыртқы сауда байланыстарының нақты көрсеткіші.

Егіншіліктің құлдырауы. Моңғол шапқыншылығы қалай дегенмен де ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізді. Дегенмен Қазақстанның оңтүстігінде шаруашылық біртіндеп дами бастайды. ХІІІ ғасыр ортасы мен ХV ғасырда Сығанақта, Сырдарияның сол жағалауында, Отырар төңірегінде суландыру жүйелері қалпына келтіріледі. ХІІІ ғасыр соңы – ХVІ ғасырда Арыстан тартылған магистраль каналдар арасында Отырар-Құйрықтөбе-Алтынтөбе-Күйікмардан қалашықтарының арасында төртбұрышты егіншілік алқабы қалыптасады.

Түркістан, Сауран, Аркөк, Аққорған, Созақ қалаларының жанындағы табиғи аймақтарда да адамдар өмір сүре бастайды.

Жетісуда бұдан өзгеше жағдай қалыптасады. ХІІІ ғасыр ортасына қарай Іле алқабында егіншілік мәдениеті күйрегендігін археологиялық материалдар мен сол замандарда өмір сүрген авторлар да айғақтап отыр. Қоныстардың қиратылуы, егін егетін жерлерді жайылымға айналдыру саясаты ХІІІ ғасыр соңына қарай Іле алқабында – оны көшпелі мал шаруашлығы ауданына айналдыруға алып келді.

Осындай жайт Оңтүстік-Батыс Жетісудан да байқалады. Өзара қырқыстар, билік үшін күрес, ауылдық қоныстар мен қалалардың қиратылуы ХІІІ ғасыр ортасына қарай егіншілік мәдениеттің (соны ішінде Талас алқабында) біршама құлдырауына, күйреуіне алып келді.

Ал, Жетісуда сақталған егіншілік мәдениет ошақтарының күйреуіне Темір жорықтары түпкілікті соққы берген болатын.

Қала мәдениеті. Моңғолдар шапқыншылығы күйзелткеніне қарамастан, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы қала мәдениетінің дәстүрлі дамуы тоқтала қойған жоқ. Әсіресе бірқатар Жетісу қалаларының моңғолдарды қуана қарсы алуы мұнда кейіннен қалалардың біршама өркендеп тұруына алғы шарттар қалыптастырған еді. Мәдениетте ХІІІ-ХV ғасырларда пайда болған инновациялар алдыңғы кезеңдегі мәдениет дамуындағы үзілісті немесе одан қол үзуді білдірмейді. Мұндай құбылыстар моңғолдар жаулап алған аймақтағы дамыған қалаларға да тән еді. Қазақстанның оңтүстігінде бұл сәулет өнері секілді салалардан байқалды. ХІV-ХV ғасырлардағы архитектуралық нысандарды зерттеушілер әлемдік сәулет өнерінің жарқын құбылыстарына жатқызады.

ХV ғасырдың бас кезінде Ахмет Ясауи кесенесі тұрғызылады. ХV ғасырда салынған архитектуралық құрылыстар арасынан қазір қирап қалған Сығанақтағы Көккесене белгілі. ХІV ғасыр соңы мен ХV ғасыр бас кезінде Отырар маңындағы Арыстанбаб кесенесі салынған.

Мешіт, медресе, кесене құрылыстарының салынуы қала тұрғындары арасында ислам діні кеңінен таралғандығын білдіреді.

Қала тұрғындары арасында сопылық ілім де кеңінен таралды.

Үй құрылысында, оның жоспарында және баспана интерьерінде көптеген элементтер сақталды. Қыш ыдыстарын өніруде, дәлірек айтсақ тұрпаты мен ою-өрнектерінде бір ізділік (мирасқорлық) байқалады.


Каталог: media -> upload
upload -> Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Қазақстан тарихы
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет