Қазақстан археологиясы


ХV ғ. екінші жартысы – ХVІІІ ғ. бас кезіндегі Қазақстанның қалалық мәдениеті



бет27/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

ХV ғ. екінші жартысы – ХVІІІ ғ. бас кезіндегі Қазақстанның қалалық мәдениеті
Қалалар саны, кйінгі ортағасырлық қалалардың топографиясы мен типологиясы. Қазақстан тарихында қарастырылып отырған кезең осының алдындағы кезеңмен салыстырғанда жазбаша деректемелерде едәуір толық баяндалған. Жазбаша деректемелерде қалалар, бірінші кезекте Ясы-Түркістан, Отырар, Сығанақ, Сауран, Созақ, Сайрам қалалары өмірінің кейбір жақтары туралы түсінік беріледі.

Осының алдындағы уақытпен салыстырғанда, деректемелерде айтылатын қалалар саны (ХІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХІV ғасыр) 20-ға дейін, ал мезгілі ХV ғасырдың екінші жартысы - ХVІІІ ғасырдың басы деп белгіленетін қала жұрттары 23-ке дейін азайып кеткен. ХV ғасырдың екінші жартысында жазбаша деректемелерде енді Солтүстік Қаратаудың Ұрысоған, Соғылкент, Құмкент қалаларының аттары кездеспейді. Осы қалалар деп саналатын қала жұрттары, археологиялық зерттеулердің көрсеткеніндей, ХV ғасырдың аяғы – ХVІ ғасырдың басына қарай бос қалады. Сырдарияның төменгі ағысында – Жанқала, Қызқала қала жұрттары, Бөгенде – Бұзықтөбе (Шілік), Орта Сырдарияда Құйрықтөбе мен Оксус (Оқсыз) қала жұрттары тіршілігін тоқтатады.

ХV ғасыр ортасынан бастап Отырар төңірегі қаңырап қалды. ХVІ ғасырға қарай оның аумағы бір га-дан сәл-ақ асты, барлық қала тіршілігі орталық төбешік маңына шоғырланды.

Сайрам, Сығанақ, Үзкент, Созақ қалаларының аумағы да тарылады. Олардың рабадтары қаңырап, қалалық тіршілік мейлінше бекіністі орталыққа ауысады. Бұл тек археологиялық материалдар бойынша ғана анықталып қоймаған. Айталық, П.П.Иванов Сайрам қарттарына жүргізген сауалдарының негізінде қаланың орталық бөлігіндегі, яғни қорғануға жеңіл бұрынғы цитадель мен шахристан аумағында тұрғындар тығыз қоныстанғандығын жазады.

Өңірдің ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы саяси-экономикалық өмірінде Сырдарияның сол жағалауындағы Аркөк, Құжан, Аққорған, Үзгент қалалары маңызды рөл атқарды. Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Сайрамның маңызы артады. Ясы-Түркістан бүкіл Оңтүстік Қазақстанның дәрежесіне дейін тез арада көтеріледі.

Мұнда Әмір Темірдің бұйрығы бойынша Ахмет Ясауи қабірінің үстінен кесене тұрғызылып, қала аймақтың ресми идеологиялық орталығына айналғаннан кейін қаланың қауырт өскені байқалады. Сол кезден бастап қала өлкенің Темір ұрпақтары, Шайбани ұрпақтары әкімдерінің орталығына, ал сонан соң қазақ хандарының астанасына айналады.

Қаланың астаналық жағдайын ХVІ ғасырдың 60-жылдарында теңгелер соғуды қайта жаңғыртқан Түркістан теңге сарайының белсенді жұмысы да айқын көрсетеді.

Соңғы орта ғасырлар қалаларының топографиясында «хисар» - қаланың дуалмен қоршалған орталық бөлігі мен қала төңірегіндегі аудандар айқын аңғарылады. Г.А.Пугаченкованың анықтауынша, хисар – «қаланың халық тығыз тұратын, үкіметтік үйлер, казармалар, күмбезді мешіт, басты базарлар мен қолөнер шеберханалары, қаланың негізгі топтарының тұрғын үйлері шоғырланған бекіністі бөлігі». Кейде хисардан қосымша бекінісі бар цитадель – қала айқын байқалады. Мұндай бекіністер Ясы-Түркістан, Сығанақ, Қараспан, Сүткент, Аққорған топографиясына да тән еді. Дуал, хисар сыртындағы құрылыс іздері бар аумақ қала төңірегі, ауылдық өңір болған және кейінгі этнографиялық материалдардың дәлелдегеніндей, оның өмірі хисардың өмірінен, қаланың өз өмірінен күрт ерекшеленген.

Оңтүстік Қазақстанның соңғы орта ғасырлардағы қалаларына көбінесе дөңгелек сипаттағы, монғолдарға дейінгі жоспарлау негізге алынып отырған. Ал дәстүр бойынша тік бұрышты етіп жоспарланған қалалар оны кейінгі кезде де сақтап қалған; бұл мысалы Сайрамда сақталған.

Жазбаша деректемелердің авторлары парсыша «қала» деген «шаһар» терминін Қазақстан қалалары жөнінде сирек қолданады, ол термин уәлаяттың әкімшілік орталығына, дуалмен қоршалған ірі елді мекенге қоса қолданылатын. Мұндай термин Сайрам мен Ясы-Түркістанға қатысты ғана қолданылған. Уәлаят орталықтары үшін Ясы, Сайрам, Отырар, Сауран, Сығанақ, Созақ үшін «қала» термині пайдаланылған. Неғұрлым шағын елді мекендер Аркөк пен Құжан да кейде нақ сол терминмен аталған. Барлық қалаларға «қалашық», «шағын мекенді» білдіретін «балада»; «орын», «егіншілік қонысты» білдіретін «маузи» терминдері де қолданылған.

Шығыс шығармалары авторларының белгілі бір елді мекендер жөнінде терминдерді құбылтып қолданғанына қарамастан, олар сол мекендердің сауда-саттық маңызын, қолөнердің, мешіттердің болуын атап көрсетеді.

Қалалардың әрқайсысы тарихи-мәдени аудан үшін: Сайрам – Талас Алатауының етегі өңірі үшін, Отырар – Арыстың төменгі ағысы үшін, Сауран – Сырдарияның орта ағысы үшін, Сығанақ – Сырдарияның төменгі ағысы үшін, ал Созақ – Қаратаудың теріскей беткейлері үшін дәстүрлі орталық болған. Басқалары қалашықтар статусын иемденді. Жазбаша дерек көздеріне қарағанда сол уақыттардағы қалалар да, қалашықтар да аграрлық сипатта болған. Сонымен бірге оларды ауылдық (селолық) қоныстар деп есептеу дұрыс емес, себебі оларға қолөнер мен сауда тән еді. Тіпті аумағы ең шағындары да көшпелілермен мәдени – экономикалық байланыстардың өзіндік орталығына айналған болатын.



Қалалар құрылымы: қала махалласы, қоғамдық құрылыстар, бекіністер. Қаланың сұлбасын құрайтын көшелер жүйесі едәуір күрделі болған. Мысалы, Отырарда оңтүстік және солтүстік кіреберістерді жалғастыратын орталық магистральдан басқа, меридиан бағытта созылып жатқан оны тағы да кесіп өтетін 6 көше болғандығы анықталды. Кейінгі орта ғасырлық қаланың махалласы бұрынғыдай негізгі құрауыш болып қала берді.

Отырар махалласы бір-біріне жапсарластырыла әрі тығыз салынған жоспары тік бұрышты, трапеция тәрізді және көп бұрышты тұрғын үйлерден тұрды. Әдетте, үйдің есігі магистраль немесе махалла ішіндегі көшеге қаратылды, ал кіріс-шығыс шағын көшелер арқылы жүргізілді, қажет жағдайда ол үлкен қақпалармен жабылса керек. Махалла 6-20 үйден тұрды және аумағы 1500 шаршы метрден аспады.

Қаратаудың теріскей беткейіндегі мерзімі ХVІ-ХVІІІ ғасырлар деп белгіленген Раң және Күлтөбе қала жұрттарының құрылымына да осылайша махаллалар етіп салу тән, Саураннан, Қотаннан, Бұзықтан нақ осындай құрылым аңғарылады.

Махалла қаланың аумақтық жағынан бөлшегі ғана емес, сонымен қатар әкімшілік бөлінісі де болатын, махаллалардың ақсақалдары арқылы жұмыс істеген қаланың билік орындары онымен іс жүргізіп отырды.

Махаллалардағы археологиялық материалдар негізінде жаңғыртылған әлуметтік көрініс (неғұрлым ерте кездер үшін де атап өтілгендей) біртектес болмаған. «Байлар» және «кедейлер» махаллалары болып бөлінбеген. Әрбір махаллада көп бөлмелі екі-үш үлкен үй, бір, екі және үш бөлмелі бір – екі үй болды, қалғандары - көлемі жағынан деңгейлес үйлер еді.

Махаллалардың, онда тұратын адамдардың қызметі бойынша мамандандырылуы туралы мәселе назар аударуға лайық дүние. Отырарда бір махалланы ғана «қыш-құмырашылар махалласы» деп сипаттауға болады. Басқа махаллалардың бәрі тұрғындарының кәсіптік құрамы жөнінен әртектес. Махаллаларда құмырашы, темір ұсталары, тас өңдеуші, тоқымашылардың үйлері де кездеседі.

Жазбаша дереккөздеріне қарағанда Оңтүстік Қазақстандық кейінгі ортағасырлық қалаларда культтық – мешіт, кесене, медресе, ханака секілді құрылыстар болған. ХVІ ғасырдағы Сауран медресесін әспеттеп сипаттаған деректемелер бар. Қазіргі таңда олардың болғандығын археологиялық мәліметтер де растап отыр, мәселен, алғаш рет зерттеулер нәтижесінде ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдағы Отырар мешіті аршылды.

Өз құрылысы бойынша моншаның ерте кездердегі отырарлық моншадан еш айырмасы болмады, мұны да зерттеушілердің нақты зерттеулерге негізделген пікірі айқындап отыр.

Дала билеушілерінің Сырдария қалаларын иелену жолындағы қиян-кескі күресі кезеңінің барысында бірінші кезекте қалалардың өздері зардап шекті, бұл кезеңде олардың әрқайсысында күшті бекініс жүйесі болуға тиіс еді. Соңғы орта ғасырлар тарихшыларының шығармаларында қала қабырғаларының биіктігі мен беріктігінің, орлар тереңдігінің мейлінше әдемі суреттелетіні тегін емес. ХVІ ғасырдың соңғы ширегіндегі Сауранның қалалық бекіністерінің сипаттамасын жасаған сол замандағы автордың бірі «кіретін және шығатын есіктері» бар бекіністі қорғандарды, бекіністі дуалды (баре), орларды (хандак) атайды. «Бекіністік ор жағасының сырт жағынан биік болғаны сонша, - деп жазады ол, - өзенге ұқсайтын... Осы ордан қорғанның басына дейін елу гяздай болатын...».

Сауранның бекініс құрылыстарының қалдықтары осы кезге дейін керемет әсер қалдырады. Сауранның дуалы шикі кірпіш араластырып қаланған күйдірілген балшық блоктармен салынған. Оның сақталып қалған биіктігі қазірдің өзінде 6 метрге жетеді.

Соңғы жылдары алынған мағлұматтар қала тыныс-тіршілігі жайлы мағлұматтарды толықтыра түсті.

Қалалық тұрғын үй. ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы тұрғын үйлер алдыңғы уақыттың даму бағытын жалғастырды.

Бірақ, ХVІ ғасырдың екінші жартысы – ХV ғасырдың бірінші жартысындағы тұрғын үймен салыстырғанда үй-жайлардың ішкі безендірілуінде кейбір жаңа элементтердің пайда болуын атап өткен жөн. Тандыр түпкі бұрыштан есікке жақындатылады. Ташнауға арналған орын екінші кезектегі жайды, ауланы, не айуанды, не тұрғын жай мен қойманы «жинақтайтын» тәрізді. Ташнаудың тек тұрғын жайларға қажетті болуы міндетті емес, олар қоймалар мен аулаларда да болған. Орталық тұрғын үй бөлмесінің көп бөлігін алып тұратын сыпалар (сәкілер) еденнен 30-40 см жоғары болған. Оған аузы сәкінің шетіне шығып тұратын тандыр орнатылған. Мұржа тандырдың қабырғасындағы дөңгелек тесіктен басталады, ол сәкі астынан қабырғаға немесе бұрышқа дейін ең қысқа жолмен салынған. Мұржа үйдің қабырғасындағы тік қуысқа қосылған.

Тандырдың тұсындағы сәкінің (сыпаның) бұрышына көлемі 0,5-1,0х0,5- 1,0 м болатын төрт бұрышты дөңгелектер орнатылған. Оның мақсаты айқын, ол көмір шоқтарына арналған жер. Үй-жайдың жалпы безендірілуінде тандыр мен оның алдындағы ташнау алаңшасы шаруашылық істері атқарылатын жер болып табылады. Мұнда сыпа үстінде, тандырдың жанында әдетте қыштан жасалған ыдыс тұрады. Ташнаудың жиегінде немесе алаңшада диірмен тастары жатады. Тұрақты пайдаланылатын диірмен тасы ретіндегі арнаулы дөңгелек дөңбектер де кездеседі.

Тұрғын жайлардың бұрыштарына ұралар жасалып, көзе, құмыра түріндегі ыдыстар көмілген. Ал кейде бөлменің ортасында, бұрышына жақын жерде саңылау тәріздес ұра болған. Бөлменің қабырғаларында керек – жарақтарды сақтауға арналған сөрелер жасалған. Сәкілерге қамыстан немесе шиден тоқылған төсеніштер төселіп, олардың үстінен киіз, мақта салынған көрпе, жайылған. Қазба жұмыстары кезінде шилердің іздері мен шірінділері, сондай-ақ киіздер мен мақта салынған көрпелердің қалдықтары табылды. Қоймалар астық қорларын, сұйық және үгітілмелі өнімдерді сақтауға арналған.

Үйлердің бір бөлігінде шағын аулалардан басқа, махалла ішіндегі шағын көшеге қаратылған албар бар. Ол тегінде, мал ұсталатын қаша ретінде пайдаланылса керек. Сәті түсіп анықталғанындай, мал сонымен бірге үйлердің арнаулы орындарында немесе үйлер арасындағы қашаларда ұсталған.

Тұрғын үйлер тік бұрышты шикі кірпіштен тұрғызылды. Шаршы тәріздес, жан-жағы 24-26 см, қалыңдығы 4-6 см күйдірілген кірпіштер еденге, сыпа (сәкі) бұрыштарына, пештің ауызына пайдаланылды. Сондай-ақ саз балшықтан өрілген қабырғалар мен далда (қалқа) кездеседі. Құрылыс ісінде каркас конструкциялары да қолданылады.

Соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үйлерге талдау жасау оның алдыңғы кездегі тұрғын үйлермен байланысын көрсетеді. Мәселен, ортадағы жай, бұрынғысы сияқты, тұрғын үй жіне шаруашылық міндеттерін біріктірген. Онда әртүрлі орындар – бүкіл сыпа бетін алып жататын тұрғылықты жер, тандырмен қатар және бөлменің бұрыштырындағы ташнау алаңы шегінде орналасқан шаруашылық бөлімі айқын аңғарылады.

Алайда, соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үйдің жоспарлануы мен тұрғызылуында дәстүрлі сипаттардың сақталуымен қатар жаңа белгілер пайда болады. Үйлерде бөлмелердің саны (5-6 бөлмеге дейін) көбейеді, олардың неге арналғандығын барлық уақытта бірдей анықтау қиын. Жартылай жабық аулалардың жаңа үлгісі пайда болады.

Оңтүстік Қазақстанның соңғы орта ғасырлардағы қалалық тұрғын үйі көршілес аймақтардағымен едәуір дәрежеде ұқсас болып келеді. Хорезмде, Үргеніште Отырардың орта ғасырлардағы үйлермен жақын ұқсастығы бар ХV-ХVІІ ғасырлардағы үйлер аршылып алынды.

Соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үйлердің ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың тұрғын үйімен ұқсастық фактісі де өзіне назар аудартады.

Қазақтардың тұрмысын зерттеу қыстауларда шикі кірпіштен жасалған қабырға-қалқа арқылы 2-3 бөлмеге: тұрғын жайға, ас үйге және қоймаға бөлінген біртұтас тұрғын үй болғанын көрсетті. Әдетте, биіктігі 1,5 метрге дейін жететін қалқалар бөлменің төбесіне дейін жетпеген. Олардың ерекшелігі мынада: олар үйдің ішін жылытқан, өйткені қабырғаның қуысына орнатылған саз балшық пеш – «қазандыққа» текшелер ішінен өтіп, түтінді сыртқа шығаратын түтіндікпен қамтамасыз ететін еді.

Сонымен бірге түтін тура шығатын әдеттегі пеш – қазандық орнатылған. Олар жартылай жертөлелерде пайдаланылған, оларда да мұржа сыртқа шағын саңылау арқылы шығарылған. Сірә, мұржалары және түтін шығаруға арналған арнаулы қуыстары бар текшелерінің болуынан соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үй дәстүрлерінің белгілерін көруге болады.

Қазақ қыстауларындағы «қоржын үй» үлгісіндегі ұзынша үйлердің жоспарлануы соңғы орта ғасырлардағы «линиялық» немесе «анфилтық» деп аталатын тұрғын үйлердің жоспарлануына жақындайды. Қазақтардың қысқы тұрғын үйлерінің бұрыштарында дән қоймалары мен қамбалар, шаруашылық ұралар жасалған. Қабырғаларында ыдыс-аяққа, ұсақ-түйек құрал-саймандар мен шырағдандар қоюға арналған ойықтар ғана болған.

Біршама жақын уақытта анықтаудың сәті түскендей, соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үй Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен қыстақтарында, нақ ортағасырлық қала мәдениеті болған аймақта қазіргі заманға дейін өзгеріссіз дерлік сақталған. Мұндай тұрғын үйлер анықталған елді-мекендердің тізімін келтірудің өзі жеткілікті, олар – Түркістан, Қарнақ, Икан, Созақ, Шымкент, Сайрам, Манкент, Қарабұлақ, Қарамұрт.

Соңғы орта ғасырлар кезеңінде әрбір елді мекендегі және жалпы аймақтағы қала халқының санын анықтау кезінде ХVІ ғасырдың аяғы – ХVІІ ғасырдың 80-жылдарындағы Отырар үшін жасалған демографиялық есептеулер негізгі рөл атқарды.

Отырар тұрғындарының санын анықтауда неғұрлым ерте уақыттағы қала халқының санын анықтау үшін қолданылатын әдіс таңдап алынды. Сан жағынан алғанда оның реті мынандай: махалладағы үй иелерінің санын және махалла тұрғындарының санын анықтау; қаладағы мақалалар санын және бүкіл қала тұрғындарының санын анықтау. Отырардағы тұрғын үй махалласының көлемі 1200-1300 шаршы метр (орташа – 1500 шаршы метр) болады. Қаланың аумағы ХVІ-ХVІІ ғасырларда 20 гектарға немесе 200 000 шаршы метрге тең. Ғылымда жалпы қабылданған коэффицентке сәйкес, оның төрттен бір бөлігін жалпы жұрт пайдаланатын үйлер, алаңдар, үлкен көшелер алып жатқан. Сөйтіп адам қоныстануға болатын қалған 150 000 шаршы метр алаңға 100 тұрғынды махалла орналасқан.

Әрбір махаллада жеке отбасына жататын 6-дан 12-ге дейін үй иеліктері болып, оның құрамы, жалпы қабылданған пікір бойынша, 5-7 адамнан тұрады. Көп секциялы үйлерге келетін болсақ, оларда жекелеген отбасылардың секциялары айқын көрінеді және, олай болса, секцияларға қарағанда олардағы адамдар саны 2-3 есе көбірек болады. Махаллада орта есеппен 45-тен 63-ке дейін адам тұрған, ал қаладағы барлық тұрғындар саны 4500-6300 адам немесе орта есеппен 5500 адам болған.

Сығанақ (20 га) пен Созақта (22 га) тұрғындар саны осындай болған деп айтуға болады. Көлемі 35 га болатын Түркістанда 170 махалла болып, оларда 9180 адам тұрған. Көлемі жағынан Сауран отырардан екі есе үлкен, демек онда 11 000 адам болуға тиіс. 28 гектар жерді алып жатқан Сайрам тұрғындарының саны 7560 адам болған, ал уәлаяттардың орталықтарында небәрі 44 000 халықтан сәл ғана астам адам мекендеген.

Қарасаманда (6 га), Иқанда (6,7 га), Қарнақта (4,5 га), Қараошақта (5 га), Сүткентте (6 га), Аркөкте (7 га), Қотанда (7 га), Үзкентте (9 га), Аққорғанда (8 га) 1500-ден 2000-ға дейін тұрғындар тұрып, махаллалар саны 20-дан 40-қа дейін жеткен.

Жақанкентте, Суриде, Жүнкентте, Құжанда, Қарақұмда және Раң сияқты баламасы табылмаған, көлемі 1 гектардан 2 гектарға дейін жететін қалашықтарда 800-ден 1000-ға дейін адам тұрған.

Сонымен, ХVІ-ХVІІ ғасырдың алғашқы үш ширегі кезеңінде Қазақстандағы қала халқының саны 70 000 адамнан аспаған.

Егер Қасым хан тұсындағы (ХVІ ғасыр бас кезі) халықтың санын 1 миллион адам деп есептесек, онда кейінгі ортағасырлық қалалық тұрғындардың саны 7 пайыз болады.



Қалалар функциясы. Бұрынғы кезеңдердегідей қыш ыдыстар қалалардан қалалардан көптеп кездеседі. Өндіріске мамандану өріс алғандығы байқалады. Ірі шеберханалда су таситын құмыралар, екі ұстағышты ыдыстар мен хумдар секілді бұйымдардың белгілі бір түрлері жасалды. Ашық аулаларда орналасқан пеші бар шағын шеберханалардан да мамандандырылу сипаты байқалады. Олар ұсақ және сырланбаған пиала, кесе, тостақша түріндегі ыдыстарды өндірді.

Ұсталық және металлургия бұрынғыдай қалаларда кең таралған. Қала жұрттарынан табылған крицтер мен темір балқытатын пеш қалдықтары өте көп. Жер жыртатын құралдардың екі жалпақ темірден жасалған түріндегілер табылған. Соғылған құралдармен қатар құйма құралдары да ұшырасқан.

Қолөнершілер шойыннан қазандар да құйып шығарған. Шойыннан дөңгелектердің төлкесі де жасалған, әдетте, олар құйып істелген. Бірнеше темір кетпен табылды. Темірден орақтар мен балта-шоттар дайындалған.

Темірден орақ, балта-шот, т.б. тұрмысқа қажетті үшкір сымдар, шынжыр сақиналар, ілгектер, шегелер дайындалды.

Этнографиялық байқаулар темір өндіру мен одан бұйымдар жасау ісінде мамандану боғанын дәлелдейді. Ең көп мамандану темір ұсталығында байқалды.

Мыс ісі қаланың қолөнер кәсіпшілігінде бұрынғысы сияқты зор рөл атқарды. Ол жөнінде қола ыдыстың табылуы бойынша мәлім. Қоладан құйылған бұйымдардың саны көп тобы көлемі үлкенді-кішілі әр түрлі қоңыраулардан құралады. Отырардағы қазба жұмыстары кезінде қоңыраулармен басқа да бұйымдар құюға арналған кішкене қалыптар табылды.

Білезіктердің сынық бөліктері көп табылған, бірақ өсімдік және нүктелі қақтаумен безендірілген бүтіндері де бар. Білезік ұшы кейде жыланның басы тәрізді етіп жасалды.

Зергерлер кәсіпшілікте түрлі-түсті тастарды: сердоликті, қызыл тасты, яшманы, көк тасты, жұзақты, агатты, серпентиндерді, мөлдіртасты кең пайдаланған. Тастар моншақтар, жүзіктердің көздерін дайындау үшін, сондай-ақ жүзіктердің өздерін өңдейтін материал ретінде қолданылған.

Серпентиндерден, яшмадан, көк тас пен лағылдан жасалған ромб тәрізді алқалар тобы да ерекшеленеді. Сондай-ақ түрлі – түсті тастардан қарсы ілгіштер, қапсырмалар және басқа заттар жасалған.

Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдардың дәлелдеп отырғанандай, зергерлік өнер жоғары даму деңгейінде болған. Шеберлер әр-түрлі техникалық тәсілдерді: қақтау, құю, соғу, қалыптау, оймалау, қаптап ширату, алтын жалату, күміс ойып орнату әдістерін білген және қолданған. Олар күміс және қола сымдар дайындау, түрлі-түсті тастарды қырлау мен тегістеу, тесу әдісін білген.

Жоғары дамыған зергерлік өнер дәстүрі Қазақстанда ХІХ-ХХ ғасырдың басында да сақталып, дами түсті. Зергерлер басқа да қолөнершілер бұқарасынан ерекше болды. Олардың өнімдері сырттан әкелінген бұйымдармен бәсекеге ойдағыдай төтеп берді. Көптеген әшекейлердің өзіндік ерекшелігін, олардың пішімін, өрнектердің үлгілерін атап өту маңызды, олардың арғы үлгілері Қазақстанның орта ғасырлардағы қалалары қолөнершілерінің өнерінде жатыр.

Қола құюшылар белбеулерге айылбастар мен қапсырмалар, көшпенділерде зор сұранысқа ие түймелер мен көзі жоқ сақиналар дайындалды. Құюмен қатар металл өңдеудің басқа әдістерін: қалыптау, оймалау, т.б. пайдаланды. Сірә, мыс пен қоладан бұйымдар жасау техникасына мамандану орын алса керек.

Шыныдан ыдыс-аяқ пен әшекейлер (моншақ, алқа) жасалған. Ыдыстар арасында саптаяқ, тостағандар, бокалдарн, графиндер бар. Жасыл, сары, қызыл және қызғылт шыныдан жасалған маржан кезіккен.

Сүйек өңдеу Қазақстан қаласындағы дәстүрлі қолөнер болған. Жабайы аңдар мен үй жануарларының мүйізі мен жілік сүйектері өңдеу материалы ретінде пайдаланылды. Жылқы мен сиырдың ұзынша сан жіліктерінен жүн өңдеуге арналған жылтыратқыштар, балалар бесігіне арналған жабдық (сувак) жасалған. Кәрі жіліктен көп мөлшерде тескіштер мен біз жасалған.

Құмтас пен граниттен жасалған қол дирмендер қазба жұмыстары кезінде ең жиі кездесетін олжалардың бірі болып табылады. Қол дирмендермен қатар диаметрі 1 метрден 1,5 метрге дейін жететін дирмен тастарының қалдықтары табылды, олар жегілген мал күшімен айналдырылған.

Тастан мейлінше алуан түрлі мақсаттағы, салмағы 5 кг, ұзындығы 30 сантиметрге дейін болатын ірі келсаптардан ұсақ келсаптарға дейін жасалды. Ірілері кенді ұсақтау үшін пайдаланылған, олар әдетте темір балқытылатын шұңқырлармен бірге кездеседі. Үккіштер – құмтастан, кварциттен диаметрін әр түрлі етіп жасаған тас ядролар, көп кездесетіне қарағанда, шаруашылық пен тұрмыста кең қолданылған, мысалы, құйма компоненттерін жағу, топырақты үгу үшін пайдаланылған. Пішіні мен көлемі әр түрлі қайрақ тастар олжалардың ең көп тобы болып табылады. Тастан жасалған бұйымдардың ерте заманнан келе жатқан, бүкіл орта ғасырлар дәуірі бойы өз сипатын сақтап қалғанын атап өтуге болады.

Өкініштісі, тоқымашылық, кілем тоқу, теріден бұйымдар жасау сияқты кең таралған қолөнер бұйымдары өте аз сақталған. Қалаларда мата тоқыған тоқымашылардың болғанын ұршықбастардың, сәкілерден маталар іздерінің, мақта көрпелер қалдықтарының, жанып кеткен ірі мақта-мата кездемелер жыртындыларының табылуы дәлелдейді.

Сауда. Түркістан қалалары мен Қазақстан далалары арқылы Орта Азия мен Ресейдің сауда қатынастарының қалыптасуы, нәтижесінде Қазақстан қалаларының экономикалық дамуы транзиттік саудадағы жаңа құбылыс болды.

Орыс мемлекеті Орта Азиядан мақта-мата, мақта, жібек шикізатын, асыл тастар, Шығыс қаруын алды. Қытай тауарлары Ресейге Орта Азия арқылы түсіп отырды. Қазақстан мен Орта Азияға Ресейден шұға, атлас, айна, аң терілері, күміс әкелінді.

Сауда керуендері Қазақстанның Созақ, Қарашоқ, Түркістан қалалары арқылы жүріп өтетін еді. Рузбихан Сығанақты Дешті Қыпшақтың сауда айлағы деп атайды. Сығанақты суреттей келіп, былай деп хабарлайды: бұл елге «...Дешті жағынан, Хажы Тарханнан көптеген игіліктер, семіз қойлар және аң терісінен, киш пен тиннен, яғни бұлғын мен тиын терісінен тігілген тондар, берік садақтар, ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар сияқты басқа да бағалы тауарлар және өзге де асыл бұйымдар жеткізіледі... Түркістан, Мауреннахр аймақтарының және Шығыстың көпестері Қашғар, Хотан шегінен Сығанаққа сол елдердің тауарларын әкеліп, Дешті адамдарымен сауда мәмілелерін және айырбас жасайды». «Ясы қаласына, - деп атап өтеді сол автор, - тауарлар мен қымбат бағалы бұйымдар әкеліп, сол жерде сауда жасалады, ол (қала) көпестердің теңдерін шешетін жері және саяхатшылардың топтанып, елдерге аттанатын жері болып табылады».

Шығыс деректемелерінің деректерін археологиялық олжалар да растап отыр. Отырар, Түркістан, Сайрам қалаларының жұрттарынан ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы қытай селодоны мен фарфоры табылды.

Халықаралық саудамен қатар Сырдария қалаларының көшпелі дүниемен дәстүрлі саудасы және жергілікті сауда жүргізілді. Даладан мал, тері, жүн, дайын бұйымдар әкелінген. Мәселен, Сефидің 1582 жылы жазылған шығармасында қазақтардың саудасы туралы қызықты хабар бар. Ол былай деп жазады: «Оларда қой, жылқы, мен түйе көп... Олардың шапандары қой терісінен тігілген, олар түрлі түске боялып, атласқа ұқсас болады, оларды Бұхараға әкеліп, атластан тігілген шапандардың бағасымен сатады, олар сондай сәнді әрі әдемі». Сырдария қалаларынан далаға астық, қала өнерінің өнімдері, мата апарылды.

Сауда-экономикалық байланыстың екі жаққа да зор маңызы болды, сондықтан қазақтардың күш-қуатын әлсіреткісі келген Шәйбанидің қазақтардың қалаларда сауда жасауына тыйым салуға тырысқаны кездейсоқ емес. Қазақтардың қалалармен сауда байланысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұмтылуы қазақ және өзбек хандарының күресін туғызған себептердің бірі болды.

Қалалар төңіректегі егінші және көшпелі халықты қажетті товарлармен базар арқылы жабдықтап өтырда. Қалалардың базарлары көшпелілердің жабылған қатарлары болатын. Дүкен-дүңгіршек әдетте қолөнерші шебердің иелігінде еді және ол әрі шеберхана, әрі сауда жасайтын орын болды.

Түркістан қаласында дүкендер болғанын Ахмет Ясауи кесенесінің вакфтарына қатысы бар жазбаша құжаттардың мәліметтері де растайды.

Халықаралық сауданың және қалалар мен өнердің арасындағы, жекелеген Сырдария қалаларының арасындағы сауданың мөлшері туралы негізінен Отырарды, Түркістанды қазу жұмыстарынан алынған нумизматикалық материал бойынша білуге болады. Отырардан мыс теңгелердің көптеген олжалары шықты, оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісіне Яссы (Түркістан) мен Ташкентте соғылғандары жатады. Екінші топ Орта Азия қалаларының (Бұхара, Самарқанд және басқалар) теңгелерін қамтиды. Ұсақ мыс тиындардың да Түркістан ақша сарайының өнімі болуы мүмкін. Оларда жазбалардың орнына керамика ыдыста бейнеленген таңбаларға ұқсайтын әр түрлі белгілердің салынуы жиі кездеседі. Яссы қаласында Абдаллах ІІ (1560-1583) әкесі Ескендір хан атынан күміс мәнеттер шығарылды. Бұл ханның екі мәнеті Раң қалашығын қазған кезде табылған.

ХVІ ғасырмен мерзімделінетін мыс теңгелердің басым болуы бұл кезеңде мыс қала рыногында маңызды рөл атқарды деп пайымдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл сол замандағы бүкіл Орта Азияға тән құбылыс еді.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы мыс мәнеттердің айналымдағы сауалдары Орта Азиялық нумизматикадағы аз зерттелген мәселенің бірі болып табылады. Кейінгі ортағасырлық мыс теңгелердің нақты айқын белгісі жоқ. Ең көп тобын аниэпиграфтық теңгелер құрайды. Олардың бір жағында аң, екінші жағында құс бейнеленген, аң бейнеленген кейбір теңгелердің екінші жағы тегіс.

Мыс көмбелердің мерзімін анықтауға олардың біреуінде Алексей Михайлович патшаның есімі кездесетін 1655-1663 жылдары соғылған отыз орыс тиынының болуы негіз береді.

Қалалардың аты қойылмай соғылуында іс жүзінде әлдебір саяси және фискалдық мақсаттар көзделмеген, қалалар өмірінде рөл атқарған рыноктық сауданы қамтамасыз етуге ғана арналған.

ХVІІ ғасырдың аяғынан басталатын уақыт Отырар, Сауран, Сығанақ, Аққорған, Үзгент өмірінің бітуімен баланысты, бұл қалалардың жұрттарынан таьылған нумизматикалық олжаларда ол көрініс тапқан.



Каталог: media -> upload
upload -> Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Қазақстан тарихы
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет