ҚАЗАҚСТАН МОҢҒОЛ ҮСТЕМДІГІ ДӘУІРІНДЕ 3.1. Шыңғысханның Моңғол мемлекетін құруы және оның құрылымы.
ХІІІ ғасырдың басында Орталық Азияның ішкі аудандарында Моңғол мемлекеті құрылды. Оның негізін салған Темучин (1155-1227).
1206 жылы көктемде моңғол ақсүйектері Онон өзенінің бастауында құрылтайға жиналып, Шыңғыс хан деген атпен Темучинді бүкіл моңғолдардың билеушісі деп салтанатпен хан етіп көтереді.
1206 жылғы Құрылтайда Шыңғыс ханның «Ұлы Жасақ» (Яссы) заңдар жинағы жарияланады. Ол халық әдет-ғұрыптары мен билеушінің ой-пікірлері негізінде, моңғолдардың жүйеленген құқықтық нормалары болып табылады.
Мамандардың есебі бойынша, моңғолдар 200 мың адамға дейін әскер, 1 млн. жылқы шығара алған. Алайда, кейде 400, 600, тіпті 800 мың әскері болды деген де шындыққа үйлеспейтін мәліметтер де кездеседі. Моңғол әскерінде күшті қарулары да болған: ауыр соғыс машиналары, от атқыштар, «грек оты» деп атапынатын жанғыш мұнай, оқ-дәрі (порох) қолданылды. Бірақ оқ-дәрімен (порох) атылатын қару болмағандықтан, олар оқ-дәрілерді ракеталарға пайдаланған.
3.2. Моңғолдардың Қазақстан территориясын жаулап алуы.
ХІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығында-ақ моңғолдар Оңтүстік Сібір халықтарын өзіне бағындырды. Одан кейін Қытайға басып кіріп, іс жүзінде бүкіл Шығыс Түркістанды және Xуанхэнің солтүстігіндегі Қытайды уысында ұстады. Ал, енді Шыңғыс ханның Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға баратын жолында Қазақстан мен Орта Азия жатқан еді.
Моңғолдарға ұйғырлар, қарлұқтар, наймандардың бір бөлігі, қыпшақтар және басқа да түркі тайпалары ерікті түрде қосылып, моңғол әскерінің құрамында соғысты. Әскери күшпен жаулап алғанына дейін моңғолдар Қазақстан аумағына еніп те қойған болатын. Мәселен, 1211 жылы моңғолдардан жеңілгеннен кейін, оңтүстік батысқа қарай ығысуға мәжбүр болған Күшлік бастаған наймандарды қуғындаған Хұбылай ноян басқарған моңғол әскері Жетісуға дейін келген еді. Алайда, бұл кезде моңғолдар Қытаймен соғысып жатқандықтан, Хұбылай шығысқа қайтып оралады.